3) бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет шеңберiнде банктер инвестицияларды жүзеге асыра алатын, сондай-ақ басқа қаржы ұйымдарының инвестициялары бойынша резидент еместердiң бағалы қағаздарының тiзбесiн одан әрi кеңейту мүмкiндiгін бағалау қажет;
4) валюталық заңнаманың 2007 жылдағы шет елге инвестицияларға шектеулерi толық жойылғанға дейiн қаржы құралдарының ауқымды тiзбесiн ұсынатын қаржы құралдарының өтiмдi iшкi рыногын құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.
5.3.2. Шет елдегi шетелдiк банктерде шоттар ашу
1. Заңды тұлғалардың шет елдегі филиалдары мен өкiлдiктерiнiң қызметiн реттеудi жеңiлдету мақсатында шет елдегi шетелдiк банктерде филиалдар мен өкiлдiктердi ұстауға байланысты операциялық шығыстарды қаржыландыру мақсаты үшiн ашылатын шоттарды лицензиялау жойылады. Филиалдар мен өкiлдiктердiң лицензиясыз ашылатын шоттарына қатысты осы шоттарға байланысты жүзеге асырылуы мүмкiн операциялардың түрi бойынша талаптар және Ұлттық Банкте (аумақтық филиалда) тiркеу талабы енгізiлетін болады.
2. Егер шоттың мiндетті болуы кредиттік шарттың талаптарымен айқындалса, заңды тұлғаларға резиденттердiң тартылған, Ұлттық Банкте тiркелетiн кредиттер мен қарыздар бойынша резидент еместердiң алдындағы мiндеттемелерiн қамтамасыз ету ретіндегі қаражатты есепке алуға арналған шоттар ашуды лицензиялау жойылатын болады. Қарыз шарты бойынша кредиттер мен шоттар бойынша осы валюта ағындарының мониторингi кредиттер мен қарыздарды тiркеу рәсiмi шеңберiнде жүзеге асырылады.
3. Бiрқатар елдiң заңдары құрылтайшының банктегi шотына кәсiпорын құруға арналған белгiлі бiр ақша сомасын жинақтауды талап етедi. Тиiсiнше осы мемлекеттерде кәсiпорындар құру кезiнде резидент шот ашуға лицензия алу үшiн және инвестицияларды тiркеу (лицензиялау) үшiн қайтадан Ұлттық Банкке өтiнiш жасайды. Осыған байланысты, заңды тұлғалар шет елде кәсiпорындар құру кезiнде уақытша шот ашуды лицензиялаудан босатылады. Кәсiпорынды кейiннен құру - резиденттердiң тiкелей инвестициялары тiркелуге жатады.
4. Кәсiби қатысушылардың және олардың клиенттерiнiң операцияларына қатысты валюталық реттеудi қайталауды, сондай-ақ қаржылық ұйымдардың қызметін реттеу функцияларын және олар жүзеге асыратын валюталық операцияларды қайталауды жою тұрғысынан алғанда барлық қаржылық ұйымдардың халықаралық бағалы қағаздар рыногында инвестициялау мақсаты үшін шетелдiк банктерде және өзге қаржы институттарында банктік шоттар ашуды лицензиялау жойылатын болады. Қолданылып жүрген заңнама бойынша банктер ғана шет елде кез келген банктiк шоттарды лицензиясыз ашуға құқылы.
5. Валюталық реттеу және бақылау жүйесiн жеңiлдету мақсатында лицензиялаудан алып тастау жеке тұлғалардың ЭЫДҰ елдерiнде елдiң ең төменгі талап етілетін рейтингін белгiлеместен ашылған барлық шоттарына қолданылатын болады. Осы операцияларды реттеудiң техникалық рәсiмдерi Ұлттық Банктің аумақтық бөлiмшелерiне жүктелгендiктен және 30 елдiң 4-нің ғана (Словакия, Мексика, Түркия, Польша) қолданылып жүрген заңдарда белгiленгеннен төмен рейтингі бар екенiн ескере отырып, ең төменгi талап етілетiн рейтинг туралы талапты жою, шет елге қаражаттың әкетілу тәуекелi шамалы ұлғайғанда валюталық бақылаудың әкiмшілiк шығасыларын азайтады.
Сондай-ақ, егер жеке тұлғалар шет елге келу мақсатын растамастан ҚР-дан уақытша тысқары болса, олар шот аша алады. Шоттар ашуға қатысты жұмыс iстеу, оқу, емделу және демалу мақсатында Қазақстан Республикасынан уақытша тысқары жүрген тұлғаларға шоттар ашылған жағдайда қазiргi уақытта қолданылып жүрген кезекті хабардар ету режимi қолданылатын болады14.
_______________
14 Егер жеке тұлға шотты ең төменгі талап етiлген рейтингі бар ЭЫДҰ елдерiнде ашса, жеке тұлға шет елден қайтып келгеннен кейiн оны заңдарда белгiленген тәртіппен тіркеуге тиiс. Tipкеу шот ашылғаннан кейiн жүргiзiлгендiктен, ол шын мәнiнде кейiннен хабардар ету болып табылады.
5.3.3 Капитал қозғалысымен байланысты өзге де
валюталық операциялар
5.3.3.1. Резиденттердiң резидент еместерге кредиттер бepуi
Қазiргі уақытта банктердiң резидент еместерге кредиттерi валюталық заңнамаға сәйкес лицензиялаудан босатылған. Ырықтандырудың екiншi кезеңi шеңберiнде барлық қаржылық ұйымдардың кредиттер беруi лицензиялаудан алынып тасталады, себебi олардың қызметін реттейтiн заңдар осы операцияларды жүзеге асыру тәртібін және талаптарын жеткілiктi мөлшерде реттейдi.
5.3.3.2. Резидент еместердiң пайдасына жылжымайтын мүлiктiң мүлiктiк
құқықтарына ақы төлеуге арналған аударымдар
Заңды тұлғалар үшiн жылжымайтын мүлiктi сатып алу, көбiнесе, өкiлдiктер мен филиалдардың өндiрiстiк базасын, ұйымын құру немесе кеңейту мақсатында инвестициялық қызмет шеңберiнде жүзеге асырылады. Тиiсiнше, шет елге тiкелей инвестицияларды ырықтандыру жылжымайтын мүлiктiң мүліктік құқықтарына ақы төлеуге арналған аударымдарды ырықтандырумен бiрге жүруi тиiс. Жеке тұлғаларға қатысты айтсақ, оларда шет елге қаражат аударуды жүзеге асырудың әлдеқайда көп ашылмаған мүмкiндiктерi бар, бұл шектеудiң тиiмдiлігін бiршама төмендетедi. Жылжымайтын мүлiктiң мүліктiк құқықтарын резидент еместердiң беруiне байланысты резидент заңды тұлғалардың белгiленген ең төмен құн шегiнен асатын операциялары тiркеуге жатады. Жылжымайтын мүліктiң мүлiктік құқықтарына ақы төлеу үшiн резидент еместерге жеке тұлғалардың аударымдары туралы ақпаратты уәкiлетті банктер ұсынатын болады.
5.3.3.3. Резиденттiң резидент еместен кредит ретiнде алатын шетел
валютасын үшiнші тұлғалардың шоттарына есептеу
Қолданылып жүрген валюталық заңнамаға сәйкес резидент еместерден алынған кредиттер, егер кредиттiң сомасы 100 мың AҚШ долларынан асатын болса, капитал қозғалысымен байланысты операциялар сияқты тiркеуге жатады. Осы операциялар бойынша қаражатты игеру және пайдалану туралы ақпаратты Ұлттық Банк тiркелген кредиттiк шарт шеңберiнде алады. Лицензиялаудың қолданылып жүрген ережелерiнде резиденттiң резидент еместен кредит ретiнде алатын шетел валютасын үшіншi тұлғалардың шоттарына есептеу бойынша:
1) мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген кредиттер бойынша;
2) шетелдiк банктерден тартылған мемлекет кепiлдiк бермеген кредиттер бойынша есеп айырысудың құжаттандырылған нысандарын пайдалануды қарастыратын;
3) экспорттық кредиттер бойынша шетелдiк агенттiктерде (тiзбеге сәйкес) сақтандырылған экспорт-импорт мәмiлелерiн қаржыландыру мақсатында резиденттердiң мемлекет кепілдiк бермеген кредиттердi тартуын қарастыратын;
4) Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес мәмiле паспорты ресiмделген импорттық келісім-шартқа резидент емес үшiншi тұлғаның ақы төлеуiн қарастыратын операцияларға лицензия талап етілмейдi. Сонымен, лицензиялаудан шығару кредиттік шарттың талаптарына сәйкес резидентте шетел валютасын үшiнші тұлғалардың шоттарына есептеу қажеттiгi пайда болған жағдайлардың шамамен 90%-iн қамтиды. Тиiсiнше, осы операциялар лицензиялаудан шығарылады.
Сонымен бiрге, осы схеманы жария етiлмеген кiрiстердi "ақтау" мақсатында пайдалану мүмкiндігі заңсыз жолмен алынған кiрiстердi жария етуге қарсы iс-әрекет туралы заңнамамен реттелетiн болады.
Тиiсiнше, осы операциялар лицензиялаудан алынып тасталады.
5.3.3.4. Резиденттердiң резидент еместерге валюталық құндылықтарды
сенiмгерлiк басқаруға беруі
Осы мәмілелер реттеудiң жеке объектiсiне бөлінбейдi, сенімгерлiк басқару шартының шеңберiнде жүзеге асырылатын операцияларға байланысты реттеуге жататын болады, оның iшiнде:
1) тiркеудi немесе лицензиялауды қажет етпей жүзеге асырылатын барлық операциялар резидент пен резидент емес (сенімгерлiк басқарушы) арасындағы сенiмгерлiк басқару шарты шеңберiнде шектеусiз жүзеге асырылады;
2) егер сенiмгерлік басқару лицензиялауға немесе тiркеуге жататын өзге де операцияларды жүзеге асыруды болжайтын болса, онда сенiмгерлiк басқару шарты шарт шеңберiнде операцияларға қандай режим қолданылатынына байланысты тiркеуге немесе лицензиялауға жатады.
5.3.4. Туынды қаржы құралдарымен операцияларды реттеу
Қазiргі уақытта, әлемдiк тауар рыноктарында, валюта бағамдарына, пайыздық ставкаларға баға құбылмалылығының артуы жағдайында сыртқы сауда операцияларының қатысушылары, қаржылық ұйымдар рыноктық тәуекелдердi хеджирлеу құралдарына үлкен қызығушылық таныта бастады. Даусыз басымдылықтарға ие бола отырып, осы хеджирлеу құралдары базалық актив бағасының едәуiр қолайсыз өзгеруiнiң үлкен тәуекелiн көтередi, бұл тиiсiнше инвестордың едәуiр зиян шегуiне әсер етуi мүмкiн. Мысалы, Ресейдiң банк жүйесiндегі дағдарысқа 1998 жылғы рубльдiң құнсыздану әсерi Ресей рублiнiң бағамы түскеннен кейiн орындалуы мүмкiн болмаған шетелдiк қарсы әрiптестермен жасалған ресейлiк банктердiң форвардтық валюталық келісім-шарттарының едәуiр көлемiмен күшейе түсті. Шартты талаптар мен мiндеттемелер сондай-ақ капиталды әкету схемасы ретiнде кеңiнен пайдаланылуы мүмкiн. Осылайша, пруденциалдық реттеу қаржылық ұйымдардың туынды қаржы құралдарымен мәмiлелерiн барынша тиiмдi қадағалауға және олар қабылдаған тәуекелдердi шектеуге тиiс. Сонымен қатар қызметi қаржы ресурстарын тартуға байланысты емес ұйымдардың операцияларына қатысты валюталық реттеу органдарының мiндеті бұл жағдайда сыртқы экономикалық қызмет қатысушысының тiкелей мiндеті тәуекелдердi азайту болып табылатындықтан, туынды қаржылық құралдарымен жүргізiлетiн операциялардың айқындығы мен заңдылығын қамтамасыз ету болады. Осы қағидаттар туынды қаржы құралдарымен операцияларды валюталық реттеу жүйесiне негiз болады.
Валюталық реттеудiң объектiсi резиденттер арасындағы iшкi рынокта жасалатын валюталық операциялар, сол сияқты резиденттер мен резидент еместер арасындағы трансшекаралық мәмiлелер де болуы мүмкiн.
Бiрiншi жағдайда, мәмiлелер ұйымдасқан бағалы қағаздар рыногында жасалуы мүмкiн, атап айтқанда Қазақстан қор биржасы АҚШ долларына, еуроға қатысты АҚШ долларының бағамына, Қазақстан Республикасының халықаралық бағалы қағаздарының кiрiстілігіне 6 айлық фьючерстердi ұсынады. Барлық қаржы құралдары сатып алу/сату бағасы бойынша мерзiмдi келісім-шарттың құны мен түпкілiктi есеп айырысу бағасы бойынша оның құнының арасындағы айырманы төлеу арқылы базалық активтi жеткiзбей орындалады. Барлық есеп айырысулар теңгемен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, қаржы рыногының қатысушылары екi жақты мәмiлелер жасай алады, ал сыртқы экономикалық мәмiлелердiң қатысушылары басқа құралдардан гөрi шетел валютасымен жасалатын форвардтық келісім-шарттарды жасауға мүдделi.
Iшкi ұйымдасқан бағалы қағаздар рыногында мерзiмдi келісім-шарттар көлемiнiң көп еместігін ескере отырып, хеджерлер мен алыпсатарлардың Қазақстан Республикасының резидент еместерімен халықаралық рыноктардағы мәмiлелерге қызығушылық бiлдiрулерi орынды. Алайда, қолданылып жүрген валюталық заңнаманың жекелеген нормалары туынды қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асыру ерекшелігіне сай келмейдi және тиiсiнше хеджирлеу құралдарын неғұрлым белсендi пайдалануға кедергі келтiредi.
5.3.4.1. Туынды қаржы құралдарымен операцияларды
реттейтiн заңнамалық нормалар
Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес "туынды бағалы қағаздар - осы туынды бағалы қағаздардың базалық активiне қатысты құқықтарды куәландыратын бағалы қағаздар". Салық кодексi туынды бағалы қағаздарға "опциондарды, своптарды, форвардтарды, фьючерстердi, депозитарлық қолхаттарды, варранттарды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес туынды бағалы қағаздар деп танылған басқа да бағалы қағаздарды жатқызады. Тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта және қаржы құралдары базалық активтер болуы мүмкiн". Тиiсiнше, "бағалы қағаздар - акциялар, борыштық бағалы қағаздар, туынды бағалы қағаздар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздар деп танылған мүлiктiк құқықтың өзге де объектiлерi".
Туынды бағалы қағаздардың осындай айқындамасы "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегi Заңында да бар. Бұдан басқа, осы заңда қазақстандық депозитарлық қолхаттар, опциондар, своптар, фьючерстер туынды бағалы қағаздар ретiнде тiкелей айқындалған.
Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасының валюта заңнамасымен резиденттер мен резидент еместер арасындағы туынды қаржы құралдарымен операциялар емес, осы туынды құралдармен байланысты болатын базалық активтермен тiкелей операциялар реттеледi.
Атап айтқанда, құралдың шарттарына сәйкес егер болашақта белгiленген баға бойынша тауар жеткізу қарастырылса, яғни Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды өткізу болжанса, онда мұндай келісім-шарт Ұлттық Банк Басқармасының 2001 жылғы 5 қыркүйектегi № 343 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында экспорт-импорт валюта бақылауын ұйымдастыру туралы нұсқаулықта көзделген паспорт режимi қолданылатын экспорт-импорт келісім-шартына жататын болады. Егер экспорттың күнi мен резидент еместiң төлемдi жүзеге асыру кезеңiнiң арасы 180 күннен асатын болса, онда осындай операциялар Капитал қозғалысымен байланысты операцияларды лицензиялау ережесіне сәйкес Ұлттық Банкте лицензиялауға жатады.
Туынды қаржы құралдарымен операциялар жүргiзу резиденттердiң шет елде шоттар ашуын болжаған және/немесе резиденттердiң шет елде, оның iшiнде резидент еместердiң бағалы қағаздарын сатып алуы түрiнде инвестицияларды жүзеге асыруын қарастырған жағдайда, қолданылып жүрген валюталық заңнамаға сәйкес, тиiсiнше:
резиденттердiң (банктердi қоспағанда) шетел банктерiнде және олар тiркелген мемлекеттердiң заңнамасы бойынша тиiстi құқығы бар өзге де қаржы институттарында шоттар (Қазақстан Республикасының валютасындағы шоттарды қоса алғанда) ашуға, резиденттердiң шет елдегi инвестицияларына (бағалы қағаз/эмитент рейтингі бойынша валюталық заңнамада белгiленгендердi қоспағанда) Ұлттық Банктiң лицензиясын ресiмдеу қажет.
Туынды қаржы құралдарымен операциялар жүргізудi тежейтiн қолданылып жүрген валюталық заңнаманың нормалары:
Қолданылып жүрген валюталық заңнама әрбiр инвестицияға, оның iшiнде туынды бағалы қағаздарға бiржолғы лицензиялар алу қажеттігiн айқындайды, бұл өтелетiн мәмiлелердi, туынды қаржы құралдары бойынша тәуекелдердi барынша төмендететiн мәмiлелердi жүзеге асыру және мерзiмдi келісiм-шарттар рыноктарындағы ахуалға байланысты әр түрлi инвестициялық стратегияларды iске асыруға мүмкiндiк бермейдi.
Мысалы, шет елде инвестицияларды жүзеге асыруға лицензия алу туынды қаржы құралдарының мерзiмi iшінде валюталық құндылықтармен операциялар жүргізiлмейтiндiктен не резидент шетелдiк активтi сатып алу бойынша мiндеттеменi емес, құқықты сатып алатындықтан базалық активтi жеткізу сәтiнде ғана мүмкiн болады. Туынды қаржы құралын орындауға ұсынған жағдайда яғни ұстаушы базалық активке құқықты iске асырған жағдайда мәмiленiң басқа тарабы мiндеттеменi орындауға мiндетті. Тиiсiнше, валюталық заңдардың нормалары мен халықаралық тәжiрибе талаптарының қайшылығынан, атап айтқанда, резиденттің мiндеттемелерiн орындамауынан немесе уақтылы орындамауынан (валюталық құндылықтармен операцияларды жүзеге асыруға лицензияның болмауынан) дау тууы мүмкiн.
Қазiргі уақытта халықаралық рыноктарда туынды қаржы құралдарымен операциялар кеңiнен тараған, мұнда базалық активтi жеткізу жүргізiлмейдi, инвестор базалық активтiң ағымдағы құны мен мерзiмдi келісім-шартта көрсетiлген бағаның арасындағы айырманы ғана алады не өтелетін мәмiлелердi жасайды. Тиiсiнше, валюталық бақылау агенттерiнде, бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларында, инвесторларда және сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларында көбiнесе туынды қаржы құралдарымен операциялар бойынша төлемдердi жүзеге асыру (aлу) кезiнде валюталық реттеу талаптары жөнiнде сұрақтар пайда болады. Мысалы, опционды сатып алған және сыйлықақыны аударған немесе операциялардан кiрiстердi алған жағдайда, осы операцияларды қалай жiктеуге болады және лицензия алу қажет пе деген сұрақтар туындайды.
Егер халықаралық рыноктарда туынды қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асыру үшiн осындай шот қажет болған жағдайда шетелдiк қаржылық ұйымдарда шоттар ашуды реттеудiң және инвестицияларды реттеудiң нормалары қайталанады.
Валюталық құндылықтар, атап айтқанда шетел валютасы базалық актив (форвард, фьючерс) болған операциялар кезiнде қолданылып жүрген валюталық заңнама, жеткізусiз мерзiмдi мәмiлелер жүзеге асырылған жағдайда шетел валютасын сатып алу мақсатына шектеулер қолданылатынын реттемейдi.
5.3.4.2. Туынды қаржы құралдарымен валюталық операцияларды
реттеу жүйесi
Туынды қаржы құралдарымен операцияларды реттеудiң мiндеттерi:
1) жүргiзiлетiн операциялар бойынша толық және шынайы ақпараттың болуын қамтамасыз ету;
2) операциялар көлемiн және тиiсiнше резиденттер қабылдайтын тәуекелдi реттеудiң тиiмдi құралдарының болуы;
3) валюталық шектеулер қаржылық ұйымдардың қызметiн реттейтiн заңнамамен шектелмейтін валюталық операциялардың қатысушыларына ғана қолданылуға тиiс;
4) хеджирлеудiң неғұрлым тиiмдi стратегиясын iске асыру үшiн жағдайлар жасау мақсатында мерзiмдi келісім-шарттар рыноктарында операциялардың ерекшелiктерiне валюталық заңнаманың нормаларын барынша сәйкес келтiру.
Ұсынылатын шаралар:
1. Банктер, сақтандыру ұйымдары, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар резидент еместермен мәмiленiң бiр тарабы болғанда инвестицияларға ұқсас туынды бағалы қағаздармен операциялар құқықтың арнайы салаларымен реттеледi. Тиiсiнше жоғарыда көрсетiлген қаржылық ұйымдардың осы операциялары лицензиялаудан алынып тасталады.
2. Брокерлер және басқарушы компаниялар арқылы басқа ұйымдар мен жеке тұлғалар жүзеге асыратын туынды құралдармен операцияларды реттеу брокерлiк-дилерлiк қызметті және инвестициялық портфелiн басқаруды жүзеге асыратын ұйымдарға берiлетiн шет елдегі инвестицияларға операциялық лицензия шеңберiнде (инвестициялау лимиттерi бойынша біліктiлiк талаптарын белгілеу арқылы) iске асырылатын болады.
3. Резиденттер операцияларды шетелдiк брокерлер арқылы жүзеге асырған жағдайда туынды қаржы құралдарымен операциялар брокерлік қызмет көрсету және инвестициялық операцияларды жүзеге асыру үшiн шетелдiк қаржылық ұйымдарда ашылған шотты пайдалану шартына қойылатын біліктiлiк талаптары арқылы реттелетiн болады (шет елдегi инвестицияларға ұқсас).
4. Резиденттер резидент еместермен туынды қаржы құралдарымен мәмiлелердi (1-тармақта көрсетiлген қаржылық ұйымдарды қоспағанда) бағалы қағаздардың ұйымдаспаған сыртқы рыногында - стандартталмаған қаржы құралдарымен екi жақты мәмiленi шот ашпай жасаған жағдайда, осы операциялар лицензия алудың қолданылып жүрген рәсiмдерiне сәйкес мерзiмдi мәмiле бойынша тараптар мiндеттемелерiн орындауды бастағанға дейiн лицензиялауға жатады.
5. Туынды бағалы қағаздың базалық активiне (бағалы қағаздар, валюта, басқа қаржы құралдары) құқықтарды резиденттің iске асыруы базалық активтi жеткізу хабарлама (операция жасалғаннан кейiн) тәртібімен жүзеге асырылады.
6. Егер резидент еместермен мерзiмдi мәмiле бойынша тауарларды жеткізу, түсiру (фьючерстер, форвардтар) жүзеге асырылса, онда экспорт-импорт мәмiлелерiн реттейтiн валюталық заңдардың нормалары қолданылады.
7. Iшкi рынокта туынды қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асырған кезде ұлттық валютада не шетел валютасындағы меншiктi қаражаты есебiнен есеп айырысуды жүзеге асыру мiндеттi шарт болуы тиiс. Алыпсатарлық тәуекелдердi барынша азайту тұрғысынан алғанда, шетел валютасын сатып алу мақсаттарының тiзбесiн кеңейту дұрыс емес. Тиiсiнше базалық активтi жеткiзе отырып, клиентпен мерзiмдi мәмiлелер жасайтын уәкiлетті банктер келісім-шарт жасау (мәмiленiң дәлелдiлiгiн тексеру) кезiнде сатып алу мақсатын немесе шетел валютасында меншiктi қаражаттың болуын тексеруге тиiс. Қор биржасында туынды қаржы құралдары бойынша барлық есеп айырысулар теңгемен жүзеге асырылатындықтан және құралдар базалық активтi (бұл жағдайда шетел валютасын) жеткізудi қарастырмағандықтан, оған резиденттердiң - заңды және жеке тұлғалардың қатысуы валюталық заңдардың нормаларымен шектелмейдi. Сондай-ақ валюталық заңдар есеп айырысу теңгемен жүзеге асырылатын бағалы қағаздардың ұйымдаспаған рыногында жеткізусiз туынды қаржы құралдарымен жасалатын резиденттер арасындағы мәмiлелердi шектемейдi.
Мынадай мәселелердi қосымша қараған жөн:
банктердiң, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру компанияларының және инвестициялық қорлардың инвестициялауға рұқсат егiлген қаржы құралдарының тiзбесiн кеңейту мүмкiндiгі. Бұл iс-шараны жүзеге асыру көрсетiлген қаржылық ұйымдарға хеджирлеудiң барынша тиiмдi стратегияларын жүргізуге, ал банктер мен инвестициялық қорларға қаржы құралдарының көбiрек санын ұсынуға мүмкiндiк бередi. Сонымен қатар қаржылық ұйымдардың туынды қаржы құралдармен байланысты тәуекелдерiн реттейтiн қолданылып жүрген талаптардың тиiмдiлігін және жаңа талаптар мен нормативтердi енгізудiң орындылығын бағалау қажет, тәуекелдердi басқару әдiстерiн қолдануды ынталандыру мәселесi, салық, азаматтық заңнама және бухгалтерлiк есеп туралы заңнаманы қоса алғанда нормативтiк құқықтық кесiмдердiң кешенiн мұқият пысықтауды қажет етедi. Тұтастай алғанда, хеджирлеу стратегиясын пайдаланудың ерекшелігi мен мiндеттерiне балама құқықтық базаны жасау қажет.
5.3.5. Капиталдың әкелiнуiне қатысты валюталық
реттеу рәсiмдерi
Тiркеу рәсiмдерiн жетілдiру шеңберiнде қазiргi уақытта капиталдың әкелiнуiне байланысты тiркеуге жататын барлық операциялардың ең төменгі шегi 100 мың АҚШ долларынан 300 мың АҚШ долларына дейiн көбейтіледi. Осы шек статистикалық қамтуға қолайлы болып табылатын төлем балансы мен сыртқы борыштың статистикасы үшiн регистрация шеңберiнде алынатын ақпараттың кем дегенде 95%-ын қамтамасыз ететiн барлық тiркелген шарттардың шамамен 76%-ын қамтуға мүмкiндiк бередi.
Қазiргі уақытта барлық резидент заңды тұлғалар сияқты екiншi деңгейдегi банктер капитал қозғалысымен байланысты валюталық операцияларды тiркеу режимiне кiредi. Сол уақытта, екiншi деңгейдегі банктер тiркеу тәртібі шеңберiнде алынатын ақпаратты қамтитын есеп беру нысандарының едәуiр санын Ұлттық Банкке ұсынады. Жоғарыда жазылғандарға байланысты, ырықтандырудың екiншi кезеңiнiң шеңберiнде екiншi деңгейдегi банктердiң капиталдың әкелiнуiне байланысты және Ұлттық Банкте тiркеуге жататын барлық операциялар операция жасалғаннан кейiн хабардар ету тәртібімен жүзеге асырылады, яғни тiркеу режимiнен толық шығарылады. Қажет болған жағдайда операцияларды дұрыс жiктеу үшiн Ұлттық Банк қажеттi қосымша ақпаратты және бiржолғы (тұрақты емес) сұратулар шеңберiнде банктерден құжаттарды алуға өзiне заңмен бекітілiп берiлген құқығын сақтайды.
Капитал ағыны туралы ақпарат базасын жетiлдiру шеңберiнде тiркеуге жататын (тiркеуге жататын операциялар) рәсiмдерiн оңайлату және операцияларды (резиденттердi) қысқарту бойынша жұмыс жалғасады.
5.3.6. Валюталық мониторинг
"Валюталық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Заңына және Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес, оның iшiнде жекелеген валюталық реттеудiң нормалары қолданылмайтын шетел компанияларының филиалдары резидент еместер болып танылады. Сонымен қатар төлем балансы мен сыртқы борыш статистикасының методологиясына сәйкес шетелдiк заңды тұлғаның филиалы Қазақстан Республикасының резидентi ретiнде қарастырылады және оның сыртқы мiндеттемелерi елдiң сыртқы борышында есептеледi, ал негізгі компаниямен операциялар төлем балансында көрсетiлуге тиiс. Ұғымдардың сәйкес келмеуiн ескере отырып, көбінесе шетел компанияларының филиалдары белсендi жұмыс жасайтын, әсiресе қызмет көрсету саласында, жекелеген көрсеткiштердiң жоғарылату және/немесе дұрыс көрсетiлмеу ықтималдығына әкеп соғатын операцияларды төлем балансында көрсетуге байланысты қиындықтар пайда болады.
Тиiсiнше, осы Бағдарламаның бағыттарының бiрi төлем балансында оларды дұрыс көрсету үшiн, сондай-ақ Дүниежүзiлiк сауда ұйымына (ДСҰ) кiру контексiнде шетелдiк коммерциялық қатысуының ауқымы мен бағыттарын бағалау мақсатында Қазақстан Республикасындағы шетел компанияларының филиалдары мен өкiлдiктерiнде жүргiзiлген валюталық операциялар туралы қажеттi ақпаратты алуға мүмкiндiк беретiн жүйенi құруға негізделген.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 16 мамырдағы № 1095 Жарлығымен бекітілген Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын игерудiң мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, төлем балансының тұрақтылығын, сыртқы борыштың экономикалық тиiмдiлiгін, валюта-қаржы дағдарыстарының тәуекелдерiн, сондай-ақ елдiң экономикалық қауiпсiздiгiне қауiп-қатер деңгейiн бағалау мақсатында валюталық мониторинг жүйесiн ұйымдастыру қажеттiлігі көзделген. Валюталық мониторинг резиденттер (Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдарын қоса алғанда) мен резидент еместер, сондай-ақ резиденттер (егер олардың бiреуi валюталық мониторинг субъектiсi болып табылса) арасындағы валюталық операциялар бойынша ақпарат жинау жүйесiн бiлдiретiн болады.