3 Банк жүйесінің орташа активтеріне (екі жылда) сыйақы алуға байланысты кiрiс
4 СПРЭД = (сыйақы әкелетін орташа активтерге сыйақы алуға байланысты кiрістердiң қатынасы, минус сыйақы төлеуге байланысты шығыстар пайда болатын орташа мiндеттемелерге сыйақы төлеуге байланысты шығыстардың қатынасы)
5 2003 жылғы қыркүйектің аяғындағы жағдай бойынша орташа активтер мен мiндеттемелер жылдық есептеуде түзетілген
6 Экономика секторы бойына активтер мен мiндеттемелердiң шоғырлануын көрсететiн индекс - Херфиндаль-Хиршман индексi
7 Индекстің мәнi мынадай шектерде болған кезде (1000 < Іh < 1800) рынок бiрқалыпты шоғырландырылған болып есептеледi.
3.4. Макроэкономикалық ахуалдың
сыртқы факторларға тұрақтылығы
Валюталық режимдi ырықтандыру макроэкономикалық дамудың тұрақтылығы тұрғысынан қарағанда егер ұлттық валютаның қалыптасқан айырбас бағамы нақты iшкі және сыртқы тепе-теңдiк жағдайларына сай келмесе, жағдайдың тұрақсыздығы тәуекелiмен қоса жүредi. Атап айтқанда, капиталдың әкетілуiн ырықтандыру жағдайында ұлттық валютаның нақты құнын, бiрдей жағдайлар бойынша iшкi пайыздық ставкаларды және ақша-кредиттік реттеу органдарының валюталық рыноктағы алыпсатарлық көңiл-күйдi тепе-тең реттеу қабiлетін бағалау, әсiресе жағымсыз сыртқы күйзелiс жағдайында ерекше маңызды.
Сыртқы факторлардың макроэкономикалық ахуалға
ықпалын сипаттайтын индикативтiк көрсеткiштер8
4-кесте
┌─────────────────────────────────────────────────────────────────────┐
│ 2001 2002 2003 │
├─────────────────────────────────────────────────────────────────────┤
│Теңгенің долларға орташа номиналдық │
│айырбас бағамының 3,2% 4,5% -2,6% │
│өзгеруi (теңге 1 доллар үшiн) │
│Теңгенiң нақты тиiмдi бағамы индексiнiң │
│өзгеруi, кезең iшiнде орташа алғанда9 -0,7% -5,0% -5,4% │
│Теңгенің долларға нақты бағамы индексiнiң │
│өзгеруi, кезең 2,1% 0,3% 7,1% │
│iшiнде орташа алғанда10 │
│ │
├Өнiм бiрлiгiне еңбек шығыны көрсеткiшiнiң │
│өзгеруi, кезең iшiнде орташа алғанда -16,3% -10,6% -11,6% │
│ │
│Экспорттың орташа келісім-шарт бағасының │
│өзгеруi, кезең iшiнде орташа алғанда11 -9,0% -3,0% 19,0% │
│ │
│Импорттың орташа келісім-шарт бағасының │
│өзгеруi, кезең iшiнде орташа алғанда12 4,1% -4,6% 4,8% │
│ │
│АҚШ-тың және Қазақстанның МБҚ-ның пайыздық 1,7% 3,3% 4,4% │
│ставкалары арасындағы спрэд, кезең ішiнде │
│орташа алғанда │
│Кезең аяғындағы жалпы халықаралық активтерге 89,30 101,80 96,70 │
│М2, % │
│ │
│Жиынтық халықаралық резервтер, кезең │
│аяғында, млн. долл. 2508 3141 4962,1 │
│ │
│ тауарлар мен қызмет көрсету импорты, │
│ ай бойынша 2,9 3,3 4,5 │
│ │
│ қысқа мерзiмдi сыртқы борыштың орнын жабу 2,17 1,71 1,76 │
└─────────────────────────────────────────────────────────────────────┘
Нақты айырбас бағамына байланысты жағдай резиденттер нақты айырбас бағамы өзгеруiнiң болжамдылығы мен тұрақтылығына қарағанда бағаның өсу қарқынының болжамдылығы мен тұрақтылығына көбiрек сенiмдi болған кезде нақты болуы мүмкiн экономиканың долларлануын төмендетудiң негiзiн қалайтын тетiкті тиiмдi iске асыруға мүмкiндiк бередi.
Тәуекелсiз активтер бойынша пайыз бен Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары бойынша айырбас бағамының өзгеруiне түзетiлген проценттiк ставкалар арасындағы спрэд 1998-99 жылдардағы 10-11%-бен салыстырғанда кезең iшiнде орташа алғанда 3%-ға дейiн қысқарды. Осылайша ұлттық валюта қымбаттаған жағдайда ел тәуекелiнiң төмендеуi Қазақстан Республикасына капиталдың тұрақты әкелiнуiне жағдай жасайды.
Тұтастай алғанда Ұлттық Банктің халықаралық резервтерiнің деңгейi белгіленген айырбас бағамы режимi бар елдер үшін де жеткіліктi болып табылады, бұл алыпсатарлық көңiл-күйдi тиiмдi басқаруға және сыртқы конъюнктураның өзгеруiне уақтылы көңiл бөлуге мүмкiндiк бередi.
___________________
8 Көрсеткіштердi Ұлттық Банк есептеген
9 Индекстің төмендеуi ұлттық валютаның нақты құнсыздануын білдiредi
10 индекстің өсуi ұлттық валюта бағамының көтерiлуiн бiлдiредi
11 Индекстер алдыңғы 3 жылдық кезеңнiң үлес салмағы пайдаланыла отырып, кеден статистикасының деректерi негізiнде есептелген
12 қазақстанның МБҚ-ның проценттік ставкалары өткен кезең үшін жылдық есептеуде долларға қарағанда теңге бағамының өзгеру қарқынына қарай түзетілдi.
3.5. Валюталық режимдi ырықтандыру
жағдайларындағы ақша-кредит саясаты
Ақша-кредит саясатының тиiмдiлігін бағалаудың жалпыға бiрдей моделiне сәйкес ("сыйыспаушылық үшбұрышы") мақсатты өлшемдердi таңдаудың үш балама нұсқасы бар:
1) ақша-кредит саясатының негізгі мақсатты көрсеткiшi ретiнде айырбас бағамын таңдаған кезде капиталды барынша жұмылдыру (белгіленген айырбас бағамының түрлi режимдерi);
2) инфляцияның төмендеуiне, не экономикалық өсуге жағдай жасауға бағдарланған дербес ақша-кредит саясатын сақтай отырып, капитал қозғалысына шектеулер қоймау (еркiн өзгермелі айырбас бағамының режимi);
3) ақша-кредит саясаты капитал қозғалысына шектеулердi сақтай отырып, сонымен қатар айырбас бағамының белгiленген деңгейiне және инфляцияның төменгi қарқындарына қолдау жасауға бағдарланған (аралық режимдер).
Инфляциялық таргеттеу қағидаттарына көшу бағалардың мақсатты өсу қарқындарына қол жеткізуге бағытталған дербес ақша-кредит саясатын жүргiзудi болжайды. Қазақстан Республикасында валюталық режимдi ырықтандырудың тұжырымдамасында және осы Бағдарламада ақшаның толық айырбасталуын қамтамасыз ету бағыты айқындалған. Осылайша, ақша-кредит саясатының негізгі бағыттары айқын белгіленген.
Қазақстан экономикасындағы мынадай жағдайлар Ұлттық Банктің iшкi валюта рыногындағы саясатының мiндеттерiн айқындайды:
экономиканың әлемдiк тауарлар рыногындағы ахуалға едәуiр тәуелдiлігі,
экономиканың қаржы және нақты секторларын долларландырудың бiршама жоғары деңгейi,
iшкi валюта рыногының бiршама жоғары дәрежеде шоғырлануы,
мерзiмдi қаржы құралдарының дамыған рыногының болмауы,
валюта бағамының күрт өзгеруiне халық күтулерiнің сезiмталдығы.
Осы факторлар негізгі мақсаты алыпсатарлық күрт ауытқуларды жұмсарту болатын Ұлттық Банктiң iшкi валюта рыногына шектеулi қатысуының қажеттігiн айқындайды. Мұндай саясаттың дұрыс екендiгі объективтi түрде дәлелдендi және оны Ұлттық Банк жалғастыратын болады. Сонымен қатар, айырбас бағамына қатысты Ұлттық Банк жүзеге асыратын саясат жоғарыда келтiрiлген модельмен және мынадай себептерге байланысты капиталды жұмылдыру жағдайларында инфляцияны таргеттеудi таңдап алған елдердiң халықаралық тәжiрибесiмен толық келісіледi:
айырбас бағамының алыпсатарлық ауытқуларын жұмсартудың қысқа мерзiмдi әсерi болса және айырбас бағамын өзгертудiң мақсатты бағытын белгiлеуге жол берiлмесе, не оның ұзақ мерзiмдi трендiн түзетпесе, инфляциялық таргеттеу баға өзгерiсiнiң ұзақ мерзiмдi мақсатты өлшемдерiне қол жеткізуге бағытталатын болады. Осылайша ұзақ мерзiмдi қайшылықтар орын алмайды;
жоғарыда келтiрiлген талдау капитал ағындары құрылымының барынша тұрақты екендiгін және капиталдың қысқа мерзiмдi ағындары қысқа мерзiмдi перспективада ақша-кредит саясатының дербестігіне айтарлықтай қауiп тудырмайтынын көрсетедi.
Сонымен бiрге, Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2003 жылғы 28 шілдедегі № 753 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес трансмиссиялық тетiктi әзiрлеу және мақсатты деңгейлерге қол жеткізу рәсiмдерiн айқындау көзделiп отыр. Шығыс Еуропа, Латын Америкасы мен басқа елдердiң операциялық және мақсатты көрсеткiштердi таңдау жөніндегі тәжiрибесi, әсiресе операциялық индикатор ретiнде проценттiк ставка мен айырбас бағамның комбинацияларын көрсететiн Монетарлық Шарттар Индексiн белгiлеу практикасы зерделенетiн болады.
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың тұжырымдамасы Ұлттық Банктiң реттеушi мүмкiндiктерiн ұлғайтатын жаңа қаржы құралдарын дамытуды және ақша-кредит саясатының қолда бар құралдарын дамытуды болжайды, бұл қаржы рыногының икемдiлiгін арттырады әрi оған тән бiрқатар тәуекелдердi азайтуға мүмкiндiк бередi. Валюталық режимдi кезең-кезеңiмен ырықтандыру осы iс-шараларды жүзеге асыруға негіз жасайды, бұл кейiннен Ұлттық Банктiң, тiптi қысқа мерзiмге болса да, валюта рыногына қатысу дәрежесiн азайтуға ықпал ететін болады.
Қорытынды: Қазақстанның экономикалық дамуын талдау валюталық режимдi неғұрлым белсендi ырықтандыру мен ұлттық валютаны ағымдағы және күрделi операциялар бойынша 2007 жылы толық айырбастауға көшiру үшiн қажеттi жағдайлар жасалғанын көрсетедi. Өнiмділіктiң артуы және әлемдiк тауар рыноктарындағы тұрақты жоғары бағалар, экономиканың долларсыздануы, жауапты бюджет саясаты және халықаралық резервтердiң жеткiлiктi деңгейi, сондай-ақ қаржы секторының тұрақтылығын арттыру үшiн жүргізiлетiн саясат жағдайларында нақты айырбас бағамының тұрақты серпiнi Қазақстан экономикасы ұшырайтын ықтимал сыртқы күйзелiстi тиiмдi жұмсартуға мүмкiндiк жасайды. Сонымен қатар индустриалдық-инновациялық дамыту саясатын iске асыру, экономиканы, әсiресе қызмет көрсету секторын монополиясыздандыру, қаржы секторын реттеудiң халықаралық стандарттарына өту және әкiмшiлiк режимдi одан әрi жеңiлдету капитал қозғалысына қойылатын шектеулердi жоюдан болатын оң әсердi тиiмдi түрде iске асыруға мүмкiндiк бередi.
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Осы Бағдарламаның негiзгi мақсаты валюталық операцияларды жүргiзуге шектеулердi кейiннен жою және 2007 жылдан бастап ұлттық валютаның толық айырбасталуына көшу үшiн жағдайлар жасау болып табылады.
Осы мақсатты негізге ала отырып, Бағдарлама мынадай мiндеттердi шешуге бағытталады:
1. Валюталық реттеу мен бақылау режимiн оңтайландыру:
1) валюталық заңнаманың қайталанатын талаптарын жою - егер бастапқы мәмiле валюталық заңнаманың талаптарына сәйкес жүзеге асырылса, кейiнгі валюталық операцияларды жүргізуге қойылатын шектеулердi бар мүмкiндiгінше жою. Мысалы, егер резидент резидент еместен белгіленген тәртiппен тiркелген тартылған кредит бойынша мiндеттемелердi қамтамасыз ету ретiнде қаражат есептеу үшiн шет елде шетелдiк банкте шот ашатын болса, онда мұндай жағдайда шотты ашуға лицензия алу талап етiлмейдi;
2) егер операциялармен қоса жүретiн тәуекелдер және оларды жүргізу тәртібі пруденциалдық қадағалаумен және құқықтың басқа салаларының, атап айтқанда банк, сақтандыру заңнамасының және бағалы қағаздар рыногы және зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңнаманың нормаларымен тиiмдi реттелетiн болса, валюталық заңнаманың қаржылық ұйымдардың валюталық операцияларды жүргізу тәртібiн реттейтiн нормаларын алып тастау.
2. Ырықтандырудың екiншi кезеңi шеңберiнде ұзақ мерзiмдi тұрақты сипаты бар капиталдың, ең алдымен тiкелей инвестициялар мен заемдардың әкелінуі мен әкетілуiне қатысты валюталық реттеудiң режимiн теңестіру.
3. Валюталық операцияларды жүргізген кезде тәуекелдердi хеджирлеу құралдарын неғұрлым белсендi пайдалану үшiн жағдайлар жасау. Валюталық реттеу жүйесi сыртқы экономикалық операцияларға қатысушылардың хеджирлеу стратегиясын iске асыруына кедергі жасамауға тиiс.
4. Ақша-кредит саясатының мақсаттарына және Қазақстан экономикасы ұшырайтын сыртқы күйзелiстердi реттеуге байланысты шетел валютасына сұраныс пен ұсынысты реттеу құралдарын одан әрi жетілдiру үшiн жағдайлар жасау.
5. Қаржылық ұйымдардың валюталық операцияларын реттеу мен қадағалаудың халықаралық қағидаттарына толық өтудi қамтамасыз ету. Осы мiндеттi жүзеге асыру валюталық операцияларды жүзеге асыруға байланысты тәуекелдердi реттейтiн қаржылық қадағалау стандарттарын жетiлдiру үшiн жағдайлар жасауды болжайды.
5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары мен тетігі
Бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерiн негiзге ала отырып, Бағдарламаны iске асырудың мынадай бағыттары ерекшеленедi:
1. Iшкi және сыртқы тәуекелдердi сандық және сапалық бағалау. Орталық банкке тәуекелдер, ағымдағы экономикалық жағдай және оны дамыту перспективалары мен ақша-кредит саясаты бойынша дер кезiнде бiрдей шешiмдер қабылдау туралы объективтi мәлімет алуға мүмкiндiк беретiн көрсеткiштер жүйесiн құру.
2. Қазiргі кезде қолданылатын валюталық шектеулер мен тәуекелдердi реттеу тетiктерінің тиiмдiлігін бағалау негізiнде валюталық операциялар жүргізуге қойылған шектеулердi бiртiндеп жою. Пруденциалдық және қаржылық қадағалау шараларын, ақша-кредиттік және валюталық реттеу шараларын, валюталық операциялардың жекелеген субъектісi деңгейiнде тәуекелдердi, қаржы секторының және тұтастай алғанда экономиканың тәуекелдерiн тиiмдi басқаруды iске асыру тұрғысынан алғанда жетiлдiрiлуi қажет қаржы рыногы құралдарын талдау және валюталық режимдi толық ырықтандыруға бағыттау.
3. Валюталық заңнаманың нормаларын және Қазақстан үшiн неғұрлым мақсатқа сай болып табылатын халықаралық практикаға сәйкес 2007 жылдан кейiн сақталуға тиiстi валюталық операцияларды жүргiзу тәртібіне қойылатын талаптарды айқындау.
5.1. Тәуекелдердi сандық және сапалық бағалау
1. Халықаралық Валюта Қорының валюталық режимдi ырықтандыру мәселелерi бойынша техникалық көмек миссиясы сыртқы күйзеліс индикаторларын iшкi қаржылық сектордың жай-күйi және оның сыртқы конъюнктураның жағымсыз дамуына әсер ету қабiлеті туралы бiрдей мәлімет алуға мүмкiндiк беретiн көрсеткiштердi; капитал ағыны және оны пайдалану, валюталық активтер мен пассивтердiң құрылымы жөніндегі жан-жақты ақпаратты қамтитын ерте хабардар ету индикаторлары жүйесiн құру қажеттігін бiрнеше рет атап көрсетті. Бұл жүйе капитал қозғалысына әкiмшiлiк шектеулердi жою жағдайында ақша-кредит саясатын неғұрлым тиiмдi жүргізуге мүмкiндiк бередi және Ұлттық Банктің инфляциялық таргеттеудiң классикалық жүйесiне көшуiн қамтамасыз етедi.
2. Дамыған және дамушы елдердiң тәжiрибесi экономикалық даму, қаржылық тұрақтылық және қаржы рыногының субъектiлерi мен олардың клиенттерiне кәсiби талдау ақпараттарын беру тұрғысынан алғанда қаржы жүйесiнiң тәуекелдерiн бағалау мәселелерiн кеңiнен жария ету мен үрдiстерiн талдау қажет екендiгiн көрсетедi. Осы мақсатта бiрқатар орталық банктер пруденциалдық реттеу, сол сияқты макроэкономикалық факторлар, iшкi және сыртқы тәуекелдер тұрғысынан қарағанда қаржылық сектордың барлық аспектілерi жан-жақты талданатын қаржылық тұрақтылық жөніндегі есептi тұрақты жариялап отырады. Осы практиканы сондай-ақ Қазақстанда да iске асырған жөн.
5.2.Валюталық операциялар жүргiзуге қойылатын
шектеулер жүйесiн жетілдіру
5.2.1. Валюталық операциялар жүргізуге қойылатын
шектеулердiң нысандары (әлемдiк практика)
Валюталық реттеудiң әлемдiк практикасы валюталық шектеулердiң екi негізгі нысанын бөлiп көрсетедi:
1. Лимиттеу арқылы тiкелей әкiмшiлiк бақылау, тiкелей әкiмшiлiк тыйым салу мен валюталық операциялар жүргізуге жеке рұқсаттар (лицензиялар) беру. Рұқсат беру рәсiмi нысандандырылған (барлық қажетті құжаттары болған кезде нысандық белгілерi бойынша лицензия беру) не дискретті (рұқсат нақты жүргізiлетін операцияның экономикалық тиiмдiлігін, мәмiленiң айқындылығын, өтiнiш берушінiң адал ниетiн бағалау негізiнде берiледi) сипатта болуы мүмкiн.
2. Сыртқы экономикалық операцияларға қатысушылардың шешiм қабылдауына ықпал ететін жанама құралдарды қолдану. Жанама құралдар мәмiле сомасының белгілі бiр бөлiгiн белгілі мерзiмге резервтеу режимiн орнату не егер операция белгіленген мерзiмнен бұрын аяқталса, мәмiленің белгiлi бiр пайызын алуға негізделедi (валюталық операцияларға салық). "Чили салығы" ретінде белгілi валюталық операцияларға салынатын салық автономды ақша-кредит саясатын қолдау және алыпсатарлық қысымды тоқтату мақсатында қысқа мерзiмдi капиталдың әкелiнуiне қатысты жиi қолданылды. Резервтеу режимi мен валюталық операцияларға салық мәнi жағынан бiрдей, себебi олар операцияның экономикалық құнын өзгертедi. Сонымен қатар бұл капиталды әкелудiң/әкетудiң барлық ықтимал арналарына қолданылуға тиiсті болғандықтан, жеткіліктi дәрежеде шығын жұмсау тетiгi және оның iшiнде нақты өндiрiстiк және қаржылық мақсаттарға байланысты адал ниетті мәмiлелердi шектей алады.
5.2.2. Қазақстанның қолданылып жүрген валюталық
заңнамаға сәйкес валюталық реттеу органы белгiлейтiн валюталық
операцияларға қойылатын шектеулер
1. Ұлттық Банктің резиденттердiң экспорттық операцияларының төлем валютасына шектеу енгізу құқығы. Қазiргі кезде еркiн айналыста жүрмейтiн валюталармен экспорт операцияларының үлесi 20% шамасында және негiзiнен ресей рублiне сәйкес келедi. Сонымен қатар, валюталық заңдарда сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың резидент еместермен жасалатын келісім-шарттарында тараптардың қалауы бойынша кез келген есеп айырысу валютасын белгiлеу құқығы бекітілген, бұл көрсетiлген нормаға қайшы келедi. Осыған сәйкес, бастапқыда еркiн айналыстағы шетел валютасымен валюталық түсiмнiң түсуiн қамтамасыз етудi нысанаға алған осы құқықты сақтау, не қандай да болмасын белгiлi бiр шетел валютасымен есеп айырысуды шектеу дұрыс емес.
2. Ұлттық Банктiң экспорттық валюта түсiмiн мiндетті сату режимiн белгілеу құқығы. Стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаларды iске асырумен айқындалатын айрықша құқықтық мәртебеге сәйкес болашақта қажеттiлігі нақты емес мiндетті сату режимiн енгізген жағдайда мұнай-газ саласындағы iрi экспорттаушы кәсiпорындар тарапынан биржаға валюталық түсiмнiң айтарлықтай қосымша көлемiнiң түсуi, сөз жоқ, күмәнды. Сонымен бiрге, капиталды әкетуге қатысты валюталық режимдi ырықтандыру және заңды тұлғалардың шет елдерде шоттар ашуы жөніндегі талаптарды жұмсарту жағдайында мұндай шектеу тиiмсiз әрi мақсатқа сай емес.
3. Ұлттық Банктiң экономикалық қауiпсiздiкте қамтамасыз ету мақсатында жекелеген экспорт-импорт мәмiлелерi бойынша есеп айырысу нысанына шектеулер белгiлеу құқығы. Күмәнды мәмiлелерге валюталық бақылауды жүзеге асыру және бартерлiк операцияларды барынша азайту мақсатында пайдаланылуы мүмкiн. Күмәнды мәмiлелердi, ақшаны "жылыстату" жөніндегі операцияларды бақылау және жол бермеу мәселелерi тиісті рәсiмдер көзделуi қажет арнайы заңнамасының реттеу пәнi болғандықтан және қазiргi уақытта сыртқы саудада бартерлiк мәмiлелер көлемiнiң аз екендiгiн ескере отырып, бұл құқық валюталық заңнама арқылы реттеу пәнiнен алынып тасталатын болады.