Жол қозғалысы қауiпсiздiгін қамтамасыз етудiң кейбір мәселелерi туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 19 сәуірдегі № 431 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2006.21.04. № 313 Қаулысымен күші жойылды
"Жол қозғалысы қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының жол полициясы туралы ереже бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2004 жылғы 19 сәуірдегі
№ 431 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы ішкi iстер органдарының
жол полициясы туралы
Ереже
1. Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының жол полициясы (бұдан әрi - жол полициясы) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында арнайы бақылау, қадағалау және рұқсат ету функцияларын, сондай-ақ автомобиль жолдарында қоғамдық тәртiптi сақтау, адамдар мен азаматтың құқықтары мен бостандығына, қоғам және мемлекеттiң мүдделерiне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алу мен жолын кесу жөнiндегі атқарушы және басқарушы функцияларды жүзеге асырады.
2. Жол полициясы өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы және заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметінің кесiмдерiн, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
3. Жол полициясы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен олардың салдары ауыртпалығын төмендету мақсатында өз қызметiн министрлiктермен және ведомстволармен, жергiлiктi атқарушы органдармен, заңды және жеке тұлғалармен өзара iс-қимыл жасасу арқылы жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Жол полициясы департаментi, Астана, Алматы қалалары IIББ-нiң, облыстардың IIББ-IIБ-нiң, жол полициясы басқармалары, басқармалардың құрамына кiрмейтiн Астана, Алматы қалаларының IIББ, облыстардың IIББ-IIБ жол полициясының саптық және өзге де бөлiмшелерi, қалалық, аудандық және өзге де iшкi iстер бөлiмдерінің жол полициясы бөлiмдерi (бөлiмшелерi) мен топтары жол полициясы қызметiнiң бiртұтас жүйесiн құрайды.
5. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінің Жол полициясы департаментi - Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң жол полициясы қызметiн басқаратын құрылымдық бөлiмшесi.
6. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі Жол полициясы департаментiнің бастығын лауазымға Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi тағайындайды әрi босатады және ол лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік автомобиль инспекторы болып табылады.
7. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгінің Жол полициясы департаментi бастығының орынбасарларын лауазымға Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi тағайындайды әрi босатады және олар лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік автомобиль инспекторының орынбасарлары болып табылады.
8. Облыстардың, қалалардың, аудандардың, қалалардағы аудандардың жол полициясы басқармаларының (бөлiмдерінің, бөлiмшелерінің) бастықтары лауазымға белгiленген тәртіппен тағайындалады әрі босатылады және лауазымы бойынша Бас мемлекеттік автомобиль инспекторлары, ал олардың орынбасарлары - облыстардың, қалалардың, аудандардың, қалалардағы аудандардың Бас мемлекеттік автомобиль инспекторларының орынбасарлары болып табылады.
9. Жол полициясының құрылымы мен штат санын iшкi iстер органдары үшiн оны қамтуға бөлiнетiн, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен сан нормативтерiнен кем емес қаражат шегiнде Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі белгiлейдi.
10. Жол полициясының жоғары тұрған бөлiмшелерi басшыларының нұсқаулары мен өкiмдерiн жол полициясының төмен тұрған бөлiмшелерінің басшылары орындауға міндеттi.
11. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Жол полициясы департаментi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi бекiтедi.
12. Астана, Алматы қалалары IIББ-нiң, облыстардың IIББ-IIБ-нің, жол полициясы басқармалары, басқармалардың құрамына кiрмейтiн Астана, Алматы қалаларының IIББ, облыстардың IIББ-IIБ жол полициясының саптық және өзге де бөлiмшелерi, қалалық, аудандық және өзге де ішкi iстер бөлiмдерінің жол полициясы бөлiмдерi (бөлiмшелерi) мен топтары туралы ережелердi Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі бекiткен Үлгi ереже негiзiнде тиiстi iшкi iстер органдарының басшылары бекiтедi.
13. Жол полициясы өзiнiң алдына қойылған мiндеттерге сәйкес және өз құзыретi шегiнде:
1) Қазақстан Республикасында қолданылатын:
жол қозғалысының тәртібі мен шарттарын, көше-жол желісіндегі және жол бойындағы көлiктiк және өзге де қызметтi, жол қозғалысы қауіпсiздігiн қамтамасыз ету саласындағы қызмет түрлерiн жүзеге асыруды белгілейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдердің, нормативтердiң және стандарттардың;
жол қозғалысы қауіпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы халықаралық шарттардың;
жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде Қазақстан Республикасында автомобиль көлiгiмен жолаушылар мен жүктердi тасымалдау ережелерiнің;
жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты бөлiгiнде қалаларды, өзге де елдi мекендердi, тұрғын үй массивтерi мен өнеркәсiптiк аймақтарды жобалау және салу кезіндегі ережелердiң, нормативтер мен стандарттардың;
жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын, темір жол өткелдерiн, электр көлiгi желiлерiн жобалау, салу, қайта жаңарту, жөндеу және қалпына келтiру кезіндегі ережелердiң, нормативтер мен стандарттардың;
автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын және темір жол өткелдерiн жол қозғалысы үшiн қауiпсiз жағдайда ұстау ережелерінің;
жол қозғалысын реттейтiн техникалық құралдарды шығару, орнату, монтаждау, жөндеу және ұстау жөніндегi ережелердің, нормативтер мен стандарттардың;
көлiк құралдарының конструкциясы мен техникалық жағдайына, оларды тексеру әдiстерiне қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормативтер мен стандарттардың сақталуын мемлекеттік қадағалауды және бақылауды жүзеге асырады;
2) көлiк құралдары иелерінің және тасымалдаушылардың заңнамада белгiленген азаматтық-құқықтық жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөніндегі мiндеттердi көлiк құралдары иелерi мен жолаушыларды тасымалдаушылардың орындауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
3) заңды және жеке тұлғалардың жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы, нормативтердi, ережелер мен стандарттарды орындауын тексередi;
4) жол қозғалысы мен автомобиль тасымалдары қауiпсiздiгi саласында кез келген жасалған немесе дайындалып жатқан құқыққа қайшы қол сұғушылық туралы арыздар мен хабарларды қарайды, олардың жолын кесу, ашу, оларды жасаған адамдарды ұстау, қоғамға қауіптi салдарларға жол бермеу жөнiнде уақтылы шаралар қабылдайды;
5) автомотокөлiк құралдарын жүргізу құқығын алу үшiн емтихандар қабылдайды;
6) жеңiл, жүк автомобильдерiн және автобустарды, олардың негiзiнде жасалған арнайы автомобильдердi қоса алғанда, мотоциклдердi, мотороллерлердi, сондай-ақ автомобильдердің құрамында қозғалысқа арналған тіркемелердi (бұдан әрі - автомотокөлік құралдары мен олардың тiркемелерi), оның iшiнде басқа мемлекеттерде тiркелгендердi және Қазақстан Республикасының аумағына екi айдан астам мерзiмге әкелiнгендердi тiркейдi және есебiн жүргiзедi;
7) автомотокөлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн, оның ішінде сенiмхат және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құжаттар бойынша пайдаланушы адамдарды тiркейдi және есебiн жүргiзедi;
8) жүргiзушi куәліктерінің бланкiлерiн, автомотокөлiк құралдары мен олардың тiркемелерiне арналған тiркеу құжаттарын және мемлекеттік тiркеу нөмiрi белгiлерiн және автомотокөлiк құралдары мен олардың тiркемелерiне және олардың жүргiзушiлерiне жол қозғалысына қатысуға рұқсат беруге қажеттi және басқа да арнайы өнiмдердiң есебiн жүргiзедi;
9) автомотокөлiк құралдары мен олардың тіркемелерiнің мемлекеттік техникалық байқауын ұйымдастыруды жүзеге асырады және оларды өткiзедi;
10) жол қозғалысы жағдайларын зерделейдi және жол қозғалысын ұйымдастыруды жетiлдiру жөнiнде шаралар қабылдайды, жол қозғалысын реттеудi жүзеге асырады;
11) қоғамдық тәртiптi сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, автомобиль жолдарында жасалатын қылмыстарды ескерту және жолын кесу жөніндегі iс-шараларға қатысады;
12) айдап әкетiлген, ұрланған және жол-көлiк оқиғалары болған жерлерден жасырынған автомотокөлiк құралдары мен олардың тiркемелерін iздеу жөніндегі жұмыстарды Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі белгiлейтiн тәртiппен ұйымдастырады және жүргiзедi;
13) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы әкiмшілік құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша iс жүргiзудi жүзеге асырады;
14) жол-көлiк оқиғалары болған жерлерде кезек күттірмейтiн iс-қимылдарды жүзеге асырады, адамдарды эвакуациялау және оларға дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек көрсету жөнiнде шаралар қабылдайды, зақымданған көлiк құралдарын тасымалдауға көмектеседi;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көлiк құралдарын пайдаланумен байланысты қылмыстар туралы iстер бойынша анықтау жүргiзедi; 16) жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң жағдайы көрсеткiштерiнiң мемлекеттік есебiн жүргiзедi;
17) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен көлiк құралдарына ерiп жүрудi жүзеге асырады;
18) автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын, темір жол өткелдерiн, қалалық электр көлiгi желiлерiн, сондай-ақ жаңа автомотокөлiк құралдары мен олардың тiркемелерiнің үлгiлерiн пайдалануға қабылдау жөнiндегі комиссияның жұмысына қатысады;
19) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн насихаттау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды және жүргiзудi, осы саладағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, оның iшiнде жеке басылымдарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсiндiредi, осы мақсатта байқаулар, конкурстар, жарыстар және басқа да іс-шаралар өткiзедi, жолдарда жүру қауiпсiздiгi ережелерiн халыққа үйретудi ұйымдастыруда жергіліктi атқарушы органдар мен оқу орындарына көмектеседi;
20) жергіліктi атқарушы органдармен бiрлесiп, сондай-ақ заңнамада белгiленген тәртiппен заңды тұлғаларды және қоғамдық бiрлестiктердi тарта отырып, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн арттыру, ғылыми зерттеулердің басым тақырыптары мен бағыттарын анықтау, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мамандарды даярлау жөніндегі ұсыныстарды әзiрлейдi;
21) жол-көлiк оқиғалары туындауының себептерi мен жағдайларын, сондай-ақ жол қозғалысы қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн құқық бұзушылықтар мен құқыққа қайшы әрекеттердi анықтайды және талдайды, оларды жою жөнiнде шаралар қабылдайды, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн арттыру жөніндегі шараларды әзiрлейдi;
22) жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асырады, жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтайды және олардың жолын кеседi, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен қауiпсiздiгiн арттыру жөнiнде шаралар қабылдайды;
23) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласына қатысты мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарайды;
24) сақтанушы (сақтанған), жәбiрленушi немесе олардың мұрагерлері сақтандыру жағдайы басталғаны туралы хабарлай алмайтын кезде, осы жол-көлiк оқиғасы туралы тиiстi сақтандырушыны хабардар етедi.
14. Жол полициясы өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн:
1) меншік нысанына қарамастан, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктердің лауазымды адамдарынан және жеке тұлғалардан жол қозғалысы қауіпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық кесiмдердiң сақталуы туралы мәліметтер, оларды бұзу фактiлерi бойынша түсiнiктемелер сұрайды;
2) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде заңды тұлғалардың қызметiн бақылайды және орындау үшiн мiндеттi нұсқамалар бередi, ал нұсқамалар бойынша қажет шаралар қабылданбаған жағдайда кiнәлi адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жауапкершiлiкке тартады;
3) азаматтардың қоғамдық тәртiп пен қоғамдық қауiпсiздiк талаптарын сақтауын, құқыққа қайшы iс-әрекеттердi тоқтатуын талап етедi, бұл талаптарды орындамаған жағдайда заңнамада белгiленген мәжбүрлеу шараларын қолданады;
4) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын әзiрлеуге қатысады, оларды жетiлдiру жөніндегi ұсыныстарды белгiленген тәртiппен енгiзедi;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және жағдайларда көшелерде және жолдарда көлiк және жаяу жүргіншілер қозғалысын, сондай-ақ оларда жүргiзiлiп жатқан жұмыстардың барлық түрлерiн уақытша шектейдi немесе тыйым салады;
6) көлiк құралдарының пайдалануына тыйым салады, нұсқама орындалғанға дейiн ұйымдардың көлiк құралдарын пайдалануды жалғастыру жол қозғалысы қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн жағдайда олардың жолға шығуын тоқтатады;
7) жол қозғалысы қауіпсiздiгiнің белгiленген талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын құжаттары жоқ, сондай-ақ тораптар мен агрегаттардың нөмiрлерi немесе мемлекеттік тiркеу нөмiрi белгiлерi жасырылған, қолдан жасалған, өзгертілген автомотокөлiк құралдарын және олардың тiркемелерiн тiркеу мен тиiстi құжаттарды беруден бас тарту жолымен жол қозғалысына қатыстырмайды;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және жағдайларда, көлiк құралдарын тоқтатады және жүргiзушiлердiң оларды пайдалануға және жүргiзуге құқық беретiн құжаттарын, жүктiң құжатын және оны тасымалдауға құқық беретiн құжатты, көлiк құралдары иелерiнің азаматтық-құқықтық жауапкершілігiн мiндеттi сақтандырудың сақтандыру полисінің болуын тексередi;
9) мас күйіндегі, көлiк құралдарын жүргізуге және пайдалануға құқық беретiн құжаттары жоқ адамдарды, сондай-ақ заңнамада көзделген басқа да жағдайларда көлiк құралдарын жүргiзуден шеттетедi;
10) адамдарды ішімдiк, есiрткi және психотроптық заттарды қолданғандығы мәнiне белгiленген тәртiппен куәландыруды өткiзедi не оны жүргiзу үшiн оларды медициналық мекемелерге жiбередi немесе жеткізеді;
11) көлiк құралдарын мәжбүрлеп тоқтату үшiн арнайы құралдарды белгiленген тәртіппен пайдаланады;
12) құқық бұзушылықтарды, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы нормативтердің, ережелер мен стандарттардың бұзылуын анықтау және тiркеу үшiн техникалық және көлiк құралдарын белгiленген тәртiппен пайдаланады;
13) Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі белгiлейтiн тәртiппен, жол органдарымен келісім бойынша жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарында жол қозғалысын қадағалауды және бақылауды ұйымдастыру үшiн тұрақты бақылау бекеттерiн орнатады;
14) әкiмшiлiк iс жүргiзудi жүзеге асырады, хаттамалар жасайды, әкiмшiлiк жаза қолданады, тәртіп бұзушыларды жеткізеді, әкiмшiлiк ұстауды, жеке тексерудi, заттар мен құжаттарды тексерудi және алуды, сондай-ақ көлiк құралдарын тексерудi жүргiзедi;
15) көлiк құралдарын заңнамада көзделген негiздемелер бойынша ұстайды және белгiленген тәртiппен уақытша ұстау үшiн арнайы алаңдарға немесе тұрақтарға апарады, сондай-ақ көлiк құралдарының жүрiс бөлiгіне тосқауыл қояды;
16) өндiрiстегi iстер мен материалдар бойынша азаматтар мен лауазымды адамдарды жол полициясына шақырады, олардан қажеттi түсiнiктемелер, анықтамалар, құжаттар (олардың көшiрмелерiн) алады;
17) өзге мүмкiндiктер болмағанда меншiк нысанына қарамастан, (дипломатиялық иммунитетi бар шет мемлекеттер өкiлдiктерi мен халықаралық ұйымдардан басқа) оқиғалар, дүлей апаттар болған жерлерге бару және жедел медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды емдеу мекемелерiне жеткiзу үшiн, сондай-ақ кiдiртуге болмайтын өзге де жағдайларда, иелерiне залал келтiрiлген жағдайда оны өтей отырып, көлiк құралдарын пайдаланады;
18) кезек күттiрмейтiн жағдайларда, қызметтiк мақсатта оларды пайдалану бойынша шығыстарды өтеу арқылы олардың орналасқан орнына және тиесiлілiгiне қарамастан, байланыс құралдарын пайдаланады;
19) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мүдделi заңды тұлғалар мен қоғамдық бiрлестіктермен бiрлесе отырып, ғылыми зерттеулердiң басым тақырыптары мен бағыттарын анықтауға қатысады, белгiленген тәртiппен оларды iске асыруды, сондай-ақ ғылыми әзiрлемелердi жол полициясының практикалық қызметiне енгiзуге қатысады;
20) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен субъектiнің (өтiнiш берушiнің және (немесе) лицензиаттың) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы лицензияланатын қызмет түрлерiне қойылатын біліктiлiк талаптарына сәйкестiгiн анықтау жөніндегі iс-шараларды жүзеге асырады;
21) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде ережелердің, нормативтердiң және стандарттардың талаптарын сақтамаған жағдайда автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын, салуды темір жол өткелдерін, электр көлiгi желiлерiн жобалауды, қайта жаңартуды, жөндеудi және қалпына келтiрудi не пайдалануды тоқтату немесе уақытша тоқтата тұру туралы ұсыныстарды енгiзедi;
22) жүктелген мiндеттердiң шешiлуiн қамтамасыз ететiн арнайы есепке алуды, ақпараттық жүйелердi құру және пайдалану жөніндегі ұсыныстарды жоғары тұрған органдарға енгiзедi;
23) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында, оның iшiнде автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын, темір жол өткелдерiн, электр көлiгi желiлерiн салуға, қайта жаңартуға, жөндеуге және қалпына келтiруге, көлiк құралдарының конструкциясы мен техникалық жағдайына және оларды тексеру әдiсiне қатысты нормативтiк құқықтық кесiмдердiң, нормативтердің, ережелердiң және стандарттардың жобаларын келiседi;
24) белгiленген тәртiппен:
қалаларда және автомобиль жолдарында жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын, қозғалысты ұйымдастырудың техникалық құралдарымен жолдарды жабдықтауды;
жолдарды, жол құрылыстарын салу, қайта жаңарту жобаларын;
автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде қызмет көрсету және жарнама объектілерінің орналасуын;
бағытты көлiк құралдарының қозғалыс бағыттарын ашуды және аялдама пункттерінің орналасуын;
жолдарда бұқаралық, спорттық және өзге де iс-шараларды өткiзудi;
көлiк құралдарын қайта жабдықтауды, оларға арнайы жарық және дыбыс дабылдарын орнатуды, көлiк құралдары шанақтарының бүйiр бетiне ақ түстi көлбеу жолақтар салуды;
ауыр салмақты, қауiптi және iрi көлемдi жүктер тасымалдауды;
жалпы ұзындығы 20 м көлiк құралдарының (бip тiркеменi қоса алғанда) немесе екi және одан да көп тiркемелерi бар автопоездардың қозғалысын;
жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі мамандарды, жүргiзу жөніндегі нұсқаушыларды және жүргiзушiлердi даярлау бағдарламасын;
оқу-жаттығу жүргiзулерiне тыйым салынған жолдардың тiзбесiн;
автомобиль жолдарының арналармен, байланыс және электр беру желiлерiмен, мұнай құбырларымен, газ құбырларымен, су құбырларымен және темір жол және басқа да инженерлiк тораптармен және коммуникациялармен қиылысуын;
автомобиль жолдарымен бiр деңгейде қиылысқан кезде темір жол деңгейiн жоғарылатуды және төмендетудi немесе қосымша жол төсеудi;
темір жол өткелдерiн салуды, қайта жаңартуды, жөндеудi және жоюды;
автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде және бақылауға алынған аймақта сырттан жарық түсiру тiреулерiн орналастыруды;
жолда көлiк құралдарының немесе жаяу жүргiншiлердің қозғалысына бөгет жасайтын кез келген жұмыстардың жүргiзiлуiн келiседi;
25) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде және құқық бұзушыларға қарсы күресте үздiк шыққан азаматтарды көтермелеу туралы ұсыныстар дайындайды;
26) мемлекеттік тiркеу нөмiрi белгiлерiнің, автомотокөлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн тiркеу туралы куәлiктердiң, жүргiзушi куәлiктерінің және автомотокөлiк құралдары мен олардың тiркемелерiне және жүргiзушiлерге жол қозғалысына қатысуға рұқсат беру үшiн қажеттi басқа да арнайы өнiмдердің үлгiлерiн әзiрлейдi;
27) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ өзге де ұйымдарға жол қозғалысының қауiпсiздiгi деңгейiн арттыру, жеке, заңды тұлғаларды және мемлекеттi жол-көлік оқиғалары салдарынан қорғау, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды ғылыми, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелерi жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.