Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсiбiн дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 ж. 29 қаңтардағы № 101 қаулысы
(2007.29.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 18 қазандағы № 1072 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2008.29.12. № 1352 Қаулысымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
ҚР Үкіметінің 2008.29.12. № 1352 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсiбiн дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі жарты жылда бiр рет Бағдарламаның iске асырылу барысы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне жиынтық ақпарат ұсынсын.
ҚР Үкіметінің 2008.29.12. № 1352 Қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі С.М. Мыңбаевқа жүктелсiн.
4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
ҚР Үкіметінің 2008.29.12. № 1352 Қаулысымен бағдарлама жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2004 жылғы 29 қаңтардағы
№ 101 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасы
Астана, 2007 жыл
Мазмұны
1. Бағдарламаның паспорты
2. Кіріспе
3. Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібінің қазіргі жай-күйін талдау
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен оны іске асыру тетігі
5.1. Бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешені
5.2. Атырау МӨЗ-нің базасында хош иісті көмірсутектер шығару бойынша кешені
5.3. Бензол және параксилол өндіретін мұнай-химия кешені
5.4. Ақтау пластикалық массалар зауытында жол битумдарын өндіру
5.5. Ақтау пластикалық массалар зауытын әртараптандыру
5.6. Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы бойынша мұнай-химия өнімдерін өндіру
5.7. Көмірсутек шикізатын тереңдей өңдейтін мұнай-химия өндірістерін дамытудың перспективалық бағыттары
6. Қажет ресурстар және оларды қаржыландыру көздері
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
8. Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы | Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 қаңтардағы № 101 қаулысына өзгерістер енгізу туралы |
Әзірлеу үшін негіздеме | «Мемлекет басшысының 2005-2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі № 319 қаулысы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламалары (286-тармақ) |
Әзірлеуші | Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі |
Мақсаты | Қазақстан Республикасында отандық көмірсутек шикізатын (мұнай/газ) тереңдей өңдейтін мұнай-химия өндірістерін құру және базалық әрі жоғары қосылған құнмен мұнай-химия өнімдерін шығару |
Міндеттері | Бағдарламаның мақсатына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері негізінде мынадай стратегиялық міндеттер іске асырылған кезде қол жеткізілетін болады: Құрылатын «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының (бұдан әрі - АЭА) шеңберінде базалық және жоғары қосылған құнмен мұнай-химия өнімдерін шығаратын мұнай-химия өндірістерін құрудың серпінді инвестициялық жобаларын әзірлеу және іске асыру. АЭА және «Интеграцияланған мұнай-химия кешенін инфрақұрылымдық қамтамасыз ету объектілері» концессиялық жобасының шеңберінде базалық мұнай-химия өнімдерін шығаратын бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешені құрылысының инвестициялық жобасын іске асыру. Кен орындарының көмірсутек шикізаттары мен базалық және жоғары қосылған құнмен мұнай-химия өнімдерін шығару жөніндегі жаңғыртылған мұнай және газ өңдеу кәсіпорындарынан қосымша шикізат қорларын терең өңдеу. Халықаралық стандарттарға (ИСО) сәйкес АЭА-да және Қазақстан Республикасының облыстарында құбырлар, құрылыс, буып-түйетін, қаптамалық материалдар мен басқа да өнімдер шығару үшін базалық мұнай-химия өнімдерінен жоғары қосылған құнмен инновациялық өнімдер шығаратын шағын және орташа бизнес кәсіпорындарын құру және дамыту. |
Іске асыру мерзімі | 2008-2013 жылдар: 1-кезең - 2008-2010 жылдар 2-кезең - 2011-2013 жылдар |
Қажетті ресурстар мен қаржыландыру көздері | Қаржыландыру көлемі тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нақтыланатын болады. 2009 жыл - 337 000 мың теңге 2010-2011 жылдар - 8 750 000,0 мың теңге. «Бюджеттік қаржыландыру» Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» АЭА-ның инфрақұрылымын құруға сұратылады (2009 жылы жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау және 2010-2011 жылдары инфрақұрылым объектілерін салу). Мұнай-химия өндірістері құрылысының инвестициялық жобаларын әзірлеу мен іске асыру тікелей шетелдік және отандық инвестициялардың қаржылары; мемлекет кепілдігімен тартылатын мемлекеттік емес заемдар, сондай-ақ кәсіпорынның өз қаражаты, оның ішінде концессиялық жобаның шеңберінде бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешенінің инфрақұрылымдық объектілерін салу есебінен жүзеге асырылатын болады. |
Күтілетін нәтижелер | Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қолдана отырып: қазақстандық көмірсутек шикізатын тереңдей өңдеу және базалық және жоғары қосылған құнмен мұнай-химия өнімдерін шығару бойынша әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірістерін пайдалануға қосу; мұнай-химия өндірістерінің қызметін қамтамасыз ету үшін осы заманғы инфрақұрылымдарды іске асыру; отандық нарықты (2013 жылдан кейін) және қазақстандық бәсекеге қабілетті мұнай-химия өнімдерінің, оның ішінде өнеркәсіптік және тұтыну мақсатындағы полиэтиленнің, полипропиленнің, полистиролдың әртүрлі түрлерінің және олардан жасалған бұйымдардың, сондай-ақ қосылған құны жоғары басқа да мұнай-химия өнімдерінің (полиэтилентерефталат, поливинилхлорид, синтетикалық каучуктер, қара майлар, және метанолдың туындылары) экспорттық жеткізілімдерін молықтыру. |
2. Кіріспе
Осы Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) «Мемлекет басшысының 2005-2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі № 319 (286-тармақ) қаулысына сәйкес әзірленді.
Бағдарламаға өзгерістер енгізу Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері негізінде мұнай-химия өндірістерін салу мен дамытудың экономикалық және технологиялық тиімді және негізделген инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру кезеңіне өтуге байланысты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Қазақстан халқына жолдауында Қазақстан дамуының 30 маңызды бағыттарының ішінде «Біздегі энергетика мен мұнай-химияны дамытудың басты мәселесі - энергия өнімдерінің қосымша құнын өсіру арқылы осы секторлардың пайдалылығын арттыру. Әсіресе басым секторлар - мұнай-химия, газ қорлары, экспорттық энергия маршруттарын басқару тиімді болуы тиіс. Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мұнай-газ өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту және қайта жабдықтау бағдарламаларын жасауы және іске асыруы, жаңа мұнай-химия өндірістерін құруы керек» деп белгіледі.
Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы АҚ-пен және мұнай-химия кәсіпорындарымен бірлесіп Қазақстан Республикасында құрылысы инвестициялық жобалар шеңберінде жүзеге асырылатын мұнай-химия өндірістерін дамытудың экономикалық және технологиялық тұрғыда негізделген бағыттарын анықтады.
Инвестициялық жобалардың ауқымын, олардың әлемдік деңгейге сәйкестігін, сондай-ақ жобаларға салынатын теңдессіз бір жолғы инвестицияның көлемін назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі АЭА-ны құру бойынша және концессиялар бойынша заңнамалық актілер негізінде қолайлы экономикалық, әкімшілік, инфрақұрылымдық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік жағдай жасауға мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері негізінде шешім қабылдады.
АЭА-ға жағдай жасау күрделі қаржыны қажет ететін мұнай-химия өндірістерінің құрылысына және бәсекеге қабілетті өнім шығаратын өндірістер құруға инвестиция тарту үшін елеулі экономикалық тиімділікті қамтамасыз етеді. АЭА мәртебесі бар аумақтардағы шаруашылық жүргізуші субъектілерге мемлекеттің талаптар көлемін қысқартуы алынатын өнімнің өзіндік құнын азайтуға мүмкіндік береді, бұл қазақстандық өнімдерді әлемдік нарыққа жеткізу кезіндегі көлік шығынының құрамдасуы маңызды көрсеткіш екенін ескерсек бұл оның сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Бірінші кезеңде АЭА Атырау облысында құрылатын болады. Екінші кезеңде Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында. Мұнай-химия өндірістері аталған өңірлердің игерілген кен орындарының көмірсутек қорларын тереңдей өңдеу негізінде алғашқы өңделген қорлармен бірге үйлестікте, сондай-ақ жаңғыртылған мұнай- және газ өңдеу зауыттарының (бұдан әрі - МӨЗ, ГӨЗ) өнімдерімен жұмыс істейтін болады.
АЭА шеңберінде негізгі өндірістік мұнай-химия қондырғыларын жасауды инвесторлар жүзеге асыратын болады, оларды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен және/немесе концессиялық жобалар шеңберінде құрылған АЭА инфрақұрылымының мүмкіндіктері есебінен жүзеге асырылатын болады.
Бұл Бағдарламада мұнай-химия өндірістерін құрудың инвестициялық жобаларын іске асыру кезіндегі мемлекеттік-жеке меншік әріптестігінің негізгі бағыттары мен іс-шаралары айқындалатын болады. Жаңа мұнай-химия өндірістерін, жоғары қосылған құнмен мұнай-химия өнімдерін шығаратын шағын және орташа бизнес кәсіпорындарын құру бойынша іс-шаралардың негізділігі мен шынайылығын қамтамасыз ететін инвестициялар, арнайы экономикалық аймақтар, концессиялар жөніндегі заңнамалық нормаларға және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне негізделген тетіктері пайдаланылатын болады.
3. Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібінің
қазіргі жай-күйін талдау
Әлем елдерінде, әсіресе азия елдерінде, мұнай-химия өндірістерінің құрылыс көлемдерінің белсенді өсуі және пайдалануға берілуі байқалады. Бұл мұнай-химия өнімдерінің жоғары сұранымымен және оны қолдану мүмкіндіктерінің кеңеюімен ғана емес, көмірсутекті шикізаттарды тереңде өңдеудің экономикалық тартымдылығымен де түсіндіріледі. Мұнай-химия өндірістерін салуды тіпті көмірсутекті шикізаттардың жеткілікті қорлары жоқ және технологиялардың лицензиярлары болып табылмайтын азия елдері де жүзеге асырады.
Қытай, Иран, Малайзия, Сингапур және басқа да азия елдері мұнай-химия өнімдерін шығаратын бірнеше кәсіпорындардың құрылысын жүргізуде - Азия маңызды өткізу нарығы ғана емес, сонымен бірге мұнай-химия саласында күшті өндірістік база болып қалыптасуда. Мысалы, Сингапурдың құрылыс жобаларына немістің «Shell Chemicals» компаниясы, жапонның «Sumitomo», «Mitsui Chemicals» фирмалары, ал Қытайда және Азияның әртүрлі мемлекеттерінде құрылыс жобаларын немістің BASF фирмасы, HaJdor Topsoe, Lurgi, Тоуо Engineering, Mitsubishi, Gas chemicals, NKK Corporation және тағы басқа жетекші компаниялар - технологиялардың лицензиярлары жүзеге асырады.
Экономикасы мен өнеркәсіп әлеуетін белсенді дамытушы Қазақстан Республикасының әлемдік деңгейдегі мұнай-химия кешендерін ойдағыдай сала алатын және қамтамасыз етуге тиісті бірнеше айқын артықшылықтары бар, олардың негізгі дәлелдері мыналар болып табылады:
1) жеткілікті шикізат қоры (мұнай және газ) бар. Қазақстан Республикасының әртүрлі өңірлеріндегі кенорындары (Теңіз, Каспий) табиғи және ілеспе газдары пайдаланылатын болады, құрамында 13-тен 16%-ға дейін этан бар фракция және газдың жалпы көлемінен жоғары болады, бұл негізгі мұнай-химия өнімі базалық этилен өндіру үшін, экономикалық және технологиялық артықшылық болып табылады;
2) этилен мұнай-химия өнімдерін кең спектрде өндіру үшін пайдаланылуы мүмкін, бірақ Қазақстан Республикасы үшін ең экономикалық тиімділік полиэтилен мен полипропиленнің әртүрлі маркаларын, стиролды және полистиролды, этиленгликол және этилбензолды және басқа да 20-дан астам атаулы өнімдер шығару болады;
3) Атырау мұнай өңдеу зауытына технологиялық жаңғырту мен толық жарақтандыру жүргізілді және осындай жұмыс басқа да мұнай және газ өңдеу зауыттарында жалғастырылатын болады, бұл өндірілетін көлемдердің және мұнай-газ шикізаттарының алғашқы өңделген өнімдерінің кеңейтілген номенклатурасы негізінде мұнай-химия өндірісі үшін қосымша шикізат ресурсын пайдалануға мүмкіндік береді;
4) халықаралық сарапшылар мен мамандар Қазақстан Республикасында мұнай-химия өндірістерін құрудың экономикалық тиімділігін растады - Exxon Mobil, Shell, Вasell - жетекші халықаралық компанияларының және Nexant консалтингтік компаниясының зерттеу нәтижелері алынды;
5) Қазақстан Республикасы жағымды инвестициялық беделге ие. «Moody's Unvestors Service» және «Standart & Poors» халықаралық рейтингтік агенттіктерінің бағалауы бойынша Қазақстанға инвестициялық класс және перспективалығы мен тиімділікті анықтайтын бірнеше басқа экономикалық, саяси және әлеуметтік аспектілер рейтингі берілді.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері негізінде инвестициялық жобалардың ойдағыдай жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін жобаларды инфрақұрылымдық қамтамасыз етуді мемлекет АЭА-ның және концессиялық жобалардың мүмкіндіктері мен шарттарын пайдалану арқылы жүзеге асырады.
Бұл шаралар корпоративтік табыс және жер салығы, мүлік және қосылған құнға салынатын салықтар бойынша салықтық жеңілдіктер беру арқылы қолайлы экономикалық, әкімшілік, инфрақұрылымдық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, шеттен әкелінген технологиялар, жабдықтар, аспаптар мен материалдар бойынша кедендік баж салығын төлеуден босату көзделеді. Нәтижесінде - АЭА мәртебесі өндіруге жоспарланған қазақстандық мұнай-химия өнімінің өзіндік құнын азайтуға мүмкіндік береді, оның халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігі артады. Бұл ретте ескеретін маңызды жағдай, қазақстан өнімін әлемдік нарыққа жеткізу кезінде көлік шығынының құрамдасуы маңызды көрсеткіш болғандықтан, дайын өнімнің соңғы бағасына және оның бәсекеге қабілеттілігіне елеулі ықпал етеді.
Қазіргі уақытта республикада мұнай-химия өндірістерін құру мен базалық және жоғары қосылған құнмен мұнай-химия өнімдерін шығаруды қамтамасыз ету үшін министрлік «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-пен, «Kazakhstan Petrochemical Industries» АҚ-пен бірлесіп құрылысы инвестициялық және концессиялық жобалар шеңберінде жүзеге асырылатын жаңа мұнай-химия өндірістерінің және оңтайлы саны мен өндірістік бағытын анықтады.
Әлемдік деңгейдегі мұнай-химия кешендерінің технологиялары мен параметрлері қаралды, егжей-тегжейлі талқыланды және негізделген шешім қабылданды, олардың технологиялық және шикізаттық өзара байланыстылығы анықталды, лицензиялық технологиялардың және оларды жабдықпен қамтамасыз етудің түрлерінің экономикалық және технологиялық жағынан артықшылық жағы таңдалып алынды, келешекте басқа мұнай-химия өндірістерін құрудың басым бағыттары белгіленді.
Мұнай-химия өндірістерін құрудың оңтайлы бағыттарын технологиялық өңдеу кезінде технологиялық жаңғыртылған Атырау мұнай өңдеу зауытының мүмкіндіктері мен ресурстары анықталды және ескерілді.
Мұнай-химия өндірістерінің негізгі өндірістік объектілері және оның инфрақұрылымдық қамтамасыз ету объектілері Атырау облысында жалпы аумағы 1787,7 гектар аумағында орналасатын болады.
Сонымен, көмірсутек шикізатын терең өңдейтін жаңа мұнай-химия өндірістерін жаңғыртылған мұнай және газ өңдеу зауыттарының алғашқы өңделген қорларымен үйлестіріп салу Қазақстан Республикасы экономикасының өсуін қамтамасыз етеді, ЖІӨ-де өңдеу өнеркәсібінің үлесі артады, әлемдік деңгейдегі қаланың негізін салушы кәсіпорындар құрылатын болады, шағын және орташа бизнес кәсіпорындарын құруға шикізат қорлары пайда болады, жаңа жұмыс орындары құрылатын болады, бұл тұтас алғанда Қазақстан Республикасының экономикалық әлеуетін өсіруді қамтамасыз етеді.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Бағдарламаның басты мақсаты - отандық көмірсутек шикізатын (мұнай/газ) тереңдей өңдеу және базалық әрі жоғары қосылған құнмен мұнай-химия өнімдерін шығару бойынша Қазақстан Республикасында әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірістерін құру.
Бағдарламаның міндеттері:
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері негізінде Бағдарламаның мақсатына мынадай стратегиялық міндеттерді жүзеге асырғанда жетеді;
Құрылатын «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» АЭА-ның шеңберінде базалық және қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін шығаратын мұнай-химия өндірістерін құрудың серпінді инвестициялық жобаларын әзірлеу және іске асыру;
АЭА және «Интеграцияланған мұнай-химия кешенін инфрақұрылымдық қамтамасыз ету объектілері» концессиялық жобасының шеңберінде базалық мұнай-химия өнімдерін шығаратын бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешені құрылысының инвестициялық жобасын іске асыру;
Кен орындарының көмірсутек шикізаттарын және базалық әрі жоғары қосылған құн салығы бар мұнай-химия өнімін шығару жөніндегі жаңғыртылған мұнай және газ өңдеу кәсіпорындарының қосымша шикізат қорларын тереңдетіп өңдеу;
АЭА-да және Қазақстан Республикасының облыстарында халықаралық стандарттарға (ИСО) сәйкес құбырлар, құрылыс, буып-түйетін, қаптамалық материалдар мен басқа да өнімдер шығару үшін базалық мұнай-химия өнімдерінен жоғары қосылған құнмен инновациялық өнімдер шығаратын шағын және орташа бизнес кәсіпорындарын құру және дамыту.
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен оны іске асыру тетіктері
Мұнай-химия өндірістерін құру екі бағытта көзделеді.
Бірінші бағыт - тереңдей өңделген өнімдердің МӨЗ бен ГӨЗ-дің алғашқы өңделген өнімдерімен өзара әрекет ету технологиясын пайдалана отырып, базалық және жоғары қосылған құнмен мұнай-химия өнімдерін шығаратын көмірсутек шикізатын тереңдей өңдеу жөніндегі мұнай-химия өндірістерін құру.
Екінші бағыт - қызметі базалық мұнай-химия өнімін қосымша өңдеуге және жоғары қосылған құнмен өнеркәсіптік және тұтыну мақсатында инновациялық өнімдер шығаруға бағытталған шағын және орташа бизнес кәсіпорындарын салу.
Бірінші бағыт бойынша, мұнай-химия өндірістері құрылысының инвестициялық жобаларын табысты іске асыру үшін «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» АЭА-ны құру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда.
АЭА мәртебесі өндіруге жоспарланған қазақстандық мұнай-химия өнімінің өзіндік құнын азайтуға мүмкіндік береді, халықаралық нарықта оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл ретте сонымен қатар қазақстандық өнімдерді әлемдік нарыққа жеткізу кезінде көліктік құрамдасушы елеулі көрсеткіш екенін ескеру маңызды.
Мұнай-химия бейініндегі қазақстандық АЭА-ны құру негізінде АЭА-ға шикізаттық, өндірістік және инфрақұрылымдық ресурстарға жақын орналасқан әртүрлі географиялық аумақтарды қосу - зонттық қағидат пайдаланылған.
АЭА құру, техникалық-экономикалық негіздеме, қоршаған ортаға ықпал етуін бағалау тұжырымдамасы әзірленді (ҚОЫБ), «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» АЭА туралы ереженің жобасы, Үкімет қаулылары, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы дайындалған.
«Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» АЭА материалдарына мемлекеттік және салалық қорытындылар, Индустрия және сауда министрлігінің АЭА-ның мәселелері бойынша сарапшылар кеңесі отырысының хаттамасы алынған, 2007 жылғы 5 қарашада Атырау қаласында қоғамдық тыңдаулар жүргізілді.
АЭА аумағы 1787,4 гектарды құрайды және Атырау облысында орналасқан.
АЭА-ның негізгі өндірістік объектілерінің құрылысы инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бюджеттік қаржыландыру шеңберінде және концессиялық заңнаманың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жүзеге асырылады, оның ішінде бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешені мен басқа да инвестициялық жобаларды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бойынша жүзеге асырылатын болады.
2009-2011 жылдары АЭА-ның инфрақұрылымы үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады және объектілердің құрылысы, оның ішінде энергия және сумен қамтамасыз ету, көлік және телекоммуникациялық, салық және кеден құрылымдары басталатын болады.
Екінші бағыт бойынша, базалық мұнай-химия өнімін қосымша өңдеудің технологиялық тізбегінің негізінде қалыптағыдан жоғары технологиялық деңгейге дейінгі жоғары қосылған құнмен өнім шығаратын өнеркәсіптік, азық-түліктік, тұрмыстық және медициналық мақсатқа арналған өнімдер шығаратын пластмассалық, буып-түю, құрылыс, қаптайтын материалдар мен бұйымдар шығаратын шағын және орташа бизнес кәсіпорындары құрылады.
Төменде осы бағыттардың серпінді инвестициялық жобалары жөнінде ақпарат келтірілген.
5.1. Бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешені
Көмірсутек шикізатын алғашқы өңдеуде маномерлер - полиолефин (полимер) шығару үшін қолданылатын төмен молекулярлық қосылыстар алынады. Этилен, пропилен, бутендер, стирол, винилхлорид және басқа да мономерлер - олефиндер және полимерлер мен әртүрлі мұнай-химия өнімдерін алу үшін негізгі шикізат болып табылады.
Маномерлердің ішінде этилен - базалық мұнай-химия өнімдері ішінен осындай өндіріс көлемі бойынша бірінші орын алатын, мұнай-химия өнімдерін шығаратын ең ірі тонналы шикізат болып табылады. Оның негізінде этилен оксиді, этиленгликоголь, синтетикалық этил спирті, сондай-ақ полимерлік материалдар полиэтилен, поливинилхлорид, полистирол сияқты - органикалық синтез өнімдерінің көпшілігі шығарылады.
Бұл өнім басқа жоғары қосылған құнды өнім шығару үшін базалық болып табылады, бұл өз кезегінде өнеркәсіптік және пластикалық құбыр, буып-түйетін, құрылыс, композициялық материалдар мен тағы басқа халық тұтынатын тауарлардың кең спектрін шығаруға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыруға дайындау үшін мынадай жұмыс жасалды: халықаралық компаниялар өткізген тендерлердің нәтижесінде - «Shell Global Solutions Int.» (Нидерланды) алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме (бұдан әрі - ТЭН) және «Foster Wheeler UK» кешенінің егжей-тегжейлі ТЭН-і әзірленді; «Basell International Holdings B.V.» компаниясы жобаның стратегиялық серіктесі болып бекітілді; күрделі және ағымдағы шығындардың есебі жүргізілді; қаржылық - HSBC Bank және құқықтық - «White & Case» кеңесшілер таңдап алынды; «КазЭкоПроект» АҚ компаниясы әзірлеген Қоршаған Ортаға Әсер ету Бағасының жобасы әзірленді (ҚОӘБ); Атырау қаласында ҚОӘБ Қоғамдық тыңдаулар өткізілді; мемлекеттік және салалық сараптамалардың оң қорытындылары алынды.
Кешен 2 газ өңдеу зауыттарынан, 3 олефин шығаратын қондырғыдан және 2 полимерлеу қондырғысынан тұратын болады. Кешеннің өндірістік қуаты жылына 1,2 млн. тоннадан астам: жылына 800 мың тонна полиэтилен және 400 мың тонна полипропиленнің әр түрлі маркаларын құрайды.