Жобаның операторы - арнайы құрылған «Kazakhstan Petrochemical Industries» АҚ (бұдан әрі - КРІ) компаниясы.
Жобаны іске асыру орны - Атырау облысының Қарабатан станциясы.
Өндіруге жоспарланған өнім: жылына 800 мың тонна әртүрлі маркадағы полиэтилен және жылына 400 мың тонна әртүрлі маркадағы полипропилен. Іске асыру мерзімі - 2008-2012 жылдар. Жобаның құны - 624 000 000 000 теңгеден астам. Жобаның жалпы құнынан 70% қарыз кредит қаражаты (банктер) және әріптестіктердің қаражаты 30% көлемінде жобалық қаржыландыру көзделіп отыр.
Ұзақ мерзімді негізде кешенге газ шикізатын жеткізуді «Теңізшевройл» ЖШС (бұдан әрі - ТШО) жүзеге асыратын болады. Жеткізудің негізгі ережелері мен талаптары ТШО және КРІ арасында келісілген.
Қазіргі уақытта мұнай-химия кешенінің құрылысы екі бөлікке бөлінген - кешеннің сыртқы инфрақұрылымы концессиялық жобалар негізінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асырылады, ал негізгі технологиялық қондырғылардың құрылысын жобаның операторы жүзеге асыратын болады.
Концессиялық жобаға 12 инфрақұрылымдық жобаны салу, оның ішінде күрделі шығындарының жалпы көлемі 156 000 000 000 теңге мөлшерінде газ турбиналық электр станциясы, газ сепараторлық қондырғылар, шикізат және отын құбырлары, энергия беру желілері, авто және теміржол тармақтары, жұмысшы кенттері және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету объектілері енгізілген. Концессионер таңдау рәсімдері 2007 жылдың аяғына дейін аяқталатын болады.
5.2. Атырау МӨЗ-нің базасында хош иісті көмірсутектер шығару
бойынша кешені
Мұнай-химияда мейлінше маңызды қосылыстар хош иісті болып табылады. Бензол және оның изомерлері негізінде әртүрлі мұнай-химия өнімдері өндіріледі, бензолды пайдаланып этилбензол, стирол сияқты бағалы өнімдерді, ал стиролдан - полимерлер және пластмассаның сан алуан түрін алуға болады; ксилолды және оның изомерлерін қолдануда синтетикалық талшық, каучук, пластмасса және бояғыштар шығару негізделген.
Бензолды әлемдік өнеркәсіптік өндіру мынадай технологиялық процестермен жүзеге асырылады: тікелей айдалатын бензиннің каталитикалық риформингі - 36%; мұнай және газ шикізатының пиролизі - 34%; толуолдың гидродеалкилденуі - 16; толуолдың диспрапорциялануы - 8%; таскөмірдің кокстелуі - 6%.
Бензол өндірудің келтірілген көрсеткіштері каталитикалық риформинг және пиролиз - бензолды алудың негізгі тәсілі екенін көрсетеді. Бензолдың 70% мұнай өнімдерінен және мұнай өңдеу өндірістерінде өндіріледі.
Параксилолдың негізгі қолданылуы синтетикалық талшықтар мен пластикалық бөтелкелер шығаруда қолданылатын терефтал қышқылын (ТФҚ) және полиэтилентерефталат (ПЭТФ) алу.
Жобаны жүзеге асыру орны - Атырау қаласы, Атырау МӨЗ-дің аумағы. Өндірілетін өнім - бензол жылына 133 мың тонна, параксилол жылына 496 мың тонна. Инвестицияның болжалды көлемі 102 000 000 000 теңгені құрайды. Жүзеге асыру мерзімі - 2008-2012 жылдар. Жоба әзірлену сатысында. Инвестициялық комиссия отырысының хаттамалық шешімімен жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың инвестициялық бағдарламалар жобаларының тізбесіне енгізілді. 2007 жылғы 15 тамызда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жобаның ТЭН әзірлеу бойынша қызмет көрсетуге шарт жасады.
5.3. Бензол және параксилол базасында мұнай-химия кешені
Жобаның операторы - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ.
Жобаны жүзеге асыру орны - Атырау облысының Қарабатан станциясы - бірінші интеграциялық кешеннің өндірістік алаңының жанындағы аумақ.
Хош иісті көмірсутектердің негізінде терафтел қышқылын (ТФҚ), полиэтилентерефталат (ПЭТФ), этилбензол және поливинилхлорид шығару жоспарлануда.
Өнімдер - этиленгликоль - жылына 70 мың тонна, терафтел қышқылы - жылына 170 мың тонна, ПЭТФ - жылына 200 мың тонна, этилбензол - жылына 127 мың тонна, поливинилхлорид - жылына 200 мың тонна.
Инвестицияның болжалды көлемі 144 000 000 000 мың теңгеге жуық. Жобаның жалпы құнынан 80% қарыз кредит қаражаттарын (банкілер) және 20% көлемінде орындаушының қаражатын тартуды көздейді. Іске асыру мерзімі - 2008-2012 жылдар.
Қазіргі уақытта «Мицуи и Ко» компаниясы JETRO (Жапонияның сыртқы сауданы дамыту ұйымы) жапон ұйымының гранты қаражатына ТЭН әзірлеуде. «Мицуи и Ко» компаниясы жобасының алғашқы ТЭН-нің нәтижесін 2008 жылдың қаңтар айында алу жоспарлануда. Осы жоба бойынша жұмыстардың түпкілікті жоспар-кестесі жобаның ТЭН бітіргеннен кейін анықталады.
5.4. Ақтау пластикалық массалар зауытында жол битумдарын
өндіру
Жобаның операторы - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ.
Жобаны жүзеге асыру орны - Ақтау қаласы, Ақтау пластикалық масса зауыты. Іске асыру мерзімі: 2007-2010 жылдар. Шикізат - жылына 1-2 млн. тонна көлемінде Қаражанбас кенорнының мұнайы. Өнім - Қазақстан Республикасының жағдайына сәйкес келетін үш маркалы жол битумы - жылына 400-500 мың тонна.
Инвестицияның болжалды көлемі 18 000 000 000 теңгеге жуық. Жобаның жалпы құнынан 80 % қарыз кредит қаражаттарын (банкілер) және 20 % көлемінде орындаушының қаражатын тартуды көздейді.
2005 жылы Башқұрстан Республикасының мұнай-химия өңдеу институты Қаражанбас, Қаламқас кенорындарының шикі мұнайы мен олардың қоспасының негізінде жобаның техникалық-экономикалық есебін (ТЭЕ) орындады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың инвестициялық комиссиясының 2007 жылғы 26 ақпандағы № 58 хаттамалық шешімімен бұл жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың Инвестициялық бағдарламасының инвестициялық ниет жобаларының тізбесіне енгізілді. «Маңызды стратегиялық мәні бар мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 19 маусымдағы № 510 қаулысына сәйкес жобаның ТЭН-ін әзірлеу үшін мердігер тарту мақсатында қызметті бір көзден сатып алу бойынша жұмыс жүзеге асырылды. «Shell Global Solutions» компаниясымен шартқа 2007 жылғы 14 тамызда қол қойылды. Жобаның ТЭН-нің нәтижелерін 2007 жылдың аяғында алу жоспарлануда.
5.5. Ақтау пластикалық массалар зауытын әртараптандыру
Жобаның операторы - «Kazakhstan Petrochemical Industries» АҚ. Қазақстан Республикасында өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін Ақтау пластикалық масса зауытында (қазір - ТОО «Sat Operating Aktau») стирол мен полистирол толық технологиялық схема бойынша өндіріліп келді. Ағымдағы уақытта полистирол шығаратын желілер ғана жұмыс жағдайында екені өткізілген техникалық аудит нәтижесінде белгіленді (полистирол шығаратын технологиялық желілерді сынама іске қосуы Татарстан Республикасы, Нижнекамскіден, әкелінген шикізат - стиролмен 2005 жылдың қыркүйегінде жүзеге асырылды. Полистиролдың қолданылу саласы: автомобильдердің элементтері, тұрмыстық техника, құрылыс индустриясы, жиһаз және т.б. Стирол өндірудің толық технологиялық схемасын жасау қажет.
Өнімдер - полистирол - 155 мың тонна/жылына, және «Бензол және параксилол негізіндегі мұнай-химия кешені» жобасының шеңберінде жылына 178,0 мың тонна көлемінде негізгі шикізат этилбензол алу жоспарланып отыр. Іске асыру мерзімі - 2008-2012 жылдар.
Жоба алдын-ала пысықтау сатысында, 2008 жылы зауытқа егжей-тегжейлі техникалық инспекция жүргізу және жұмыс істеп тұрған қондырғыларды жаңғырту жөнінде ұсыныс әзірлеу жоспарлануда.
5.6. Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы бойынша
мұнай-химия өнімдерін өндіру
Шымкент мұнай өңдеу зауытында - «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС (бұдан әрі - «ПКОП» ЖШС, CNPCI (ҚХР) үлесі - 50% және «ҚазМұнайГаз» Сауда Үйі» АҚ - 50%) ашық түсті мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыруға және базалық және қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін өндіруді бастауға мүмкіндік беретін кәсіпорынның технологиялық циклдарын жаңғырту және оңтайландыру шаралары басталды.
Шығыс Қытай мұнай және газ жобалау-зерттеу институты және Пекин мұнай өңдеу ғылыми-зерттеу институты жаңғырту жобасының нұсқаларын орындады. Зауытты жаңғыртудың ҚОӘЕалды жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді, Оңтүстік Қазақстан облыстық қоршаған ортаны қорғау аумақтық басқармасының және Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің оң қорытындылары алынды.
«ПКОП» ЖШС-ін жаңғырту жобасында полипропилен және бензол өндірісін құру көзделеді.
Жаңғырту жобасында полипропилен өндіру бойынша зауытта бар технологиялық әлеуетті барынша қолдана отырып, әлемдік деңгейдегі үш қондырғы салу көзделген. Мазуттың каталитикалық крекингі қондырғысын (RFCC), сіңірілу - газофракциялық қондырғысын (СГФҚ) және полипропилен алу қондырғысын салуды жүзеге асыру қажет.
Мазуттың каталитикалық крекингі қондырғылары каталитикалық крекингінің технологиясындағы соңғы әлемдік жетістіктерге негізделген, ауыр атмосфера қалдығы - мазутты өңдеуге арналған. Қондырғының жоспарланған қуаты жылына 1 800 мың тонна. «ПКОП» ЖШС-і қазіргі уақытта мынадай компаниялар лицензия иелері ЮОПи, Аксенс, Грейс, Шелл, Пекин мұнай өңдеу және мұнай-химия институты - талдау жасайды және технологиялар мен катализаторларды салыстырады.
СГФҚ құрылысы каталитикалық крекинг қондырғысына ұқсайды. Қондырғының шикізат жөніндегі қуаты жылына 320 мың тонна. Жаңғырту Жобасына сәйкес шикізат ағыны RFCC-тан оларды одан әрі өңдеу үшін СУГ-ті жіңішке фракцияларға бөлуге арналған СГФҚ-ға бағытталады. СГФҚ-тің құрылысы жаңа технологияларды пайдалана отырып зауытта бар жабдықты барынша пайдалану көзделген.
Зауытта шығарылатын шикізаттан полипропиленді алу қондырғысы. Қондырғының қуаты полипропилен бойынша жылына 66,8 мың тонна. Қазіргі уақытта полипропилен өндірісінің осы заманғы лицензияланған технологияларға Spheriol, Unipol, Аmосо және Novelen және Borstar таңдау жүргізілуде.
«ПКОП» ЖШС-тің жаңғырту жобасында газофракцияланған қондырғы (ГФҚ) салу көзделген. Қондырғы бензолдың риформаттағы құрамын азайтуға және ЕВРО-3 стандартына сәйкес бензин алуға арналған. Керосин мен дизель отынын гидротазалау қондырғыларының тұрақсыз бензин шығаруы ГФҚ-ға шикізат ретінде қосымша жіберіледі. ГФҚ-тан кейін шикізат изомеризациялауға және риформингке, ал одан кейін бензолды экстракциялауға жіберіледі. Бензолды экстракциялау қондырғысының қуаты жылына - 493,7 мың тонна. Қазіргі уақытта жаңғырту Жобасына енгізу үшін бензолды экстракциялау технологиясының осы заманғы лицензия иелерін таңдау жүргізілуде.
5.7. Көмірсутек шикізатын тереңдей өңдейтін мұнай-химия
өндірістерін дамытудың перспективалық бағыттары
Қазіргі уақытта автомобиль жасау белсенді дамуда, әлемде үш жүзден астам әртүрлі нұсқалы автомобиль шығаратын компаниялар бар. Автомобильдің қорабы мен ішкі салонын қаптайтын негізгі шикізат композициялық мұнай-химия өнімі болып табылады. Бүгінде осы заманғы автомобильдер дөңгелектен бастап, мұнай-химия материалдарының сан алуан түрін пайдаланады.
Сондықтан, автомобиль шығарушылар үшін әртүрлі шикізат ресурстарының болуы маңызды, оның ішінде шиналар мен камералардың әртүрлі үлгілерін шығаруға арналған резеңке масса шығару үшін синтетикалық каучук қажет. Қазақстан Республикасы үшін синтетикалық каучук өндірісін құру шина өндірісінің қажеттілігін қанағаттандыру үшін маңызды.
Қазіргі уақытта «ИнкомТаир» АҚ-ы Шымкент зауытын технологиялық жаңғырту аяқталуда және Ақмола облысында қуаты жылына 3 млн. данадан астам әртүрлі нұсқалы шиналар мен камералар шығаратын екі кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Қарағанды облысында шеттен әкелінген шикізатпен резеңке техникалық бұйымдар шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді.
Сонымен, Қазақстан Республикасында синтетикалық каучук өндірісін құру ішкі нарықтағы елеулі сұранысқа, сондай-ақ, экспортқа өнім өндіру мүмкіндігіне негізделген.
Синтетикалық каучуктар (бұдан әрі - СК) - резеңке дайындауға арналған жоғары полимерлі материалдар, эластомерлер. Оларды әртүрлі маномерлер - каучукогендерді полимеризациялау және сополимеризациялау (кейбір жағдайларда поликонденсациялаумен) алады. Каучукогендер ретінде бутадиен, стирол, изопрен, хлоропрен, изобутилен және т.б. қолданылады.
СК екі үлкен классқа бөлінеді: резиналық өнімдерді кеңінен дайындау үшін қолданылатын жалпы қолданысқа арналған әмбебап каучуктер: автомобильдік шиналар, көліктік ленталар, жеңдер, резиналық аяқ киімдер және резинатехникалық өнімдердің тізбегі, және де ерекше жағдайларда - жоғары температурада, агрессивті сұйықтықтар, еріткіштер ортасында жұмыс істеу үшін арналған резиналық өнімдерді дайындау үшін қолданылатын арнайы техникалық қасиеттері бар каучуктер.
Шина өндірісінде резеңке массасы 82,1 %-ды, қалғандарын - тоқыма арқан (10,5%), металл арқан (4,4%), борт сымы (3%) құрайды. Резеңке массасының негізгі құрамдас бөлігі синтетикалық каучук (бұдан әрі - СК) жалпы көлемнен - 48,66%, табиғи каучук - 7,4%, техникалық көміртек - 3,6%, қалғандары - толтырғыштар, вулканизаторлар (күкірт), мырышты сыр болып табылады.
Полиизопрендік, полибутадиендік және эмульсиялық бутадиен-стирольды (метилстирольды) каучуктар СК-ның негізгі түрлері болып табылады. Қазіргі уақытта шина өндірісі халықаралық нарықта этилен - пропиленді каучук - СКЭПТ, галобутилкаучук, хлоропренді каучук үлкен сұранысқа ие, осындай каучуктерді барлық алдыңғы қатарлы мемлекеттерде, атап айтқанда, АҚШ-та, Италияда, Германияда, Голландияда, Ұлыбританияда, Канадада, Жапонияда, Францияда және басқаларында өндіреді.
Әлем нарығында этилен-пропилендік каучуктердің жетіспеушілігі байқалады, бұл Қазақстан Республикасында осындай өндіріс құрудың орынды екенін білдіреді. Сондықтан, министрліктің және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың мамандары қазіргі уақытта СК өндірісін құрудың келешегіне талдау жүргізуде және СК өндіру үшін шикізаттың нақты көздерін, оның ішінде СКЭПТ талдау аса маңызды.
Қазақстан Республикасында СК өндірісін құру үшін оның құрамдас компоненттерінің - изопрен, изобутан, бутадиеннің технологиялық мүмкіндіктерін МӨЗ бен ГӨЗ-дің технологиялық ресурстарын қолданып, немесе қосымша қуаттар мен кәсіпорындар құру арқылы айқындау қажет. Этилен және стирол сияқты басқа да шикізат компоненттерін өндіру операторлары «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ-ы және «Kazakhstan Petrochemical Industries» АҚ болып табылатын, мұнай-химия өндірістерін құрудың жоғарыда көрсетілген серпінді жобаларын іске асырғанда (2012 жылдан кейін) жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасында мұнай-химия өндірістерін дамытудың басқа перспективалық бағыты - метанолдың және оның туындыларының өндірісін құру.
Метанолға және оның туындыларына әлемдік сұраныс 2005 жылдан бастап өсуде, таяудағы онжылдық ішінде жыл сайынғы өсім 2,8 % болуы болжауда. Метанолға сұраныстың елеулі өсуі оның туындыларын - формальдегид, уксус қышқылын және МТБЭ ең аз дәрежеде тұтынудың өсуі есебінен болады.
2014 жылға метанол нарығының 70%-дан артығы негізгі үш маңызды тұтынушылар - формальдегид, уксус қышқылы және метилтретбутилді эфир (МТБЭ) арасында бөлінеді. Сонымен бірге формальдегид пен уксус қышқылының үлесі МТБЭ-ні тұтынудың азаюы есебінен артатын болады. Сондай-ақ, отынның балама түрлері арқылы метанол тұтыну, біршама көп емес мөлшерге дейін өседі. Метанолға сұраныстың өсуі, күтілім бойынша, Азия және көбінен барлығы Еуропа есебінен сақталады, бұл аймақтың шығыс бөліктерінің нарығын қайта құруының қарқындауы арқасында - негізінен бұл формальдегидке қатысты.
Метанолға сұраныстың артуы негізінен Азияның Қытай және Индия елдері есебінен сақталады.
Метанол өндіру технологиясы нарықта, әрбірі өз техникалық сипаттамалары бар, лицензиарлар тобымен көрсетілген. Метанол өндіру технологиясы үш негізгі саты бойынша жүзеге асырылуы мүмкін:
Риформинг (синтез-газ өндіру);
Синтез (шикі метанол өндіру);
Тазарту (ІМРСА және АА стандарты метанол өндіру).
Қазақстан Республикасы құрамы және мөлшері жағынан газды метанолға және оның туындыларын өңдеу бойынша жаңадан салынып инновациялық өндірістердің қызметін қамтамасыз ететін жеткілікті газ ресурстарына ие.
6. Қажет ресурстар және оларды қаржыландыру көздері
Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасы жаңа кенорындары мен жаңғыртылған МӨЗ бен ГӨЗ-дің ресурстарын пайдалану, нақты шикізатты тереңдей өңдеудің нақты технологиялық шешімдерінің, кешендерді, қондырғыларды, орналастыратын жерді анықтау, олардың өндірістік қуаттары негізінде шикізат ресурстарының отандық базасын құру мәселелерін шешуден бастап, көмірсутек шикізатын тереңдей өңдейтін жаңа мұнай-химия өндірістерін құру және жұмыс істеп тұрған мұнай-химия өндірістерін дамыту мәселелерін жүйелі шешуді көздейді.
Бағдарламаның іс-шараларын іске асыру үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері, оның ішінде, инвестициялық және концессиялық заңнамалар пайдаланылатын болады.
Тұтас алғанда мұнай-химия өндірістерін құрудың инвестициялық жобаларын іске асыру үшін мынадай ресурстар мен қаржыландыру көздері.
Республикалық бюджеттен 2008-2013 жылдарға арналған шығындардың көлемі тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нақтыланатын болады: 2009 жылы - 337 000 мың теңге, 2010-2011 жылдары - 6 689 884,9 мың теңге.
Бюджеттік қаржыландыру «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» АЭА инфрақұрылымын құруға сұратылады (жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу және инфрақұрылым объектілерін салу).
Жекелеген мұнай-химия өндірістері құрылыстарының инвестициялық жобаларын әзірлеу және іске асыру тікелей шетелдік және отандық инвестициялардың қаржысы; мемлекеттік кепілдікпен тартылатын мемлекеттік емес қарыздардың, сондай-ақ кәсіпорындардың өз қаржылары, оның ішінде концессиялық жобаның шеңберінде бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешенінің инфрақұрылымдық объектілерін салу есебінен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының 2008-2013 жылдардағы кезеңде мұнай-химия өнеркәсібін құруға қажет инвестициялық қаражатының мөлшері 8,0 млрд. астам АҚШ доллары көлемінде, оның ішінде бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешенін салуға 5,2 млрд. АҚШ доллары болжануда.
7. Бағдарламаны жүзеге асырудан күтілетін нәтижелер
Құрылатын «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» АЭА-ның шеңберінде мұнай-химия өндірістерін құру жөніндегі инвестициялық жобалар іске асырылатын болады және 2013 жылға қарай мынадай мұнай-химия өндірістері пайдалануға берілетін болады:
Жылына 800 мың тонна полиэтиленнің және 400 мың тонна полипропиленнің әртүрлі маркаларын шығаратын Атырау облысындағы бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешені;
Жылына 133 мың тонна бензол және 496 мың тонна параксилол шығаратын Атырау қаласындағы Атырау МӨЗ-дің базасында хош иісті көмірсутектерді өндіретін кешені;
Атырау облысындағы бензол мен параксилол негізіндегі мұнай-химия кешенінде этиленгликоль - жылына 70 мың тонна, терефтал қышқылы - жылына 170 мың тонна, ПЭТФ - жылына 200 мың тонна, этилбензол - жылына 127 мың тонна, поливинилхлорид - жылына 200 мың тонна өндіру;
Ақтау қаласындағы Ақтау пластикалық масса зауытында Қазақстан Республикасының климаттық жағдайларына сәйкес келетін жылына 400-500 мың тонна жол битумдарының үш маркасын өндіру.
Шаралар жүзеге асырылатын болды:
Ақтау пластикалық масса зауытын әртараптандыру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылатын болады («Sat Operationg Aktau» ЖШС). Жылына кемінде 155 мың тонна көлемінде полистиролдың әртүрлі маркаларын өндіру жолға салынатын болады. «Бензол мен параксилол негізінде мұнай-химия кешені» жобасының шеңберінде жылына 178,0 мың тонна көлемінде негізгі шикізат - этилбензол алу жоспарланып отыр;
Шымкент мұнай өңдеу зауытын («ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС) жаңғырту және жылына 66,8 мың тонна полипропилен және жылына 43,5 мың тонна - бензол өндіру.
8. Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін
дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасын іске
асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
Р/с № | Іс-шаралар | Аяқтау нысаны | Орындалуына жауаптылар | Орындалу мерзімі | Болжанған шығыстар* мың. теңге | Қаржыландыру көзі |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |
1 кезең - 2008-2010 жылдар |
1. | «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын құру (АЭА) | Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы | ЭМРМ, Атырау облысының әкімдігі | 2008-2011 жылдар | 2009 жыл - 337000,0; 2010 - 2011 жылдар- 8750000,0 | Республикалық бюджет |
1.1. | «Ұлттық индустриалық мұнай-химия технопаркі» АЭА инфрақұрылым-дарын құруға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат | ЭМРМ, Атырау облысының әкімдігі | 2009 жылғы желтоқсан | 337 000,0 | Республикалық бюджет |
1.2. | «Ұлттық индустриалық мұнай-химия технопаркі» АЭА-ның инфрақұрылым объектілерін салу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат | ЭМРМ, Атырау облысының әкімдігі | 2010 жылғы желтоқсан; 2011 жылғы желтоқсан | 6 750000,0 | Республикалық бюджет |
2. | Бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешенін салу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат, жыл сайын | ЭМРМ, Атырау облысының әкімдігі, «ҚазМұнай -Газ» ҰК» АҚ (келісім бойынша), жобаның операторы «КРІ» АҚ (келісім бойынша) | желтоқсан 2008-2012 жылдар | 624000000,0 | Инвес- тиция қаража- ты |
3. | «Бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешенін инфрақұрылымдық қамтамасыз ету объектілері» концессиялық жобасын іске асыру | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат, жыл сайын | ЭМРМ, Атырау облысының әкімдігі, «КРІ» АҚ-ы (келісім бойынша), «Қаз-МұнайГаз « ҰК» АҚ (келісім бойынша) | желтоқсан 2008-2012 жылдар | 156 000 000,0 | Инвестиция қаражаты |
4. | Атырау МӨЗ-нің базасында хош иісті көмірсутектер өндіру жөніндегі кешен салу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат, жыл сайын | ЭМРМ, «Самұрық» МАБҚХ» АҚ (келісім бойынша), «ҚазМұнай -Газ» ҰК» АҚ (келісім бойынша) | желтоқсан 2008-2012 жылдар | 102000 000,0 | Инвестиция қаражаты |
5. | Бензол және параксилол базасында мұнай-химия кешенін салу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат, жыл сайын | ЭМРМ, «Самұрық» МАБҚХ» АҚ (келісім бойынша), «ҚазМұнай -Газ» ҰК» АҚ (келісім бойынша) | желтоқсан 2008-2012 жылдар | 144000000,0 | Инвестиция қаражаты |
6. | Жол битумдары өндірісін салу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат, жыл сайын | ЭМРМ, «Самұрық» МАБҚХ» АҚ (келісім бойынша), «ҚазМұнай-Газ» ҰК» АҚ (келісім бойынша) | желтоқсан 2008-2012 жылдар | 18000000,0 | Инвестиция қаражаты |
2 кезең - 2011-2013 жылдар |
7. | Ақтау пластикалық массалар зауытын әртараптандыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат | ЭМРМ, «КРІ» АҚ (келісім бойынша) | 2011 жыл | Талап етілмейді | |
8. | Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жөніндегі іс-шараларды және мұнай- химия өнімдерін өндіруді жүзеге асыру | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат, жыл сайын | ЭМРМ, «ҚазМұнай-Газ» ҰК» АҚ (келісім бойынша), («Петро- Казахстан Ойл Продактс» ЖШС (келісім бойынша) | желтоқсан 2009-2013 жылдар | Анықталмаған | Инвестиция қаражаты |
9. | Метанол және оның туындылары өндірісін құру жөнінде ұсыныстар мен іс-шаралар әзірлеу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат | ЭМРМ, «ҚазМұнай-Газ» ҰК» АҚ (келісім бойынша) | 2010 жыл | Талап етілмейді | |
10. | Синтетикалық каучук шығаратын өндірістер құру жөнінде ұсыныстар мен іс-шаралар әзірлеу | Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат | ЭМРМ, «ҚазМұнай-Газ» ҰК» АҚ (келісім бойынша) | 2011 жыл | Талап етілмейді | |
Ескертпе:
* - Бағдарламаны іске асыруға қаражат Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес нақтыланатын болады
ЭМРМ | - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі |
«Самұрық» МАБҚХ» АҚ | - «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамы |
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ | - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы |
«КРІ» АҚ | - «Kazakhstan Petrochemical Industries» акционерлік қоғамы |
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС | - «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. |