Республикалық сейсмологиялық бақылау және жер сілкінісiн болжау жүйесiнiң тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн таяудағы жылдарда елiмiздiң ғылыми әлеуетiн қысқа мерзiмдi жер сiлкiнiсiн болжаудың әдiстемесiн әзiрлеуге жұмылдыру, республикалық орталық және сейсмикалық және басқа да табиғи және техногендiк процестердiң, ең алдымен орман және дала өрттерiнiң, су тасқындарының, селдердiң, мұнайдың төгiлуiнiң ғарыштық мониторинг жүйесiн құру, қолданыстағы 40 сейсмикалық стансаны қазiргi заманғы аспаптармен, жабдықтармен, автокөлiкпен және байланыс құралдарымен қайта жарақтандыру және 52 жаңа сейсмикалық станса құру, сейсмикалық қауiптi аудандар үшiн егжей-тегжейлi және шағын сейсмикалық аудандарға бөлу картасын әзiрлеу қажет.
Қозғалыстардың сейсмикалық құбылыстармен генетикалық байланысын орнату және жер сiлкiнiсiн болжау әдiстерiн әзiрлеу үшiн Алматы, Шелек, Жамбыл, Аймақтық Солтүстiк Тянь-Шань геодинамикалық полигондарындағы жер қыртысының қазiргi уақыттағы қозғалысын және жер бетiнің өзгеруiн анықтау жөніндегі жоғары нүктедегi геодезиялық бақылауларды қалпына келтiру және жаңарту қажет.
Қазақстанның батыс және шығыс, сондай-ақ орталық бөлiгiнде табиғи және техногендiк процестердiң туындау мүмкіндiгi жаңа геодинамикалық полигондарды құрудың, үздiксiз кешендi бақылаулар жүргізудiң және тиiстi түрде қаржыландырудың қажеттiгiн көрсетедi.
Осы проблеманы iске асыру "Геодезия мен картография туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шiлдедегi № 332-II Заңында қарастырылған.
Су апатына (cу тасқыны, су басу, сел) байланысты төтенше жағдайлар республикаға жыл сайын залал келтiредi. Республикада бар 570 гидроқұрылғының 268-i (оның iшiнде 16-ы ipi) қазiргi заманғы сенiмдiлiк талаптарына сай келмейдi және төмен орналасқан елдi мекендер мен объектiлерге ауқымы зор қауiп-қатер туғызады. Жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзудi тездету, оның iшiнде сел қауiптi аймақтарда бөгеттер мен басқа да инженерлiк құрылғылар салуды жалғастыру қажет.
Сонымен қатар республикада залалдың алдын алу, азайту және аталған төтенше жағдайлар зардаптарын жою, гидротехникалық құрылыстарда жобалау, жөндеу және профилактика жұмыстарын, өзендердiң жағалаулары мен су қоймаларының арналарын тазалау және бекіту жұмыстарын тұрақты негiзде орындайтын мамандандырылған бірегей ұйым жоқ. Сондықтан Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгiнiң "Қазселденқорғау" ММ-сiн Республиканың олар құрылмаған 8 облысында қосымша басқармалар құра отырып, "Қазсуданселденқорғау" етiп қайта құру орынды деп санаймыз. Сондай-ақ, тиiстi инспекция құра отырып, елдi мекендерге жақын орналасқан өзендер мен су айдындарының, бөгеттердiң, су қоймаларының, басқа да гидротехникалық объектiлердiң жай-күйiн бақылау-қадағалау функцияларын берiп, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгiнiң өкiлеттілiгiн кеңейту ұсынылады.
051-қызметi (АҚШ-тың 911 қызметiне ұқсас) қалыптасу сатысында. Оның құрамына:
халықтың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн оқиғалар туралы бірегей телефон нөмiрi бойынша хабар қабылдайтын, жедел қызметтердiң диспетчерлiк орталықтарымен (медициналық жедел жәрдем, өртке қарсы қызмет, криминалдық полиция, жол полициясы, газ, электр жүйелерiнің, су каналдарының, жылу жүйелерiнiң авариялық қызметтерi және басқа да авариялық және коммуналдық қызметтер, Қорғаныс министрлігінiң саперлер бөлiмшелерi, терроризмге қарсы күрес бөлiмшелерi) өзара iс-қимыл жасайтын қалалық орталықтар;
аймақтарда тәулiк бойы оқиғаға жедел мән берудi жүзеге асыратын және штаттық құтқарушылармен жасақталған, барлық қажеттi авариялық-құтқару жабдықтарымен жарақтандырылған құтқару қызметтерi кiруi тиiс.
Тұрмыста адам қаза табатын және едәуiр материалдық шығын әкелетiн газ жарылыстарымен байланысты төтенше жағдайлардың саны ұдайы өсуде. Газ шаруашылығын бөлу кезiнде инспекциялық қызметтiң таратылуы 90-шы жылдардың басынан тұрғын үйлер мен коммуналдық-тұрмыстық ұйымдарда газды қауiпсiз пайдалануды қадағалаудың жойылуына алып келдi. Қабылданған шешiмдер аясында оны қайтадан құру жөніндегі жұмыс iс жүзiнде әлi басталған жоқ.
Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында жұмысшылардың, инженерлiк-техникалық қызметкерлердiң және қызметшілердiң қатарынан құрылған ерiктi өрт сөндiру жасақтарының болуы тәжiрибесi ұмыт болды. Жұртшылыққа сүйену, халықтың қалың көпшілігiн өрт қауiпсiздiгiн нығайту үшiн күреске белсендi тарту, ерiктi өрт сөндiру ұйымдарымен тығыз байланыста болу өте маңызды, шешушi мәнге ие болуы тиiс.
3) ТЖМЖ-ны материалдық-техникалық қамтамасыз ету.
ТЖМЖ-ның ең негізгі мiндеттерiнiң бірi "басқару органдары мен пункттерiнiң, хабарлау және байланыс жүйелерiнiң ТЖМЖ күштерi мен құралдарының төтенше жағдайлардағы iс-қимылға жоғары дайындығын қамтамасыз ету, авариялық-құтқару және төтенше жағдайлардағы жою жөніндегі басқа да шұғыл жұмыстар жүргiзу" болып табылады.
Сонымен бірге, қолда бар, оның iшiнде Агенттiк жүйесіндегі күштер мен құралдар бұл талаптарды жартылай ғана қанағаттандырады.
Төтенше жағдайлардың артуы жағдайында жұмыс iстеп жатқан Республикалық жедел-құтқару жасағы, бес аймақтық аэромобильдi жедел-құтқару жасағы, азаматтық қорғаныстың әскери бөлiмдерi өздерiнiң жарақтандырылуы және сандық құрамы бойынша құтқару жұмыстарын толық көлемде орындай алмайды және елеулi нығайтуды қажет етедi. Бұған қоса, соңғы 15 жыл iшiнде тиiстi қаржыландырудың болмауынан пайдаланылатын техника мен жабдықтар тозған. Орталық аппарат пен аумақтық органдардағы 627 бірлiк техника 70-шi жылдары шығарылған, оның 10 пайызы жарамсыз жағдайда. Өрт техникасының 70 пайызы мүлдем ескiрген, ал мамандандырылған өрт сөндiру бөлiмдерiнiң авариялық-құтқару техникасымен және жабдықтармен жарақтандырылуы 80 пайызды құрайды. Азаматтық қорғаныс әскери бөлiмдерiнің техникалық жарақтандырылуы өте төмен. Олардағы жабдықтар мен техника тапшылығы 25 пайызды құрайды, автотехниканың 70 пайызы және инженерлiк техниканың 85 пайызы 60-шы жылдардан кейiн шығарылған. Суда құтқару қызметi жүйесiнiң жағдайы мүлдем ауыр, оның жабдықтары мен техникасының 80 пайызынан астамы тозған.
Қорғаныс министрлігінен Агенттiкке берiлген 19 тiкұшақ та тозған. Оларды қалпына келтiру үшiн едәуiр қаражат керек. Агенттiк таулы жерлерде өрт сөндiру, құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету үшiн күшейтiлген MИ-8MTB тiкұшақтарына және КА-226 тiкұшақтарына, iрi ауқымды апаттар аймағына құтқарушыларды, жүктерді жеткізу үшін көлiк ұшақтарына, орман және дала өрттерін сөндіру үшiн 20 текше метрден аса су таси алатын ұшақтарға және жағалауларды күзету қызметтерi үшiн катерлерге аса мұқтаж.
Барлық жедел-құтқару жасақтарын және әскери бөлiмдердi қазiргi заманғы байланыс құралдарымен кiшi механизациямен, арнайы қорғану жабдықтарымен, әсiресе химиялық және радиоактивтiк зақымдануға тап болған аумақтарда құтқару радиоактивтік зақымдануға тап болған аумақтарда құтқару жұмыстарын жүргізуге қажетті барлау және адамдарды іздестіру аспаптарымен жарықтандыру мәселесi бүгiнгi күнi өткiр күйiнде қалуда.
Соңғы 10 жыл iшiнде азаматтық қорғаныстың мемлекеттік материалдық резервтерi едәуiр азайды, ал жергiлiктi резервтер тиiстi негiздемесiз салынады, онда да барлық жерде емес.
Облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкiмдiктерiнiң ұзақ сақтау қоймасындағы жұмылдыру резервiнiң қазiргi заманғы жаппай зақымдау қаруынан халықты қорғаудың жеке құралдары (газқағар, радиациялық және химиялық барлау аспаптары, балаларды қорғау камералары) 40 пайызы (1977-1983 жж, салынған) өзiнiң қорғау және пайдалану қасиеттерiн жоғалтқан және броньнан алуды, жаңартуды және жоспарлы тұтынуға дейiн орнын толтыруды қажет етедi.
Республикалық деңгейдегi резервтiң жағдайы да онша емес. Осылайша мемлекеттік материалдық резервке зардап шеккен халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету құралдары жеткіліксiз санда салынған. Резервте барлығы 3165 шатыр және 766 киiз үй бар, есептеулер қиратушы жер сiлкiнiсi кезiнде тек қана Алматы қаласында 300 мыңнан астам адам баспанасыз қалуы мүмкiн екендiгiн көрсетедi. Солай бола тұра, мемрезервте 3 автосамосвал, 6 экскаватор, 12 бульдозер, 6 компрессорлы станса ғана бар, болуы мүмкiн авариялардың, апаттың және дүлей зілзаланың, оның iшiнде қиратушы жер сiлкiнiстерінің зардаптарын жою жөнiнде тиiмдi жұмыстар жүргiзу үшін көзделген мүлдем жеткiлiксiз. Төтенше жағдайларды жою үшін көзделген мемлекеттік материалдық резервтi сақтаудың нормативтерi мен номенклатурасын оларды арттыру жағына қарай қайта қарау қажет.
Байланыс жүйесіндегі жабдықтар паркi әбден тозды. 70-шi жылдары шығарылған пайдаланудағы байланыс жабдықтарының 62 пайызы сенiмдiлiгi және сапасы жағынан қазiргi заман талабына сай келмейдi. Облыстық және қалалық ТЖ жөніндегі басқармалар жедел және транкингтi байланыспен орташа есеппен 10-20 пайызы жарақтандырылған, олардың баруы қиын жерлерде жұмыс iстеуге арналған байланыс құралдары жоқ.
Агенттiктiң жиiлiк ресурсы шектеулi және төтенше жағдайлар кезiнде жедел басқаруды байланыспен қамтамасыз ету мiндеттерiн толық көлемде шешуге мүмкiндiк бермейдi.
Орталықтандырылған хабарлау жүйесi бұдан 30 жыл бұрын құрылған және қазiргi заманғы сандық және талшықты-оптикалық байланыс технологиясын қолдануда қиындық тудырады. Соңғы жылдары радиотрансляциялық тораптардың саны 12 есеге, электр дабылдары 2 есеге қысқарды. Селолық байланыс бұзылған, 500 мыңнан аса халық тұратын 1500 елдi мекен хабарлаудың ешқандай түрiмен жабдықталмаған. Оған қоса елiмiздiң радиоторабының 20 пайызы, радио және телевизия арналарының 40 пайызы, электр дабылдарының 40 пайызы автоматты қосылумен қамтамасыз етiлмеген.
Жұмыс iстеп тұрған Республикалық төтенше жағдайлар жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесi түбегейлi өзгертудi және қарқынды дамытуды талап етедi. Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiктiң орталық аппараты мен облыстық басқармаларының штатындағы 1478 адамға 347 жеке компьютер бар, (қамтамасыз етiлу 24 пайыздан төмен) оның 30 пайызының пайдаланылғанына 5-10 жыл болды және жаңа ақпараттық технологиялармен қабыспайды.
Төтенше жағдайлар қаупi туындаған және болған кезде адамдардың өмiрi мен денсаулығы уақытында қабылданған iс-шараларға байланысты жағдайда мұндай ақпарат, байланыс және хабарлау жүйелерiн пайдалану мүмкiн емес.
Осының барлығына қоса, қолданыстағы заңнаманың Агенттiктің әскери қызметшiлерiн тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнiндегі нормалары орындалмайды.
4) ТЖМЖ қызметiн жоспарлау.
Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (бұдан әрi- БҰҰДБ) және Қызыл Жарты Ай Халықаралық қоры (бұдан әрi - ҚЖХҚ) Қазақстанның табиғи апаттарға дайындық жоспарын әзiрледi, оны республикалық және жергілiктi деңгейде iске асыру қажет.
Қазақстан Республикасының Үкіметі төтенше жағдайлар туындауының жоғары қатерi бар 520 ұйымның тізбесiн айқындады. Аталған өнеркәсiптiк объектiлердiң қауiпсiздiгiн кезеңiмен декларациялау басталды, бұл объектілерде жұмыс iстейтін персоналдың және оларға жақын тұратын халықтың қауiпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі олардың ic-шараларын бақылауға алуға мүмкiндiк туғызады.
Сонымен бірге республикада Төтенше жағдай және азаматтық қорғаныс (бұдан әрi - ТЖ және AK) саласындағы жұмыстарды кешендi жоспарлау мәселесiне жеткiлiктi көңiл бөлiнбей келедi. Табиғи, техногендiк және экономикалық процестердi дамыту, аймақтардың еңбек және материалдық ресурстарының қозғалысы мәселелерi нашар қадағалануда. Соның салдарынан iс-шараларға уақытында түзетулер енгiзілмейдi, жоспарланған және нақты iс-қимылдарда байланыс жоқ.
5) Ғылыми-техникалық зерттеулер.
АҚ пен ТЖ алдын алу және оларды жоюдағы әлеуметтiк-экономикалық саланың даму тарихы ендi ғана басталды, әзiрше қажетті арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары жоқ. Соның салдарынан оның бірiншi кезектегi көптеген ғылыми проблемалары шешілмеген күйiнде қалуда. Бұл ең алдымен ТЖМЖ қызметінiң негізгі бағыттарының даму тұжырымдамасын әзiрлеуге, төтенше жағдайларды мемлекеттік есепке алу өлшемдерiн белгілеуге, сала жұмысының тиімдiлігiн бағалау әдiстемесiн жасауға, төтенше жағдайлардан келген тура және қосымша шығындарды eceптеуге, резервке салу нормаларын республикалық және жергілiктi деңгейде белгiлеуге, төтенше жағдайлардан қорғанудың кешендi жүйелерiн әзiрлеуге қатысты.
6) Мамандар даярлау және қайта даярлау және ТЖМЖ-ны кадрлармен жете толықтыру.
Республиканың бес жоғары оқу орнында ТЖ мен АҚ алдын алу және жою саласындағы мамандарды жоғары білім мәртебесiмен оқыту ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiктiң құрылымдық бөлiмшелерi, әсiресе орта және төменгi звенолары кадрлармен жеткiлiктi толықтырылмаған. Ресей Федерациясының мамандандырылған академияларында (РФ ТЖМ Азаматтық қорғаныс академиясы және РФ IIМ Өртке қарсы қызмет академиясы) оқитын тыңдаушылардың аз ғана саны (7-8 адам) жоғары әскери-техникалық білімi бар мамандарға қажеттiлiктi қамтамасыз етпейдi. Суда құтқару қызметi бөлiмшелерiнiң штаты 40 пайызбен ғана толықтырылған.
Республикада авариялық-құтқару қызметi мамандарын даярлау мүмкiндiгi жоқ. Оқу процесiнiң деңгейi, ЖОО-ның әдiстемелiк және оқыту-материалдық базасы уақыт талабынан артта қалған. Төтенше жағдайлар саласындағы тiкелей жұмысты жүзеге асыратын орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың штаттық құрылымдарын құру және нығайту мәселелерi де өткiр күйiнде қалып отыр. Ол көбiнесе дайындығы мен біліктiгi жоқ қызметкерлерге жүктеледi, және көп жағдайларда қосымша жұмыс ретiнде атқарылады, бұл тиiстi органдардың дайындық деңгейiне әсерiн тигiзедi.
7) Орталық және жергілiктi атқарушы органдардың қызметi.
Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң жалпы кемшiлiктерiнiң бірi арнайы бақылау, қадағалау және болжау, оның iшiнде сейсмикалық берiктендiру жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс тиiмдiлiгiнiң төмендiгi болып табылады. Өндiрiс салаларының оларға ведомстволық бағынысты объектілерінде қажеттi алдын алу және қорғану iс-шаралары толық көлемде орындалмайды.
Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауiптi аймақтарындағы үйлер мен ғимараттарды паспорттау мәлiметтерi бойынша жалпы аумағы 26,57 млн. шаршы метр 255,8 мың тұрғын үй, 673 мектеп, 887 мектепке дейiнгi балалар үйi, 447 денсаулық сақтау мекемесi белгiленген нормаларға сай емес, берiктендiруге немесе бұзуға жатады. Одан басқа, республикада қазiргi уақытта 2,5 млн. шаршы метрге жуық тозығы жеткен және авариялық тұрғын үйлер бар.
Сараптық бағалау бойынша күшi 9 баллға жуық жер сiлкiнісi болған жағдайда (МСК-64 шкаласы бойынша) тек Алматы қаласында: 24225 тұрғын үй қирап, 31183-i бүлiнедi, 109 өнеркәсiптiк кәсіпорын, 150 мектеп, 209 балалар бақшасы, 194 қоғамдық үй қатардан шығады.
Сөйтсе де жергiлiктi атқарушы органдар мен кәсiпорындардың қаражатты жеткiлiксiз бөлуiнен үйлер мен ғимараттарға сейсмикалық беріктендіру болып берілмейтiн қарқынмен жүргiзiлуде. Мысалы, 1998 жыл мен 2000 жылдары аралығында тек Алматы қаласында ғана үйлердi сейсмикаға қарсы беріктендіру жүргiзiлдi, онда да 31 объектіде ғана, оның 21-i мектеп, 9-ы аурухана және бір бала бақшасы, барлығы 680 млн.теңге сомасындағы жұмыс орындалды.
Iстiң жайын түбегейлi өзгерту қажет. Сейсмикалық беріктендіруге жататын бірiншi кезектегi объектілерге тұрғын үйлердi, мектептердi, балалар бақшаларын, ауруханаларды, адамдар көп жиналатын ғимараттарды, сондай-ақ тiршіліктi қамтамасыз ету объектілерін (жылу-, су-, газ және энергиямен жабдықтау, байланыс, канализация) жатқызу қажет.
Сейсмикалық орнықсыз объектілермен қалыптасқан жағдайды туғызған факторлардың бірi елiмiзде сәулет-құрылыс бақылауының пәрмендi жүйесінің болмауы болып табылады. Бұл жүйеге кiретiн Құрылыс iсi жөніндегі комитеттiң аумақтық бөлімшелерінің, сәулет, техникалық және авторлық қадағалау жергiлiктi органдарының қызметi толығымен жаңа құрылысқа бағытталған. Пайдаланудағы үйлер мен ғимараттардың жай-күйін бақылауды олар қамтамасыз етпейді. Сонымен сәулет-құрылыс бақылау мемлекеттік инспекторларының саны 12 облыстың әрқайсысында 4-7 маманнан аспайды.
ТЖ және АҚ алдын алу және жою жөніндегі мiндеттердi iске асыруға басшы кадрлардың, күштер мен құралдардың дайындығы туралы мәселе өткір күйiнде қалып отыр.
Астана қаласына көшкеннен кейiн барлық орталық атқарушы органдар:
қалалық және қала сыртындағы басқару пункттерiн салмады;
АҚ және ТЖ штаттық бөлiмшелерiнiң (салалық қызметкерлердің) санын, олардың қызметiн және дайындығын қамтамасыз етпедi.
Бұл органдардағы АҚ объектiлерi мен мүлкінің жай-күйi, тиiстi резервтердiң болуын және жинақталуын қоса, жақсартуды қажет етедi. АҚ және ТЖ қызметтерi құрамаларын жарақтандыруға қаражат бөлiнбейдi.
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Көзделiп отырған ТЖМЖ-ны дамыту табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың, оның iшiнде кең ауқымды жер сiлкiнiсiнiң әсерiнен Қазақстан Республикасының халқын, экономикалық әлеуетiн және қоршаған ортаны тиiмдiлiкпен қорғауды қамтамасыз етедi.
Бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасының халқын, экономикалық әлеуетiн және қоршаған ортаны ТЖ әсерiнен тиiмдi қорғауды арттыру және қамтамасыз ету, олардың алдын алу, зардаптарын жою, залалын азайту үшiн күштер мен құралдарды дамыту болып табылады.
Бағдарламаның мiндеттерi:
ТЖМЖ-ның қызметiнде орын алған кемшiлiктердi жою; оның қызметiнiң тиiмдiлiгін қарқынды арттыру;
басқару органдарының, авариялық-құтқару және болжау қызметтерiнiң жұмысын жетілдiру және тиiмдiлiгiн арттыру;
халық арасында төтенше жағдайлардан қаза тапқандар мен зардап шеккендердiң санын қысқарту;
экономикалық шығынды азайту және қоршаған ортаның экологиялық тепе-теңдiгiн сақтау жөніндегі iс-шараларды iске асыру болып табылады.
5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары мен тетiгi
Бағдарламаны iске асыру бүтiндей алғанда, екi сатыда жүзеге асырылады:
Бiрiншi сатысы (2004-2006 жж.) мына iс-шараларды:
1) нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру;
2) TЖМЖ-ны институционалдық дамыту, төтенше жағдайлардың, оның iшiнде жер сiлкінiсiнiң мониторингiн жетiлдiру;
3) ТЖМЖ-ны материалдық-техникалық қамтамасыз ету, елiмiздiң авариялық-құтқару қызметiн дамыту және жетiлдiру;
4) материалдық-техникалық резервтер жасау;
5) үйлер мен ғимараттарды сейсмикалық берiктендiру, жаңа құрылыстың сапасына және пайдаланымдағы объектiлердiң жай-күйiне тиiстi бақылауды қамтамасыз ету;
6) төтенше жағдай саласындағы орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн жандандыру және жетiлдiру;
7) TЖМЖ-ның iс-қимылын жоспарлау, ғылыми-техникалық зерттеулер жүргiзу;
8) байланыс, хабарлау және информатикалау жүйесiн дамыту және жетілдiру;
9) мемлекеттік басқару органдарын дайындау, TЖМЖ мамандарын қайта даярлау, халықты оқытып-үйрету;
10) төтенше жағдайлар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты iске асырумен байланысты.
Екiншi сатысы (2007-2010 жж.) TЖМЖ-ны және жер сiлкiнiсiнен қорғау жүйесiн дамыту мен жетiлдiру жөніндегі аяқталмаған iс-шараларды iске асыру кезеңi болады. Сонымен қатар ТЖ жоюға және зардап шеккен халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етуге арналған авариялық-құтқару күштерiн одан әрi күшейту және облыстар мен мемлекеттік ведомстволардың материалдық-техникалық және қаржы резервтерiн нығайту жөніндегі жоспарланған iс-шаралардың бірқатарын iске асыру басталатын болады.
ТЖМЖ-ны институционалдық дамыту, жер сiлкiнiсiнiң мониторингiн жетілдiру саласында:
сейсмикалық стансаларды қазiргi заманғы жабдықтармен жарақтандыру;
жаңа сейсмикалық стансалар құру;
Білім және ғылым министрлігінiң "Сейсмикалық тәжiрибелiкәдiстемелiк экспедиция, мемлекеттік мекемесi қызметкерлерiнiң санын біртiндеп арттыру;
іс жүзіндегі әдiстемелердi талдау және жаңаларын енгізу негiзiнде жаңғыртылған бақылау жүйелерiн құра отырып, жер сiлкінiсiн қысқа мерзiмдi болжау әдiстемелiгiн әзiрлеу бойынша iс- шаралар жүргiзу жоспарлануда.
Материалдық-техникалық резервтердi нығайту үшiн:
ТЖА, мемлекеттік материалдық резервте және сейсмикалық қауiптi облыстар мен қалаларда зардап шеккен халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етуге арналған резервтер құруды аяқтау;
қазiргi заманғы техникалар мен жабдықтарды сатып алу арқылы TЖМЖ-ы және авариялық-құтқару қызметтерін материалдық-техникалық қамтамасыз етудi нығайтуды жалғастыру бойынша iс-шаралар жүргiзу жоспарлануда.
Үйлер мен ғимараттарды, бірiншi кезекте мектептердi, ауруханаларды және адамдар көп жиналатын басқа да объектiлердi сейсмикалық берiктендiру бойынша iс-шаралар жүргiзудi жалғастыру жоспарланды.
Сонымен бірге:
мамандарды қайта даярлау және басқару органдары мен авариялық-құтқару күштерiнiң оқу-жаттығуын және жаттығуларын өткізу;
халықты оқытып-үйрету;
ТЖ алдын алу және жою, сейсмология және жер сiлкiнiсiн қысқа мерзiмдi болжау саласында халықаралық ынтымақтастық бойынша iс-шаралар орындалады.
Нормативтiк құқықтық базаны жетілдiру
Нормативтiк құқықтық базаны дамыту жөніндегі iс-шараларға:
"Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына Үкiметке төтенше жағдайларды жiктеудi белгiлеу функцияларын берудi көздейтiн өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
TЖ жiктемесiн әзiрлеу;
ТЖ саласындағы, оның iшiнде өнеркәсiптiк қауiпсiздiктегi құқықтық реттеудегi кемшiлiктердi жою;
TЖМЖ және ТЖА алдына қойған мiндеттердi шешу жөніндегі нормативтiк сипаттағы Үкiмет актілерінiң жобасын әзiрлеу;
ТЖА құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде нормативтiк құқықтық сипаттағы актiлер қабылдау;
АҚ және ТЖ алдын алу және оларды жою саласындағы ведомствоаралық және ведомстволық нормативтiк құқықтық актiлердi бекіту және келiсу;
Қазақстан Республикасының және шет елдердiң құтқару бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту, iзгілiк жүктердi жеткізуi кезiнде кеден рәсiмдерiн, шекаралық және визалық бақылауды жеңiлдету және тездету мәселелерiн пысықтау кiредi.
ТЖМЖ-ның институционалдық дамуы, ТЖ, оның iшiнде жер
сілкiнiсi мониторингiн жетілдiру
Төменде көрсетiлген жұмыстардың толық кешенi орындалатын болады:
ТЖМЖ және жалпы құрылымын дамыту және жетiлдiру, өмiрдiң алға қойған проблемаларын толығымен қамту үшiн бұрын бар бөлiмшелердi нығайту және жаңаларын құру;
ТЖ саласында бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру кезiнде қалыптасқан жағдайды жан-жақты талдау, оларды реттеу, оңтайландыру және одан әрi жетілдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
тиiмдi түрде ТЖ алдын алу және залалын азайту, орталық және жергiліктi атқарудағы органдардың тиiстi қызметтерiнде Агенттiктiң үйлестiруші рөлiн арттыру мақсатында оның құрылымын дамыту және өкілеттiгін кеңейту;
байқау, жағдайды бақылау және төтенше жағдайды болжау тиiстi қызметтерiн құру және тиiмдi қызметiн қамтамасыз ету, ТЖ мен АҚ қорғаныс саласындағы ведомстволық бағынысты құрылымдар мен бөлiмшелердiң жұмысын жақсарту, ТЖ және АҚ қызметтерiнiң толыққанды қызметiн қамтамасыз ету;
бар сейсмикалық стансаларды қазiргi заманғы аппаратуралармен, автокөлiкпен, байланыс құралдарымен қайта жарақтандыру және жаңа байқау стансаларын ашу;
жер сiлкiнiсінің қысқа мерзiмдi болжау әдiстемесi мен әдiстемелiгiн әзiрлеу мақсатында ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізудi қамтамасыз ету; республиканың батыс аймақтарындағы мұнай және газ кен орындарында бұл аймақтар үшiн сейсмикалық аудандарға бөлу және сейсмикалық ықшам аудандарға бөлу карталарын жасай отырып, геодинамикалық мониторинг ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
қозғалыстардың сейсмикалық құбылыстармен генетикалық байланысын орнату және жер сілкінiсi болжамын әзiрлеу үшiн геодинамикалық полигондар құруды қамтамасыз ету;
қандай да болмасын қираудың қазiргi заманғы белсендiлiгiн анықтау, қирау аймағында болып жатқан өзгеру процестерiнiң кеңiстiгіндегі уақытша өзгерiстi айқындау үшін жоғары нүктеде геодезиялық байқау (геодезиялық мониторинг) жүргiзудi қамтамасыз ету;