III. Қаржы рыногының қатысушыларын институционалдық дамыту
1. Кредиттiк мекемелердi дамыту
а) Кредиттеудiң 3 деңгейлi жүйесiн құру
Мақсаты мен міндетi
Кредиттеудiң банктерден, банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан және микрокредиттiк ұйымдардан тұратын үш деңгейлi жүйесi жұмыс iстейдi деп болжануда.
2007 жылға дейiнгi кезеңде екiншi деңгейдегi банктерге шоғырландырылған қадағалауды халықаралық, оның iшiнде Базель Комитетi ұсынған және Еуропалық Одақ ұсынған стандарттарға неғұрлым толық жақындату мақсатында жетiлдiру бойынша жұмысты жалғастырады.
Ұсынымдар тиiмдi банктік қадағалаудың негiзгi қағидаттарын және жүйелік талдау әдiстерiн айқындайды, ал Еуропалық Одақ директивалары неғұрлым тұрақты банктік жүйелерi бар елдерде iске асырылған шоғырландырылған қадағалаудың ең озық практикасын көрсетедi. Еуропалық Одақ директивалары тәуекелдердi басқарудың сенiмдi рәсiмдерiн, оның ішінде мониторингтi айқындауды, бағалауды және банктердің, оның ішінде олардың банктiк топтарын ескере отырып, тәуекелдердi басқаруды, сондай-ақ банктердi қажеттi капиталдандыруды айқындауды көздейдi.
Сондай-ақ, банктер қызметiнің айқындылығын арттыру мақсатында банктер жасайтын қаржылық есептің бара-барлығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін халықаралық қаржылық есеп стандарттарына көшiру жөніндегі жұмыстарды жалғастырады.
Ұлттық Банк Үкiметпен және Қазақстан Аудиторлар Палатасымен бiрлесiп сертификацияланған бухгалтерлер институтын құру жөніндегi жұмысты жалғастырады. Аудиттi дамытудың бiрыңғай стратегиясы және халықаралық аудит стандарттарына негiзделген банктердiң аудитке бiрыңғай тәсілдерi мен талаптары әзiрленетiн болады.
Осыған байланысты Қазақстанның банк секторының шетелдiк қаржылық тұрақты банктер үшiн тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылады.
Қосымша, Қазақстанда қызметтерi банктiк қызмет көрсетудiң белгiлi бiр тiзбесiн жүргiзудi көздейтiн мамандандырылған банктердi, атап айтқанда тұрғын үй құрылысы жинақ банкiн құру қажет.
Сонымен қатар "Кредиттiк серiктестiктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру қаржы институттарының кредиттiк серiктестiк сияқты түрiн неғұрлым белсендi дамытуға ықпал етедi. Кредиттiк серiктестiк ломбардтармен, ипотекалық компаниялармен және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын басқа да ұйымдармен қатар кредиттеу жүйесiнің екiншi деңгейiне негiз болуы қажет. Бұл ретте олардың қарыз алушылары клиенттердiң негiзгi бөлiгiн құрайтын шағын және орта кәсiпорындар мен жеке тұлғалар бола алады.
Мұндай ұйымдардың қызметтерiн реттеудi алатын болсақ, қаржы операцияларының шеңберi шектеулi болатындықтан, қадағалау аса қатаң болмайды. Мұндай ұйымдардың ресурстық базасы олардың қатысушыларының (құрылтайшылардың, акционерлердің және т.б.) жарналары есебiнен қалыптастырылады.
Кредиттеу жүйесiнің үшiншi деңгейінің жұмыс iстеуi тек қана микрокредиттеумен айналысатын ұйымдардың қызметтерiне тiкелей байланысты. Өз капиталының, гранттардың және бағдарламаға қатысушылар жарналарының есебiнен тек қана кредиттеудi жүзеге асыратын микрокредиттiк ұйымдар ұсақ кәсiпкерлер үшiн мемлекет тарапынан барынша аз реттелетiн кредиттiк қатынастар жүйесiнiң деңгейiн білдiредi.
Микрокредиттiк ұйымдардың қызметiне мұндай әдiс ең алдымен, оларды кредиттеуде микрокәсiпкерлердің қызметiн негiзгi қаржыландыру көзi, бiрқатар объективтi факторлардың (ауқымды әкiмшiлiк шығыстар, кредит тарихының, тиiмдi жобалардың және өтiмдi қамтамасыз етудiң болмауы) әсерiнен банктiк сектордың мүдделілігi әлсiз болып табылатын заңсыз қаржылық делдалдықтың көлеңкелi секторынан шығару қажеттiлiгiне негiзделген.
Институционалдық ресiмдеуге көлеңкелi қаржылық делдалдықты қаламау оларды құруға және қызметтерiне қойылатын, оларды сақтау қиын болып табылатын, қолданылып жүрген заңнама талаптарына негiзделген.
"Микрокредиттiк ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 6 наурызда қабылданған Заңы микрокредиттеу рыногын дамытуға мүмкіндік бередi және ұсақ кәсіпкерлердің қаржы ресурстарына қол жеткізуіне жол ашады.
Микрокредиттiк ұйымдар статистика және әдiлет органдарында ғана Ұлттық Банк тарапынан оларға қосымша талаптар (лицензиялау және қадағалау рәсiмдерi болмайды) белгiленбей тiркелетiн болады, мұның өзi олардың клиенттермен жұмыс нысанын оңайлатады.
Олардың қызметiнің жарияланатын мақсаттарға сай келуi және олардың микрокредиттік қаржы ұйымдарына рұқсат етiлген өнiмдердi ғана пайдалануын әдеттегі салық және өзге де тексерулер шеңберiнде бақылауға болады. Мемлекеттік бақылау микрокредиттiк ұйымдардың статистикалық органдарға статистикалық есеп және салық органдарына тиiстi ақпарат беру мiндетiмен шектеледi.
Барлық жүйенің басты міндетi - шағын және микробизнестi көлеңкеден шығуға ынталандыру.
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта банктер қаржы рыногының неғұрлым белсендi және капиталдандырылған қатысушылары болып табылады. Сонымен, Қазақстанда бiр банктi капиталдандырудың орташа деңгейінiң валюталық баламасы 30 млн. АҚШ долларына жуық болады.
Қазiргi уақытта банктердің барлық активтерiнің 60%-дан астамы экономиканы кредиттеуге бағытталған. Мұның өзi Қазақстан активтерiнің құрылымы бойынша қазiргi кезде, сондай-ақ жоғары өтiмдiлiгi және жиынтық активтердiң 60-65% сомасындағы кредиттiк портфелi бар дамыған елдердiң әмбебап банктерiне барынша жақындағанының айғағы.
2002 жылдың аяғында банктік емес ұйымдардың жалпы саны 125 болды. Банктiк емес ұйымдардың жиынтық меншік капиталы 10,3 млрд. теңге болды. Банктік емес ұйымдар бұқара халыққа табысы аз азаматтарды, жеке кәсiпкерлердi, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қоса алғанда, соңғысына ең алдымен кредиттеу оның ішінде жеңiлдiк жағдайларымен кредиттеу қажеттiлiгiн (кредиттік серiктестiктер, ломбардтар, заем операцияларын және қаржы лизингiн жүзеге асыратын ұйымдар) қамтамасыз ете отырып, банктік қызмет көрсетудiң әр алуан түрлерiн жүзеге асырады.
Негізгi шаралар
Кредиттеудің үш деңгейлi жүйесiн дамыту мақсатында мынадай шараларды жүзеге асыру болжанады:
- банктерде тәуекелдердi басқару жүйесiн жетiлдiру;
- шоғырландырылған қадағалауды жетілдiру;
- банк қызметiнде айқындылыққа және банктерде ақшаның жылыстауына және банк жүйесi арқылы көлеңкелi капиталдың өтуiне кедергi жасайтын жүйелердi енгізуге қол жеткiзу;
- банктер көрсететiн қызметтердің сапасын жақсартуға және банктер арасында адал бәсекелестiктi дамытуға ықпал ету;
- банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың қызметi реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдiру;
- қызметiнің ерекшеліктерін ескере отырып қаржылық ұйымдардың түрлерiн кеңейту;
- банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарды және микрокредиттік ұйымдарды дамытуға мемлекеттік қолдау тетiктерiн әзiрлеу;
- осындай кредиттер беру мәселелерiн ғана емес, шағын бизнестi жүргiзу бойынша оқыту және консультациялық көмек берудi де қамтитын мемлекеттік микрокредиттеу бағдарламасын қабылдау және iске асыру;
- микрокредиттер беру бойынша қызмет көрсетудiң айқындылығын және сенiмділігін қамтамасыз ету.
б) Қазақстан ипотекалық компаниясы және Ипотекалық кредиттерге кепiлдiк беру қоры
Мақсаты мен мiндетi
Ипотекалық кредиттеу жүйесiн одан әрi дамыту мақсатында осы жүйенің негiзгi операторы - Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК) қызметінің орта мерзiмдi стратегиясын айқындау қажет.
Ұзақ мерзiмдi ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының шеңберiнде тұрғын үй сатып алу немесе салу үшiн халықты кредиттеудi жүзеге асыратын банктер тұрғын үй ипотекалық кредиттеуiн оңтайландыру және кеңейту мақсатында Ипотекалық кредиттерге кепiлдiк беру қорын (ИККҚ) құру шеңберiнде iске асырылатын арнайы сақтандыру бағдарламасын қамтамасыз ету түрлерiнің бiрi ретiнде пайдалануы тиiс. Заемшылардың дефолты болған жағдайда кредиторлардың тәуекелдерiн сақтандыру ИККҚ құрудың мақсаты болып табылады.
Ағымдағы жағдай
ҚИК өз қызметiн Қазақстан Республикасының 13 өңiрiнде жүзеге асырады. ҚИК Ипотекалық кредиттеу бағдарламасы бойынша берiлген ипотекалық кредиттердің көлемi 2002 жылдың соңында 1 млрд. теңгеден асты. ҚИК ТМД елдерiнің арасында бiрiншi болып жалпы сомасы 500 млн. теңге, айналыс мерзiмi үш жыл болатын ипотекалық облигациялар шығарып, орналастырды.
Халықтың басым көпшілігiнің ипотекалық кредиттерге қол жеткiзуiн қамтамасыз ету мақсатында ҚИК ипотекалық кредиттер бойынша пайыздық ставкалардың деңгейiн төмендету бойынша және ипотекалық кредиттердің мерзімдерін 15 жылға дейін ұзарту бойынша жұмыс жүргiзуде.
Негiзгi шаралар
ҚР Үкіметінің 2005.24.02. № 169 Қаулысымен 1 абзацқа өзгерістер енгізілді (бұр. ред. қара)
Ең алдымен, биылғы жылы ҚИК-сын дамыту стратегиясын қабылдаған жөн.
ИККҚ-тан сақтандыру төлемдерi кредиторларға белгiлi бiр кредитін өтеу кезеңде мерзiмінің өтiп кетуi туындаған және кепiлдi өндіріп алу айналысының рәсімі қолданылған жағдайларда төленедi.
Өндiрiп алу айналысының рәсiмiн қолдану есебiнен негiзгi борыштың, мерзiмi өткен пайыздардың, заңдық шығыстардың, жылжымайтын мүлiктің сақтандыру ақысының төленбеген сомасының өтелмеген бөлiгінің белгiленген деңгейi (пайызы), сондай-ақ кредитордың кепiлiн өндiріп алу айналысының рәсiмi аяқталғаннан кейiн туындауы мүмкiн өзге де зияндары сақтандыруды өтеуге кіреді.
Кредиттердің сомасына байланысты кредиттеу рәсiмінің басында заемшылар сақтандыру сыйлықақыларын бiр рет төлейдi, бұл ИККҚ-қа ақша қаражатының ағылуына мүмкiндiк жасайды.
ИККҚ-тың жарғылық капиталын Ұлттық Банк қалыптастырады. Одан әрi екiншi деңгейдегi банктердi, сондай-ақ ұзақ мерзiмдi ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының шеңберiнде халықты ипотекалық кредиттеудi жүзеге асыратын банктiк емес қаржы ұйымдарын ИККҚ-қа қатысуға тарту болжанып отыр.
в) Қазақстан Даму Банкi
Мақсаты мен мiндетi
Қазақстан Даму Банкi (бұдан әрi - Даму Банкi) қызметінің негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi "Қазақстан Даму Банкi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған, оларға мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиiмділігін жетілдiру және арттыру, өндiрiстiк инфрақұрылымды және өңдеушi өндiрiстi дамыту ел экономикасына сыртқы және ішкi инвестициялар тартуға ықпал ету кiредi. Болашақта мемлекеттің инвестициялық жобаларды қаржыландырудағы рөлiн күшейту талап етiледi. Даму Банкi қаржылық маңызды буын және Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы № 1096 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын (бұдан әрi - Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы) iске асыру құралдарының бiрi болып табылатындықтан, ол мемлекеттік инвестициялық саясатты iске асыруға барынша белсендi түрде қатысуы тиiс.
Ағымдағы жағдай
Даму Банкінің инвестициялық басымдықтары, заем қаражатын тартуға сандық шектеулер, кредиттеудің лимиттерi, бағыттары, ықтимал шарттары, тәртібі және мерзiмдерi, Даму Банкінің қоса қаржыландыруы және кепiлдiктер беруi Yкіметтің 2001 жылғы 12 қыркүйектегi № 1187 шешiмiмен бекітілген Даму Банкінің кредит саясаты туралы меморандумда белгiленген.
Даму Банкi жарғылық капиталды бiрiншi класты эмитенттердің активтерiне орналастыру үшiн ғана пайдаланады. Инвестициялық қызметтен алынған кiрiстер Даму Банкiнің кредиттiк ресурстарының көздерi болып табылады. Осыдан басқа заемдық қаражат, оның iшiнде республикалық және жергiлiктi бюджеттердің қаражаттары, Даму Банкiнің кредиттік ресурстарының көздерi ретiнде болады.
Негiзгi шаралар
Даму Банкi өз қызметiн Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес жүзеге асыратын болады.
Сонымен бiрге Даму Банкi қайтарылымдық негiзде iске асыруға ұсынылған республикалық және жергiлiктi инвестициялық жобаларға, сондай-ақ мемлекеттің кепілдiк беруiмен тартылатын заемдар есебiнен қаржыландырылатын жобаларға бюджеттік бағдарламаның басқарушысымен жасалған шарт негiзiнде сараптама жүргiзетiн болады.
Даму Банкi үшiн болашақта мынадай іс-шараларды орындау басым болады: - Даму Банкінің бағалы қағаздарына "агенттiк" мәртебесiн беру, бұл кредиттік ресурстардың шығасыларын және құнын төмендетуге мүмкiндік береді;
- қазақстандық капиталдың қажеттi экспансиясын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары, Қазақстан экономикасымен технологиялық байланысты жобаларды кредиттеу және мүмкіндігіне орай резидент еместердің капиталына қатысу арқылы Даму Банкінің қаржыландыруы; - қызметкерлердiң өкiлдiктерiн ұлғайту Қазақстанның мүдделерiн одан әрi дамыту және қорғау мақсатында, шетелдiк даму институттарында және халықаралық қаржы ұйымдарында тағылымдамалардан өту және жұмыс iстеу арқылы Ұлттық кадрларды даярлауды қаржыландыру және ынталандыру.
г) Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi
Мақсаты мен міндетi
Тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша халық үшiн жаңа қаржылық қызмет көрсетулердi дамыту мемлекеттiң басым мiндетi болып табылады. Осыған байланысты елдің тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетiн азаматтарының қаражаты тартылатын құрылыс жинақ ақшасы жүйесiн дамыту маңызды болып табылады. Кредиттеудің осы түрінің ипотекалық кредиттеу жүйесiнен негiзгi айырмашылығы клиенттiң сатып алынатын тұрғын үй үшiн құрылыс жинақ банкiнде тұрғын үйдің жалпы сомасының 50% мөлшерiнде алдын ала жарнаның сомасын жинауы тиiс екендiгiнен тұрады. Жетпейтiн 50% соманы клиентке рыноктағыдан гөрi төмен процентпен құрылыс жинақ банкi төлейдi.
Сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесiнде құрылыс жинақ ақшасының салымшыларына республикалық бюджеттен мемлекеттік сыйлықақы төлеу көзделедi. Ынталандырылатын, негiзгi сомасы ғана емес, сонымен қатар ол бойынша құрылыс жинақ банкi есептеген сыйақы кiретiн салым сомасының 20 пайызы сыйлықақының мөлшерiн құрайтын болады.
Құрылыс жинақ ақшасы жүйесiн ендiру мынадай мiндеттердi шешуге мүмкіндік бередi:
- азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту;
- халықтың iшкi жинақ ақшасын жұмылдырудың тағы да бiр жүйесiн құру; - құрылыс өнеркәсiбiн дамыту және тұтастай алғанда инвестицияларды ұлғайту үшiн жағдай жасау;
- жаңа жұмыс орындарын ашу.
Ағымдағы жағдай және негiзгi шаралар
2000 жылы "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" заң қабылданды, алайда осы уақытқа дейiн құрылыс жинақ ақшасы жүйесi жұмыс iстемейдi.
"Тұрғын үй құрылысы жинақ банкін құру туралы" Үкiметтің 2003 жылғы 16 сәуірдегі № 364 қаулысымен құрылыс жинақ ақшасы тетiгiн iске қосуға мүмкiн болды. 2003 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы ?кіметінің тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің жарғылық капиталына қатысуына 500 млн. теңге сомасында қаражат жоспарланып отыр, ол тұрғын үй заемдарын берудi жүзеге асыратын болады.
Тұрғын үй құрылысы банкiн қаржыландыру көздерi бюджет қаражатымен қатар шетелдiк инвесторлардың, шетелдiк тұрғын үй жинақ мекемелерінің қаражаты болады.
Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесінің одан әрi жедел дамыту үшiн тұрғын үй құрылысы банкi мен оның клиенттерi үшiн қолайлы салық жеңiлдiктерiн жасау қажет.
д) Кредиттiк бюро
Мақсаты мен мiндетi
Әлемнің көптеген елдерiнде, оның iшiнде Еуропалық одаққа кiретiн елдерде, кредиторлар (кредит берумен шұғылданатын қаржы ұйымдары) тұрақты негiзде кредиттiк бюро арқылы заемшылардың төлем қабiлеттiлiгi туралы ақпаратпен алмасады.
2003-2006 жылдар кезеңiнде жеке кредиттiк бюролармен қатар кредиттерді мемлекеттік тiркеу институттарын құру қажет, бұл көптеген дамыған елдерде қолданылған. Кредиттiк бюро құру банктiк қызмет көрсету деңгейiн, халықтың банктерге және басқа қаржылық ұйымдарға сенiмiн арттыруға, заемшылар мен банктердің мүдделерiн қорғау бойынша кепілдіктер жасауға, кредиттік қызмет көрсету рыногындағы тәуекелдердi төмендетуге мүмкiндiк бередi.
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта Ұлттық Банкте қалыптастырылуы үшiн банктер және банктiк емес ұйымдар ай сайын ақпарат беруге мiндеттi болатын кредиттiк тiркелім жүргізiледi. Осы ақпаратты есептi кезеңде берiлген барлық кредиттер мен шартты және ықтимал, сондай-ақ осы кезеңде баланстан есептен шығарылған мiндеттемелер бойынша банктер және банктiк емес ұйымдар беруi тиiс.
Екiншi деңгейдегi банктер шағын және орта бизнес кәсіпорындарына олардың едәуір бөлігінің кредиттік тарихы болмағандықтан кредиттер беруге мүдделi емес. Көптеген кәсiпорындардың қызметiнде олардың бұрынғы қарыздары бойынша ресми ақпарат айқындығының болмауы себептi кредиттердi уақтылы қайтару мүмкiндiгiне (төлем қабiлеттiлiгiне) банктер күмән келтiредi.
Негiзгi шаралар
Кредиттiк бюроның қызметiн реттейтiн барлық қажеттi нормативтiк құқықтық база әзiрленiп, қабылданатын болады. Кредиттік бюроның құрылтайшысы Ұлттық Банк болады деп болжануда.
Кредиттiк тарихтарды қалыптастыру, жүргiзу және кредиттік есептердi беру жөніндегі қызмет, сондай-ақ кредиттік бюро жүйесi қатысушыларының қызметiн және арнайы әдебиеттi автоматтандыру үшiн пайдаланылатын арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудi жүзеге асыру, кредиттiк бюро қызметінің мәселелерi бойынша консультациялық қызмет көрсетулердi ұсыну, маркетингтiк және статистикалық зерттеулер жөніндегі қызмет кредиттік бюро қызметінің негiзгi түрi болып табылады.
Банктер, банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар, міндеттi сақтандыру түрлерiн жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары, мемлекеттік органдар кредиттiк бюроға ақпаратты ұсынуға мiндеттi жеткiзушiлер болып табылады. Өзге ұйымдар кредиттiк бюроға ақпарат беру туралы шарт жасай отырып ақпарат донары мәртебесiн ерiктi тәртiппен иеленуге құқылы.
е) Жеке тұлғалардың салымдарына міндетті ұжымдық кепiлдiк беру (сақтандыру) жүйесiн дамыту
Мақсаты мен мiндетi
Қазақстан Республикасының жеке тұлғалардың салымдарына мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру (сақтандыру) жүйесiн құрудың және жұмысының басты мақсаты - қатысушы банкке қатысты мәжбүрлеп тарату рәсiмдерi қолданылған жағдайда салымшылардың мүдделерiн қорғау. Болашақта халықаралық тәжiрибенің және стандарттардың жетiстiктерi ескерiле отырып, осы жүйе жұмысының тетiктерi жетiлдiру міндеті тұр.
Ағымдағы жағдай
Қазақстан Республикасының жеке тұлғалардың салымдарына мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру (сақтандыру) жүйесi қалыпты жұмыс iстеуде. Қазiргi уақытта 21 екiншi деңгейдегi банк жүйенiң қатысушысы болып табылады.
Осы кезеңде салымдарды қорғау жүйесi депозиттердi сақтандырудың барлық халықаралық негiзгi стандарттарына, атап айтқанда ХВҚ және Қаржылық тұрақтылық форумы ұсынғандарға сай келмейдi.
Негiзгi шаралар
Қазақстан депозиттерiнiң сақтандыру жүйесiн халықаралық озық тәжірибеге толық сәйкес келтiру мақсатында мынадай негiзгi шараларды жүзеге асыру қажет:
- "Қазақстанның жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттерiне) кепiлдiк беру (сақтандыру) қоры" акционерлік қоғамының халықаралық стандарттарға көшуi және оның қатысушы банктердi тарату барысын қадағалау бөлiгіндегі өкілеттiгiн кеңейту бойынша жұмыстарды жалғастыру;
- кепілдiк беру объектiлерiн айқындау рәсiмдерiн жетілдiру, кепiлдiк беру объектiлерiн бiртiндеп кеңейту (атап айтқанда, карт-шоттардағы теңгемен көрсетiлген ақшаны және жеке тұлғалардың теңгемен, АҚШ долларымен және еуромен көрсетiлген шартты салымдарын кепілдiк беру объектiсiне енгізу);
- 2004 жылдан бастап халықтың депозиттерiн қабылдау құқығын жеке тұлғалардың салымдарына кепiлдiк беру жүйесінің қатысушылары болып табылатын банктерге ғана беру;
- халықтың кепiлдiк беру жүйесiнiң объектiлерi болып табылатын депозиттерi бойынша өндiрiп алу мөлшерiн бiртiндеп арттыру;
- салымдар бойынша өндiрiп алу резервiн салымшылардың банк жүйесiне сенiмiн сақтау үшiн жеткіліктi деңгейге дейiн жеткiзу мақсатында банктердiң салымдарға кепілдiк беру жүйесiн қаржыландыру тәртібін жетiлдiру.
2. Сақтандыру рыногын дамыту
Мақсаты мен мiндетi
Сақтандыру рыногын дамытудың негiзгі мiндетi - қазiргi заманғы ұлттық сақтандыру индустриясын қалыптастыру, сақтандыруды шаруашылық субъектілерiнiң мүдделерiн және халықты әртүрлі тәуекелдерден қорғаудың тиімді тетігі және ұзақ мерзiмдi iшкi инвестициялар ретiнде белсендi пайдалану.
Ағымдағы жағдай
Республика экономикасының соңғы жылдардағы тұрақты өсуi және ұлттық сақтандыру индустриясын реформалау бойынша мемлекет қабылдаған шаралар осы саланы жеделдетiп дамытуға мүмкiндiк жасады.
Сақтандыру рыногының негiзгi көрсеткіштерінің динамикасы бiрнеше жыл iшiнде оң түрде сипатталады. Қазақстанда 2002 жылдың аяғында 33 сақтандыру ұйымы жұмыс iстейдi.
2000 жылы қабылданған "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы сақтандыруды қадағалау деңгейiн осы саладағы тиiстi халықаралық стандарттарға дейін көтеруге мүмкiндiк бередi. Ұлттық сақтандыру рыногының қазiргi заманғы инфрақұрылымы белсендi түрде қалыптасуда, актуарийлік есеп айырысу жүйесi енгiзiлуде, Қазақстан актуарий орталығы құрылды.
Үстiмiздегi кезеңде қазақстандық сақтандыру рыногын халықаралық сақтандыру және қайта сақтандыру рыноктарына интеграциялаудың ықтимал шаралары қабылданды. Ұлттық Банк 2000 жылы Халықаралық сақтандыруды қадағалау қауымдастығына (IAIS) кiрдi.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 27 қарашадағы № 491
Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында сақтандыруды дамытудың 2000-2002 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру барысында сақтандырудың жинақталып қалған көптеген, оның iшiнде әлеуметтiк саладағы проблемалары шешілдi.
Халықтың сақтандыру секторына деген сенiмi белгiлi бiр деңгейде өстi, сақтанушылардың заңды мүдделерiн қорғау деңгейiн арттыру жөнiнде жұмыс жүргiзiлуде. Бұған қазiргi кезде құқықтық және экономикалық шарттары әзiрленіп жатқан міндетті сақтандырудың көпшiлiк түрлерi бойынша Сақтандыру төлемдерiне кепiлдік беру қорының рынокта пайда болуы да тиiстi заң қабылданғаннан кейiн ықпал ететiн болады.
Соған қарамастан, елде өмiрдi сақтандыру мен жинақтаушы және ұзақ мерзiмдi сақтандырудың өзге де түрлерінің рыногы жеткiлiксiз дамыған. Сақтандыру ұйымдарын капиталдандырудың төмен болуы орын алып отыр, олар жинаған сақтандыру сыйлықақыларының едәуiр бөлiгi (70%-ға дейiн) қайта сақтандыру арналары арқылы шетелге жiберiлуде.
Негiзгi шаралар
Болашақта мынадай негiзгi шаралар жүзеге асырылатын болады:
1) мiндеттi сақтандыру саласында:
- мiндеттi сақтандыру түрлерiн, оның iшiнде мiндеттi медициналық сақтандыруды, кезең-кезеңiмен ендiру (осы мәселелер бойынша тиiстi заң актілерiн қабылдау) және халықтың едәуiр бөлiгiнiң әлеуметтік қорғалу деңгейiн көтеру үшiн олардың тиiмдi қолданылуын қамтамасыз ету;
- экологиялық сақтандыру (мiндеттi және сол сияқты ерiктi) саласында бiрыңғай мемлекеттік саясатты айқындау және төтенше сипаттағы тәуекелдерден қорғауға байланысты сақтандырудың өзге де түрлерiн дамыту;
- ауыл шаруашылығында міндеттi сақтандыруды мемлекеттік қолдау жүйесiн құру;
- сақтандыру жүйесінің әлуетiн республика өнеркәсiбiнің тұрақты даму тетiктерінің бiрi ретiнде жан-жақты пайдалану;
2) өмiрдi сақтандыруды, аннуитеттер жүйесiн және сақтандырудың өзге де әлеуметтiк мәнi бар түрлерiн жедел дамыту;
3) толыққанды сақтандыру статистикасын қалыптастыру, сондай-ақ мониторинг бойынша және сақтандыруда (әcipece экологиялық сақтандыру, ауылдық өндiрiстегi сақтандыру саласында және т.б.) пайдалану үшiн әртүрлi қауіптi өндiрiстiк тәуекелдердi бағалау бойынша салалық инфрақұрылым құру;
4) сақтандыру рыногында сақтандыру қызметi тарифтерiн төмендеуiне, сақтандыру өнiмдерінің сапасын арттыруға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің қызметінде айқындылық пен сенімділіктi қамтамасыз етуге негiзделіп кездесетiн адал бәсекелестiктi дамыту үшiн оңтайлы жағдайлар құру. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулдерiн, оның iшiнде мемлекеттің нақты экономикалық міндеттерін жүзеге асыруға ықпал ететіндерiн құруды ынталандыру;
5) көлемi жыл сайын ұлғайып отыратын тәуекелдердi қабылдау бойынша ұлттық сақтандыру және қайта сақтандыру рыноктарының шектелген әлуетiн ескере отырып (экономиканың өндiрушi салаларының жедел дамуына да байланысты), қайта сақтандыру проблемаларын кезең-кезеңiмен шешу;