Мемлекеттік функцияларды осылайша құрылымдау, тұтастай алғанда мiндеттi және негiзгi мемлекеттік функцияларды iске асыруда барлық деңгейдегi мемлекеттік органдардың күш-жiгерiн шоғырландыруды қамтамасыз етуге, оларды бәсекелес секторға бере отырып, қосымша функциялардың үлесiн қысқартуға бағытталады.
3.2. Мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы функциялар мен
өкiлеттiктердi ажырату
Аталған жұмысты жүргiзу осы Тұжырымдамада айқындалған мемлекеттік функцияларды бөлудiң жалпы өлшемдерiн ескере отырып, функционалдық талдаудың, мемлекеттік функциялар мен оның жiктемесiнiң дайындалған тiзбесiнiң нәтижелерiне негiзделетiн болады.
Билiк деңгейлерiнiң арасындағы функцияларды ажыратудың мынадай өлшемдерi мен шарттары көзделедi:
1. Жалпымемлекеттік маңызы бар мәселелер, атап айтқанда: мемлекеттiң жұмыс iстеуi мен дамуының тұтастығын (қорғаныс, қоғамдық тәртiп және қауiпсiздiк, сыртқы саясат) қамтамасыз ету, заң шығарушылық қызмет, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау, олардың мемлекет кепiлдiк берген ең төменгi әлеуметтiк игiлiктер алуы мемлекеттік басқарудың орталық деңгейiнiң құзыретi болып табылады.
Бұл ретте орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлiмшелерi заңдардың мiндеттi және бiркелкi сақталуын бақылауды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының Конституциясы кепiлдiк берген негiзгi әлеуметтiк маңызы бар қызметтердi елдiң бүкiл аумағы бойынша ұсынуға бiрдей қол жеткiзудi қамтамасыз ету жөнiнде шаралар iске асырады, оларды көрсетудiң стандарттарын белгiлейдi.
2. Жергiлiктi маңызы бар мәселелердi мемлекеттік басқарудың жергiлiктi органдары дербес шешедi және реттейдi. Сондай-ақ, олар заңнаманы орындау, жалпымемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiлген және билiктiң осы деңгейiнiң орындауына заңды түрде берiлген қызметтердi ұсыну жөнiнде билiктiң жоғары тұрған деңгейлерiнiң алдында бақылауда және есеп беретiн болады.
Бұл ретте басқарудың облыстық деңгейiнiң негiзгi мiндеттерi аумақтың жалпы әкiмшiлiк басшылығын жүзеге асыру, өңiрдiң бүкiл аумағы бойынша мемлекеттік қызметтердi ұсынуға бiрдей қол жеткiзудi қамтамасыз ету, сондай-ақ жергiлiктi басқарудың төмен тұрған буындарының шеңберiнде қамтамасыз етiлмейтiн жергілiктi маңызы бар мәселелердi шешу болуы тиiс.
3. Басқару жүйесiн ұтымды түрде ұйымдастыру тұрғысынан қарағанда, жалпымемлекеттік функцияларды орындау және қызметтер ұсыну жөніндегі өкiлеттіктер олар неғұрлым тиiмдi жүзеге асырылатын жердегi мемлекеттік басқару деңгейлерiне бекітіледi.
Бұл ретте мемлекеттiң халыққа қызметтер көрсетуi оларды ұсынудың тиiмдiлiгiне қол жеткiзу, ол қызметтерге жұмсалатын қаржы шығындарын азайту мақсатында осындай қызметтердi ұсыну үшiн инфрақұрылымның болуын ескере отырып, оларға жақын әкiмшiлiк деңгейде ұсынылуы тиiс.
4. Шешiмi бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк шеңберiнде қамтамасыз етiлмейтiн мәселелер жоғары тұрған деңгейдiң заңды құзырына ауысады.
5. Толық көлемдегi әрбiр функция тек бiр ғана органның немесе мемлекеттік басқарудың бiр деңгейiнiң құзыретiне жатқызылуы тиiс. Бұл ретте функциялардың қосарлануы немесе қиылысуы мемлекеттік басқарудың тiгiнен де көлденеңiнен де азайтылуы тиiс.
Жоғарыда аталған өлшемдер мен шарттарға сәйкес оларды Мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердi ажырату және бюджетаралық қатынастарды жетiлдiру мәселелерi жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрi - Мемлекеттік комиссия) қарауына енгізу және кейiннен тиiстi заңнамалық өзгерістерге бастамашылық жасау үшiн мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы мемлекеттік функцияларды оңтайлы бөлу жөнiнде ұсыныстар дайындалады. Ұсыныстарды дайындау мынадай бағыттар бойынша көзделедi:
қазiргi уақытта билiктiң орталық деңгейiне бекітілген жекелеген функцияларды жергiлiктi мемлекеттік басқарудың қарамағына беру;
орталық және жергiлiктi мемлекеттік басқарудың бiрлесiп жүргiзу функцияларын оңтайландыру;
жергiлiктi мемлекеттік басқару деңгейлерi арасында, оның iшiнде коммуналдық меншiктi басқару бөлiгiнде функциялар мен өкiлеттiктердi нақты ажырату;
қазiргi уақытта мемлекеттік басқарудың жергiлiктi органдарына бекітілген бiрқатар функцияларды орталық мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлiмшелерiнiң қарамағына беру;
орталық мемлекеттік органдардың тiкелей құзырындағы әкiмшiлiк, рұқсат беру және бақылау-қадағалау функцияларының бiр бөлiгiн аумақтық деңгейге беру.
Билiктiң барлық деңгейлерi арасындағы функцияларды ажырату, мемлекеттік функцияларды орындайтын жауапты органдарды анықтау жөнiнде әзiрленген ұсыныстарды ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның қарауына енгiзiлетiн жергiлiктi мемлекеттік басқарудың схемасы мен үлгi құрылымы дайындалады.
Жоғарыда аталған шараларды iске асыру мемлекеттік басқарудың жұмыс iстеу негiзiн қозғайды, сондықтан ең алдымен заңнамаға елеулi өзгерістер енгізудi, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерi арасында ұйымдық-құқықтық өзара қатынастарды дәйектi және жүйелі нақтылауды талап етедi.
Мемлекеттік комиссия жұмысының шеңберiнде бекітілген жоспарға сәйкес тұрақты негiзде 2003 жылдың бiрiншi тоқсанының iшiнде мемлекеттік басқарудың әрбiр секторы және билiк деңгейлерi бойынша мемлекеттік функцияларды бөлу мәселелерi қаралатын болады. Мемлекеттік органдардың қарау нәтижелерi бойынша мемлекеттік басқарудың жекелеген секторларындағы қызметтi реттейтiн қолданыстағы заңнамалық кесiмдерге, «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттік басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және басқаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобалары дайындалатын болады.
Тұтастай алғанда, негiзгi заңнамалық кесiмдер 2003 жылдың аяғына дейiн қабылдануы тиiс, ал бюджетаралық қатынастар жүйесiн құрудың жаңа қағидаттарына 2004 жылдан бастап бiртiндеп көшу үшiн жағдайлар жасау мақсатында жыл ортасында кейбір басым заң жобаларын қабылдау ұйғарылып отыр.
3.3. Бюджетаралық қатынастардың оңтайлы моделiн қалыптастыру
3.3.1. Мемлекеттік басқару деңгейлерiне шығыс өкiлеттiктерiн
бекітудi тәртiпке келтiру
Мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы функцияларды бөлудi негiзге ала отырып, бiрыңғай бюджеттік жiктеменi қалыптастыру кезiнде көрiнiс табатын, бюджет деңгейлерi бойынша шығыс өкiлеттiктерiн нақты ажырату және тәртiпке келтiру күтiледi.
Қажеттi қаржыландыру мөлшерiн неғұрлым нақты анықтауға негiзделген функция жүзеге асырылатын билiк деңгейiнiң бюджетiнен қаржыландыруды жүзеге асырудың орындылығына байланысты функцияларды жүзеге асыру кезiнде қаржыландырумен қамтамасыз ету жөніндегі өкiлеттiктер және функцияларды тiкелей өздiгiнен жүзеге асыру билiктiң бiр деңгейiне ғана бекітілетiн болады. Осы көзқарас әзiрленуi көзделiп отырған Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде, ең алдымен, облыс-аудан деңгейiнде шығыс өкiлеттiктерін ажырату бөлiгiнде заң жүзiнде бекітілетiн болады, бұл басқару деңгейлерi бойынша шығыс мiндеттемелерiн өз бетiнше берудi болдырмауға және сол арқылы бюджет шығыстарын жоспарлау үшiн неғұрлым қолайлы жағдайларға қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi.
Шығыс өкiлеттiктерiн бөлудегi жүйелiлiктi қамтамасыз ету үшiн мынадай ережелер ескерiлуi тиiс:
белгiлi бiр мемлекеттік функциялардың орындалуы көзделетiн заңнамалық кесiмдерде кейiннен оларға шығыс өкiлеттiктерiн бекітіп беру үшiн басқару деңгейлерi бойынша мемлекеттік органдардың құзыретi нақты анықталуы тиiс;
мемлекеттік басқарудың төмен тұрған деңгейлерiне қосымша функциялар берiлген жағдайда, заңнамалық кесiмдерде оларды iске асыру үшiн қажеттi тиiстi қаржылай қаражатты беру жүзеге асырылуы және бекітілуi тиiс;
жергiлiктi мемлекеттік басқару деңгейлерi мемлекеттік билiктiң жоғары тұрған органдарының нормативтiк құқықтық кесiмдердi қабылдауының нәтижесiнде туындайтын жергiлiктi бюджеттер шығыстарының өтемiне заң жүзiнде бекітілген құқығы болуы тиiс.
3.3.2. Мемлекеттік басқару деңгейлерi бойынша кiрiс көздерiн бөлу
Мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы шығыс өкiлеттiктерiн ажыратуды жүргiзудiң нәтижесiнде мемлекеттік басқарудың әртүрлi деңгейлерiнiң «функционалдық жүктемесi» өзгеруiмен байланысты бюджетаралық қатынастардың моделiн қайта қарау қажеттiлiгi, сонымен бiрге қаржылық қамтамасыз ету қажеттiлiгi туындайды.
Билiктiң барлық деңгейлерiнiң әрқайсысына өз өкiлеттiктерi мен жауапкершiлiгiн дербес iске асыру үшiн олардың шығыс өкiлеттiктерiне сай келетiн салықтық және салықтық емес кiрiс көздерiнiң бекітілуi жүзеге асырылып, сондай-ақ бюджетаралық реттеудiң тиiстi тетiгi анықталатын болады.
Бұл ретте облыс-аудан деңгейлерiнде салықтар мен бюджетаралық трансферттердi бөлу мәселелерiн облыстар қарамауы тиiс, ол заң деңгейiнде өз шешiмiн табуы тиiс, бұл елдiң мемлекеттік құрылысының бiртұтас сипатына сәйкес келетiн болады.
Салықтарды тиiмдi бөлу бюджеттердiң дербестiгiне қол жеткiзу үшiн де, салықтардың көп жиналуын қамтамасыз ету үшiн де ерекше маңызды болып табылады. Осыған байланысты кiрiс көздерiн мемлекеттік басқару деңгейлерiне бекіту кезiнде оларды ажыратудың мынадай өлшемдерi ескерiлуi тиiс:
түсiмдердiң тұрақтылығы - жергiлiктi билiк деңгейлерiне түсiмдерi тұрақты сипатқа ие болатын және салыстырмалы түрде экономикалық құлдырауға немесе көтерiлуге онша тәуелдi болмайтын салықтар бекітіледi. Орталық басқару деңгейi елдегi экономикалық ахуалға неғұрлым көбiрек әсер ететiндiгi осындай бөлуге дәлел бола алады, осыған байланысты ол экономикалық құлдыраудың қаржылық салдарының негiзгi ауыртпалығын көтеруi тиiс;
экономикалық тиiмдiлiк - билiктiң әрбiр деңгейiне осы билiк деңгейiнiң жұмыс тиiмдiлiгiне тәуелдi болатын салықтар, түсiмдердiң көлемi бекітілуi тиiс;
салық базасын бөлудiң бiркелкiлiгi - салық базасын орналастыру неғұрлым бiркелкi болмаса, тиiстi салық соғұрлым жоғары деңгейде енгiзiлуi тиiс және осы салық түсiмдерiн орталықтандыру үшiн алғышарт соғұрлым жоғары болады. Салық базасының аймақтар арасында бiркелкi бөлiнбеуi аймақтардың бюджеттік қамтамасыз етiлуiн теңестiру қажеттiгiн туғызады, өйткенi басқа аймақтарда жоқ салық ресурстарына қол жеткiзе алатын аймақтардың тұрғындары қалған аймақтардың тұрғындарына қарағанда неғұрлым тиiмдi жағдайда болады;
әлеуметтiк әдiлдiк - қайта бөлу сипатындағы салықтарды бюджет жүйесiнiң неғұрлым жоғары деңгейлерiне бекіту орынды;
салық базасының икемдiлiгi - нақты аумаққа байлаулы әрi икемдiлiгi төмен салық базасынан алынатын салықтарды төменгi билiк деңгейлерiне бекіту орынды;
салық ауыртпалығының экспорты - ауыртпалығы аумақтардың халқы мен кәсiпорындарына емес, салық төлеушiлерге, яғни басқа аумақтардың халқы мен салық төлеушiлерiне түсетiн салықтарды жергiлiктi билiк деңгейлерiне бекіту ұтымсыз, өйткенi мұндай жағдайда бюджеттік қызметтердi бiреулер пайдаланады, ал осы қызметтердi басқалар қаржыландыратын болып шығады, бұл бюджет шығыстарының тиiмдiлiгiне ешбiр жәрдем көрсетпейдi;
алымдар мен шығындардың бюджеттік сәйкестiгi - мемлекеттік органдар көрсететiн қызметтер үшiн төленетiн ақыны бiлдiретiн салықтық және салықтық емес алымдар аталған қызметтер қаржыландырылатын бюджетке түсуi тиiс.
Әрбiр басқару деңгейiне өзiнiң кiрiс көздерiн заң жүзiнде бекіту үшiн бюджетаралық реттеу жүйесiн анықтап алу қажет. Төмендегi мынадай төрт нұсқаның бiреуiн таңдау көзделедi.
Бiрiншiсi - қазiргi қолданылып жүрген тәртiптi оған тұрақтылық элементтерiн бере, яғни орта мерзiмдi кезеңге арналған субвенциялар мен алымдар мөлшерлерiн бекiте отырып, сақтау керек.
Осы нұсқаны қабылдаудың оң тұстары мыналар болып табылады:
орта мерзiмдi кезеңге арналған субвенциялар мен алулардың мөлшерлерiн бекітудiң тұрақтылығы жергiлiктi атқарушы органдарға республикалық бюджет жобасын жасауды күтпей-ақ, жергiлiктi бюджеттердiң жобасын қалыптастыруды жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi;
бюджет деңгейлерi арасында салықтың әрбiр түрiн бөлшектемей салық түрлерi бойынша бюджеттер арасында нақты бөлу сақталады, бұл республикалық та және жергiлiктi бюджеттердi де нақтылау рәсiмiн оңайлатады.
Терiс тұстары:
жергiлiктi билiк органдары мен жұртшылықтың аймақ мұқтаждарына пайдалануға болатын алып қоюдың негiзсiз мөлшерлерi туралы пiкiрiн туғызатын алып қою институттары сақталады, ал жекелеген аймақтарда мұндай алып қоюлар жүргiзiлмейдi.
Екiншiсi - орта мерзiмдi кезеңге арналған тұрақты бөлу нормативтерiн әрбiр нақты аймақ үшiн жеке белгiлеп, реттелетiн салық түрлерiн анықтау. Осы нұсқа бюджеттік алу тетiгiн жою мақсатында әртүрлi деңгейдегi бюджеттердi тiгiнен теңестiрудi көздейдi, яғни төлем көздерiнен алынатын кiрiстерден жеке табыс салығы және әлеуметтiк салық бойынша түсiмдердi республикалық және жергiлiктi бюджеттер арасында қайта бөлудi жүзеге асыру ұсынылады. Салықтарды бөлудiң ұсынылып отырған тетiгi бюджеттiң төмен тұрған деңгейлерiне де қолданылуы тиіс.
Бюджеттердiң төмен тұрған деңгейлерiн реттеу мақсатында жоғарыда көрсетiлген салықтармен қатар, орындайтын функциялары мен шығыстардың көлемiне қарай жергiлiктi бюджеттердiң кiрiстерiне түсетiн бөлiнетiн және басқа да салық түрлерi ретiнде анықталуы мүмкін.
Жергiлiктi бюджеттер үшiн осы нұсқаны қабылдаудың оң тұсы бюджеттік алулар тетiгiн жою болып табылады.
Терiс тұстары:
бюджеттік жоспарлаудың бiртұтастығы бұзылады. Жергiлiктi бюджеттер бойынша салықтарды бөлудiң әртүрлi нормативтерi жекелеген аймақтардағы оларды анықтаудың дұрыстығы туралы субъективтiк пiкiрге әкеп соқтырады;
бюджеттердiң төмен тұрған деңгейлерiн орындайтын функциялары мен шығыстардың көлемiне қарай жоғарыда көрсетiлген салықтармен қатар реттеу кезiнде бөлiнетiн ретiнде жергiлiктi бюджеттердiң кiрiсiне түсетiн салықтардың басқа да түрлерi қосымша анықталуы мүмкiн;
реттелетiн салық түрлерi бойынша түсiмдердi нақтылау бюджеттердiң барлық деңгейiне қатысты болғандықтан, бюджеттердi нақтылау рәсiмi күрделенеді;
осы тетiктi жасырын, көлегейленген нысандағы алуларға жатқызуға болады, яғни облыстың кiрiстерiнен тiкелей алулар емес, белгiлi бiр салықтардың жекелеген бөлiктерiн жоғары тұрған бюджетке жiберу жүзеге асырылады.
Yшiншi нұсқа - республикалық бюджеттiң кiрiстерiнде төлем көздерiнен алынатын кiрiстерден жеке табыс салығын және әлеуметтiк салықты орталықтандыруды жүзеге асыруды көздейдi. Осы жағдайда бюджетаралық қатынастар республикалықтан жергiлiктi бюджеттерге берiлетiн орташа мерзiмдi кезеңге арналған тұрақты субвенцияларды белгiлеу арқылы қалыптасатын болады. Бюджетаралық реттеудiң осындай тетiгi бюджеттiң төмен тұрған деңгейлерiнде де қолданылуы тиiс.
Осы нұсқаны қабылдаудың оң тұсы мыналар болып табылады:
бюджетаралық қатынастар республикалықтан жергiлiктi бюджеттерге берiлетiн орташа мерзiмдi кезеңге арналған тұрақты субвенцияларды белгiлеу арқылы қалыптасатын болады. Осылайша, жергiлiктi деңгейдегi тұрақты салық түсiмдерi, сондай-ақ орталықтан кепiлдiк берiлген субвенциялар қойылған мiндеттердiң тиiстi деңгейде орындалуына және басқарудың барлық деңгейлеріндегі орташа мерзiмдi кезеңге арналған iс-шаралардың сапалы болжануын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi;
бюджеттік алулар жүйесi толық жойылады, бюджетаралық қатынастарда қарапайымдылық пен айқындылық қамтамасыз етiледi, орташа мерзiмдi кезеңге арналған жергiлiктi бюджеттердiң тұрақты кiрiс көздерiне кепiлдiк берiледi;
республикалық та, жергiлiктi бюджеттердi де нақтылау рәсiмдерi оңайлатылады.
Терiс тұстары:
әлемдiк бағалар конъюнктурасындағы қолайсыз өзгерістердiң қазақстандық негiзгi экспорттық тауарларға әсерi республикалық бюджет кiрiстерiнiң едәуiр төмендеуiне әкеліп соғуы мүмкiн, бұл бөлiнетiн субвенциялар мөлшерлерi өзгермеген кезде, республикалық бюджеттiң теңдестiрiлуiне әсер етуi мүмкiн;
жеке табыс салығы және әлеуметтiк салық - жергiлiктi бюджеттердiң негiзгi кiрiс көздерi, оларды республикалық бюджетке берген кезде жергiлiктi атқарушы органдардың өз бюджеттерiн қамтамасыз етуiн реттеу мәселелерiнде жауапкершiлiгi төмендейдi.
Төртiншi нұсқа салық түсiмдерiн базалық (республикалық бюджетке) және аймақтық (жергiлiктi бюджеттерге) экономика кәсiпорындары бойынша бөлуге негiзделген. Жергiлiктi бюджеттердi теңестiру үшiн аймақтық экономика кәсiпорындарынан түсетiн жеке табыс салығын, әлеуметтiк салықты және ҚҚС-ты реттелетiн салықтармен белгiлеу ұсынылады. Астана және Алматы қалаларының бюджеттерi бойынша жеке бөлу ұсынылады. Мұндай жағдайда, iс жүзiнде барлық iрi салықтар кәсiпорындар бойынша әртүрлi пайыздар бойынша бөлуге ұшырайды, бұл ретте оларды аудандар мен қалалар бойынша бөлу мүмкiн емес.
3.3.3. Бюджетаралық трансферттер жүйесiн жетiлдiру
Аймақтарды қаржылық қолдау нәтижелiлiгiн қамтамасыз ету үшiн бюджеттік қамтамасыз ету өлшемi бойынша «жалпы мұқтаждарға» бюджетаралық трансферттер беруден - нысаналы және шектеулi оқшауланған субвенциялар жүйесiне кезең-кезеңiмен өту жүзеге асырылатын болады.
Бюджетаралық трансферттердi берудiң жаңа қағидаттарына көшудiң негізi iске асырылуы көзделетiн басымдық дәрежесi бойынша мiндеттi, негiзгi және қосымша функцияларға мемлекеттік функцияларды топтау болады. Мемлекеттік функцияларды мұндай құрылымдау, тұтас алғанда, мiндеттi және негiзгi мемлекеттік функцияларды iске асыруға арналған барлық деңгейдегi мемлекеттік органдардың күш-жiгерiн шоғырландыруды қамтамасыз етуге және тиiсiнше оларды бiрiншi кезекте бюджеттен қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Мұндай тәсiлдi практикаға енгізу үшiн бюджеттік жоспарлау мен мемлекеттік бюджеттiң атқарылу процесiн реттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдерге тиiстi өзгерістер енгiзiледi.
Мiндеттi функцияларды қаржыландыруды бүкiл ел бойынша бiрыңғай және мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерi атқаруға мiндеттi нормалар мен нормативтер негiзiнде, көбiнесе секвестрлеуге жатпайтын мемлекеттік бюджеттiң ағымдағы шығыстары шеңберiнде жүзеге асырылу көзделiп отыр.
Негiзгi функцияларды қаржыландыру мемлекеттік бюджеттiң ағымдағы бағдарламалары, сондай-ақ әлеуметтiк сала мемлекеттік мекемелерiнiң желiлiк нормативтерiн негiзге ала отырып, жаңа құрылыстарды қоса алғанда, мемлекеттік мекемелердiң (басқару, білім беру, денсаулық сақтау және т.б. органдары) материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталған даму бағдарламаларының аясында ұйғарылып отыр.
Қосымша функциялар республикалық деңгейде де, жергiлiктi деңгейде де бюджеттік даму бағдарламалары, сондай-ақ егер мұндай функцияларды орындау уақытша немесе бiр жолғы сипатта болса, ағымдағы бюджеттік бағдарламалар шеңберiнде қаржыландырылады. Функциялардың осы санатын қаржыландыруды толығымен қамтамасыз ету экономиканың ағымдағы жай-күйiне және бюджет көрсеткiштерiнiң болжамына байланысты болады.
Жоғарыда айтылған топтамаларды негiзге ала отырып, субвенциялар төменгi тұрған бюджеттерге екi санат бойынша берiледi деп көзделуде, олар:
1. Мемлекеттік басқарудың мiндеттi функцияларын қаржыландыруды қамтамасыз ету;
2. Аймақтарды дамыту бағдарламаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету.
Бұл орайда төмен тұрған бюджеттерге субвенциялар ең алдымен олардың ағымдағы шығыстарын барынша толық жабуға бөлiнетiн болады.
Төменгi деңгейдегi басқаруға субвенциялардың мөлшерлерiн есептеу негiзiне тиiстi аумақтардың халқын нормалар мен нормативтер негiзiнде есептелген ең аз әлеуметтiк қызметтер жиынымен қамтамасыз ету қағидаты негiзге алынатын болады.
Мемлекеттік органдардың қаржыландыруға қажеттерiн нақты бағалау үшiн мiндеттi шығыс өкiлеттiктерi бойынша жұмсаудың нормалары мен нормативтерiн, сондай-ақ облыстық және аудандық билiк деңгейiнде басқарудың үлгi құрылымын әзiрлеу көзделiп отыр.
Осы жұмыс шеңберiнде әлi де өзектi болып отырған шығыстардың қазiргi нормалары мен нормативтерiн сақтау, ескiргендерiн жетiлдiру немесе олардың күшiн жою және жұмсаудың жаңа нормалары мен нормативтерiн әзiрлеу мәнiнде түгендеу жүргiзiледi.
Соңғы жылдар iшiнде болған нарықтық қайта құрулар нәтижесiнде әлеуметтiк сала бiрнеше рет жаңғыртылды әрi оңтайландырылды, бұл сайып келгенде, бүгiнгi күнi әртүрлi аймақтарда халықтың тығыздығы мен нақты қажеттiлiктерi ескерiлмеген әлеуметтiк сала мемлекеттік мекемелерiнiң түрлi желiсiнiң болуына әкеп соқтырды. Осыған байланысты, ағымдағы жағдайды талдау негiзiнде осы факторлар ескерiлетiн әлеуметтiк сала объектiлерiнiң желiлiк нормативi әзiрленедi.
Аймақтарды дамыту бағдарламасын қаржыландыруды қамтамасыз етуге арналған трансферттердi беру мемлекеттік аймақтық саясаттың басымдықтары шеңберiнде жүзеге асырылады.
Бюджетаралық қатынастар жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ету үшiн ел Конституциясы кепiлдiк берген тегiн медициналық көмектiң көлемiн қаржымен қамтамасыз етудiң қажеттi деңгейiне қол жеткiзген соң, сондай-ақ мiндеттi әлеуметтiк және медициналық сақтандыру жүйелерi енгiзiлгеннен кейiн 2005 жылдан бастап бюджетаралық трансферттердiң орта мерзiмдi нормативтерiне көшкен жөн.
Жергiлiктi бюджеттердi теңдестiрудi қамтамасыз ету үшiн трансферттердiң орта мерзiмдi, тұрақты нормативтерiнiң қағидаттарына негiзделген бюджетаралық қатынастардың моделін жасау кезiнде жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуды жүзеге асыруы қажет емес. Мұндай жағдайда жергiлiктi атқарушы органдардың үшiншi тұлғалардан (республикалық бюджеттен басқа) қарыз алу құқығын алып тастау туралы мәселе қаралады.
3.4. Ауылдық, кенттiк, қалалық (аудандық маңызы бар) мемлекеттік
басқару деңгейлерiн институционалдық және функционалдық нығайту
Әкiмшiлiк-бюджеттік реформаның басым бағыты ауылдық округтердiң, кенттердiң, аудандық маңызы бар қалалардың деңгейiнде мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру, ең алдымен, оны институционалдық және функционалдық нығайту болып табылады.
Осы мақсатта 2004 жылдан бастап ауылдар, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар әкiмдерiнiң аппараттарын оларға заңды тұлға мәртебесiн бере отырып, қалыптастыру көзделiп отыр. Осы шара оларға оқшауланған мүлiктiң берiлуiн, өздерiнiң атынан сатып алу мен мүлiктiк және мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттерді жүзеге асыру құқығын берудi ұйғарады.
Атап айтқанда, бұл тиiстi аумақтарда жер қатынастарын реттеуге заңнамада берiлген құқықты қамтамасыз етуге мүмкiндiк туғызады.
Сонымен бiр мезгiлде, әкiмдердiң өз шығыстарын жоспарлаудағы және атқарудағы дербестiгiн кеңейту үшiн басқарудың осы деңгейiн сметалық қаржыландыру тетiгi жетiлдiрiлетiн болады.
Осы мақсатта әкiмшiлерi тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер әкiмдерiнiң аппараттары болып табылатын, жергiлiктi бюджеттi атқару барысында секвестрлеуге жатпайтын бюджеттік бағдарламалар бойынша оның шығыстарын қаржыландыруға көшудi жүзеге асыру көзделедi.
Сонымен қатар, оларға жергiлiктi маңызы бар жекелеген мәселелердi шешу мақсатында қосымша тартылатын қаражатты жинақтау үшiн қазынашылық органдарында арнайы шоттар ашy құқығы берiледi.
Жоғарыда аталған шаралар ауылдар, кенттер, қалалар (аудандық маңызы бap) әкiмдерiнiң шаруашылық және экономикалық салаларда шешiмдер қабылдаудағы өкiлеттiгiн кеңейтуге мүмкiндiк берiп, мемлекеттік басқарудың төменгi деңгейiнiң бюджеттік бағдарламаларын аудандық (қалалық) бюджет құрамында тиiстi мәслихаттар бекiтетiн және тек солар ғана өзгерте алатын болғандықтан, аудандық (қалалық) буындағы жергiлiктi атқарушы органдардан қаржылық дербестiгiн қамтамасыз етедi.
Мемлекеттік басқарудың деңгейлерi арасындағы функциялар мен өкiлеттiктердi ажырату жөніндегі жұмыс шеңберiнде 2004 жылдан бастап басқару функцияларын ауылдық, кенттiк, қалалық (аудандық маңызы бap) деңгейлерiне бекітілген тiзбесi кеңейтiледi, атап айтқанда мыналармен толықтыру:
елдi мекендердi көркейту, көгалдандыру мен санитарлық тазарту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
зираттарды, өзге де жерлеу орындарын тиiсiнше жағдайда күтiп-ұстау жөнiндегі қоғамдық жұмысты ұйымдастыру;
өрт қауiпсiздiгiн және судағы қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асыру;
елдi мекендердi сумен қамтамасыз ету, су мен жердi пайдалану мәселелерiн реттеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
заңда белгiленген тәртiппен тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер әкiмдiктерiне берiлген коммуналдық меншiктi басқару ұйғарылып отыр.
Мемлекеттік басқарудың институционалдық қалыптасуына және ауылдық, кенттiк, қалалық (аудандық маңызы бар) деңгейлерiнiң нығаюына қарай оларға бекітілген функциялардың тiзбесi кеңейтiлiп, сондай-ақ басқарудың осы деңгейлерiне дербес бюджет беру мәселесi қаралатын болады.
Осы мәселе бойынша шешiм «функционалдық жүктеменi» кеңейтуге және бюджеттік бағдарламаларға әкiмшiлiк етуге байланысты басқару және қаржыландыру тетiктерiн кемiнде екi бюджеттік циклдың iшiнде практикалық пысықтау, оларды бағалау, сондай-ақ: