Асыл тұқымды мал зауыты, асыл тұқымды мал шаруашылығы, мал тұқымын асылдандыру орталығы және дистрибьютерлік орталық мәртебесін беру, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің қызметіне аттестаттау
(қайта аттестаттау) өткізу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 қыркүйектегі № 1061 қаулысы
(2006.15.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 24 мамырдағы № 671 Қаулысымен күші жойылды
Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңының 12-бабын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі
Қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Асыл тұқымды мал зауыты, асыл тұқымды мал шаруашылығы, мал тұқымын асылдандыру орталығы және дистрибьютерлік орталық мәртебесін беру, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің қызметіне аттестаттау (қайта аттестаттау) өткізу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И.Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2002 ж.
26 қырқуйектегі
№ 1061 қаулысымен
бекітілген
Асыл тұқымды мал зауыты, асыл туқымды мал шаруашылығы, мал тұқымын асылдандыру орталығы және
дистрибьютерлік орталық мәртебесін беру, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің
қызметіне аттестаттау (қайта аттестаттау) өткізу
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және асыл тұқымды мал зауыты, асыл тұқымды мал шаруашылығы, мал тұқымын асылдандыру орталығы және дистрибьютерлік орталық мәртебесін беру, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің қызметіне аттестаттау (қайта аттестаттау) өткізу тәртібін анықтайды.
2. Асыл тұқымды мал зауыты, асыл тұқымды мал шаруашылығы, мал тұқымын асылдандыру орталығы және дистрибьютерлік орталық мәртебесін алуға, сондай-ақ малдың өсімін молайту жөнінде қызметтер көрсетуге үміткер жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік аттестаттау өткізіледі.
3. Осы Ережеде көзделген талаптарға жауап беретін, барлық жеке және заңды тұлғаларға тең негізде және шарттарда мемлекеттік аттестаттау өткізіледі.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Асыл тұқымды мал зауыты, асыл тұқымды мал шаруашылығы, мал тұқымын асылдандыру орталығы, дистрибьютерлік орталық, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың малдың өсімін молайту жөнінде қызметтер көрсету мәртебесі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының (бұдан әрі - жергілікті атқарушы орган) шешімімен ведомствоаралық сараптама комиссиясының (бұдан әрі Комиссия) қорытындысы негізінде беріледі.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мен білім және ғылым саласындағы орталық атқарушы органның бірлескен бұйрығымен құрамына асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және/немесе оның аумақтық басқармаларының, жергілікті атқарушы органның (қаралып отырған субъект орналасқан аумақтың) мамандары, ауыл шаруашылығы бейініндегі ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының ғалымдары кіретін комиссия құрылады.
2. Асыл тұқымды мал зауыты, асыл тұқымды мал
шаруашылығы, мал тұқымын асылдандыру орталығы
және дистрибьютерлік орталық мәртебесін беру тәртібі
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Асыл тұқымды мал зауыты, асыл тұқымды мал шаруашылығы, мал тұқымын асылдандыру орталығы, дистрибьютерлік орталық мәртебесін алу мақсатымен жеке немесе заңды тұлға жергілікті атқарушы органға мынадай құжаттарды:
1) белгіленген үлгідегі өтінішті (өтініштің нысанын асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді);
2) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктердің нотариат куәландырған көшірмелерін немесе жеке куәлігінің көшірмесін;
3) осы Ереженің 3-тарауында көзделген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды табыс етеді.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Жергілікті атқарушы орган өтінімдерді жинауды жүзеге асырады және оларды Комиссияның қарауына жібереді.
8. Комиссия табыс етілген құжаттарды (қажет болған жағдайларда жергілікті жерге барып) өтініш берілген күнінен бастап 3 айдан аспайтын мерзімде қарайды.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Табыс етілген құжаттарды талдау негізінде Комиссия өтініш берушіге тиісті мәртебе беру мүмкіндігі туралы қорытынды дайындайды және жергілікті атқарушы органға тиісінше шешім қабылдау үшін барлық қажетті құжаттармен бірге жібереді.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Асыл тұқымды мал зауыты, асыл тұқымды мал шаруашылығы, мал тұқымын асылдандыру орталығы және дистрибьютерлік орталық мәртебесі жергілікті атқарушы органның шешімімен белгіленген талаптарға жауап беретін заңды және жеке тұлғаларға беріліп, аттестат тапсырылады (аттестат нысанын асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді).
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
11. Тиісті мәртебе беруден бас тартылған жағдайда жергілікті атқарушы орган өтініш берушіге табыс етілген құжаттарды қарау үшін белгіленген мерзімде бас тартудың себептерін көрсете отырып, жазбаша түрде уәжді жауап қайтарады. Бас тартуға Комиссияның тиісті қорытындысы негіз болады.
12. Өтініш беруші оған тиісті мәртебе беруден бас тартудың себептерін жойғаннан кейін өтініш жалпы негіздерде қаралады.
13. Аттестат беруден бас тарту туралы шешімге өтініш беруші заңнамада белгіленген тәртіппен шағым жасай алады.
3. Асыл тұқымды мал зауыты, асыл тұқымды мал шаруашылығы, мал
туқымын асылдандыру орталығы және дистрибьютерлік орталық мәртебесін
алуға үміткер жеке және заңды түлғаларға қойылатын талаптар
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
14. Асыл тұқымды мал зауыты және асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін алуға үміткер жеке және заңды тұлғаларға қойылатын талаптар мыналарды қамтиды:
1) асыл тұқымды мал зауыттары мен шаруашылықтары мамандарының қатысуымен ғылыми ұйымдардың ғалымдары әзірлеген, жануарлардың сынақтан өткізілген немесе жасалып жатқан тұқымдарымен, үлгілерімен, кростарымен селекциялық-мал тұқымын асылдандыру жұмысы жоспарының болуы;
2) мал өнімділігінің сан және сапа көрсеткіштерінің жануарлардың тиісті тұқымдары мен үлгілері үшін стандарттардың талаптарына сәйкес келуі;
3) мыналарды:
асыл тұқымды малдың сынақтан өткен тұқымдарын, ішкі тұқымдық және зауыттық үлгілерді, зауыттық желілер мен белгілі бір тұқымдар кростарын ұстау мен пайдалануды (асыл тұқымды мал зауыттары үшін);
асыл тұқымды мал төлдерінің сынақтан өткен тұқымдарын, ішкі тұқымдық және зауыттық үлгілерді, зауыттық желілер мен белгілі бір тұқымдар кростарын бағыттап өсіруді (асыл тұқымды мал зауыттары үшін);
малды өз өнімділігі және ұрпағының сапасы бойынша бағалау жөніндегі бақылау-сынақтан өткізу аулалары мен пункттерінің жұмыс істеуін (асыл тұқымды мал зауыттары үшін) қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін материалдық-техникалық базаның болуы;
4) мыналарды:
асыл тұқымды мал өнімін (материалын) өндіру мен өсіру техноло-гиясына сәйкес асыл тұқымды малды теңдестіре азықтандыруды;
малға өз өнімділігі және ұрпағының сапасы бойынша нысаналы бағалау жүргізуді (асыл тұқымды мал зауыттары үшін) қамтамасыз ететін жемшөп базасының болуы;
5) 5 жыл бойы белгіленген нысандар бойынша асыл тұқымды малдың тегін, өнімділігін және сапасын, асыл тұқымды өнімді (материалды) растайтын үздіксіз есеп жүргізу;
6) жыл сайын сатылатын асыл тұқымды мал төліне міндетті түрде сертификаттау жүргізу (сәйкестілік сертификатының (асыл тұқымдық куәлігінің) болуы), сондай-ақ сатылатын асыл тұқымды өнімнің аурулардан аман екендігі туралы ветеринариялық куәліктің болуы;
7) тиісті (зоотехникалық немесе ветеринарлық) білімі бар мамандардың болуы;
8) ауданның бас ветеринариялық инспекторы берген малдың жұқпалы аурулары (туберкулез, бруцеллез, лейкоз, лептоспироз, кампилобактериоз, трихомоноз, қой эпидидимиті, хламидиоз, жылқының шағылысу ауруы, эпизоотиялық лимфангит), сондай-ақ Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның (ХЭБ) А тізімі бойынша аурулары жөнінен амандығы туралы ветеринариялық-санитариялық қорытындының болуы.
9) асыл тұқымды жануарларды ұстауға, өсіруге, пайдалануға және азықтандыруға байланысты тиісті зоогигиеналық және ветеринариялық-санитарлық талаптардың сақталуы;
10) шаруашылық мұқтаждарына арналған аумақтардың, мал шаруашылығы үй-жайларының, сондай-ақ басқа да құрылыстардың зоогигиеналық талаптарға жауап беретін жағдайларда ұсталуы;
11) ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен асыл тұқымды жануарларға сәйкестендіру жүргізудің және оларға ветеринариялық паспорттар ресімдеудің қамтамасыз етілуі.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 15-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
15. Мал тұқымын асылдандыру орталығы мәртебесін алуға үміткер заңды тұлғаларға қойылатын талаптар мыналарды қамтиды:
1) малдың өсірілетін тұқымдары бойынша асыл тұқымды мал зауыттарының селекциялық-мал тұқымын асылдандыру жұмысы жоспарының мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін жұмыс жоспарының болуы;
2) енелерінің өнімділігі тұқым стандартынан кемінде 50% асатын, өсірілетін тұқымдардың өнімділігі жоғары асыл тұқымды еркек малы қажетті санының болуы;
3) мыналарды:
асыл тұқымды еркек малды ұстау мен пайдалануды;
тұқым сапасы бойынша бағаланған және жақсартушы деп танылған еркек малдың мейлінше салқындатылған ұрығын алуды, жинақтауды, ұзақ уақыт сақтауды және пайдалануды;
эмбриондарды сатып алуды, сақтауды және сатуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін материалдық-техникалық базаның (төменгі температурада мұздатуға және еркек малдың ұрықтарын сақтауға арналған арнаулы зертхананы, ветеринариялық объектілерді, зертханалық және криогендік жабдықтарды қоса алғанда, үлгілік өндірістік үй-жайлар кешенінің) болуы;
4) асыл тұқымды еркек малға арналған нормаларға сәйкес келетін азықтандыру деңгейін қамтамасыз ету үшін жемшөп базасының болуы;
5) ұрық пен эмбриондар алу, жинақтау, сақтау есебінің болуы;
6) еркек малдың өз өнімділігі мен ұрпағының сапасы бойынша бағалау жүргізу;
7) жыл сайын сатылатын асыл тұқымды өнімге (материалға) міндетті түрде сертификаттау жүргізу;
8) тиісті (зоотехникалық немесе ветеринарлық) білімі бар мамандардың болуы;
9) ауданның бас ветеринариялық инспекторы берген жұқпалы аурулар (туберкулез, бруцеллез, лейкоз, лептоспироз, кампилобактериоз, трихомоноз, қой эпидидимиті, хламидиоз, жылқының шағылысу ауруы, эпизоотиялық лимфангит), сондай-ақ Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның (ХЭБ) А тізімі бойынша аурулар жөнінен амандығы туралы ветеринариялық-санитариялық қорытындының болуы.
10) асыл тұқымды жануарларды ұстауға, өсіруге, пайдалануға және азықтандыруға байланысты тиісті зоогигиеналық және ветеринариялық-санитарлық талаптардың сақталуы;
11) шаруашылық мұқтаждарына арналған аумақтардың, мал шаруашылығы үй-жайларының, сондай-ақ басқа да құрылыстардың зоогигиеналық талаптарға жауап беретін жағдайларда ұсталуы;
12) ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен асыл тұқымды жануарларға сәйкестендіру жүргізудің және оларға ветеринариялық паспорттар ресімдеудің қамтамасыз етілуі.
16. Дистрибьютерлік орталық мәртебесін алуға үміткер заңды тұлғаларға қойылатын талаптар мыналарды қамтиды:
1) асыл тұқымды мал зауыттары мен асыл тұқымды мал шаруашылықтарының селекциялық-мал тұқымын асылдандыру жұмысының жоспарларына сәйкес келетін жұмыс жоспарының болуы;
2) жақсартушы деп танылған еркек малдың ұрығын және эмбриондарды сақтау мен сатуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін материалдық-техникалық базаның (соның ішінде стационарлық биоқоймалары бар өндірістік үй-жайлардың, зертханалық және криогендік жабдықтардың) болуы;
3) еркек малдың ұрықтары мен эмбриондардың түсуін, сақталуын және сатылуын есепке алуды жүргізу;
4) тиісті білімі бар (зоотехникалық немесе ветеринарлық) мамандардың болуы;
5) ауданның бас ветеринариялық инспекторы берген жұқпалы аурулар (туберкулез, бруцеллез, лейкоз), сондай-ақ Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның (ХЭБ) "А" тізімі бойынша аурулар жөнінен аумақтың амандығы туралы ветеринариялық-санитариялық қорытындының болуы.
4. Малдың өсімін молайту жөнінде қызметтер көрсету бойынша жеке және
заңды тулғаларды аттестаттаудан
өткізу тәртібі
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 17-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
17. Малдың өсімін молайту жөніндегі қызметтер көрсетуді жүзеге асыру үшін жеке немесе заңды тұлға жергілікті атқарушы органға мынадай құжатттарды:
белгіленген үлгідегі өтінішті (өтініш нысанын асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган министрлігі белгілейді);
заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесін немесе жеке куәліктің көшірмесін;
осы Ереженің 5-тарауында көзделген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды табыс етеді.
Құжаттарды қарау осы Ереженің 7, 9-тармақтарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 18-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
18. Аттестатты жергілікті атқарушы орган жеке және заңды тұлғаға, өтініш берілген күннен бастап екі ай мерзімнен кешіктірмей береді.
19. Егер жеке немесе заңды тұлға осы Ережеде белгіленген талаптарға сай келмесе, аттестат беруден бас тартылуы мүмкін.
20. Аттестат беруден бас тартылған өтініш берушіге бас тарту себептері көрсетіліп, қаралған күнінен бастап бір ай мерзімде жазбаша түрде уәжді жауап қайтарылады. Бас тартуға Комиссияның қорытындысы негіз болады.
21. Өтініш беруші өзіне ол бойынша аттестат беруден бас тартылған себептерді жойғаннан кейін оның қайтадан берген өтініші жалпы негізде қаралады.
22. Аттестат беруден бас тарту туралы шешімге өтініш беруші заңнамада белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 23-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
23. Аттестат жоғалған жағдайда жергілікті атқарушы орган аттестаттың телнұсқасын береді.
24. Аттестатты басқа тұлғаға беруге болмайды.
5. Малдың өсімін молайту жөнінде қызметтер
көрсетуге үміткер жеке және заңды тұлғаларға
қойылатын талаптар
25. Малдың өсімін молайту жөнінде қызметтер көрсетуге үміткер жеке және заңды тұлғаларға қойылатын талаптар мыналарды қамтиды:
1) заңды тұлға үшін - тиісті білімі бар, қажетті жұмыс көлемін орындауды қамтамасыз ететін мамандардың болуын;
жеке тұлға үшін - өтініш берушінің тиісті білімінің болуын;
2) малдың өсімін молайту жөніндегі нұсқаулықтар мен нормативтік кесімдердің талаптарына сәйкес еркек малдың ұрықтары мен эмбриондарды сапалы түрде алуды, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз етеуге мүмкіндік беретін материалдық-техникалық базаның (зертханалық үй-жайдың, бақылау-өлшеу аспаптарының, құрал-саймандардың, материалдар мен технологиялық жабдықтардың) болуын.
6. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер қызметіне
мемлекеттік қайта аттестаттау өткізу тәртібі
26. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер қызметін мемлекеттік қайта аттестаттау бес жылда 1 рет өткізіліп отырады.
27. Қайта аттестаттауды өткізген кезде комиссия асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің осы Ережеде белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтайды, соның нәтижелері бойынша комиссия тиісті қорытынды жасайды.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 28-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
28. Комиссияның оң қорытындысы негізінде жергілікті атқарушы органның шешімімен аттестаттың қолданылуы келесі бесжылдық мерзімге ұзартылады.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 29-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
29. Жергілікті атқарушы орган асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъект аттестатының қолданылуын заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтата тұруға құқылы. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілерге анықталған кемшіліктерді жою үшін 6 айға дейін мерзім беріледі.
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 30-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
30. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъект қайта аттестаттау өткізген кезде анықталған кемшіліктерді жойғаннан кейін жергілікті атқарушы орган аттестаттың қолданылуын қайта жаңғыртады (ұзартады).
ҚР Үкіметінің 2006.15.03. № 174 қаулысымен 31-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
31. Жергілікті атқарушы орган асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнаманың нормалары қайтадан бұзылған жағдайда асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектіні аттестаттан айыру туралы талап-арыз қойып сотқа жүгінеді.