Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2003-2005
жылдарға арналған индикативтiк жоспары туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2002 жылғы 13 қыркүйектегі № 1000 қаулысы
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2002 жылғы 14 маусымдағы № 647 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының индикативтiк жоспарларын әзiрлеудiң ережесіне сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Мынадай құрамда Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2003-2005 жылдарға арналған индикативтiк жоспары (бұдан әрі Жоспар) бекітілсiн:
Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының жай-күйi және перспективалары туралы 2003-2005 жылдарға арналған баяндама (1-қосымша);
қолданыстағы және әзiрленетiн мемлекеттік әрі салалық (секторальдық) бағдарламалардың тiзбесi (2-қосымша);
республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 2003-2005 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың тiзбесi (3-қосымша);
Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2003-2005 жылдарға арналған мемлекеттік реттеуiштерi (4-қосымша).
2. Жоспар құрамында Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2003-2005 жылдарға арналған маңызды көрсеткiштерiнiң болжамы мақұлдансын (5 қосымша).
3. Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Жоспарды дайындау процесiнде әзiрлеген ұлттық компанияларды дамытудың 2003-2005 жылдарға арналған негiзгi бағыттары назарға алынсын.
4. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi заңнамада белгiленген тәртiппен әлеуметтiк-экономикалық дамудың 2003-2005 жылдарға арналған индикативтiк жоспарларының жобаларын тиiстi облыстар мен қалалар мәслихаттарының бекітуiне уақтылы енгізудi қамтамасыз етсiн.
5. Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесiп, елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы және Жоспардың iске асырылу барысы туралы тоқсан сайын Қазақстан Республикасының Үкіметін хабардар етiп отырсын.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінiң 2002 ж. 13 қыркүйек
№ 1000 қаулысына
1 қосымша
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ӘЛЕУМЕТТIК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ 2003-2005
ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ИНДИКАТИВТIК ЖОСПАРЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТIК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ
ДАМУЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙI ЖӘНЕ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ ТУРАЛЫ
2003-2005 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БАЯНДАМА
АСТАНА - 2002 ЖЫЛ
КІРIСПЕ
Осы құжат Қазақстан Республикасының "Бюджеттік жүйе туралы" Заңына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкiметінің қаулысы 2002 ж. 14 маусымдағы бекiткен № 647 Қазақстан Республикасының дамуының индикативтiк жоспарларын жасаудың Ережесіне сәйкес жасалған Қазақстан Республикасының 2003-2005 жж. әлеуметтiк-экономикалық дамуының Республикалық индикативтiк жоспары (бұдан әрi - Жоспар) болып табылады.
Жоспар сыртқы және iшкi факторларды ескере отырып 2003-2005 жж. экономиканың даму қарқынын дәлелдейдi және мемлекеттік басқарудың орталық және жергiлiктi органдарының экономиканың жеке және мемлекеттік секторларының дамуы үшiн қолайлы жағдайлар тудыратындай iс-әрекетiн анықтайды.
Жоспар стратегиялық жоспарларда, Қазақстан Республикасының Президентiнің Қазақстан халқына жолдауларында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002-2004 жж. Бағдарламасында белгіленген мақсаттарға жету және басымдықтарды iске асыру үшiн 2003-2005 жж. экономиканың салаларын дамытудағы мiндеттердi және оларды шешудiң жолдарын анықтайды.
Құжат келесi тараулардан тұрады:
1. Қазақстан Республикасының 2003-2005 жж. әлеуметтiк-экономикалық дамуының жай-күйi мен болашағы туралы баяндама;
2. Қазақстан Республикасының 2003-2005 жж. әлеуметтiк-экономикалық дамуының аса маңызды көрсеткіштерінiң болжамы;
3. Күшіндегі және әзiрленiп жатқан мемлекеттік және салалық (секторлық) бағдарламалар, оларды жоспарланған кезеңде қаржыландырудың көлемi көрсетiлген тiзбесi;
4. Күшіндегі және әзiрленiп жатқан мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламалар бойынша инвестициялық жобалардың тiзбесi;
5. Ұлттық компаниялардың дамуының негiзгi бағыттары мен негiзгі көрсеткіштерінің болжамы;
6. Қазақстан Республикасы Президентiнің шешiмдерiмен анықталатын әлеуметтiк-экономикалық дамудың мемлекеттік реттегiштерi.
Жоспардың iске асуын қабылданған мемлекеттiң салалық (секторлық) даму бағдарламаларына сәйкес орталық және жергiлiктi басқару органдары қамтамасыз етедi. Осы тұста үкiмет құзырына жататын iс шаралар 2003 ж. басына дейiн Үкiметтің iс шаралар жоспарында жүйеге келтiріледi, ал министрлiктердiң, агенттіктердің, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнің құзырына жататындары - дамудың нақты бағдарламаларын iске асыру жоспарларында.
2003-2005 жж. дамудың әрбір бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаралған инвестицияларды және оларға теңестiрiлген қаражаттарды даму бюджетi қаражатының мөлшерi шегiнде Республикалық Бюджет Комиссиясы қараған. Келесi жылдары 2004-2005 жж. инвестициялардың көлемi Жоспарды қалыптастырған кезде дәлiрек анықталатын болады.
1 ТАРАУ. 2000-2002 ЖЖ. ҚОЛ ЖЕТКЕH НӘТИЖЕЛЕРГЕ TАЛДАУ
Әлемдiк экономиканың даму тенденциялары
Қазақстан экономикасының дамуына 2000 және 2001 жж. сыртқы факторлар қолайлы әсерiн тигiздi. Ол мұнайдың, қара және түстi металдар рыногындағы қолайлы конъюнктурадан көріндi. Онымен бір мезгiлде ТМД кәсiпорындарымен, және де, ең алдымен Ресеймен ертеректе жоғалған кооперациялық байланыстардың кейбірiн қалпына келтiру процесi өрбiдi.
2001 ж. төртіншi тоқсанында әлемдiк экономикадағы ахуал күрт нашарлай бастады, әсiресе АҚШ-та болған террористiк актiлерден соң. Қазақстан үшiн ол мұнай мен металдарға әлемдiк конъюнктураның нашарлауынан, сондай-ақ қара метал экспортына АҚШ, Еуропа және Оңтүстiк-Шығыс Азия рыноктарына шектеу қоюдан байқалды.
2001 ж. екiншi жартысынан басқа түскен әлем экономикасының дамуындағы құлдырау әлемнiң дамыған және дамушы елдерiнiң көбiн қамтыды. Соңғы 30 жыл iшiнде алғаш рет әлемнiң жетекшi экономикалары iс жүзiнде бір мезгiлде өсуiн баяулатты. АҚШ экономикасының бәсеңдеуi Жапония, Малайзия, Сингапур, Аргентина, Канада, Бразилия, Мексика және Германия сияқты және басқа да елдерде осындай процестердің басталуына өз ықпалын тигiздi. Шын мәнiнде қазiргi кезде басқа елдерге қарағанда АҚШ әлемдiк экономиканың жағдайына ең көбірек әсер етедi: рыноктiк бағамдарды ескерсек, американың жалпы ішкi өнiмi (ЖIӨ) бүгінде бүкiл әлемдiк ЖIӨ үштен бірiндейiн құрайды.
Осы кезде байқалып отырған әлемдiк экономиканың дамуының бәсеңдеуі ең алдымен әлемдегі дамуы төменiрек елдерге көбірек әсерiн тигізеді. Осыған байланысты 2002 ж. мұндай елдердi халықаралық қаржы ұйымдары мен жекелеме өндiрiсi дамыған елдердiң қаржыландыру процесiнiң белсендiлiгi арта түскенi байқалады.
Дәстүр бойынша жарты жылда бір рет жарияланатын Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) әлемдiк экономиканың (World Economic Outlook) жағдайы туралы баяндамасында әлемдiк экономика несие төлемi мөлшерiнiң төмендеуiнiң және компаниялардың қоймаларындағы тауарлардың азаюының әсерiнен өсудің екi жыл бойы төмендеу жағдайынан шыға бастағанын көрсетедi. Сонымен бірге, ХВҚ сарапшыларының пікiрi бойынша, әлемдiк экономикадағы тепе-теңдiктi бұзатын бірнеше факторлар бар. Олар АҚШ-тың төлем балансының аса үлкен тапшылығы, АҚШ долларының асыра бағалануы және евроның жете бағаланбауы, көп елдердегi тұтыну және корпоративтiк қарыздың көлемiнiң үлкендiгі.
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) әлемдiк экономиканың дамуына жасаған өзінің соңғы бағаламасын оны ұлғайту тұрғысында қайта қарады. Соңғы болжамға сәйкес үстiмiздегі жылдың екiншi жарғысында әлемдiк экономиканың өсу қарқыны одан әрi шапшаңдайды. Әлемдiк экономиканың үстiмiздегi жылғы өсу қарқыны 2,9 пайызға дейiн артады. Сарапшылардың пiкiрi бойынша әлемдiк экономиканы көтерушi негiзгі күш тағы да АҚШ болады. Yстіміздегi жылы АҚШ экономикасы 2,5-2,7% деңгейiнде шапшаңырақ қарқынмен дамиды деп күтілуде. "Yлкен жетілік" елдерiнiң (G7) келешегi төменiрек бағалануда. Экономиканың өсуi жөніндегi болжам тек 0,2% ғана көбейген: Германия, Италия және Ұлыбритания үшiн тиiсiнше 0,9%, 1,4%, 1,2% дейiн. Доллар бағамы бұрынғыша төмендеуде. Оның төмендеуiнiң негiзгi себебi АҚШ-тан инвестицияның кетуi, өйткенi террактi қаупiнiң сақталуы, компаниялардың бухгалтерлiк тәжiрибесiндегі проблемалар инвесторларды өз қаржыларын тұрақты рыноктарда орналастыруға мәжбүр етедi. BNP Paribas, UBS Warburg және ABN Amro болжамы бойынша Euro жыл аяғына дейiн 0,98 долларға дейiн өседi (бұрынғы болжам 0,86 долл.). Қордың бағаламасы бойынша әлемдiк сауданың көлемi 2002 ж. 2,5% өседi (желтоқсанда 2,2% өсiм болжамдалған).
Әлемдiк экономиканың 2002 ж. дамуының болжамы
Дүниежүзiлiк банк (ДБ) дамушы рыноктар ("emerging markets") санатына жататын елдерде 2000 ж. экономикалық өсу қайта басталады деп күтуде, қазiргі кезде олар дүниежүзілiк экономикалық құлдыраyдың салдарынан үлкен қиындықты бастан кешiруде. Мұндай болжам "әлемдiк дамуды 2002 ж. қаржыландыру" (Global Development Ғinаnсе 2002) деп аталатын дамушы елдердi сырттан қаржыландыру туралы жыл сайынғы баяндамада келтiрiлген. Алайда кедейлiк деңгейiнiң төмендеуiнiң шапшаң қарқынын қамтамасыз ету үшiн көптеген кедей елдерде экономикалық өсудiң қарқыны бұрынғысынша өте төмен.
Жоғарыда аталған баяндаманың деректерi бойынша Еуропа және Азия елдерiнде экономикалық өсу қарқыны 2001 жылғы 2,2%-тен 2002 ж. 3,2%-ке дейiн, ал 2003-2004 жж. 4%-тен сәл асады деп күтілуде. Экономикалық қарқынның болжамдалып отырған шапшаңдауы Түркиядағы оңтайлы өсудi және аймақты тұтас алғандағы сыртқы сұранымның бекуiн ескеруге негiзделген. Осы кезеңдегі өсу қарқынының шапшаңдауына қаржы саясаты қатал болған кезеңнен кейiн аймақтың кейбір елдерiнде ақша-несие шектеулерiнің алып тасталуы да жағдай тудырады деп саналуда. Құжатта аймақты тұтас алып қарағандағыдан гөрі "ТМД даму болашағы бұлыңғырлау болып көрінедi" делiнген, оны туындатып отырған "әлемдiк мұнай рыноктарының тұрақсыздығы мен саяси факторлар". ТМД елдерiнде 2002 ж. экономикалық өсу 3,8% болмақ, одан бір жыл бұрынғы 5,5% орнына. 2003 ж. өcy қарқыны сәл өспек - 3,9%-ке дейiн, ал келесi жылы сәл азаяды - 3,3%-ке дейiн, ДБ бағаламасы бойынша әлемдік ЖIӨ 2003 ж. 2001-2002 жж. қарағанда 3,6% өседi, алайда 2000 ж. деңгейiнен төмен болады (3,9%). Өсу қарқынын қалпына келтiрудiң озаты Шығыс Азия болады, ал Латын Америка елдерi әл дe ұзақ уақыт бойы қаржы саласында проблемаларды бастан кешпек. Өзінің жыл сайынғы есебiнде ДБ 2002 жылы Латын Америкасындағы ЖIӨ өcуі 0,9% болады деген қорытындыға келген. Өткен жылы ол 3,8% болды. Бұл көрсеткіштің төмендеу себебiн түсiндiре келiп есеп авторлары Аргентинадағы экономикалық дағдарысты, сондай-ақ Бразилия мен Мексикадағы экономикалық өсудiң айтарлықтай бәсеңдеуін айтып ескертедi.
Сонымен қатар жарияланған статистикалық деректер бойынша 2002 ж. ТМД көптеген елдерiнде негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштердiң 2001 жылы қалыптасқан өсу тенденциясы сақталғанын атап көрсету қажет; ұлттық валюталардың бағамының АҚШ долларына қатынасы бойынша біршама тұрақтылығы, номиналды және нақты жалақының өсуi, инфляцияның өсу қарқынының бәсеңдеуi байқалды. ТМД елдерi Статкомитеттерінің деректерi бойынша 2002 ж. алғашқы айларында ЖIӨ өсу қарқыны бойынша ТМД елдерi арасында бірiнші орынды Тәжiкстан алды (18,2%). Одан соң Армения (5,5%), Украина (3,6%), Әзербайжан мен Беларусь (3,1%). Қырғызстанда ЖIӨ 3% қысқарды.
Еуропалық қалпына келтiру және дамыту банкінің (ЕҚДБ) болжамы бойынша 2002 ж. ТМД мемлекеттерiнде инфляцияның орташа көрсеткiшi 14% болады (2001 ж. 17,4%). 2002 ж. тұтас алғанда ТМД елдерiнде ЖIӨ, ЕҚДБ сарапшыларының деректерi бойынша, 3,9% өседi (2001 ж. - 5,9%). Ресейде 2002 ж. алғашқы айларында экономикада 2001 ж. аяғында қалыптасқан келеңсiз тенденцияларды жеңудің белгiлерi пайда болды. Ресейдiң 2002 ж. 5 айындағы экономикалық және әлеуметтiк даму қорытындысы 2002 жылы Ресей экономикасы өсіруінің қолайлы жағдайлары мен тенденцияларын қалпына келтiрудің мүмкiншiлiктерiн көрсеттi. Мәселен, 2002 ж. тұтас алғандағы ЖІӨ өткен жылға қарағандағы өсiмi 3,6% болады деп бағалануда.
2001 ж. экономикалық өсудiң әлемдiк қарқынының төмендеуі отынға, қара және түстi металдарға сұранымның қысқаруын және тиiсiнше осы өнiмдерге әлемдік бағаның төмендеуiн тудырды. Мұнай бағасын оңтайлы деңгейде қолдау мақсатында мұнайдың әлемдiк өндiрушi елдерi 2002 ж. 1 қаңтарынан квота (үлес) енгізу және дүние жүзiнде бір күнде өндiрiлетiн мұнай көлемiн 2 миллион баррелге кемiту туралы келісілген шешiм қабылдады. Қабылданған шаралар мұнай бағасының деңгейiне оңды әсерiн тигіздi, ол 2001 ж. желтоқсанның аяғында 1 баррель үшiн 21 долларға жеттi, ал айдың ортасында 18 доллар болатын.
Қазiргi кезде мұнай рыногындағы ахуал біраз тұрақталғанымен, мұнай бағасының біртiндеп өсуiмен сипатталады. Соңғы айда мұнайдың Brent сортының әлем рыногындағы бағасы 1 баррель үшiн 24-26 доллар деңгейiнде. АҚШ экономикасында байқалған даму рынокқа қатысушыларға мұнайға сұраным өсуіне үмiттендiредi.
2002 ж. мұнайға әлемдiк бағаның 1 баррель үшiн 19 доллар және одан жоғары мөлшерде сақталған кезде Қазақстан экономикасы тұрақты дамитын және табыстың ағымдағы тұтынуға, қор жинауға және инвестицияға үйлесiмдi бөлінуiн қамтамасыз ететiн болады.
Экономиканың ағымдағы жағдайы
Макроэкономика
Қазақстанның 2000-2002 жж. экономикалық дамуы экономикалық өсудің жоғарғы қарқынымен, негiзгі капиталға жұмсалатын инвестицияның озық өcyімен, қаржы потенциалының нығаюымен, жұмыссыздықтың қысқаруымен және халықтың нақты табысының өсуімен сипатталады.
Нақты ЖIӨ 2000 ж. өсiмi 9,8% болды. Өсiм тауар өндiретiн салалардың, ең алдымен өнеркәсiп пен құрылыстың озық дамуы есебiнен қамтамасыз eтiлді.
Нақты сектордағы өсу қарқынының жоғарлауы қызмет көрсету өндiрiсінде, әсiресе көлiк пен байланыс, сауда, банк секторы сияқты салалардан көрінiс тапты.
2000 ж. экспорттың өсуінің жоғары қарқыны сауда балансының профицитының (табыстылығының) және ағымдағы операциялардың шотының өте жоғары дәрежедегi көрсеткiштерiн қамтамасыз еттi. Бұл тiкелей инвестициялардың тұрақты келiп түсумен бірге үйлесiмдi айырбас бағасын ұстап тұру үшiн және төлем балансының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшiн экономиканың өз ресурстарының жеткілiктi болуына жағдай тудырды. Алтынвалюталық қор елеулi түрде толықтырылды, халықаралық валюта қоры алдындағы қарыз мерзiмінен бұрын өтeді.
Инфляция жыл аяғында 9,8%-ке дейiн төмендедi, 1999 ж. 17,8% болғанды. Теңгенің АҚШ долларына номиналды айырбас бағамы біршама тұрақты сақталды.
Бюджетке түсетiн салық көлемi көбейдi, бұл жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы жөніндегі бюджеттің ағымдағы барлық берешегiн өтеуге, оларды үнемi тұрақты төлеу тәртiбіне көшуге мүмкіндік бердi.
2001 ж. макроэкономикалық көрсеткіштердің одан әрi жақсаруы байқалды, экономиканың базалық салаларының дамуындағы оңды серпiн сақталды.
2001 ж. 2000 ж. салыстырғанда жалпы iшкi өнiмнiң өсiмi 13,2% болды, бұл республика үшiн өте үлкен дәрежедегі жоғары көрсеткiш болды. Өнеркәсiп өндiрiсінің көлемi 13,5% өстi. Ауыл шаруашылығында өнiм өндiрудің көлемi әжептәуiр өстi (16,9%). Көлік пен байланыстың қызметi серпіндi дамыды. Елдегi қолайлы инвестициялық климат негiзгi капиталға жұмсалатын инвестиция көлемiнiң өсуінің тұрақты тенденциясын сақтауға мүмкіндік тудырды, ол 2001 ж. 21% өстi.
Экономикалық өсу ұлттық валютаның тұрақтылығы, инфляцияның төменгi қарқыны және бюджеттің тепе-теңдiк жағдайында жүрдi.
Екiншi деңгейдегі банктердi несие жөніндегі ставкасын (төлем мөлшерін) төмендетуге бағдарлау мақсатында Ұлттық банк өзiнің барлық ставкаларын төменгі күйде ұстады және ресми ставкасын төмендеттi. 2000 ж. басынан 2002 ж. наурыз аралығында қайта қаржыландыру ставкасы 18%-тен 8%-ке дейiн төмендедi, ал ресми есепке алынатын (дисконттық) ставкасы 12,5%-тен 8%-кe дейiн төмендедi.
Банк жүйесіндегі депозиттер (салымдар) едәуiр өстi: 2002 ж. 1 маусымға олардың көлемi 480,8 миллиард теңгеге жеттi, 2001 ж. осындай кезеңiмен салыстырғанда 34,5% көбейдi, оған 2001 ж. жүргізiлген ақша қаражатын жария ету, халықтың нақты табысының өсуi, Қазақстан банк жүйесiне салымшылардың сенімiнiң артуы жағдай жасады.
Екiншi деңгейдегі банктердiң несиелiк қаржыларының көбеюiнiң тұрақты серпiнi байқалады, оның көлемi 552,1 миллиард теңгеге жеттi, 2001 ж. салыстырғанда 1,4 есеге өстi.
Салық жүгiн азайту мақсатында 2001 ж. қосылған құнға салынатын салықтың ставкасы 16%-ке дейiн және әлеуметтік салық 21%-ке дейiн төмендетiлдi. Аса iрi салық төлеушiлердiң электрондық мониторинг жүйесi енгізiлдi.
Нақты сектордағы оңды өзгерістер, тұтыну, өндiрiстiк және инвестициялық сұранымның өсуі импорттың құрамы мен серпiнділігіндегi өзгерістермен қабаттас жүруде. 2001 ж. импорт 20,1%-ке өстi. Инвестициялық тауарлардың импортының 2000 ж. салыстырғанда 23,9% өсуі шетелдiк және бірлескен кәсiпорындардың, ұлттық компаниялардың және басқа кәсiпорындардың тарапынан көненi жаңарту және жаңа құрылыс үшін, соның iшiнде жалпы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшiн (Астана қаласын салу, автожолдарды қалпына келтіру) күрделi қаржы көлемiнiң өскен және тұтыну тауарларына, ең алдымен ұзақ мерзiмге пайдаланылатындарына сұранымның көбеюi себебiнен туындады.
2001 ж. Yкімет экономиканың құрылымын жетiлдiруге үлкен көңiл бөлдi, мұның өзi болашақта Қазақстанның шикiзат рыноктарындағы конъюнктураға тәуелдiлiгiн азайтады, республиканың барлық азаматтарының жұмыс орны мен табысын қамтамасыз етедi. Мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиiмдiлiгiн арттыру, өндiрiстiк инфрақұрылым мен өңдеушi өнеркәсiптi дамыту және ел экономикасына сыртқы және iшкi инвестицияларды тартуға жәрдем жасау мақсатында Даму банкi құрылды, оның меншiк қаражаты 2001 ж. аяғында 30 миллиард теңгеге жеттi.
Қазақстан экономикасын сыртқы жағымсыз факторлардан қорғау үшiн Ұлттық қор құрылды. Қаржы ресурстарын жинақтайтын Қазақстанның Ұлттық қорында қор көлемi 2002 жылдың бірiншi жартысының соңында 1,67 миллиард АҚШ долларын құрды.
2002 ж. бірiншi жартысында ел экономикасында дамудың оңды қарқыны сақталуда. Жалпы iшкi өнiм 2001 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 9,2%-ке өстi және де оны өнеркәсiп өндiрiсiнің 8,7%-ке өсуi, ауыл шаруашылығының - 5,1%-ке, негізгi капиталға жұмсалған инвестицияның 8,9%-ке өсуін қамтамасыз еттi. Өндірiстiк сектордағы жоғары қарқын қызмет көрсету өндiрiсiнiң өсуiне жағдай жасады. Қаңтар-маусымда көлiктiң барлық түрiмен тасымалданған жүктiң жалпы көлемi 10,1%-ке өстi, бөлшек сауда тауар айналымы - 8,9%-ке.
Үстiміздегі жылғы маусымда тұтыну бағасының индексi 2001 ж. желтоқсанмен салыстырғанда 3,1%-кe өстi.
Экономикалық өсудің жоғары қарқыны және инфляцияның төменгi деңгейi бірінші жарты жылдықта айлық орта жалақының 13,1%-кe нақты көбеюiн қамтамасыз еттi.
2002 ж. жасалған бағалама бойынша жалпы iшкi өнiмнiң нақты өсуi 7% болады.
Iшкi рыноктың дамуын талдау
Тұтыну рыногы
Қазақстан экономикасында 1999 ж. екiншi жартысынан бастап өсу тенденциясы қалыптаса бастады. 1999-2001 жж. ЖIӨ жинақы (кумулятивтi) өсiмi 25,7% болды, өнеркәсiптiк өндiрiстiкi - 30,8%, негізгі капиталға жұмсалған инвестицияныкi - 61,4%, ауыл шаруашылығыныкi - 35,2%.
2000 ж. тауарлар мен қызмет көрсетудiң жалпы өндiрiсi 5449 миллиард теңге болды, осы көлемнiң 70% қазақстандық кәсiпорындарда өндiрiлдi. Iшкi рынокта тұтыну үшiн 2629 миллиард теңгеге тауарлар мен қызмет көрсету өндiрiлдi, одан өндiрiстiк-техникалық тауарлармен көрсетiлген қызмет 1186 миллиард теңге (жалпы өндiрiстiң 21,8%), ал тұтыну тауарларымен көрсетiлген қызмет - 1251 миллиард теңге (23%).
Жалақының, зейнетақының және жәрдемақының 2000-2001 жж. нақты өсуі тұтыну рыногында халықтың сатып алу қабiлетiн арттырды, мұның өзi тұтыну тауарларын өндiрудi өсiру үшiн жағдай жасады, алдыңғы кезекте азық-түлiк, аяқ киім және тiгiн тауарларының, сондай-ақ қызмет көрсету саласының дамуына да. Қазiргi кезде тұтыну тауарларына сұранымның 78% iшкi өндiрушiлер есебiнен қамтамасыз етіледi, 1998 ж. 70% болатын.
Статистика жөнiндегі агенттiктiң зерттеу материалдары бойынша Қазақстандағы үй шаруашылығының отбасының бір мүшесiне келетін ай сайынғы табысы мен шығысының деңгейi орта есеппен АҚШ 100 доллары көлемiнде, ол өнеркәсiптi дамыған елдердегiден 15-20 есе кем, сонымен бірге Қазақстандағы тұтыну тауарларының бағасының жалпы әлемдiк бағадан айырмашылығы болымсыз ғана.
1 кесте
Қазақстанда еңбекке ақы төлеудiң орташа және ең аз көлемi
(АҚШ доллары)
| 1996 | 1997 | 1998 | 1999 | 2000 |
Орташа жалақы Ең төменгi жалақы | 101,8 27,9 | 113,3 31,0 | 123,7 29,1 | 99,3 19,4 | 101,1 18,5 |
Қазақстан халқы табысы төмен болғандықтан тұтыну шығысының 48%
азық-түлік өнiмдерiн сатып алуға жұмсайды және 27% азық түлiк емес
тауарлар сатып алуға.
Инвестициялық тауарлар рыногы
2000-2001 жж. инвестициялық түрдегi тауарлар мен қызмет өндiру едәуiр өстi. 2001 ж. өндiрiстiк-техникалық тауарлар рыногының сыйымдылығы 26% өстi. Онымен бір мезгiлде инвестициялық түрдегi тауарлармен қамтамасыз етілуі 60% ке импорттық тауарлармен толтырылады.
Импортты алмастыру жөніндегі жұмыстың нәтижесінде 2002 ж. iшкi рынок қажетiн қамтамасыз етуде отандық тауарлардың үлесi 1999 ж. салыстырғанда 500 миллион АҚШ долларынан астам сомаға көбейедi.
Қазақстандағы инвестицияның өсуiнiң жоғары қарқыны объективтi түрде жабдықтардың, шикiзаттың, материалдар мен жинақтаушы бұйымдардың импортын көбейтедi. Алайда бұл құрылыс материалдарын өндiрудің өсуімен қабаттас жүрмейдi. Көптеген құрылыс материалдары импорт бойынша әкелiнедi.
Инвестициялық тауарлар рыногында бәсекеге қабiлеттi тауарларды, жабдықтарды, материалдар мен жинақтаушы бұйымдарды және қызмет көрсетуді сатып алудың нақты мүмкiншiліктерi мұнайды, газды, түстi және қара металдарды экспортқа шығарумен шұғылданатын қазақстандық iрi компанияларда, сондай-ақ ұлттық компанияларда да бар. Бұл кәсiпорындар өзiнiң қажетінiң үлкен бөлігін (тауарлар мен қызметтiң импортының 35% жуығы) импорт есебiнен қамтамасыз етедi.
Қазiргi кезде отандық өндiрушiлер есебiнен керосинге деген қажеттің 31%, битумге - 15%, жағар майға - 17%, сырға - 31%, полистролға - 26% қанағаттандырылады. Шина бойынша бiз толығынан импортқа тәуелдiмiз. Бұл елiмiзде өндiрiстiк қуаттардың барында байқалып отыр.
Елде өндiрiлетiн металдардың, мұнайдың және газдың тек азғана бөлiгi Қазақстанда өңдеуден өтедi. Мәселен, мырыштың тек 15%, болат прокатының 12%, рафинадталған мыстың 5% және мыс сымының - 1% iшкi рынокта сатып алынады. Сонымен бірге Қазақстанның болат құбырға деген қажетiнің 87%, 90% астамға металл ыдысқа, қара және түстi металдар негізiнде жасалатын басқа да тауарларға қажетi жыл сайын импорт жасалады.
Экспорттық өндiрiстiң дамуы
Жыл басынан берi әлемдiк экономикада оңды өзгерістер байқалуда, олар сұранымның өсуі немесе ұсынымды реттеу жөнiнде жасалған шаралардың нәтижесiнде көптеген шикiзат рыноктарында конъюнктураның жақсаруына әкелiп соқты, алайда бұл қолайлы факторлар Қазақстан Республикасы экспортына екiншi тоқсаннан бастап қана әсерін тигiзе бастады.
Бірiншi жарты жылдықта экспорт номиналды көрсеткiш бойынша 7,7% төмендедi. Сонымен бірге экспорттық бағаның төменгi деңгейiнен болған шығынның орны (көптеген позициялар бойынша) белгiлi бір дәрежеде экспорттың физикалық көлемiн өсiру есебiнен толды.
Экспорттан түскен ақшадағы ең үлкен үлес салмақ бұрынғыша мұнайдың үлесiне тиедi. 2001 ж. Қазақстан мұнайды экспортқа тасымалдау жөніндегі мүмкiншiлiгін айтарлықтай ұлғайтты. КТК құбырының iске қосылуы және Атырау-Самара құбырын қайта жаңғырту осы құбырлар бойынша таяу болашақта 43 млн. тонна экспорт жасауға мүмкiндiк бередi.