Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 15 ақпандағы № 222 Қаулысы
(2024.29.03. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2024.14.03. № 186 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (2024 ж. 29 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2024.14.03. № 186 Қаулысымен кіріспе жаңа редакцияда (2024 ж. 29 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 29-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2024.14.03. № 186 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 29 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағанбетов |
ҚР Үкіметінің 2024.14.03. № 186 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (2024 ж. 29 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкiметінің
2002 жылғы 15 ақпандағы
№ 222 қаулысымен
бекітілген
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беру
қағидалары
1. Осы Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттiк құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 29-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген және шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат беру тәртiбiн айқындайды.
2. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын iске асыру шеңберiнде ғана Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Мемлекеттік құпияларды және олардың көздерін шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру қағидаларында көзделген талаптарды сақтай отырып жiберiледi.
3. Шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат беру үшiн шет мемлекеттiң халықаралық шартта айқындалған уәкiлеттi органы шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат беретiн мемлекеттiк органның басшысына заңнамада белгіленген тәртіппен өтінішхат жiбередi.
Өтiнiшхатқа шетелдiктiң тиiстi өкiлеттiктерiн растайтын және шетелдiкте өз мемлекетiнiң құпиялылық деңгейіндегі құпия мәлiметтерiне қол жеткізу құқығының бар екені туралы деректерді қамтитын куәлiк қоса берiледi.
Азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат алу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат алуды талап ететін мемлекеттік органға жүгінеді.
4. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру жүзеге асырылатын мемлекеттiк органның немесе ұйымның басшысы нақты шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат берудiң мүмкiндiгi мен орындылығын Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiседi. Келiсу мерзiмi жиырма жұмыс күнінен аспауға тиiс.
5. Нақты шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру мүмкiн болмаған және ол орынсыз болған кезде келiсуден бас тартылған жағдайда мемлекеттiк органның басшысы заңнамада белгіленген тәртіппен шет мемлекеттiң уәкiлеттi органына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беруге басқа адамдардың кандидатураларын ұсыну туралы хабарлама немесе азаматтығы жоқ адамға мемлекеттік құпияларға рұқсат беруден бас тарту туралы хабарлама жiбередi.
6. Келiсу оң болған кезде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органының немесе ұйымның басшысы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру туралы бұйрық шығарады. Әкімшіліктің, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өзара міндеттемелері мемлекеттік құпияларға рұқсат беру туралы шартта көрсетіледі.
7. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға рұқсат беру туралы бұйрықта рұқсаттың қандай мерзімге берілгені, рұқсат қандай жұмыстарды орындау үшін берілетіні, шетелдік азамат пен азаматтығы жоқ адам қандай нақты мәлiметтермен танысуға тиiс екендiгi, танысу рұқсат етiлген мәлiметтердiң құпиялылығының ең жоғары белгiсi туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.
8. Шетелдiк пен азаматтығы жоқ адамға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру туралы бұйрықтың негiзiнде шетелдiк пен азаматтығы жоқ адамға мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру жүзеге асырылатын мемлекеттiк органның немесе ұйымның мемлекеттiк құпияларды қорғау бөлiмшесінің (бұдан әрi - МҚҚБ) қызметкерлерi немесе мемлекеттiк құпиялармен жұмыс үшiн жауапты қызметкері (ұйымда МҚҚБ болмаған жағдайда) шетелдiк азаматқа және азаматтығы жоқ адамға құпиялылық режим талаптарын сақтау жөнінде нұсқама жүргізеді.
9. Нұсқама жүргiзiлгеннен кейiн шетелдiк пен азаматтығы жоқ адам өзiне рұқсат берiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын жарияламау туралы жазбаша мiндеттеме бередi.
Жазбаша мiндеттеме Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органының немесе ұйымының мемлекеттiк құпияларды қорғау бөлiмшесiнде шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларымен жұмысты тоқтатқаннан кейiн кемiнде бес жыл сақталады.
10. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға нақты рұқсат беру туралы ақпарат әр нақты жағдайда рұқсат берілген кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарына жiберiледi.