Шетелдіктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат
берудің ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 15 ақпандағы № 222 қаулысы
Осы редакция 2024 жылғы 14 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңының 29-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Шетелдіктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат берудің ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағанбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкiметінің
2002 жылғы 15 ақпандағы
№ 222 қаулысымен
бекітілген
Шетелдiктерге Қазақстан Республикасының
мемлекеттік құпияларына рұқсат берудiң
ЕРЕЖЕСI
1. Осы Ереже «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы қызметтi реттейтiн басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес әзiрлендi.
2. Осы Ереже шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат берудiң тәртібін айқындайды және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Шетелдiктер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын iске асыру шеңберiнде ғана, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 23 қазандағы № 1355 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердi шет мемлекеттерге беру ережесiнде көзделген рәсiмдер жүзеге асырылғаннан кейiн жiберiледi.
4. Шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беру үшiн халықаралық шартта белгiленген шет мемлекеттiң уәкiлеттi органы шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беру жүргiзiлетiн мемлекеттік органның басшысына өтiнiш жiбередi.
Өтiнiшке шетелдiктiң өкiлеттiктерiн растайтын және шетелдiкте тиiстi құпиялылық дәрежесiнде өз мемлекетiнiң құпия мәлiметтерiне рұқсат етiлуi құқығының барлығы туралы деректер бар куәлiк қоса берiледi.
5. Шетелдiктерге мемлекеттік құпияларға рұқсат беру жүзеге асырылатын мемлекеттік органның басшысы шетелдiк азаматтарға мемлекеттік құпияларға рұқсат берудiң мүмкiндiлiгi мен орындылығын Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiседi. Келiсу мерзiмi 30 күннен аспауға тиiс.
6. Нақты шетелдiктерге ұлттық қауiпсiздiк тұрғысында мемлекеттік құпияларға рұқсат берудi келiсуден бас тартылған жағдайда мемлекеттік органның басшысы шет мемлекеттiң уәкiлеттi органына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсат беруге басқа адамдардың кандидатураларын ұсыну туралы хабарлама жiбередi.
7. Келiсу оң болған кезде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының басшысы шетелдiктерге мемлекеттік құпияларға рұқсат беру туралы бұйрық шығарады.
8. Шетелдiктерге рұқсат беру туралы бұйрықта қандай мерзiмге рұқсат берiлгендiгi, рұқсат қандай жұмыстарды орындау үшiн берiлгендiгi, шетелдiк азамат қандай нақты мәлiметтермен танысуға тиiс екендiгi, танысу рұқсат етiлген мәлiметтердiң жоғары құпиялылық белгiсi туралы мәлiметтердi қамтуы тиiс.
9. Шетелдiкке мемлекеттік құпияларға рұқсат беру туралы бұйрықтың негiзiнде шетелдiкке мемлекеттік құпияларға рұқсат беру жүзеге асырылатын мемлекеттік органның немесе ұйымның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлiмше (бұдан әрi - МҚҚБ) қызметкерлерi немесе мемлекеттік құпиялармен жүргiзiлетiн жұмыс үшiн жауапты қызметкер (ұйымда МҚҚБ жоқ болған жағдайда) шетелдiк азаматқа құпиялылық режимiн сақтау жөнiнде нұсқама жүргiзедi.
10. Нұсқама жүргiзiлгеннен кейiн шетелдiк өзiне рұқсат берiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын жарияламау туралы жазбаша мiндеттеме бередi.
Жазбаша мiндеттеме Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының немесе ұйымының мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлiмшесiнде шетелдiктер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларымен жұмысты тоқтатқаннан кейiн кемiнде 5 жыл сақталады.
11. Шетелдiктерге нақты рұқсат беру туралы ақпарат әр нақты жағдайда Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарына жiберiледi.
12. Мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң талаптарын бұзғандығы үшiн шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауап бередi.