3) су тартқы құрылғылардың қорғаныш аймақтары;
4) аэродром маңындағы өңiрлер;
5) магистральды құбыр жолдарының, байланыс, радио және электр желiлерiнiң күзет аймақтары;
6) су күзету аймақтары мен өңiрлерi;
7) әскери полигондардың аумақтары жатады.
3. Ерекше жағдайларда пайдаланылатын аймақтарға енгiзiлген жер сол жерлерде арнаулы белгiлермен көрсетiледi. Су тартқы құрылғыларды күзету аймағының бiрiншi белдеуiн қоспағанда, бұл жерлер меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қоюға болмайды.
4. Аталған аймақтардың шекаралары мен олардағы жердi пайдалану режимiн нормаларға және жобалау-техникалық құжаттарға сәйкес жердi меншiкке немесе жер пайдалануға беру туралы шешiм қабылдаған орган белгiлейдi.
13-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері,
сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени
мақсаттағы жер
92-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнiң және сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жердiң құрамы
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiне мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық парктердiң, мемлекеттік табиғи резерваттардың, мемлекеттік табиғи парктердiң, мемлекеттік табиғат ескерткiштерiнiң, мемлекеттік қорық аймақтарының, мемлекеттік табиғи заказниктердiң, мемлекеттік зоологиялық парктердiң, мемлекеттік ботаникалық бақтардың, мемлекеттік дендрологиялық парктердiң, мемлекеттік табиғи қорық-сепортерлердiң жерi жатады.
2. Сауықтыру мақсатындағы жерге табиғи шипалы факторлары бар курорттар, сондай-ақ алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы жер учаскелерi жатады.
3. Халықтың ұйымдасқан түрде жаппай демалысы мен туризмiне арналған және сол үшiн пайдаланылатын жер рекреациялық мақсаттағы жер деп танылады.
4. Тарихи-мәдени қорықтар, мемориалдық парктер, қорымдар, археологиялық парктер (қорғандар, қала жұрттары, тұрақтар), сәулет-ландшафт кешендерi, жартастағы кескiндер, дiни ғибадат ғимараттары, шайқас және ұрыс алаңдары алып жатқан жер учаскелерi тарихи-мәдени мақсаттағы жер деп танылады.
93-бап. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
санатына жатқызу және оны резервке қалдыру
1. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүргiзiледi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жердi резервке қалдыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
94-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерi мен сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жердің құқықтық режимi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн және сауықтыру мақсатындағы жердi өзге қажеттiлiктер үшiн алып қоюға жол берiлмейдi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi мен сауықтыру мақсатындағы жерге қатысты ерекше қорғаудың құқықтық режимi не шаруашылық қызметiн реттеу режимi белгiленедi.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi мен сауықтыру мақсатындағы жердiң режимi осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес белгіленедi.
4. Рекреациялық мақсаттағы жердi пайдалану тәртібін жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.
5. Тарихи-мәдени мақсаттағы жердi пайдалану осы Заң мен тарих және мәдениет ескерткiштерi туралы заңдарда белгiленген тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылады.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер олар бөлiнiп шығарылған жер қоры санаттарының құрамында жеке жолмен ескерiледi.
95-бап. Күзет, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтарының жерi
1. Ерекше қорғауды қамтамасыз ету үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен сауықтыру мақсатындағы жердiң күзет, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтары белгiленiп, осы аймақтар шегiнде мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтау мен молайтуға терiс әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынуы мүмкiн.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтарының мөлшерiн, шекарасы мен пайдаланылу режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтарының жерiн жергiлiктi атқарушы органдар жеке санатқа бөледi және ол жер арнаулы белгiлермен көрсетiледi.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтары шегіндегі жер учаскелерi осы аймақтарды күзетудің белгiленген режимiн сақтай отырып пайдаланылады және осы заңда белгiлеген талаптарға сәйкес мемлекеттік қажеттер үшiн алып қойылуы (сатып алынуы) мүмкiн.
14-тарау. Орман қорының жері
96-бап. Орман қорының жерi ұғымы мен оның құрамы
1. Орманы бар, сондай-ақ ормансыз, бiрақ орман шаруашылығының мұқтаждарына берiлген жер учаскелерi орман қорының жерi деп танылады.
2. Орман қорының жерi орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттік ұйымдарға тұрақты және уақытша жер пайдалануға берiлiп, осы Заңда және өзге де заңдарда белгiленген тәртiп пен жағдайларда пайдаланылады.
3. Ауыл шаруашылық ұйымдарының шегiнде жатқан орман қорының жер учаскелерi оларға жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығын кешендi түрде жүргiзу үшiн жер пайдалануға берiлуi мүмкiн. Мұндай учаскелерде орман қорын пайдалану орман заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
97-бап. Орман қорының жерiн ауыл шаруашылық мақсаттары үшiн жер пайдалануға беру
Орман қоры жерiнде орман шаруашылығының мұқтаждарына пайдаланылмайтын ауыл шаруашылық алқаптарын жергiлiктi атқарушы органдар орман шаруашылығын басқару жөніндегі уәкiлеттi органдармен келiсе отырып, жеке және заңды тұлғаларға жердi ауыл шаруашылық мақсаттары үшiн уақытша жер пайдалануға беруi мүмкiн.
98-бап. Орман қоры жерiн жердiң басқа санаттарына ауыстырудағы шектеулер
Орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн жердiң басқа санаттарына ауыстыруды ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасының Yкіметі жүзеге асырады.
99-бап. Орман шаруашылығы өндiрiсi ысырабының орнын толтыру
1. Орман шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға орман алқаптарын пайдалану үшiн алып қоюдан немесе жеке және заңды тұлғалардың қызметi салдарынан жер сапасының нашарлауынан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсi ысырабының орны толтырылуға тиiс.
2. Орман шаруашылығы өндiрiсi ысырабының орнын толтыруды орман шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мұқтаждар үшiн орман қоры жерiнен жер учаскелерi берiлетiн тұлғалар жүргiзедi.
3. Орман шаруашылығы өндiрiсi ысырабының орнын толтырудан алынған қаражат мемлекеттік бюджетке түседi.
15-тарау. Су қорының жері
100-бап. Су қорының жерi ұғымы мен оның құрамы
Су айдындары (өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар, iшкi сулар, аумақтық сулар), мұздақтар, батпақтар, гидротехникалық және басқа да су шаруашылығы құрылыстары орналасқан жер, сондай-ақ суды қорғау өңiрiне бөлiнген жер су қорының жерi деп танылады.
101-бап. Су айдындары жағалауын бойлай су қорғау аймақтарына жер бөлу
1. Жергiлiктi атқарушы органдар су айдындары жағалауын бойлай су қорғау аймақтарына жер учаскелерiн бөледi. Бұл жер учаскелерiне осы Заңның 91-бабында көзделген құқықтық, режим қолданылады.
2. Су қорғау аймақтарына енгiзiлген жер учаскелерiн пайдалану су заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
102-бап. Су қоры жерiн уақытша жер пайдалануға беру
Су қорының жерiн жергiлiктi атқарушы органдар су шаруашылығын басқару жөніндегі уәкiлеттi органдармен келiсе отырып, жеке және заңды тұлғаларға жердi ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылықтарының мұқтаждары және басқа мақсаттар үшiн уақытша жер пайдалануға беруi мүмкiн.
103-бап. Су қорының жерiн пайдалану тәртібі
Су қорының жерiн пайдалану осы заңда және су заңдарында белгiленген тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылады.
16-тарау. Босалқы жер
104-бап. Босалқы жер құрамы
1. Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген барлық жер босалқы жер болып табылады.
2. Ядролық қарулар сынағы жүргiзiлген жер учаскелерiн қоспағанда, босалқы жер аудандық атқарушы органдардың қарауында болады.
3. Ядролық қару сынағы жүргiзiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен босалқы жер құрамына көшiрiледi және оның қарауында болады.
105-бап. Босалқы жердi беру
Босалқы жер осы заңда белгiленген тәртiп пен жағдайларда ауыл шаруашылығының, өнеркәсiптiң мұқтаждары және өзге де мақсаттар үшiн меншiкке немесе жер пайдалануға берiледi.
4-бөлiм. Жерді қорғау, мемлекеттік бақылау, жерге
орналастыру, мониторинг және жер кадастры
17-тарау. Жерді қорғау және оны пайдаланылуын бақылау
106-бап. Жердi қорғаудың мақсаттары мен мiндеттерi
1. Жердi қорғау жердi қоршаған табиғи ортаның бiр бөлiгi ретiнде қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан жердiң негiзсiз алып қойылуын болғызбауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
2. Жердi қорғаудың мақсаттары:
1) өндiрiстiң экологиялық қауiпсiз технологияларын ынталандыру және орман мелиорациялау, мелиорациялау және басқа шараларын жүргiзу жолымен жердiң азып-тозуы мен бүлiнуiн, шаруашылық қызметтiң басқа да қолайсыз зардаптарын болғызбау;
2) азып-тозған немесе бүлiнген жердi жақсарту мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ету;
3) жердi оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерiн тәжiрибеге енгізу болып табылады.
107-бап. Жердi қорғау
1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) жердi су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанудан, басқа да бүлiну процестерiнен қорғауға;
2) ауыл шаруашылық жерiн карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiктер ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шiлiк басып кетуден, жердiң жай-күйi нашарлауының өзге де түрлерiнен қорғауға;
3) бүлiнген жердiң жаңғыртылуына, оның құнарлылығын және жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға;
4) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзген кезде топырақтың құнарлы қабатын алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған шаралар жүргiзуге мiндеттi.
2. Азып-тозған шаруашылық алқаптарының топырақ құнарлылығын, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен жол беруге болатын шектi шоғырлану және жол беруге болатын шектi радиациялық әсер деңгейi нормативтерiнен тыс ластанған, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, сарқынды сулармен ластанған жердi, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердi қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен жердi консервациялау көзделедi.
Азып-тозған, ластанған және бүлінген жерлерді қорғаудың, пайдаланудың және консервациялаудың тәртібі туралы ереженi бекіту туралы ҚР Үкіметінiң 1997 ж. 16 маусымдағы № 976 қаулысын қараңыз
108-бап. Топырақта зиянды заттардың жол беруге болатын шектi шоғырлану нормативтерi
1. Топырақта зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердiң және топырақты ластайтын басқа да биологиялық заттардың жол беруге болатын шектi шоғырлану нормативтерi адамның денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерiн көздеп, оның жай-күйiн бағалау үшiн белгiленедi.
2. Аталған нормативтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн тәртiппен бекiтіледi.
109-бап. Жердiң жай-күйiне әсер ететiн, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлердi жобалау мен пайдалануға беруге қойылатын экологиялық, санитариялық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптар
1. Жердiң жай-күйiне терiс ықпал ететiн жаңа және қайта құрылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау мен пайдалануға беру кезiнде, жаңа техника мен технологияларды енгізу кезiнде жердi қорғау жөніндегі iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, экологиялық, санитариялық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптардың (нормалардың, ережелердiң, нормативтердiң) сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Жердiң жай-күйiне жасалатын терiс әсердi және жердi қорғау жөнiнде көзделген iс-шаралардың тиiмдiлiгiн бағалау мемлекеттік экологиялық сараптаманың, өзге де мемлекеттік сараптамалардың нәтижелерi бойынша жүргiзiледi, олардың оң қорытындысы болмайынша, жаңа техника мен технологияларды енгізуге, жердi мелиорациялау бағдарламаларын жүзеге асыруға, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) және басқа да объектiлер салуды (реконструкциялауды) қаржыландыруға тыйым салынады.
110-бап. Радиоактивтi ластануға ұшыраған және ядролық қару сынағы өткiзiлген жер
1. Нормативтен тыс радиоактивтi ластануға ұшыраған немесе халықтың өмiрi мен денсаулығына өзге де түрде қатер төндiретiн жер учаскелерiн меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруге болмайды.
2. Заңдарда белгiленген санитариялық талаптар мен нормативтерге сай өнiм алу қамтамасыз етiлмейтiн, радиоактивтi ластануға ұшыраған жер учаскелерi ауыл шаруашылық айналымынан алынуға және консервациялануға тиiс. Бұл жерде ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiруге және оны өткiзуге тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі ядролық қару сынағы өткiзiлген жер учаскелерiн ядролық қару сынағының зардаптарын жою жөніндегі барлық iс-шаралар аяқталып, кешендi экологиялық тексеру жүргізілгеннен кейін, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда ғана меншiкке немесе жер пайдалануға беруi мүмкiн.
4. Аталған аумақтардағы ядролық қару сынақтарының зардаптарын жою жөніндегі iс-шаралар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, жер ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық және облыстық бағдарламалар мен басқа да арнаулы бағдарламаларда көзделедi.
5. Радиоактивтi ластануға ұшыраған жердi алып қою, күзету және шаруашылыққа пайдалану тәртібі заңдармен белгiленедi.
111-бап. Жер заңдарының сақталуын, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау
1. Мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi жер заңдарының тиiсiнше орындалуын, мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі iс-шараларды орындауын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Жер заңдарының сақталуын, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жергiлiктi атқарушы органдар, жер ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкiлеттi органдар мен басқа да уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
3. Жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың өз құзыретi шегіндегі нұсқаулары барлық жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар үшiн мiндеттi.
4. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
18-тарау. Жерге орналастыру, мониторинг және
мемлекеттік жер кадастры
112-бап. Жерге орналастырудың қызметi мен мазмұны
1. Жерге орналастыру жер қатынастарын реттеуге, жердi ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған жер заңдарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі iс-шаралар жүйесi болып табылады.
2. Жерге орналастыру:
1) жерге орналастырудың, жердi аймақтарға бөлудiң республикалық, облыстық және аймақтық схемалары (жобалары) мен жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламаларын әзірлеуді;
2) қолданылып жүрген жер пайдалану iсiн жолға қою мен ретке келтiру жөніндегі шаруашылықаралық жерге орналастыру жобаларын жасауды, орналасқан жерiнде жер учаскелерiн бөлу мен олардың шекараларын белгiлеудi, жер учаскесiне меншiк құқығына және жер пайдалану құқығына құжаттар жасауды;
3) орналасқан жерiнде елдi мекендердiң шекараларын (шегiн) анықтау мен белгiлеудi, олардың жер-шаруашылық құрылысының жобаларын жасауды;
4) орналасқан жерiнде әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және жердi пайдалану мен қорғаудың ерекше жағдайлары бар басқа да жер учаскелерiнiң шекараларын белгiлеудi;
5) жерге орналастыру, бүлiнген жерлердi жаңғырту мен жаңа жердi игеру жобаларын, сондай-ақ жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобалар әзiрлеудi;
6) жердi есепке алу iсiн жүргiзудi, пайдаланылмай жатқан, ұтымды пайдаланылмай жүрген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай отырған жердi анықтауды;
7) топографиялық-геодезиялық, картографиялық, топырақтық, геоботаникалық және басқа да зерттеу мен iздестiру жұмыстарын жүргiзудi;
8) жер кадастры мен жер мониторингiн жүргiзудi;
9) жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының кадастрлық және тақырыптық карталары мен атластарын жасауды;
10) жер-бағалау жұмыстарын жүргiзудi қамтиды және қамтамасыз етедi.
113-бап. Жерге орналастыруды жүргiзу
1. Жерге орналастыру атқарушы органдардың шешiмi бойынша не жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың өтiнiшi бойынша, сондай-ақ уәкілеттi органдардың бастамасы бойынша жүргiзiледi.
2. Жерге орналастыру жобалары жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерінің және (немесе) жер пайдаланушылардың қатысуымен жасалады және олар заңдарда белгіленген тәртiппен бекітілгеннен кейiн анықталған үлгiдегi белгiлермен жер учаскелерiнiң шекараларын көрсете отырып, орналастырылатын жерге көшiрiледi.
3. Мемлекеттік меншiктегi жерден жеке меншiкке немесе жер пайдалануға жер учаскелерiн беруге, сатуға және бағалауға байланысты жерге орналастыру жұмыстары, сондай-ақ әкiмшілiк құрылымдардың шекараларын белгiлеу, жер кадастрын жүргiзу және жердi есепке алу жөніндегі жұмыстар мемлекеттік монополияға жатады.
4. Жерге орналастыруды жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
114-бап. Жерге орналастыру кезiнде жүргiзiлетiн жұмыстарды қаржыландыру
1. Атқарушы органдардың шешiмi бойынша жүргiзiлетiн жерге орналастыру бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Жер учаскелерiнiң жеке меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың тапсырыстары бойынша жерге орналастыру жұмыстарын орындау солардың қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
115-бап. Жер мониторингi
1. Жер мониторингiнiң мiндеттерi:
1) жерiн жай-күйiнiң өзгерiстерiн уақтылы анықтау, оларды бағалау, болжам жасау және келеңсiз процестердiң зардаптарынан сақтандыру мен оларды жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
2) мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудi, жерге орналастыруды, жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылауды және жер ресурстарын мемлекеттік басқарудың өзге де мiндеттерiн ақпараттық жағынан қамтамасыз ету болып табылады.
2. Жер мониторингiнiң мазмұнын жердiң жай-күйiн үнемi қадағалап отыру (суретке түсiру, зерттеп отыру және iздестiру), ондағы болып жатқан өзгерiстердi анықтау мен оларды бағалау құрайды.
3. Жерге меншiк нысандарына, жердi пайдаланудың нысаналы мақсаты мен сипатына қарамастан, Қазақстан Республикасының барлық жерi жер мониторингiнiң объектiсi болып табылады.
4. Мониторинг жүргiзу бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Жер мониторингiн жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайды.
116-бап. Мемлекеттік жер кадастры
1. Мемлекеттік жер кадастры Қазақстан Республикасы жерiнiң табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, нысаналы пайдаланылуы, көлемi мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есебi мен жер учаскелерiн бағалау туралы мәлiметтердiң, өзге де қажеттi мәлiметтердiң жүйесi болып табылады.
Суармалы жерге мелиорациялық кадастр - жер кадастрының құрамдас бөлiгi мелиорациялық жай-күй, оның табиғи және ирригациялық-шаруашылық жағдайлары жөніндегі сапалық сипаттамаларын бағалау туралы, оларды пайдаланудың есебi туралы мәлiметтер жүйесi болып табылады.
2. Мемлекеттік жер кадастрының деректерi жердi пайдалану мен қорғауды жоспарлаған кезде, жерге орналастыруды жүргізген, шаруашылық қызметтi бағалаған кезде және жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да шараларды жүзеге асырған кезде негiз болып табылады, жермен мәміле жасау кезiнде, жер үшiн төлем мөлшерiн анықтау кезiнде, құқықтық және басқа кадастрды жүргiзген кезде пайдаланылуы мүмкiн.
117-бап. Жер кадастрын жүргiзу
1. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу уәкiлеттi орган мен оның жергiлiктi жерлердегi органдары қалыптастыратын мемлекеттік тапсырыс негiзiнде бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Тiркеу мақсаттары үшiн жер учаскелерiнiң есебi жөніндегі жұмыстар тапсырысшылардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудi жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар кадастрлық құжаттамаға енгiзiлетiн мәлiметтердiң дұрыс болуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
Жер кадастрының мәлiметтерiне баршаның қолы жете алады және мүдделi тұлғаларға ақылы негiзде берiледi.
Мемлекеттік органдарға жер кадастры мәлiметтерiн беру тегiн негiзде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
5-бөлiм. Жер заңдарының орындалуын қамтамасыз
ету және қорытынды ережелер
19-тарау. Меншік құқығы мен жер пайдалану
құқығын қорғау және келтірілген
залалды өтеу
118-бап. Жеке меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығын қорғау
Меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде көзделген тәртiппен қорғалады.
119-бап. Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген залалды өтеу негiздерi
Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген залал:
1) жер мемлекеттік қажеттерге меншiк немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғатындай етiп алып қойылған (сатып алынған);
2) жер пайдаланудың ерекше режимi белгiленуiне байланысты меншiк немесе жер пайдалану құқығы шектелген;
3) меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың құқығы бұзылған;
4) топырақ құнарлылығының бүлiнуiне әкеп соғатын, су режимiн нашарлататын, ауыл шаруашылық дақылдары мен екпелерiне зиянды заттар бөлiп шығаратын объектiлердi салу мен пайдалану салдарынан жер сапасы нашарлаған;
5) осы Заңның 73-бабында көзделген жер алып қойылған жағдайларда толық көлемiнде өтелуге тиiс.
120-бап. Залалды өтеу тәртібі
1. Меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген залал оны келтiрушiнiң есебiнен өтеледi. Мемлекеттік органның шешiмi салдарынан залал келтiрiлген жағдайда залал тиiстi бюджет қаражаты есебiнен өтеледi.
2. Өтем мөлшерiн анықтау кезiнде оған:
1) жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының нарықтық құны;
2) жемiс ағаштары мен көп жылдық екпелердi қоса алғанда, учаскедегi жылжымайтын мүлiктiң нарықтық құны;
3) жер учаскесiн игеруге, оны пайдалануға, қорғаныш шараларын жүргiзуге, топырақ құнарлылығын арттыруға байланысты шығындардың және олардың инфляциясын ескергендегi басқа да шығындардың құны;
4) үшiншi тұлғалар алдындағы өз мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуына байланысты өздерiне келген залалды қоса алғанда, жер учаскесiнiң алып қойылуы арқылы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген барлық залал;
5) алынбай қалған пайда қосылады.
121-бап. Жер даулары
Жер жөніндегі құқықтық қатынастардан туындайтын даулар сот тәртібімен қаралады.
122-бап. Жер заңдарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
Жер заңдарының бұзылуына кiнәлi жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен жауапты болады.
20-тарау. Қорытынды ережелер және өтпелі
кезең ережелері
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 123-бап өзгертілді
123-бап. Осы Заңның қолданылу тәртібі
Осы Заң өзi қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн пайда болған жер жөніндегі құқықтық қатынастарға қолданылады.
Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қабылданған, жер қатынастарын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер осы Заңға қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
Осы Заңды қолданысқа енгiзген сәттен бастап 124-баптың 6-тармағының қолданылуы 2002 жылдың 31 желтоқсанына дейiн тоқтатыла тұрсын.
Жеке және заңды тұлғалардың 124-баптың 6-тармағында айқындалған мәртебесi 2002 жылдың 31 желтоқсанына дейiнгi кезеңге жер салығын төлеу жөніндегі тұрақты жер пайдаланушылар мәртебесiне теңестiрiлiп, олар осы мерзiмге жал ақысын төлеуден босатылсын.
124-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлуiне байланысты жер учаскесіне құқықтардың өзгеруі
1. Жермен тығыз байланысты өндiрiстiк және басқа да объектiлер салуға арналған немесе олар салынған жер учаскелерiне, оның iшiнде оларға қызмет көрсетуге арналған жер учаскелерiне бұрын берiлген құқықтарды сатып алған азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар жер учаскелерiне жеке меншiк құқығын алады.