2. Уәкiлеттi орган мен оның жергiлiктi жерлердегi органдары өз қызметiн Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтетiн ережеге сәйкес жүзеге асырады.
12-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының құзыретi
1. Тиiстi аумақтарда жер қатынастарын реттеу саласында жергiлiктi өкiлдi органдардың қарауына мыналар жатады:
1) жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, басқа да табиғат қорғау iс-шараларымен кешендi түрде жер ресурстарын қорғау жөніндегі бағдарламаларды бекіту;
2) ауыл шаруашылық алқаптарын қоса алғанда ауылдық (селолық) атқарушы органдардың қарамағына берiлген елдi мекендер аумағында жер-шаруашылық жағынан жайғастыру жоспарларын бекіту;
3) жергiлiктi бюджеттер құрамында жер ресурстарын қорғау және топырақ құнарлылығын арттыру жөніндегі шығыстарды бекіту;
4) жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар басшыларының жер ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуының жай-күйі туралы есептерiн тыңдау;
5) заң актілерінде белгiленген құзыретi шегiнде әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдар арасындағы шекараларды белгiлеу туралы шешiмдер қабылдау;
6) осы Заңмен және өзге де заң актілерімен өз құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер.
2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары жер қатынастарын реттеу саласында Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген өкiлеттiк шегiнде халықтың жергiлiктi маңызы бар мәселелердi шешуге қатысуын қамтамасыз етедi.
13-бап. Облыстық атқарушы органның құзыретi
Жер қатынастарын реттеу саласында облыстық атқарушы органның қарауына мыналар жатады:
1) облыстық өкiлдi органның бекітуiне енгізу үшiн жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, басқа да табиғат қорғау шараларымен кешендi түрде жер ресурстарын қорғау жөніндегі облыстық бағдарламаларды әзiрлеу және оларды орындау;
2) ауданаралық маңызы бар уақытша пайдаланылатын мал айдау жолдарына жер учаскелерiн беру;
3) осы Заңның 54-бабының 2-тармағына сәйкес iздестiру жұмыстарын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн пайдалануға рұқсат беру;
4) мемлекеттік ғылыми-зерттеу, оқу және басқа да ауыл шаруашылық ғылыми ұйымдары мен олардың тәжiрибе шаруашылықтарына, сондай-ақ мемлекеттік тұқым өсiру шаруашылықтары мен асыл тұқымды мал зауыттарына жер учаскелерiн беру;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрлерiн құру үшiн жердi резервте сақтау;
6) осы Заңның 10-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге байланысты жағдайларда жердiң барлық санаттарынан жер учаскелерiн беру және қайтарып алу;
7) осы Заңда және басқа да заң актілерінде белгiленген құзыретiне сәйкес аудандар арасындағы жер қатынастарын реттеу;
8) орман қоры жерiн қоспағанда, осы Заңның 72-бабында көзделген жағдайларда жер учаскелерiн беру және қайтарып алу;
9) аудандық, қалалық (облыстық маңызы бар) атқарушы органдардың қызметiн жер ресурстарын пайдалану мен қорғау жағынан үйлестiрiп отыру, оған басшылық ету және бақылау жасау;
10) осы Заңмен және өзге де заң актілерімен өз құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер.
14-бап. Аудандық (қалалардағы аудандардан басқа), қалалық, поселкелiк, ауылдық және селолық атқарушы органдардың құзыретi
Тиiстi аумақтарда жер қатынастарын реттеу саласында аудандық (қалалардағы аудандардан басқа), қалалық, поселкелiк, ауылдық және селолық атқарушы органдардың (әкiмдердiң) қарауына мыналар жатады:
1) жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру;
2) жердi мемлекеттік қажеттер үшiн қайтарып алу (сатып алу);
3) жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, басқа да табиғат қорғау шараларымен кешендi түрде жер ресурстарын қорғау жөніндегі аудандық және қалалық бағдарламаларды әзiрлеу және тиiстi өкiлдi органның бекітуiне енгізу және оларды орындау;
4) тиiстi өкiлдi органның бекітуiне енгізу үшiн ауылдық (селолық) атқарушы органдардың қарауына берiлген ауыл шаруашылық алқаптарын қоса, елдi мекендер аумағында жер-шаруашылық жайғастыру жоспарларын әзiрлеу және орындау;
5) осы Заңның 54-бабының 2-тармағына сәйкес iздестiру жұмыстары үшiн жер учаскелерiне орналасуға рұқсат беру;
6) ауданның арнаулы жер қорын құру;
7) жердi пайдалану мен қорғауға бақылау жасауды жүзеге асыру;
8) осы Заңның 30-бабының 5-тармағына сәйкес мемлекеттік жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн ұзақ мерзiмдi жалға беруiне рұқсат беру;
9) осы Заңмен және өзге де заң актілерiмен өз құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер.
2-бөлiм. Жерге меншік құқығы, жер пайдалану
құқығы және жерге өзге де құқықтар
3-тарау. Жерге меншік құқығы
15-бап. Жерге меншiк құқығының түрлерi
1. Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік және жеке меншiк танылады және тең дәрежеде қорғалады.
2. Меншiк құқығының субъектiлерi:
Республика аумағында жерге мемлекеттік меншiк құқығының субъектiсi Қазақстан Республикасы;
осы Заңмен белгiленген негiздерде, жағдайлар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар.
16-бап. Меншiк құқығының мазмұны
1. Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқығы бар.
2. Жердiң меншiк иесi ретіндегі мемлекеттiң құқықтарын осы заңда және өзге де заң актілерінде белгiленген өз құзыретiне сәйкес мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады.
3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi осы заңда және өзге де заң актілерінде көзделген негiздерде, жағдайлар мен шектерде меншік иесі құқығын жүзеге асыра алады.
17-бап. Мемлекеттік меншiк құқығын iске асыру
1. Мемлекеттік меншiктегi жерден жер учаскелерi:
1) жеке меншiкке сатылуы немесе өтеусiз берiлуi;
2) өтемдi немесе өтемсiз негiзде тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлуi;
3) осы заңда, өзге де заң актілерінде немесе халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де құқықтық нысандарда iске асырылуы мүмкін.
18-бап. Жеке меншiк құқығының объектiлерi
1. Өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн берiлген (берiлетiн) жер учаскелерi Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
Өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн берiлген жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан жағдайда меншiк құқығы иелiктен алынуға немесе осы Заңның 49-бабының нормаларына сәйкес қайта ресiмделуге тиiс.
2. Үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес күтiп ұстауға арналған жердi қоса алғанда өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салуға берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
3. Мыналар:
1) осы баптың 1-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, ауыл шаруашылық мақсатындағы;
2) қорғаныс қажеттерi үшiн пайдаланылатын;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;
4) орман және су қорларының;
5) елдi мекендер жеріндегі жалпы пайдаланылатын;
6) босалқы жер учаскелерi жеке меншiкте бола алмайды.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген мақсаттарға берiлген (берiлетiн) жер учаскелерi шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке меншiгiнде бола алмайды.
19-бап. Жеке меншiк құқығын іске асыру
1. Егер осы Заңда және өзге де заң актілерінде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң меншiк иесi жер учаскесiн мемлекеттік органдардың қандай да болсын рұқсатын алмай-ақ, өз қалауы бойынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырады.
2. Меншiк иесi өзiнiң жер учаскесiне қатысты заң актілерінде тыйым салынбаған кез келген мәмiлелердi жасасуға құқылы.
Жер учаскесiне меншiк құқығы басқа адамға мәмiле жасалған кезде болған барлық ауыртпалықтарымен қоса берiледi.
3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарттың негiзiнде жер учаскесiн уақытша пайдалануға беруге құқылы. Жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарт жалдау шарты (жалға алушымен) немесе өтеусiз пайдалану туралы шарт (өтеусiз пайдаланушымен) нысанында жасалады.
4-тарау. Жер пайдалану құқығы
20-бап. Жер пайдалану құқығының режимi
Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады.
Жер пайдалану құқығына, осы Заңға немесе заттық құқықтың табиғатына қайшы келмейтiндiктен, меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.
21-бап. Жер пайдалану құқығының түрлерi
1. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен алынатын немесе алынбайтын, ақы төлеп немесе өтеусiз алынатын болуы мүмкiн.
2. Осы заңда және басқа да заң актілерінде белгiленген негiздерден басқа реттерде ешкiмдi де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды.
22-бап. Жер пайдалану құқығының субъектiлерi
Жер пайдаланушылар:
1) мемлекеттік және мемлекеттік емес;
2) ұлттық және шетелдiк;
3) жеке және заңды тұлғалар;
4) тұрақты және уақытша;
5) бастапқы және кейiнгi болып бөлінедi.
23-бап. Оралмандарға жер учаскелерiн беру
1. Оралмандарға өзiндiк (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жер учаскелерiн беру селолық елдi мекендердiң жерiнен, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерден, көшiп келушiлердiң жер қорының, арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.
Берiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн осы заңда белгiленген тәртiп пен жағдайларда олардың жеке меншiгiне өтедi.
2. Оралмандарға жердi уақытша пайдалану құқығымен тауарлы ауыл шаруашылық өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерiн беру ауыл шаруашылық мақсатындағы жерден, арнайы жер қорының, көшiп келушiлердiң жер қорының жерiнен және босалқы жерден жүзеге асырылады.
24-бап. Жер пайдалану құқығының пайда болуы
1. Жер пайдалану құқығы:
1) жер пайдалану құқығын беру;
2) жер пайдалану құқығын тапсыру;
3) жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру) ауысуы арқылы пайда болады.
2. Жер пайдалану құқығын беру, басқа бiреуге тапсыру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын ескере отырып жүзеге асырылуға тиiс.
3. Жер пайдалану құқығы:
1) мемлекеттік органдар актілерінiң;
2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;
3) заңдарда көзделген өзге де негiздерде пайда болады.
25-бап. Жер пайдалану құқығын беру
1. Жер пайдалану құқығын беру тұлғаға жер пайдалану құқығын тiкелей мемлекет беретiнiн бiлдiредi.
2. Мемлекеттік заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын беру мемлекеттік органның жер учаскесiн тұрақты немесе уақытша пайдалануға беру туралы актісінің негiзiнде жүргiзiледi.
3. Уақытша жер пайдалану құқығын мемлекеттік емес жер пайдаланушыларға беру жер учаскесiн жалға беру шартының немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану шартының негiзiнде жүргiзiледi.
4. Егер жер учаскесi лицензияны (патенттi) немесе жер қойнауын пайдалануға Келісім-шарт жасасуды керек ететiн қызметтi жүзеге асыруға немесе iс-қимыл жасауға арналса, осы учаскеге жер пайдалану құқығын беру тиiстi лицензия (патент) алынғаннан кейiн немесе жер қойнауын пайдалануға Келісім-шарт жасалғаннан кейiн жүргiзiледi.
Жер учаскелерiне жекеменшiк құқығын және жер пайдалану құқығын беру тәртібі жөніндегі ереженi қараңыз
26-бап. Жер пайдалану құқығын тапсыру
1. Жер пайдалану құқығын тапсыру тұлғаға жер пайдалану құқығын басқа бiр жер пайдаланушы беретiнiн бiлдiредi.
Жер пайдалану құқығын тапсыру азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде, сондай-ақ заңдарда көзделген өзге де негiздер бойынша жүргiзiледi.
Жер пайдалану құқығынан айыру азаматтық-құқықтық мәмілелер (сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау және басқалар) негiзiнде жүргiзiледi.
Жер пайдалану құқығын белгiлi бiр мерзiмге басқа тұлғаға тапсыру, жалдау немесе жердi өтеусiз уақытша пайдалану шартының негiзiнде жүргiзiледi.
2. Жер пайдаланушылардың, жерді иелiктен алуды қоса алғанда:
1) жалпы пайдаланылатын;
2) қорғаныс мұқтаждарына берiлген;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;
4) қызметтiк жер телiмi жерiнде жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасауына жол берiлмейдi.
3. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi учаскенi басқа тұлғаға (кейiнгi жер пайдаланушыға) уақытша пайдалануға тапсыруы, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен алу осы Заңның 25-бабының 4-тармағында және 28-бабында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
27-бап. Жердi тұрақты пайдалану құқығы
1. Тұрақты жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi мынадай мемлекеттік жер пайдаланушыларға:
1) кондоминиум объектiлеріндегі үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды), үй-жайларды шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғаларға;
2) ауыл шаруашылық және орман шаруашылығы өндiрiсiн жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнде жер пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
4) заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда берiледi.
2. Тұрақты жер пайдалану құқығы шетелдiк жер пайдаланушыларға тиесiлi бола алмайды.
28-бап. Уақытша жер пайдалану құқығы
1. Уақытша жер пайдалану құқығы қысқа мерзiмдi (5 жылға дейiн) және ұзақ мерзiмдi (5 жылдан 49 жылға дейiн) болуы мүмкiн.
Уақытша жер пайдалану құқығын беру мерзiмдерi нысаналы мақсатын ескере отырып белгiленедi.
2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, өз мiндеттерiн тиiстi түрде орындаған уақытша жер пайдаланушының шарт мерзiмi бiткен соң басқа жағдайлары тең болған кезде жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында басым құқығы болады. Уақытша жер пайдаланушы жалға берушіге осындай шарт жасасу ниетi бар екенiн - шартта көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетiлмесе, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталардан үш ай бұрын жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
3. Бастапқы ұзақ мерзiмдi ақылы жер пайдалану құқығы бар мемлекеттік емес жер пайдаланушылар, егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн (немесе олардың бiр бөлiгiн) жалға (кiшi жалға) немесе өтеусiз уақытша жер пайдалануға беруге, сондай-ақ өздерiне тиесiлi уақытша жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығаруға құқылы.
Мемлекеттік жер пайдаланушылар аталған құқықтарды осы Заңның 30-бабында белгiленген тәртiппен iске асырады.
4. Бастапқы уақытша жер пайдаланушы жер учаскесiн кейiнгi жер пайдалану туралы шарт бойынша басқаға берген жағдайда, соңғысының мерзiмi бастапқы жер пайдалану мерзiмiнен аспауы керек және жер учаскесiнiң нысаналы пайдаланылу мақсатын бұзуға әкеп соқтырмауға тиiс.
5. Кейiнгi жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi құқыққа осы Заңның 29-бабында белгiленген тәртiппен билiк етедi.
Уақытша жер пайдалану туралы үлгiлiк шарттардың нысандарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 ж. 6 желтоқсандағы № 1495 қаулысын қараңыз
29-бап. Кейiнгi жер пайдалану құқығы
1. Кейiнгi жер пайдалану бастапқы жер пайдаланушы өзiнiң жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығармай, өзiне тиесiлi учаскенi (немесе оның бiр бөлiгiн) уәкiлеттi органға хабарлай отырып, басқа тұлғаға уақытша пайдалануға беретiн жағдайларда кейiнгi жер пайдалану туралы шарттың негiзiнде пайда болады.
Кейiнгi жер пайдаланушы өз құқықтарын басқа жер пайдаланушыларға беру құқығы болмайтын әрдайым уақытша жер пайдаланушы болып табылады.
2. Жер учаскесiн кейiнгi жер пайдалануға берген кезде бастапқы және кейiнгi жер пайдаланушылар мемлекет алдындағы жер пайдаланушының мiндеттерiн толық көлемiнде атқара бередi.
3. Кейiнгi жер пайдалану туралы шарт жалдау шарты немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шарт нысанында жасалады.
4. Кейiнгi жер пайдаланушы жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ кейiнгi жер пайдалану туралы шартта белгiленген талаптарды сақтай отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтары мен мiндеттерiн (осы Заңның 47 және 48-баптары) iске асырады.
5. Шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың, шетел қатысатын кәсiпорындардың жер учаскесiн жалға алуына болады, бiрақ олардың ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелерiн кейiнгi жер пайдалануға беруге құқығы жоқ.
30-бап. Мемлекеттік жер пайдаланушылардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi
1. Мемлекеттік жер пайдаланушылар жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ осы учаскенің нысаналы мақсаты мен жер пайдаланушы қызметiнiң жарғылық мақсаттарын ескере отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтарын iске асырады.
2. Мемлекеттік жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығаруға, сондай-ақ кепiлге салуға құқығы жоқ, бұған жер учаскесiнде орналасқан жылжымайтын мүлiктi белгiленген тәртiппен иелiктен шығаруға не оны кепiлге салуға байланысты жағдайлар қосылмайды.
3. Мемлекеттік жер пайдаланушыларға тиесiлi үйлерден (құрылыстардан, ғимараттардан) кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алуға байланысты жер пайдалану құқығынан өндiрiлiп алынатын жағдайларды қоспағанда (осы Заңның 61-бабының 3-тармағы), мемлекеттік жер пайдаланушыларға тиесiлi жер пайдалану құқығы кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алу нысанасы бола алмайды.
4. Мемлекеттік жер пайдаланушы өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) белгiленген тәртiппен жалға берген жағдайда, осы Заңның 36-бабының 3-тармағында белгiленген ережелер бойынша, оларға қоса аталған мүлiк орналасқан және белгiленген нормаларға сәйкес оның пайдаланылуына қажеттi жер учаскесi де жалға берiледi.
Үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) өзiн тиiсiнше жалға бермейiнше, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiн басқа тұлғаға жалға беруге болмайды.
5. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерiнде өзгеше көзделмесе, мемлекеттік жер пайдаланушы өзiне тиесiлi жер учаскесiн уәкілетті орган арқылы мемлекеттің келісiмiмен ғана ұзақ мерзімді жалға бере алады.
6. Жер учаскесi қызметтiк телiм тәртібімен берiлетiн жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн өтеусiз уақытша жер пайдалануға беруiне болмайды.
31-бап. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы
1. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы заң бойынша мұраға алған жағдайда немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда құқықтық мирасқорда жер пайдалану құқығының пайда болуын бiлдiредi.
2. Жер учаскесiне ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы бар азамат қайтыс болған жағдайда жер пайдалану құқығы азаматтық заңдарда көзделген тәртiппен мұраға қалдырылады. Егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, қысқа мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы да осындай тәртiппен мұраға қалдырылады.
3. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда оған тиесiлi жер пайдалану құқығы азаматтық заңдардың нормаларына сәйкес құқықтық мирасқорына ауысады.
32-бап. Қызметтiк жер телiмi
1. Қызметтiк жер телiмi ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдаланудың ерекше бiр түрi болып табылады.
2. Қызметтiк жер телiмiне құқығы бар қызметкерлер санаттарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейдi.
3. Қызметтiк жер телiмi үлеске құқығы бар адамдар жұмыс iстейтiн мемлекеттік заңды тұлғалардың жер пайдалануындағы жерден бөлiнедi.
4. Қызметтiк жер телiмi қызметтiк тұрғын үйге күтiм жасау, ауыл шаруашылық дақылдарын өсiру, шөп шабу және мал жаю үшiн берiледi.
5. Қызметтiк жер телiмi өтеусiз кейiнгi уақытша жер пайдалануға жатады және өзiнiң бөлiнуiне байланысты жұмыс кезеңiне берiледi. Қызметтік жер теліміне ауыл шаруашылық дақылдары егілген жағдайда жұмыстан босатылған қызметкердiң қызметтiк жер телiмiн пайдалану құқығы өнiм жинап алынғаннан кейiн тоқтатылады.
6. Қызметтiк жер телiмi:
1) жасы немесе мүгедектiгi бойынша зейнеткерлiкке шыққан соң еңбек қатынастарын тоқтатқан қызметкерлерде;
2) Қарулы Күштер қатарына мiндеттi мерзiмдi қызметке шақырылған немесе оқуға түскен қызметкерлердiң отбасында - бұл қызметкерлердiң мiндеттi қызметте немесе оқу орнында болған бүкiл мерзiмiне;
3) қызмет мiндеттерiн орындауына байланысты қаза тапқан қызметкерлердiң отбасында: жұмысқа жарамсыз жұбайы мен қартайған ата-аналары үшiн - өмiр бойы, балалары үшiн - олар кәмелетке толғанға дейiн сақталады.
7. Тұрғын үй заңдарына сәйкес қызметтiк тұрғын жайда тұру құқығы сақталатындығына қарай, қызметтiк тұрғын үйдi күтiп ұстауға арналған учаске түріндегі қызметтiк жер телiмiне құқықта сақталады.
8. Қызметтiк жер телiмi тәртібімен жер учаскесiн беру қызметкер мен заңды тұлға әкiмшiлiгiнiң арасында жасалатын қызметтiк жер телiмiн беру туралы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
9. Қызметтiк жер телiмiн пайдалану құқығына қатысты қандай да болсын мәмiле жасасуға жол берiлмейдi.
5-тарау. Жер учаскесі - меншік құқығының, жер
пайдалану құқығының және өзге де
құқықтардың объектісі
33-бап. Жер учаскесiне құқық шектерi
1. Заң актілерінде өзгеше белгiленбегендiктен, жер учаскесiне құқықтар осы учаске шекарасындағы топырақтың үстiңгi қабатына, тұйық су тоғандарына, екпелерге қолданылады.
Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының топырақ қабаты астында жатқан жер қойнауын пайдалануы жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкес және жер қойнауы саласындағы қатынастарды реттейтiн заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР Президентінің Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Заң күші бар 27.01.96 ж. № 2828; ҚР Президентінің Мұнай туралы Заң күші бар 28.06.95 ж. № 2350 Жарлықтарын қараңыз
2. Егер пайдалану кезiнде басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң құқықтарын, соның iшiнде жер қойнауына суға өсiмдiктер, жануарлар дүниесiне және әуе кеңiстiгiне құқықтарын бұзбаса, жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өз қалауы бойынша және қандай да бiр рұқсат алмай-ақ, осы учаскенiң үстiнде және астында бар нәрсенiң бәрiн пайдалануға құқылы.
34-бап. Жер учаскесiне құқық беру тәртібі
1. Жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi өздерiнiң осы заңда белгiленген құзыретi шегiнде жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
Жер учаскесiн беру туралы шешiм жергiлiктi өкiлдi органның депутаттары, жер ресурстарын басқару, сәулет және қала құрылысы жөніндегі аумақтық органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдардың өкiлдерi қатарынан жергiлiктi атқарушы органдар құратын комиссияның қорытындысы негiзiнде қабылданады.
2. Мемлекеттік жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқығын алуға мүдделi жеке және заңды тұлғалар жер учаскесi орналасқан жердегi жергiлiктi атқарушы органға өтiнiш бередi.
Өтiнiште жер учаскесiн пайдаланудың мақсаты, оның болжамды мөлшерi, орналасқан жерi, сұралатын пайдалану құқығы, басқа жер учаскесiнiң (осы Заңның 35-бабының 2-тармағында аталған жер учаскелерi бойынша) болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс. Пайдалы қазбалар өндiрiлетiн жағдайда өтiнiшке Жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттың көшiрмесi қоса тiркеледi.
Жер учаскесiне құқық беру туралы өтiнiш түскен кезiнен бастап үш айға дейiнгi мерзiмде қаралады.
3. Жергілiктi уәкiлеттi органдар атқарушы органның тапсыруымен (елдi мекендерде сәулет және қала құрылысы органдарымен бiрлесе отырып) сұралып отырған жер учаскесiн аумақтық аймаққа бөлуге сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкiндiгiн анықтайды.
4. Жер учаскесiне құқық беруден бас тарту жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен ресiмделiп, өтiнiш берушiге шешiм қабылданғаннан кейiн жетi күн мерзiмде көшiрмесi тапсырылады.
5. Жергiлiктi атқарушы органның жер учаскелерiне тиiстi құқықтар беру туралы шешiмi жерге орналастыру жобасы негiзiнде қабылданып, өтiнiш берушiге шешiм қабылданған кезден бастап жетi күн мерзiмде жер учаскесiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын беру туралы шешiмнiң көшiрмесi тапсырылады.