Инновациялық қызмет - аяқталған ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелердiң, не өзге ғылыми-техникалық жетiстiктердiң нәтижелерiн рынокта сатылатын жаңа немесе жетiлдiрiлген өнiмде, практикалық қызметте пайдаланылатын жаңа технологиялық процесте, сондай-ақ осыған байланысты қосымша ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелердi iске асыруға бағытталған процесс болғандықтан, инновациялық процесс өнеркәсiп, білім және ғылым саласындағы міндеттердiң кең ауқымын қамтуға тиiс.
Осыған байланысты, ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы инновациялық қызметтiң бiрiншi кезектегi шаралары:
аяқталған әзiрлемелердi барынша көп таратуға және оларды рынокта сатуға;
қолда бар ғылыми-технологиялық және өндiрiстiк базаларда, негiзiнен технологияларды жақсарту деңгейіндегі базаларда инновацияны сататын шағын өндiрiстердi үздiксiз құруға және оларды қолдауға;
республикада ғылымды қажетсiнетiн озық технологияны дамыту үшiн қажеттi шетелдiк патенттер мен лицензияларды сатып алуға оларды жергiлiктi жағдайға бейiмдеуге, болашаққа сатып алынған технологияларды жетілдiру жөнiңдегi зерттеулер жүргiзуге, не солардың негiзiнде жаңа, неғұрлым жетiлдiрiлгендерiн жасауға;
кадрлар базасын қалыптастыруға бағдарлануға тиiс.
Сонымен бiр мезгiлде, ғылымды қажетсiнетiн жаңа технологиялар мен өндiрiстер құру жөнiнде болашағы бар зерттеулер жүргiзу мiндетті болып табылады.
Жұмыстың негiзгi бөлiгi технологияларды енгізу немесе экспортқа әзiрлеудiң базалық ғылыми-технологиялық орталықтары арқылы жүргiзiлуге тиiс.
Нарықтық қатынастардың өндiрiстiк-экономикалық салада орнығуына және ұсынылған шаралардың iске асырылуына қарай, инновациялық қызметтi инвестициялық және басқа жобаларды (жобалық менеджмент) басқарудың осы заманғы технологиялары шеңберiнде iске асыруға көшуге болады. Осының бәрi, ғылыми iзденiстердiң, ғылыми және технологиялық зерттеулердi ұйымдастырудың неғұрлым икемдi нысандарын пайдаланудың аясын кеңейтiп қана қоймайды, сонымен бiрге мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты iске асыру үшiн қосымша қаражат тартуға мүмкiндiк бередi.
7. Қайта құрылымдандыру және жекешелендiру
Қазақстан экономикасының нарықтық қатынастарға көшуi жағдайында қайта құрылымдандыру мен жекешелендiру өзгерiстердiң ажырағысыз элементi болып табылады. Ғылыми-техникалық саладағы қайта құрылымдандыру дегенiмiз, басым iргелi және қолданбалы зерттеулер үшiн жауап беретiн құрылымдық бөлiмшелердi бөлу, ғылыми-техникалық қызметтiң тиiмділiгiн арттыру мақсатында оларды одан әрi қайта ұйымдастыру.
Ғылыми ұйымдарды қайта құрылымдандыруды қолда бар қаржы, кадр мүмкiндiктерiмен және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласының алдында тұрған мiндеттермен тығыз байланыста жүргiзу қажет. Осының алдындағы кезеңде Ұлттық ғылыми орталықтарды қалыптастыру ғылыми ұйымдарды әлеуметтiк және коммуналдық инфрақұрылымдарды ұстау жөніндегі оған тән емес функциялардан босату жөнiнде жұмыстар жүргiзiлдi. Ғылымды коммерцияландыру мақсатында ғылыми-зерттеу ұйымдары республикалық мемлекеттік кәсiпорын болып қайта құрылды.
Келесi кезең ғылымның мемлекеттік секторын қалыптастыру және бiрқатар ғылыми ұйымдарды жекешелендiру, жаңа (республика үшiн дәстүрден тыс) ғылыми ұйымдардың шағын және орташа нысандарын құру болуға тиiс. Осыған байланысты, iргелi және ел үшiн стратегиялық мәнi бар зерттеулер жүргiзетiн ғылыми ұйымдарды қоспағанда, ғылыми-техникалық салалардың объектілерiн коммерцияландыру мен жекешелендiру жөніндегі шаралар кешенiн әзiрлеп, жүзеге асыру қажет.
Интеллектуалдық меншiктi және басқа материалдық емес активтердi мемлекеттік ұйымдар объектiлерiнiң құнына енгізу үшiн, меншiк нысандарын өзгерте отырып, оларды қайта құрған және (немесе) мемлекеттік меншiктi жекешелендiрген кезде, оларды бағалау мен есепке алудың ережесін Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтуi қажет.
Әсiресе, агроөнеркәсiп кешенiнiң объектiлерiн жекешелендiруде байыпты көзқарас танытылуы тиiс. Ауыл шаруашылығы өндiрiсi және оны ғылыми қамтамасыз ету географиялық белгiсi бойынша сараланған. Сондықтан, тәжiрибелiк-эксперименттiк шаруашылықтарды қоса алғанда, елдiң барлық негiзгi топырақтық-климаттық аймақтарында ғылыми ұйымдар бар. Олардағы егiстiк алқаптары мен фермаларда институттар эксперименттiк зерттеулер жүргiзедi, ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал тұқымдарының жаңа сорттары мен будандарын тексередi, жаңа технологиялар мен машиналарды байқаудан өткiзедi, сондай-ақ элиталық тұқымдар, асыл тұқымды төл өсiредi және аймақтарды солармен қамтамасыз етедi. Аграрлық бағдардағы ғылыми ұйымдар және олардың тәжiрибелiк-эксперименттiк кәсiпорындары, осылайша, өзара байланыстағы ғылыми-технологиялық тiзбек болып шығады және бiртұтас ғылыми-зерттеу кешенiн құрайды. Тәжiрибе көрсеткендей, коммуналдық меншiкке берiлген тәжiрибе шаруашылықтары ғылыми-зерттеу жұмыстарына, республикалық ғылыми-техникалық бағдарламаларға қатысудан қалады. Осы себептен елде тұқымды жаппай көбейту мен асыл тұқымды сұрыптау жұмыстары толық және бiржола күйреуi мүмкiн.
8. Ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы шағын және орта
кәсiпкерлiктi дамыту және қолдау
Шаруашылық жүргiзудiң нарықтық жүйесiнiң аса маңызды және қажеттi құрылымдық элементi шағын және орта кәсiпкерлiктiң, соның iшiнде ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы шағын және орта кәсiпкерлiктiң тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Бiздiң еліміздің жағдайында бұл, бiр жағынан, жұмыс орындары санының өсуiне жағдай жасайды, екiншi жағынан, ғылыми-техникалық кадрлардың басқа жаққа кетiп қалуын және қолда бар ғылыми-техникалық базаның күйреуiн болдырмайды. Ғылыми-техникалық саладағы инновациялық шағын және орта бизнестiң қалыптасу кезеңiнде, оған, әлемдiк тәжiрибе көрсетiп отырғандай, мемлекеттік қолдау қажет.
Шағын және орта кәсiпкерлiктiң осы заманғы нысандары ғылыми-техникалық өнімдер мен қызмет көрсетулердiң соларға сай инфрақұрылымдары мен дiлі бар кең рыногын құруға ықпал ететiн болады. Солардың базасында идея, өнертабыс, патенттер болып барып, тауарлар болып қайта шығатын өзiндiк бiр торап құру көзделiп отыр. Шағын және орта инновациялық кәсiпкерлiктiң таратылатын ғылыми ұйымдардың базасында да, сондай-ақ iргелi, стратегиялық маңызды зерттеулер үшiн жауап беретiн ғылыми ұйымдардың және енгiзiлмелi-қолданбалы зерттеулер үшiн жауап беретiн бөлiмшелердiң "өзегiн" бөлiп көрсете отырып, ғылыми-техникалық салалар объектiлерiн қайта құрылымдандыру мен жекешелендiру жолымен де қалыптастырылып, дамытылатынын атап көрсеткен жөн.
Шағын және орта бизнестi дамытумен байланыстырылатын Қазақстандағы кәсiпкерлiктi қайта өркендету неғұрлым жетiлдiрiлген техникалық базада жүзеге асырылуға тиiс. Әңгiме шағын кәсiпкерлiктiң өзiне тән икемдiлiгi, сұраныстың өзгеруiне тез бейiмделетiн қабiлетi толық көлемде көрiнiс беретiн өндiрiстiк базаны және өз инфрақұрылымын жасау қажеттiгi туралы болып отыр. Бизнестiң шағын нысанының ерекшелiгi оған тиiстi қолдау көрсету керек екендiгiн де білдіредi (тiкелей қаржыландыруын, соның iшiнде коммерциялық банктердiң тәуекелдiк, жеңiлдiктi, несиемен қаржыландыруын, шағын бизнеске бағдарланған инвестициялық компаниялар құруды қоса алғанда). ТМД елдеріндегі нарықтық қайта құруға қолдау көрсетудiң көптеген халықаралық бағдарламаларында шағын және орта кәсiпорындарға көмектiң арнаулы қорларын құру көзделген. Қаражаттың бiр бөлiгi техникалық көмек (сарапшылардың, консультанттардың қызмет көрсетулерi) деп аталатын нысанда келiп түсетiн болады.
Шағын және орта бизнестi қолдауда алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшiн салық-қаржы саясатының ынталандыру қызметi ерекше мәнге ие болады.
9. Аймақтарда ғылыми зерттеулердi дамыту
Аймақтардың ғылыми-техникалық әлеуетiн нығайтуға жәрдемдесу мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаттың ажырамас бөлiгi болуға тиiс, жергiлiктi жердегi өндiрiспен тығыз байланысуына орай, ол неғұрлым тиiмдi және өмiршең болуы мүмкiн. Ғылыми-техникалық ұйымдарды жаңадан құрған, жұмыс iстеп тұрғандарын қайта ұйымдастырған және аймақтық, аймақаралық бас ғылыми ұйымдарды айқындаған кезде аймақтық мәнiстердi ескеру керек.
Аймақтардағы ғылым жергiлiктi өнеркәсiп пен агроөнеркәсiп кешендерiн дамытуды талап ету, сондай-ақ ерекшелiгi бар әлеуметтiк-экономикалық және экологиялық проблемалар негiзiнде құрылуға тиiс. Аймақтық ғылыми ұйымдар, сондай-ақ инновациялық қызметтi дамыту орталықтары болуы керек. Облыстық бюджеттерде ғылымға қаражат бөлудi көздейтiн баптарды қайта қарау қажет.
Аймақтардағы ғылыми зерттеулердi дамытуда және жандандыруда жергiлiктi жоғары оқу орындары маңызды рөл атқара алады және атқаруға тиiс. Аймақтардың экономикалық және әлеуметтiк салаларын қайта құру процесінде олардың ғылыми-техникалық әлеуетiн толық көлемде пайдалану қажет, олар ғылыми-инновациялық дамудың орталықтары болуға тиiс.
Ғылыми-техникалық саланы басқарудың мемлекеттік органы және аймақтардың басшылығы өзiнiң күш-жiгерiн ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың мынадай бағыттарына:
аймақтарда экономикалық өсудiң белсендi нүктелерiн және оларға ғылыми-техникалық қолдау көрсетудiң нысандарын iздестiруге;
аймақты дамытудың басым ғылыми-технологиялық мәнiстерiн белгiлеуге қатысуға;
аймақтарда ғылыми-техникалық қызметтi ұйымдастырудың және қолдаудың жаңа нысандарын дамытуға жәрдем көрсетуге жұмылдыруға тиiс.
Мемлекет тарапынан:
аймақтық саясаттың жүйелiк қағидаттары мен әдiстерiн әзiрлеудi, аймақтардың стратегиялық дамуын ғылыми болжауды;
аймақтарды кешенді дамытудың жобаларын ғылыми-техникалық жағынан сүйемелдеудi;
аймақаралық, трансаймақтық және шекара маңындағы өзара тиiмді iс-қимылды қалыптастыру кезiнде ғылыми негiздеудi (сараптауды);
аймақтық ғылыми-техникалық бағдарламаларды елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының құрамдас бөлiгi ретіндегі ғылыми-техникалық дамудың мiндеттерiмен байланыста қарастыруды қамтамасыз ету қажет.
10. Қорғаныс саласындағы ғылыми-техникалық саясат
Қорғаныс саласындағы ғылыми-техникалық саясат мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаттың ажырамас бөлiгi болып табылады, оның негiзгi мақсаттары:
қорғаныс кәсiпорындарын дамыту, қолдау және қару-жарақ пен әскери техниканың жекелеген түрлерiнiң Қазақстан үшiн неғұрлым басымдарын жөндеудi, жаңғыртуды және өндiрудi қамтамасыз ету;
байланыс, барлау, радиоэлектрондық күрес, әуе шабуылынан қорғаныс, көлiктiк авиация әскерлерiнiң басым дамуы мен техникалық жағынан жарақтануын қамтамасыз ету болып табылады.
Жоғары технологиялық және ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстi басым дамыту елдiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң және әскери қатердi болдырмаудың аса маңызды ресурсы ретiнде қарастырылады.
Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесi өндiрiстiң қорғаныс салалары технологиялық базасының тұрақтылығы мен сенiмдiлiгiнiң қажеттi дамуына қол жеткізудi талап етедi. Ол үшiн, елдiң, импорттық жеткiзiлiмдердi өзiмiздегi соларға ұқсастармен орнын толтыру қабiлетiн аса қысқа мерзiмде қамтамасыз ету қажет.
Қорғаныс саласындағы ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыру кезiнде Әскери доктринаның негiзгi ережелерiн iске асыруға, әскери-өнеркәсiптiк өндiрiстi дамытуға және конверсиялауға айрықша назар аударылуға тиiс.
Оны ойдағыдай орындау үшiн:
қорғаныс кешенiн дамытудың және конверсия жүргiзудiң, қару-жарақ пен әскери техниканы жаратудың стратегиясы мен методологиясын әзiрлеу;
конверсиялау және жарату нәтижесiнде сатылатын тауарлардың халықаралық рынокқа шығуына жағдай жасау;
конверсиялау және екiұдай қолдану технологиясын әзiрлеy проблемалары бойынша ғылыми-техникалық өзара iс-қимыл саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
өнеркәсiп орындарының және ғылыми-зерттеу институттарының даму және конверсия мәселелерi бойынша жұмыстарын үйлестiрудi жүзеге асыру қажет.
Елдiң қорғаныс кәсiпорындарын конверсиялауды:
конверсиялау нәтижелерiнің әлеуметтiк мәнiн;
конверсиялық шаралардың экономикалық және әскери-техникалық тиiмдiлiгiн қамтамасыз етудi;
технологияны дамытудың басым бағыттары бойынша ғылыми-техникалық әлеуеттi сақтауды;
мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi;
біліктi ғылыми және инженерлiк кадрларды қолдауды ескере отырып жүргізген орынды.
11. Ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы ресурстық,
нормативтік құқықтық, ақпараттық және кадрлық қамтамасыз ету
1) Қаржыландыру
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтi қаржымен қамтамасыз ету қаржыландыру көздерiнiң көптiгiне негiзделуге тиiс. Iргелi зерттеулердi және басым қолданбалы бағдарламаларды қаржыландырудың басым көзi мемлекеттік бюджет болып табылады. Республикалық ғылыми-техникалық бағдарламалар да және жекелеген аймақтарға арналған бағдарламалар да тиiсiнше республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылуы тиiс, бұл ретте бюджет қаржысы мүдделi кәсiпорындар мен ұйымдардың өз қаражаттарымен ұштастырылады. Егер олар қайтарым негiзiнде берiлсе, бiрiншi кезекте технологиялық бағыттардағы жұмыстар үшiн берiлсе, бюджеттік қаражатты аталған мақсатқа пайдаланудың тиiмдiлiгi арта түседi. Кредит осы зерттеулердi қаржыландырудың елеулi көзi болуға тиiс.
Бұдан басқа, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет, сондай-ақ заемдық қаржы қаражаты, өзiнiң қаржылық ресурстарының есебiнен тартылған қаржы қаражатынан және гранттардан жүзеге асырылуы мүмкiн.
2) Заңдық базаны жетiлдiру
Ғылымның елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы рөлiн одан әрi арттыру үшiн экономика салаларының және әлеуметтiк салалардың ғылыми-технологиялық дамуын ынталандырудың пәрмендi тетiгiн жасау, ғылымды басқару жүйесiн, оның заңдық базасын жетiлдiру, ғылым мен жоғары білiмдi ықпалдастыру, ғылыми зерттеулердi бюджеттен тыс қаржыландырудың тұрақты көздерiн iздестiру мейiлiнше өзектi болып табылады.
Осыған байланысты, 2000 жылы "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциясын әзiрлеу қажет.
Заң жобасында өндiрiстiк қатынастардың кез келген субъектiлерiнiң ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласына тиесiлiгi мәнiнде өндiрiстiк қатынастардың кез келген субъектiсiн теңестiру жөніндегі ережелер көрсетiлуi, мемлекеттiң және осы қызмет субъектiлерiнiң арасындағы қатынастар реттелуге тиiс. Мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi мақсаттары мен қағидаттары, оны қалыптастыру мен iске асыру жөніндегі мемлекеттік өкiмет органдарының өкiлеттiктерi белгiленген, қаржыландыруды регламенттеуге және ресурстарды ғылыми-техникалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыруға байланысты мәселелер көрiнiс табуы, сондай-ақ, ғылыми-техникалық салалар объектiлерiн жекешелендiрудiң ерекшелiктерi ескерiлетiн нормалар енгізу қажет.
Инновациялық, ақпараттық қызметке және қызметтiң басқа салаларына қатысты заңдық және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдер де жетiлдiрiлуге тиiс;
3) Ғылыми-техникалық қызметтi ақпараттық қамтамасыз ету
Аса ауыр қаржылық жағдайға қарамастан, елде ғылыми-техникалық ақпараттың республикалық жүйесiн сақтап қалуға қол жеттi. Ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар және басқа ғылыми-техникалық өнiмдер бойынша мемлекеттік дерекқор, ғылым мен техника жетiстiктерi туралы автоматтандырылған ақпараттық ресурстар қалыптастырылуда.
Ғылыми-ақпараттық салалар үшiн нормативтiк және әдістемелік құжаттардың жинағы әзiрлендi, шетелдердiң ақпараттық орталықтарымен байланыс орнатылуда. Ғылыми-техникалық әлеуеттiң, шет мемлекеттердегi ғылыми-техникалық дамуды басқару проблемаларының мониторингi жүзеге асырылуда. Мемлекеттік органдар ғылыми-техникалық ақпаратпен тұрақты негiзде қамтамасыз етiледi, рефераттық, талдамалық және басқа ақпараттық материалдар шығарылады.
Қазақстанда ғылым мен техника дамуының әлемдiк деңгейiне және жоғары қарқынына жету үшiн ғылыми-техникалық қызметтi ақпараттық қамтамасыз ету жүйесiн одан әрi жетiлдiру және дамыту талап етiледi.
Таяу кезеңде ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау, iздестiру және беру процестерiн толық автоматтандыру мiндетi алда тұр. Бұл ретте, ақпараттық технологиялар, пайдаланылып жүрген аппараттық және бағдарламалық құралдар Қазақстан Республикасында құрылып жатқан бiрыңғай ақпараттық кеңiстiк талаптарына сәйкес болуға тиiс.
Ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы ақпараттық қамтамасыз етудiң мiндеттерiн iске асыру үшiн ғылыми-техникалық ақпараттың мемлекеттік жүйесiнiң қазiргi кезде жұмыс iстеп тұрған базасында ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық жүйесiн құру керек, ол орталықтағы, сондай-ақ аймақтардағы өзiнiң барлық тұтынушыларының және өндiрушілерiнiң отандық және шетелдiк ашық ақпарат көздерімен, ал басқа елдердiң ақпаратын пайдаланушыларға - Қазақстанның ғылыми-техникалық ақпаратының ақпараттық ресурстарымен қамтамасыз етiлуiне жол ашады. Ақпараттық қорларды, әсiресе автоматтандырылған ақпараттық ресурстарды, халықаралық стандарттарды ескере отырып құру керек, мұның өзi ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат жүйесiнiң әлемдiк ақпараттық қоғамдастыққа кіруiн жеделдетедi.
Ғылыми-техникалық қызметтi ақпараттық қамтамасыз етумен, сондай-ақ ғалымдар мен мамандардың, ғылыми-техникалық ақпаратты басқа да пайдаланушылардың ақпараттық мәдениетiнiң жеткiлiктi деңгейiн қалыптастырумен шұғылданатын мамандар даярлау және олардың біліктiлiгiн арттыру жөнiнде үлкен жұмыс жүргізу мiндетi алда тұр. Осы мақсатпен ғылыми-ақпараттық қызмет саласында, әсiресе жаңа ақпараттық технология саласында, соның iшiнде интеллектуалдық ақпарат жүйелерi саласында iргелi және қолданбалы зерттеулер жүргiзiледi.
Ғылыми-техникалық ақпарат органдарының жанынан ақпарат қызметкерлерiнiң біліктiлiгiн арттыру орталықтарын құру, орта және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына ғылыми-техникалық ақпарат жөнiнде курстар енгізу қажет;
4) Ғылыми кадрлар даярлау және әлеуметтiк саясат
Ғылыми-техникалық салаларды кадрлармен қамтамасыз етудiң негiзделген саясатын жүргiзу - ғылыми зерттеулердiң тиiмдiлiгiн арттырудың, оларды таяу және алыс болашақта елеулi жаңа деңгейге шығарудың түйiндi проблемаларының бiрi.
Қазақстан Республикасында ғылым үшiн кадрлар проблемалары айрықша өткiр қойылып отыр. Ғылыми еңбекке ақы төлеу деңгейiнiң бағаның өсуiнен қалыс қалуы нәтижесiнде кадрлардың, соның iшiнде кеп жылдық маманданған даярлықтағы жоғары біліктi кадрлардың қартаюы және қызметтiң басқа салалары мен елден тыс жерлерге кетуi жүрiп жатыр. Ғалымның, инженердiң беделi түсiп кеттi, олардың еңбегi бұрынғыдай тартымдылығын жоғалтты.
Қызметтiң технологиялық және экономикалық салалары үшiн жоғары біліктi кадрлар даярлау тұрғысынан ғылым мен білімдi ықпалдастыру мүмкiндiктерi толық көлемде пайдаланылмайды.
Мұндай терiс тенденциялар ғылым мен техника саласындағы еңбектiң нәтижелерiне әсерiн тигiзетiн көптеген басқа проблемаларды да шиеленiстiрiп жiбердi. Ғылыми және инженерлiк кадрлардың өнертапқыштық белсенділiгi төмендедi, талантты жастар кетiп жатыр.
Ғылыми кадрларды даярлаудың жүйесi қажеттiлiкпен және ғылыми-техникалық саланы басым дамытумен тығыз байланыстырылуға тиiс және аспирантура мен докторантура жүйелерi арқылы жоғары біліктi ғылыми кадрлар даярлауды осы бағытқа бағдарлау керек. Ғылым мен инновациялық қызмет салалары үшiн менеджерлер даярлауды жүзеге асыру қажет.
Республикада ғылыми кадрларды мақсатты және құрылымдық-теңдестiре даярлау, қайта даярлау, аттестаттау және тиiмдi пайдалану ғылыми-техникалық прогрестiң баса көрсетiлген бағыттары бойынша тұрақты түрде алға жылжудың бiрiншi дәрежелi шарты болып табылады. Бұл мiндеттердi шешуге басым сипат беру керек.
Бұл жұмыс:
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен ғылыми және инженерлiк-техникалық кадрларды, магистрларды, аспиранттарды, ғылыми дәреже iзденушiлерi мен докторанттарды даярлауға жұмсалатын қажеттi қаржы қаражатын бөлудi;
кадр проблемаларын шешуге және талантты жастарды iздеу мен iрiктеуден бастап, даярланған мамандарға аттестаттау жүргiзуге және еңбекке орналастыруға дейiнгi даярлаудың барлық буындарын басқару үшiн қажет тиiстi тетiгiн жасауды, оларды рейтингтiк бағалаудың рәсiмдерiн пайдалана отырып және өзге шараларды кешендi көзқарасты жүзеге асыруды;
ғылыми-техникалық дамудың бiрiншi кезектегi басым бағыттарына, жүйелi кәсiбилiк пен біліктi iскерлiк талаптарына сәйкес ғылыми және инженерлiк кадрларды құрылымдық-теңдестiрiлген даярлауға және қайта даярлауға көшiрудi қамтамасыз етудi;
Қазақстанның ғылыми-инженерлiк кадрлар деректерiнiң жүйелендiрiлген банкiн қалыптастыруды;
ғылыми қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеудi арттыруды;
акционерлендiрiлген және шетелдiк фирмалардың басқаруына берiлген мемлекеттік кәсiпорындардың кадрларды даярлауға және қайта даярлауға, студенттердiң, магистрлердің және тағлымдамашылардың практикасын ұйымдастыруға қатысуын;
ғалымдарды және жоғары біліктi педагогтарды аттестаттаудың деңгейiн көтерудi, мамандықтардың, ұғымдық терминологиялық аппараттың номенклатурасын жетiлдiрудi;
білімдi халықаралық білім беру жүйесiне ықпалдастыруды, студенттердi және ғылыми қызметкерлердi шетелдiк ғылыми орталықтарда оқыту мен тағылымдамадан өткізу үшiн заңнамада белгiленген тәртiппен қажеттi қаржы қаражатын бөлудi талап етедi.
Ғалымдарға, ғылыми-техникалық қызметкерлерге әлеуметтiк қолдау көрсету және олардың еңбегiн, мәртебесiн және жағдайын қорғау, интеллектуалдық меншiктi, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау, ғылым мен жоғары мектеп қызметкерлерiн зейнетақымен қамтамасыз ету нысандарын дамыту, сондай-ақ ғылыми және инновациялық қызметтi сақтандыру кадр саясатының аса маңызды мәнiсi болып табылады.
12. Халықаралық ынтымақтастық
Халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласындағы мемлекеттік саясат елдiң ұлттық мүддесiне, қазiргi геосаяси және экономикалық жағдайға сәйкес жүзеге асырылуға және қазақстандық өнiмдердi халықаралық рынокқа жылжыту, Қазақстанды әлемдiк ғылыми қоғамдастыққа ықпалдастыру және оның осы заманғы өркениет проблемаларын шешудегi рөлiн белгiлеу мақсатында бәсекеге қабiлеттi бiрлескен зерттеулер мен әзiрлемелердi iске асыруға бағытталуға тиіс.
ТМД шеңберiнде ғылымды қажетсiнетiн технология, кадрлар даярлау, ғылыми және ғылыми-техникалық саясатты жақындастыру мәселелерi бойынша бiрлескен семинарлар, кеңестер ұйымдастыру және бiрыңғай ғылыми және экономикалық кеңiстiктi қалыптастыру саласындағы ынтымақтастық жөнiнде екiжақты және көпжақты халықаралық шарттар жасасу практикасын дамыту керек.
Халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты реттеу жөніндегі мемлекеттік саясатты жүргізуге ғылыми қоғамдастықтың мүддесiн ескере отырып, әрiптестердi, бағыттарды, шетелдiк әрiптестермен ынтымақтастық және араласу нысандарын еркiн таңдау енуге тиiс. Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдарына, қазiргi кезде, едәуір дәрежеде қазақстандық ғылымға көмек көрсетуде iзгiлiктi сипатқа ие және көбiне қаржыландырушы тараптың мүддесін көздейтiн Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ХҒТО), Еуропалық одақ, Американдық қорлар, НАТО-ның ғылыми комитетi және басқа бағдарламаларға қатысумен қатар, қатысушы тараптардың үлес қосуымен қаржыландырылатын өзара тиiмді жобаларға, қазақстандық институттар базасында халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарын құруға, қазақстандық ғалымдардың жұмыс iстеп тұрған әлемдiк ғылыми орталықтардың жұмысына қатысуына ықпал етуге, институт сайттарын құру арқылы қазақстандық ғылымның жетiстiктерi мен мүмкiндiктерiн насихаттау үшiн Интернет мүмкiндiктерiн кеңiнен пайдалануға, республикада халықаралық конференциялар мен форумдар өткізуге, лекция оқу үшiн басқа елдердiң iрi ғалымдарын шақыруға көшу қажет.