Қазақстан Республикасының Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының
тұжырымдамасы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 12 шілдедегі № 1059 қаулысы
Республиканың ғылыми-техникалық даму міндеттерін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары салалық және аймақтық әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды әзірлеу кезінде осы Тұжырымдаманы басшылыққа алсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң
2000 жылғы 12 шiлдедегi № 1059 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Ғылыми және
ғылыми-техникалық саясатының
тұжырымдамасы
1. Кiрiспе
Жаңа ғасырға адамзат өмiр салтын түбегейлi өзгерткен аса көрнектi ғылыми және технологиялық жетiстiктермен бара жатыр. Iргелi және қолданбалы ғылымның нәтижелерiн практикада тиiмдi пайдалану адамзатты тұрақты дамытудың аса маңызды факторына айналуда. Осыған байланысты, Қазақстан үшiн отандық ғылымды елдiң әлеуметтiк-экономикалық және рухани дамуының аса маңызды факторына айналдыруға арналған бағытты жасау және оны өмiрге енгізу республиканың ұзақ мерзiмдi стратегиялық басымдықтарына сәйкес мемлекет экономикасының бәсекеге қабiлеттiлiгiн және ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн экономикалық әлеуетiн арттыру өзекті мiндет болып табылады.
Қазiргi кезеңдегі саяси және әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi шешу мемлекеттiң нысаналы ғылыми-техникалық саясатын талап етедi, ол әлеуметтiк-экономикалық саясаттың құрамдас бөлiгi болып табылады. Қазақстан Республикасының Үкіметі перспективалық ғылыми бағыттарды және ғылыми кадрларды даярлаудың жүйесін сақтау үшiн қажетті жағдайлар жасау, ғылым мен техника дамуының басым бағыттарын айқындау, қолда бар ресурстарды осы бағыттарда шоғырландыру, бүкiл ғылыми-техникалық кешенді реформалау және өнеркәсiптi дамытудың ел үшiн жаңа технологиялық базасын жасау, ғылыми салада жұмыс iстеудiң нарықтық экономикаға тән жаңа тетiктерiн қалыптастыру жөнiнде бiрқатар шаралар қабылдаған болатын. Сонымен бiрге, объективтiк себептерге орай, ғылыми-техникалық сала осы күнге дейiн қоғамның әлеуметтiк-экономикалық прогресiнiң базалық элементi болмай отыр.
Қазақстан Республикасының Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының осы тұжырымдамасы алдағы 5-10 жыл өтпелi кезеңдегi мiндеттердi шешуге лайықталып әзiрлендi және ғылыми-техникалық саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, экономиканы инновациялық дамытудың және бәсекеге қабiлетті ұлттық экономиканың құрылуы мен оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететiн, оның ресурстық мүмкiндiктерiнiң осы заманғы талаптарына жауап беретiн ғылыми-техникалық әлеуеттi қалыптастыруға бағытталған.
2. Қазақстандағы әлеуметтiк-экономикалық жағдай және оның ғылыми-
техникалық салаға әсерi
Қазақстандағы әлеуметтiк-экономикалық жағдай 90-жылдары өндiрiстiң терең құлдырауымен, халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендеуiмен сипатталды. Реформа барысында экономиканы ауырлататын және сиықсыз күйге түсiретiн қажетсiз өндiрістердi ығыстыру жүрген жоқ, негiзгi өндiрiстiк қорларда осы заманғы талаптарға жауап беретiн жабдықтар мен машиналардың үлес салмағы төмендедi. Экономиканың техникалық-технологиялық iргетасын құрайтын көптеген жетекшi кәсiпорындар төлемге қабiлетсiз болып қалды және толық қуатымен жұмыс iстей алмады. Олардың өндiрiстiк-техникалық әлеуетi уақытылы және тиiмдi амортизациясыз бұзылады, моральдық жағынан ескiредi. Осындай әлеуеттi жоғалту оны қалпына келтiру үшiн бiрнеше ондаған жылдарды талап етедi.
Әсiресе, инвестициялық белсендiлiктiң төмендеуi қолайсыз фактор болды, мұның өзi негiзгi қорларды жаңарту, озық технологияларды, инновациялық қызметтi енгізу мүмкiндiктерiне терiс әсер еттi. Көптеген салаларда инвестиция ұдайы өндiрiстiң қажеттерiн жаппайды.
Салалық құрылым мен инвестицияның негiзгi капиталдағы серпiнінен экономика құрылымын қалыптастыруда отын-шикiзат салаларының, дамымаған машина жасаудың және тұтыну секторының басымдығы жалғасып отырған процесс көрiнiс бередi, мұның өзi құрылымдық қайта құрудың мiндеттерiне қайшы келедi. Шетелдiк инвесторлар қаржыны iшкi және әлемдiк нарықта төлем қабiлетi сұраныспен пайдаланылатын, сондай-ақ экологиялық жағынан залалды өндiрiске салуға бейiм тұрады (тiкелей шетелдiк инвестициялардың 83,3% 1997 жылы мұнай-газ өнеркәсiбiне, түстi, қара металлургияға бағытталды).
Соңғы екi жылда әлемдiк экономиканың дамуы көптеген елдердi, соның iшiнде Ресейдi, Оңтүстiк-Шығыс Азия мен Латын Америкасы елдерiн қамтыған дағдарыспен атап өтiлдi. Осы елдердегi экономикалық жағдайдың нашарлауы 1998 жылдың бiрiншi жартысында бүкiл әлем бойынша тауарларға баға деңгейi төмендеуiнiң өзектi факторына айналды. Әсiресе, әлемдегi экономикалық дамуға шикiзатқа бағаның төмендеуi (газ, мұнай, металлдар) маңызды ықпал еттi. Бұдан шикiзат экспорты табыстың едәуiр бөлiгін құрайтын елдер, соның ішінде Қазақстан, бәрiнен де көп зардап шектi.
Қазақстанда, басқа да бұрынғы одақтас республикалар сияқты, 90-жылдары технологиялық керi кету тенденциясы басым болды. Өндiрiстiң техникалық деңгейi төмендедi, жаңа технология нашар игерiлдi, прогрессивтi өнiм шығару құлдырады, ғылыми-техникалық әлеует қысқарды.
Өндiрiс құлдырауының нәтижесiнде инновацияға бағытталған ресурстар мейлiнше қысқарды. Инновациялық даму экономиканың ауырлаған құрылымын тежейдi. Негiзгi инновациялық әлеует инновацияға бейiмдiгi төмен және бүкiл әлемде технологиялылығы аз деп есептелетiн отын-шикiзат салаларында шоғырланған. Ғылымға және әсiресе, инновацияға шығын едәуiр қысқарды.
Ғылымның рөлiн дұрыс бағаламау, ғылымның және инженерлiк еңбектiң беделi құлдырау жағдайында технология әзiрлеушiлердiң кәсiби деңгейiнiң төмендеуi, алынған білiм мен дағдының ескеруi жүрiп жатыр.
Осылайша, нарықтық реформаның басталуы жалпы әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың едәуiр өзгеруiне алып келдi. Өндiрiстiң құлдырауы, экономиканың индустриясыздануы (шикiзат бағдарының күшеюi), инвестициялық сұранымның күрт қысқаруы ғылыми-техникалық әлеуеттiң өсе түскен сұранымсыздығына жағдай жасады. Жалпы әлеуметтiк-экономикалық жағдай ғылыми-техникалық даму процесi үшiн әзiрше қолайсыз күйiнде қалып отыр.
Осыған байланысты Республика Үкіметі Қазақстанның мемлекеттік өнеркәсiптiк саясатын түзету, қазақстандық қоғамның тұрақты дамуы үшiн экономикалық негiз жасау жөнiнде шаралар қолдануда. 90-жылдардың екiншi жартысынан және 2000 жылдың бас кезiнен бастап экономикадағы жағдай басқарылуға неғұрлым икемделе бастады, негiзгi нарықтық институттар құрылып, экономикалық дағдарыстан шығудың жолдары белгiлендi, экономиканың нақты секторына айрықша назар аударылады. Экономиканы тұрақтандыру және оның одан әрi өсуiн қамтамасыз ету инновациялық қызметтi жандандыруды және өндiрiстiң осы заманғы ғылыми-технологиялық базасын құруды көздейдi, ол ғылыми және ғылыми-техникалық саланы тиісiнше дамытпайынша мүмкiн емес.
Қазақстанда ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласын реформалау нарықтық экономикаға өтудiң ерекше күрделi кезеңiне тап келдi. Ғылым, нарыққа өтудiң салдары, объективтiк жағдайларға орай, неғұрлым жосықсыз сипатта жүрген салалардың бiрi болды.
Қаржыландыру көлемiнiң едәуiр азаюы ғылымды реформалау мен ғылыми-техникалық әлеуеттiң белсендi бөлiгiнiң тiршiлiк етуi мен сақталуы проблемаларын шешудi үйлестiре жүргiзудi қажет ететiн жағдайды туындатты. Осындай күрделi жағдайда мемлекеттік органдар қабылдаған шаралар дағдарыстың салдарын белгiлi бiр дәрежеде жұмсартуға, жинақталған ғылыми-техникалық әлеуеттiң елеулi бөлiгiн, сондай-ақ осы заманғы ғылым мен техниканы дамытудың бiрқатар маңызды бағыттары бойынша қол жеткiзген позицияны сақтап қалуға мүмкiндiк туғызды. Ғылыми ұйымдарды шаруашылық жүргiзудiң жаңа жағдайларына бейiмдеудiң табысқа жеткiзген алғашқы мысалдары да көрiне бастады. Қазақстандық ғылым неғұрлым ашық және демократиялы бола түстi, ғалымдардың, сондай-ақ ғылыми ұйымдардың әртүрлi халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысуы кеңейдi, идеологиялық шектеу мен қатаң әкiмшiлiк бақылау жоғалды.
Елде нарықтық экономикаға тән ғылыми салалардың жұмыс iстеу тетiктерiн дамыту табиғи қадам болды. Оларға, ең алдымен, зерттеулер мен әзiрлемелердi конкурстық негiзде қаржыландыру жатады. Отандық ғылымның тарихи ерекшелiктерiн ескере отырып, жетекшi ғылыми мектептердi сақтау және ғылымның, білім мен өндiрiстiң ыдыраңқылығын еңсеру жөнiнде шаралар қолданылды.
Сонымен бiр мезгілде, түбегейлi жүйелiк қайта құру өткiр бюджеттік дағдарыс жағдайында жүргiзiлдi, мұның өзi елде ғылыми сектордың қысқару тенденциясын туындатты. Ұлттық ғылыми зерттеу саласындағы жағдайды дағдарысты күй деп сипаттауға болады. Ғылымның қажеттi ресурстармен қазiргi кездегi қамтамасыз етiлуi оның өзiнен уақыт талап етiп отырған үндеулерге жауап беруiне шамасын келтiрмейдi.
Зерттеу жұмыстарын қаржыландыруда әртүрлi елдердің салыстырмалы күш-жiгерiн шамамен бағалау ғылымға арналған әлемдiк шығын сомаларының 95%-ке жуығы дамыған елдердiң үлесiне тиетiнiн көрсетедi. Олар, сондай-ақ ҒЗЖ-ға арналған ұлттық шығын көрсеткiштерi (бiр тұрғынға есептегенде) бойынша да алда - 50-ден 150 АҚШ долларына дейiн, ал дамушы елдерде ол 5 доллардан аспайды. Қазақстанда 1998 жылы бұл көрсеткiш күткендегi 3,2 долларға қарама-қарсы, нақты алғанда, небәрi 1,2 долларды құрады. Сөз жоқ, қаржыландырудың мұндай ауқымы Қазақстанда ғылымның қарыштап дамуын қамтамасыз ету туралы айтуға мүмкiндiк бермейдi.
Басқа көздердiң iс жүзiнде болмауы жағдайында бюджеттік қаржыландыру көлемiнiң қысқаруы зерттеу ұйымдары санының 1995 жылмен салыстырғанда 54 бiрлiкке қысқарып кетуiне әкеп соқты. Басқа елдерге және экономиканың дамушы секторына ғылыми кадрлардың кетуi нәтижесiнде, осы кезеңдегi ғылыми қызметкерлердiң саны 1190 адамға қысқарды. Жалпы алғанда ғылыми саладан 7237 қызметкер, соның iшiнде жоғары оқу орындарынан 1160 қызметкер кетiп қалды. Сонымен бiрге, ғылым саласында кәсiпкерлiк секторының пайда болғаны байқалып отыр - 1998 жылы мұнда 1500-ге жуық адам жұмыс iстедi, мұның өзi үмiт күттiрерлiк фактi болып табылады.
Дамыған елдердегi және Қазақстандағы ғылыми-техникалық саясатты iске асырудың тенденцияларын салыстыра келiп, кейбір қағидаттық айырмашылықтарды атап көрсеткен жөн. Егер дамыған елдерге iргелi және қолданбалы зерттеудi қаржыландыруды арттыру ғылымның жеке сектормен өзара байланысын ынталандыру тән болса, Қазақстанда әзiрге керi тенденция әлi де сақталып отыр. Бұл елдерде ғылымға жеке сектордағы шығынды тiкелей және жанама ынталандыру, экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi шешу үшiн ғылыми-техникалық әлеуеттi пайдалану жөнiндегі күш-жігердi тұрақты түрде жандандыру жүзеге асырылады, ал Қазақстанда осы уақытқа дейiн шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң ғылымға және инновациялық қызметке арналған шығыстарын мемлекеттік ынталандыру жүйесi жоқ, отандық технологияны құрудың және игерудiң маңыздылығын жете бағаламау сақталуда.
Iстiң мұндай жағдайында, Қазақстанның жетекшi елдермен салыстырғандағы даму деңгейiнiң алшақтығы болашақта, мұнан да артатын болады. Мемлекеттiң қоғамның өндiрiстiк күштерiн дамыту саласындағы ұзақ мерзiмдi саясатын түбегейлi қайта қарау талап етiледi, әлеуетi жөнiнен шикiзат экспортымен шамалас, экономиканың шикiзаттық емес секторын құруға бағытталған инновациялық саясат оның өзегi болуға тиiс. Iс жүзiнде, инновациялық саясаттың басты мақсаты - рентабельдiлiгi жоғары, ғылымды қажетсiнетiн экспорттық өнiм шығару жөніндегі өндiрiс құру жолымен елдiң экспортын құрайтын шикiзаттың үлесiн қауiпсiз деңгейге дейiн азайту болып табылатын Қазақстанның өндiрiстiк инфрақұрылымын қатар жасаудың негiзi болуға тиiс.
3. Ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi қағидаттары,
мақсаттары мен мiндеттерi
1) Ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi қағидаттары
Республиканың ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының аса маңызды қағидаттары:
ғылыми және ғылыми-техникалық дамудың басым бағыттарын ұлттық мүддеге, елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының қажеттерiне сәйкес ынталандыру және мемлекеттік қолдау;
ресурстарды басым ғылыми бағыттарға шоғырландыру;
ғылым мен техника жөніндегі мемлекеттік тапсырыстарды конкурстық негiзде қалыптастыру және орналастыру;
ғылыми-техникалық саясатты қалыптастыру мен iске асыру кезiнде ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік органдардың ғылыми жұртшылықпен өзара iс-қимылын демократияландыру және қамтамасыз ету, ғылыми, ғылыми-техникалық шығармашылықтың еркiндiгiн қамтамасыз ету және ғылыми қызметкерлердiң еңбек жағдайын жақсарту;
ғылымды, өндiрiс пен білімдi ықпалдастыру болуға тиiс;
2) Ғылыми және ғылыми-техникалық саясат саласындағы негiзгi мiндеттер мен мақсаттар
Ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi мақсаты - өмiрдiң сапасын арттыруға бағытталған зерттеулердi дамыту, жоғары технологиялы өнiмдердi экспорттауға бағдарланған, ғылымды қажетсiнетiн, ресурстарды үнемдейтiн және экологиялық жағынан таза өндiрiстер әзiрлеу, шикiзатқа бағытталған экономиканы бiртiндеп технологиялық, ал технологиялықты - интеллектуалдық-ақпараттық экономикаға ауыстыру және осы мақсат үшiн жоғары біліктi мамандар даярлау болып табылады.
Оларды iске асыру үшiн:
ғылым мен ғылыми-техникалық қызметтi ұйымдастырудың жүйесiн, нормативтiк құқықтық және әдiстемелiк базаны, соның iшiнде, ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру саласындағы базаны, оларды конкурстық iрiктеудi және нәтижелердi практикалық игерудi, интеллектуалдық меншiк құқығын қорғауды және басқаларын жетiлдiрудi;
iргелi зерттеулердi оңтайландыруды;
экономиканың базалық салаларының қажеттілiгiн ғылыми-техникалық қамтамасыз етуге арналған қолданбалы зерттеулердiң бiрiншi кезектегi бағыттылығын;
ғылымды қажетсiнетiн жаңа өндiрiстердi ұйымдастыру "зерттеу - әзiрлеу - өнеркәсiптiк игеру" бiрыңғай ғылыми-өндiрiстiк циклға көшуге ықпал ететiн инновациялық қызметтi дамыту үшiн қолайлы жағдай жасауды;
ғылымды қажетсiнетiн өнiмдер шығару жөнiндегі импортты алмастыратын (экспортқа бағдарланған) жаңа технология әзiрлеуді, меншiктi тәжiрибелi-эксперименттiк және өндiрiстiк-техникалық базаны одан әрi нығайтуды (қайта жаңарту, техникалық жағынан қайта жарақтандыру) және дамытуды;
қызмет бейiнiн сақтай отырып, ғылыми-техникалық саланың жекелеген объектiлерiн қайта құрылымдандыруды және жекешелендiрудi;
ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстi ұйымдастыру мен дамыту үшiн инвестиция тартуды, ресурстар үнемдейтiн және экологиялық жағынан таза технологиялар енгізудi;
ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласында шағын және орташа кәсiпкерлiктiң тұрақты дамуын қамтамасыз етудi, нарықтық инфрақұрылым элементтерiн қалыптастыруды және дамытуды;
зерттеу институттарын, салалық ғылыми-техникалық орталықтарды және жоғары оқу орындарын, оқу процесi мен ғылыми қызметтi ықпалдастырудың тиiмді тетiгiн әзiрлеудi;
басым бағыттар бойынша кадрлар, соның iшiнде жоғары біліктi кадрлар даярлауды, осы негiзде елдiң интеллектуалдық әлеуетiн сақтауды және дамытуды қамтамасыз етудi;
озық шетелдiк технологияларды отандық жағдайға таңдау мен бейiмдеуге және өнеркәсiпте игеруге елдiң ғылыми күштерiн тартуды;
қазақстандық ғылымды әлемдiк ғылыми-техникалық кеңiстiкке ықпалдастыру процесiн жеделдету мiндеттерiн шешу қажет.
4. Республиканың ғылыми және ғылыми-техникалық дамуының
басым бағыттарын таңдау
Жоғары экономикалық тиiмдiлiкке ие бола отырып, осы заманғы ғылыми зерттеулер барған сайын қымбат бола түсуде, сондықтан ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi түйiнi республиканың ғылыми және ғылыми-техникалық дамуының басым бағыттарын таңдау болып табылады. Басымдықтарды таңдау ең басты ұлттық идеядан - күштi, экономикалық жағынан дамыған, демократиялық, білімдi Қазақстан құрудан бастау алуға тиiс;
1) Iргелi зерттеулер
Ғылыми-техникалық дамудың негізiнде адамзат мәдениетiнiң аса маңызды элементтерi болып табылатын iргелi зерттеулер мен білім жатыр. Олар адамның дүниетанымын, оның адамгершiлігі мен руханиятын едәуiр дәрежеде қалыптастырады.
Iргелi ғылымдардың негiзгі бағыттарын айқындау әлемдiк ғылымның даму тенденцияларына сәйкес республиканың стратегиялық басымдықтарына ғылыми әлеуетті шоғырландыру және жаңа білімдер алу мүмкiндiгi мен елде қойылған мiндеттердi шешуге қабiлеттi ғалымдардың бар-жоғын ескере отырып, елдiң тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуын айқындайтын фактор ретiнде жаңа технологиялардың ғылыми негiздерiн әзiрлеу қажеттiгi мақсатында жүргізiлуi тиiс.
Iргелi зерттеулердiң негiзгi бағыттарын болжау тұрақты мониторингтi, неғұрлым келешегi бар қарқынды бағыттарды айқындауды, оларлы қаржыландырудың қосымша көздерiн iздестiрудi, таңдап алынған басымдықтарға түзету енгізудi талап етедi;
2) Қолданбалы зерттеулер
Қазақстанның экономикалық дамуының табысты болуы едәуiр дәрежеде елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының басымдықтармен тығыз байланыстағы қолданбалы зерттеулердiң басым бағыттарына қолда бар резервтер мен күш-жiгердi шоғырландыруға тәуелдi. Басым бағыттар:
- экономикалық реформалардың негiздерiн әзiрлеу жөніндегі ғылыми зерттеулерге;
- ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстiң дамуына ықпал ететiн, өзiн-өзi тез ақтайтын әзiрлемелердi жасауға және енгізуге, экспорттық өнiмдi арттыруға;
ауыл шаруашылығы малдарының, өсiмдiктер сорттарының жоғары өнiмдi тұқымдарын жеделдетiп жасаудың, халықты жоғары сапалы тағам өнiмдерiмен қамтамасыз етудiң әдiстерiн әзiрлеуге;
- энергетиканы дамыту, көмiрсутегi шикiзатын барлау, өндiру, қайта өңдеу және тасымалдау проблемаларын шешуге;
- халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталуға тиiс.
Жаңа материалдар, химиялық өнiмдер, дәрiлiк препараттарын жасау, табиғатты ұтымды пайдалану, ізгiлiк бағдарындағы жұмыстар бойынша жаңа технологиялар әзiрлеу және игеру тәрiздi мiндеттердi шешу жөніндегі бағыттар басым күйiнде қала бередi.
Республикада салалық және салааралық ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi бағыттарын айқындау болашақ дамудың алдын ала жасалған сценарийi негiзiнде жүргiзiлуге тиiс, онда саланың жай-күйi талданады және нақты ұзақ мерзiмдi және қысқа мерзiмдi немесе стратегиялық және тактикалық мақсаттар белгiленедi. Мақсаттарды маңызына қарай саралау жұмыстың алғашқы кезеңiнiң аяқталуы болып табылады, өйткенi, осы кезеңде салаларды басқарудың жоғары органы ретiнде салалық министрлiктер мен ведомстволар иелiк ететiн (немесе иелене алатын) нақты ресурстар есепке алына бастайды. Негiзінен, салалық саясат белгiлi бiр жетiстiктерге ие салаларды дамытуға бағытталуға тиiс. Алайда, ғылым мен техника дамуының электроника, ақпараттық және коммуникациялық технология, жаңа материалдар, биотехнология, энергетика, ғарыштық технология тәрiздi түйiндi бағыттарында зерттеулер мен әзiрлемелер мiндеттi түрде жүргiзiлуге тиiс.
Басым салаларды дамыту бағдарламаларын ғылыми қамтамасыз ету үшiн iшiнара мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын, саланың дамуына қарай, осы зерттеулердi қаржыландыру бiртiндеп шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қаражаты есебiнен қаржыландыруға көшiрiлетiн республикалық мақсатты ғылыми-техникалық, салалық және салааралық ғылыми-техникалық бағдарламалар қалыптастырылады.
5. Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатты iске асырудың
мақсатты-бағдарламалық әдiсi
Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық саясатын iске асыру шеңберiнде ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтi ұйымдастырудың мақсатты-бағдарламалық әдiсiне көшу жүзеге асырылды. Жоспарлау, қаржыландыру, сараптама, басқару және бақылау сатыларын қамтитын, бүкiл ғылыми-техникалық процесс жинақталып, қорытылған бұл әдiс, бұдан былайғы перспективаға арналған ғылыми-техникалық саясатты iске асырудың негiзiне алынуы мүмкiн.
Мақсатты-бағдарламалық әдiстiң тиiмдiлігі оның жүйелi, ықпалдастыру сипатынан туындайды. Ол оңтайлы шешiмдердi iздестiру әдiстерiнiң функционалдық басымдықтарын, мақсаттарды икемдi қою және жобалардың экономикалық ортаның қажеттерi мен мүмкiндiктерiне бейiмдеудi бiрiктiредi. Бұл жағдайда зерттеулердi, әзiрлемелер мен олардың орындаушыларын ғана емес, сонымен бiрге ғылыми-техникалық жобаның бүкiл техникалық және ақпараттық инфрақұрылымын қаржыландыру да жүзеге асырылады.
Жобалар мен бағдарламаларды тәуелсiз мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптау мақсатты-бағдарламалық әдiстiң аса маңызды тетiгi болып табылады. Сараптау кезiнде бағдарламаның ғылыми негiздiлiгi, оңтайлы мөлшерi және ғылыми ұжымның құрамы, жобалаушы бас ұйымның зерттеулерiнiң негiзiнде мақсаттарға қол жеткізудiң нақтылығы, қосымша орындаушы ұйымдарды тартудың қажеттiгi және басқалары тексерiлуге және бағалануға тиiс. Iргелi зерттеулер бағдарламалары бойынша бас ұйымды таңдаған кезде күштi ғылыми мектептiң, танымал жетекшi ғалымның болуы, зерттеудiң осы заманғы әдiстерiн игеруi өлшем ретiнде алынады. Осының бәрi, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы деңгейін арттыруға жәрдемдесуге арналған.
Қазiргi кезеңде мақсатты-бағдарламалық әдiс шеңберiнде мынадай ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламаларды қалыптастыру мен іске асыру жүзеге асырылуда:
табиғи және әлеуметтiк жүйелер туралы қағидатты жаңа білім алуды және экономиканы жүйелi қайта құрудың, қоғамды, мәдениеттi және ғылымның өзiн тұрақты дамытудың ғылыми негiздерiн әзiрлеудi өзiнiң алдына мақсат етiп қойған, ғылым мен ғылыми-техникалық прогрестiң басым бағыттарының шектеулi саны бойынша iргелi зерттеулер;
ғылыми-техникалық әлеуеттi өнеркәсіптiк-технологиялық және әлеуметтiк-экономикалық дамудың ең басты басымдықтарына шоғырландыруға қабiлеттi мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты iске асырудың аса маңызды құралы ретіндегі республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламалар;
қолданбалы (салалық, салааралық және аймақтық ғылыми-техникалық) бағдарламалар - ғылыми-техникалық қызметтiң нақты және кешендi салааралық бағыттары, қолданбалы және енгiзiлетiн зерттеулер мен әзiрлемелер аймақтар үшiн басымдығы бар ғылыми зерттеулердiң бағдарламалары;
белгiлi бiр басым бағыттар шеңберіндегі "тәуекелдi" және перспективалы iргелi және қолданбалы зерттеулердi ынталандыру және аймақтардағы ғылыми зерттеулердi дамытуға жәрдемдесу мақсатындағы Ғылым қорының жобалары.
6. Ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы
инновациялық қызмет
Жоғарыда айтылғандай, шикiзаттық экономиканың болашағы жоқтығының анықтығы қоғамның өндiрiстiк күштерiн дамыту саласындағы мемлекеттiң ұзақ мерзiмдi саясатын түбегейлi қайта қарауды талап етедi, оның негiзi әлеуетi бойынша шикiзат экспортымен шамалас, экономиканың шикiзаттық емес секторын құруға бағытталған инновациялық саясат болуға тиiс.
Әлемдiк тәжiрибе бұл мақсат үшiн өндiрiстiк инфрақұрылым дамуының арнаулы тәсiлдерi мен тетiктерi жасалуы және iске асырылуы тиiс екенiн көрсетiп отыр. Бұл орайда, жаңа экономика шикiзат экспортымен неғұрлым аз байланыста болса, оның елдiң экономикасында дербес тармақ болу шетелдiк өндiрушiлермен iшкi нарықта ғана емес, сондай-ақ сыртқы нарықта да бәсекелесу қабiлетi соғұрлым мүмкiндiгi арта түседi.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Yкіметі Қазақстан Республикасындағы Инновациялық қызметтiң тұжырымдамасын қарап, мақұлдады.
Қазақстанның қаржы-экономикалық әлеуетi Тұжырымдамада алға қойылған міндеттерді қысқа мерзiмде iске асыруға мүмкiндiк бермейдi, оның үстiне, олар ғылыми, өндiрiстiк, білім беру құрылымдарының кең аясын қамтуға тиiс, ал оларды даярлау екi-үш жылдың iшiнде қамтамасыз етiлуi мүмкiн емес.