Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия
құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000
жылғы 22 мамырдағы № 771 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005.09.02. № 124 қаулысымен күші жойылды
"Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Заңын іске асыру мақсатында және "Халықты жұмыспен қамтудың бірінші кезекті шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 ақпандағы № 312 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қосымшаға сәйкес құрамда Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже бекітілсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелсін.
4. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 22 мамырдағы
№ 771 қаулысымен
бекітілген
Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі
ведомствоаралық комиссия туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) "Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 ақпандағы № 312 қаулысына сәйкес құрылды.
Комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Комиссия қызметінің басты мақсаты экономикалық және әлеуметтік проблемаларды шешуге тепе-теңдестірілген тәсілдерді қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуден, еңбек рыногының икемділігін арттырудың есебінен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998-2000 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарында көзделген азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмыссыздықтан қорғау стратегиясын іске асырудан, жұмыс күшінің босауының, оның ішінде кәсіпорындардың банкротқа ұшырауына байланысты, болмай қоймайтын жеделдеуінің әлеуметтік салдарын бәсеңдетуден, жұмыссыз азаматтарды тезірек еңбекке орналастыру үшін жағдай жасаудан, жұмысын жоғалтқан адамдарды тиімді мақсатты қолдауды қамтамасыз етуден тұрады.
Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, өзге де нормативтік-құқықтық кесімдерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2. Ведомствоаралық комиссияның міндеттері
Комиссияның негізгі міндеттері:
халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
еңбек рыногында қалыптасып отырған үрдістерді талдау және болжау, Қазақстан Республикасы Үкіметінің халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу саласындағы қызметінің негізгі бағыттарын жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
жаңа жұмыс орындарын құру және шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздарды жұмыспен уақытша қамтудың, оның ішінде қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру жолымен, түрлері мен нысандарын кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
ішкі еңбек рыногын қорғау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
жұмыспен қамту, әлеуметтік әріптестік, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау, ішкі еңбек рыногын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобалары мен басқа да нормативтік кесімдерді сараптамалық бағалау болып табылады.
3. Ведомствоаралық комиссия қызметін ұйымдастыру
Комиссияны Төраға басқарады.
Комиссияның жұмысын ұйымдастыруды, тиісті материалдарын, ұсынымдарын әзірлеуді оның мүшелері сайлайтын Комиссияның хатшысы жүзеге асырады.
Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болып табылады.
Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде тоқсанына бір рет өткізіледі.
Отырыстың күн тәртібін, сондай-ақ ол өткізілетін жері мен уақытын, Комиссияның мүшелерімен келісім бойынша, Комиссияның төрағасы белгілейді және нақтылайды.
Комиссияның шешімдері оның мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады, хаттамамен ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына Комиссияның атынан Төраға немесе Комиссия құрамының кемінде жартысының жазбаша не ауызша келісімі бойынша Комиссияның хатшысы ұсынады.
Комиссияның құзыретіне жататын қажетті материалдарды әзірлеу үшін ұйымдар, жоғары оқу орындары, сондай-ақ ғалымдар мен жоғары білікті мамандар тартылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 22 мамырдағы
№ 771 қаулысына
қосымша
Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі
ведомствоаралық комиссияның құрамы
Радостовец Николай Владимирович - Қазақстан Республикасының Еңбек және
халықты әлеуметтік қорғау министрі,
төраға
Иванов Виктор Михайлович - Қазақстан Республикасының Еңбек және
халықты әлеуметтік қорғау
вице-министрі, төрағаның орынбасары
Комиссияның мүшелері:
Ахметов Әшімжан Сүлейменұлы - Қазақстан Республикасының Білім және
ғылым вице-министрі
Бахмутова Елена Леонидовна - Қазақстан Республикасының Қаржы
министрлігі Бюджет департаментінің
директоры
Ысқақова Саийда Куанқызы - "Шағын несие" мемлекеттік емес
ұйымының директоры (келісім бойынша)
Ішмұхамедов Қадырбек Әбшейітұлы - Қазақстан Республикасының Көші-қон
және демография жөніндегі агенттігі
жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі
басқармасының бастығы
Куанышбаева Роза Сақтағанқызы - Қазақстан Республикасының Еңбек және
халықты әлеуметтік қорғау
вице-министрі
Құттықадамов Жеңіс Арынұлы - Қазақстан Республикасының
Кәсіподақтар федерациясы аппараты
Әлеуметтік-экономикалық қорғау
департаментінің бас маманы (келісім
бойынша)
Марзилович Ольга Алексеевна - Қазақстан Республикасының Энергетика,
индустрия және сауда министрлігі
Өңдеу өнеркәсібі және импортты
алмастыру департаментінің директоры
Мүсенова Галина Ақайқызы - Қазақстан Республикасы Экономика
министрлігінің Аймақтық саясат және
бағдарламалар департаменті
директорының міндетін атқарушы
Нәубетова Рашида Аронқызы - Қазақстан Республикасының Министрі -
Қазақстан Республикасы Президентінің
жанындағы Отбасы және әйелдер істері
жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының
кеңесшісі
Сабанқұлов Асқар Тәбепұлы - Қазақстан Республикасының Ауыл
шаруашылығы министрлігі Ішкі
әкімшілік департаментінің директоры
Сағымбаев Талас Жұмабайұлы - Қазақстан ерікті кәсіподақтар
конфедерациясының вице-президенті
(келісім бойынша)