7. Жеке еңбек шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу оны жасасу үшiн көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
13-бап. Қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар
Қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар: еңбек кітапшасы (ол бар болған жағдайда), жеке еңбек шарты не жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы бұйрықтардың үзіндісі немесе ұйымның басшысы (жұмыс беруші) куәландырған (қол қойған) не нотариатта куәландырылған қызметтік тізімі (қызметкердің жұмыс, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі) болып табылады.
Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
14-бап. Жұмыс туралы және жалақы мөлшерi туралы құжаттар беру
Қызметкердiң, оның iшiнде бұрынғы қызметкердiң өтiнiшi бойынша жұмыс берушi оған бес күн мерзiмнен кешiктiрмей оның мамандығы, біліктілігi, қызметi, жұмыс уақыты мен жалақысының мөлшерi көрсетiлген анықтаманы, қызметкердiң біліктілігi мен оның жұмысқа көзқарасы туралы мәлiметтер жазылған мiнездеме-ұсынымды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жұмыс туралы басқа да құжаттарды беруге мiндеттi.
15-бап. Жұмысқа қабылдау кезіндегі сынақ
1. Жеке еңбек шартын жасасу кезiнде қызметкердiң оған тапсырылатын жұмысқа сәйкестiгiн тексеру мақсатында тараптардың келісімiмен сынақ өткiзiлуi мүмкiн.
2. Сынақ туралы талап жеке еңбек шартында көрсетiлуге тиiс.
Бұл талап болмаған жағдайда қызметкер жұмысқа сынақсыз қабылданды деп есептеледi.
3. Сынақ кезеңiнде қызметкерлерге осы Заңның нормалары, жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптары қолданылады.
4. Сынақ мерзiмiн үш айдан асыруға болмайды.
Қызметкер дәлелдi себептермен жұмыста болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
16-бап. Жұмысқа қабылдау кезіндегі сынақтың нәтижесi
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 1-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
1. Тараптардың біреуi сынақ мерзiмi бiткенге дейiн жеке еңбек шартын жазбаша түрде бұзуға құқылы, бұл орайда жеке еңбек шарты хабарландырылған кезден бастап бұзылды деп есептеледi.
2. Жұмыс берушi қызметкердi сынақ мерзiмi бiтпей тұрып жоғары қызметке тағайындаған жағдайда қызметкер жұмысқа қабылдау кезіндегі сынақтан өткен болып есептеледi.
3. Егер сынақтың мерзiмi бiтiп, тараптардың ешқайсысы екiншi тарапқа жеке еңбек шартын бұзу туралы хабарламаса, шарт одан әрi қолданылады және оны жалпы негiздерде ғана тоқтатуға жол берiледi.
17-бап. Басқа жұмысқа ауыстыру
Бір ұйымда басқа жұмысқа, не ұйыммен бірге басқа жерге ауыстыруға, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке еңбек шартына тиiстi өзгерістер енгiзiле отырып, қызметкердiң жазбаша келісімiмен ғана жол берiледi.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 18-бап толықтырылды (бұр. ред. қара)
18-бап. Қызметкердi басқа жұмыс орнына ауыстыру
Қызметкердi сол ұйымдағы басқа жұмыс орнына, сол жердегi басқа құрылымдық бөлiмшеге ауыстырған ретте, жеке еңбек шартында келісілген мамандық, біліктілік немесе қызмет шегiнде басқа механизмдегi немесе агрегаттағы жұмысты тапсыруға, егер бұл жеке еңбек шартының талаптарын өзгертуге әкеп соқпаса, қызметкердiң келісімi талап етiлмейдi.
Жұмыс берушi қызметкердi оның денсаулық жағдайы жарамайтын басқа жұмысқа ауыстыруға құқылы емес.
19-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруi
1. Ұйымдарда өндiрiстiң өзгеруiне және жұмыс берушiдегi жұмыс көлемiнiң қысқаруына байланысты сол кәсiп (мамандық), біліктілік, қызмет бойынша жұмысты жалғастыру кезiнде еңбек жағдайларын өзгертуге жол берiледi. Еңбек жағдайларының өзгеруi туралы қызметкер бір ай бұрын жазбаша хабардар етiлуге тиiс.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Еңбек жағдайлары өзгертiлген жағдайда жеке еңбек және ұжымдық шарттарына тиiсiнше толықтырулар мен өзгерістер енгiзiледi. Егер қызметкер жаңа жағдайларда жұмысты жалғастыруға келiспесе, онымен жасалған жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 7) тармақшасына сәйкес бұзылады.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
20-бап. Өндiрiстiк қажеттілік болған жағдайда басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
Өндiрiстiк қажеттілік болған, соның iшiнде жұмыста болмаған қызметкердi уақытша ауыстыру керек болған жағдайда жұмыс берушiнiң қызметкердi оның келісімiнсiз бір айға дейiнгi мерзiмге еңбегiне атқаратын жұмысы бойынша, бірақ бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысынан кем емес ақы төлей отырып, жеке еңбек шартында келісілмеген және оның денсаулық жағдайына зақым келтiрмейтiн сол жердегi, сол ұйымдағы басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар.
Мұндай ауыстыруға дүлей апаттың өндiрiстiк аварияның алдын алу немесе оларды жою немесе олардың зардаптарын дереу жою үшiн, жазатайым жағдайларды, мүлiктiң жойылуын немесе бүлiнуiн болғызбау үшiн жол берiледi.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
21-бап. Iркіліске байланысты уақытша басқа жұмысқа ауыстыру
Жұмыс берушiнің iркiліс жағдайында қызметкердi мамандығын, біліктілігiн ескере отырып, оның денсаулық жағдайына зақым келтiрмейтiн басқа жұмысқа өзінің келісімiнсiз күнтізбелiк жыл iшiнде бір айдан аспайтын мерзімге ауыстыруға құқығы бар.
Iркiліске байланысты уақытша басқа жұмысқа ауысқан жағдайда еңбекке ақы төлеу талаптары жеке еңбек немесе ұжымдық шарттарында белгіленедi, бұл ретте ол қызметкердiң бұрынғы жұмыс орнындағы орташа айлық жалақысының үштен екi бөлiгінен кем болмауға тиіс.
Егер қызметкер жаңа жағдайларда жұмысты жалғастыруға келіспесе, онда онымен жасалған жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 7) тармақшасына сәйкес бұзылады.
22-бап. Бiлiктіліктi керек етпейтiн жұмысқа уақытша ауыстыруды шектеу
Iркiлiс кезiнде және жұмыста болмаған қызметкердi алмастырған жағдайда біліктi қызметкердi біліктіліктi керек етпейтiн жұмысқа қызметкердiң жазбаша келісімiнсiз ауыстыруға жол берiлмейдi.
23-бап. Денсаулық жағдайы бойынша басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
1. Белгiлi бір жұмыс берушiде еңбек мiндеттерiн орындауға байланысты еңбекте мүгедек болуына, кәсiптiк ауруына немесе денсаулығына өзге де зақым келуiне байланысты, қызметкердi жұмыс берушi еңбек қабiлеттілігiн қалпына келтiргенше немесе мүгедектiгi айқындалғанша бұрынғы жалақысы мен жаңа жұмыстағы жалақысының айырмасын қосымша төлей отырып, неғұрлым жеңiл жұмысқа ауыстыруға мiндеттi.
2. Қызметкер неғұрлым жеңiл басқа жұмысқа ауыстырудан бас тартқан жағдайда онымен еңбек шарты бас тартқан кезден бастап бұзылады.
3. Жүктi әйелдер медициналық қорытындыға сәйкес ауыр және қолайсыз өндiрiстiк факторлардың әсерi болмайтын басқа жұмысқа бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысы сақтала отырып ауыстырылады.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
24-бап. Мүлiктiң меншік иесі ауысқан немесе жұмыс беруші қайта ұйымдастырылған кездегі еңбек қатынастары
1. Жұмыс берушінің атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны (мәртебесi) не ведомстволық тиесiлiгi өзгерген жағдайларда еңбек қатынастарының қолданылуы тоқтатылмайды.
2. Мүліктің меншік иесі ауысқан немесе жұмыс беруші - заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде еңбек қатынастары өзгерістерсіз жалғастырылады.
25-бап. Жеке еңбек шартын тоқтату мен бұзу негiздерi
1. Жеке еңбек шарты:
1) мерзiмiнің бiтуi бойынша;
2) тараптардың еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша тоқтатылуы мүмкiн.
2. Жеке еңбек шарты:
1) тараптардың келісімi бойынша;
2) тараптардың бірiнiң бастамасы бойынша;
3) заң актілерінде көзделген өзге де негiздер бойынша бұзылуы мүмкiн.
3. Тараптар жасасқан жеке еңбек шарты тараптардың келісімi бойынша бұзылуы мүмкiн. Қызметкер мен жұмыс берушiнiң жазбаша келiсуi жеке еңбек шартын тараптардың келісімi бойынша бұзудың негiзi болып табылады.
4. Жеке еңбек шарты тараптардың бірiнiң бастамасымен, егер бұл тарап екiншi тарапқа жеке еңбек шартында келісілген мерзiмде жазбаша ескертсе, бұзылуы мүмкiн. Бір тараптың екiншi тарапқа ескерту мерзiмi жеке еңбек шарты бұзылған кезге дейiн бір айдан кем болмауы керек.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (бұр. ред. қара)
4-1. Жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 8), 9), 10), 11), 12), 14), 15) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша бұзылған кезде қызметкердi алда шарттың бұзылатыны туралы ескерту талап етілмейдi.
5. Жеке еңбек шартын бұзу және тоқтату жұмыс берушiнiң бұйрығымен ресiмделедi.
ҚР 06.12.01 ж. № 260-11 Заңымен 26-бап өзгертілді
26-бап. Жеке еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзудың негiздерi
Жеке еңбек шарты:
1) ұйым (заңды тұлға) таратылған, жұмыс берушiнiң (жеке адамның) қызметi тоқтаған;
2) қызметкерлердiң саны немесе штаты қысқартылған;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 3) тармақша толықтырылды (бұр. ред. қара)
3) жеке еңбек шартының қолданылу мерзiмi немесе сынау мерзiмі iшiнде қызметкердiң жеткiлiктi біліктілігiнiң болмауы не белгiлi бір жұмысты жалғастыруға кедергi келтiретiн денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын қызметiне немесе орындайтын жұмысына сәйкессiздiгi аңғарылған;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгерілді (бұр. ред. қара)
4) жүктілігi және бала тууы бойынша демалыста болу уақытын есептемегенде, еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында сол ауру бойынша еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзiмi белгiленбесе, жұмысқа қатарынан екi айдан астам уақыт бойы келмеген жағдайда бұзылуы мүмкiн. Аурулар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi. Еңбек қабiлетiн еңбекте мертiгуiне немесе кәсiптiк ауруға байланысты жоғалтқан қызметкердiң жұмыс орны (қызметi) еңбек қабiлетi қалпына келгенге немесе мүгедектiк анықталғанға дейiн сақталады;
5) қызметкер ұйыммен бірге басқа жерге ауысудан бас тартқан;
6) осы Заңның 23-бабының 2-тармағына сәйкес неғұрлым жеңiл жұмысқа ауыстырудан қызметкер бас тартқан;
7) еңбек жағдайларындағы өзгерiске байланысты жұмысты жалғастырудан бас тартқан;
8) егер қызметкер тәртiптiк жаза алған болса, ол еңбек мiндеттерiн дәлелдi себептерсiз қайталап орындамаған;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
9) қызметкер еңбек мiндеттерiн бір рет өрескел бұзған жағдайда бұзылуы мүмкін.
Қызметкердің еңбек мiндеттерін бір рет өрескел бұзуына: бір жұмыс күнi iшiнде дәлелсiз себеппен қатарынан үш сағат және одан да көп уақыт бойы жұмыста болмауы; жұмысқа алкогольден, есiрткiден, уыттанудан масаң күйде келуі; жұмыс күнi iшiнде алкогольден, есірткіден, уыттанудан (соларға ұқсас заттардан) масаң жағдайды туғызатын заттарды пайдалануы; қызметкердің еңбектi қорғау немесе өрт қауiпсiздiгi не көлікте жүру қауiпсiздiгi ережелерін, жарақат алу мен аварияларды қоса алғанда, ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкiн болатындай бұзуы; жұмыс орнында заңды күшiне енген сот үкімімен немесе қаулысымен анықталған мүлiктi ұрлауы (соның iшiнде ұсақ заттарды) жатады;
10) егер iс-әрекетi оған жұмыс берушi тарапынан сенiмiнiң жоғалуына негiз болса, ақшалай немесе тауарлық құндылықтармен тiкелей қызмет ететiн қызметкер кiнәлi iс-әрекет жасаған;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
11) тәрбиешілiк мiндеттi атқарушы қызметкер аталған жұмысты жалғастырумен сыйыспайтын жат қылық жасаған;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12) қызметкерге еңбек мiндеттерiн атқаруымен байланысты белгiлi болған мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария еткен;
13) осы Заңның 21-бабына және осы баптың 5) тармақшасына сәйкес басқа жұмысқа уақытша ауыстырған жағдайда қызметкер жұмыстан бас тартқан;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
14) Бұрын осы жұмысты орындап келген қызметкер сот шешiмiмен жұмысына қайта алынған;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды (бұр. ред. қара)
15) қызметкерге мемлекеттік құпияларға рұқсат беру тоқтатылған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкiн.
27-бап. Жұмыс берушiнiң бастамасымен жеке еңбек шартын бұзу мүмкiндiгiн шектеу
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. 26-баптың 1), 2), 5) және 7) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша жұмыс берушi жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда қызметкерге жеке еңбек шартының алдағы уақытта бұзылатыны туралы оның бұзылуынан кемiнде бір ай бұрын жазбаша түрде ескертуге мiндеттi.
Жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша жеке еңбек шартын:
1) осы Заңның 26-бабының 1), 5), 8), 9), 10), 11), 12), 14) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жүкті әйелдермен, бір жарым жасқа дейiнгi баласы бар әйелдермен (растайтын құжаты болған жағдайда);
2) осы Заңның 26-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз және жыл сайынғы еңбек демалысында болған кезде бұзуға жол берiлмейдi.
Қызметкердің орындалатын жұмысқа денсаулық жағдайы бойынша сәйкес келмеуi салдарынан оның еңбек мiндеттерін тиiсiнше орындауға кедергi жасайтын еңбек қабiлеттілігi ұдайы төмендеген кезiнде, не егер еңбек мiндеттерiн орындау қызметкердiң өзіне терiс әсер ететін немесе айналасындағылар үшiн қауiптi болса, еңбек шарты бұзылуы мүмкін.
Қызметкердің денсаулық жағдайы бойынша еңбек мiндеттерiн орындауды жалғастыруға мүмкiндігі болмауы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысымен расталуға тиіс.
2. Осы Заңның 26-бабының 1) және 2) тармақшаларында және 30-бабының 1) тармақшасында көзделген негiздер бойынша жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс берушi қызметкерге орташа айлық жалақысы мөлшерiнде өтемақы төлейдi.
3. Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда өтемақылық төлемдердiң басқа да жағдайлары мен мөлшерi белгiленуi мүмкiн.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы Заңның 26-бабының 3) тармақшасына сәйкес қызметкердi жұмыстан шығаруға негiз болатын аттестаттау жүргiзген кезде аттестаттау комиссиясының құрамына мiндеттi түрде сол ұйым қызметкерлерiнiң өкiлдерiнен комиссия мүшесi енгiзiледi.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Кәсіподақ мүшесi болып табылатын қызметкермен еңбек шартын осы Заңның 26-бабының 2), 3), 8) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша бұзу, сол ұйымның кәсіптiк одақ органының дәлелдi пікірi ескерiле отырып жүргiзiледi.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 28-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
28-бап. Жеке еңбек шартының қызметкердің бастамасы бойынша бұзылуы
1. Қызметкер жеке еңбек шартын бұзатындығы туралы кемiнде бір ай бұрын жұмыс берушiге жазбаша түрде ескерте отырып, оны бұзуға құқылы.
Ескерту мерзiмi бiткен соң қызметкер жұмысын тоқтатуға құқылы. Жұмыс берушi жұмыстың соңғы күнi қызметкердің талап етуi бойынша еңбек кiтапшасын және оның басқа да құжаттарын беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасы мен ұжымдық шартқа сәйкес оған тиесiлi барлық сомалар төлемiн жүргізуге мiндетті.
2. Тараптардың келісімi бойынша жеке еңбек шарты ескерту мерзiмi бiткенге дейiн бұзылуы мүмкiн.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
29-бап. Жұмысқа қайта алу
Жеке еңбек шарты заңсыз негiзде бұзылған не басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған жағдайда еңбек дауын қарайтын орган қызметкердi бұрынғы жұмысына қайта алғызуға тиiс.
Жеке еңбек шартының заңсыз бұзылуына байланысты бұрынғы жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыздан жұмыссыз жүрген барлық уақыты бірақ алты айдан аспайтын уақыт үшiн орташа табысы төленедi.
30-бап. Жеке еңбек шартын тараптардың еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша тоқтату
Жеке еңбек шарты тараптардың еркiне байланысты емес мынадай мән-жайлар бойынша:
1) қызметкердi әскери қызметке шақырған кезде құжатын көрсеткенде үш күн мерзiмде;
2) қызметкер жазаға тартылған сот үкімі заңды күшiне енген жағдайда бұрынғы жұмысты жалғастыру мүмкiндiгi болмағанда;
3) қызметкер қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ сот қызметкердi қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеттi деп таныған жағдайда;
4) сот қызметкердi әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi, соның салдарынан қызметкердiң бұрынғы жұмысын жалғастыруға мүмкiндiгi жоқ деп таныған жағдайда тоқтатылуға тиiс.
Соттың үкімі, шешiмi заңды күшiне енген күн немесе қайтыс болған күн осы баптың 2)-4) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша еңбек шартының бұзылған күнi болып табылады.
31-бап. Жұмыстан шеттету
1. Нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген жағдайларда уәкiлеттi мемлекеттік органдардың талап етуi бойынша жұмыс берушi қызметкердi өз құзыретi шегiнде сол органдар жасаған қаулылар мен шешiмдер негiзiнде жұмыстан шеттетуге мiндеттi.
2. Жұмыс берушi заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда:
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) жұмысқа алкогольден, есiрткiден, уыттанудан масаң күйде келген немесе жұмыс күнi iшiнде осындай масаң жағдайды туғызатын затты пайдаланған;
2) еңбек қорғау ережелерi бойынша емтихандар тапсырмаған;
3) жеке басын қорғаудың жұмыс берушi берген керектi құралдарын пайдаланбаған;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) егер ол заңдарға сәйкес мiндеттi болса, медициналық тексеруден өтпеген;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) авариялық жағдайға ұшыратуға, еңбектi қорғау, өрт қауiпсiздiгiнiң не көлiктегi қозғалыс қауiпсiздiгiнің ережелерiн бұзуға әкеп соқтыруы мүмкiн ic-әрекеттер жасаған қызметкерді жұмыстан шеттетуге мiндеттi.
3. Жұмыстан шеттету кезеңiне жалақы сақталмайды.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 4-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
4. Қызметкердi жұмыстан шеттету оған негiз болған себептер анықталғанға және (немесе) жойылғанға дейiнгi мерзiмге жүзеге асырылуы мүмкін.
3-тарау. Ұжымдық шарт
32-бап. Ұжымдық шарт жасасу туралы шешiм қабылдау құқығы
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Бір немесе бірнеше жұмыс берушi (олардың өкiлдерi) және бір немесе бірнеше қызметкерлердiң өкiлдерi ұжымдық шарттар жасасу мақсатымен келiссөздер жүргiзедi.
Ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келiссөздердi бастау туралы ұсыныспен екiншi тараптан хабарлама алған тарап он күн мерзiм iшiнде оны қарауға және келiссөздерге кiрiсуге мiндeттi.
2. Жұмыс берушi ұжымдық шарттар жасасатын тараптардың барлық өкiлдерiмен келiссөздер жүргiзедi.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Ұйымда бірнеше кәсiптiк одақтар болған кезде олар келіссөздер жүргiзу, ұжымдық шарттың жобасын дайындау және оған қол қою үшiн бірыңғай өкілдi орган құра алады. Бұл ретте олардың әрқайсысына бірыңғай орган құрамында келіссөздер жүргізу жөнінде өздері аттарынан өкілдік етілетін кәсіптік одаққа мүше қызметкерлер санына тепе-тең өкілдік принципі негізде өкілдік етуге құқық беріледі.
Кәсiптiк одақтың мүшесi болып табылмайтын қызметкерлер жұмыс берушімен өзара қарым-қатынаста өз мүдделерін бiлдiру үшін кәсіподақ ұйымының органына да, сол сияқты өзге де өкiлдерге уәкiлеттік беруге құқылы.
4. Келiссөздер жүргiзiлетiн уақытқа келiссөздер жөнiнде екiжақты комиссия құрылады, оған екi жақтан да тең мөлшерде өкiлдер енедi.
33-бап. Ұжымдық шарттың мазмұны және құрылымы
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 1-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
1. Ұжымдық шарттың мазмұнын келiссөздер жөніндегі екiжақты комиссияда тараптар белгiлейдi.
Ұжымдық шартта білім беру ұйымдарын бiтiрушiлер қойылатын біліктілiк талаптарына сәйкес келген жағдайда оларды жұмысқа қабылдау туралы талап болуы мүмкiн.
2. Ұжымдық шарт:
оның қолданылу мерзiмi туралы;
орындалуын бақылау тәртібі туралы;
шарт талаптарының орындалмағаны үшiн жауапкершiлiк туралы;
өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі туралы ережелердi қамтиды.
3. Ұжымдық шарттардың ережелерi қызметкерлердiң құқығын шектемеуi, еңбек жағдайларын нашарлатпауы және заңдарда белгiленген кепiлдiктердi бұзбауы керек.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 34-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
34-бап. Ұжымдық шартты әзiрлеудiң, жасасудың және мониторингінiң тәртібі
1. Ұжымдық шарттың жобасын дайындау мен оны комиссияның қарауына енгізуге тараптардың кез келгенi бастамашы болуы мүмкiн.
Жобаны ұйымның қызметкерлерi мiндеттi түрде талқылауға тиiс. Жобаны талқылау нысанын қызметкерлердiң өздерi анықтайды.
Жобаны комиссия келiп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып пысықтайды.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен бап 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Ұжымдық келіссөздер тараптары ұжымдық келiссөздер жүргізу үшін қажеттi өздерiнде бар ақпаратты бір-бірiне ұсынуға тиіс.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен бап 1-2-тармақпен толықтырылды
1-2. Келiссөздерге қатысушылар алынған мәлiметтердi, егер бұл мәлiметтер мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылса, жария етуге құқылы емес.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен бап 1-3-тармақпен толықтырылды
1-3. Егер тараптар ұжымдық келiссөздер барысында қаралып отырған кейбір мәселелер бойынша келісімге келе алмаса, реттелмеген мәселелер келiспеушiлiктер хаттамасына енгiзіледi және олар бұдан кейiнгi келiссөздердiң нысанасы болуы мүмкін.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен бап 1-4-тармақпен толықтырылды
1-4. Тараптар қол қойған ұжымдық шартты мониторинг жүргізу үшін жұмыс берушi бір ай мерзімде еңбек жөнiндегі уәкiлетті мемлекеттік органның аумақтық бөлiмшесіне беруге мiндетті.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 2-тармақ толықтырылды
2. Тараптардың келісімiне қол жеткiзiлген жағдайда ұжымдық шарт кемiнде екi дана етiп жасалады және оларға тараптардың өкiлдерi күнтiзбелiк он күн ішінде қол қояды.
35-бап. Ұжымдық шарттың қолданылу мерзiмдерi мен аясы
1. Ұжымдық шарт тараптар белгiлейтiн мерзiмге жасалады.
2. Егер ұжымдық шарттың ережелерiнде өзгеше көзделмесе, ол қол қойылған кезден бастап күшiне енедi және тараптардың орындауы үшiн мiндеттi болады.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Ұжымдық шарттың күші ұжымдық шартқа өз атынан қол қойған қызметкерлерге қолданылады.
3. Ұжымдық шарт ұйымды басқару органының құрылымы, құрамы өзгерген жағдайда күшiнде қалады және қолданыла бередi.
4. Ұжымдық шарт ұйымды қайта ұйымдастыру (бірiктiру, қосу, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру) кезеңiнде өз күшiн сақтап қалады. Кейiннен ұжымдық шарт тараптардың бірiнiң бастамасы бойынша қайта қаралуы мүмкiн.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Ұйымның меншiк иесі және мүлкi ауысқан жағдайда ұжымдық шарттың қолданылуы үш ай бойы сақталады. Осы кезеңде тараптар жаңа ұжымдық шарт жасасу немесе қолданылып жүрген шарттың сақталуы, өзгертiлуi және толықтырылуы туралы келiссөздер бастауға құқылы.
6. Ұйым таратылған және ол банкрот деп жарияланған жағдайда тарату немесе банкроттық туралы тиiстi шешiм қабылданған кезден бастап ұжымдық шарттың қолданылуы тоқтатылады.
7. Ұжымдық шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде оған өзгерістер мен толықтырулар тараптардың өзара келiсуi бойынша ұжымдық шартта белгiленген тәртiппен ғана жүргiзiледi.
8. Тараптардың өкiлдерi қызметкерлердi ұжымдық шартпен таныстырып, оларға орындалу барысы туралы хабарлап отыруға мiндеттi.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 35-1-баппен толықтырылды
35-1-бап. Ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келiссөздерге қатысушыларға берiлетін кепiлдiктер
1. Ұжымдық шарт жасасу жөнiндегі келiссөздерге қатысушылар келiссөздер жүргізiлген уақытқа орташа айлық жалақысы сақтала отырып еңбек мiндеттерін орындаудан босатылады. Осы мерзiм олардың еңбек стажына енгізiледi.
2. Жұмыс берушi ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келiссөздердi жүргізу үшін қажеттi жағдайларды қамтамасыз етедi.
4-тарау. Қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбек
қатынастарын реттеу
36-бап. Маусымдық қызметкерлер
1. Табиғи және климат жағдайларына байланысты бүкiл күнтiзбелiк жылда емес, алты айдан аспайтын белгiлi бір кезең (маусым) iшiнде жұмыс атқаратын қызметкерлер маусымдық қызметкерлер болып танылады.