ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 765-бап жаңа 6-1-тармақпен толықтырылды; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 765-бап өзгертілді
765-бап. Банк салымдарын қайтару
1. Банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының алғашқы талап етуi бойынша:
1) талап етiлмелi салымдар бойынша - салымшы талаптарының келiп түсуi бойынша;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) мерзiмдi салымдар және жинақ салымдары бойынша - банк салымы шартында көзделген мерзiмнiң басталуы бойынша;
3) шартты салымдар бойынша - банк салымы шарты басталуымен салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар болған кезде беруге мiндеттi.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Салымшының мерзімді салымды мерзімінен бұрын ішінара және (немесе) толық қайтарып алуға құқығы бар.
Салымшының жинақ салымын мерзімінен бұрын толық қайтарып алуға құқығы бар.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-1. Банк мерзімді немесе шартты салымды немесе оның бір бөлігін салымшының талабы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей беруге міндетті.
Банк жинақ салымын салымшының талабы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік отыз күннен ерте емес беруге міндетті.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Шартты салымдар бойынша салымшының банк салымы шарты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар басталғанға дейiн салымды қайтарып алуға құқығы бар. Бұл ретте банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн осы баптың 2-1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген мерзiмде беруге мiндеттi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Салымшының мерзiмдi салымды мерзiмiнен бұрын алу құқығынан бас тартуы туралы банктік салым шартының, сондай-ақ шартты салымның ережесi, көзделген талаптар басталғанға дейiн маңызсыз болып табылады.
5. Шетел валютасымен енгiзiлген салым, егер заң актілерінде, банк салымы шартында немесе тараптардың қосымша келісімiнде өзгеше көзделмесе, нақ сондай валютамен қайтарылуға тиiс.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Банк салымшының салымды немесе оның бiр бөлiгiн қайтару туралы талабын осы баптың 2-1-тармағында көзделген мерзiмде орындамаған жағдайда сыйақыны төлеу банк салымы шартында көзделген талаптарда жалғастырылады.
2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.16.11. № 40-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-1-тармақ жаңа редакцияда
6-1. Осы баптың қағидалары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда қайтарылуын қоспағанда, кепіл нысанасы болып табылатын салымдарға, қайтарылуы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарымен шектелген салымдарға, сондай-ақ тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған салымдарға қолданылмайды.
2009.28.08 № 192-IV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Банктік салымды беру:
1) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген;
2) төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған банкті реттеу шаралары қолданылған не банкті лицензиядан айырған кезде «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен тоқтатыла тұруы мүмкін.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 766-бап өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
766-бап. Банк салымын қайтаруды қамтамасыз ету
Банк өзі алған салымдарды қайтаруды қамтамасыз ету үшін пайдалануға мiндеттi амалдар мен әдiстер Қазақстан Республикасының заңдарында және банк салымы шартымен белгiленедi.
767-бап. Банк салымы бойынша жасалған операциялар үшiн банк көрсеткен қызметтерге ақы төлеу
Салымшы банк салымдары бойынша жасалған операциялар жөніндегі банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген тәртiппен ақы төлейдi.
39-тарау. Сақтау
1. Сақтау туралы жалпы ережелер
768-бап. Сақтау шарты
1. Сақтау шарты бойынша бiр тарап (сақтаушы) оған екiншi тараптың (жүк берушiнiң) берген затын сақтауға және бұл затты сақталған күйiнде қайтаруға мiндеттенедi.
2. Сақтау шарты зат сақталуға берiлген кезден бастап жасалған деп танылады.
3. Қозғалмайтын мүлiктi күзетуге осы тараудың күшi қолданылмайды.
769-бап. Затты сақтауға қабылдау туралы шарт
1. Сақтауды кәсiпкерлiк қызмет ретiнде жүзеге асыратын сақтаушы шарт бойынша өзiне жүк берушiнiң затын сақтауға қабылдау және жүк берушiнiң берген затын осы тараудың ережелерiне сәйкес сақтау мiндеттемесiн өз мойнына алуы мүмкiн.
2. Шарт бойынша өзiне затты сақтауға қабылдау мiндеттемесiн алған сақтаушының бұл заттың өзiне сақтауға берiлуiн талап етуге құқығы жоқ. Алайда шартта көзделген мерзiмде затты сақтауға бермеген жүк берушi, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сақталмай қалуға байланысты келтiрiлген залалдар үшiн сақтаушының алдында жауапты болады.
3. Егер жүк берушi сақтаушының қызметiнен бас тартқандығы туралы қисынды мерзiмде мәлiмдеген болса, ол затты сақтауға бермегенi үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, шартта келісілген мерзiмде зат сақталуға өткізілмеген, ал бұл мерзiм шарт жасалған күннен бастап отыз тәулiк өткенге дейiн белгiленбеген жағдайларда сақтаушы затты сақтауға қабылдау мiндетiнен босатылады.
770-бап. Затты сақтауға қабылдау мiндетi
Өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне қарай сақтауды жүзеге асыратын сақтаушының, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, техникалық мүмкіндік бола тұра затты сақтауға қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ. Мұндай жағдайларда сақтау шарттары жария деп танылады (осы Кодекстің 387-бабы).
771-бап. Заттарды иесіздендіріп сақтау
1. Иесiздендiрiп сақтау кезiнде сақтауға алынған заттар басқа жүк берушiлердiң сол тектес және сапасы сондай заттарымен араласып кетуi мүмкiн. Жүк берушiге заттар сол тектес және сапасы сондай тең немесе тараптардың келісілген мөлшерiнде қайтарылады.
2. Заттарды иесiздендiрiп сақтау кезiнде, егер заң актілерінде немесе тараптардың келісімiнде белгiленсе, заттар осы тектес және сапасы сондай заттардан оқшау ұсталуға тиіс.
772-бап. Сақтау шартының нысаны
1. Сақтаушының нөмiрлер, жетондар және басқа да заңды деп танылған белгiлер беруi арқылы заттарды қысқа мерзiмге сақтауға сақтау камераларына және вокзалдардың, әуежайлардың, мекемелердiң, кәсiпорындардың, театрлардың, мұражайлардың, стадиондардың, асханалардың және т.б. киім iлгiштерiне өткізулердi қоспағанда, сақтау шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Егер сақтауға алынған заттар сақтаушы жүк берушiге сақтау қолхатын, түбіртек, куәлік, сақтаушы қол қойған өзге де құжаттар беру жолымен куәландырылған болса, шарттың жазбаша нысаны сақталған болып есептеледi.
3. Тұрмыстық қызмет көрсету түріндегі сақтау шарты ауызша нысанда жасалуы мүмкiн.
4. Сақтауға алынған зат пен сақтаушы қайтарған заттың бірдейлігі туралы дау туған жағдайда куәгерлік айғақтарға жол берiледi.
5. Заттарды төтенше жағдайлар (өрт, су тасқыны және басқалар) кезiнде сақтауға өткізу, шарттың жазбаша нысаны болмаған жағдайда сақтауға өткiзiлген заттардың құнына қарамастан куәгерлiк айғақтар бойынша дәлелденуi мүмкiн.
773-бап. Сақтау мерзiмi
1. Егер зат талап етiлмелi сақтауға немесе мерзiмi көрсетiлмей өткiзiлген болса, сақтаушы осындай жағдайлардағы заттың әдеттегi сақталу мерзiмi өткен соң жүк берушiнiң заттарды қайтып алуын талап етуге құқылы, бiрақ жүк берушiге затты қабылдап алуға жететiндей қисынды мерзiм беруге мiндеттi.
2. Жүк берушi шарт бойынша сақтаудың өзге мерзiмi көзделгенде де кез келген уақытта сақтаушыдан затты талап етуге құқылы. Алайда бұл жағдайда жүк берушi, егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтаушыға мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын, тоқтатылуынан туған залалдарды өтеуге мiндеттi.
774-бап. Сақтаушыға сыйақы беру және оның шығындарын өтеу
1. Сақтау шарты бойынша сақтаушыға берiлетiн сыйақы мөлшерi тараптардың келісімiмен белгiленедi. Заң актілерінде белгiленген жағдайларда сыйақының мөлшерi таксалар, ставкалар, тарифтер бойынша айқындалуы мүмкiн.
2. Тараптардың келiсуiмен немесе заң актілерімен сақтаудың тегiн түрi шарттастырылуы мүмкiн. Тегiн сақтау кезiнде жүк берушi сақтаушыға заттарды сақтау үшiн қажеттi, нақты жұмсалған шығындарды өтеуге мiндеттi.
3. Егер заңдарда немесе тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмеген болса, сақтаушыға сақтағаны үшiн сыйақы сақтау аяқталған соң, ал егер кезең бойынша төлеу көзделген болса - әрбiр кезеңнiң аяқталуы бойынша төленуге тиiс. Егер сақтау, шартта белгiленген сақтау мерзiмiнен бұрын тоқтаса, сақтаушыға сыйақының соған мөлшерлес бөлiгi төленуi тиiс.
4. Егер шартта көзделген мерзiм өткеннен кейін сақтауда тұрған затты жүк беруші қайтарып алмаған болса, ол сақтаушыға затты бұдан әрi сақтағаны үшiн сол бұрынғы мөлшерде сыйақы төлеуге мiндеттi.
5. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтау бойынша шығындар сыйақының сомасына енгiзiледi. Төтенше шығындар сыйақының сомасына немесе шартта көзделген шығындардың құрамына кірмейдi деп ұйғарылады.
775-бап. Сақтаушының заттардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерi
1. Сақтаушы өзiне берiлген заттардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн шартта көзделген, сондай-ақ басқа да қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндеттi.
2. Егер сақтау тегiн жүзеге асырылатын болса, сақтаушы сақтауға алынған затқа өз заты сияқты қамқорлық жасауға мiндеттi.
3. Зат оның табиғи бұзылуы немесе табиғи кемуi ескерiле отырып сақтауға қабылданған күйiнде қайтарылуға тиiс.
4. Шартта көзделген, сондай-ақ, егер затты пайдалану оның сақталуын қамтамасыз етуi үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, сақтаушының затты пайдалануға құқығы жоқ.
5. Сақтаушы затты қайтарумен қатар, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, оны сақтау уақытында алынған нәтижелер мен кiрiстердi де беруге құқылы.
776-бап. Сақтау жағдайларын өзгерту
1. Затты сақтаудың сақтау шартында көзделген жағдайларын өзгерту қажет болған кезде сақтаушы бұл туралы жүк берушiге дереу хабарлауға және оның жауабын күтуге мiндеттi.
2. Заттың жоғалу және бүлiну қаупi туған жағдайда сақтаушы жүк берушiнiң жауабын күтпестен, сақтаудың шартта көзделген әдiсi мен орнын өзгертуге мiндеттi (осы баптың 1-тармағы).
3. Егер зат сақталу кезiнде бүлiнуге ұшыраса немесе оның сақталуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермейтiн және жүк беруші тарапынан шаралар қолдануды күтуге болмайтын басқа жағдайлар туындағанда, сақтаушы сақтау және сату бойынша өз шығындарын өтей отырып, затты немесе оның бiр бөлiгiн сатуға құқылы.
777-бап. Затты үшiншi тұлғаға сақтауға беру
1. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмеген болса, сақтаушының жүк берушiнiң келісімiнсiз, егер бұл орайда жүк берушiнiң мүдделеріндегі қажеттілік тумаса және сақтаушы оның келiсуiн алу мүмкiндiгiнен айырылса, затты үшiншi тұлғаға беруге құқығы жоқ. Заттың үшiншi тұлғаға берiлгендiгi туралы сақтаушы дереу жүк берушiге хабарлауға мiндеттi.
2. Сақтаушы затты сақтауға берген үшiншi тұлғаның iс-әрекетi үшiн жауап бередi.
778-бап. Сақтаушының заттың сақталмағандығы үшiн жауапкершiлiгi
Сақтаушы сақтауға алған заттың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi. Егер ол заттың жоғалуы, кем шыққаны немесе бүлiнуi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдесе, жауаптылықтан босатылады.
779-бап. Сақтаушы-кәсiпкердiң жауапкершiлiгi
1. Сақтауды өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне орай жүзеге асыратын тұлға, тек заттың жоғалуы, кем шығуы немесе бүлiнуi дүлей күштiң салдарынан не заттың өзiне тән ерекшелiгiнен, не жүк берушiнiң қасақана пиғылынан немесе өрескел абайсыздығынан болған жағдайларда ғана заттың сақталмағаны үшiн жауаптылықтан босатылады.
2. Егер шартта көзделген сақтау мерзiмi немесе осы Кодекстiң 773-бабында белгiленген тәртiппен сақтаушы көрсеткен мерзiм өткен соң жүк берушi затты қайтарып алмаған болса, оның тарапынан қасақана пиғыл немесе өрескел абайсыздық болғанда ғана сақтаушы бұл заттың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi.
780-бап. Сақтаушының жауаптылық мөлшерi
1. Заттардың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен жүк берушiге келтiрiлген шығындарды, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 350-бабына сәйкес сақтаушы өтейдi.
2. Егер шартта немесе сақтаушы берген өзге де жазбаша құжатта көрсетiлгендей сақтауға өткізу кезiнде затқа баға беру жүргiзiлген болса, сақтаушының жауаптылығы баға сомасының негiзiнде айқындалады.
3. Тегiн сақтау кезiнде жүк берушiге заттың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен келтiрiлген залалдар:
1) затты жоғалтқаны және оның кем шыққаны үшiн - жоғалған немесе кем шыққан заттың құны мөлшерiнде;
2) заттың бүлiнгенi үшiн - оның құны төмендеген соманың мөлшерiнде өтеледi.
4. Егер сақтаушы жауап беретін заттың бүлінуі салдарынан, зат сапасының соншалықты өзгергендiгiнен оны бастапқы мақсат бойынша пайдалану мүмкін болмайтын жағдайда, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жүк берушi одан бас тартуға және сақтаушыдан бұл заттың құнын өтеуді, сондай-ақ басқа да залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
781-бап. Затты алу мерзiмдерiн бұзудың зардабы
1. Жүк берушi осы Кодекстiң 773-бабында көзделген мерзiм аяқталғаннан кейiн сақтауға берiлген затты қайтарып алуға мiндеттi.
2. Жүк берушi өз затын алудан жалтарған жағдайда сақтаушы кемiнде бiр ай бұрын ескерткеннен кейiн, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде көзделген тәртiппен затты сатуды талап етуге құқылы.
3. Затты сатудан түскен сомалар сақтаушыға тиесiлi сома шегерiлiп тастап жүк берушiге берiледi.
782-бап. Сақтаушыға келтiрiлетiн залалдардың орнын толтыру
Егер сақтаушы заттың сақтауға қабылдағанда бұл ерекшелiктер туралы бiлмесе және бiлуi тиiс болмаса, жүк берушi сақтаушыға заттың өз ерекшелiктерiнен туындаған залалдардың орнын толтыруға мiндеттi.
783-бап. Сақтау туралы жалпы ережелердi оның жекелеген түрлерiне қолдану
Егер осы Кодекстiң 784-802-баптарында көзделген сақтаудың жекелеген түрлерi туралы ережелерде және (немесе) басқа да заң актілерінде өзгеше белгiленбеген болса, сақтау туралы жалпы ережелер оның жекелеген түрлерiне қолданылады.
2. Сақтаудың жекелеген түрлерi
784-бап. Ломбардта сақтау
1. Затты ломбардта сақтау шарты ломбардтың атаулы сақтау түбiртегiн беруiмен ресiмделедi.
2. Ломбардқа сақтауға өткізілетін зат тараптардың келісуі бойынша, осы тектес және сапасы сондай затқа, оны сақтауға қабылдау кезі мен жеріндегі саудада әдетте белгіленетін бағаларға сәйкес бағалануға тиiс.
3. Ломбард сақтауға қабылдаған затты оның осы баптың 2-тармағына сәйкес жүргiзiлген толық бағасының сомасына қарай жүк берушiнiң пайдасына сақтандыруға мiндеттi.
785-бап. Ломбардтан талап етiлмеген зат
1. Жүк берушi затты қайтарып алудан жалтарған жағдайда ломбард оны үш ай бойына сақтауға мiндеттi. Бұл мерзiм өткен соң ломбард талап етiлмеген затты осы Кодекстiң 781-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiппен сатуы мүмкiн.
2. Затты сатудан түскен сомадан сақтағаны үшiн ақы және ломбардқа тиесiлi өзге де төлемдер өтеледi. Қалған соманы ломбард сақтау түбiртегінiң иесiне оны көрсетуі бойынша қайтарады.
786-бап. Құндылықтарды банкте сақтау
1. Банк бағалы қағаздарды, қымбат металдарды, тастарды және өзге де құндылықтарды, сондай-ақ құжаттарды сақтауға қабылдай алады.
2. Құндылықтарды банкте сақтау шарты банктiң жүк берушiге атаулы сақтау құжатын беруiмен ресiмделедi, оны көрсету банктiң жүк берушiге немесе оның өкiлiне сақтаудағы құндылықтарды беруi үшiн негiз болып табылады.
3. Жеке банк сейфiн (сейфтiң ұясын, сақтауға арналған бөлек үй-жайды) пайдалану арқылы құндылықтарды сақтау шарты банктiң құндылықтарды сақтауға қабылдау жөнiнде iс-әрекет жасауы және жүк берушiге сейфтiң кiлтiн, жүк берушiнiң сәйкестендiрме карточкаларын, көрсетушiнiң сейфтi ашу мен одан құндылықтарды алу құқығын куәландыратын өзге де белгi немесе құжат беруi жолымен жасалады.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жүк берушi кез келген уақытта сейфтен құндылықтарды алуға, оларды қайта қоюға, сақтаулы жатқан құжаттармен жұмыс iстеуге құқылы. Банктiң бұл орайда жүк берушiнiң құндылықтарды алғандығын және қайтарғандығын есепке алуға құқығы бар.
5. Жүк берушi сейфтегi құндылықтардың бiр бөлiгiн, оның ішінде уақытша алған жағдайда банк құндылықтардың қалған бөлігінің сақталуына жауапты болады.
6. Осы бапта белгiленген құндылықтарды банк сейфiнде сақтау ережелерi банк өз сейфін (сейфтің ұясын, сақтауға арналған бөлек үй-жайды) мүліктік жалдау талабымен басқа тұлғаға пайдалануға берген жағдайда қолданылмайды.
787-бап. Көлiк ұйымдарының сақтау камераларында сақтау
1. Көлiк ұйымдарының қарамағындағы сақтау камералары жол жүру құжаттарының болуына қарамастан жолаушылардың және өзге де азаматтардың заттарын сақтауға қабылдауға мiндеттi. Көлiк ұйымдарының сақтау камераларында сақтау шарты жария шарт деп танылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
2. Заттардың сақтау камерасына (автоматты камерадан басқа) қабылдануын растап жүк берушiге түбiртек немесе нөмiрлi жетон берiледi. Түбiртек немесе жетон жоғалған жағдайда сақтау камерасына өткiзiлген заттар жүк берушiге бұл заттардың оған тиесiлi екендiгiне дәлелдер көрсетуi бойынша берiледi.
3. Сақтау камерасына өткiзiлген заттардың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен жүк берушi шеккен залалдардың сомасы, егер заттарды сақтауға өткізу кезiнде оған бағалау жүргiзiлген болса не егер тараптар өтелуге тиiстi залалдардың сомасына қатысты келісімге келген болса, жүк берушiге тәулiктiк мерзiмде төленедi.
4. Заттар сақтау камерасына арнайы ережелерде немесе тараптардың келісімiнде белгiленген шектердегi мерзiмге өткiзiледi. Көрсетiлген мерзiмде талап етiлмеген заттарды сақтау камерасы тағы да үш ай бойына сақтауға мiндеттi. Бұл мерзiм өткен соң талап етiлмеген заттар сатылуы, ал сатудан түскен сомалар осы Кодекстiң 181-бабына сәйкес бөлiнуi мүмкiн.
788-бап. Ұйымдардың киімiлгiштерiнде сақтау
1. Егер затты сақтауға өткізу кезiнде сақтағаны үшiн сыйақы беру айтылмаған болса, ұйымдардың киімiлгiштерiнде сақтау тегiн болады деп ұйғарылады.
2. Сақтаушы заттың киімiлгiште сақтауға қабылданғанын растап, жүк берушiге заттың сақтауға қабылданғандығын растайтын нөмiрлi жетон немесе басқа да таңба бередi.
3. Киiмiлгiшке өткiзiлген зат жетонды көрсеткен адамға берiледi. Бұл ретте сақтаушы жетонды көрсетушiнiң затты алуға өкiлеттiгiн тексеруге мiндеттi емес. Алайда сақтаушы жетонның оны көрсеткен адамға тиесiлi екендiгiне күмән келтiрсе, затты жетон көрсетушiге қайтаруды тоқтата тұруға құқылы.
4. Сақтаушы жүк берушi жетонды жоғалтып алғанда да киімiлгiштен затты беруге құқылы, бiрақ оның киімiлгiшке зат өткiзгендiгi фактiсi немесе оның жүк берушiнiкi екендiгi күмән тудырмауы немесе жүк өткізушi оны дәлелдеуi керек.
789-бап. Қонақүйде сақтау
1. Қонақүй сақтаушы ретiнде, онда тұратын адамның қонақүйге енгізген ақшасын, өзге де валюталық құндылықтары мен бағалы қағаздарын қоспағанда, жоғалу мен бүлiну дүлей күштiң, заттың өз ерекшелiктерi салдарынан не тұратын адамның өзiнiң, оның қасында жүргендердiң немесе оған келушiлердiң кiнәсiнен болған жағдайлардан басқа кезде, бұл туралы ерекше келісім жасамай-ақ, заттың жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап береді.
2. Қонақүй ақшаның, өзге де валюталық құндылықтар мен бағалы қағаздардың жоғалғаны үшiн олар сақтауға қабылданған жағдайда ғана жауап бередi.
3. Қонақүйде тұратын адам өз затының жоғалғанын немесе бүлiнгенiн байқаған бойда бұл туралы дереу қонақүй әкiмшiлiгiне мәлiмдеуге мiндеттi. Бұлай жасамаған жағдайда қонақүй заттың сақталмағаны үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
4. Қонақүй мұндай жауапкершiлiктi өзiне алмайтындығы туралы хабарлама бергенмен, онда тұратындардың заттарын сақтау жөніндегі жауапкершiлiктен босатылмайды.
5. Осы баптың ережелерi мейманханаларға, демалыс үйлерiне, санаторийлерге, жатақханаларға және осы сияқты ұйымдарға, сондай-ақ ұйымға келушi азаматтардың сыртқы киімдерiн, бас киімдерiн және өзге де заттарын сақтау үшiн арнайы орын бөлінген ұйымдарға қатыста да қолданылады.
790-бап. Даулы заттарды сақтау (секвестр)
1. Секвестр туралы шарт бойынша затқа деген құқық жөнiнде араларында дау туған екi немесе бiрнеше адам даулы затты даудың шешiлуi бойынша соттың шешiмi не дауласып жүрген барлық адамның келiсуi (шарттық секвестр) бойынша бұл зат кiмге берiлсе, соған қайтаруды мiндетiне алатын үшiншi адамға бередi.
2. Даулы зат соттың шешiмi бойынша секвестр тәртібімен сақтауға берiлуi мүмкiн (сот секвестрi).
Сот секвестрi бойынша сақтаушы сот тағайындаған адам да, дауласушы жақтардың өзара келiсуi бойынша белгiленген адам да болуы мүмкiн. Екi жағдайда да, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, сақтаушының келісімi талап етiледi.
3. Секвестр тәртібімен сақтауға қозғалатын да, қозғалмайтын да заттар берiлуi мүмкiн.
3. Тауар қоймасында сақтау
791-бап. Тауар қоймасы
Тауарлар сақтауды жүзеге асыратын және кәсiпкерлiк қызмет ретiнде сақтауға байланысты қызметтер көрсететiн коммерциялық ұйымдар тауар қоймасы деп танылады.
792-бап. Ортақ пайдаланылатын тауар қоймасы
1. Егер заң актілеріне сәйкес шектеулi адамдар тобынан тауарлар қабылдайтын қоймалар қатарына жатқызылмаған болса, тауар қоймасы ортақ пайдаланылатын қойма деп танылады.
2. Ортақ пайдаланылатын тауар қоймасымен жасалатын қоймада сақтау шарты жария шарт деп танылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
793-бап. Тауар қоймасының мiндеттерi
1. Тауар қоймасы стандарттарда, техникалық талаптарда, технологиялық нұсқаулықтарда, сақтау жөніндегі нұсқаулықтарда, тауарлардың жекелеген түрлерiн сақтау ережелерiнде, қойма үшiн мiндеттi өзге де арнаулы нормативтiк құжаттарда белгiленген сақтау талаптарын (режимiн) сақтауға мiндеттi.
2. Тауар қоймасы сақтауға қабылдау кезiнде өз есебінен тауарларға тексеру жүргiзуге мiндеттi.
3. Тауар қоймасы, тауар иесiне тауарларды немесе олардың үлгiлерiн тексеру егер сақтау иесiздендiре отырып жүзеге асырылатын болса, байқап көру және тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi шаралар қабылдауға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
4. Тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн сақтау жағдайын дереу өзгерту қажет болған жағдайда тауар қоймасы талап етiлген шұғыл шараларды өз бетiнше қабылдауға құқылы. Ол тауар иесiне қабылданған шаралар туралы хабарлауға мiндеттi.
5. Тауардың бүлiнуi байқалған жағдайда қойма дереу акт жасауға және тауар иесiн оның тауар қоймасына мәлiмдеген мекен-жайы бойынша хабардар етуге мiндеттi.
794-бап. Тауар иесiнiң тауар қоймасына қоятын талаптары
Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауар иесi қоймадан тауар алу кезiнде дұрыс сақталмаудың салдарынан тауардың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi туралы, ал көзге байқалмайтын бүлiнулер туралы - оларды табу үшiн қажет әдеттегi мерзiм iшiнде тауар қоймасына мәлiмдеуге мiндеттi. Егер тауардың бүлiнгенi және кем шыққаны туралы тиiстi мерзiмде мәлiмденбеген болса, бұл залалдар оның қасақана пиғылынан немесе өрескел абайсыздығынан келтiрiлген жағдайларды қоспағанда, тауар қоймасы залалдар үшiн жауапты болмайды.
795-бап. Тауар қоймасының сақтау жөніндегі шығындарының орнын толтыру
Қойманың жүк берушiнiң мүдделерiнде жүзеге асырылған (тауарларды сақтандыру, тиеу-түсiру жұмыстары, кеден баждарын төлеу және т.б.) қосымша операциялар бойынша, шартта көзделген немесе заң актілерінде көзделген шығындар ставкаларының орнын толтыруға құқығы бар. Бұл құқық сақталатын тауарды қойманың ұстап қалу құқығымен қамтамасыз етiледi.