5. Жүктiң немесе теңдеме жүктiң сақталмау себептерi туралы тасымалдаушы бiржақты тәртiппен жасаған құжаттар, (коммерциялық акт, жалпы фирманың актiсi және т.б.) дау туған жағдайда, жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдаушының, жөнелтушiнiң не алушының жауапкершiлiгi үшiн негiз бола алатын мән-жайларды куәландыратын басқа құжаттармен бiрге соттың бағалауына жатады.
706-бап. Жүктердi тасымалдау жөніндегі талаптар мен талап қоюлар
1. Тасымалдаушыға жүктi тасымалдаудан туындайтын талап қоюға дейiн оған көлiк туралы заң актілерінде көзделген тәртiпте талаптар қойылуы мiндеттi.
2. Жүк тасымалдаудан туындайтын талаптар бойынша талап қою мерзiмi бiр жыл деп белгiленедi.
3. Осы баптың ережелерi жолаушыны және теңдеме жүктi тасымалдаудан туындайтын талаптарға қолданылмайды.
707-бап. Жолаушының өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
Жолаушының өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілуі салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша тасымалдаушының жауапкершiлiгi, егер заң актілерінде немесе шартта тасымалдаушының жоғары жауапкершiлiгi көзделмесе, осы Кодекстiң 47-тарауындағы ережелер бойынша белгiленедi.
35-тарау. Көлік экспедициясы
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 708-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
708-бап. Көлiк экспедициясы шарты
1. Көлiк экспедициясы шарты бойынша бiр тарап (экспедитор) сыйақы үшiн және басқа тараптың (клиенттiң - жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының немесе экспедитор қызметтеріне мүдделі өзге тұлғаның) есебiнен жүктi тасымалдауға байланысты экспедиция шартында белгiленген қызмет көрсетулердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, оның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүктi тасымалдау шартын (шарттарын) жасасуға мiндеттенедi.
Көлiк экспедициясы шартында қосымша қызметтер көрсету ретiнде экспорт немесе импорт үшiн талап етiлетiн құжаттарды алу, кедендiк және өзге шарттылықтарды орындау, жүктiң саны мен жай-күйiн тексеру, оны тиеу мен түсiру, клиентке жүктелетiн баждарды, алымдар мен басқа да шығындарды төлеу, жүктi сақтау, оны баратын жерiнде алу, сондай-ақ өзге де операцияларды орындау мен қызмет көрсетулер сияқты жүктi жеткізу үшiн қажеттi операцияларды жүзеге асыру көзделуi мүмкiн.
Клиенттің келісімiмен экспедитор клиенттің мүддесiн, тарифтер деңгейiн және жеткізу мерзiмдерiн ескере отырып, клиенттің жүгiн көлiктiң қай түрiмен тасымалдауды өзi белгiлей алады.
2. Осы тарауда реттелмеген бөлiгiнде экспедиция шартына қатысты қатынастарға, егер шарт талаптары бойынша экспедитор клиенттiң атынан iс-әрекет жасаса, осы Кодекстiң 41-тарауының ережелерi қолданылады, егер ол өз атынан iс-әрекет жасаса, осы Кодекстiң 43-тарауының ережелерi қолданылады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 709-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
709-бап. Шарттың нысаны
1. Көлік экспедициясы шарты жазбаша түрде жасалады.
2. Клиент экспедиторға, егер ол оның мiндеттерiн атқаруға қажет болса, сенімхат беруге тиіс.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 710-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
710-бап. Экспедиторға берiлетiн құжаттар мен басқа да ақпарат
1. Клиент экспедиторға жүктiң қасиеттерi, оны тасымалдау ережелерi туралы құжаттарды, сондай-ақ экспедитордың шартта көзделген мiндеттердi орындауына қажеттi өзге де ақпаратты беруге мiндеттi.
2. Экспедитор клиентке алған ақпараттың анықталған кемшіліктері туралы хабарлауға, ал ақпарат толық болмаған жағдайда, клиенттен қажеттi қосымша деректердi сұрауға мiндеттi.
3. Клиент қажеттi ақпаратты бермеген жағдайда, экспедитор осындай ақпарат берiлгенге дейiн өзiнiң тиiстi мiндеттерiн атқаруға кiрiспеуге құқылы.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ақпаратты беру жөніндегі мiндеттердi бұзуына байланысты экспедиторға келтiрген залалдары үшiн клиент жауапты болады.
711-бап. Экспедитордың мiндеттерiн үшiншi тұлғаның атқаруы
1. Егер экспедиция шартынан экспедитордың өз мiндеттерiн жеке өзiнiң атқаруы мiндетi туындамаса, экспедитор өз мiндеттерiн орындауға басқа тұлғаларды тартуға құқылы.
2. Мiндеттеменiң орындалуын үшiншi тұлғаға жүктеу экспедиторды шарттың орындалуы үшiн клиенттiң алдындағы жауаптылықтан босатпайды.
712-бап. Ұстап қалу құқығы
Экспедитор жүктi тек оның экспедициялық қызмет көрсетулерi үшiн алуы тиiс сыйақының төленбеуiне байланысты ғана ұстап қалуға құқылы.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 713-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
713-бап. Көлiк экспедициясы шарты бойынша экспедитордың жауапкершiлiгi
1. Экспедиция шарты жөніндегі мiндеттердi орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн экспедитор осы Кодекстiң 20-тарауындағы ережелерге сәйкес белгiленген негiздер мен мөлшер бойынша жауапты болады.
2. Егер экспедитор мiндеттi бұзу тасымалдау шарттарының тиiстi дәрежеде орындалмауынан пайда болғанын дәлелдесе, экспедитордың клиент алдындағы жауаптылығы да экспедитордың алдында тиiстi тасымалдаушы жауап беретiн ережелермен белгiленедi.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 714-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
714-бап. Көлiк экспедициясы шартын орындаудан бiржақты бас тарту
1. Клиент немесе экспедитор, бұл туралы басқа тарапқа қисынды мерзiмде ескерте отырып, көлiк экспедициясы шартын орындаудан бас тартуға құқылы.
2. Шартты орындаудан бiржақты бас тарту кезiнде бас тартуды мәлiмдеген тарап екiншi тарапқа шарттың бұзылуынан келтiрiлген залалды өтейдi.
36-тарау. Заем
ҚР Заңымен 10.07.03 ж. № 483-II 715-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
715-бап. Заем шарты
1. Заем шарты бойынша бiр тарап (заем берушi) басқа тараптың (заемшының) меншiгiне (шаруашылық жүргiзуiне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды бередi, ал осы Кодексте немесе шартта көзделген жағдайларда оларды беруге мiндеттенедi, ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегi және сападағы заттардың тең мөлшерiн уақытында қайтаруға мiндеттенедi.
2. Орындалуы ақша немесе тектiк белгiсiмен айқындалған заттарды беруге байланысты шарттарда заем, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе және тиiстi мiндеттемелердiң мәнiне қайшы келмейтiн болса, аванс, алдын ала ақы төлеу, тауарларға (жұмысқа және қызмет көрсетулерге) мерзiмiн ұзартып және бөлiп-бөлiп төлеу түрiнде беру көзделуi мүмкiн.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың азаматтарға қарыз түрінде ақша беруіне тыйым салынады және мұндай шарттар маңызсыз болып табылады.
Бұл тыйым салу осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік қарыздар мен микрокредиттер, жұмыс берушінің өз жұмыскеріне, бұрын осы жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұрған зейнеткерге қарыз, сондай-ақ заңды тұлғаның өз құрылтайшысына (акционеріне, қатысушысына) қарыз түрінде ақша беру жағдайларына қолданылмайды.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Азаматтар мен заңды тұлғаларға кәсiпкерлiк қызмет ретiнде азаматтардан қарыз түрінде ақша тартуға тыйым салынады және мұндай шарттар маңызсыз болып табылады.
Бұл тыйым салу заемшылар депозиттер қабылдауға уәкiлеттi мемлекеттік органның лицензиясы бар банктер болған жағдайларда, сондай-ақ шығарылуы заңдарда белгiленген тәртiппен тіркелген бағалы қағаздарға ақшаны айырбасқа қабылдау жағдайларында қолданылмайды.
716-бап. Заем шартының нысаны
1. Заем шарты осы Кодекстiң 151-152-баптарының ережелерiне сәйкес нысанда жасалуға тиiс.
2. Заем шарты заемшының облигациясы, қолхаты немесе оған заем берушiнiң белгiлi бiр соманы немесе заттардың белгiлi бiр мөлшерiн бергендiгiн куәландыратын өзге де құжат болған жағдайда да тиiстi жазбаша нысанда жасалды деп танылады.
717-бап. Заем шартын жасасу
Заем шарты, егер осы Кодексте немесе тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, ақша немесе заттар берiлген кезден бастап жасалды деп есептеледi.
Шартта ақшаны немесе заттарды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) беру көзделген жағдайларда, егер шартта өзгеше көзделмесе, олардың бiрiншi бөлiгi берiлген кезден бастап шарт жасалды деп есептеледi.
2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 718-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.26.11 № 57-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 718-бап өзгертілді
718-бап. Қарыз шарты бойынша сыйақы
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, қарыз нысанасын пайдаланғаны үшiн қарыз алушы шартта айқындалған мөлшерде қарыз берушiге сыйақы төлейдi.
Қарыз алушымен - жеке тұлғамен жасалатын қарыз шарты бойынша сыйақы осы Кодекстің 725-1-бабының талаптары ескеріле отырып айқындалады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қарыз алушыларының құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен есептелетін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.
Банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлері қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті органның жəне Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
3. Егер қарыз шарты бойынша қарыз алушыға заттар берiлсе, сыйақы төлеу оның көлемi мен нысаны (ақшалай немесе заттай) шартта көзделген жағдайда жүргiзiледi.
4. Сыйақы төлеудiң тәртібі мен мерзiмдерi қарыз шартында белгiленедi.
Егер сыйақы төлеу тәртібі мен мерзiмдерi шартта белгiленбесе, ол ай сайын төленедi.
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Егер қарыз алушы қарыз нысанасын мерзiмiнде қайтармаса, сыйақы, егер «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, қарыз нысанасын пайдаланған бүкiл кезеңге төленедi.
719-бап. Заем нысанасын беру
1. Заем нысанасын шартта көзделген мерзiмде, мөлшерде және жағдайда берiледi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заемшыға берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша қаражаты есептелген кезден бастап берiлген деп есептеледi.
2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заемшы заем берудiң шартта белгiленген мерзiмiне дейін заем берушiнi бұл туралы хабардар ете отырып, заем алудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
3. Тектiк белгiлерiмен айқындалатын заттарды заемға берген кезде олардың саны, түр-түрi, жинақтылығы, сапасы, ыдысы және (немесе) буып-түйiлуi туралы шарттарды орындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарларды сатып алу-сату шарттары туралы (осы Кодекстiң 406-492-баптары) ережелерге сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
720-бап. Нысаналы заем
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасыз болады және заемшы алынған заем нысанасын өз қалауы бойынша пайдаланады.
2. Шарт заемшының заем нысанасын белгiлi бiр мақсатқа пайдалануы шартымен (нысаналы заем) жасалған жағдайда, заем берушiнiң заемның нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар, ал заемшы заем берушiнiң осындай бақылауды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Заемшы заем нысанасын нысаналы пайдалану жөніндегі мiндеттердi, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған жағдайда заем берушi заем нысанасының берiлмеген бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
721-бап. Заемшының мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету
1. Заем нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөніндегі мiндеттемелердi орындау осы Кодексте көзделген әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда заемшы, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заем берушiге заемның қамтамасыз етiлуiн бақылауға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
2. Заемшы нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөніндегі қамтамасыз ету жөніндегі мiндеттердi орындамаған кезде, сондай-ақ заем берушi жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша қамтамасыз етудi жоғалтқан немесе оның шарттарын нашарлатқан жағдайда заем берушi заем нысанасының тиiсiнше ұсынылмаған бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
2015.17.07. № 333-V ҚР Заңымен 722-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
722-бап. Заем нысанасын қайтару
1. Заемшы шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде заем нысанасын қайтаруға мiндеттi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заем берушiге берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша есептелген кезде қайтарылды деп есептеледi.
Егер заем нысанасын қайтару мерзiмi шартта белгiленбесе, оны заемшы ол туралы заем берушi талап еткен күннен бастап отыз күн iшiнде қайтаруы тиiс.
Сыйақы төлеу туралы шартсыз берiлген заем нысанасы мерзiмiнен бұрын қайтарылуы мүмкiн. Сыйақы төлеу шартымен берiлген заем нысанасы заем берушінің келісімімен не, егер ол шартта көзделсе, мерзімінен бұрын қайтарылуы мүмкін.
Егер шартта өзгеше белгiленбесе, заем бойынша сыйақы кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын төленуi мүмкiн.
2. Заем берушiнiң келісімiмен заемшының мiндеттемелерi: ақша заемы шарты бойынша - борыш есебiне тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды қабылдаумен; заттар заемы шарты бойынша - борыштың есебiне ақша қабылдаумен орындалуы мүмкiн. Аталған заттардың құны тараптардың келісімiмен айқындалады.
3. Егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiнiң тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге, сондай-ақ кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану арқылы өздерінің талаптарын қанағаттандыруға (осы Кодекстің 321-бабы 2-тармағының 4) тармақшасы) құқылы.
4. Егер шартта заем бойынша сыйақыны заем нысанасының өзiн қайтару мерзiмдерiнен бұрын төлеу көзделсе, сыйақыны төлеу үшiн белгiленген мерзiм бұзылған жағдайда заем берушi заемшыдан заем нысанасын тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге, сондай-ақ кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану арқылы өздерінің талаптарын қанағаттандыруға (осы Кодекстің 321-бабы 2-тармағының 4) тармақшасы) құқылы.
723-бап. Заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талапты қанағаттандыру мерзімі
Заем берушi 720-баптың З-тармағында, 721-баптың 2-тармағында, 722-баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талаптар қойған кезде заем нысанасын қайтарудың және ол бойынша сыйақыны төлеудiң жаңа мерзiмi осы Кодекстiң 722-бабының 1-тармағында белгiленген ереже бойынша есептеледi.
724-бап. Заем шартын даулау
1. Заемшы заем берушiден өзiнiң заем нысанасын (ақшаны немесе заттарды) iс жүзiнде алмағандығын немесе шартта көрсетiлгеннен аз мөлшерде немесе аз санда алынғанын дәлелдей отырып, заем шартын даулауға құқылы.
2. Заем шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс жағдайларда (осы Кодекстiң 716-бабы), шарт алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың, тараптар өкiлдерiнiң қаскүнемдiк келісімiнiң немесе ауыр мән-жайлар тоғысуының ықпалымен жасалған жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтары), оны куәгерлiк көрсетулер арқылы даулауға жол берiлмейдi.
725-бап. Заем шартында мiндеттеменi жаңалау
1. Сатып алу-сату, мүлiктi жалға алу немесе өзге негiздегi мәмiлелерден пайда болған кез келген мiндеттеме тараптардың келісімi бойынша заем шартымен ресiмделуi мүмкiн.
2. Мiндеттеменi заем шартына ресiмдеу жаңалау туралы талаптарды (осы Кодекстiң 372-бабы) сақтай отырып жүзеге асырылады және заем шарты үшiн көзделген (осы Кодекстiң 716-бабы) нысанда жасалады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 725-1-баппен толықтырылды
725-1-бап. Қарыз алушымен - жеке тұлғамен жасалатын қарыз шартының ерекшеліктері
1. Қарыз алушымен - жеке тұлғамен жасалатын қарыз шартының мынадай ерекшеліктері бар:
1) тектік белгілерімен айқындалған, оның ішінде төлемнің кейінге қалдырылуы және бөліп төленуі арқылы берілген ақша немесе заттар қарыз шартының нысанасы болып табылады;
2) дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға қарыз шарты бойынша қарыз алушы ретінде әрекет етеді;
3) қарыз Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында беріледі;
4) қарыз шартында осы баптың 3-тармағында көзделген қағидаларға сәйкес есептелген, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі міндетті түрде қамтылуға тиіс;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) қарыз шарты бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі жүз пайыздан, оның ішінде қарызды қайтару мерзімі өзгертілген жағдайда аса алмайды;
6) қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5 пайызынан, бірақ берілген қарыз сомасының жылына он пайызынан аспайды;
7) қарыз нысанасын қоспағанда, сыйақы, тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл), комиссиялар және қарыз шартында көзделген өзге де төлемдер сомасын қоса алғанда, қарыз алушының қарыз шарты бойынша барлық төлемі жиынтығында қарыз шартының бүкіл қолданылу кезеңінде берілген қарыз сомасынан аса алмайды;
8) қарыз шарты бойынша міндеттемелер мен төлемдерді кез келген валюталық баламасына байланыстыра отырып индекстеуге жол берілмейді;
9) қарыз шартының сыйақы, тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл), комиссиялар және өзге де төлемдер мөлшерлері туралы талаптары оларды ұлғайту жағына қарай өзгертіле алмайды;
Егер нысанасы тектік белгілерімен айқындалған заттар болып табылатын қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерін орындау борыш есебіне ақша беру арқылы жүзеге асырылған, ал сыйақының, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың), комиссиялардың және қарыз шартында көзделген өзге төлемдердің төленуі мен мөлшері ақшалай нысанда жүзеге асырылса, осындай шартқа осы тармақтың бірінші бөлігі 4), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларының талаптары қолданылады.
2. Қарыз алушымен - жеке тұлғамен жасалатын, осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін қарыз шарты мәнсіз болып табылады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қарыз шарты бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидалары қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
4. Қарыз алушымен - жеке тұлғамен жасалатын қарыз шартына осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, қарыз шартына қатысты қағидалар қолданылады.
5. Осы баптың талаптары осы Кодекстің 718-бабының 2-тармағында аталған тұлғалар қарыз берушілер болып әрекет ететін қарыз шарттарына қолданылмайды.
726-бап. Мемлекеттік заем шарты
1. Мемлекеттік заем шарты бойынша заемшы - мемлекет, ал заем беруші - азамат немесе заңды тұлға болады.
2. Мемлекеттік заемдар ерiктi болып табылады.
3. Мемлекеттік заем шарты заем игерушiнiң шығарылған мемлекеттік облигацияларды, сондай-ақ заем берушiнiң заемшыдан одан қарызға берілген ақшаны немесе заем талаптарына байланысты өзге де мүліктік баламаны, белгiленген сыйақыны немесе өзге де мүлiктiк құқықтарды осы заемды айналымға шығару шарттарында көзделген мерзiмде алу құқығын куәландыратын басқа да мемлекеттік бағалы қағаздарды (құжаттық немесе құжаттық емес) алу жолымен жасалады.
4. Мемлекеттік заем шартынан туындайтын өз мiндеттемелерi бойынша, заемшы тиiстi қазынаның мүлкiмен жауап бередi.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік заем қатынастарына қатысу ерекшелiктерi заң актілерімен белгiленуi мүмкiн.
727-бап. Банк заемы шарты
ҚР 2005.23.12. № 107-III Заңымен 1-бап толықтырылды
1. Банк заемы шарты бойынша заем берушi заемшыға төлемділік, мерзімділік, қайтарымдылық шарттарымен қарызға ақша беруге мiндеттенедi.
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен бап 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Ислам банкі заем беруші болып табылатын банк заемы шарты бойынша ақша заемы мерзімділік және қайтарымдылық талаптары бойынша және ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы алынбай жүзеге асырылады.
2. Банк заемы шартына осы Кодекстiң 728-бабында көзделген ерекшелiктерiмен қоса заем шартына қатысты ережелер қолданылады.
10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 728-бап өзгертілді; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 728-бап жаңа редакцияда; 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.30.12. № 179-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 728-бап өзгертілді
728-бап. Банктік қарыз шартының, микрокредит беру туралы шарттың және синдикатталған қарыз шартының ерекшеліктері
Банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың мынадай ерекшелiктерi бар:
1) банктік қарыз шарты бойынша банк немесе уәкiлеттi мемлекеттік органның банктік қарыз операцияларына лицензиясы бар өзге де заңды тұлға қарыз берушi ретінде әрекет етеді;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) микрокредит беру туралы шарт бойынша микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз беруші ретінде әрекет етеді;
3) алдағы уақытта берiлуi мүмкiн ақша банктік қарыз шартының, микрокредит беру туралы шарттың нысанасы болып табылады. Соңғы жағдайда, егер осы шарттарда өзгеше көзделмесе, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт олар жасалған кезiнен бастап (осы Кодекстiң 393-бабының 1-тармағы) күшiне енген болып есептеледi;
4) банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Жазбаша нысанды сақтамау банктік қарыз шартының, микрокредит беру туралы шарттың маңызсыздығына алып келеді;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, банктік қарыз шартында, микрокредит беру туралы шартта банктің немесе уәкілетті мемлекеттік органның банктік қарыз операцияларына лицензиясы бар өзге де заңды тұлғаның, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның шарт талаптарын біржақты өзгерту құқығын көздейтін талап қамтылмайды;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) Қазақстан Республикасының банк заңнамасында не Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, банктік қарыз шартына, микрокредит беру туралы шартқа осы Кодекстің 722-бабы 2-тармағының ережелері қолданылмайды;
7) қарыз алушы қарыз, микрокредит нысанасының кезекті бөлігін қайтару және (немесе) сыйақы төлеу үшін белгіленген мерзімді күнтізбелік қырық күннен асырып бұзған кезде, банктік қарыз шартына, микрокредит беру туралы шартқа осы Кодекстің 722-бабы 3 және 4-тармақтарының ережелері қолданылады;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
8) ломбардтың кепілге салу билетін беруі микрокредит беру туралы шарт жасасуға теңестіріледі.
Банктерге осы банк эмитенті болып табылатын акциялармен қамтамасыз етілген қарыздар не осы акцияларды иеленуге арналған қарыздар беруге тыйым салынады.
Жеке тұлғаларға берілетін ипотекалық қарыз ерекшеліктері «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
Тұтынушылық банктік қарыздың жəне тұтынушылық микрокредиттің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк заңнамасында жəне Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
Синдикатталған қарыз шартының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасында айқындалады.
Ломбардтардың мемлекеттік тіркелуге жатпайтын жылжымалы мүлікті кепілге қойып беретін қарыздарын қоспағанда, банктердің және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен соттан тыс банкроттық рәсімінің немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл бойы азаматқа қарыз беруіне тыйым салынады.
37-тарау. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру (факторинг)
729-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру (факторинг) шарты
1. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша бiр тарап (қаржы агентi) ақшаны басқа тараптың (клиенттiң) билiгiне бередi немесе беруге мiндеттенедi, ал клиент қаржы агентiне клиенттiң (кредит берушiнiң) осы үшiншi тұлғамен (борышқормен) қатынастарынан туындайтын өзiнiң ақшалай талабын қаржы агентiне бередi немесе беруге мiндеттенедi.