2. Сотталушыға сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу кезінде, алдын ала тергеуде немесе анықтауда кезiнде бiлдiрiлген кiнәсiн мойындау немесе мойындамаумен байланысты емес екенiн, өз кiнәсiн мойындайтыны немесе мойындамайтыны туралы сұраққа жауап беруге мiндеттi емес екенi және сотталушының жауап беруден бас тартуы оған зиян келтiрiлгендей түсiнiлмейтiнi түсiндiрiлуге тиiс. Сотталушы өз жауабын дәлелдеуге құқылы. Сотталушының жауап бермеуi оның өз кiнәсiн мойындамағаны деп түсiнiледi.
3. Төрағалық етушi сотталушыдан оған қойылған азаматтық талап қоюды мойындайтынын-мойындамайтынын (толық, iшiнара) сұрайды. Егер сотталушы бұл сұраққа жауап берсе, онда ол жауабының дәлелiн айтуға құқылы. Сотталушының жауап бермеуi оның азаматтық талап қоюды мойындамағаны деп түсiнiледi.
4. Тараптар сотталушыға оның көзқарасын нақтылауға бағытталған сұрақтар қоюға құқылы.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 347-бап өзгертілді
347-бап. Дәлелдемелердi ұсыну мен зерттеу тәртібі
1. Сот тергеуiнде айыптаушы және қорғаушы тараптар ұсынған дәлелдемелер зерттеледi.
2. Дәлелдемелердi алдымен айыптаушы тарап ұсынады. Дәлелдемелердi зерттеу тәртібін тараптармен келiсе отырып, сот белгiлейдi. Дәлелдемелердi зерттеу тәртібін белгiлеу немесе өзгерту мәселелерi бойынша сот қаулы шығарады.
3. Сотталушы төрағалық етушiнiң рұқсатымен сот тергеуiнiң кез келген сәтiнде айғақ беруге құқылы.
348-бап. Сотталушыдан жауап алу
1. Сотталушыдан жауап алудың алдында төрағалық етушi тағылған айып және iстiң басқа да жағдайлары бойынша айғақ беру немесе бермеу құқығын, сондай-ақ сотталушының барлық айтқаны өзiне қарсы пайдаланылуы мүмкiн екенiн оған түсiндiредi.
2. Сотталушы айғақ беруге келісім берген кезде бiрiншi болып одан қорғаушы және процеске қорғаушы тарапынан қатысушылар, сонан кейiн мемлекеттік айыптаушы және процеске айыптаушы тарапынан қатысушылар жауап алады. Төрағалық етушi жетекшi сұрақтарды және iске қатысы жоқ сұрақтарды алып тастайды.
3. Сот сотталушыға одан тараптар жауап алғаннан кейiн сұрақ қояды, алайда нақтылау сұрақтары жауап алудың кез келген сәтiнде қойылуы мүмкiн.
4. Басқа сотталушы болмаған кезде сотталушыдан жауап алуға тараптардың өтiнiшi немесе соттың бастамашылығы бойынша жол берiледi, бұл туралы қаулы шығарылады. Бұл жағдайда сотталушы сот мәжілісi залына қайтып келгеннен кейiн оған өзi болмаған кезде сот мәжілісiнiң хаттамасына енгiзiлген деректер оқылады және өзi болмағанда жауап алынған сотталушыға сұрақ қою мүмкiндiгi берiледi.
349-бап. Сотталушының айғақтарын жария ету
1. Сотталушының iс бойынша сотқа дейiнгi әзiрлiк барысында берген айғақтарын жария етуге, сондай-ақ жауап алу хаттамасына қоса берiлген оның айғақтарының дыбыс жазбасын, бейне жазбаны немесе киноға түсiрiлiмiн жаңғыртуға мынадай жағдайларда:
1) сотталушы сотта айғақ беруден бас тартқан кезде;
2) iс сотталушы болмаған кезде қаралғанда;
3) сот талқылауымен алдын ала тергеу барысында берiлген айғақтардың арасында елеулi қайшылықтар болғанда жол берiледi.
2. Тиiстi жауап алу хаттамасындағы немесе сот отырысы хаттамасындағы айғақтарды алдын ала жария етпей тұрып, дыбыс, бейнежазбаны және кино түсiрiлiмiн жаңғыртуға жол берiлмейдi.
350-бап. Жәбiрленушiден жауап алу
1. Жәбiрленушiден осы Кодекстiң 351-бабының екiншi, үшiншi, төртiншi, бесiншi, алтыншы және жетiншi бөлiктерiнде көзделген куәлардан жауап алу ережелерi бойынша жауап алынады.
2. Жәбiрленушi төрағалық етушiнiң рұқсатымен сот тергеуiнiң кез келген сәтiнде айғақтар беруге құқылы.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен; 2007.29.06. № 270-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 351-бап өзгертілді
351-бап. Куәлардан жауап алу
1. Куәлардан жеке-жеке және жауап алынбаған куәлардың қатысуынсыз жауап алынады.
2. Жауап алудың алдында төрағалық етуші куәнің жеке басын айқындайды, оның сотталушыға және іске қатысушы басқа адамдарға деген қарым-қатынасын анықтайды, іс бойынша шын айғақтар беру жөніндегі азаматтық борышы мен міндетін, сондай-ақ айғақтар беруден бас тартқаны және көрінеу жалған айғақтар бергені үшін жауаптылығын түсіндіреді. Куәға, сондай-ақ өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден, ал діни қызметшілерге - тәубе үстінде өздеріне ішкі сырын сеніп ашқан адамдарға да қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқылы екені түсіндіріледі. Заң бойынша айғақ беру міндетінен босатылған, бірақ айғақ беруге тілек білдірген адамдарға көрінеу жалған айғақ бергені үшін жауаптылығы түсіндіріледі. Куәға осы Кодекстің 82-бабында көзделген оның басқа құқықтары мен міндеттері де түсіндіріледі. Куә мынадай мазмұнда ант береді: «Сотқа іс бойынша өзіме белгілі болған барлық мән-жайды, тек қана шындықты, барлық шындықты айтуға және шындықтан басқа ешнәрсе айтпауға ант етемін.». Куәдан оған өз міндеттері мен жауаптылығының түсіндірілгені туралы қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына тіркеледі.
3. Куәдан айыптаушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сотталушы және оның қорғаушысы жауап алады. Бiрiншi болып өтiнiшi бойынша сот отырысына осы куә шақырылған тарап сұрақ қояды. Төрағалық етуші куәға одан тараптар жауап алып болғаннан кейiн сұрақтар қояды.
4. Куә соттың талап етуi бойынша оған ұсынылатын жазбаларды пайдалануға құқылы.
5. Куәға өз айғақтарына қатысты қолындағы құжаттарды оқып шығуға рұқсат берiледi. Бұл құжаттар сотқа ұсынылады және оның қаулысы бойынша iске тiгiлуi мүмкiн.
6. Жауап алынған куәлар сот отырысы залында қалады және олар сот тергеуi аяқталғанға дейiн соттың рұқсатынсыз және тараптардың келісімiнсiз одан шықпауға тиiс.
7. Осы Кодекстiң 101-бабында көзделген жағдайларда, куәнiң және оның жақындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында сот куәнiң жеке басы туралы нақты деректердi жарияламай, оны процеске басқа қатысушылар көрмейтiндей жағдайда одан жауап алуға құқылы, бұл туралы қаулы шығарылады.
352-бап. Кәмелетке толмаған жәбiрленушiден, куәден жауап алу ерекшелiктерi
1. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмаған жәбiрленушiден, куәдан жауап алу, ал соттың қалауынша - он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi мұндай адамдардан жауап алу педагогтың қатысуымен жүргiзiледi. Қажет болған жағдайда сонымен қатар ата-аналары немесе кәмелетке толмаған адамның өзге де заңды өкiлдерi шақырылады. Аталған адамдар төрағалық етушiнiң рұқсатымен жәбiрленушiге және куәға сұрақ қоя алады.
2. Он алты жасқа толмаған жәбiрленушiден, куәдан жауап алудың алдында төрағалық етушi оған шын және толық айғақтардың iс үшiн маңызын түсiндiредi. Айғақ беруден бас тартқаны және көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн жауаптылық туралы аталған адамдарға ескерту жасалмайды және олардан қолхат алынбайды.
3. Тараптардың өтiнiшi бойынша немесе соттың бастамашылығы бойынша кәмелетке толмаған жәбiрленушi мен куәдан жауап алу сотталушы жоқ кезде жүргiзiлуi мүмкiн, бұл туралы сот қаулы шығарады. Сотталушы сот отырысы залына қайтып келгеннен кейiн оған кәмелетке толмаған жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтары жария етiледi, жәбiрленушiге, куәға сұрақ қою және олардың айғақтарына орай өз айғақтарын беру мүмкiндiгi берiледi.
4. Он сегiз жасқа толмаған жәбiрленушi, куә сот олардың әрi қарай қатысуын қажет деп таныған жағдайлардан басқасында, олардан жауап алынғаннан кейiн сот отырысы залынан шығарылады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 353-бап өзгертілдіа
353-бап. Жәбiрленушi мен куәнiң айғақтарын жария ету
1. Сот талқылауында жәбiрленушi мен куәнiң iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу немесе кейiнгi сот талқылауы кезiнде берген айғақтарын, сондай-ақ олардан жауап алудың бейнежазбасы мен киноға түсiруiн жария етуге:
1) бұл айғақтар мен олардың сотта берген айғақтары арасында елеулi қайшылықтар бар болған кезде;
2) олардың сот талқылауына келу мүмкiндiгiн жоққа шығаратын себептер бойынша жәбiрленушiнiң немесе куәнiң сот отырысына қатыспауы кезiнде жол берiледi.
2. Жәбiрленушi мен куә берген айғақтардың дыбыс жазбасын, олардан жауап алудың бейнежазбасы мен киноға түсiруiн естiртiп-көрсету осы Кодекстiң 349-бабының екiншi бөлiгiнде белгiленген ережелер бойынша орын алуы мүмкiн.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 354-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
354-бап. Сот талқылауындағы сараптама
1. Сот тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасымен сараптама тағайындауға құқылы.
2. Сараптаманы алдын ала тергеу барысында қорытынды берген сарапшы (сарапшылар) не сот тағайындаған басқа сарапшы (сарапшылар) жүргізеді.
Соңғы жағдайда төрағалық етуші сараптама жүргізуді кімге тапсыруды ұйғарып отырғаны тура-лы хабарлауға тиіс, содан кейін аталған адамнан бас тарту және оның өздігінен бас тартуы туралы өтініштер болмаған кезде, сот кеңесу бөлмесіне кетпестен оны іс бойынша сарапшы ретінде тарту туралы қаулы шығарады. Бұдан әрі сарапшыға оның іс жүргізу өкілеттіктері түсіндіріледі, ол көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертіліп, бұл туралы қолхат береді.
3. Сотта сараптама жүргiзу осы баптың талаптары ескерiле отырып, осы Кодекстiң 32-тарауында жазылған ережелер бойынша жүзеге асырылады.
4. Сарапшының сот отырысында төрағалық етушiнiң рұқсатымен сараптама мәнiне қатысты мән-жайларды зерттеуге қатысуға: жауап алынатын адамдарға сұрақ беруге, қылмыстық iстiң материалдарымен танысуға, сараптама мәнiне қатысты барлық сот iс-әрекетiне қатысуға құқығы бар.
5. Төрағалық етушi тараптарға iс үшiн мәнi бар барлық мән-жайлар анықталғаннан кейiн сарапшыға жазбаша түрде сұрақ берудi ұсынады. Қойылған сұрақтар жария етiлуге және олар бойынша сот талқылауына қатысушылардың пiкiрлерi тыңдалуға тиiс.
6. Тараптар сараптамалық зерттеу объектiсi ретiнде заттарды, құжаттарды ұсынуға құқылы. Оларды мұндайлардың қатарынан шығарғанда, сот дәлелдi қаулы шығаруға мiндеттi.
7. Мәселенi қарап және ол бойынша тараптардың пiкiрiн тыңдап, сот өз қаулысымен олардың iшiнен iске қатысы жоқ немесе сарапшының құзыретiне жатпайтындарын алып тастайды, жаңа мәселелердi тұжырымдайды.
8. Сарапшы болып тағайындалған адамға сараптама тағайындалғаны туралы сот қаулысының көшiрмесi тапсырылады және осы Кодекстiң 83-бабымен көзделген оның құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi. Сот тараптардың пiкiрлерiн тыңдап болып, тексеру жүргiзу үшiн қажеттi уақытқа сот отырысын кейiнге қалдыруға құқылы.
9. Сарапшы қорытындыны жазбаша түрде бередi және оны сот мәжілісiнде жария етедi, содан кейiн, одан жауап алу осы Кодекстiң 355-бабында көзделген ережелер бойынша жүргiзiлуi мүмкiн. Сарапшының қорытындысы iске тiгiледi.
10. Сот талқылауында сараптама жүргiзiлген соң, осы Кодекстiң 255-бабында көзделген жағдайларда сот қосымша немесе қайта сараптама тағайындауға құқылы.
11. Iс бойынша сотқа дейiн iс жүргiзу барысында қорытынды берген сарапшы сотқа шақырылған жағдайда, сот қорытындыны жария еткен соң, ол тараптардың қарсылығын туғызбаса, сараптама тағайындамауға және сарапшыдан жауап алумен шектелуге құқылы.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 355-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
355-бап. Сарапшыдан жауап алу
1. Осы Кодекстің 253-бабы үшінші бөлігінің талаптары ескеріле отырып, сарапшыдан жауап алу қорытынды жария етiлгеннен кейiн ғана оны түсiндiру, нақтылау немесе толықтыру үшiн жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Сарапшыға бiрiншi болып өтiнiшi бойынша сараптама тағайындалған тарап сұрақ қояды.
3. Егер сараптама тараптар арасындағы келісім бойынша немесе қылмыстық iстi жүргiзушi органның бастамасы бойынша жүргiзiлсе, сарапшыға бiрiншi болып айыптаушы тарап, содан соң қорғаушы тарап сұрақ қояды.
4. Сот жауап алудың кез келген сәтiнде сарапшыға сұрақ қоюға құқылы.
356-бап. Заттай дәлелдемелердi қарау
1. Тергеу барысында iске тiгiлген және жаңадан алынған заттай дәлелдемелер сот тергеуi барысында сотта қаралуға және тараптарға ұсынылуға тиiс. Заттай дәлелдемелердi қарау сот тергеуiнiң кез келген сәтiнде тараптардың өтiнiшi бойынша да, сондай-ақ соттың бастамасымен де жүргiзiледi. Заттай дәлелдемелер куәлердiң, сарапшының, маманның қарауы үшiн ұсынылуы мүмкiн. Заттай дәлелдемелер ұсынылған адамдардың заттай дәлелдемелердi қараған кезде анықталған, iс үшiн маңызы бар мән-жайларға соттың назарын аударуға құқығы бар.
2. Заттай дәлелдемелердi қарауды сот олар тұрған жерде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген ережелердi сақтай отырып жүргiзуге тиiс.
357-бап. Тергеу iс-әрекетiнiң хаттамалары мен құжаттарын жария ету
Мән-жайларды куәландыратын тергеу iс-әрекетiнiң хаттамалары және қарау, куәландыру, алу, тiнту, мүлiкке тыйым салу, ұстау, тану үшiн көрсету, тергеу экспериментi телефонмен сөйлесудi тыңдау кезiнде белгiлi болған фактiлер, сондай-ақ егер оларда iс үшiн маңызы бар мән-жағдайлар баяндалған немесе куәландырылған болса, iске тiгiлген немесе сот отырысында ұсынылған құжаттар толық немесе iшiнара жария етiлуге тиiс. Сот отырысына ұсынылған құжаттар соттың қаулысы бойынша iске тiгiлуi мүмкiн.
358-бап. Сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарын,
сондай-ақ хаттамалар мен құжаттарды жария етудiң тәртібі
Осы Кодекстiң 349, 353, 357-баптарында көзделген жағдайларда, сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарын, сондай-ақ тергеу iс-әрекетiнiң хаттамалары мен құжаттарды оларды жария ету туралы өтiнiш бiлдiрген тарап не сот жария етедi.
359-бап. Iс болған орынды және үй-жайды қарау
1. Iс болған орынды және үй-жайды қарауды сот тараптардың қатысуымен, ал қажет болғанда куәлердiң, сарапшының, маманның қатысуымен де жүргiзедi.
2. Қарау орнына келген соң төрағалық етушi сот отырысының жалғасатындығы туралы жариялайды да сот қарауға кiрiседi. Бұл ретте сотталушыға, жәбiрленушiге, сарапшы мен маманға қараумен байланысты сұрақтар берiлуi мүмкiн.
360-бап. Тану, куәландыру, айғақтарды тұрған жерiнде тексеру мен нақтылау, эксперимент жүргiзу, үлгiлер алу үшiн көрсету
1. Тану, куәландыру, айғақтарды тұрған жерiнде тексеру мен нақтылау, эксперимент жүргiзу, үлгiлер алу үшiн көрсету сот талқылауында тараптардың қатысуымен, осы Кодекстiң 226, 229, 238, 239-баптарында және 33-тарауында көзделген ережелер сақтала отырып, соттың қаулысы бойынша жүргiзiледi.
2. Егер iстiң мән-жайлары бойынша бұл қажет болса, тану, куәландыру, эксперимент, үлгiлер алу үшiн көрсету жабық сот отырысында жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Куәландырылушыны жалаңаштау арқылы куәландыруды жеке үй-жайда дәрiгер немесе өзге маман жүргiзедi, онда куәландыру актiсi жасалып, қол қойылады. Одан соң аталған адамдар сот отырысы залына оралады, онда олар тараптардың және куәландырылған адамның қатысуымен, егер куәландырылушының денесiнде таңбалар мен белгiлер табылса, олар туралы сотқа хабарлайды, тараптардың және соттың сұрақтарына жауап бередi. Куәландыру актiсi iске тiгiледi.
361-бап. Дәлелдемелердi зерттеудi шектеу
1. Мемлекеттік айыптаушы айыптау дәлелдемелерiн зерттеу аталған өтiнiш туындаған сәтке қаралған дәлелдемелермен шектеу туралы өтiнiш бiлдiруге құқылы. Соттың тараптардың пiкiрiн тыңдап, бұл өтiнiштi қанағаттандыруға құқығы бар.
2. Қорғаушы тарабының сотталушының, қорғаушының, сотталушының заңды өкiлiнiң, азаматтық жауапкердiң немесе оның өкiлiнiң өтiнiшi бойынша ұсынылған және iске тiгiлген дәлелдемелердi зерттеуден бас тартуға құқығы бар. Мұндай бас тарту сот үшiн мiндеттi.
362-бап. Сот тергеуiнiң аяқталуы
1. Төрағалық етушi дәлелдемелердi зерттеу аяқталғаннан кейiн:
1) тараптарға, олардың сот жарыссөзiнде, ал соттың үкiм шығару кезiнде тек сот тергеуiнде қаралған дәлелдемелерге ғана сiлтеме жасауға құқылы екендiгiн түсiндiредi;
2) тараптардан, олар сот тергеуiн толықтыруды қалай ма және немен толықтырғысы келетiнiн сұрайды.
2. Сот тергеуiн толықтыру туралы өтiнiш мәлiмделген жағдайда, сот бұл өтiнiштi талқылайды және оны шешедi.
3. Өтiнiштi шешкен және қажеттi сот iс-әрекетiн орындаған соң, сондай-ақ сот тергеуiн толықтыру туралы өтiнiш туындамаған немесе сот оларды дәлелдi түрде қабылдамаған жағдайларда төрағалық етушi сот тергеуiн аяқталды деп жариялайды.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II; 11.07.01 ж. № 238-II; 21.12.02 ж. № 363-II Заңдарымен (бұрынғы ред. қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 363-бап өзгертілді
363-бап. Iстiң қысқартылған тәртiппен сотта талқылануы
1. Ауыр емес, орташа ауыр қылмыстар, сондай-ақ ауыр қылмыстар туралы істер бойынша, егер:
1) сотталушы өзінің кінәсін толық көлемінде, оның ішінде өзіне қойылған талап-арызды мойындаса;
2) сотқа дейінгі іс жүргізу барысында процеске қатысушылардың құқығына нүқсан келтіретін, осы Кодексте белгіленген ережелердің бұзылуына жол берілмесе;
3) процеске қатысушылар іс бойынша жиналған дәлелдемелердің қатыстылығы мен жол берушілігіне дау туғызбаса және оларды сот отырысында зерттеуді талап етпесе, сот талқылауы қысқартылған тәртіппен жүргізіледі.
3. Iстi сотта талқылаудың қысқартылған тәртібі сотталушы мен жәбiрленушiден жауап алудан тұрады. Сот жарыссөзi және қаралған iстi аяқтау осы Кодексте белгiленген ережелер бойынша жүзеге асырылады. Қысқартылған сот талқылауы он күн мерзімде аяқталуға тиіс, ерекше жағдайларда бұл мерзім судьяның дәлелді қаулысымен ұзартылуы мүмкін.
4. Сот, егер айыпталушыдан немесе жәбiрленушiден жауап алу барысында сот отырысында зерттеудi талап ететiн мән-жайлар белгiленген болса, сот тергеуiн толық көлемде жүргiзу туралы қаулы қабылдауы мүмкiн.
43-тарау. Сот жарыссөзі және сотталушының соңғы сөзі
364-бап. Сот жарыссөзiнiң мазмұны мен тәртібі
1. Сот тергеуi аяқталған соң төрағалық етушi соттың сот жарыссөзiне көшетiнiн хабарлайды.
2. Сот жарыссөзiне қатысушының өтiнiшi бойынша оған сот жарыссөзiне дайындалу үшiн уақыт берiледi, ол үшiн төрағалық етушi оның ұзақтығын көрсете отырып, сот отырысында үзiлiс жариялайды.
3. Сот жарыссөзi айыптаушының, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердiң және азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, сотталушы мен қорғаушының сөздерiнен тұрады. Iске қатысушылардың сөздерiнiң реттілігiн олардың ұсыныстары бойынша сот белгiлейдi, бiрақ барлық жағдайларда бiрiншi болып айыптаушы сөз алады.
4. Егер мемлекеттік айыптауды бiрнеше мемлекеттік айыптаушы қолдаса, iске бiрнеше жәбiрленушi, қорғаушы, азаматтық жауапкер мен олардың өкiлдерi, азаматтық талапкерлер мен олардың өкiлдерi, сотталушылар қатысса, төрағалық етушi өз сөздерiнiң кезектілігiн өзара келiсуi үшiн оларға уақыт бередi. Қажет болғанда бұл үшiн сот отырысында үзiлiс жариялануы мүмкiн. Егер аталған адамдар жарыссөздегi өз сөздерiнiң кезектілігi туралы келісімге келе алмаса, сот олардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сөз кезегi туралы қаулы алады.
5. Сот жарыссөзiне қатысушылар өз сөздерiнде сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сiлтеме жасауға құқылы емес. Сотқа жаңа айғақтар ұсыну қажет болса, олар сот тергеуiн қайта бастау туралы өтiнiш жасай алады.
6. Сот сот жарыссөзiнiң ұзақтығын белгiлi бiр уақытпен шектей алмайды, алайда төрағалық етушi, егер жарыссөзге қатысушы азаматтардың сөзi қаралатын iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты не сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге негiзделген болса, оларды тоқтатуға құқылы.
7. Сот отырысына қатысушылардың барлығы сөз сөйлеп болған соң олардың әрқайсысы тараптар өкiлдерiнiң сөзiнде айтылғандар бойынша тағы бiр реттен қысқаша қарсылықтарын немесе ескертпелерiн /репликаларын/ бiлдiруге құқылы. Соңғы ескертпенi айту құқығы барлық жағдайларда сотталушы мен оның қорғаушысына тиесiлi.
8. Әрбiр сот жарыссөзiне қатысушы сотқа осы Кодекстiң 371-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1-6-тармақтарында аталған мәселелер бойынша шешiмнiң өзi ұсынатын тұжырымын жазбаша түрде табыс ете алады. Ұсынылатын тұжырымның сот үшiн мiндеттi күшi жоқ.
365-бап. Сотталушының соңғы сөзi
1. Сот жарыссөзi аяқталған соң, төрағалық етушi сотталушыға соңғы сөз бередi. Сотталушыға оның соңғы сөзi кезiнде ешқандай сұрақ қоюға жол берiлмейдi.
2. Сот сотталушының соңғы сөзiнiң ұзақтығын белгiлеуге құқылы емес. Төрағалық етушi, егер сотталушының сөзi қаралған iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса, оны тоқтатуға құқылы.
366-бап. Сот тергеуiн қайта бастау
Егер сот жарыссөзiнде сөз сөйлеушi немесе сотталушы соңғы сөзiнде iс үшiн маңызы бар жаңа мән-жайлар туралы хабарласа, сот тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасымен сот тергеуiн қайта бастайды. Қайта басталған сот тергеуi сот аяқталған соң сот жарыссөзiн жаңадан ашады және сотталушыға соңғы сөз бередi.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 367-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
367-бап. Соттың кеңесу бөлмесiне кетуi
1. Сотталушының соңғы сөзiн тыңдап, сот үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi, ол туралы төрағалық етушi сот отырысы залындағы қатысушыларға хабарлайды.
2. Үкiмнiң жарияланатын уақыты процеске қатысушыларға судьялар кеңесу бөлмесiне кетер алдында хабарлануы мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі басқа соттың бастамасы бойынша қылмыстық іс бойынша қолдануға жататын заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің конституциялық екендігіне тексеру жүргізген жағдайда, судья Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі шешім шығарғанға дейін үкімнің қаулысын кейінге қалдырады.
44-тарау. Үкім шығару
368-бап. Қазақстан Республикасының атынан үкiм шығару
Қазақстан Республикасындағы соттар Қазақстан Республикасының атынан үкiм шығарады.
369-бап. Үкiмнiң заңдылығы мен негiздiлiгi
1. Сот үкімі заңды және негiздi болуға тиiс.
2. Егер үкiм заңның барлық талаптары сақтала отырып және заң негiзiнде шығарылса, ол заңды болып танылады.
3. Егер үкiм сот отырысында сотқа ұсынылған дәлелдемелердi жан-жақты және объективтi зерттеу негiзiнде шығарылса, ол негiздi деп танылады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 370-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
370-бап. Үкім шығару құпиясы
1. Істі қараған судья үкімді оған қандай да болсын ықпал ету мүмкіндігін болғызбайтын жағдайда шығарады. Үкім шығару кезінде өзге тұлғалардың, оның ішінде запастағы судьяның болуына жол берілмейді.
2. Жұмыс уақыты аяқталған соң, сондай-ақ жұмыс күні ішінде судья кеңесу бөлмесінен шығып демалу үшін үзіліс жасауға құқылы.
3. Үкім жарияланғанға дейін судья іс бойынша шешімді айқындайтын өз пікірі мен пайымдауын жария етуге құқылы емес.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01 ж. № 238-II Заңдарымен 371-бап өзгертілді
371-бап. Соттың үкiм шығару кезiнде шешетiн мәселелерi
1. Сот үкiм шығару кезiнде кеңесу бөлмесiнде мынадай мәселелердi шешедi:
1) жасалуына сотталушы айыпталып отырған әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме;
2) бұл әрекет қылмыс болып табыла ма және ол нақ қандай қылмыстық заңда көзделген (бабы, бөлiгi, тармағы);
3) сотталушының бұл әрекеттi жасағаны дәлелдендi ме;
4) сотталушы бұл қылмыстың жасалуына кiнәлi ме;
5) оның жауаптылығы мен айыбын жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар бар ма;
6) сотталушы жасаған қылмысы үшiн жазаға тартылуға тиiс пе;
7) сотталушыға қандай жаза тағайындалуға тиiс;
8) жаза тағайындамай үкiм шығару үшiн немесе жазада босатуға не қылмыстық жазаны өтеудi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында және 74-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда кейiнге қалдыру туралы негiздер бар ма;
9) бас бостандығынан айыруға сотталушы түзеу немесе тәрбие беру мекемесiнің қандай түрi мен режимдегiсiнде жазасын өтеуге тиiс;
10) азаматтық талап-арызды қанағаттандыруға жата ма, кiмнiң пайдасына және қандай мөлшерде, сондай-ақ егер азаматтық талап берiлмесе, мүлiктiк зиян өтелуге жата ма;
11) азаматтық талап-арызды немесе ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүлiктi не iстеу керек;
12) заттай дәлелдемелердi не iстеу керек;
13) iс жүргiзу шығыстары кiмге, қандай мөлшерде жүктелуге тиiс;
14) сот сотталушының құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан, мемлекеттік наградаларынан айыруға (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгізуге) тиiс пе;