Бағалы қағаздар рыногы туралы 1997 жылғы 5 наурыздағы
№ 77-I Қазақстан Республикасының Заңы
(ҚР 19.06.97 ж. № 134-1; 11.07.97 ж. № 154-1;
10.07.98 ж. № 282-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 18.12.00 ж. № 128-II;
11.07.01 ж. № 237-II; 16.05.03 ж. № 416-II; 03.06.03 ж. № 427-II
Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР 02.07.03 ж. № 461-II Заңымен. күші жойылды
Бұрынғы редакцияларды қара
I тарау. Жалпы ережелер (1 - 9 баптар)
II тарау. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу (10 - 12 баптар)
III тарау. Бағалы қағаздардың бастапқы рыногы (14 - 24-2 баптар)
IV тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби (25 - 36 баптар)
қызмет
V тарау. Бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыноктары (37 - 56 баптар)
VI тарау. Бағалы қағаздар рыногы кәсiпқой (57 - 59 баптар)
қатысушыларының өзiн-өзi реттейтiн ұйымдары
VII тарау. Қорытынды ережелер (60 бап)
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен кіріспе толықтырылды
Осы Заңмен эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылуы мен айналыста болуы, бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн жүзеге асыру, бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу процесiнде туындайтын қатынастар реттеледi.
I тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасының заңдары
Бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасының заңдары осы заңнан бағалы қағаздар шығаруға және олардың айналысына байланысты құқықтық қатынастарды реттейтiн өзге де заңдардан, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкіметінiң актілерінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес шығарылатын мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 19.07.99 ж. № 436-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 2-бап өзгертілді; ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен кіріспе толықтырылды
2-бап. Негiзгi ұғымдар
Бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) агенттiк облигация - уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен қаржы агенттiгi шығарған облигация;
2) антеррайтер - бағалы қағаздар рыногында делдалдық және дилерлiк қызметке лицензиясы бар және эмитенттiң бағалы қағаздарын онымен жасасқан ережелерiне сай орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
3) бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң аффилиирленген тұлғасы - шешiмдi тiкелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) бағалы қағаздар рыногы субъектiсi қабылдаған шешiмге, оның iшiнде ауызша шартты қоса алғанда, шарттың немесе өзге де мәмiленiң күшiне әсер етуге мүмкiндiгi бар тұлға (өзiне берiлген өкiлеттiк шегiнде осы тұлғаның қызметiн реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда), сондай-ақ осындай құқығы бар бағалы қағаздар рыногы субъектiсiне қатысты кез келген тұлға;
4) брокер - сыйақы үшiн шарт негiзiнде iс-қимыл жасайтын, клиенттердiң тапсырмасы бойынша, солардың есебiнен және мүдделерiн көздеп бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi жүзеге асырушы кәсiби қатысушы;
5) бағалы қағаздардың қайталама рыногы - бағалы қағаздардың айналысы процесiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi арасында қалыптасатын қатынастар, бұған бағалы қағаздардың бастапқы рыногының қатынастары қосылмайды;
6) бағалы қағаздарды материалсыздандыру - бағалы қағаздармен куәландырылатын мүлiктiк құқықтарды растау әдiсiн өзгерту, бұл орайда арнаулы тiзiлiмдердегi жазбалар бұл құқықтарды растау болып табылады;
7) бағалы қағаздар депозитарийi - бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi есепке алу және оларды орындау, сондай-ақ бағалы қағаздарды материалсыздандыру жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын мамандандырылған ұйым;
8) депонент - депозитарийдiң клиентi болып табылатын тұлға, ол бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерге қызмет көрсету жөніндегі депозитарийдiң қызметтерiн шарт негiзiнде пайдаланады;
9) бағалы қағаз ұстаушы - бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмдерiн жүргiзу жүйесiнде тiркелген және осы бағалы қағазбен куәландырылған мүлiктiк құқықтарды иеленген тұлға;
10) дилер - бағалы қағаздарды кейiн қайта сату немесе олармен өзге де мәмiлелер жасау нәтижесiнде пайда табу мақсатымен баға кесудi ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногына шығару және (немесе) оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы өз атынан және өз есебiнен бағалы қағаздармен мәмiлелер жасайтын кәсiпқой қатысушы;
11) инвестор - қаражатын бағалы қағаздарға салуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
12) институционалдық инвестор - өзi тартқан ақшаларды заңдарға сәйкес бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына инвестициялайтын заңды тұлға;
ипотекалық облигация - ипотекалық қарыз шарттары бойынша талап ету құқығы кепiлiмен (ипотекалық куәлiктер кепiлiн қоса алғанда), сондай-ақ тiзбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсімен белгiленетiн өзге де жоғары өтiмдi активтермен қамтамасыз етiлген облигация
13) кастодиан - бағалы қағаздар бойынша құқықтарды тiркеу және олардың есебiн жүргiзу, құжатты бағалы қағаздарды сақтау және клиенттердiң ақшаларына есеп жүргiзу жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын кәсiби қатысушы;
14) бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу жөніндегі клиринг - бағалы қағаздармен мәмiле жасаудың нәтижесiнде жүзеге асырылатын есеп айырысуға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен мiндеттемелерiн есепке алу;
15) баға кесу - қор биржасында және басқа да ұйымдасқан бағалы қағаздар рыноктарында бағалы қағаздардың бағамын (рыноктық бағасын) белгiлеу;
16) биржадан тыс бағалы қағаздар рыногындағы баға кесу ұйымы - бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары құратын, заңды тұлға мәртебесi бар, бағалы қағаздарға баға кесу және биржадан тыс рынок айналысындағы бағалы қағаздармен сауда жасауды техникалық жағынан қамтамасыз ету жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
17) листинг - бағалы қағаздарды сауда-саттық ұйымдастырушының ережелерiнде белгiленген тәртiппен сауда-саттық ұйымдастырушының бағалы қағаздар тiзiмiне енгізу;
18) бағалы қағаздарды бiр iзге түсiрудiң ұлттық жүйесi (NSIN) - Қазақстан Республикасы аумағында айналымға жiберiлген бағалы қағаздарды әрiптiк-сандық кодификациялау жүйесi;
19) ұйымдастырылмаған рынок - мәмiле нысанасына және оның қатысушыларына ұйымдастырылған рынок талаптарына сақтамай бағалы қағаздармен мәмiлелер жүзеге асырылатын бағалы қағаздар айналымы өрiсi;
20) облигацияның нақтылы құны - облигация құнының оны шығару проспектiнде айқындалған ақшалай көрiнiсi;
21) нақтылы ұстаушы - шартқа сәйкес және бағалы қағаздар иесiнiң мүдделерiн көздеп, өз атынан және меншiк иесi есебiнен бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыратын кәсiпқой қатысушысы;
22) бағалы қағаздар айналысы - бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасу;
қамтамасыз етiлген облигация - эмитент мiндеттемелерiн орындау кепiлмен, кепiлдiк берумен және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де тәсiлдермен қамтамасыз етiлген облигация;
23) бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногы - бағалы қағаздардың айналым өрiсi, онда бағалы қағаздармен мәмiле жасау қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол мәмiлелерге қатысушылар үшiн сауда-саттықты ұйымдастырушылар белгiлеген рәсiммен және шарттармен реттелген;
24) бағалы қағаздардың бастапқы рыногы - бағалы қағаздарды шығару және орналастыру процестерiнде, бiр жағынан, эмитенттiң немесе оның тапсыруы бойынша бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысының және, екiншi жағынан, инвесторлардың арасында қалыптасатын қатынастар;
25) бағалы қағаздар портфелi - бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң меншiгіндегі не сенiмгерлiкпен басқаруындағы әртүрлi бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының жиынтығы;
26) бұйрық - бағалы қағаздарды ұстаушы немесе сатып алушы бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысына беретiн, бағалы қағаздармен мәмiле жасасуға негiзделген және бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыруға арналған бағалы қағаздар мен ақша жөніндегі белгiлi бiр iс-әрекеттi жүзеге асыру жөнiнде нұсқаудан тұратын стандарттық үлгiдегi құжат;
27) шығарылым проспектi - эмитент, оның қаржылық жай-күйi және шығарылған бағалы қағаздар туралы ақпараттан тұратын құжаттар жиынтығы;
28) бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары - бағалы қағаздар рыногында кәсiпқой қызметтiң бiр немесе бiрнеше түрiн жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғалар;
29) туынды бағалы қағаздар - басқа бағалы қағаздар арқылы бiлдiрiп құнға ие болатын бағалы қағаздар;
30) тiркеушi - бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiн жүргiзу жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын кәсiби қатысушы;
31) өзiн-өзi реттейтiн ұйым - бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асырудың бiрыңғай ережелерiн (стандарттарын) әзiрлеу және қабылдау мақсатында бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары құрған ұйым;
32) бағалы қағаздар шығарылымының құрылымы - шығарылатын бағалы қағаздардың саны, олардың түрi, сондай-ақ орналастырылу бағасы (нақтылы құны) туралы мәлiметтер;
33) бағалы қағаздар эмиссиясының құрылымы - эмиссияның мөлшерi, бағалы қағаздардың нақтылы құны, шығару нысаны, шығарылатын бағалы қағаздардың саны, олардың түрi туралы мәлiметтер;
34) трансфер-агент - бағалы қағаздар рыногында азаматтық-құқықтық мәмiлелердi жүзеге асыру процесiнде ақпараттар (құжаттар) қабылдау мен беру жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын кәсiби қатысушы;
35) бағалы қағаздар портфелiн басқарушы - бағалы қағаздарды, өзге де қаржы құралдарын, сондай-ақ оларды сатып алуға арналған ақшаларды сенiмгерлiкпен басқару жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын кәсiби қатысушы;
36) қаржы агенттiгi - банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен экономиканың белгiлi бiр саласында мемлекеттік инвестициялық саясатты iске асыруға уәкiлеттiк берiлген және осы мақсатта капиталдың iшкi және сыртқы рыноктарынан қарыз алуды жүзеге асыратын ұйым. Қаржы агенттiгiне мәртебе беру тәртібін және қаржы агенттiгiнiң қызметiне қойылатын талаптарды уәкiлеттi орган белгiлейдi;
37) қаржы құралы - тұтыну құны оның айналыс және (немесе) төлем құралы ретiнде пайдаланылу мүмкiндiгiмен айқындалатын және ұлттық валютаға айырбасталу қабылеттiлiгiн иеленген актив түрі;
38) қор биржасы - қызметiнiң ерекше түрi қаржы құралдарымен сауда жасауды ұйымдастыру болып табылатын, ол қызметтi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес және биржа белгiлеген ережелерге сәйкес жүзеге асыратын заңды тұлға;
39) эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр эмиссия шегiнде бiртектес белгiлерге және реквизиттерге ие болатын, осы эмиссияға арналған бiрыңғай ережелер негiзiнде орналастырылатын және айналысқа түсетiн бағалы қағаздар;
40) эмиссия - эмитенттiң эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу және оларды орналастыру мақсатында жасайтын iс-әрекетi;
41) эмиссиялық синдикат - эмитенттiң бағалы қағаздарын орналастыру мақсатында құрылған бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының бiрлестiгi;
42) эмитент - қолданылып жүрген заңдарға сәйкес бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыратын және бағалы қағаздардың иеленушiлерi алдында өз атынан мiндеттемелерi болатын заңды тұлға.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңымен 3-бап өзгертілді
3-бап. Бағалы қағаздармен сауданы ұйымдастырушылар 1. Бағалы қағаздармен сауданы ұйымдастырушылар мыналар болып табылады:
биржадан тыс рыноктың баға кесу ұйымы;
қор биржасы;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де ұйымдар.
2. Бағалы қағаздармен сауданы ұйымдастырушылар қызметiн уәкiлеттi орган лицензиялауға тиiс.
3. Бағалы қағаздармен сауда-саттық ұйымдастырушылар уәкiлеттi орган белгiлеген пруденциялық нормативтердi сақтауға мiндеттi. Пруденциялық нормативтердiң құрамына бағалы қағаздармен сауда-саттық ұйымдастырушының жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi, өз капиталының жеткiлiктiлiк коэффициентi, сондай-ақ уәкiлеттi органның айқындауы бойынша өзге де нормалар мен лимиттер кiредi.
4-бап. Бағалы қағаздар рыногының объектiлерi
Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар рыногының объектiлерi мыналар болып табылады:
акциялар, облигациялар және заңдарда белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган бағалы қағаздар деп танылған бағалы қағаздардың басқа да түрлерi;
Заңдарға сәйкес осындай деп танылған туынды бағалы қағаздар;
басқа мемлекеттердiң заңдарына сәйкес шығарылған, Қазақстан Республикасы аумағындағы айналысына уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен рұқсат етiлген шетел эмитенттерiнiң бағалы қағаздары;
ипотекалық куәлiктер, коносаменттер және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаз мәртебесi болған өкiмдiк құжаттардың басқа да түрлерi.
5-бап. Бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi
Бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi:
инвесторлар;
эмитенттер;
бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары;
өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар болып табылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы инвесторлар
1. Бағалы қағаздар рыногында:
инвесторлар - жеке және заңды тұлғалар;
институционалдық инвесторлар болуы мүмкiн.
Мемлекет Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе Қаржы министрлігі арқылы бағалы қағаздар рыногында инвестор ретiнде iс-қимыл жасайды.
2. Өздерi тартқан қаржыны Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына инвестициялау үшiн пайдаланушы субъектiлер Қазақстан Республикасындағы институционалдық инвесторлар болып табылады. Институционалдық инвесторларға:
инвестициялық қорлар;
банктер - Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда;
жинақтаушы зейнетақы қорлары;
сақтандыру ұйымдары;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да ұйымдар жатады.
ҚР 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 7-бап өзгертілді
7-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару нысаны
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген шектеулер ескерiле отырып, құжатты немесе құжатсыз нысанда шығарылуы мүмкiн.
2. алынып тасталды
3. алынып тасталды
4. Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару нысанын шығарылымды мемлекеттік тiркеуге табыс етiлген құжаттарға тиiстi өзгерістер енгiзе отырып, эмитенттiң жоғарғы басқару органының шешiмi бойынша эмитент өзгертуi мүмкiн.
16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңымен 8-бап алынып тасталды
ҚР 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 9-бап өзгертілді
9-бап. Бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелер
1. Бағалы қағаздармен мәмiлелер ұйымдасқан және ұйымдаспаған бағалы қағаздар рыногында жасалады.
2. Кәсiпқой қатысушылар ұйымдасқан бағалы қағаздар рыногында мәмiлелердi өз атынан немесе клиенттiң атынан, өз есебiнен немесе клиенттiң есебiнен бағалы қағаздар сатып алу немесе сату арқылы жасайды.
Бағалы қағаздарды сатып алу-сату шарты тараптардың бiрiнiң талап етуi бойынша нотариалдық куәландырылуға тиiс.
3. Бағалы қағаздардың ұйымдаспаған рыногында жасалатын мәмiлелердi инвесторлардың өздерi де, бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының қызметiн пайдалана отырып та жүзеге асыруы мүмкiн.
Уәкiлеттi орган бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қатысушылардың ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногындағы бағалы қағаздармен мәмiле жасауына шектеу белгiлеуге құқылы.
4. Кәсiпқой қатысушының бағалы қағаздармен мәмiле жасауға өкiлеттiгi оның клиентпен жасасқан мәмiлелердi жасау және орындау үшiн қажеттi талаптарды айқындайтын шартымен расталады.
5. Ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында бағалы қағаздармен мәмiле жасау рәсiмi және оларды тiркеу сауда-саттық ұйымдастырушылардың ережелерiмен айқындалады.
II тарау. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу
ҚР 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 10-бап өзгертілді
10-бап. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу негiздерi
Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеу:
1)бағалы қағаздар рыногы субъектiлерi қызметiне мiндеттi талаптар белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлер шығару;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу, сондай-ақ эмитенттердiң олардың шығарылу, айналыс және өтелу шарттарын сақтауына бақылауды жүзеге асыру;
3) бағалы қағаздар рыногына кәсiптiк қатысушылар және олардың өзiн-өзi реттейтiн ұйымдары қызметiн лицензиялау;
4) сауда-саттық ұйымдастырушылардың және институционалдық инвесторлардың қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялау;
5) бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтарын қорғау жүйесiн ұйымдастыру және олардың құқықтарын эмитенттер мен бағалы қағаздар рыногына кәсiптiк қатысушылардың сақтауына бақылау жасау;
6) бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар, сауда-саттық ұйымдастырушылар қызметiне бақылау жасау және бағалы қағаздар рыногын реттейтiн заңдарды бұзғаны үшiн тиiстi санкцияларды қолдану;
7) бағалы қағаздар рыногында заңдарды бұзатын адамдарды анықтау және жауапкершiлiкке тарту жөніндегі шаралар қолдану;
8) бағалы қағаздар рыногына қатысушылардың кәсiптiк және білім деңгейiн арттыру жөніндегі жүйелердi ұйымдастыру жолымен жүзеге асырылады.
ҚР 10.07.98 ж. № 282-1 Заңымен 11-бап өзгертілді
11-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қатынастарды реттеу жөніндегі мемлекеттік орган
Мемлекеттік орган арқылы мемлекет бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан қатынастарды мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асырады. Бағалы қағаздар рыногындағы қатынастарды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Президентi бағалы қағаздар рыногын реттеу мен бақылау және акционерлердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөніндегі мемлекеттік орган (одан әрi - уәкiлеттiк орган) құрады, ол өз қызметiнде Конституция нормаларын, бағалы қағаздар рыногы туралы заңдар мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарын басшылыққа алады және Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Ережелер негiзiнде қолданылады.
16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тiркеу
Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздарды және басқа да бағалы қағаздарды шығару Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік тiркеуге жатады.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 13-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
III тарау. Бағалы қағаздардың бастапқы рыногы
16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңымен 14-бап өзгертілді
14-бап. Мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымы
Мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымын жүзеге асыру тәртібі және шығарылым көлемi Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарымен реттеледi.
16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 14-1-бапппен толықтырылды
14-1-бап. Агенттiк облигациялар эмиссиясы
Агенттiк облигацияларын шығару, орналастыру және өтеу шарты мен тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңымен 15-бап алынып тасталды
ҚР 10.07.98 ж. № 282-1 Заңымен 16-бап жаңа редакцияда; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (бұр. ред қара)
16-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу
1. Жарияланған акциялар шығару туралы шешiм акционерлік қоғам құрылтайшыларының жиналысында (акционерлердiң жалпы жиналысында) қабылданады.
Акционерлік қоғам құрылтайшылардың ол әдiлет органдарында мемлекеттік тiркеуден өткiзiлген күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тiркеуге арналған құжаттарды, олардың арасында орналастырылған акцияларды төлегендiгiн растайтын құжаттарды қоса бере отырып, уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
Жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеу құрылтайшыларды акция ұстаушылардың тiзiлiмiнде акция ұстаушылар ретiнде тiркеу үшiн негiз болып табылады.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу:
1) ұсынылған құжаттарды қарауды және олардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкестiгiне сараптаманы;
2) эмитенттiң аудиторлық ұйым (аудитор) растаған қаржылық есептiлiгiн қарауды;
3) бағалы қағаздарға ұлттық бiрiздендiру нөмiрiн берудi және Бағалы қағаздардың мемлекеттік тiзiлiмiне эмиссиялық бағалы қағаздар шығару туралы және эмитент туралы мәлiметтер енгізудi;
4) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеудi куәландыратын құжат берудi қамтиды.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздарға ұлттық бiрiздендiру нөмiрлерiн беру тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгiленедi.
4. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеудiң ерекшелiгiн, сондай-ақ олардың шығарылу, айналысы, өтелу мен жойылу тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
5. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу үшiн эмитент ұсынған құжаттарды уәкiлеттi орган олар табыс етiлген күннен бастан отыз күн iшiнде қарайды.
Мемлекеттік тiркеуге қосымша құжаттар табыс етiлген жағдайда құжаттарды қарау мерзiмi жаңартылады.
6. Эмитенттiң лауазымды адамдары мәлiметтер бермегенi не дұрыс емес мәлiметтер бергенi, эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу үшiн құжаттарды табыс ету мерзiмдерiн бұзғаны, сондай-ақ уәкiлеттi органның нұсқамаларын орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 17-бап өзгертілді (бұр. ред қара)
17-бап. Қазақстан Республикасы бағалы қағаздарының мемлекеттік тiзiлiмi
1. Бағалы қағаздардың тiркелген шығарылымы және олардың эмитенттерi туралы мәлiметтер бағалы қағаздардың Мемлекеттік тiзiлiмде енгiзiледi, оны жүргiзудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Бағалы қағаздардың Мемлекеттік тiзiлiмiне енгiзiлмеген бағалы қағаздар шығарылымдары жарамсыз болып табылады.
3. Уәкiлеттi органның мемлекеттік бағалы қағаздарға бiр iзге түсiру нөмiрлерiн беру үшiн олардың шығарылымдары туралы ақпараттар беру тәртібі заңдарға сәйкес белгiленедi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 17-1-баппен толықтырылды
17-1-бап. Облигацияларды ұстаушылардың өкiлi
1. Ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялардың шығарылуы мен айналысы кезiнде эмитент алдында облигация ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiрудi облигацияларды ұстаушылардың өкiлi (бұдан әрi - өкiл) жүзеге асырады. Өкiл таңдауды эмитент дербес жүзеге асырады. Өкiл эмитенттiң аффилиирленген тұлғасы болмауға тиiс.
2. Өкiлдiң өкiлеттiгiн оны өкiл ретiнде айқындау алдындағы алты ай iшiнде пруденциялық нормативтердi сақтайтын және басқа да мiндеттi түрде сақталуға тиiстi нормалар мен лимиттердi сақтайтын екiншi деңгейдегi банк жүзеге асыруға құқылы.
3. Өкiлдiң өкiлеттiгiн жүзеге асыру тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 18-бап алынып тасталды (бұр. ред қара)
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр. ред қара)
19-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын тiркеуден бас тарту
1. Бағалы қағаздар шығарылымын тiркеуден дәлелдi бас тарту үшiн ұсынылған құжаттар қолданылып жүрген заңдарға және эмиссия проспектiсiне енгiзiлген мәлiметтердiң эмитенттiң нақты жағдайына сәйкес келмеуi негiз болып табылады.