Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасын
бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 17 мамырдағы
№ 608 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005 ж. 9 ақпандағы № 124 қаулысымен күші жойылды
"1996-1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдету жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінiң iс-қимыл жоспары және 1996 жылға арналған реформаларды тереңдету жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметі шараларының кең ауқымды жоспары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 12 қаңтардағы № 56 қаулысын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасы бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi мен өзге де орталық атқарушы органдары Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі шараларды орындауды қамтамасыз етсiн.
3. Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасының жүзеге асуын бақылау Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясына жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1996 жылғы 17 мамырдағы
№ 608 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар
нарығын дамыту
Бағдарламасы
А. Жалпы бөлiм
1. Бағалы қағаздар нарығының жай-күйi
және оны дамытудың проблемалары
Бағалы қағаздар нарығының қазiргi жай-күйiне жасалған талдау өткен кезеңде (1991-1995 жылдар) бағалы қағаздар нарығының жұмыс iстеу тетiгiн ұғыну тереңдей түскендiгiн көрсеттi. Бағалы қағаздар айналысын реттеу мәселелерi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде (жалпы бөлiм), "Бағалы қағаздар және қор биржасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшi бар Жарлығында және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодекс (жалпы бөлiм) пен жоғарыда аталған Президент Жарлығының негiзгi ережелерiн нақтылайтын бiрқатар басқа да нормативтiк актiлерде көрiнiс тапты. Аталған актiлермен қор биржасының базалық ұғымдары қалыптасты, бағалы қағаздар нарығының негiзгi қатысушылары, бағалы қағаздардың ұғымы мен түрлерi айқындалды, дегенмен бiрқатар ережелерi нақтылауды және елеулi пысықтауды немесе өзгертулердi талап етедi.
Бағалы қағаздардың тиiмдi тетiгi бiр-бiрiмен өзара байланысты заңдар пакетi мен бағалы қағаздарды қалыптастырудың қазiргi кезеңiнiң шарттарын және бұрын қабылданған заңдарды қолдану практикасын ескеретiн басқа да нормативтiк актiлердiң және Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығын реттеушi заңдық актiлердiң болуын талап етедi.
Осы талапты жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы бағалы қағаздардың эмиссиясын мемлекеттік тiркеу процесiн және бағалы қағаздар нарығындағы кәсiби қызметтi лицензиялауды тәртiпке келтiретiн бiрқатар нормативтiк актiлердi әзiрлеп, iске қосты.
Қазiр бағалы қағаздардың отандық рыногының одан әрi дамуын қиындататын бiрқатар бiр-бiрiмен өзара байланысты проблемалар бар.
Бағалы қағаздар нарығының дамуына бiрыңғай депозитарлық-тiркеушiлiк жүйенiң болмауы кедергi келтiрiп отыр, ал ол әртүрлi инвесторлардың арасында бағалы қағаздардың тиiмдi көшуiн және бағалы қағаздарға меншiк құқығын бекітудi жүзеге асыруға мүмкiншiлiк берер едi.
Бағалы қағаздар нарығының дамуын реттеудiң қолданылып жүрген жүйесiнiң жетiлмеуi елеулi проблема болып табылады. Бағалы қағаздар нарығын реттеу жүйесi бiрыңғай және онда бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеудiң де, сол секiлдi кәсiби қатысушылардың қызметiнiң өзiн-өзi реттеуiнiң де элементтерi болуы тиiс.
Дәл қазiргi уақытқа дейiн мемлекеттік бағалы қағаздар мен атқарушы өкiметтiң жергiлiктi органдарының шешiмi бойынша эмитирленетiн бағалы қағаздардың эмиссиясы мен айналысының мәселелерi заң жүзiнде реттелген жоқ.
Бағалы қағаздар нарығы инфрақұрылымының дамуының жеткiлiксiз деңгейi депозитарлық-тiркеушiлiк қызметтi, бағалы қағаздар нарығының биржадан тыс өтемдi жүйелерiнiң қызметiн, инвестициялық қорлар мен олардың басқарушыларының қызметiн реттейтiн қажеттi нормативтiк-құқықтық актілерінiң болмауына байланысты болып отыр.
Тұтастай алғанда бағалы қағаздар нарқының жай-күйi айналыстағы корпоративтiк бағалы қағаздардың көпшiлiгiнiң өтемсiздiгiмен, көлемiнiң елеусiздiгiмен, материалдық базаның дамымағандығымен, тәуекелдiң жоғары дәрежесiмен, кадрлардың нашар даярлығымен сипатталады.
2. Бағалы қағаздар нарығын дамытудың
мақсаты мен мiндеттерi
Экономиканың жаңа құрылымының ажырамас бөлiгi ретiнде бағалы қағаздар нарығын дамытудың негiзгi мақсаты инвестицияларды таратудың тиiмдi тетiгiн құру, Қазақстан Республикасында экономиканың салалары мен шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң арасында капитал жинау және оны ұтымды қайта бөлу болып табылады.
Аталған мақсатқа жету үшiн мынадай мiндеттердi шешу қажет:
1. Бағалы қағаздар нарығының ұйымдық құрылымын дамыту, оған мыналар кiредi:
бағалы қағаздардың эмитенттерi мен инвесторлары;
бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушылары;
кәсiби қатысушылардың өзiн-өзi реттейтiн ұйымдары, оның iшiнде қор биржалары, биржадан тыс өтемдi жүйелер;
тiркеушiлер, депозитарийлер, бағалы қағаздардың сақтаушылары;
мемлекеттік реттеу және қадағалау органдары.
2. Бағалы қағаздар нарығын ұйымдастыру мен жұмыс iстеу процесiн реттейтiн және кәсiби қатысушылардың өзiн ұстау қағидаларын белгiлейтiн, сондай-ақ биржалық және биржадан тыс рынокта саудаластық технологиясын, бағалы қағаздар нарығында мәмiлелердiң түрлерi мен сауда стратегияларын регламенттейтiн нормативтiк актiлермен ұсынылған заң базасын қалыптастыру.
3. Бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын құру және дамыту, оның негiзгi функционалдық мәнi бағалы қағаздарды бастапқы орналастыру процестерiн және олардың қайталама рыноктағы айналысын үздiксiз қамтамасыз ету болып табылады.
4. Бағалы қағаздар нарығын реттеудiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру.
5. Бағалы қағаздар нарығының біліктi мамандарын даярлау жүйесiн құру.
6. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын бағалы қағаздардың әлемдiк рыногының жүйесiне интеграциялау.
Аталған мiндеттердi жүзеге асыру Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығын дамытудың осы Бағдарламасын қабылдау қажеттiлiгiн тудырады.
Осы Бағдарлама 1996-1998 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінiң реформаларды тереңдету жөніндегі iс-қимыл бағдарламасына сәйкес әзiрлендi.
Бағдарлама бағалы қағаздардың отандық рыногын дамытудың мақсатын, негiзгi мiндеттерi мен бағыттарын, сондай-ақ оны жүзеге асырудың негiзгi шараларын айқындайды.
Бағдарлама көзделген шаралардың кезең-кезеңiмен орындалуын, Қазақстан экономикасын реформалаудың негiзгi тетiктерiмен бiрге бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеу мен өзiн-өзi реттеу тетiгiн қоса алғанда бағалы қағаздар нарығын реттеу жүйесiн тығыз үйлестiрудi қарастырады.
Бағдарламаны жүзеге асыру үш кезеңде жүредi.
Бағалы қағаздар нарығының дамуына байланысты Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы бағалы қағаздар нарығының дамуына және оның қатысушыларының бағалы қағаздар нарығын реттейтiн Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарын үйлестiру мен бақылау жасауды, мемлекеттік бағдарламалар мен рынокты дамытудың негiзгi бағыттарын әзiрлеудi, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының жай-күйi мен даму тенденцияларына талдау жасауды жүзеге асыратын болады.
Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі шараларды нақтылауға жыл сайын бекітілетiн және жарты жылда бiр рет нақтыланатын жоспарда қол жеткiзiледi.
Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы Бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы тоқсан сайын есеп беруге мiндеттi.
Б. Бағдарламаны жүзеге асырудың
негiзгi бағыттары
1. Бiрiншi кезең
Бағдарламаны жүзеге асырудың бiрiншi кезеңіндегі (1996 жылдың сәуiрi - 1997 жылдың наурызы) негiзгi мiндет бағалы қағаздар нарығындағы қызметке қатысты нормативтiк актiлердiң кешенiн қалыптастыруды аяқтау. Бағдарламаны жүзеге асырудың бiрiншi кезеңіндегі кезек күттiрмес шаралардың қатарына - депозитарлық тiркеушiлiк жүйенiң негiздерiн жасау, инвестициялық қорлар қызметiнiң мәселелерiн реттеу және қазiр жұмыс iстеп тұрған инвестициялық-жекешелендiру қорларын инвестициялық компанияларға айналдыру, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеу жүйесiн құру.
1.1. Бағалы қағаздар нарығының заң базасын
қалыптастыру
1996 жылы қабылдануы қажет бiрiншi кезектегi заңдар мыналар:
Қазақстан Республикасының iшкi қарызы және мемлекеттік бағалы қағаздар туралы және Атқарушы өкiметтiң жергiлiктi органдарының бағалы қағаздары туралы. Бұл заңдардың жобаларын әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясымен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен және Экономика министрлігімен бiрлесiп жүзеге асыратын болады.
Қазақстан Республикасындағы депозитарлық және тiркеушiлiк қызмет туралы. Бұл заңның жобасын әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен және басқа да министрлiктермен бiрлесiп жүзеге асыратын болады.
Қазақстан Республикасындағы инвестициялық компаниялар туралы. Бұл заңның жобасын әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы мүдделi министрлiктермен бiрлесiп жүзеге асыратын болады.
Қазақстан Республикасындағы депозитарлық және тiркеушiлiк қызмет туралы және Қазақстан Республикасындағы инвестициялық компаниялар туралы Қазақстан Республикасы заңдарының жобалары Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қарауына 1996 жылдың 1 тамызында ұсынылатын болады.
Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Ұлттық Банкi, Әдiлет министрлігімен бiрлесiп бағалы қағаздар нарығын реттеу, ұғымдық аппаратты айқындау, бағалы қағаздар нарығындағы субъектiлер қызметiнiң ерекшелiктерi бөлiгiнде қолданылып жүрген заңдарды модификациялауы қажет.
Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы 1996 жылы әзiрлеуi және қабылдауы қажет бiрiншi кезектегi нормативтiк-құқықтық актiлер:
Туынды бағалы қағаздардың айналасы туралы ереже;
Шетел эмитенттерiнiң бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа қосудың тәртібі туралы ереже;
Бағалы қағаздарды ұстаушылардың реестрiн жүргiзу жөніндегі ереже;
Инвестициялық консультанттардың қызметi туралы ереже;
Бағалы қағаздар биржадан тыс өтемдi жүйесiнiң қызметi туралы ереже;
Бағалы қағаздар сақтау жөніндегі қызметтi лицензиялау туралы ереже;
Бағалы қағаздар нарығындағы брокерлiк, дилерлiк қызмет туралы ереже;
Инвестициялық қорлардың акцияларын шығаруды тiркеу мен жабудың тәртібі туралы ереже.
Шетел инвестицияларын тартудың тетiгiн жасау және шетел компанияларының бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа қосуды жетiлдiру мақсатында бiрiншi кезеңнiң iшiнде Қазақстан Республикасына Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы депозитарлық жазбалардың айналысының қағидаларын белгiлейтiн нормативтiк актiлердi әзiрлеп, практикаға енгізуi қажет.
1.2. Институциональдық инвесторлардың жүйесiн құру
Институционалдық инвесторлардың басты мақсаты бағалы қағаздарды инвестициялауды жүзеге асыру кезiнде тұрақтылық пен кәсiбилiктi қамтамасыз ету, жұртшылықтың сенiм бiлдiру дәрежесiн арттыру болып табылады. Институционалдық инвесторлардың барлық түрiнiң қызметiн мүлтiксiз реттеу арқылы күрделi қаржылардың тәуекелiн шектеу бағалы қағаздар нарығы негiздерiнiң бiрi болып табылады.
Қазақстан Республикасында институциональдық инвесторлардың негiзгi түрлерi инвестициялық қорлар, инвестициялық компаниялар, сақтандыру компаниялары, зейнетақы қорлары болады.
Бағалы қағаздар нарығын қалыптастырудың осы бағытын дамытудың шеңберiнде 1996 жылы "Қазақстан Республикасындағы инвестициялық компаниялар туралы", "Мемлекеттік емес зейнетақы қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңдары қабылданатын болады.
Бұдан басқа, 1996 жылы Қазақстан Республикасының жекешелендiру жөніндегі мемлекеттік комитетi мемлекеттік басқарудың басқа органдарының келісімiмен жұмыс iстеп тұрған инвестициялық жекешелендiру қорларын инвестициялық компанияларға, акционерлік қоғамдарға айналдырудың тетiгiн әзiрлеп, қажеттi шаралар кешенiн жүргiзедi.
Қазақстан Республикасы банк жүйесiнiң елеулi әлеуетi бағалы қағаздар нарығында инвестициялық компаниялар секiлдi функцияларды орындауды инвестициялық банктердiң жұмыс iстеуiне жағдайлар жасауға көмектесiп пайдаланылатын болады.
1.3. Бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын құру
Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын құру және дамыту Бағдарламаны жүзеге асырудың бiрiншi де, сондай-ақ екiншi де кезеңнiң басым мiндетi болып табылады. Бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын қалыптастыру үш бағытта жүретiн болады:
бағалы қағаздардың айналысына сервистiк қызмет көрсетудiң және оған меншiк құқығын бекітудiң жүйесi ретiнде депозитарлық-тiркеушiлiк қызметтi қалыптастыру;
бағалы қағаздарды сатып алу-сату жөніндегі мәмiлелердi жүзеге асырудың технологиялар жүйесiн, сондай-ақ бағалы қағаздармен операциялар жасау жөніндегі есеп айырысуларды жүзеге асырудың жүйесiн қалыптастыру;
бағалы қағаздар нарығын дамытудың ақпараттық қамтамасыз ету жүйесiн құру.
Аталған бағыттарға сәйкес бiрiншi кезеңде мынадай шаралар жүзеге асырылатын болады.
1. Орталық депозитарий мен оның аймақтық
бөлiмшелерiнiң жүйелерiн құру
Қазақстан Республикасының Орталық депозитарийi депозитарлық-тiркеушiлiк жүйенiң үйлестiрушi органы болады.
Орталық депозитарий қызметтi үйлестiрудi, депозитарлық-тiркеушiлiк жүйе субъектiлерiнiң техникалық процедураларына бақылауды, депозитарийлардың арасындағы бағалы қағаздардың қозғалысына есеп жүргiзудi, депозитарлық-тiркеушiлiк жүйе субъектiлерi мамандарының біліктiлiгiн көтеруде ұйымдарға кәсiби білім беруге жәрдем көрсетудi, тiркеушiлiк техникалық жәрдем көрсетудi жүзеге асырады.
Орталық депозитарий 1996 жылы жабық үлгiдегi акционерлік қоғам нысанында құрылатын болады, оның бақылау пакетiн белгiлi бiр кезге дейiн мемлекеттік акциялар пакетi түрiнде сақтау қажет. Келесi екi жылдың iшiнде Орталық депозитарийдi коммерциялық емес ұйым ретiнде кәсiби қатысушылар жекешелендiретiн болады. Орталық депозитарийдi құру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі мемлекеттік комитетi жанындағы Ақпараттық есепке алу орталығы мен оның облыстық филиалдарының базасында жүзеге асырылатын болады.
2. Депозитарийлар мен тiркеушiлердiң қызметiне
қажеттi жағдайлар жасау
Депозитарийлар депозитарий клиенттерiнiң бағалы қағаздарға меншiк құқығын тiркеудi және бекітудi, сондай-ақ депозитарлық қызмет көрсету туралы тиiстi шарттың негiзiнде осы бағалы қағаздарға қатысты бастапқы ұстау қызметiн жүзеге асыратын болады.
Тiркеушiлер реестр жүргiзу арқылы эмитенттiң шығарған бағалы қағаздарына меншiк құқығын немесе иеленуiн тiркеу мен бекітудi жүргiзетiн болады.
Депозитарийлар мен тiркеушiлердiң қызметi арнаулы шарттың негiзiнде Орталық депозитариймен өзара тығыз iс-қимылда жүзеге асырылады.
Бағалы қағаздар құжаттық түрiнде шығарылған жағдайда бағалы қағаздардың сақталуы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында бағалы қағаздарды сақтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырушы сақтаушылар депозитарий мен бағалы қағаздар нарқына басқа қатысушылардың арасында байланыстырушы буын болып қызмет атқарады. Бұдан басқа сақтаушылар бағалы қағаздардың қозғалыссыздығы мен уақытша материалданбауы жөніндегі қызметтер көрсететiн болады.
Депозитарийлар мен бағалы қағаздарды сақтаушылардың қызметi 1996 жылы тиiстi заңмен және Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның нормативтiк актілерімен реттелетiн болады.
3. Бағалы қағаздар нарқында мәмiлелер жасау
жүйесiн қалыптастыру
1996 жылдың 10 шiлдесiне дейiн Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмыс iстеп тұрғандардың арасынан бiр қор биржасын белгiлейдi, оған бағалы қағаздардың өркениеттi биржалық нарығын қалыптастыру мақсатында, тиiстi қабылданған халықаралық стандарттарда қажеттi мемлекеттік қолдау көрсетiлетiн болады. Аталмыш қор биржасында мемлекеттік бағалы қағаздар мен нормативтiк бағалы қағаздардың мемлекеттік пакеттерi бойынша саудаласулар жүргiзiлетiн болады.
Қор биржасы листингтiк талаптарға сай келетiн акционерлік қоғамдардың мейлiнше сенiмдi бағалы қағаздарының өтiмдiлiгiн жүзеге асыруға арналған. Листингке енгізу үшiн бағалы қағаздарды iрiктеу эмитенттi дамытудың орнықтылығы мен перспективалары өлшемдерiнiң, инвестициялардың ең төмен тәуекелi және басқа да көрсеткiштердiң негiзiнде қор биржасында жүргiзiледi. Өз кезегiнде қандай да бiр болмасын бағалы қағазды қор биржасының листингiне енгізу әлеуеттi инвесторлар үшiн олардың салымдарының қорғалуының белгiлi бiр кепiлдiгiн бiлдiретiн болады.
1996 жылы ұйымдасқан биржадан тыс сауда жүйесiн құру және оның жұмыс iстеуi үшiн қажеттi жағдайлар жасалатын болады. Ұйымдасқан биржадан тыс рынок бағалы қағаздар нарқына кәсiби қатысушылардың өзiн-өзi реттейтiн бiрлестiгi ретiнде құрылатын болады, оның негiзгi компонентi оған қол жеткiзудiң алыстатылған мүмкiншiлiгіндегі автоматтандырылған коммуникациялық сауда жүйесi болып табылады.
Бағалы қағаздармен операциялар жасауды жүзеге асыруды технологиялық қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясымен бiрлесiп бағалы қағаздармен операциялар жасау жөніндегі есеп айырысулар жүйесiн әзiрлеуi қажет.
1.4. Бағалы қағаздар нарқын мемлекеттік
реттеудi жетiлдiру
Бағалы қағаздар нарқын қалыптастыру экономиканың осы саласындағы мемлекеттік реттеу мен мемлекеттік саясатты iске асыруды, сондай-ақ бағалы қағаздар нарқындағы өзiн-өзi реттеудi толық көлемде жүзеге асыруға мүмкiншiлiк беретiн бағалы қағаздар нарқының даму процесiне бақылау жасау мен оны басқарудың пәрмендi жүйесiн құруды талап етедi.
Бағалы қағаздар нарқын мемлекеттік реттеу жөніндегі функцияны Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы жүзеге асыратын болады.
Бағалы қағаздар нарқын реттеу жөніндегі қызметтiң тиiмдiлiгiн көтеру үшiн Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы 1996 жылы республиканың бес қаласында - Ақмолада, Қарағандыда, Павлодарда, Ақтөбеде, Шымкентте атқарушы аппараттың аймақтық бөлiмшелерiн құратын болады. Бұл қалаларда аймақтық бөлiмшелердiң қызметiн ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияға республиканың аймақтарында өзiне жүктелген функцияларды орындау жөніндегі өкiлеттiгiн толық көлемде жүзеге асыруға мүмкiншiлiк бередi.
1.5. Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есеп
берушiлiк реформасы
Қабылданған халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарқын дамытудың қажеттi шарты бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есеп берушiлiк реформасы болып табылады. Осыған байланысты 1996 жылы Қаржы министрлігі мүдделi министрлiктермен бiрлесiп Бухгалтерлiк есептiң Халықаралық Стандарттарына (IAS) көшу жөніндегі шараларды жүзеге асыруы қажет. Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есеп берушiлiктiң қабылданған халықаралық стандарттарға бейiмделуiнiң нәтижесiнде шетел инвесторлары эмитенттер туралы қажеттi ақпарат, ал акционерлік қоғамдар - инвестицияларды тартудың нақты мүмкiншiлiгiн алады.
2. Екiншi кезең
Бағдарламаны жүзеге асырудың екiншi кезеңi (1997 жылдың сәуiрi - 1998 жылдың наурызы) депозитарлық-тiркеушiлiк жүйе, инвестициялық қорлар мен олардың басқарушылары, өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар, брокерлiк-дилерлiк конторлар жүйесi кiретiн бағалы қағаздар нарқы инфрақұрылымы барлық элементтерiнiң өзара iс-қимылының жүйесiн дамытуға және тиянақтауға байланысты болады.
2.1. Бағалы қағаздар нарқының инфрақұрылымын
дамыту
Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарқының инфрақұрылымын дамыту екiншi кезеңде Бағдарламаны жүзеге асырудың басым мiндетi болуын жалғастыра беретiн болады. Осыған орай Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы бағалы қағаздар нарқының бұрын құрылған инфрақұрылымы элементтерiнiң өзара iс-қимылы жүйесiн пысықтау және жетiлдiру жөнiнде шаралар жүргiзетiн болады. Бәрiнен бұрын бұл депозитарлық-тiркеушiлiк жүйенiң жұмыс iстеуiне, қор биржалары мен брокерлiк-дилерлiк конторлардың қызметiне қатысты. Бағдарламаны жүзеге асырудың екiншi кезеңiнде бағалы қағаздар нарқына кәсiби қатысушылардың өзiн-өзi реттейтiн ұйымдарының жұмысына және биржадан тыс өтемдi жүйелердiң қызметiне ерекше назар аударылатын болады.
2.2. Бағалы қағаздар нарқының өзiн-өзi реттеуi
Қазақстан Республикасындағы бағалы қағаздар нарқының өзiн-өзi реттеу жүйесiне бағалы қағаздар нарқына кәсiби қатысушылардың ассоциациялары, сондай-ақ қор биржалары кiретiн болады. Аталмыш ұйымдар бағалы қағаздар нарқында қызметтiң белгiлi бiр қағидаларын орнықтыру арқылы рынокты iшкi реттеуге арналған, 1996-1997 жылдардың iшiнде Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы өзiн-өзi реттейтiн ұйымдардың қызметiн дамыту жөнiнде шаралар қабылдайтын болады, олар кейiн бағалы қағаздар нарқына кәсiби қатысушылардың қызметiн реттеудi жүзеге асыратын болады.
2.3. Бағалы қағаздар нарқының кәсiби
мамандарын даярлау жүйесi
Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарқын қалыптастыру бағалы қағаздар нарқына кәсiби қатысушыларды даярлау үшiн де, сондай-ақ халықтың экономикалық білімiн көтеруге де арналған білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру кешенiнде жүзеге асырылады.
Бұл бағыттағы бағалы қағаздар нарқын дамытудың екiншi кезеңiнiң басты мiндетi атқарушы аппараттың аймақтық бөлiмшелерiнiң жанында және республиканың басқа да қалаларында мамандарды даярлау жөніндегі оқу орталықтарының тараптары кiретiн бағалы қағаздардың нарқына кәсiби қатысушыларды даярлау жүйесiн құру болып табылады. Бұл ретте аталған орталықтардың қызметi орталықтардың оқу бағдарламаларын бекiтетiн, даярлауды жүзеге асырудың бағыттары мен ерекшелiктерiн үйлестiретiн Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының бақылауымен жүзеге асырылады.
1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комитетiмен, Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлігімен бiрлесiп республиканың жоғары оқу орындарының экономика факультеттерiнде бағалы қағаздар нарқы үшiн біліктi мамандар даярлау бойынша мамандандырылған бөлiмшелер ашу жөніндегі шараларды жүзеге асыратын болады.
2.4. Бағалы қағаздар нарқын дамытуды ақпараттық
қамтамасыз ету жүйесiн құру
Бағалы қағаздардың өркениеттi нарқы инвесторларға салымдарының тәуекелi мен мейлiнше кiрiстiлiгiн бағалау үшiн жеткiлiктi ақпарат беруi тиiс.