Лицензия оны иеленушiнiң орман қоры учаскесiн ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығын куәландыратын құжат болып табылады.
Ағаш кесу билетi, ордер, орман билетi бұларды иеленушiнiң орман ресурстарын немесе орман қоры учаскелерiн қысқа мерзiмдi пайдалану құқығын куәландыратын құжаттар болып табылады.
2. Лицензия, ағаш кесу билетi, ордер, орман билетi осы Кодекстiң 39-бабында көзделген жағдайларда күшiн жоюы мүмкiн.
32-бап. Орман пайдалануға берiлетiн лицензия
1. Өзiне қоса берiлетiн келісімдермен бiрге лицензияда мыналар көрсетiлуге тиiс:
ағаш қоры учаске шекараларының сипаттамасы;
орман пайдаланулардың түрлерi, көлемдерi мен тәртібі;
пайдаланудың мерзiмдерi;
орман пайдаланушының орман ресурстарын сақтау, қорғау, ұлғайта өсiру жөніндегі мiндеттерi, орман шаруашылығы шараларын қаржыландырудың шарттары мен тәртібі;
ақы мөлшерi және оны төлеу мерзiмдерi;
орман қорының сипаттамасы және лицензия мерзiмi өткеннен кейiнгi оның жай-күйiне қойылатын талаптар;
мемлекеттік мұқтаждарға берiлетiн жеткiзiлiмдер көлемi.
Лицензия осы кодекске қайшы келмейтiн орман қорын пайдаланудың басқа да шарттарымен толықтырылуы мүмкiн.
2. Лицензия Қазақстан Республикасы Үкіметі белгiлеген тәртiпте берiледi.
33-бап. Ағаш кесу билетi, ордер және орман билетi
1. Ағаш кесу билетi оны иеленушiге, сүректi, шайыр және қосалқы орман материалдарын дайындау мен тасып әкетудi жүргiзуге құқық беретiн құжат болып табылады. Ағаш кесу билетiнде босатылатын сүректiң, шайыр мен қосалқы орман материалдарының сандық әрi сапалық сипаттамасы, олардың құны, жұмысты атқару мерзiмдерi, орманды қалпына келтiру шарттары, дайындау орындарын тазарту, дайындама технологиясына қойылатын орман өсiрушiлiк талаптары туралы мәлiметтер болады.
Ағаш кесу билетiн орман қоры учаскесiнiң иесi бередi.
2. Дiңгек сүректi ұсақ мөлшерде босатуға берiлетiн ордер оны иеленушiге сүректi және қосалқы орман материалдарын дайындау мен тасып әкетуге құқық беретiн құжат болып табылады.
Ордердi өзiне жазылып берiлген ағаш кесу билетi негiзiнде орманшылық бередi.
3. Орман билетi оны иеленушiге жанама пайдалануды жүргiзуге құқық беретiн құжат болып табылады. Онда учаскенiң шекарасы, жанама пайдалануды жүзеге асыру түрлерi, мөлшерi, мерзiмдерi, оны жүргiзудiң құны мен шарттары туралы мағлұматтар мазмұндалады.
Орман билетiн орман қоры учаскесiн иеленушi немесе орманшылық бiр маусымға бередi.
34-бап. Орман қоры учаскелерiн жалға беру
1. Орман қорының мал жаю мен пiшен шабуға арналғаннан басқа учаскелерiн ұзақ мерзiмдi пайдалануға беру жалдау түрiнде жүргiзiледi.
2. Орман қоры учаскелерiн жалға берудi лицензия негiзiнде орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдар жүргiзедi.
Орман қоры учаскелерiн қосалқы жалға беруге тыйым салынады.
3. Орман қоры учаскелерiн жалға беру туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
35-бап. Орман қорындағы шабындықтар мен жайылымдарды пайдалануға беру
1. Орман қоры жерлерiнiң құрамына кiретiн және орман шаруашылығының мұқтажы үшiн уақытша пайдаланылмайтын шабындықтар мен жайылымдарды жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет органдары орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдармен келісім бойынша, - егер мұндай пайдалану орман шаруашылығы мүдделерiне сай келсе, - үш жылға дейiнгi қысқа мерзiмдi және он жылға дейiнгi ұзақ мерзiмдi, ал алыстағы мал шаруашылығы үшiн 25 жылға дейiн пайдалануға бередi.
2. Пайдаланушы Орман қорында пiшен шабу мен мал жаю ережелерiн бұзған жағдайда, сондай-ақ орманды қалпына келтiру және ағаш өсiру жөніндегі жұмыстарды жүргiзу қажет болған ретте орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдарының ұсынысы бойынша жергiлiктi атқарушы өкiмет органдарының шешiмiмен бұл жерлер пайдаланудан алынуы мүмкiн.
36-бап. Орман пайдаланушылар
Қазақстан Республикасында заңды ұйымдар мен нақты адамдар, соның iшiнде шетелдiк адамдар орман пайдаланушылар бола алады.
37-бап. Орман пайдаланушылардың құқықтары
1. Орман пайдаланушылардың:
1) рұқсат етiлген құжаттарда көрсетiлген көлемде орман пайдалануларын жүзеге асыруға;
2) жол салуға, орман өнiмдерiн жинау үшiн алаң жабдықтауға, өндiрiстiк, шаруашылық және әлеуметтiк-тұрмыстық мақсаттағы құрылыстар салуға, сүрек және басқа орман өнiмiн ұқсату үшiн жабдықтар мен құрылғылар орнатуға, олардың орналасу орнын орман иеленушiлермен келiсе отырып, көлiк тұрақтарын жасауға;
3) орман топтарының немесе қорғаныш категорияларының өзгеруi, сондай-ақ орман қоры жерiнiң мемлекеттік және қоғамдық мұқтаждар үшiн алынуы салдарынан шеккен зиянның орнын толтыруға құқығы бар.
2. Орман пайдаланушылардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылады.
38-бап. Орман пайдаланушылардың мiндеттерi
Орман пайдаланушылар:
1) жұмыстарды ормандардың, басқа да табиғи объектiлердiң жай-күйi мен ұлғайта өсiрiлуiне орман пайдаланудың терiс әсерiн болдырмайтын әдiстермен жүргiзуге;
2) топырақ эрозиясының туындауына жол бермеуге;
3) санитарлық ережелердi, өрт қауiпсiздiгiн сақтауға, жұмыс орындарында өртке қарсы шараларды жүргiзуге, ал орман өрттерi шыға қалған жағдайларда оларды сөндiрудi жүзеге асыруға;
4) орман пайдалануды жануарлар әлемi мен олардың өмiр сүру ортасын сақтауды қамтамасыз ететiн әдiстермен жүргiзуге;
5) ағаш кесетiн жерлердi кесiндi қалдықтарынан тазартуды жүргiзуге, орман пайдалану салдарынан өзi бұзған орман қоры учаскелерiн оларды тиiстi мақсат бойынша пайдалануға жарамды және рұқсат құжаттарында көрсетiлген күйге өз есебiнен қалпына келтiруге, ағаш кескен жерде, сондай-ақ өздерiнiң қызметi салдарынан орман жойылған немесе оталған жерлерде орманды қалпына келтiрудiң шартта көзделген шараларын жүргiзуге;
6) орман пайдаланғаны үшiн белгiленген мерзiмдерде ақы төлеуге;
7) орман заңдарында және орман пайдалану ережелерiнде көзделген басқа да талаптарды орындауға мiндеттi.
39-бап. Орман пайдалану құқығын өзгерту және тоқтату негiздерi
1. Орман пайдалану шарттарын өзгертуге мынадай жағдайларда жол берiледi:
1) өрттiң, дауылдың, зиянкестер мен аурулардан ағаштардың зақымдануының және орман пайдаланушыға байланысты емес басқа да факторлар салдарынан орман қоры жай-күйiнiң өзгеруi;
2) ормандарды бiр топтан екiншiсiне көшiру немесе қорғаныш категориясының өзгеруi;
3) мемлекеттік немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн орман қоры жерлерiнiң бiр бөлiгiн алып қою;
4) рұқсат құжаттарында көрсетiлген мерзiм iшiнде орман қорының көзделген көлемде пайдаланылмауы.
2. Орманды пайдалану мынадай жағдайларда тоқтатылады:
1) орман пайдаланудан ерiктi түрде бас тарту;
2) орман пайдалану мерзiмiнiң аяқталуы;
3) орман қоры учаскесi пайдалануға берiлген кәсiпорын немесе шаруашылық қызметiнiң өзге субъектiсi таратылуы;
4) мемлекеттік немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн орман қоры жерлерiнiң алып қойылуы;
5) орман пайдалануды орман пайдаланудың белгiленген тәртібі мен ережелерiн бұза отырып жүзеге асыру;
6) орман пайдалануды ормандардың жай-күйi мен ұлғайта өсiрiлуiне терiс әсер ететiн, олардың экологиялық қызметiн нашарлататын, сондай-ақ топырақ эрозиясын және басқа орны толмас процестердiң пайда болуына соқтыратын әдiстермен жүзеге асыру;
7) орман пайдаланушының рұқсат құжаттарында көзделген мiндеттерiн орындамауы;
8) ормандарды рұқсат құжаттарында көзделген орман пайдалануды одан әрi жүзеге асыруға мүмкiндiк бермейтiн қорғаныш топтары мен категорияларына жатқызу;
9) орман пайдаланғаны үшiн ақыны белгiленген мерзiмдерде төлемеу.
3. Орман қорын пайдалану құқығын доғаруды лицензияның, ағаш кесу билетiнiң, ордердiң, орман билетiнiң күшiн жою арқылы осы рұқсат құжаттарын берген органдар ресiмдейдi.
Орман пайдаланушы орман қорын пайдалану құқығын тоқтату туралы шешiммен келiспеген жағдайда, ол сот тәртібінде оған шағымдана алады.
40-бап. Орман қоры учаскелерiн пайдалануға беруден бас тарту
1. Орман пайдалануларды жүзеге асыру мүмкiндiгi туралы дәлелдердi өздерiне қойылатын талаптарға сәйкес бермеген жағдайларда орман қоры учаскелерiн пайдалануға беруден бас тартылуы мүмкiн.
2. Бас тарту туралы шешiмге сот тәртібінде шағымдануға болады.
41-бап. Орман қорғанышының жекелеген категорияларында орман пайдалануды шектеу
ҚР 11.05.99 ж. № 381-I; 23.01.01 ж. № 151-II Заңдарымен 41-бап өзгертілді
1. Мемлекеттік табиғи қорықтарда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорық және заказдық режимдегi ормандарында, орманды парктерде, қала ормандарында, жасыл аймақтардың орманды парк бөлiктерiнде, сумен жабдықтау көздерiн санитарлық сақтау аймақтары бiрiншi және екiншi белдеулерiнiң ормандары мен курорттарында, санитарлық сақтау округтерi бiрiншi және екiншi аймақтарының ормандарында, мемлекеттік орман белдеулерiнде, эрозияға, қарсы ормандарда, ерекше құнды орман алаптарында, өзендер, көлдер мен су қоймалары және басқа да су объектiлерi бойындағы тыйым салынған орман белдеулерiнде (су жайылатын жерлердегi жапырақты ағаштардан басқалар), сондай-ақ ерекше қорғалатын учаскелерде басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге және ағаш кесудiң басқа түрлерiне, осы Кодекстiң 45-бабында айтылған жағдайлардан басқасында, сондай-ақ шайыр, қосалқы орман материалдары мен ағаш шырындарын дайындауға тыйым салынады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (шаруашылық қызмет режимi реттелетiн, шектелген және дәстүрлер шаруашылық қызметi аймақтарында)аймақтарында) мен жаңғақ кәсiпшiлiгi аймағының ормандарынан басқа, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған ормандарда мал жаюға тыйым салынады.
3. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар және мемлекеттік табиғи парктер (шаруашылық қызмет режимi реттелетiн, шектелген және дәстүрлер шаруашылық қызметi аймақтарында), жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары ормандарынан, жемiс ағаш екпелерiнен, өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа су объектiлерi жағалаулары бойындағы тыйым салынған орман белдеулерiнен басқа, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған ормандарда орманның сүректiк емес өнiмдерiн кәсiпшiлiк дайындауға тыйым салынады.
4. Облыстық атқарушы өкiмет органы орман шаруашылығын басқарушы облыстық мемлекеттік органның ұсынуы бойынша осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған ормандарда орман пайдаланудың бұл ормандарды пайдалану мақсатымен сыйыспайтын басқа да түрлерiне тыйым салуы мүмкiн.
42-бап. Азаматтардың ормандарда болуы
1. Азаматтардың ормандарда болу тәртібі мен шарты ормандардың қандай мақсатқа арналғанымен, көрiктендiру деңгейiмен және орман пайдалану түрiмен белгiленедi.
2. Азаматтардың ормандарда тынығу, жабайы жемiстердi, жаңғақтарды, саңырауқұлақтар мен жидектердi жинау үшiн тегiн болуына құқығы бар.
Емдiк шикiзаттарды, өзге де орман өнiмдерiн жеке пайдалану үшiн тегiн жинауға жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары белгiлеген норма шегiнде рұқсат етiледi.
3. Өрт қауiпсiздiгi, жаңғақ кәсiпшiлiгi, жемiс ағаш, ағаш тұқымы және аңшылық шаруашылығын жүргiзу мүдделерiне орай азаматтардың ормандарда болуына, жабайы жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер жинауына шек қойылуы мүмкiн.
4. Азаматтар ормандардағы өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға, ағаштар мен бұталарды сындыруға және шабуға, орман ағаштарының зақымдануына, орманның ластануына, құмырсқа илеуiнiң, құстар ұясының бұзылуына жол бермеуге, орманның тағамдық жабайы ресурстарын олардың ұлғайта өсiрiлуiне залалын тигiзбейтiн мерзiмде және әдiстермен жинауға мiндеттi.
VI тарау. Сүрек дайындау
43-бап. Ормандарда ағаш кесу
Ормандарда сүрек дайындау ағаш кесудiң мынадай түрлерiн жүргiзу тәртібімен жүзеге асырылады:
1) толысқан және қураған сүрекдiңiнде жүргiзiлетiн басты мақсаттағы пайдалану;
2) аралық мақсатқа пайдалану (орманды күтiп-баптауға байланысты кесу, санитарлық мақсатта кесу және құндылығы шамалы орман ағаш екпелерiн жаңғыртуға байланысты кесу);
3) ағаштарды басқа мақсаттарда кесу (су тораптарының, құбырлардың, жолдардың құрылысына байланысты, орман соқпақтарын тартқан кезде, өртке қарсы алаңқайлар жасаған кезде орман алаңдарын тазарту).
44-бап. Бiрiншi топтағы ормандарда басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу
Бiрiншi топтағы ормандарда сүрекдiңнiң жай-күйiн, ормандардың экологиялық, су қорғаушылық, қорғаныштық, генетикалық, сауықтыру және басқа пайдалы табиғи қасиеттерiн жақсартуға бағытталған, сондай-ақ бұл орайда толысқан сүрек қорын ұтымды пайдалануға мүмкiндiк беретiн басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жүргiзiледi.
45-бап. Екiншi топтағы ормандарда басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу
Екiншi топтағы ормандарда басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ормандарды шаруашылық жағынан құнды ағаш тұқымдарымен қалпына келтiруге, ормандардың қорғаныштық, су қорғаушылық, санитарлық-гигиеналық және басқа пайдалы табиғи қасиеттерiн сақтауға бағытталған, сондай-ақ бұл орайда оларды пайдалануды жалғастыра беруге мүмкiндiк беретiн әдiстермен жүргiзiледi.
46-бап. Жекелеген қорғаныш категорияларындағы ормандарда және таудағы ормандарда ағаш кесудiң ерекшелiктерi
1. Осы Кодекстiң 41-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған қорғаныш категорияларындағы ормандарда орманды күтiп-баптау мақсатындағы ағаш кесуге және санитарлық мақсаттағы ағаш кесуге, ал өзендердiң, көлдердiң, су қоймалары мен өзге де су объектiлерiнiң жағалауындағы тыйым салынған орман белдеулерiнде (су жайылған жерлердегi жапырақты ормандарда) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге жол берiледi.
2. Басқа да ағаш кесулер, сондай-ақ осы кодекстiң 41-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған қорғаныш категорияларындағы ормандарда шаруашылық құндылығы шамалы және қорғаныштық, су қорғаушылық және басқа да экологиялық қызметтерiн жоғалта бастаған ағаштарды жаңғыртуға байланысты ағаш кесулер орман шаруашылығын басқарушы облыстық мемлекеттік органның рұқсаты бойынша жүргiзiледi.
47-бап. Сүрек дайындау тәртібі
1. Сүрек дайындау, орман пайдаланушыларға кеспеағаш қорын бөлу және беру тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен Ормандарда өсiп тұрған ағашты босатудың ережелерiмен белгiленедi.
2. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртібінде сүрек дайындау Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн Ормандарда басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ережелерiне сәйкес, ал аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кескен кезде Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органы бекiткен Ормандарда күтiп-баптау мақсатындағы ағаш кесу жөніндегі нұсқауларға сәйкес жүзеге асырылады.
48-бап. Сүрек дайындау мөлшерi. Кеспеағаш қоры
1. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртібінде сүрек дайындау есептi кеспеағаш шегiнде жүзеге асырылады. Есептi кеспеағаш шегiнен артық мөлшердегi сүрек дайындауға, сондай-ақ өскелең екпелердi кесуге тыйым салынады.
2. Аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу кезiнде сүрек дайындау мөлшерi орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң белгiленген нормасына, санитарлық ағаш кесу мен құны шамалы орман ағаштарын жаңғыртумен байланысты ағаш кесудiң қажеттi көлемiнде сүйене отырып, орман орналастыру материалдары бойынша, ал ағаштарды басқа мақсаттарда кесу кезiнде құрылыс объектiлерi үшiн орман алаңдарын тазарту, соқпақтар салу және басқа орман шаруашылық шараларын орындау жөніндегі жұмыстардың көлемi бойынша айқындалады.
3. Кеспеағаш қоры басты мақсатта пайдалану үшiн сүрек дайындауға арналған толысқан сүрекдiңдер қорынан құралады.
Жыл сайын бөлiнетiн кеспеағаш қорының мөлшерi қылқан жапырақты, қатты жапырақты және жұмсақ жапырақты тұқымдар бойынша деректердi саралай отырып, орман топтары бойынша бөлек-бөлек белгiленедi.
VII тарау. Шайыр дайындау
49-бап. Шайыр дайындау
1. Мiндеттi түрде шырын алу аймағындағы шайыр дайындау басты мақсатта пайдалану үшiн кесуге арналған барлық толысқан ағаштарда жүргiзiледi. Егер толысқан сүрекдiңде шырын алудың шикiзат базасы бiтсе, онда пiсiп-жетiлген ағаштардан шырын алуға жол берiледi, олар шырын алу мерзiмi аяқталуына қарай кесу жасына жетедi.
2. Ағаштарды шырын алудан мерзiмiнен бұрын алып қоюға олардың санитарлық жай-күйi күрт нашарлаған немесе өрттен зақымданған жағдайларда ғана жол берiледi.
3. Шайыр дайындау Ережесiн, сондай-ақ қылқан жапырақты ағаштардан мiндеттi түрде шырын алудың аймағын Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органы бекiтедi.
VIII тарау. Қосымша орман материалдарын дайындау
50-бап. Қосымша орман материалдарын дайындауға қойылатын жалпы талаптар
Өнеркәсiптiк ұқсату, орман кәсiпшiлiктерiн дамыту және халық мұқтажын қанағаттандыру үшiн қосымша орман материалдарын дайындау орманға залал келтiрмей жүзеге асырылуға тиiс.
51-бап. Қабық және ағаш көгерiшiн дайындау
1. Қабық және ағаш көгерiшiн (қылқан жапырақтылар қылқаны мен жапырақты ағаш тұқымдарының бұтақтары) ағаш кесу тәртібімен шабылған ағаштардан ғана дайындауға жол берiледi.
2. Қабық және ағаш көгерiшiн дайындау мақсатымен өсiп тұрған ағаштардан кесуге тыйым салынады.
3. Қурап қалған және құлап жатқан ағаштардан қабық дайындау орман қорының бүкiл аумағында жүргiзiле алады.
4. Өсiп тұрған ағаштардан бусоғар, сыпыртқы, тоқу материалдарын және сол сияқтыларды дайындауға Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органы бекiткен Ормандарда басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ережелерiмен, сондай-ақ Қосымша орман материалдарын дайындау жөніндегі ережелермен белгiленген тәртiпте жол берiледi.
IХ тарау. Жанама мақсатта орман пайдалану
52-бап. Жанама мақсатта орман пайдалануды жүзеге асыру шарттары
Жабайы жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер, емдiк өсiмдiктер мен техникалық шикiзат, ағаш шырынын дайындап, жинау, ара ұялары мен омарталар орналастыру орманды ортаға залал келтiрмей, Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органы бекiтетiн Қазақстан Республикасындағы Жанама мақсатта орман пайдалану ережелерi белгiлеген тәртiпте және шарттармен жүзеге асырылуға тиiс.
53-бап. Орман қорында пiшен шабу мен мал жаю
1. Шөп шабуға және мал жаюға мүмкiн болатын алаңды орман қоры учаскелерiнiң иелерi белгiлейдi. Шөлейттегi ормандарда мал жаюға осы Кодекстiң 35-бабына сәйкес орман өсiмдiктерi өскен жерлерде жол берiледi.
2. Орман қорында шөп шабу және мал жаю ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
Х тарау. Орманды мәдени-сауықтыру мен ғылыми-зерттеу
мақсаттарында және аңшылық шаруашылығының
мұқтаждарына пайдалану
54-бап. Орманды мәдени-сауықтыру мақсаттарында пайдалану
1. Халықтың тынығуын ұйымдастыру мақсатында жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары, орман қоры учаскелерiнiң иелерi, сондай-ақ олармен келiсе отырып, орман пайдаланушылар қала маңындағы аймақтардың сәулеттiк жоспарлары мен санитарлық талаптарын орындап, орманды орта мен табиғи ландшафты сақтауды ескере отырып қала ормандарында, жасыл аймақтарда және тынығу мақсатындағы басқа да ормандарда орман учаскелерiн көрiктендiру және халыққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жөнiнде шаралар өткiзедi.
2. Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру мақсаттарында пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
55-бап. Орманды ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалану
1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн орман қорының иелерi учаскелер бередi, оларда орман пайдалануға шек қойылуы немесе толық тыйым салынуы мүмкiн.
2. Орман қорының учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
56-бап. Орманды аңшылық шаруашылығының мұқтаждарына пайдалану
1. Орман қорының учаскелерi аңшылық шаруашылығы мұқтаждары үшiн заңды ұйымдарға және нақты адамдарға берiледi.
2. Жануарлардың бағалы түрлерi мекендейтiн ормандарда сүрек дайындауға табиғат қорғау органдарымен келісім бойынша жол берiледi. Жануарлардың сирек ұшырасатын және жойыла бастаған түрлерiн құртуға немесе мекендеу ортасын бұзуға әкелiп соқтыратын сүрек дайындауға жол берiлмейдi.
3. Аңшылық шаруашылығы мұқтаждары үшiн орман қорын пайдаланудың тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі Заңдарымен белгiленедi.
ХI тарау. Қала ормандарына және шекаралық
аймақта орман пайдалану ерекшелiктерi
57-бап. Қала ормандарында орман пайдалану ерекшелiктерi
Қала ормандары ең алдымен мәдени-сауықтыру мақсаттарында және осы Кодекстiң 41-бабында белгiленген шарттар негiзiнде халықтың тынығуы үшiн пайдаланылады.
58-бап. Шекаралық аймақта орман пайдалану ерекшелiктерi
1. Шекаралық аймақта орман пайдалану осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
2. Шекаралық аймақта орман пайдалану ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органы шекара әскерлерi командованиесiмен бiрлесе отырып белгiлейдi.
ХII тарау. Орман биоценоздарының гендiк қорын
пайдалану. Өсiмдiктер мен жануарлар
әлемiн интродукциялау
59-бап. Орман биоценоздарының гендiк қорын пайдалану
1. Қазақстан Республикасы аумағында орман биоценоздарының гендiк қоры тек қана республиканың меншiгi болып табылады және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң генетикалық резерваттарынан, жылылықты қажет ететiн екпелер мен ағаштардан және басқа селекциялық-генетикалық объектiлерден тұратын шектеулi пайдалану тәртiбіндегі жекелеген аймақтар түрiнде бөлiнедi.
Аталған аймақтарды ғылыми ұйымдар мен Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2. Орманның өсiмдiктер мен жануарлар әлемi гендiк қорының репродукциялық материалдарын басқа мемлекеттермен алмасу Қазақстан Республикасының Үкіметі шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.
60-бап. Орман өсiмдiктерi мен жануарлар әлемiн интродукциялау
1. Орман биоценоздарында өсiмдiктер мен жануарлардың түрлерi мен формаларын қалпына келтiру және ұлғайта өсiру жергiлiктi өсiмдiктер мен жануарлар әлемiнiң таңдаулы өкiлдерiн реинтродукциялау жолымен жүргiзiледi.
2. Орман биоценоздарына интродукциялау Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясымен және Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясымен келісім бойынша жүзеге асырылады.
Төртiншi бөлiм
Ормандарды қалпына келтiру және
орман өсiру
XIII тарау. Ормандарды қалпына келтiру және
орман өсiру
61-бап. Ормандарды қалпына келтiру және орман өсiру жөніндегі жұмысты жүргiзу
1. Ағаш кесiлген жерлерде, өртеңдерде және басқа бұрынғы орман өскен алаңқайларда орманды қалпына келтiру жүзеге асырылады.
Орман қорының ағаш өсiруге жарамды деп табылған ормансыз алқаптарында аумақтың ағаш өсiруiн арттыру, эрозия процестерiн болдырмау және экологиялық жағдайды жақсарту мақсаттарында орман өсiру жүргiзiледi.
2. Орманды қалпына келтiру жұмыстары ағаш өсiру жағдайлары мен экономикалық тиiмдiлiгiн ескере отырып, шаруашылық тұрғысында бағалы ағаш тұқымдарынан неғұрлым қысқа мерзiмде жоғары өнiмдi әрi төзiмдi ормандар жасауды қамтамасыз ететiн экологиялық қолайлы әдiстермен жүргiзiлуге тиiс.
3. Орманды қалпына келтiру және орман өсiру жөніндегі жұмыстардың ауқымы орман орналастыру және басқа жобалау ұйымдарының экологиялық сараптамадан өткен материалдары бойынша белгiленедi.
4. Орманды қалпына келтiру және орман өсiру, ағаш тұқымдарын дайындау және екпе көшеттердi өсiру жөніндегі жұмыстарды жүргiзу тәртібін орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдар белгiлейдi.
5. Ауыл шаруашылығы және басқа кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың жерлерiнде орман өсiру жөніндегі жұмыстар арнаулы жобалау ұйымдары әзiрлеген жобалар бойынша жүзеге асырылады.
62-бап. Ағаш дайындаушылардың ағаш кесiлген жерлерде орманды қалпына келтiру үшiн қолайлы жағдайларды сақтауға бағытталған талаптарды орындау жөніндегі мiндеттерi
Кеспеағаш орындарын әзiрлеу кезiнде ағаш дайындаушылар ағаш кесiлген жерлерде ормандарды қалпына келтiру үшiн қолайлы жағдайларды сақтауға бағытталған талаптарды орындауға, сондай-ақ ағаш тұқымы шикiзатын жинаудың жүргiзiп, оны орман қоры учаскелерiнiң иелерiне өткізуге мiндеттi.
63-бап. Жерлердi мемлекеттік орман шаруашылық кәсiпорындарына, мекемелерi мен ұйымдарына беру
Оңтайлы орман өсуiн, суаттардың жағалауларына ағаштың желектенуiн қамтамасыз ету үшiн және басқа қажеттi жағдайларда орман қоры жерiнiң құрамына өзге категориялардағы жерлер, ең алдымен ауыл шаруашылығында пайдалануға жарамсыз (сай-жыралар, құмдауыттар, азып-тозған жерлер және т.б.) жерлер, сондай-ақ мемлекеттік жер қорының ағаш-бұталар басып кеткен жерлерi берiлуi мүмкiн. Аталған жерлердi беру Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
Бесiншi бөлiм
Ормандарды сақтау және қорғау
ХIV тарау. Ормандарды сақтау және қорғау
64-бап. Ормандарды сақтау мен қорғаудың негiзгi мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасында барлық ормандар сақталуға және қорғалуға жатады.
2. Ормандарды сақтау мен қорғаудың негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) орман өрттерiнiң алдын алу, оларды дер мезгiлiнде анықтау және сөндiру жөніндегі шараларды жүргiзу;