Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 23 қаңтардағы Орман Кодексi
(ҚР Президентінiң 05.10.95 ж. № 2488 жарлығымен;ҚР 11.05.99 ж. № 381-1;
23.01.01 ж. № 151-11; 24.12.01 ж. № 276-11 Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР 08.07.03 ж. № 477-II Заңымен күші жойылды
Бірінші бөлім
Жалпы ережелер
I тарау. Негiзгi ережелер
1-бап. Орман заңдарының мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасы орман заңдарының мiндеттерi ормандардың экологиялық және ресурс қуатын арттыру, орман ресурстарын ұтымды және сарқылмайтын етiп пайдалану, оларды сақтау, қорғау және ұлғайта өсiру жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында орманды иелену, пайдалану, жұмсау жөніндегі қатынастарын реттеу, орман қатынастары саласында заңдылықты нығайту болып табылады.
2. Орман қатынастарын реттеу орман биосфераның, ғаламдық экологиялық, әлеуметтiк және экономикалық мәнi бар аса маңызды бөлiктерiнiң бiрi екенi, оның жай-күйi Жер бетіндегі тiршiлiк жағдайын айқындайтыны негiзге алына отырып, жүзеге асырылады.
2-бап. Орман заңдары
1. Қазақстан Республикасында орман қатынастары осы Кодекспен, соған сәйкес шығарылатын Қазақстан Республикасының заңдарымен және басқа да нормативтi актілерімен реттеледi.
2. Жер және су қатынастары, сондай-ақ өсiмдiктер (ормандардан басқа) және жануарлар дүниесiн, жер қойнауын, атмосфералық ауаны сақтау және пайдалану жөніндегі қатынастар Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен реттеледi.
3-бап. Орман қоры
1. Барлық ормандар, сондай-ақ орман ағаштары өспейтiн, бiрақ орман шаруашылығының мұқтажы үшiн берiлген жерлер Қазақстан Республикасының орман қорын құрайды.
2. Қазақстан Республикасының орман қорына мыналар кiрмейдi:
1) ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерде өскен жеке түп ағаштар мен шоқ ағаштар, аграрлық-орман мелиоративтiк екпелер, тал-шiлiк өсiмдiктер;
2) темір жолға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырлар мен басқа да арналы құрылыстарға бөлiнген белдеулердегi қорғаныш екпелерi;
3) қалалық ормандардан басқа, қалалар мен басқа да елдi мекендердегi жеке түп ағаштар мен көгалдандыру екпелерi;
4) үй маңындағы, саяжай мен бау-бақша учаскелеріндегі жеке түп ағаштар мен шоқ ағаштар;
5) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер.
Аталған екпелердi пайдалану, оларды сақтау мен күту басқа заң актілерімен реттеледi.
4-бап. Орман қорының жерлерi
1. Орман қоры жерлерi құрамында мынадай жерлерге бөлiнедi:
орманды жерлер (ағаш өскен, сондай-ақ ағаш өспеген - ағашы кесiлген жерлер, өртең жерлер, ағашы селдiр жерлер, алаңқай жерлер, бос жерлер, тұтаспаған орман дақылдары және басқалары);
ормансыз жерлер (ауыл шаруашылығының пайдаланатын жерлерi, жолдар, кварталдық орман жолдары, өртке қарсы жарма жерлер және басқалары).
2. Орман қоры жерлерiнiң шекарасы орман орналастыру материалдары негiзiнде жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзген кезде белгiленедi және анықталады.
5-бап. Ормандарға меншiк
1. Қазақстан Республикасында ормандар тек қана республика меншiгiнде болады.
2. Ормандарды иеленудi, жұмсауды және пайдалануды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi тiкелей немесе халық депутаттарының жергiлiктi Кеңестерi арқылы, Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет органдары және орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдар осы Кодекс белгiлеген құзыреттер шегiнде жүзеге асырады.
3. Орман қоры учаскелерiн пайдалануға беру және орманға меншiк құқығын iске асыру жөніндегі басқа да әрекеттер жасау орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдардың мiндеттi түрде қатысуы жағдайында жүзеге асырылады.
6-бап. Орман қоры учаскелерiне иелiк ету
ҚР 11.05.99 ж. № 381-I; 23.01.01 ж. № 151-II Заңдарымен 6-бап өзгертілді
1. Орман қоры учаскелерi тұрақты иелiк етуге мемлекеттік орман шаруашылығы кәсiпорындарына, мекемелерi мен ұйымдарына, сондай-ақ мемлекеттік табиғи қорықтарға, мемлекеттік табиғи резерваттарға, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге және мемлекеттік табиғи парктерге орман шаруашылығын жүргiзу үшiн берiледi.
Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен орман шаруашылығын жүргiзу үшiн орман қорының учаскелерi басқа да заңды ұйымдар мен нақты адамдар иелiгiне берілуi мүмкiн.
2. Орман қоры учаскелерiн иелiк етуге берудi Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органының ұсынысы бойынша жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
3. Орман қорының учаскелерiне иелiк ету құқығы Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес берiлетiн мемлекеттік актiмен куәландырылады.
7-бап. Орман қоры учаскелерi иелерiнiң құқықтары
Орман қоры учаскелерiнiң иелерi:
1) орман пайдалануды және өзге де шаруашылық қызметiн жүзеге асыруға;
2) өздерiнiң иелiгіндегі орман қорының жерлеріндегі жердi, суды, жалпыға мәлiм пайдалы қазбаларды, жануарлар дүниесiн және табиғаттың өзге де объектiлерiн белгiленген тәртiппен пайдалануға;
3) жобалық және техникалық құжаттамаларға сәйкес орман шаруашылығын жүргiзу және орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қажет үйлер мен құрылыстар салуға;
4) өздерi әзiрлеген өнiмдi және оны өткізуден алынған табысты меншiктеуге;
5) ағаш кесу билеттерiн, ордерлерiн немесе орман билеттерiн бере отырып, бұл үшiн бөлiнген учаскелерде заңды ұйымдар мен нақты адамдардың орман пайдалануына және басқа шаруашылық қызметiн жүзеге асыруына құқық беруге;
6) мемлекеттік немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн орман қоры жерлерiн алып қою, сондай-ақ орман өсiмдiктерi үшiн залалды заттар бөлетiн объектiлердi салу мен пайдаланудан туатын ормандар сапасының нашарлауы салдарынан шеккен зияндар көлемiн толық өтеуге құқылы.
8-бап. Орман қоры учаскелерi иелерiнiң мiндеттерi
Орман қоры учаскелерiнiң иелерi:
1) орман шаруашылығын қолданылып жүрген орман заңдарына және орман шаруашылығы қызметiн реттейтiн басқа нормативтiк құжаттарға, сондай-ақ орман орналастыру құжаттамаларына сәйкес жүргiзуге;
2) ормандарды ұдайы ұлғайта өсiрудi, сақтауды, қорғауды, санитарлық жай-күйiн жақсартуды, оларды күтiп-баптауды, ормандардың өнiмдiлiгi мен орман топырағының құнарлылығын арттыруды, орман пайдалану iсiн ұйымдастыруды, орман орналастыруды жүргiзудi, ормандар мен аңшылық жануарлар дүниесiн есепке алуды қамтамасыз етуге;
3) орман қорының ресурстық қуатын ғылыми негiзделген нормалар шегiнде пайдалануға;
4) жұмысты орманның табиғи ортаны туғызатын және табиғи ортаны қорғайтын қызметтерiн сақтауды, сондай-ақ екпе ағаштарды, емдiк, тағамдық және техникалық шикiзатты дер кезiнде қалпына келтiру жағдайларын қамтамасыз ететiн экологиялық жағынан оңтайлы әдiс-тәсiлдермен жүргiзуге, ормандарды, жануарлар дүниесiн ұтымды пайдалану, ұлғайта өсiру, сақтау және қорғау жөніндегі осы Кодексте, Қазақстан Республикасының басқа да заңдық және нормативтiк актілерінде көзделген өзге де талаптарды орындауға;
5) орман қоры аумағын өртке қарсы және санитарлық жағынан оңтайлы орналастыруды қамтамасыз етуге, ормандарда өрт қауiпсiздiгi, орман пайдалануды жүзеге асыру ережелерiн бұзудың, сондай-ақ орман заңдарын басқа да бұзушылықтардың алдын алуға, оларды дер мезгiлiнде айғақтап, тыйып отыруға, орман өрттерiн сөндiру, орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күресу жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.
9-бап. Орман қорының учаскелерiн иелену құқығын доғару
1. Орман қорының учаскелерiн иелену құқығы мынадай жағдайларда:
1) иелiктен өз еркiмен бас тартқанда;
2) орман қорының учаскелерi иелiгiнде болған кәсiпорын немесе өзге шаруашылық қызмет субъектiсi қызметiн тоқтатқанда;
3) орман қорының жерлерiн мемлекеттік немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн белгiленген тәртiп бойынша алып қойғанда;
4) орман қорының учаскелерiн мақсатына қарай пайдаланбағанда;
5) орман шаруашылығын тиімсіз жүргізу салдарынан ормандардың жай-күйiнiң нашарлауына, олардың суды сақтау, қорғау, климатты реттеу, сауықтыру және өзге де пайдалы қасиеттерiн төмендетуге, орманды нашар сақтауға әкеліп соқтырғанда доғарылады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында орман қорының учаскелерiн иелену құқығын доғарудың басқа да жағдайлары көзделуi мүмкiн.
II тарау. Халық депутаттары кеңестерiнiң орман
қатынастарын реттеу саласындағы құзыретi
10-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң құзыретi
Орман қатынастарын реттеу саласында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қарауына:
1) орманға меншiк құқығын жүзеге асыру;
2) Қазақстан Республикасының орман заңдарын әзiрлеу мен жетiлдiру;
3) мемлекеттік орман саясатын айқындау;
4) орман ресурстары үшiн ақы төлеу принциптерiн белгiлеу;
5) республика облыстарының арасында орман қатынастарын реттеу;
6) орман заңдарын сақтауды бақылау жатады.
11-бап. Халық депутаттары облыстық Кеңесiнiң құзыретi
Облыстың әкiмшiлiк шекарасында халық депутаттары облыстық Кеңесiнiң қарауына:
1) облыс халық шаруашылығы салаларының жалпы кешенiнде орман шаруашылығын дамыту бағдарламалары мен жоспарларын бекіту;
2) қосалқы орман материалдары мен орманды жанама пайдаланғаны үшiн ақы мөлшерлерiн белгiлеу;
3) орман шаруашылығын жүргiзудi бақылау жатады.
12-бап. Халық депутаттары аудандық, қалалық Кеңесiнiң құзыретi
Ауданның, қаланың әкiмшiлiк шекарасында халық депутаттары аудандық, қалалық Кеңесiнiң қарауына:
1) аудан халық шаруашылығы салаларының жалпы кешенiнде орман шаруашылығын дамытудың бағдарламалары мен жоспарларын бекіту;
2) орман шаруашылығын жүргiзудi бақылау жатады.
III тарау. Ормандарды мемлекеттік басқару және
олардың жай-күйiн, ұлғайта өсiрiлуiн,
сақталуын, қорғалуы мен пайдаланылуын
бақылау
13-бап. Орман шаруашылығын мемлекеттік басқару
Қазақстан Республикасы аумағында орман шаруашылығын жүргiзу және орман ресурстарын пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет органдары, орман шаруашылығын басқарудың мемлекеттік органдары жүзеге асырады.
14-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына:
1) мемлекеттік орман саясатын iске асыру;
2) ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына жатқызу және оларды бiр топтан немесе категориядан басқасына көшiру;
3) орман пайдаланудың, өсiп тұрған ағашты босатудың, ағаш кесудiң, ормандарды ұлғайта өсiрудiң, сақтау мен қорғаудың нормаларын, нормативтерi мен ережелерiн бекіту;
4) басқа да табиғат сақтау шараларының кешенiнде ормандарды ұтымды пайдалану, ұлғайта өсiру, сақтау мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды бекіту және олардың орындалуын бақылау;
5) орман мониторингiн, орман қорының мемлекеттік орман кадастры мен мемлекеттік есебiн жүргiзудi ұйымдастыру;
6) орман шаруашылығы саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
7) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң құзыретiне жатпайтын басқа мәселелер бойынша орман қатынастарын реттеу жатады.
15-бап. Жергiлiктi атқарушы өкiмет органдарының құзыретi
1. Облыстық әкiмшiлiк шекарасында облыстық атқарушы өкiмет органының қарауына:
1) Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдарының келісімiмен орман қорынан жер учаскелерiн алу;
2) орман шаруашылығын басқарушы облыстық мемлекеттік органның ұсынуы бойынша орман шаруашылығын ұйымдастыру мен дамыту жобаларын келiсу;
3) орман кадастрын, мониторингiн және орман қоры есебiн жүргiзудi ұйымдастыру;
4) ормандарды қорғаныш болудың топтары мен категорияларына жатқызу жөнiнде өтiнiш салу;
5) осы Кодекстiң 35-бабына сәйкес облыс аудандары арасында орман қоры жерлерiнен шабындық және жайылымдық шүйгiн жерлердi бөлу;
6) ормандарды сақтау мен қорғау шараларын орындауды ұйымдастыру;
7) ормандардың жай-күйiн, ұлғайта өсiрiлуiн, сақталуын, қорғалуын және пайдаланылуын бақылау жатады.
2. Ауданның, қаланың әкiмшiлiк шекарасында аудандық, қалалық атқарушы өкiмет органының қарауына:
1) Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органның келісімiмен орман қорынан жер учаскелерiн алу және орман шаруашылығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн иеленуге және пайдалануға беру;
2) орман қоры учаскелерiн иелену құқығына мемлекеттік актiлердi беру;
3) ормандарды сақтау және оларды зиянкестер мен аурулардан қорғау жөніндегі шаралардың орындалуын ұйымдастыру;
4) осы Кодекстiң 35-бабына сәйкес орман қоры жерлерiнен шабындық және жайылымдық шүйгiн жерлер бөлу;
5) ормандардың жай-күйiн, ұлғайта өсiрiлуiн, сақталуын, қорғалуын және пайдаланылуын бақылау жатады.
16-бап. Орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдардың құзыретi
1. Қазақстан Республикасы орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органның қарауына:
1) орман шаруашылығы саласында ғылыми-техникалық саясатты жүргiзу;
2) орман ұлғайта өсiру, сақтау, қорғау және пайдалану саласындағы нормативтiк құжаттарды әзiрлеу;
3) орман шаруашылығын дамытудың республикалық бағдарламаларын әзiрлеу мен оны орындауды ұйымдастыру;
4) табиғатты үздiксiз әрi сарқылмастай пайдалану принциптерi негiзiнде орман шаруашылығын жүргiзудi, орман ресурстарын ұтымды пайдалануды ұйымдастыру;
5) ормандардың жай-күйiне, ұлғайта өсiрiлуiне, сақталуына, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырып, жүзеге асыру;
6) есепке алынған ағаш кесетiн жердi бекіту;
7) орман шаруашылығы саласында ғылыми зерттеулер мен жобалық-iздестiру жұмыстарын ұйымдастыру;
8) орман мониторингiн, мемлекеттік орман кадастрын, ормандар мен орман орналастырудың мемлекеттік есебiн жүргiзу;
9) егер Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретiне жатпайтын болса, орман шаруашылығын басқару жөніндегі басқа да мәселелердi шешу жатады.
2. Облыс аумағында облыстық орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органның қарауына:
1) орман шаруашылығын жүргiзу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
2) орман шаруашылығын жүргiзу жөніндегі ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыру;
3) ормандардың жай-күйiне, ұлғайта өсiрiлуiне, сақталуына, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
4) орман шаруашылығын дамытудың бағдарламаларын әзiрлеу мен орындау;
5) орман мониторингiн, мемлекеттік орман кадастрын, орман қорының, орман орналастыру мен орман шаруашылығын жобалаудың мемлекеттік есебiн жүргiзу;
6) мемлекеттік орман шаруашылығы кәсiпорындарының, мекемелерi мен ұйымдарының орман шаруашылығы қызметi нәтижесiнде аяқталған объектiлердi және өндiрiлген дайын өнiмдердi қабылдау;
7) Қазақстан Республикасы орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік орган анықтайтын орман шаруашылығын басқару жөніндегі басқа мәселелердi шешу жатады.
3. Өздерiнiң құзыретi шегiнде қабылданған орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдар шешiмдерi барлық орман иеленушiлер мен орман пайдаланушылардың орындауы үшiн мiндеттi болады.
4. Орман шаруашылығын басқару саласындағы мемлекеттік орман шаруашылығы кәсiпорнының, мекеме мен ұйымының құзыретi белгiленген тәртiпте бекітілетiн олардың қызметi туралы Ережемен анықталады.
17-бап. Ормандардың жай-күйiне, ұлғайта өсiрiлуiне, сақталуына, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылау
1. Ормандардың жай-күйiне, ұлғайта өсiрiлуiне, сақталуына, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдар, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде арнайы өкiлеттiгi бар Қазақстан Республикасының өзге де органдары жүзеге асырады және орман заңдарының талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген өзге де нормалар мен ережелердi сақтауын қамтамасыз етудi өзiнiң мiндетi деп бiледi.
2. Ормандардың жай-күйiне, ұлғайта өсiрiлуiне, сақталуына, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Екiншi бөлiм
Орман шаруашылығын ұйымдастыру
IV тарау. Орман шаруашылығын ұйымдастыру негiздерi
18-бап. Орман шаруашылығын ұйымдастыру негiздерi
Орман шаруашылығын ұйымдастыруға мыналар жатады:
1) ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына бөлу;
2) ормандарда ағаштың толысу мерзiмiн және кесу айналымын белгiлеу;
3) ормандарда ағаш кесу және орман ресурстарын ұлғайта өсiру жүйелерiн белгiлеу;
4) ормандарды пайдалану нормаларын белгiлеу;
5) ормандарды сақтау мен қорғау жөніндегі шараларды белгiлеу;
6) өзге де ұйымдық-техникалық және құқылық шаралар.
19-бап. Ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына бөлу
Қазақстан Республикасындағы барлық орман қорғаныштық орман болып табылады. Олардың атқаратын экологиялық, генетикалық, әлеуметтiк-экономикалық қызметтерi мен орналасқан жерлерiне қарай ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына бөлу белгiленедi. Қазақстан Республикасында ормандар бiрiншi және екiншi топтарға бөлiнедi.
20-бап. Бiрiншi топтағы ормандар ҚР 11.05.99 ж. № 381-I; 23.01.01 ж. № 151-II Заңдарымен 20-бап өзгертілді
Бiрiншi топқа төмендегiдей қорғаныш категорияларындағы көбiнесе мынадай қызмет атқаратын ормандар жатқызылады:
1) су қорғайтын ормандар (өзен, көл, бөген және басқа да су тоғандары жағалауларындағы тыйым салынған орман белдеулерi);
2) қорғаныш ормандар (эрозияға қарсы қорғаныш ормандары, темір жолдардың, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы қорғаныш орман белдеулерi, мемлекеттік қорғаныш орман белдеулерi, айналадағы ортаны қорғау үшiн айрықша маңызы бар орманды жалдар, далалық тоғайлар мен сай-саладағы ормандар, шөл, шөлейт, далалық, орманды-далалық және ағашы сирек таулы аудандардағы ормандар);
3) санитарлық-гигиеналық және сауықтыру ормандары (қала ормандары мен орманды парктер, қалалардың, басқа да елдi мекендер мен өнеркәсiп орындарының төңiрегіндегі жасыл аймақты ормандар, сумен жабдықтау көздерiн санитарлық қорғау аймақтарының бiрiншi және екiншi белдеулеріндегі ормандар мен курорттарды санитарлық қорғау өңiрлеріндегі ормандар);
4) мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік биосфералық қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттік табиғи резерваттардың және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге де түрлерiнiң ормандары, ерекше құнды орман алқаптары, ғылыми маңызы бар ормандар, жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтарының ормандары, жемiс-ағаш екпелерi, биiк таудағы ормандар.
21-бап. Екiншi топтағы ормандар
Екiншi топқа таулы аудандағы пайдалану маңызы шектеулi ормандар жатқызылады, олардың табиғат қорғау қызметiн сақтау үшiн орман пайдаланудың шектеулi тәртібі талап етiледi.
22-бап. Ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына жатқызу, ормандарды қорғаныштық бiр топтан немесе категориядан басқа топқа немесе категорияға көшiру, сондай-ақ ерекше қорғаныш учаскелерiн бөлу
1. Ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына жатқызу, сондай-ақ орман пайдалануға тыйым салынатын немесе шектелетiн ерекше қорғаныш учаскелерiн бөлу ормандардың экологиялық, генетикалық және әлеуметтiк-экономикалық маңызына сүйене отырып жүргiзiледi.
2. Ормандарды қорғаныш топтары мен категорияларына жатқызуды, сондай-ақ оларды бiр топтан немесе категориядан басқа топқа немесе категорияға көшiрудi Қазақстан Республикасының Үкіметі жүргiзедi.
3. Барлық қорғаныш топтары мен категориялары бар ормандарда орман пайдаланудың шектеулi тәртібі бар ерекше қорғаныш учаскелерi бөлiнуi мүмкiн.
Орманның ерекше қорғаныш учаскелерi басты мақсатта пайдалану ретіндегі ағаш кесу ережелерiне сәйкес орман орналастыру немесе арнайы зерттеулер кезiнде бөлiнедi.
23-бап. Ормандарда ағаштың толысу мерзiмiн және басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу айналымын белгiлеу
Ормандарда ағаштың толысу мерзiмi және басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу айналымы оның пайдалану мақсатына, ағаш тұқымдары өсiп-жетiлуiнiң биологиялық ерекшелiктерiне, сондай-ақ ағашы кесiлген орманның қалпына келу мерзiмiне сүйене отырып айқындалады және оны арнайы ғылыми зерттеулердiң негiзiнде Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органы белгiлейдi.
24-бап. Есептi кеспеағаш
1. Есептi кеспеағашты - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртiбіндегі жыл сайынғы ағаш дайындау нормасын - орман орналастыру кезiнде орманды үздiксiз және сарқылмастай пайдалану принциптерiне сүйене отырып, орман иелiгiнiң әрқайсысы бойынша ұзақ мерзiмге арнап белгiлейдi. Аудан, облыс пен республика бойынша ол орман иелiктерiнiң есептi кеспеағаштарының жиынтығы ретiнде белгiленедi.
2. Есептi кеспеағашты Қазақстан Республикасының орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органы облыстық атқарушы өкiмет органымен, табиғатты сақтаудың мемлекеттік органдарымен келiсе отырып бекiтедi және орман орналастыру жұмыстары аяқталатын жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарында күшiне енедi.
3. Орман қорының шекарасы мен жай-күйi, басты мақсатта пайдалану үшiн кесiлетiн ағаштың толысу мерзiмi, ормандардың топтары мен қорғаныш категориялары өзгерген кезде есептi кеспеағашқа түзету енгiзiледi. Түзету енгiзiлген есептi кеспеағашты белгiлеу мен бекіту осы баптың бiрiншi және екiншi тармақтарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
25-бап. Орманды жер учаскелерiн мемлекеттік немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн алу кезiнде орманды пайдалану тәртібі
1. Орманды жер учаскелерiн мемлекеттік немесе қоғамдық мұқтаждар үшiн алу кезiнде оларды алу жөнiнде шешiм қабылдаған мемлекеттік органдар сонымен бiр мезгiлде орманды сақтау немесе кесу туралы және орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдар ұсыныстары негiзiнде осы орайда алынған сүректi пайдалану тәртібі туралы мәселенi шешедi.
2. Ағашты кесу құқығы жоқ жер учаскелерi берiлетiн заңды ұйымдар мен нақты адамдар орманның сақталуын және оны күтудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
26-бап. Орманды жерлердi ормансыз жерлерге айналдыру
1. Орман шаруашылығын жүргiзумен және орман пайдалануды жүзеге асырумен байланысты мақсатта пайдалану үшiн орманды жерлердi ормансыз жерлерге айналдыруды орман орналастыру жобаларына сәйкес облыстық орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік орган жүргiзедi.
Ағаш өспеген жерлер (алаңқайлар мен бос жатқан жерлер) топырақ құрамын зерттеу материалдары бойынша олар ағаш өсiруге жарамсыз деп табылған жағдайларда ормансыз жерлерге айналдырылуы мүмкiн.
2. Орман шаруашылығын жүргiзумен және орман пайдалануды жүзеге асырумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшiн орманды жерлердi ормансыз жерлерге айналдыруды ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінiң рұқсатымен жүргiзедi.
27-бап. Ормандардың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, ғимараттар мен басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау, салу және пайдалануға беру
1. Ормандардың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, ғимараттар мен басқа объектiлердi орналастыру, жобалау, салу және пайдалануға беру кезiнде, сондай-ақ жаңа технологиялық процестердi енгізу кезiнде ормандарға терiс әсер ететiн сарқынды судан, өнеркәсiп және коммуналдық-тұрмыстық шайындылардан, қалдықтардан және қоқыстардан ормандарды сақтауды қамтамасыз ететiн шараларды көздеуге, жүзеге асыруға тиiс.
2. Ормандардың жай-күйiне зиянды әсердiң алдын алатын құрылғылармен қамтамасыз етiлмеген кәсiпорындарды, цехтарды, көлiк жолдарын және басқа объектiлердi пайдалануға беруге тыйым салынады.
28-бап. Орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес объектiлер салу мен ормандарда жұмыс жүргiзу орындарын келiсу
1. Ормандардың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, ғимараттарды және басқа объектiлердi салу орнын анықтау мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындылары негiзiнде жүргiзiлiп, атқарушы өкiмет органдарымен, орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдармен және басқа да мүдделi органдармен келісіледi.
2. Орман шаруашылығын жүргiзумен және орман пайдалануды жүзеге асырумен байланысты емес орман қорында пайдалы қазбаларды өндiру, кабельдер, труба құбырларын және басқа да қатынас жолдарын төсеу, жару, бұрғылау және басқа жұмыстар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес атқарушы өкiмет органдарымен, орман шаруашылығын басқарушы мемлекеттік органдармен және басқа мүдделi органдармен келісім бойынша жүргiзiледi.
Үшiншi бөлiм
Орман пайдалану
V тарау. Орман пайдаланудың түрлерi, мерзiмдерi
және орман қоры учаскелерiн пайдалануға
беру
29-бап. Орман пайдалану түрлерi
Орман қорында орман пайдаланудың мынадай түрлерi жүзеге асырылуы мүмкiн:
1) сүрек дайындау;
2) шайыр дайындау;
3) қосымша ағаш материалдарын (қабықтар, ағаш көктерiн және басқаларын) дайындау;
4) ағаш шырындарын дайындау;
5) жанама орман пайдалану (шөп шабу, мал жаю, дәрулiк өсiмдiктер мен техникалық шикiзат, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және басқа да орман тағам өнiмдерiн дайындау мен жинау, ара ұялары мен омарта орналастыру);
6) орманды мәдени-сауықтыру және ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалану;
7) аңшылық шаруашылықтарының мұқтаждары үшiн орман қоры учаскелерiн пайдалану.
30-бап. Орман пайдалану мерзiмдерi
Орман қорының пiшен шабу мен мал жаюға арналғаннан басқа учаскелерi бiр жылға дейiнгi мерзiмге қысқа мерзiмдi және 50 жылға дейiн ұзақ мерзiмдi пайдалануға берiлуi мүмкiн.
Белгiленген мерзiм өткен соң ұзақ мерзiмдi пайдалану орман пайдаланушының ынтасы бойынша ұзартылуы мүмкiн.
31-бап. Орман қоры учаскелерiн пайдалануға беру
1. Орман қорының учаскелерi арнайы рұқсат құжаттарының: лицензияның ағаш кесу билетiнiң, ордердiң, орман билетiнiң негiзiнде пайдалануға берiледi.