26. Қызметкер бiр елден екiншi елге ауыстырылған жағдайда кезектi және қосымша, сондай-ақ жиынтық еңбек демалыстары Қазақстан Республикасы мекемелерiнiң қызметкерлерi үшiн сол елдердiң әрқайсысында белгiленген еңбек демалысының ұзақтығына қарай, әр елде болған уақытына орай жаңа жұмыс орнында берiледi.
27. Шетелдегi Қазақстан Республикасы мекемелерiнiң қызметкерлерi еңбек демалыстарын кез келген елде пайдалануға құқығы бар.
Шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемелерi қызметкерлерiнiң демалыс уақытына лауазымдық еңбекақысының 100 процентi мөлшерiнде белгiленген үстемелермен қоса шетел валютасымен және теңгемен төлем жасалады.
Ескерту:
Шетелдегi Қазақстан Республикасы мекемелерiнiң сырттай оқу орындарында оқитын қызметкерлерiне есепке жатқызулар (зачеттар) мен емтихандар тапсыру үшiн, сондай-ақ диплом жобасын (жұмысына) дайындау және қорғау үшiн қосымша демалыс берiлген жағдайда үстеме ақыларын қоса, лауазымдық еңбекақысының 200 процентi есебiнен жалақысы тек теңгемен сақталады.
Қызметкерге Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекенiнен оқу орны орналасқан пунктке дейiн және керi қайтуына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерде жолақысы төленедi.
28. Демалыстарын өткізу үшiн Қазақстан Республикасына және ТМД елдерiне жол жүргенде қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне күнтiзбелiк жылда бiр рет жұмыс орнынан тұрақты тұратын жерiне дейiн жол жүру құны және тұрақты тұратын жерiнен шетелдегi жұмыс орнына дейiн қайта келу құны осы Ережелердiң 10-тармағында белгiленген нормалар бойынша шетел валютасымен және теңгемен төленедi, бұған жүк тасымалдау мен тұрғын үй жалдау жөніндегі шығындар кiрмейдi. Шетел авиакомпаниясы ұшағының рейсiмен "Қазақстан әуе жолы" Ұлттық акционерлік авиакомпаниясының ұшағы рейсiнiң сәйкес келмеуiне байланысты ауысып отыратын жерде кiдiрген күндерi үшiн (авиакомпания тегiн тұрғын орын бермеген жағдайларда) шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемесi басшысының шешiмiмен осы Ережелердiң 10-тармағындағы "ж" тармақшасында көрсетiлген нормалар бойынша тұрғын үй жалдау жөніндегі шығындары төленуi мүмкiн. Бұл ретте ұшақтардың таяудағы рейстерi ғана қаперге алынады.
Еңбек демалысын үшiншi елде немесе өзi келген елде өткiзгенде жұмыс орнынан демалыс өткізу мекенiне дейiн және одан қайта оралуына жол жүру ақысы төленбейдi.
Еңбек демалысына бара жатқанда (Қазақстан Республикасына және ТМД елдерiне) жұмыс орнынан шыққан күннен бастап және еңбек демалысынан қайтқанда шетелдегi жұмыс орнына оралған күнге дейiнгi жол үстiнде өткен уақыты үшiн қызметкерге тәулiктiк ақы осы Ережелердiң 9-тармағында белгiленген тәртiппен төленедi, бiрақ бұл Алматы қаласына дейiн және керi қайту жолына төленетiн жол ақысынан артық болмауы тиiс.
Еңбек демалысына бара жатқанда су көлiгiне отырған жағдайда, билет бағасына енгiзiлген тамақ құны қызметкерге билет құнының 10 процентi мөлшерiнде өтеледi.
Шетелдегi жұмыс орнынан Алматыға және керi қайту бағыты бойынша жолға қажеттi уақытынан аспайтын қызметкерлердiң жол үстіндегі уақыты еңбек демалысының мерзiмiне кiрмейдi.
Ескерту:
Шетелдегi Қазақстан Республикасы елшiлiктерiнiң жанындағы мектептердiң мұғалiмдерiне еңбек демалыстары аяқталған соң оқу жылы басталғанға дейiнгi уақытқа жалақысы сақталмайтын демалыс берiлуi мүмкiн.
29. Мекеменiң әкiмшiлiгi мен қызметкердiң келiсуi бойынша тиiстi министрлiктiң (ведомствоның) рұқсатымен еңбек демалысы Қазақстан Республикасына баратын iссапарға қосыла берiлуi мүмкiн.
Мұндай жағдайда шетелден Қазақстан Республикасына (шекараны кесiп өткенге дейiн) және керi қайтардағы жол үстіндегі уақыты үшiн қызметкерге жалақы мен тәулiктiкақы төленедi, сондай-ақ iссапарға жiберiлгенi ретiнде (Ережелердiң 55 және 58-тармақтары) басқа да шығындары өтеледi.
Қызметкердiң Қазақстан Республикасында пайдаланған демалысына iссапары қосылып берiлген жағдайда тәулiктiк ақы төлеу және шетелден Қазақстан Республикасына және кейiн қайту жолында жүрген уақыты үшiн шығындарды өтеу демалысқа бара жатқан қызметкер ретiнде жүргiзiледi (Ережелердiң 27 және 28-тармақтары).
Демалысы iссапарға, сондай-ақ iссапары демалысына қосылып берiлген жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында iссапарда жүрген кезіндегі уақыты үшiн шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемелерi қызметкерлерiнiң жалақысы шетел валютасымен және теңгемен сақталады, тәулiктiк ақы төленедi, сондай-ақ iссапарға жiберiлген адам ретiнде басқа да шығындары өтеледi (Ережелердiң 58-шi тармағы).
Мұндай жағдайда демалыс уақыты үшiн ақы Ережелердiң 27-шi тармағына сәйкес төленедi.
30. Шетелдегi Қазақстан Республикасының бiр мекемесiнен екiншiсiне ауыстырылған қызметкерлерге (Қазақстан Республикасы мекемелерiнiң ведомстволық бағыныштылығына қарамастан) пайдаланбаған демалысы үшiн өтем жасалмайды. Жаңа жұмыс орны бойынша демалыс жұмыс iстеген уақыты мен бұрынғы жұмыс орны бойынша демалысының ұзақтығы ескерiле отырылып берiледi.
31. Қызметкердi шетелден Қазақстан Республикасына керi қайтарған кезде шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемесi пайдаланылмаған демалысы үшiн қызметкермен ешқандай есеп айырысу жасамайды.
Мұндай жағдайда шетелден қайтарылып, қарауына келген қызметкерге министрлiк (ведомство) осы Ережелердiң 23 және 24-тармақтарында белгiленген демалысының ұзақтығына қарай шетелде жұмыс iстеген уақытына пара-пар пайдаланылмаған демалысын беруге мiндеттi. Демалыс уақыты үшiн ақы белгiленген үстемелерiмен бiрге шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемесіндегі соңғы лауазымы бойынша теңгемен еңбек ақысының 200 процентi есебiнен төленедi. Қызметкер жұмыстан босатылғанда министрлiк (ведомство) пайдаланылмаған демалысы үшiн оған осындай тәртiппен ақшалай өтем жасайды.
32. Қазақстан Республикасынан жiберiлген қызметкерлердiң отбасы мүшелерiнен тiкелей шет елде штаттық лауазымдарға жұмысқа қабылданған адамдар сол жерде Қазақстан Республикасына кетпей тұрып та, кеткенде де жұмыстан босатылғанда, Қазақстан Республикасына оралысымен оларға осы Ережелердiң 31-тармағында белгiленген тәртiппен пайдаланылмаған демалысы үшiн теңгемен өтем жасалады.
Е. Жоқ қызметкерлердiң жұмысын қоса атқару
және орнында iстеу
33. Шетелдегi Қазақстан Республикасының басқа бiр мекемесiнде қоса атқару тәртібімен жұмыс iстеуге, сондай-ақ уақытша болмаған қызметкерлердiң орнында жұмыс iстеу үшiн қызметкердi басқа мекемеге ауыстыруға - қызметкердi шетелге жiберген министрлiктiң (ведомствоның) және басқа да тиiстi министрлiктiң (ведомствоның) рұқсатымен ерекше жағдайда ғана жол берiледi.
Жұмысты қоса атқарған, сондай-ақ уақытша болмаған қызметкердiң орнында iстеген кезiнде еңбекақы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен төленедi.
34. Шетелдегi Қазақстан Республикасының бiр мекемесiнен сол елдiң басқа бiр қаласындағы екiншi бiр мекемеге қызметкердi жұмысқа уақытша ауыстырған жағдайда қызметкерге:
а) Қазақстан Республикасынан шетелге жұмысқа жiберiлген адамдар үшiн белгiленген нормалар бойынша жұмыс орнына дейiнгi және қайтар жолдағы уақытына тәулiктiк ақы;
б) Қазақстан Республикасынан шетелге iссапармен жiберiлгендер үшiн белгiленген нормалар бойынша жол жүру құны;
в) егер қызметкерге тегiн тұрғын үй берiлмесе, осы Ережелердiң 10-шы тармағындағы "ж" тармақшасына сәйкес уақытша жұмыс iстеген орнында тұрғын үй жалдау жөніндегі шығындары төленедi.
Ж. Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру, медициналық
көмек және қамсыздандырудың басқа да түрлерi бойынша
жәрдемақылар Уақытша еңбекке жарамсыздығы кезіндегі
қамсыздандыру
35. Шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемесiне жұмысқа жiберiлген Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ олардың шетелде штаттық қызметке қабылданған отбасы мүшелерi шетелде тұрған кезiнде, сондай-ақ шетелде iссапармен жүрген кезiнде уақытша еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда, еңбекке жарамсыз болған барлық уақытына, бiрақ төрт айдан аспайтын уақытқа жалақы алады.
Егер қызметкердiң уақытша еңбекке жарамсыздығы төрт айдан артыққа созылса және ол денсаулық ахуалы бойынша Қазақстан Республикасына бара алмайтын болса (көлiкке жарамсыз) онда Қазақстан Республикасына жiберу мүмкiндiгi туралы дәрiгерлердiң шешiмiне дейiн емдеу мекемесiнде болған барлық уақыты үшiн оған жалақысы теңгемен және шетел валютасымен төленедi.
Егер уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты қызметкер Қазақстан Республикасына қайтарылса немесе қайтарылған қызметкер Қазақстан Республикасында ауырып қалса, онда оған осы Ережелердiң 36-тармағындағы белгiленген нормалар бойынша уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы төленедi.
36. Шетелдегi Қазақстан Республикасы мекемелерiнiң қызметкерлерi iссапарда немесе Қазақстан Республикасы аумағында еңбек демалысында жүрген кезеңде, сондай-ақ демалыста жүрген кезеңде уақытша еңбекке жарамсыз болып қалса, Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген нормалар бойынша үстемелерiн қосқанда теңгемен лауазымдық еңбекақысының 175 процентi есебiнен, ал егер қызметкердiң қарауындағылар шетелде тұрса, үстемелерiмен бiрге сол еңбек ақысының 150 процентi есебiнен уақытша еңбекке жарамсыздығы жөнiнде теңгемен жәрдемақы алады.
Мұнымен қатар осы қызметкерлерге, үстеменi қосқанда, шетелдегi жұмыс орны бойынша алатын лауазымдық ақысының 25 процентi мөлшерiнде шетел валютасымен, ал қызметкердiң қарамағындағылар шетелде тұрса - үстемемен қоса сол еңбек ақының 50 процентi мөлшерiнде шетелдегi Қазақстан Республикасы мекемесiнiң қаражаты есебiнен шетел валютасы бойынша жалақы төленедi.
Егер қызметкер шетелде еңбекке жарамсыз болып қалып, бiрақ уақытша Қазақстан Республикасына емдеуге жiберiлген жағдайда да осындай тәртiп қолданылады.
37. Шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемесiне жұмысқа жiберілген кезде немесе қызметкердi қайтаруға байланысты Қазақстан Республикасына келе жатқанда, шетелдегi Қазақстан Республикасы мекемесiнiң қызметкерлерi Қазақстан Республикасында немесе басқа елдерде iссапармен жүргенде, сондай-ақ еңбек демалысына бара жатқанда немесе еңбек демалысынан шетелдегi жұмыс орнынан келе жатқанда шетел аумағы бойынша жол үстiнде ауырған уақыты үшiн қызметкердiң ауырған күнге дейiн алып жүрген жалақысы сақталады.
Шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемесiне жұмысқа жiберiлген кезде немесе қайтарылғанына байланысты келе жатқанда Қазақстан Республикасының аумағы мен шетел аумағы бойынша жол үстiнде ауырған уақыты үшiн қызметкерге осы Ережелердiң 36-тармағында көзделген тәртiппен жәрдемақы төленедi.
Жол үстiнде еңбекке жарамсыз болып қалған уақыты үшiн қызметкерге (шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемесiне жұмысқа бара жатқанда және Қазақстан Республикасынан шетелге iссапармен жолға шыққанда) тәулiктiк ақы төленедi және тұрғын үй жалдау жөніндегі нақты шығындары өтеледi. Өзiнiң ауырғанына немесе өзiмен бiрге келе жатқан отбасы мүшелерiнiң бiрi ауырып, оны көмексiз қалдыра алмайтынына байланысты жол үстiнде амалсыз аялдауға тура келгенде, шетел аумағында тұрғын үй жалдау жөніндегі нақты шығындар шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемелерiне жұмысқа жiберiлгендер үшiн белгiленген нормалар бойынша (10-шы тармақтың "ж" тармақшасы), ал Қазақстан Республикасының аумағында - Қазақстан Республикасының шегiнде қызмет бабындағы iссапарларға төлемдер жасау туралы заңдарда белгiленген нормалар бойынша өтеледi.
Аталған тәртiп шетелдегi Қазақстан Республикасы мекемелерiнiң қызметкерлерiн Қазақстан Республикасына қайтарған кезде, сондай-ақ сол қызметкерлердi шетелге iссапарларға жiберiлген кезде қолданылады.
Шетелде ауырғаны шетелдегi Қазақстан Республикасы тиiстi мекемесiнiң, ал ондай жоқ болғанда, науқастықтан бөгелген елдiң тиiстi мекемесiнiң анықтамасымен расталуы тиiс.
38. Шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемелерiне жұмысқа жiберiлген әйелдерге, сондай-ақ шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемелерiне жұмысқа жiберiлген қызметкерлердiң отбасы мүшелерiнен сол жерде штаттағы қызметке қабылданғандарға жүктiлiгi және босануы жөніндегі демалыс, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ұзақтықта, бүкiл демалыс кезеңiнде олардың алатын жалақысы сақтала отырып, берiледi.
Олар жүктiлiгi және босануы жөніндегі демалыс кезеңiнде Қазақстан Республикасына келген жағдайда жәрдемақы осы Ережелердiң 36-тармағында көзделген тәртiп бойынша теңгемен берiледi.
Медициналық көмек және қамсыздандырудың
басқа да түрлерi
39. Қазақстан Республикасынан шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемелерiне жұмысқа жiберiлген қызметкерлер, олардың отбасы мүшелерi, сондай-ақ шетелде iссапармен жүрген қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi шетелдегi Қазақстан Республикасының тиiстi мекемелерiнiң есебiнен қажеттi медициналық жәрдемнiң мынадай түрлерiн:
а) ауруды тұрақты емдеу орнына (соның iшiнде перзентхана да) жатқызуды талап ететiн ауырған барлық жағдайда, сондай-ақ, егер бақытсыз жағдай салдарынан болмаған пластикалық-косметикалық операциялардан басқа, тұрақты жағдайда операцияны талап ететiн барлық кезде - ауруханалық көмек алуға;
б) мамандандырылған емханалық медициналық жәрдемдi (оның iшiнде егер бақытсыз жағдайдың салдарынан болмаған протездеуден басқа, тiс емдеу) және кiшi хирургиялық емдi қосқанда, емханалық қызмет көрсетудi талап ететiн барлық жағдайда, - емханалық жәрдем алуға;
в) науқас ауруханаға орналастырылмағанда және емханада емделе алмайтын жағдайда, - үйiне жәрдем алуға құқы бар.
Медициналық жәрдемге қаражат жұмсаудың тәртібі Қазақстан Республикасы министрлігінiң (ведомствосының) өзiне қарасты шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемелерi үшiн бекітілген ережелермен белгiленедi.
40. Шетелдегi Қазақстан Республикасы мекемелерiнiң қызметкерлерiне шетелде бала туғанына, егер ата-аналардың бiреуiнiң жалақысы ол еңбекақысының 50 процентiнен аспайтын болса, Қазақстан Республикасының сол елдегi Елшiсiнiң шетел валютасымен алатын еңбек ақысының 15 процентi мөлшерiнде сол жерде шетел валютасымен бiржолғы жәрдемақы төленедi.
41. Шетелде қызметкердiң отбасы мүшесi қайтыс болған жағдайда оған шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемесi басшысының шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемесi кәсiподақ комитетiнiң келiсуi бойынша әрбiр жекелеген жағдайға белгiленген мөлшерде мекеменiң есебiнен жерлеуге бiржолғы ақшалай жәрдемақы төленедi.
Қызметкердiң өзi қайтыс болған жағдайда жерлеуге отбасы мүшелерiне оның соңғы лауазымы бойынша шетел валютасымен айлық еңбек ақысының мөлшерiнде жәрдемақы төленедi. Қайтыс болған қызметкердiң отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасындағы бұрынғы мекен-жайына қайтуы үшiн осы Ережелердiң 10-тармағында белгiленген нормалар бойынша жол шығындары өтеледi, бұл ретте жүк тасу жөніндегі шығындар қызметкердiң немесе отбасы мүшесiнiң олардың қайтыс болғанға дейiнгi тиесiлi нормалары ескерiлiп, төленедi.
42. Қазақстан Республикасынан жiберiлген шетелдегi Қазақстан Республикасы мекемелерiнiң қызметкерлерiн, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiнен сол жерде штаттағы қызметке қабылданғандарды әлеуметтiк сақтандыруға тиiстi министрлiктер мен ведомстволар аталған қызметкерлерге теңгемен және шетел валютасымен төленетiн жалақысы сомасынан Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген процентте Қазақстан Республикасында орталықтандырылған тәртiппен сақтандыру жарналарын төлейдi.
З. Шетелден Қазақстан Республикасына керi
қайтару
43. Шетелден қызметкерлер Қазақстан Республикасына шетелде олар жұмыс iстеген жүйедегi министрлiктiң (ведомствоның) қарамағына қайтарылады.
Қазақстан Республикасына жүруiне байланысты шетелде жұмыстан босатылған қызметкерлерге осы Ережелердiң 9-13-тармақтарында белгiленген жол жүру өтемақысы төленедi.
Қызметкердiң және оның отбасы мүшелерiнiң жол жүру және жүк тасу құны шетелдегi жұмыс орнынан қызметкердi шетелге жiберген министрлiктiң (ведомствоның) орналасқан жерiне дейiн немесе, егер қызметкер мен оның отбасы мүшелерi сонда қайтатын болса, бұрынғы тұрақты мекен-жайына дейiн төленедi. Қызметкер тұрақты мекен-жайына оралған жағдайда оған жалақысы және жолда болған уақыты үшiн лауазымдық ақысының 200 процентi есебiнен тәулiктiк ақы белгiленген үстемелерiмен бiрге теңгемен төленедi.
44. Қазақстан Республикасы мекемелерiнiң қызметкерлерi шетелден Қазақстан Республикасына баратын кезде шетел аумағы бойынша жол жүрген уақыты үшiн ақы осы Ережелердiң 15-тармағына сәйкес теңгемен және шетел валютасымен, ал шекарадан өткен күннен бастап оның шетелдегi соңғы лауазымы бойынша үстемелерiн қосқанда теңгемен алған лауазымдық еңбекақысының 200 процентi шамасында есептеледi.
45. Қызметкер жұмыстан босаған кезде шығу жәрдемақысы Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында көзделген жағдайларда теңгемен алып жүрген лауазымдық ақысының 200 процентi есебiнен төленедi.
46. Барлық өтемақылар қызметкер шетелде жұмыс iстеген жүйедегi министрлiктiң (ведомствоның) есебiнен төленедi.
47. Кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшылары қызметкерлер Қазақстан Республикасына оралған кезде оларға жұмыс беруге, шетелден оралған отбасы мүшелерiне олардың мекен-жайы, мамандықтары мен жұмыс тәжiрибелерiн ескере отырып, дер кезiнде жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге мiндеттi.
48. Шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемелерiне жiберiлген қызметкерлердiң, сондай-ақ сол жерде штаттағы қызметке қабылданған олардың отбасы мүшелерiнiң сол мекемелердегi жұмыс iстеген уақыты - тұрақты мекен-жайына келе жатқандағы жол үстіндегі және шетелдегi жұмыс уақыты үшiн пайдаланылмаған еңбек демалысының уақыттарын есептемегенде, Қазақстан Республикасына оралғаннан кейiн екi ай iшiнде жұмысқа тұрған жағдайда мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру бойынша жәрдемақы тағайындалғанда олардың үзiліссiз еңбек стажына есептеледi.
Егер, тұрақты мекен-жайына келе жатқандағы жол үстіндегі уақытын есептемегенде, Қазақстан Республикасына оралған күнi мен жұмысқа тұрған күнiнiң арасындағы үзiлiс екi айдан аспайтын болса, аталған қызметкерлердiң шетелде болған уақытында Қазақстан Республикасының мекемелерiнде жұмыс iстемеген отбасы мүшелерiнiң еңбек стажы үзiлмейдi.
49. Егер қызметкер шетелге жiберiлгенге дейiн сыйақы немесе үстемеақы алуға құқық беретiн қызмет iстесе немесе сондай жұмыс атқарса және онда Қазақстан Республикасына оралғаннан кейiн екi ай iшiнде (мекен-жайына бару мен шетелде жұмыс iстеген уақыты үшiн пайдаланылмаған демалысында жүрген уақытын есептемегенде) қолданылып жүрген ережелер бойынша аталған сыйақылар немесе үстемелер төленетiн жұмысқа тұрса, шетелдегi Қазақстан Республикасы мекемелеріндегі жұмыс уақыты көп жылғы сiңiрген еңбегi үшiн сыйақы алуға немесе мамандығы бойынша жұмыс стажы үшiн үстемелер алуға құқық беретiн еңбек стажын үзбейдi. Қызметкермен бiрге шетелде болған отбасы мүшелерiнiң стажы да осындай тәртiппен сақталады.
Егер қызметкер мен олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасына оралған соң шетелге жiберiлгенге дейiн жұмыс iстеген кәсiпорынына жұмысқа орналасса, кәсiпорынның жалпы жылдық жұмыс қорытындылары үшiн берiлетiн сыйақыларының мөлшерiн белгiлеген кезде ескерiлетiн үздiксiз еңбек стажын есептегенде де аталған тәртiп қолданылады.
50. Мамандығы бойынша жұмыс стажына (педагогикалық, медициналық және т.б.) шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемелерiнде осы мамандық бойынша жұмыс iстеген уақыты кiредi.
III. Iссапарлар
А. Қазақстан Республикасынан шетелге iссапарлар
51. Қазақстан Республикасынан шетелге қызмет бабымен iссапарына жiберiлген қызметкерлердiң жұмыс орны (қызметi) мен жалақысы сақталады.
52. Iссапарда жүрген кезiнде қызметкерлерге тәулiктiкақы төленедi, сондай-ақ жол жүру, жүк тасу, тұрғын үй жалдау жөніндегі шығындары, шетелдiк паспорт пен рұқсат қағаз үшiн, халықаралық байланыс желiлерiн пайдаланғаны үшiн, анықтамалар алғаны үшiн, СПИД-тiк тексерiлуден өткенi үшiн (тиiстi құжаттары болған кезде), сондай-ақ паспортын тiркеген және шетел валютасына ауыстырғандағы комиссиялық алым үшiн шығындары өтеледi.
53. Iссапарда болған кезде тәулiктiк ақылар:
а) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүргенде - Қазақстан Республикасының шегiнде қызмет бабындағы iссапарларға ақы төлеу туралы заңдарда белгiленген нормалар бойынша теңгемен;
б) басқа елдердiң шетелдiк аумағында жол жүргенде және болған уақыты үшiн - Қазақстан Республикасынан шетелге уақытша iссапарларға баратын қызметкерлер үшiн белгiленген нормалар бойынша шетел валютасымен төленедi.
Қызметкерлердiң жекелеген санаттарына осы Ережелердiң № 1 қосымшасына сәйкес тәулiктiк ақы нормаларына қоса шетел валютасымен үстемелер төленедi.
Тәулiктiк ақы төлегенде осы Ережелердiң 9-тармағында көзделген тиiстi қағидалар қолданылады. Бұл ретте шетелге қызмет бабындағы iссапарға шыққан күнi үшiн, дәл осындай қайта оралғанда шекарадан өткен күнi үшiн тәулiктiк ақы шетел валютасымен белгiленген нормалардың 100 процентi мөлшерiнде төленедi.
Қызметкердi екi не одан да көп елге iссапарға жiберген кезде тәулiктiк ақы бiр елден екiншi елге жүрiп кеткен күнiне қызметкер бара жатқан елдiң нормасы бойынша 100 процент мөлшерiнде шетел валютасымен төленедi.
54.
Тегiн тұрғын үй берiлген жағдайда, бұл мақсатқа төлем жасалмайды.
Ескерту. 54-баптың 1-абзацы күшiн жойған - ҚРҮ-нiң 1996.04.19. № 479 қаулысымен.
55. Iссапарға байланысты шығындар нормалар бойынша және шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемелерiне жұмысқа жiберiлген қызметкерлерге арналған осы Ережелердiң 10 және 13-тармақтарында көзделген тәртiппен, осы тармақта айтылған қағидалар ескерiле отырып, өтелiнедi.
Тамақтану сомасы және тұрғын үй жалақысының есебiне енгiзiлген басқа да жеке қызмет көрсетулер тәулiктiк ақы есебiнен төленедi және өтелуге жатпайды.
Ескерту.
Тұрғын үй жалдау жөніндегі шығындар - сол ел бойынша да, тұтас алғанда басқа елдер бойынша да iссапардың жекелеген күндеріндегі артық шығындары есепке алынбай, әр тәулiк үшiн белгiленген нормалар шегiнде өтеледi.
56. Егер шетелге iссапарға барған қызметкер сонда Қазақстан Республикасының мекемесiне тұрақты жұмысқа ауысса, онда оның iссапарға шығар кездегi алған өтемақылары есепке кiргiзiлiп, сол мекемеден Қазақстан Республикасынан шетелге жұмысқа жiберiлгендер үшiн белгiленген өтемақылар алады. Мұндай жағдайда қызметкердiң жүк тасымалдау жөніндегі шығындары, бұрын төленген сомасы есепке алынбай, адам басына 80 кг, ал отбасына шаққанда 240 кг аспайтын мөлшерде өтеледi.
Шетелде уақытша iссапарларда болған қызметкерлерге олар үшiн Қазақстан Республикасындағы жұмыс орны бойынша белгiленген сол ұзақтығындай жалпы негiздегi еңбек демалыстары берiледi.
Б. Қазақстан Республикасы қызметкерлерiнiң
шетелден Қазақстан Республикасына және
шетелдегi iссапарлары
57. Шетелдегi қызметкерлердi Қазақстан Республикасына, сондай-ақ үшiншi елдерге қызмет бабындағы iссапарларына жiберген кезде iссапарының мерзiмiн - жiберушi ұйым, ал елдiң iшіндегі iссапарларда - шетелдегi Қазақстан Республикасының тиiстi мекемесiнiң басшылығы белгiлейдi.
58. Iссапарлардың бүкiл уақытында қызметкерлердiң атқарған лауазымы сақталады.
Қызмет бабындағы iссапармен шетел аумағында жүрген уақытында шетелдегi Қазақстан Республикасының мекемесi қызметкерлерiнiң жалақысы шетел валютасымен және теңгемен сақталады.
Қазақстан Республикасының аумағында қызмет бабындағы iссапарларда жүрген уақыты үшiн оларға тәулiктiк ақы Қазақстан Республикасының шегіндегі қызмет бабындағы iссапарлары үшiн белгiленген нормалар бойынша, шетелден Қазақстан Республикасына және қайта оралған жол жүру құны, сондай-ақ егер iссапармен бара жатқан жерi олардың тұрақты мекен-жайы болмаса, онда тұрғын үй жалдау жөніндегі нақты шығындары теңгемен төленедi.
Шетел аумағы бойынша жол жүру уақыты үшiн қызметкерлерге шетелде жұмыс iстеген уақытындағы сияқты сондай тәртiппен жалақы қызметкерлердi шетелге жұмысқа жiбергенде олар үшiн белгiленген нормалар бойынша шетел валютасымен тәулiктiк ақы төленедi, сондай-ақ осы Ережелердiң 55-тармағында көзделген тәртiппен және нормалар бойынша басқа шығындары да өтеледi.