Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы
1997 жылғы 7 мамырдағы № 101 Қазақстан Республикасының Заңы
(2023.01.05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Сенаттың және Мәжілістiң тұрақты комитеттерi, сондай-ақ Парламенттiң бiрлескен комиссиялары Қазақстан Республикасы Парламентiнiң жұмыс органдары болып табылады.
ҚР 1999.05.19. № 384-1 Заңымен 2-тармақ өзгертілді
2-бап. Сенат пен Мәжіліс тұрақты комитеттерiнiң және Палаталар комиссияларының өкiлеттiгi мен қызмет тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерімен, Парламенттiң және оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленедi.
3-бап. Сенат пен Мәжілістiң тұрақты комитеттерi тиiстi Палатаның депутаттары арасынан Парламенттiң бiрiншi сессиясында құрылады.
Сенат пен Мәжілістiң тұрақты комитеттерiнiң саны, олардың атауы Сенат пен Мәжілістiң отырыстарында тиiстi Палаталар депутаттарының ұсынысы бойынша белгiленедi.
Қажет болған жағдайда жаңа тұрақты комитеттер құрылуы, бұрын құрылғандарының таратылуы және қайта ұйымдастырылуы мүмкiн.
2-тарау. Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссияларын құру тәртібі
4-бап. Сенат пен Мәжіліс құратын тұрақты комитеттердiң саны әрбiр Палатада жетiден аспауға тиiс.
5-бап. Сенат пен Мәжілістiң тиiстi тұрақты комитеттерi мүшелерiнiң санын Палата анықтайды.
6-бап. Сенат пен Мәжіліс тұрақты комитеттерiнiң төрағалары комитеттердiң саны мен атауы белгiленгеннен кейiн сайланады.
2020.02.06. № 340-VІ ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 7-бап өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7-бап. Палаталардың тұрақты комитеттерінің төрағалары Сенат, Мәжіліс отырысында депутаттар арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен сайланады.
Парламенттік оппозиция өз депутаттарының арасынан Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің төрағалары лауазымына кандидатуралар ұсынуға құқылы.
Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бірінің төрағасы осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен парламенттік оппозициядан (ол бар болса) ұсынылған депутаттар арасынан сайланады.
8-бап. Тиiстi тұрақты комитет төрағасының қызметiне кандидатураларды Палата депутаттары ұсынады.
9-бап. Сенаттың, Мәжілістiң тұрақты комитетi төрағасының қызметiне кандидатқа Палата депутаттары алдында сөз сөйлеу құқығы берiледi. Кандидат сөз сөйлеп болғаннан кейiн депутаттардың оған сұрақтар қоюына, кандидатура жөнiнде өз пiкiрiн айтуға құқығы бар. Палатаның комитетi төрағасының қызметiне кандидатқа депутаттар сұрақтарына жауап қайтару үшiн уақыт бөлiнедi. Кандидаттарды талқылау Палаталар регламенттерiмен белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
10-бап. Егер тұрақты комитет төрағасының қызметiне екiден көп кандидат ұсынылса және дауыс беру кезiнде олардың ешқайсысы Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусын ала алмаса, ең көп дауыc санын алған екi кандидат бойынша қайта дауыс беру өткiзiледi.
Қайта дауыс беру кезiнде тұрақты комитеттiң төрағасы қызметiне ең көп дауыс алған кандидат сайланды деп есептеледi.
11-бап. Сенаттың, Мәжілістiң тұрақты комитетiнiң төрағасы тиiстi Палата Бюросының құрамына кiредi.
12-бап. Тұрақты комитеттiң төрағасы тұрақты комитет мүшелерi жалпы санының кем дегенде үштен екiсiнiң бастамасы бойынша тиiстi Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қызметiнен керi шақырылып алынуы мүмкiн.
13-бап. Тұрақты комитеттiң төрағасы қызметтен кетуге құқылы, егер Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiгi мұны жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледi.
14-бап. Сенат пен Мәжіліс тұрақты комитеттерiнiң төрағалары сайланғаннан кейiн Палата отырысында комитеттердiң мүшелерi сайланады.
15-бап. Палаталар тұрақты комитеттерiнiң құрамын қалыптастырған кезде депутаттың белгiлi бiр комитетте жұмыс iстеуге тiлек бiлдiру құқығы ескерiледi.
16-бап. Сенат пен Мәжілістiң Төрағалары және олардың орынбасарлары Палаталар тұрақты комитеттерiнiң құрамына кiре алмайды.
17-бап. Республика Парламентiнiң депутаты бiр тұрақты комитеттiң ғана мүшесi бола алады.
Депутат бiр тұрақты комитеттен екiншiсiне ауысуға құқылы. Депутаттың бiр тұрақты комитеттен екiншiсiне ауысуы туралы шешiм Палата қаулысымен, оның Регламентi белгiлеген тәртiппен қабылданады.
18-бап. Парламент депутатты Парламенттiң өзi құрамына кiрмейтiн тұрақты комитеттерi мен комиссияларының отырыстарына кеңесшi дауыс құқығымен қатысуға құқылы.
2020.02.06. № 340-VІ ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
19-бап. Сенаттың, Мәжілістiң тұрақты комитетiнiң хатшысы тиiстi тұрақты комитеттiң отырысында оның мүшелерi арасынан ашық дауыс беру арқылы Палатаның комитетi мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен сайланады.
Парламенттік оппозиция өз депутаттарының арасынан Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің хатшылары лауазымына кандидатуралар ұсынуға құқылы.
Парламент Мәжілісінің екі тұрақты комитетінің хатшысы осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен парламенттік оппозициядан (ол бар болса) ұсынылған депутаттар арасынан сайланады.
Осы Заңның 7-бабының үшінші бөлігіне және осы баптың үшінші бөлігіне сәйкес парламенттік оппозициядан ұсынылған депутаттар арасынан сайланған Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің төрағасы мен хатшылары Парламент Мәжілісінің әртүрлі тұрақты комитетіне сайланады.
20-бап. Тұрақты комитет төрағасының, комитет мүшелерiнiң ұсынысы бойынша тұрақты комитеттiң хатшысы, егер комитет мүшелерi жалпы санының көпшiлiгi мұны жақтап дауыс берсе, қызметiнен керi шақырылып алынуы мүмкiн.
21-бап. Палаталардың тұрақты комитеттерi өз қызметiнiң негiзгi бағыттары бойынша қосымша комитеттер құруы мүмкiн.
Палаталардың тұрақты комитеттерiнiң төрағасы мен хатшысы Палаталар комитетi қосымша комитеттерiнiң құрамына ене алмайды.
22-бап. Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжіліс тепе-теңдiк негiзде бiрлескен комиссиялар құруға құқылы. Парламенттiң бiрлескен комиссияларының сан құрамы Палаталар арасындағы келісім бойынша белгiленедi. Бiрлескен комиссиялардың мүшелерiн сайлауды әрбiр Палата дербес жүзеге асырады.
23-бап. Қаралатын заң жобалары бойынша туындаған келiспеушiлiктердi еңсеру үшiн Сенат пен Мәжіліс әрбiр Палата депутаттарының бiрдей санымен келісім комиссияларын құрады.
Келісім комиссияларын құру қажеттiгi туралы және олардың құрамына Сенат пен Мәжіліс депутаттарын сайлау туралы шешiмдi Палаталардың отырыстарында Сенат, Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшiлiгi қабылдайды.
24-бап. Қазақстан Республикасы Конституциясы 47-бабының 1-тармағында көзделген өкiлеттiктi жүзеге асыру мақсатында Парламент әрбiр Палатадан тең мөлшерде алынған депутаттардан және медицинаның тиiстi салаларындағы мамандардан тұратын арнаулы уақытша комиссия құрады.
25-бап. Қазақстан Республикасы Конституциясы 47-бабының 2-тармағында көзделген Сенат өкiлеттiгiн жүзеге асыру мақсатында Сенат арнаулы уақытша комиссия құрады.
26-бап. Сенат пен Мәжілістiң Қазақстан Республикасы Конституциясы 57-бабының 5) және 6)-тармақшаларында көзделген өкiлеттiгiн жүзеге асыру мақсатында Парламент Палаталары арнаулы комиссиялар құруы мүмкiн.
2009.29.04 № 154-ІV ҚР Заңымен 27- бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
27-бап. Парламенттiң және оның Палаталарының бiрлескен, келісім, арнаулы және өзге де комиссияларын құру, сондай-ақ олардың төрағаларын сайлау және Палаталардың бірлескен комиссияларының төрағаларын қызметтен босату тәртібі Парламент Регламентiмен, Сенат пен Мәжілістiң регламенттерiмен белгiленедi.
28-бап. Бiрлескен, келісім және арнаулы комиссиялардың қызметi уақытша сипатта болады, ол белгiлi бiр мерзiммен және (немесе) нақты мiндетпен шектеледi.
3-тарау. Қазақстан Республикасы Парламенті
комитеттері мен комиссияларының өкілеттігі
2009.29.04 № 154-ІV ҚР Заңымен 29- бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
29-бап. Сенат пен Мәжілістiң тұрақты комитеттерi заң жобаларымен жұмыс жүргiзу. Палатаның қарауына жататын мәселелердi алдын ала қарау және әзiрлеу үшiн құрылады.
Өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру үшiн Палатаның тұрақты комитетi:
1) заң актілеріне қорытындылар жасайды, тиiстi Палатаның Бюросына заң актiсi жобасын отырыстың күн тәртібіне енгізу не онымен жұмысты жалғастыру немесе дәлелдi негiздеме келтiре отырып, оны қабылдамау туралы ұсыныстар енгiзедi;
2) тиiстi Палатаның немесе оның Бюросының тапсырмасы бойынша нақты заң жобасы немесе Палатаның қарауына жататын басқа мәселе жөніндегі бас комитет қызметiн атқарады;
3) енгiзiлген заң жобаларын қарау жөніндегі жұмыс топтарын құрады, олардың құрамына заң жобасы бастамашыларын, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бiрлестiктер, ғылыми мекемелер өкiлдерiн, мамандарды, шаруашылық жүргiзушi субъектiлер басшыларын тартады;
4) заң актілері жобаларын әзiрлеу үшiн жұмыс топтарының құрамы жөнiнде тиiстi Палатаның Бюросына ұсыныстар енгiзедi;
5) осы заң актiсiне қатысты мәселелер бойынша заң жобасының бастамашыларын тыңдайды;
6) енгiзiлген заң жобаларының, қаулылар, Парламент пен оның Палаталары қабылдайтын басқа да актiлер жобаларының мәтiнiн өзгерту және (немесе) толықтыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
7) өзiн заң жобасы немесе басқа мәселе бойынша бас комитет деп белгiлеген жағдайда Палата тұрақты комитеттерiнiң, депутаттарының ескертпелерi мен ұсыныстарын жинақтайды, қорытынды және материалдар, сондай-ақ қосымша баяндама дайындайды;
8) Палаталар Республиканың лауазымды адамдарын қызметке тағайындауға Президентке келісім беру, оларды сайлау, тағайындау, қызметтен босату және ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыру жөніндегі өкiлеттiгiн жүзеге асыру мақсатында өз отырысында ұсынылған кандидатураларды талқылайды және қарау нәтижесi бойынша қорытынды шығарады;
9) 9) Парламент комиссияларының құрамына жіберілетін Палаталар депутаттарының кандидатуралары бойынша ұсыныстар енгізеді;
10) 2009.29.04 № 154-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
11) тиiстi Палата Бюросының шешiмiмен өз құзыретіндегі мәселелер бойынша парламенттiк тыңдаулар өткiзедi;
12) өз қарауындағы мәселелер бойынша Палаталардың басқа тұрақты комитеттерiнiң, мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының, қоғамдық бiрлестiктердiң, ғылыми мекемелердiң, мамандардың пiкiрлерiн сұрауы мүмкiн;
13) Парламент Палаталарына есеп беретiн лауазымды адамдардың есебiн немесе хабарын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгiзедi;
14) депутаттар енгiзген мәселелер мен ұсыныстарды қарайды, олар бойынша шешiм қабылдайды, қабылданған шешiмдердiң жүзеге асуын ұйымдастырады, сондай-ақ олардың орындалуына бақылау жасайды;
15) Палатаның қарауына сыртқы және iшкi саясаттың жалпы және жекелеген мәселелерi бойынша декларациялар, үндеулер мен мәлiмдемелер қабылдау туралы ұсыныстар енгiзедi;
16) Палата Бюросына шет мемлекеттерге жiберiлетiн ресми парламенттiк делегациялардың құрамы жөнiнде ұсыныс енгiзедi.
ҚР 1999.05.19. № 384-1 Заңымен Заң 29-1 -баппен толықтырылды
29-1-бап. Республика Президентінің ұсынысы бойынша Парламент Сенатының және (немесе) Мәжілісінің тұрақты комитеттері өзге де мәселелерді қарайды және мемлекет Басшысына тиісті қорытындыларды табыс етеді.
30-бап. 2009.29.04 № 154-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
31-бап. Бiрлескен комиссиялардың өкiлеттiгiн депутаттар Парламент Палаталарының бiрлескен отырыстарында оларды құрған кезде белгiлейдi.
32-бап. Келісім комиссияларының өкiлеттiгi олардың қарауына енгiзiлген мәселелер ауқымымен шектеледi.
33-бап. Парламенттiң арнаулы комиссияларының өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгiленедi.
4-тарау. Қазақстан Республикасы Парламент
комитеттері мен комиссияларының қызметін ұйымдастыру
34-бап. Сенаттың, Мәжілістiң тұрақты комитетiнiң төрағасы:
1) тұрақты комитеттiң жұмысына басшылық жасайды;
2) тұрақты комитеттiң жұмыс жоспарын және оның отырысы күн тәртібінiң жобасын жасайды;
3) комитеттiң, Палата Бюросының, Палатаның шешiмi бойынша тұрақты комитет мүшелерiне берiлген тапсырмалардың орындалуын ұйымдастырады;
4) өзiне Палатаның Регламентiмен жүктелген басқа да мiндеттердi орындайды.
35-бап. Сенаттың, Мәжілістiң тұрақты комитетiнiң хатшысы:
1) тұрақты комитеттiң iс жүргiзуiн және оның отырыстарының хаттамаға түсiрiлуiн ұйымдастырады;
2) тұрақты комитеттiң төрағасы болмаған жағдайда оның мiндеттерiн атқарады;
3) өзiне Палатаның Регламентiмен жүктелген басқа да мiндеттердi атқарады.
36-бап. Палаталардың тұрақты комитеттерiнiң мүшелерi комитеттердiң қызметiне белсене қатысуға, олардың тапсырмаларын орындауға мiндеттi.
Сенаттың, Мәжілістiң тұрақты комитеттерiнiң мүшелерi комитет отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
Тұрақты комитеттiң мүшесi:
1) сайлауға және комитет төрағалығына, хатшылығына сайлануға, осы кандидатуралар бойынша ұсыныс енгізуге;
2) комитет отырысында қарау үшiн мәселелер ұсынуға, күн тәртібі, талқыланатын мәселелердi қарау тәртібі мен олардың мәнi бойынша ұсыныстар мен ескертпелер енгізуге;
3) комитет отырыстарында комитет құзыретiне жататын мәселелер бойынша лауазымды адамдарды тыңдау туралы ұсыныс енгізуге;
4) заңдардың, қаулылардың, комитет отырысында әзiрленiп жатқан басқа да актiлердiң жобаларына түзетулер енгізуге;
5) комитет отырысында баяндама жасаушыларға, төрағалық етушiге сұрақтар қоюға;
6) өз ұсыныстарын негiздеп сөйлеуге, анықтамалар беруге;
7) комитет мүшелерiн азаматтардың, қоғамдық бiрлестiктердiң өтiнiштерiмен таныстыруға;
8) комитет отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларынан депутаттардың сөйлеген сөздерiнiң мәтiндерiмен танысуға;
9) заңдарға сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқылы.
37-бап. Ұсыныстары тұрақты комитеттiң қолдауын таппаған депутат оларды регламенттерге сәйкес Парламент Палатасының отырыстарында осы мәселенi талқылаған кезде енгiзе алады немесе олар жайында төрағалық етушiге жазбаша түрде хабарлай алады.
38-бап. Депутаттар өз ынтасымен немесе тұрақты комитеттiң тапсыруы бойынша өздерiнiң аймақтары мен сайлау округтерiнде комитеттiң құзыретіндегі мәселелердi зерделейдi, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың ұсыныстарын жинақтайды, өз қорытындылары мен ұсыныстарын комитетке хабарлайды.
39-бап. Тұрақты комитеттер өз шешiмдерi мен тапсырмаларын орындауға комитеттер мүшелерiнiң қатысуы туралы олардың хабарламаларын тыңдауға құқылы.
ҚР 1999.05.19. № 384-1 Заңымен 40 -бап өзгертілді
40-бап. Тұрақты комитеттiң мүшесi комитеттiң отырыстарына дәлелсiз себептермен қатыспаған жағдайда оған «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен, сондай-ақ Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленген тәртiппен жазалау шаралары қолданылады.
41-бап. Сенат пен Мәжілістiң тұрақты комитеттерi өздерiнiң құзыретіндегі мәселелер бойынша қызмет нысандары мен әдiстерiн еркiн таңдап алады, мемлекеттік органдармен және қоғамдық бiрлестiктермен өзара қарым-қатынас жасайды, қоғамдық пiкiрдi зерделейдi және ескерiп отырады.
42-бап. Сенат пен Мәжіліс тұрақты комитеттерiнiң отырыстары қажетiне қарай, бiрақ айына кемiнде екi рет өткiзiлiп тұрады.
43-бап. Тұрақты комитеттiң төрағасы отырыстарды өз бастамасы бойынша да, сондай-ақ комитет депутаттарының, Палата Төрағасының ұсынысы бойынша да шақырады.
44-бап. Тұрақты комитеттердiң отырыстары ашық өткiзiледi. Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiнде көзделген жағдайларда жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн.
2015.12.11. № 393-V ҚР Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 45-бап өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
45-бап. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының басшылары, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасының Үкіметінің Парламенттегі өкілдері тұрақты комитеттердің кез келген ашық, сол сияқты жабық отырыстарына қатысуға құқылы және өз сөздерін тыңдатуға құқығы бар.
46-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары Парламент Палаталарында тiркелген жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi тұрақты комитеттердiң ашық отырыстарына қатыса алады.
47-бап. Палаталардың тұрақты комитеттерiнiң отырыстары олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болады.
48-бап. Тұрақты комитеттiң отырыстарында комитеттiң төрағасы немесе хатшысы төрағалық етедi.
Комитеттердiң отырыстары хаттамалармен ресiмделедi. Тұрақты комитеттер отырыстарының хаттамаларына төрағалық етушi қол қояды.
49-бап. Тұрақты комитеттер өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша комитет мүшелерi жалпы санының көпшiлiк дауысымен қаулылар қабылдайды.
50-бап. Бiрнеше тұрақты комитеттердiң құзыретiне жататын мәселелердi комитеттердiң өз бастамасы бойынша, сондай-ақ Палатаның тапсырмасымен, не палата Бюросының ұсынысымен комитеттердiң бiрлесiп әзiрлеуiне және қарауына болады. Бұл орайда жұмысты үйлестiру, Палата Бюросының ұсыныстары мен есептерiн қорыту үшiн сол мәселе бойынша тұрақты бас комитет айқындалады. Егер ондай шешiм қабылданбаса, қаулыда бiрiншi болып аталған комитет бас комитет болып есептеледi.
51-бап. Тұрақты комитеттер бiрлескен отырыстар өткізуге құқылы, оларды комитеттердiң төрағалары өзара келiсе отырып жүргiзедi. Бұл орайда қаулы әрбiр тұрақты комитеттiң жалпы құрамының көпшiлiк даусымен қабылданады.
52-бап. Тұрақты комитеттер өз құзыретiне жататын мәселелердi қараған кезде тең құқықтарды пайдаланып, тең мiндеттер атқарады.
Тұрақты комитеттердiң белгiлi бiр мәселе бойынша айқындамаларында келiспеушiлiк болған жағдайда олар келiспеушiлiктердi еңсеру жөнiнде шаралар қолданады. Егер комитеттер келісімге келе алмаса, олар өз пiкiрiн бұл мәселемен одан әрi жүргiзiлетiн жұмыс нысаны туралы шешiм қабылдайтын Палаталар Бюросына дейiн жеткізеді.
Палаталар отырысында комитеттердiң келiспеушiлiгі еңсерiлмеген мәселелер қаралған кезде келiспеушiлiктердiң мәнiсi, Палаталар Бюросының келiспеушiлiктердi еңсеру жөнiнде қолданылатын шаралары және олар ұсынатын шешiм депутаттарға хабарланады. Мұндай мәселелер бойынша дауыс беру Палаталар регламенттерiне сәйкес жүргiзiледi.
53-бап. Тұрақты комитеттердiң өкiлдерi өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша Парламент пен оның Палаталарының пленарлық отырыстарында баяндамалар мен қосымша баяндамалар жасай алады.
Тұрақты комитеттер өздерi алдын ала немесе қосымша қарауға берген, Палаталардың қарауына енгiзген мәселелер бойынша өздерiнiң баяндамашыларын немесе қосымша баяндамашыларын бөледi.
Тұрақты комитеттердiң бiрлесiп әзiрлеген мәселелерi бойынша комитеттер бiрлескен баяндамалар және қосымша баяндамалар жасай алады не өздерiнiң ескертпелерiн, ұсыныстарын, қорытындыларын жеке табыс ете алады.
54-бап. Тұрақты комитеттер қаралатын мәселелердi әзiрлеу үшiн Палата депутаттарын, министрлiктердiң, мемлекеттік комитеттердiң және өзге де орталық атқарушы органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, ғылыми мекемелердiң өкiлдерiн, сондай-ақ мамандар мен ғалымдарды тарта отырып, жұмыс топтарын құра алады.
Тұрақты комитеттер өз жұмысына әртүрлi саланың мамандарын сарапшылар ретiнде тартуға, сондай-ақ заң жобаларының тәуелсiз сараптамасын тағайындауға құқылы.
55-бап. Тұрақты комитеттер:
өз қызметi үшiн қажеттi материалдар мен құжаттарды мемлекеттік, қоғамдық бiрлестiктерден, ұйымдардан және лауазымды адамдардан сұратып алуға;
лауазымды адамдарды өз отырыстарына шақыруға және комитеттердiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша оларды тыңдауға құқылы.
Мемлекеттік органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар тұрақты комитеттерге сұратылған материалдар мен құжаттарды заңмен қорғалатын құпияны ескере отырып беруге мiндеттi.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 56-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
56-бап. Тұрақты комитет қарайтын мәселелер бойынша қорытындылар әзiрлеу үшiн қажеттi мерзiм Палатаның шешiмi бойынша берiлген тапсырмада көрсетiледi немесе Палаталардың регламенттерiнде белгiленедi.
Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы бар, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi.
57-бап. Парламент пен оның Палаталарының бiрлескен, келісім және арнаулы комиссияларының қызметiн ұйымдастыру Палаталар тұрақты комитеттерiнiң қызметiн ұйымдастырумен ұқсас.
2009.29.04 № 154-ІV ҚР Заңымен 58 бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
58-бап. Қазақстан Республикасы Конституциясы 57-бабының 5) тармақшасына сәйкес Парламент Палаталары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша парламенттiк тыңдаулар өткiзедi.
Парламенттiң Палаталарындағы парламенттiк тыңдауларды Палаталар Бюросының шешiмi бойынша Палаталардың тұрақты комитеттерi өткiзедi.
Парламенттiк тыңдауларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Парламент Палаталарының регламенттерiнде белгiленедi.
5-тарау. Қорытынды ережелер
59-бап. Тұрақты комитеттердiң қызметiн үйлестiру Палаталардың Бюросына жүктеледi.
60-бап. Тұрақты комитеттер мен олардың мүшелерінің қызметiн ұйымдық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де жағынан қамтамасыз етудi Парламент Палаталарының тиiстi аппараттары жүзеге асырады.
61-бап. Тұрақты комитеттерде iс жүргiзу Регламентке және Қазақстан Республикасы Парламентiнде Құжаттармен жұмыс iстеу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасының
Президентi