Заңды тұлға осы тармақтың бірінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген әрекеттерді жүзеге асырмаған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруға не таратуға жатады.
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
16-бап. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданысын тоқтата тұру, тоқтату не одан айыру үшін негіздер
1. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданысы мынадай негіздердің бірі бойынша алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады:
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) қызметін осы Заңның 14-бабының 5 және 6-тармақтарында, 14-1-бабының 3, 5 және 7-тармақтарында көзделген талаптарды бұза отырып жүзеге асырған;
2) пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді бұзу;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептілікті бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан көп рет) ұсынбау;
4) анық емес қаржылық немесе өзге де есептілікті ұсынғаны үшін бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан көп рет) әкімшілік жауаптылыққа тартылу;
5) уәкілетті органның жазбаша нұсқамасын орындамау;
6) тексеруді белгіленген мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік бермеуге алып келетін оны жүргізуге кедергі келтіру;
7) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптарды бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан көп рет) бұзу;
8) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін ұсынылған құжаттарда анық емес мәліметтер мен ақпараттың анықталуы.
2. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиядан айыру мынадай негіздердің бірі бойынша жүргізіледі:
1) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия қолданысының жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) тоқтата тұрылуы;
2) қызметін Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, сондай-ақ уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұза отырып жүзеге асыру;
3) уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау;
4) осы Заңда көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асыру;
5) анық емес қаржылық немесе өзге де есептілікті ұсынғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) тартылу;
6) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияны алған күннен бастап қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде қызметті жүзеге асырмау;
7) микроқаржы ұйымының қызметін тоқтату туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі;
8) қайта ұйымдастыру немесе тарату арқылы өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдау.
Микроқаржы ұйымы микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданысын тоқтатуға өтініш бергенге дейін өзінің барлық міндеттемесін орындауға тиіс. Өтінішке бір мезгілде барлық міндеттеменің орындалғанын растау туралы хат қоса беріледі;
9) тексеруді белгіленген мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік бермеуге алып келетін оны жүргізуге екі реттен артық кедергі келтіру.
3. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданылуын тоқтата тұру не одан айыру түріндегі санкцияларды қолданудың орындылығын айқындау кезінде мыналар:
1) тәуекел деңгейі, бұзушылықтардың және (немесе) анықталған кемшіліктердің сипаты және олардың салдары;
2) жол берілген бұзушылықтардың және (немесе) анықталған кемшіліктердің ауқымы мен маңыздылығы және олардың салдары;
3) бұзушылықтардың және (немесе) анықталған кемшіліктердің жүйелілігі мен ұзақтығы;
4) жол берілген бұзушылықтардың және (немесе) анықталған кемшіліктердің микроқаржы ұйымының қаржылық жағдайына ықпалы;
5) жол берілген бұзушылықтардың және (немесе) анықталған кемшіліктердің туындауына негіз болған себептер;
6) анықталған кемшіліктерді, тәуекелдерді немесе бұзушылықтарды жоюға бағытталған дербес шаралар қабылдауы ескеріледі.
4. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданысын тоқтату «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.
5. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы шешім қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданысы мұндай шешім микроқаржы ұйымының назарына жеткізілген күннен бастап тоқтатыла тұрды деп есептеледі.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы қабылданған шешім жөніндегі ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
6. Уәкілетті органның микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданысын тоқтата тұру не одан айыру туралы шешіміне сот тәртібімен шағым жасалады.
Уәкілетті органның микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы шешіміне шағым жасау мұндай шешімнің орындалуын тоқтата тұрмайды.
7. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданысын тоқтата тұру микроқаржы ұйымының микрокредит беру туралы жаңа шарттар жасасуына, оның ішінде микрокредит беру туралы қолданыстағы шарттардың қолданылу мерзімін ұзартуына және оларды микроқаржы ұйымының міндеттемелері мен жауапкершілігін, сондай-ақ қарыз алушының міндеттемелері мен жауапкершілігін ұлғайтуды көздейтіндей етіп өзгертуіне тыйым салуға алып келеді. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы тоқтатыла тұрған микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы бұрын жасалған шарттар бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындауға міндетті.
8. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиядан айырылған не оның қолданысы тоқтатыла тұрған микроқаржы ұйымы микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
9. Микроқаржы ұйымы уәкілетті орган микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өзінің атауынан «микроқаржы ұйымы», «кредиттік серіктестік», «ломбард» деген сөздерді, олардан туындайтын, көрсетілген заңды тұлғаның микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратынын болжайтын сөздерді немесе аббревиатураны алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
17-бап. Микрокредиттер беру қағидалары
Микрокредиттер беру қағидаларында мынадай мәлiметтер:
1) микрокредит беруге арналған өтінішті беру тәртібі және оны қарау тәртібі;
2) микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі;
3) микрокредиттiң шекті сомалары және оны беру мерзiмдерi;
4) берiлетiн микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің шектi шамалары;
5) берiлген микрокредиттер бойынша сыйақы төлеу тәртiбi;
6) микроқаржы ұйымы қабылдайтын қамтамасыз етуге қойылатын талаптар;
7) берілетін микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидалары;
8) микрокредитті өтеу әдістері қамтылуға тиіс.
Микрокредиттер беру қағидаларында микрокредит берудің өзге де шарттары және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін мәліметтер де қамтылуы мүмкін.
18-бап. Iшкi бақылау қызметi
1. Микроқаржы ұйымы өзiнiң қаржы-шаруашылық қызметiн бақылауды жүзеге асыруы үшiн iшкi бақылау қызметiн құруы мүмкін.
2. Iшкi бақылау қызметiнiң жұмыс тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ микроқаржы ұйымының iшкi қызметiн реттейтiн қағидаларда, ережеде және өзге де құжаттарда айқындалады.
19-бап. 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20-бап. 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21-бап. Микрокредит беру құпиясы
1. Микрокредит беру құпиясы қарыз алушылар, микрокредиттердiң мөлшерлерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары туралы және микроқаржы ұйымының операциялары туралы (микрокредиттер беру қағидаларын қоспағанда) мәлiметтердi қамтиды.
Тарату процесіндегі микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру туралы жасасқан шарттары жөнiндегi мәлiметтер микрокредит беру құпиясына жатпайды.
2. Микроқаржы ұйымдары микрокредит беру құпиясына кепiлдiк бередi.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Микрокредит беру құпиясы берілген микрокредиттер бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарыз алушыға, микроқаржы ұйымында жеке өзінің қатысуымен берілген жазбаша келісімі негізінде кез келген үшінші тұлғаға, кредиттік бюроға ғана, сондай-ақ осы баптың 4, 5, 5-1 және 6-тармақтарында көрсетiлген тұлғаларға ашылуы мүмкiн.
4. Қарыз алушылар, микрокредиттердiң мөлшерлерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары туралы, микроқаржы ұйымы жүргiзген операциялар туралы мәлiметтер:
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) қылмыстық қудалау функциясын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға: олар жүргiзiп жатқан қылмыстық iстер бойынша мөрмен расталған және прокурор санкция берген жазбаша сұрау салу негiзiнде;
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
1-1) прокурордың санкциясымен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына және Мемлекеттік күзет қызметіне: барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу үшін қажетті ақпаратты беру туралы олардың талап етуі бойынша;
2) соттарға: олар жүргiзiп жатқан iстер бойынша соттың ұйғарымы, қаулысы, шешiмi және үкiмi негiзiнде;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3) тармақша өзгертілді
3) мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына: олар жүргізіп жатқан атқарушылық іс жүргізу істері бойынша әділет органдарының мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен расталған, сот орындаушысының прокурор санкциялаған қаулысы негізінде;
4) прокурорға: оның құзыретi шегiнде өзінің қарауында жатқан материал бойынша тексеру ісін жүргізу туралы қаулы негiзiнде;
2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) салықтық әкімшілендіру мақсатында ғана мемлекеттік кіріс органдарына: тексерiлетiн тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша нұсқама негiзiнде;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 6) тармақша жаңа редакцияда
6) қарыз алушының өкiлдерiне: сенімхат негізінде, жеке тұлға болып табылатын қарыз алушы бойынша нотариат куәландырған сенімхат негізінде;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды; 2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті органға: өзі жөнінде соттың банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген шешімі бар тұлғаға қатысты, банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғалғанға дейін бес жыл ішіндегі кезең үшін прокурордың санкциясымен беріледі.
5. Қарыз алушы, микрокредит мөлшерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары жөнiндегi мәлiметтер қарыз алушы қайтыс болған жағдайда, осы баптың 4-тармағында көзделген тұлғалардан басқа, жазбаша сұрау салу негiзiнде, сондай-ақ:
1) қарыз алушы өсиетте көрсеткен тұлғаларға;
2) нотариустарға: өздері жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша нотариустың мөрiмен расталған, оның жазбаша сұрау салуы негiзiнде беріледі.
Нотариустың жазбаша сұрау салуына қайтыс болу туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса берiлуге тиiс;
3) шетелдiк консулдық мекемелерге: олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Микрокредит беру құпиясы банк омбудсманына оның қарауында жатқан, қарыз алушылардың - жеке тұлғалардың өзі бойынша құқық (талап ету) осы Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген тұлғаға берілген микрокредит беру туралы шарттан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу жөніндегі жүгінулері бойынша ашылуы мүмкін.
6. Мыналар:
1) кредиттік бюроларға микроқаржы ұйымдарының теріс ақпарат беруі және күнтізбелік жүз сексен күннен асатын мерзімі өткен берешегі жөнінде кредиттік тарих субъектісі туралы кредиттік бюролардың теріс ақпарат беруі;
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) микроқаржы ұйымдарының негізгі борыш және (немесе) есепке жазылған сыйақы бойынша мерзімі өткен берешегі бар микрокредитке байланысты ақпаратты осы Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғаларға беруі;
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) микроқаржы ұйымдарының коллекторлық агенттікке осы коллекторлық агенттікпен берешекті өндіріп алу туралы жасасқан шарт шеңберінде микрокредит жөнінде ақпарат беруі;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен уәкілетті орган арасында ақпарат, оның ішінде микрокредит беру құпиясын құрайтын мәліметтер алмасу;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе микроқаржы ұйымында басқарушылық функцияларды орындайтын адамның қылмыстық қудалау органына қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабар жіберілген кезде растау құжаттары мен материалдары ретінде микрокредит беру құпиясын қамтитын құжаттар мен мәліметтерді ұсынуы микрокредит беру құпиясын ашу болып табылмайды.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
22-бап. Бухгалтерлiк есепті жүргiзу және қаржылық есептiлiкті жасау
Микроқаржы ұйымының бухгалтерлік есепті жүргізуі және қаржылық есептілікті жасауы, бухгалтерлік есептің жүргізілуін автоматтандыру Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
23-бап. Құжаттарды сақтау
Микроқаржы ұйымының қызметiне байланысты құжаттарды сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
24-бап. Микрокредиттер беру жөнiндегi қызметке және шындыққа сай келмейтiн жарнамаға тыйым салу
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар ретiнде тiркелмеген заңды тұлғалардың микрокредиттер беру жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Микроқаржы ұйымдарына:
1) өздерiнiң қызметі туралы жарнаманы жариялау күніне шындыққа сәйкес келмейтін жарнама жасауға;
2) Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасына сәйкес келмейтін шарттарда микрокредит ұсынумен байланысты жарнама жасауға тыйым салынады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымынан шындыққа сәйкес келмейтін жарнамаға өзгерістер енгізуді, оны тоқтатуды немесе оны теріске шығару туралы жариялауды талап етуге құқылы.
Осы талап уәкілетті орган белгілеген мерзімде орындалмаған жағдайда, уәкілетті орган жарнамадағы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні туралы ақпаратты жариялауға не осындай жарнаманы жариялаған микроқаржы ұйымы есебінен оларды нақтылауға құқылы.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы жоқ заңды тұлғалардың микроқаржылық қызмет санатына жататын, жүзеге асырылатын қызмет көрсетулерді жарнамалауына тыйым салынады.
25-бап. Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату
Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
4-тарау. МИКРОҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
26-бап. Микроқаржы ұйымы үшін белгіленетін пруденциялық нормативтер және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттер
Пруденциялық нормативтердің және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердің құрамына:
1) жарғылық капиталдың ең төменгi мөлшерi;
2) меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері;
3) меншікті капиталдың жеткiлiктiлiгi;
4) бір қарыз алушыға тәуекелдің ең жоғарғы мөлшері;
5) левередж коэффициенті кіреді.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
27-бап. Уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыреті
Уәкілетті орган:
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) микроқаржылық қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
2) 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) тиісті микроқаржылық қызмет түріне қатысты пруденциялық нормативтердi және микроқаржы ұйымының сақтауы мiндеттi өзге де нормаларды және лимиттердi, оларды есептеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
4) 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-1) - 4-3) тармақшалармен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-1) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4-1) микроқаржы ұйымы (ломбардты қоспағанда) қарыз алушысының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу тәртібін және оның шекті мәнін айқындайды;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-2) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4-2) микрокредит алуға қажетті құжаттардың тізбесін, сондай-ақ микрокредит беру туралы шарт бойынша кредиттік дерекнаманы жүргізу тәртібін айқындайды;
4-3) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша ломбардта заттарды сақтау, ломбардтардың үй-жайларының қауіпсіздігін және техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, ломбардтарда заңсыз алынған заттардың айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды белгілеу мәселелерін қоса алғанда, ломбардтардың қызметін ұйымдастыру тәртібін бекітеді;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 4-4) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-4) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша микроқаржылық қызметті лицензиялау қағидаларын бекітеді;
5) берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыру және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру қағидаларын әзірлейді және салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша бекітеді;
6) микроқаржы ұйымының қызметіне тексеруді жүзеге асырады;
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) микроқаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7) тармақша жаңа редакцияда; 2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7) тармақша өзгертілді
7) сотқа:
осы Заңның 16-бабының 9-тармағында көзделген талап орындалмаған жағдайда, микроқаржы ұйымдарын;
микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар ретінде тіркелген, микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алуға осы Заңның 14-бабының 1-тармағында белгіленген мерзім ішінде өтініш жасамаған, сондай-ақ осы Заңның 15-бабы 2-тармағының бірінші және үшінші бөліктерінде көзделген талаптарды орындамаған заңды тұлғаларды;
2021 жылға дейін микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар ретінде тіркелген, микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны алуға осы Заңның 31-бабының 2-1-тармағында белгіленген мерзім ішінде өтініш жасамаған заңды тұлғаларды;
қарыз беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын (микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алған, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар, сондай-ақ микроқаржы ұйымдары ретінде тіркелген тұлғаларды қоспағанда), осы Заңға сәйкес микроқаржы ұйымы ретінде мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өтпеген заңды тұлғаларды;
осы Заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік қайта тіркеуден өтпеген микрокредиттік ұйымдарды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру не тарату туралы талап қою береді;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті органмен келісу бойынша мыналарды бекітеді:
1) микроқаржы ұйымының пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормаларды және лимиттерді орындауы туралы есептіліктің тізбесі, нысандары, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібі;
2) микроқаржы ұйымының қаржылық пен өзге де есептілігінің тізбесі, нысандары, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібі.
28-бап. Микроқаржы ұйымына қолданылатын ықпал ету шаралары және оларды қолдану негіздері
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымы пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді бұзған, микроқаржы ұйымының лауазымды адамдары мен жұмыскерлерінің заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған, Қазақстан Республикасы заңдарының және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптары сақталмаған кезде, осы бапта белгіленген ықпал ету шараларын қолданады.
Ықпал ету шаралары деп шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар түсініледі.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шаралары ретінде микроқаржы ұйымына мынадай шектеулі шараларды қолдануға:
1) орындалуы мiндеттi жазбаша нұсқама беруге;
2) жазбаша ескерту шығаруға;
3) жазбаша келісім жасауға құқығы бар.
Анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы міндетті түзету шараларын қолдануға және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - іс-шаралар жоспары) белгiленген мерзiмде ұсыну қажеттілігіне арналған микроқаржы ұйымына берілген нұсқау жазбаша нұсқама болып табылады.