2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Егер әлеуетті жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мақсатында құрылған заңды тұлға болып табылған жағдайда:
1) әлеуетті жекеше әріптес және оның қатысушылары (акционерлері) осы баптың 1-тармағының 1), 2), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс;
2) әлеуетті жекеше әріптестің және (немесе) оның қатысушыларының (акционерлерінің) меншікті немесе меншікті және қарыздық қаражатының жиынтық мөлшері осы баптың 1-тармағы 8) тармақшасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Бұл ретте әлеуетті жекеше әріптестің қатысушысы (акционері) әлеуетті жекеше әріптестіктің құрылтай құжаттарында мұндай міндетті көрсете отырып, осы баптың 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге міндетті;
3) әлеуетті жекеше әріптес және (немесе) оның қатысушылары (акционерлері) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, осы Заңның ақпарат беру жөніндегі талаптары, сондай-ақ біліктілік талаптарына сәйкестікке анық емес ақпарат бергені үшін жауаптылық әлеуетті жекеше әріптестің қатысушыларына да (акционерлеріне де) қолданылады.
2. Әлеуетті жекеше әріптестерге қойылатын қосымша (арнайы) біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленуі мүмкін.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптеске осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген біліктілік талаптарын қоюға құқылы емес. Әлеуетті жекеше әріптес біліктілік талаптарына қатысты емес ақпаратты ұсынбауға құқылы.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Әлеуетті жекеше әріптес өзінің біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушыға растау құжаттарын табыс етеді, олардың тізбесі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларында көзделеді.
5. Әлеуетті жекеше әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезиденті өзінің осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасының резиденті ұсынатындай құжаттарды не әлеуетті жекеше әріптес-Қазақстан Республикасы бейрезидентінің біліктілігі туралы ұқсас мәліметтерді қамтитын құжаттарды ұсынады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Әлеуетті жекеше әріптес біліктілік талаптарына сай келуіне анық емес ақпарат ұсынған жағдайда, сот оны жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп таныған кезден бастап кейінгі үш жыл бойы жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) не тікелей келіссөздерге қатысуға жіберілмейді.
Әлеуетті жекеше әріптес ұсынатын біліктілік талаптары жөніндегі ақпараттың анықтығын конкурстық (аукциондық) комиссия, конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы, уәкілетті мемлекеттік органдар жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді өткізудің кез келген сатысында анықтай алады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Әлеуетті жекеше әріптестің біліктілік талаптары бойынша анық емес ақпарат ұсыну фактісін анықтаған тұлғалар осындай факт анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушыны және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органды анық емес ақпарат ұсыну фактісін растайтын құжаттардың көшірмелерін хабарламаға қоса бере отырып, бұл туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.
Конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы осындай факт анықталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей сотқа біліктілік талаптары бойынша анық емес ақпарат ұсынған әлеуетті жекеше әріптесті жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп тану туралы талап қою береді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға соттардың әлеуетті жекеше әріптесті жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп тану туралы заңды күшіне енген шешімдерін мұндай шешімдерді алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33-бап. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) не тікелей келіссөздерге қатысуға байланысты шектеулер
1. Әлеуетті жекеше әріптес, егер:
1) осы әлеуетті жекеше әріптес басшыларының және (немесе) осы әлеуетті жекеше әріптестің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары жекеше әріптесті айқындау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушының өкілдері болып табылса;
2) әлеуетті жекеше әріптестің баланстық құны тиісті негізгі құралдар құнының он пайызынан асатын мүлкіне тыйым салынған болса;
3) әлеуетті жекеше әріптестің атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар болса және оны атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізген болса;
4) әлеуетті жекеше әріптестің қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына не Қазақстан Республикасы бейрезидент-әлеуетті жекеше әріптес мемлекетінің заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған болса, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) не тікелей келіссөздерге қатысуға құқылы емес.
2. Әлеуетті жекеше әріптес пен әлеуетті жекеше әріптестің үлестес тұлғасының жекеше әріптесті айқындау жөніндегі бір конкурсқа (аукционға) қатысуға құқығы жоқ.
3. Осы баптың талаптарын бұзушылықтарды конкурстық (аукциондық) комиссия, конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы, уәкілетті мемлекеттік органдар мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жоспарлау мен іске асырудың кез келген сатысында анықтай алады.
34-бап. Біліктілік іріктеу
1. Біліктілік іріктеу әлеуетті жекеше әріптестің белгіленген біліктілік талаптарына сай келуін айқындау мақсатында жүргізіледі.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Біліктілік іріктеуді конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларына сәйкес жүргізеді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Біліктілік іріктеуден өткен әлеуетті жекеше әріптес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) не тікелей келіссөздерге қатысушы деп танылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
35-бап. Жекеше әріптесті конкурс (аукцион) тәсілімен айқындау
1. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс (аукцион) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы жекеше әріптесті айқындау үшін конкурстық (аукциондық) комиссия құрады.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың (аукционның) нәтижелері, сондай-ақ жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурстың нәтижелері туралы мәліметтерді қазақ және орыс тілдерінде өзінің интернет-ресурсында орналастырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жариялау үшін Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығына жібереді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 36-бап жаңа редакцияда
36-бап. Конкурсты (аукционды) өткізу туралы хабархат
Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты (аукционды) өткізу туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік-жекешелік әріптестік веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 37-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
37-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасы
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасын конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы бекітеді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы барлық әлеуетті жекеше әріптестерге осы Заңның 20-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және осы Заңның 21-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісілген мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасын ұсынады, онда мынадай ақпарат қамтылады:
1) әлеуетті жекеше әріптестердің қойылатын біліктілік талаптарына сай келуін растайтын құжаттарға қойылатын талаптар;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының сипаттамасын қамтитын ақпараттық парақ;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің орналасқан жері;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік қолдаудың болжамды түрлері мен көлемдері, сондай-ақ шығындарды өтеу мен кірістерді алу көздері;
5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасы;
6) үздік конкурстық (аукциондық) өтінімді айқындау өлшемшарттарының сипаты;
7) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының параметрлері көрсетілуге тиіс валютаны (валюталарды) нұсқау және салыстыру және бағалау мақсатында бірыңғай валютаға келтіру үшін қолданылатын валюта (валюталар) бағамы;
8) конкурстық (аукциондық) өтінімді ұсыну тіліне қойылатын талаптар;
9) әлеуетті жекеше әріптестің өз конкурстық (аукциондық) өтінімін конкурстық (аукциондық) өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін өзгерту немесе кері қайтарып алу құқығына нұсқау;
10) конкурстық (аукциондық) өтінімнің мазмұны, конкурстық (аукциондық) өтінімдерді ұсыну тәсілі, орны, мерзімі және қолданылу мерзімі, сондай-ақ конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз етуді енгізу шарттары;
11) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасының мазмұны бойынша түсіндірулерді алу тәсілдері;
12) конкурстық (аукциондық) өтінімдер бар конверттерді ашу рәсімдері, орны, күні және уақыты;
13) келіссөздер барысында өзгерістер енгізуге жол берілмейтін конкурстың (аукционның) шарттары.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Конкурстық (аукциондық) құжаттамада осы Заңның 40-бабына сәйкес келіссөздер барысында өзгерістер енгізуге жол берілмейтін, конкурстың (аукционның) елеулі шарттары болып табылатын конкурстың (аукционның) шарттары айқындалады.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Конкурстық (аукциондық) құжаттама әлеуетті жекеше әріптеске қағаз жеткізгіште ұсынылған жағдайда, конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының ұсынылған конкурстық (аукциондық) құжаттамасы үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасының көшірмесін жасауға жұмсалған шығындардан аспайтын ақы алуға құқылы.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Әлеуетті жекеше әріптес конкурсты (аукционды) ұйымдастырушыға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасын түсіндіру туралы сұрау салумен, бірақ конкурстық (аукциондық) өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, ал жекеше әріптесті айқындау жөнінде қайта конкурс (аукцион) өткізген кезде конкурстық (аукциондық) өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей өтініш жасауға құқылы.
Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы мұндай сұрау салу тіркелген кезден бастап күнтізбелік үш күн ішінде әлеуетті жекеше әріптестерге түсіндірме береді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы конкурстық (аукциондық) өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей өз бастамасы бойынша немесе әлеуетті жекеше әріптестің сұрау салуына жауап ретінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы.
Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей барлық әлеуетті жекеше әріптестерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасына енгізілген өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың мәтінін ұсынады. Бұл ретте конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптестердің осы өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды конкурстық (аукциондық) өтінімдерде ескеруі үшін конкурстық (аукциондық) өтінімдер ұсыну мерзімін кемінде күнтізбелік отыз күн мерзімге, ал қайта конкурс (аукцион) кезінде кемінде күнтізбелік он бес күн мерзімге ұзартады.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6-тармақ жаңа редакцияда
6. Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасын түсіндіру үшін әлеуетті жекеше әріптестермен кездесу өткізуге құқылы.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 38-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
38-бап. Конкурстық (аукциондық) өтінім
1. Конкурстық (аукциондық) өтінім әлеуетті жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасында белгіленген талаптар мен шарттарға келісім білдіру нысаны болып табылады.
2. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық (аукциондық) өтінімді конкурсты (аукционды) ұйымдастырушыға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасында көрсетілген ұсыну мерзімі өткенге дейін ұсынады.
3. Әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық (аукциондық) өтінімі мынадай:
1) әлеуетті жекеше әріптес және (немесе) консорциумға қатысушы бұрын жекеше әріптесті айқындау жөніндегі және (немесе) сол бір лотқа қатысты осы конкурсқа (аукционға) қатысуға конкурстық (аукциондық) өтінім ұсынған;
2) конкурстық (аукциондық) өтінім жекеше әріптесті айқындау жөніндегі осы конкурсқа (аукционға) қатысуға конкурстық (аукциондық) өтінімдерді қабылдау мерзімі өткеннен кейін келіп түскен жағдайларда қабылданбайды.
4. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық (аукциондық) өтінімдерді ұсыну мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей:
1) енгізілген конкурстық (аукциондық) өтінімді өзгертуге және (немесе) толықтыруға;
2) өзі енгізген конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз етуді қайтару құқығын жоғалтпастан, өзінің конкурстық (аукциондық) өтінімін кері қайтарып алуға құқылы.
5. Конкурстық (аукциондық) өтінімнің қолданылу мерзімі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасында белгіленген талап етілетін мерзімге сәйкес келуге тиіс.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39-бап. Конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз ету
1. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз етуді:
1) өзінің конкурстық (аукциондық) өтінімін конкурстық (аукциондық) өтінімдерді ұсыну мерзімі өткеннен кейін кері қайтарып алмайтынына не өзгертпейтініне және (немесе) толықтырмайтынына;
2) өзін жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс (аукцион) жеңімпазы деп айқындаған жағдайда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасатындығына кепілдік ретінде енгізеді.
2. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) қатысуға конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз ету мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша болжамды инвестициялар құнының оннан бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша болжамды инвестициялардың құны конкурстық (аукциондық) құжаттамада айқындалады.
3. Әлеуетті жекеше әріптес, егер ол екі кезеңдік рәсім пайдаланылатын жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың (аукционның) бірінші кезеңіне қатысса, конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.
4. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің бірін таңдауға құқылы:
1) конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарна;
2) банк кепілдігі.
Әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық (аукциондық) өтінімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаға тұтастай не оның бір бөлігін талап ету құқығының үшінші тұлғаларда туындауына алып келетін әрекеттер жасауына жол берілмейді.
Осы баптың 5-тармағында көрсетілген әрекеттерді қоспағанда, конкурсты (аукционды) ұйымдастырушының әлеуетті жекеше әріптес енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.
5. Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:
1) әлеуетті жекеше әріптес конкурстық (аукциондық) өтінімді конкурстық (аукциондық) өтінімдер ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін кері қайтарып алғанда не өзгерткенде және (немесе) толықтырғанда;
2) конкурстың (аукционның) жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасудан жалтарғанда қайтармайды.
6. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайлардың бірі басталған кезде конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджет кірісіне есепке жатқызылады.
7. Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптеске ол енгізген конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі басталған:
1) осы әлеуетті жекеше әріптес өзінің конкурстық (аукциондық) өтінімін конкурстық (аукциондық) өтінімдер ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін кері қайтарып алған;
2) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) қатысуға жіберу туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қайтарады. Аталған жағдай жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) қатысушылар деп танылған әлеуетті жекеше әріптестерге қолданылмайды;
3) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың (аукционның) қорытындысы туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қайтарады. Аталған жағдай жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың (аукционның) жеңімпазы деп айқындалған жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) қатысушыға қолданылмайды;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты күшіне енген;
5) әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық (аукциондық) өтінімінің қолданылу мерзімі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қайтарады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 40-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
40-бап. Конкурстық (аукциондық) өтінімдерді қарау
1. Конкурстық (аукциондық) өтінімдерді қарауды және іріктеуді конкурстық (аукциондық) комиссия жүзеге асырады.
Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы конкурстық (аукциондық) комиссияның жұмыс органы болып табылады.
2. Конкурстық (аукциондық) комиссия конкурстық (аукциондық) өтінімдер бар конверттерді мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасында көрсетілген мерзімде ашады.
3. Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы конкурстық (аукциондық) өтінімдерге қажетті сараптамалар жүргізуді қамтамасыз етеді.
4. Конкурстық (аукциондық) комиссия барлық конкурстық (аукциондық) өтінімді қарайды.
Бір конкурстық өтінім ғана ұсынылған жағдайда, бұл өтінімді конкурстық комиссия осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес қарайды.
Егер үштен аз аукциондық өтінім ұсынылса, онда аукцион өтпеді деп есептеледі.
5. Конкурстық (аукциондық) комиссия конкурстық (аукциондық) өтінімі үздік деп танылған әлеуетті жекеше әріптеспен не жалғыз әлеуетті жекеше әріптеспен (конкурсты өткізу кезінде) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын нақтылау жөнінде келіссөздер жүргізеді.
6. Келіссөздер жүргізуге дайындық кезеңінде конкурстық (аукциондық) комиссия мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша ескертулер мен ұсыныстарды әлеуетті жекеше әріптеске жазбаша нысанда жіберуге тиіс.
Келіссөздер жүргізу қорытындысы бойынша конкурстық (аукциондық) комиссия шешім қабылдайды.
Келіссөздер барысында жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың (аукционның) шарттарына өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
7. Егер конкурстық (аукциондық) өтінімі үздік деп танылған әлеуетті жекеше әріптес конкурстық (аукциондық) комиссияның ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес конкурстық (аукциондық) өтінімді және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын талқылаудан және нақтылаудан бас тартқан не оның ұсыныстары жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс (аукцион) шарттары тұрғысынан қолайсыз болып табылған жағдайда, онда конкурстық (аукциондық) комиссия бұл конкурстық (аукциондық) өтінімді қарамайды және үздік конкурстық (аукциондық) өтінімді жаңадан таңдайды.
8. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың (аукционның) қорытындысы бойынша конкурстық (аукциондық) комиссияның шешімімен үздік конкурстық (аукциондық) өтінім айқындалады, ал өтінім беруші жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың (аукционның) жеңімпазы деп танылады.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9-тармақтың күші 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күнге дейін конкурстық құжаттамасы бекітілген немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру қажеттілігінің бар екендігі туралы уәкілетті тұлғаның қорытындысы берілген жобаларға қолданылмайды
9. Осы Заңның 40-1-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы конкурстық (аукциондық) комиссияның шешімі негізінде жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың (аукционның) жеңімпазымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасады.
Конкурсты ұйымдастырушы ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру үшін конкурстық (аукциондық) комиссияның шешімі негізінде конкурстың жеңімпазы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мақсатында құрған, құрылатынын конкурстың жеңімпазы конкурстық өтінімде мәлімдеген заңды тұлғамен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасады (мемлекеттік әріптеске мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған көлемде және талаптарда осындай заңды тұлғаның міндеттемелерін орындаудың банктік кепілдіктері ұсынылған жағдайда).
10. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу мерзімі жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың (аукционның) қорытындысы шығарылған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспауға тиіс.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 40-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
40-1-баптың күші 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күнге дейін конкурстық құжаттамасы бекітілген немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру қажеттілігінің бар екендігі туралы уәкілетті тұлғаның қорытындысы берілген жобаларға қолданылмайды
40-1-бап. Жекеше бастама негізінде жекеше әріптесті таңдау ерекшеліктері
1. Әлеуетті жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру жөніндегі ұсыныстарды қалыптастыру үшін әлеуметтік-экономикалық міндеттер тізбесінен бір немесе бірнеше міндетті шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына конкурстық (аукциондық) құжаттаманың ақпараттық парағының жобасын әзірлеу арқылы бастамашылық жасауы жекеше бастама деп танылады.
2. Жекеше бастаманы іске асыру шеңберіндегі конкурстық (аукциондық) құжаттаманы тиісті саланың орталық уәкілетті мемлекеттік органдары, жергілікті атқарушы органдар келісілгеннен және сараптамадан кейін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бекітеді.
3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан конкурстың (аукционның) жеңімпазы жобаға бастамашылық жасаған әлеуетті жекеше әріптеске оның конкурстық (аукциондық) құжаттаманың ақпараттық парағының жобасын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын әзірлеуге жұмсаған шығындарын өтеуге міндетті.