1. Шағын су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулері шегіндегі шектеулі шаруашылық қызмет режимін, сондай-ақ олардың ластануының, қоқыстануының жəне сарқылуының алдын алу жəне оларды жою жөніндегі шараларды бассейндік су инспекцияларымен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті органдардың аумақтық бөлімшелерімен жəне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен, ал сел қаупі бар өңірлерде - азаматтық қорғау саласындағы уəкілетті органның аумақтық органдарымен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейді.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары шағын су объектілерінің ластануын, қоқыстануын жəне сарқылуын болғызбау мақсатында бас жоспар мен бассейндік жоспарға, бассейндік келісімдерге сəйкес шағын су объектілерін қорғау жəне қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешенін жеке көздейді.
3. Шағын өзендерде су ресурстарының сарқылуын болғызбау үшін тасқын суларды өткізуге арналған түбінде су жібергіші жəне су ағызу құрылысжайлары жоқ су тежегіш тұйық бөгеттерді жобалауға жəне салуға тыйым салынады. Бөгетте мұндай құрылысжайлар болмаған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес шағын өзен арнасына табиғи атырабы мен жылғасы беріліп, жойылуға жатады.
4. Шаруашылық қызметі шағын су объектілерінің жай-күйі мен режиміне əсер ететін жеке жəне заңды тұлғалар тиісті бассейндік су инспекцияларымен келісілген шағын су объектілерінің су ресурстарын қорғау жəне қалпына келтіру жəне олардағы судың тазалығын сақтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
80-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектілерін қорғау ерекшеліктері
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру тəртібі, олардағы су объектілерін қорғау жəне пайдалану режимі, сондай-ақ олардағы қызмет шарттары Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасында белгіленеді.
81-бап. Мемлекеттік орман қорының су объектілерін қорғау ерекшеліктері
1. Мемлекеттік орман қорын құру тəртібі, олардағы су объектілерін қорғау режимі, сондай-ақ олардағы қызмет шарттары Қазақстан Республикасының су жəне орман заңнамасында белгіленеді.
2. Мемлекеттік орман қорының су объектілеріне жанасып жатқан аумақтарын қорғау режимдері су объектілерін санитариялық-эпидемиологиялық жəне экологиялық талаптарға сəйкес келетін күйде ұстап тұруды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сəйкес жерүсті суларының ластануын, қоқыстануын жəне сарқылуын болғызбау үшін белгіленеді.
3. Мемлекеттік орман қорының су объектілерінде су пайдалану құқығын беру осы Кодекске сəйкес жүзеге асырылады.
82-бап. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерін қорғау ерекшеліктері
1. Қоршаған ортаға жəне өңірдің экономикасына үстем əсер ететін жаратылысы табиғи су объектілері, оның ішінде ауызсудың негізгі көзі ретінде жекелеген өңірлерді ауызсумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты суларының көздері мен учаскелері ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері деп танылады.
2. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерін қорғау кезінде:
1) уəкілетті орган:
су объектілерінің арналары бойынша табиғат қорғау мақсатындағы су жіберулердің шаруашылық мақсатқа қарағанда басымдығын;
су объектілерін қорғау жəне қалпына келтіру, оның ішінде еріген сулар мен басқа да су көздерін пайдалану есебінен қалпына келтіру бойынша ғылыми зерттеулер мен басқа да жұмыстардың жүргізілуін ұйымдастыруды;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган:
аймақтарға бөлуді жəне экологиялық нормативтерді аймақтар бойынша жеке белгілеуді;
су объектілеріне жəне олардың экологиялық жүйесіне антропогендік жүктемені нормалауды;
су объектісінің су жинау бассейнінің аумағын өндіріс, тұтыну қалдықтарымен жəне басқа заттармен ластанудан қорғауды;
3) агроөнеркəсіптік кешенді дамыту саласындағы уəкілетті орган:
су объектісі бассейнінің аумағын су жəне жел эрозиясынан, шөлейттенуден, батпақтанудан, қайта сортаңданудан қорғауды қамтамасыз етеді.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары осы Кодексте көзделген су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы функцияларды жүзеге асыру кезінде ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерін қорғау ерекшеліктерін ескереді.
83-бап. Сулы-батпақты алқаптарды қорғау ерекшеліктері
1. Сулы-батпақты алқаптарды өндіріс жəне тұтыну қалдықтарымен ластауға жəне қоқыстауға, мұнай өнімдерімен, улы химикаттармен жəне басқа да зиянды заттармен ластауға тыйым салынады.
2. Сулы-батпақты алқаптарды немесе олардың бөліктерін құрғатуға не өзгеше пайдалануға тыйым салынады.
3. Сулы-батпақты алқаптарда сирек кездесетін жəне жойылып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлерін қоса алғанда, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау жəне өсімін молайту жөніндегі шаралар көзделеді.
84-бап. Мұздықтар мен көпжылдық қарды қорғау ерекшеліктері
1. Сарқынды суларды мұздықтарға, көпжылдық қарға санкцияланбаған ағызуға, сондай-ақ мұздықтарды, көпжылдық қарды өндіріс жəне тұтыну қалдықтарымен ластауға, мұнай өнімдерімен, улы химикаттармен жəне басқа да зиянды заттармен ластауға тыйым салынады.
2. Мұздықтардан мұзды алып қою (алу) су объектілерінің жай-күйіне жағымсыз əсер етпеуге жəне судың сарқылуына алып келмеуге тиіс.
85-бап. Жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулері
1. Жерүсті су объектілерін санитариялық-гигиеналық жəне экологиялық талаптарға сай келетін күйде ұстап тұру үшін, жерүсті суларының ластануын, қоқыстануын жəне сарқылуын болғызбау, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерлерінің құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, ерекше пайдалану жағдайлары бар су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленеді.
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Су қорғау аймақтары, белдеулер, олардың шекаралары жəне оларды шаруашылыққа пайдалану режимі жобалау құжаттамасы негізінде белгіленеді. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары, ал елді мекендердің шегінен тыс жердегі жекелеген су объектілері немесе олардың учаскелері бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуге мүдделі жеке жəне заңды тұлғалар да су қорғау аймақтары мен белдеулері жобалау құжаттамасының тапсырыс берушілері болып табылады.
Жобалау құжаттамасы уəкілетті орган бекіткен су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеу қағидаларына сəйкес əзірленеді.
Жобалау құжаттамасы бассейндік су инспекциясымен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы, жер қатынастары жөніндегі уəкілетті органдармен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен, ал сел қаупі бар аудандарда - азаматтық қорғау саласындағы уəкілетті органның аумақтық органымен келісілуге тиіс. Жобалау құжаттамасын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бекітеді.
Жергілікті жерде су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеу су қорғау белгілерін орната отырып, жобалау құжаттамасында айқындалған координаталар бойынша жүзеге асырылады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың жəне облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеулері туралы кеңістіктік деректерді Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталында қалыптастыруды, жинауды, сақтауды жəне жаңартып отыруды интеграциялық өзара іс-қимыл жасау арқылы жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының жария кадастрлық картасында кейіннен жариялау үшін олардың шекараларын айқындай отырып қамтамасыз етеді.
3. Су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекаралары жерүсті су объектісінің шекаралары табиғи немесе жасанды түрде өзгерген жағдайда қайта қарауға жатады.
86-бап. Жерүсті су объектілеріндегі, су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі шаруашылық қызметке қойылатын талаптар
1. Жерүсті су объектілерінде:
1) жерасты суларына іздеу-бағалау жұмыстарын жəне оларды алуды, Каспий теңізінің қазақстандық секторында көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды, сондай-ақ кен іздеушілікті, ас тұзын, емдік балшықтар өндіруді қоспағанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге;
2) радиоактивті жəне улы заттармен, тұрмыстық қатты жəне өндірістік қалдықтармен, улы химикаттармен, тыңайтқыштармен, қатты жəне сұйық түрдегі мұнай, химия өнімдерімен ластауға жəне қоқыстауға;
3) жол берілетін төгінділер нормативтеріне дейін тазартылмаған сарқынды суларды ағызуға;
4) бекітілген су режимінсіз жəне арнаулы су пайдалануға рұқсатсыз суды алуға жəне (немесе) пайдалануға;
5) ауыл шаруашылығы жануарларын тоғытуға жəне санитариялық өңдеуге;
6) бассейндік су инспекциясының келісімінсіз құрылыс қызметіне, ауыл шаруашылығы жұмыстарына, ұңғымаларды бұрғылауға, жерүсті су объектілерін санациялауға байланысты жұмыстарды жəне өзге де жұмыстарды жүргізуге;
7) пайдаланудан шығарылған (бүлінген) кемелерді жəне өзге де жүзу құралдарын, көлік құралдарын (олардың тетіктері мен бөліктерін) көмуге тыйым салынады.
2. Су қорғау белдеулері шегінде шаруашылық қызметтің кез келген түріне, сондай-ақ шаруашылық жəне өзге де қызметті жүргізу үшін жер учаскелерін беруге тыйым салынады, бұл тыйымға мынадай жағдайлар:
1) мыналарды:
су шаруашылығы құрылысжайлары мен олардың коммуникацияларын;
көпірлерді, көпір құрылысжайларын;
айлақтарды, порттарды, пирстерді жəне су көлігі, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау, балық аулау мен аквашаруашылық қызметіне байланысты өзге де инфрақұрылым объектілерін;
балық өсіретін тоғандарды, балық өсіретін бассейндер мен балық өсіретін объектілерді, сондай-ақ оларға коммуникацияларды;
ғимараттар мен құрылысжайлардың күрделі құрылысынсыз балаларға арналған ойын жəне спорт алаңдарын, жағажайларды, аквапарктерді жəне басқа да рекреациялық аймақтарды;
су объектілері жай-күйінің көрсеткіштерін байқау пункттерін салу жəне пайдалану;
2) жағалауды нығайту, ағаш өсіру жəне көгалдандыру;
3) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында рұқсат етілген қызмет кірмейді.
3. Су қорғау аймақтары шегінде:
1) жерүсті су объектілерінің, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын құрылысжайлармен жəне құрылғылармен қамтамасыз етілмеген жаңа жəне реконструкцияланған объектілерді пайдалануға беруге;
2) автожанармай құю станцияларын, мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды, көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын техникалық қарап-тексеру, оларға қызмет көрсету, жөндеу жəне жуу пункттерін орналастыруға жəне салуға;
3) тыңайтқыштарды, пестицидтерді, улы химикаттарды, көңді сақтауға жəне оларды қолдануға арналған қоймалар мен алаңдарды орналастыруға жəне салуға тыйым салынады. Су қорғау аймағында мəжбүрлі санитариялық өңдеу жүргізу қажет болған кезде уыттылығы аз жəне орташа, жойылуы оңай пестицидтерді қолдануға жол беріледі;
4) тұрмыстық қатты жəне өнеркəсіптік қалдықтардың үйінділерін орналастыруға жəне жайғастыруға;
5) зираттарды орналастыруға;
6) жүктеме нормасынан асатын ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға, мал шаруашылықтарын, мал сою алаңдарын (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарын), мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), пестицидтердің арнаулы қоймаларын (көмінділерін) жəне олардың ыдыстарын орналастыруға;
7) сарқынды суларды жинақтағыштарды, сарқынды сулармен суару алқаптарын, сондай-ақ жерүсті жəне жерасты суларының радиациялық, химиялық, микробиологиялық, токсикологиялық жəне паразитологиялық ластану қаупін туғызатын басқа да объектілерді орналастыруға тыйым салынады.
4. Орналастырылуы осы баптың ережелеріне қайшы келмейтін объектілер су объектілерінің, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануын, қоқыстануын жəне сарқылуын болғызбайтын, сондай-ақ судың зиянды əсерінің алдын алуды қамтамасыз ететін техникалық сумен жабдықтаудың тұйық (ағынсыз) жүйелерімен жəне (немесе) құрылысжайлармен жəне құрылғылармен қамтамасыз етілуге тиіс.
5. Су объектілеріндегі, су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі шаруашылық қызмет тəртібі бассейндік су инспекцияларымен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен жəне өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген жобалар шеңберінде айқындалады.
6. Көлік немесе инженерлік коммуникацияларды су объектілерінің аумағы арқылы салу жобалары тасқын сулардың өтуін, су объектілерін пайдалану режимін, сулардың ластануын, қоқыстануын жəне сарқылуын болғызбауды, олардың зиянды əсерінің алдын алуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жүргізуді көздеуге тиіс.
87-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
87-бап. Су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленбеген елді мекендердің шекарасынан (шегінен) тыс жерүсті су объектілеріне іргелес жатқан аумақтардағы су объектілерін қорғау ерекшеліктері
1. Осы Кодекстің 86-бабында көзделген шаруашылық қызметке қойылатын талаптар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерлерінің құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленбеген елді мекендердің шекарасынан (шегінен) тыс жерүсті су объектілеріне іргелес жатқан аумақтарға қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтардың су қорғау аймақтарының сыртқы шекаралары деп - жоғары жатқан аумақтардың жерүсті су ағынын ұстап қалатын табиғи жəне жасанды кедергілер, ал олар болмаған кезде:
өзендерде су жайылған кезеңде орташа көпжылдық деңгейде су кемерінен немесе арналық су қоймаларындағы судың қалыпты көтерілген деңгейінен бес жүз метр;
акваториясы екі шаршы километрге дейін болған кезде су құйылатын су қоймаларындағы немесе көлдердегі судың орташа көпжылдық деңгейі кезінде су кемерінен - үш жүз метр не акваториясы екі шаршы километрден астам болған кезде бес жүз метр қашықтықта болатын жиегі танылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтардың су қорғау белдеулерінің сыртқы шекаралары деп - жоғары жатқан аумақтардың жерүсті су ағынын ұстап қалатын табиғи жəне жасанды кедергілер, ал олар болмаған кезде:
өзендерде су жайылған кезеңде орташа көпжылдық деңгей кезінде су кемерінен;
арналық су қоймаларындағы судың қалыпты көтерілген деңгейінен;
су құйылатын су қоймаларындағы немесе көлдердегі судың орташа көпжылдық деңгейінен отыз бес метр қашықтықта болатын жиегі танылады.
4. Егер осы баптың 3-тармағына сəйкес айқындалған су қорғау белдеулерінің ені:
отыз бес метрден аз болса, онда су қорғау белдеуінің ені отыз бес метрге тең деп қабылданады;
екі жүз метрден асатын болса, онда осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтардың су қорғау белдеулерінің сыртқы шекарасы деп орташа көпжылдық сабалық деңгей кезінде су кемерінен екі жүз метр қашықтықта болатын жиегі танылады.
5. Осы баптың талаптарына сəйкес су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын уəкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы айқындайды.
Осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтардың су қорғау аймақтары мен белдеулері туралы ақпарат осы Кодекстің 85-бабы 2-тармағы бесінші бөлігінің талаптарына сəйкес, су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде жəне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының жария кадастрлық картасында орналастырылады.
6. Осы баптың талаптарына сəйкес айқындалған су қорғау аймақтары мен белдеулеріне осы Кодекстің 6-тарауының ережелері қолданылады.
7. Осы баптың 2, 3 жəне 4-тармақтарының ережелері елді мекендердегі құрылыс салу, су объектілеріне іргелес жатқан жергілікті жер учаскелерінің физикалық-географиялық, топырақтық, гидрологиялық жəне басқа да жағдайлары ескеріле отырып, су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының өзге де көлемдері көзделуі мүмкін, осы Кодекстің 85-бабының 2-тармағында көзделген жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеу қағидаларын əзірлеуге жəне бекітуге қолданылмайды.
8. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ осы баптың 2, 3 жəне 4-тармақтарына сəйкес айқындалған көлемнен ерекшеленетін көлемдегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қажеттігіне мүдделі жеке жəне заңды тұлғалар өздерінің объектілері орналасқан жергілікті жер учаскелерінің нақты физикалық-географиялық, топырақтық, гидрологиялық жəне басқа да жағдайларын ескеретін су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобалау құжаттамасына тапсырыс беруге, осы Кодекстің 85-бабының 2-тармағында белгіленген тəртіппен оны келісуге жəне бекітуге құқылы.
88-бап. Санитариялық қорғау аймақтары жəне санитариялық қорғаныш белдеулері
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ауызсумен жабдықтау, халықтың емдік, курорттық жəне өзге де сауықтыру мұқтаждықтары үшін пайдаланылатын суларды қорғау мақсаттарында санитариялық қорғау аймақтары мен санитариялық қорғаныш белдеулерін белгілейді.
89-бап. Жерүсті су объектілеріндегі төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала аймақтары
1. Шаруашылық қызмет немесе табиғи процестер салдарынан халықтың өмірі мен денсаулығына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, қоршаған ортаның жай-күйіне қауіп төндіретін жағымсыз өзгерістер болатын, жерүсті су объектілері алып жатқан аумақтар немесе олардың акваториясы төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала аймақтары деп жариялануы мүмкін.
2. Төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала аймақтарын жариялау тəртібі жəне олардың құқықтық режимі Қазақстан Республикасының экология заңнамасында белгіленеді.
90-бап. Су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі жер учаскелерін уақытша пайдалануға беру
1. Жерүсті су объектілерінің су қорғау белдеулеріндегі жер учаскелері осы Кодекстің 86-бабында белгіленген шаруашылық қызметке қойылатын талаптарды сақтау шартымен Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тəртіппен жеке жəне заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға берілуі мүмкін.
2. Жергілікті атқарушы органдар су қорғау аймақтарындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын жеке жəне заңды тұлғаларға шөп шабу жəне ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін жер пайдалануға Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес беруі мүмкін.
91-бап. Су объектілерінің жай-күйіне теріс əсер ететін объектілерді пайдалануға беруге тыйым салу
1. Мыналарды:
1) судың зиянды əсерін, ластануын, қоқыстануын жəне сарқылуын болғызбайтын құрылысжайлармен жəне құрылғылармен қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ алынған жəне ағызылған су ресурстарының көлемін өлшеу құралдары жоқ жаңа жəне реконструкцияланатын объектілерді;
2) су тарту құрылысжайларын балық қорғау жəне (немесе) балық өткізу құрылғыларынсыз;
3) су объектілеріне немесе жергілікті жер бедеріне сарқынды суларды ағызуды жүзеге асыратын мал шаруашылығы фермалары мен басқа да өндірістік кешендерді сарқынды суларды тазарту құрылысжайларынсыз;
4) суару, суландыру жəне құрғату жүйелерін, су қоймаларын, бөгеттерді, каналдарды жəне басқа да гидротехникалық құрылысжайларды жобаларда көзделген, жерді су басуын, топан су басуын, жердің батпақтануын жəне сортаңдануын жəне топырақ эрозиясын болғызбайтын іс-шаралар жүргізілгенге дейін;
5) гидрогеологиялық ұңғымаларды су реттегіш құрылғыларымен жəне су тұтынуды есепке алу аспаптарымен жабдықтамай;
6) су тарту құрылысжайлары мен өзге де гидротехникалық құрылысжайларды жобалау құжаттамасында көзделген санитариялық қорғау аймақтарын белгілемей жəне су объектілері мен гидротехникалық құрылысжайлар жай-күйінің көрсеткіштерін байқау пункттерінсіз;
7) мұнай, химия заттарын жəне су объектілерінің жай-күйіне теріс əсер ететін басқа да заттарды тасуға жəне сақтауға арналған құрылысжайлар мен құрылғыларды судың ластануын болғызбауға арналған құралдармен жабдықтамай жəне тасу кезіндегі авариялардың салдарын жою жоспарларын бекітпей пайдалануға беруге тыйым салынады.
2. Сарқынды сулармен суару объектілерін осы сарқынды сулардың сапалық жай-күйінің көрсеткіштерін байқау пункттерін құрмай пайдалануға беруге жол берілмейді.
3. Су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды - бүлінген жерлерді рекультивациялау жөніндегі жұмыстарды аяқтамай, ал су қоймаларын олардың табанын су басуға дайындау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырмай, пайдалануға беруге жол берілмейді.
4. Су объектілерінің жай-күйіне теріс əсер ететін объектілерді пайдалануға беруге тыйым салу туралы шешім Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен қабылданады.
92-бап. Жерасты су объектілерін қорғау ерекшеліктері
1. Шаруашылық қызметі жерасты суларының жай-күйіне теріс əсер етуі мүмкін жеке жəне заңды тұлғалар жерасты суларының мониторингін жүргізуге жəне су ресурстарының ластануы мен сарқылуын жəне судың зиянды əсерін болғызбау жөнінде шараларды уақтылы қабылдауға міндетті.
2. Қорлары ауызсумен жабдықтау үшін бекітілген жерасты суларының көздері мен учаскелерінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында жəне Қазақстан Республикасының экология заңнамасында белгіленген санитариялық қорғау аймақтарына қойылатын талаптар сақталуға тиіс.
3. Егер жерасты суларының жай-күйіне əсер етсе немесе əсер етуі мүмкін болса, жерді тазартылмаған сарқынды сулармен суаруға тыйым салынады.
4. Гидрогеологиялық ұңғымалар, оның ішінде су өздігінен ағып шығатын жəне барлау ұңғымалары, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз немесе пайдаланылуы тоқтатылған ұңғымалар консервациялау құрылғыларымен жабдықталуға жатады немесе жойылады.
Гидрогеологиялық ұңғымаларды жоюды жəне консервациялауды ұңғымаларды иеленушілер жүзеге асырады.
Иесіз қалған, су өздігінен ағып шығатын гидрогеологиялық ұңғымаларды жоюды жəне консервациялауды уəкілетті органның Ұлттық гидрологиялық қызметі жүзеге асырады. Иесіз қалған, су өздігінен ағып шығатын гидрогеологиялық ұңғымаларды жою жəне консервациялау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
5. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы жерасты суларын қорғау жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
Ауызсумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты суларының көздері мен учаскелерінің аясында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге, радиоактивті жəне химиялық қалдықтардың көмінділерін, қоқыстарды, зираттарды, мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды) жəне жерасты суларының жай-күйіне əсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға тыйым салынады.
6. Жерасты суларының су тарту құрылысжайларын пайдаланатын жеке жəне заңды тұлғалар жерасты суларының деңгейі мен сапасына мониторинг жүргізуге, қорлары ауызсумен жабдықтау үшін бекітілген жерасты суларының көздері мен учаскелерінде санитариялық қорғау аймақтарын ұйымдастыруға міндетті.
7. Жерасты суларын пайдалануға байланысты құрылысжайларды орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру кезінде олардың жерүсті су объектілері мен қоршаған ортаға зиянды əсерін болғызбайтын шаралар көзделуге тиіс.
8. Жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын геологиялық зерттеу, пайдалы қазбаларды барлау жəне өндіру, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жерасты суларының ластануы мен сарқылуының алдын алу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
6-БӨЛІМ. СУ РЕСУРСТАРЫ МЕН СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
ҚҰРЫЛЫСЖАЙЛАРЫН ПАЙДАЛАНУ
11-тарау. ЕЛДІ-МЕКЕНДЕРДЕ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖƏНЕ СУ БҰРУ
1-параграф. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелері
93-бап. Су объектілерін ауызсумен жабдықтау үшін пайдалану
1. Судың сапасы белгіленген экологиялық нормативтерге сəйкес келетін, ластанудан жəне қоқыстанудан қорғалған жерүсті жəне жерасты су объектілері ауызсумен жабдықтау үшін пайдаланылады. Ауызсумен жабдықтау көздерінде Қазақстан Республикасының су заңнамасына жəне Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сəйкес оларды қорғау мен олардың жай-күйін бақылаудың арнаулы режимі белгіленеді.
2. Табиғи жəне техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, осы баптың 1-тармағының талаптарына сəйкес келетін ауызсумен жабдықтау көздерін резервтеу жүзеге асырылады.