4) мемлекеттік меншіктегі тірек гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру;
5) табиғат қорғау мақсатындағы су жіберуді жүзеге асыру шығындарын қаржыландыру;
6) су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық жəне (немесе) тəжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру;
7) су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік мекемелерді күтіп-ұстау;
8) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды реконструкциялауға жəне дамытуға қаржы ресурстарын, оның ішінде қарыз қаражатын тарту;
9) су үнемдеу (қолда бар ең үздік технологиялар), су ысырабын азайту жобаларын ендіруге қаржы ресурстарын, оның ішінде қарыз қаражатын тарту;
10) ауызсу беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құны субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесіне енгізілген сумен жабдықтау жүйелерінен ауызсу беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау;
11) елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін салуды, реконструкциялауды жəне жаңғыртуды кредиттеу жəне субсидиялау;
12) ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау;
13) суарудың су үнемдейтін технологияларын ендіруге бағытталған инвестициялық салымдар кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шеккен шығыстардың бір бөлігін субсидиялау;
14) Қазақстан Республикасының су қоймаларын, каналдары мен гидротехникалық құрылысжайларын дамытуға мемлекеттік кепілдікпен тартылған қарыздар бойынша өтеу, қызмет көрсету жəне қоса қаржыландыру жөніндегі шығыстарды жабуға бюджеттен субсидиялар бөлу жəне субсидияларды төлеу;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен жеңілдікті жəне ұзақ мерзімді кредиттер мен басқа да преференциялар беру.
62-бап. Су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы қолда бар ең үздік технологиялар
1. Су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы қолда бар ең үздік технологиялар (бұдан əрі - қолда бар ең үздік технологиялар) - су үнемдеу, су шығыстарының үлестік нормаларын төмендету, су төгінділерін азайту немесе шектеу үшін нақты шара ретінде өзінің практикалық жарамдылығын дəлелдеген, су қорын қорғау жəне пайдалану саласында қолданылатын техникалық құрылғыларды, аспаптарды, аппараттарды, құрылысжайларды пайдалану процестері мен əдістерін əзірлеудегі соңғы жетістіктер.
2. Қолда бар ең үздік технологияларды іріктеу өлшемшарттары мыналар болып табылады:
1) су ресурстарын ұтымды пайдалану бөлігінде соңғы үш жылда сəтті сынамаланған техникалық құрылғыларды, аспаптарды, аппараттарды, құрылысжайларды пайдалану процестері мен əдістері;
2) экономикалық тұрғыдан орындылығын ескере отырып, осындай технологияны қолдану мүмкіндігі;
3) осы технологияларды қысқа мерзімде орнату мүмкіндігі;
4) суды аз пайдаланатын немесе суды пайдаланбайтын технологияларды қолдану;
5) сарқынды суларда ластағыш заттардың концентрациясын азайту.
3. Уəкілетті орган қолда бар ең үздік технологиялардың тізбесін қалыптастырады жəне оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
4-БӨЛІМ. СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚҰРЫЛЫСЖАЙЛАРЫ МЕН ГИДРОТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЖАЙЛАР.
ӨНДІРІСТІК ЖƏНЕ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ, БАССЕЙНДІК КЕҢЕС ЖƏНЕ БАССЕЙНДІК КЕЛІСІМДЕР
8-тарау. СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҰЙЫМДАРЫ. ӨНДІРІСТІК ЖƏНЕ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ,
БАССЕЙНДІК КЕҢЕС ЖƏНЕ БАССЕЙНДІК КЕЛІСІМДЕР
63-бап. Су шаруашылығы ұйымдары
1. Су шаруашылығы ұйымдары өз қызметін осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заңнамасына, ұйымның жарғысына жəне тараптардың шарттарына сəйкес жүзеге асырады.
2. Су шаруашылығы ұйымдары меншік түрлері бойынша мемлекеттік (республикалық жəне коммуналдық) жəне жеке меншік болып бөлінеді.
3. Су шаруашылығы ұйымдары:
1) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды күтіп-ұстау, пайдалану, жөндеу, реконструкциялау, сондай-ақ қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету;
2) мемлекетаралық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды жөндеуге үлестік қатысу;
3) су пайдаланушылар мен су тұтынушыларға суды уақтылы жəне үздіксіз беру;
4) сарқынды сулар мен дренаждық суларды жинау, тазарту жəне ұйымдасқан түрде ағызу;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өзге де қызметті орындау мақсатында құрылады.
4. Су шаруашылығы ұйымдары:
1) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды техникалық жарамды күйде күтіп-ұстауға, сондай-ақ оларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге;
2) белгіленген мерзімдерде су пайдаланушылар мен су тұтынушыларды шартқа сəйкес сумен қамтамасыз етуге;
3) су объектілерінің ластануын, қоқыстануы мен сарқылуын жəне судың зиянды əсерін болғызбайтын шаралар қабылдауға;
4) белгіленген су режимінің жəне су пайдаланудың рұқсат етілген көлемдерінің сақталуын қамтамасыз етуге;
5) осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
64-бап. Су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау
1. Су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес жүзеге асырылады.
2. Қоғамдық бақылауды су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы актілер мен шешімдердің қоғамдық мүддеге сəйкестігін талдау жəне бағалау мақсатында, Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға өкілеттіктер берілген Қазақстан Республикасының азаматтары, коммерциялық емес ұйымдар жəне өзге де қоғамдық бақылау субъектілері жүзеге асыра алады.
3. Уəкілетті орган су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы объектілерге қоғамдық бақылауды жүргізу үшін жағдайларды қамтамасыз етеді.
4. Қоғамдық бақылау нəтижелері бойынша «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес шаралар қабылданады.
65-бап. Бассейндік кеңес
1. Бассейндік кеңес - тиісті бассейннің су объектілері шегінде құрылатын консультативтік-кеңесші орган. Бассейндік кеңестің құрамы мен қызметі туралы ережені тиісті бассейндік су инспекциясы бекітеді.
2. Бассейндік кеңес су пайдаланушылар өкілдерінен, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді жəне атқарушы органдарының басшыларынан, осы Кодекстің 25-бабында аталған мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, аквашаруашылық саласындағы уəкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің басшыларынан мүдделер теңгерімі негізінде қалыптастырылады. Бассейндік кеңестің құрамына сарапшылар, су пайдаланушылардың қоғамдық бірлестіктерінің не өзге де жеке жəне (немесе) заңды тұлғалардың өкілдері де кіруі мүмкін.
Бассейндік кеңестің құрамы су шаруашылығы бассейнінің шегінде орналасқан əрбір əкімшілік-аумақтық бірліктің өкілдерінен тең арақатынаста қалыптастырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған жергілікті өкілді жəне атқарушы органдардың жəне мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары бассейндік кеңестердің отырыстарына қатысуға міндетті.
3. Бассейндік кеңестің жұмысын ұйымдастыру бассейндік су инспекциясына жүктеледі. Бассейндік кеңестің отырыстары жылына кемінде екі рет өткізіледі.
4. Бассейндік кеңес су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы өзекті мəселелерді, атап айтқанда бекіту жоспарланып отырған су пайдаланудың жедел лимиттерін, су объектілерін қалпына келтіру жəне қорғау туралы бассейндік келісімдерді іске асыру барысын қарайды, уəкілетті органға жəне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың жергілікті атқарушы органдарына су қорын қорғау жəне пайдалану мəселелері бойынша ұсынымдар (бұдан əрі - ұсынымдар), оның ішінде:
су пайдаланушылардың түріне, сумен қамтамасыз етілуіне жəне бассейндегі гидрологиялық жағдайға байланысты су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін азайту тəртібі;
судың зиянды əсерінің алдын алу жəне жою жəне (немесе) жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау жөніндегі шаралар;
жергілікті атқарушы органдардың су қорын қорғау жəне пайдалану саласында өздеріне осы Кодекспен жүктелген функциялардың жол берілген бұзушылықтарын жоюы жөніндегі шаралар;
бассейндік жоспарларды жаңарту туралы ұсынымдар енгізеді.
5. Бассейндік кеңестің отырыстары хаттамамен ресімделеді, отырыстың қорытындысы бойынша ұсынымдар шығарылады. Хаттамаға бассейндік кеңестің төрағасы қол қояды.
6. Бассейндік кеңестердің ұсынымдары уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
7. Бассейндік кеңестің ұсынымдары бас жоспар мен бассейндік жоспарды, сондай-ақ аумақтық жəне салалық даму жоспарлары мен бағдарламаларын, ғылыми зерттеулер мен кадрлар даярлау жоспарларын əзірлеу кезінде ескеріледі.
66-бап. Су объектілерін қалпына келтіру жəне қорғау туралы бассейндік келісімдер
1. Су объектілерін қалпына келтіру жəне қорғау туралы бассейндік келісімдер (бұдан əрі - бассейндік келісімдер) су объектілерін қорғау жəне ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында бассейндік су инспекциялары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жəне су пайдаланушылар, сондай-ақ тиісті бассейннің су объектілері шегінде орналасқан су қатынастарының басқа да субъектілері арасында жасалады.
2. Су пайдаланушылар бассейндік келісім шеңберінде нақты су қорғау іс-шараларын іске асыру жөніндегі міндеттемелерді қабылдайды, бұл ретте олардың орындалу мерзімдері жəне:
су үнемдеу технологияларын ендіру;
су ысырабын азайту;
тазарту құрылысжайларының тиімділігін арттыру, су объектілеріне ластағыш заттардың ағызылуын азайту;
айналымды жəне қайталама су пайдалану жүйелерін ендіру;
судың зиянды əсерінің алдын алу мен жою жəне жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау;
су объектілерін қорғау жəне ұтымды пайдалану жөніндегі басқа да іс-шаралар бойынша күтілетін нəтижелер көрсетіледі.
3. Бассейндік су инспекциялары бассейндік келісімдерде су пайдаланушыларға су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормаларын жоспарлы түрде біртіндеп төмендетуді, су ресурстарын пайдалану кезінде өнімсіз ысырабын азайтуды жəне төгілетін су сапасын арттыруды ескеретін, жылдар бойынша бөлінген су пайдаланудың рұқсат етілген көлемдерін айқындайды.
4. Бассейндік келісімдерді дайындау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары, бас жоспар жəне бассейндік жоспар, ғылыми жəне жобалық əзірлемелер, су пайдаланушылардың, сарапшылардың, жұртшылықтың ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады.
Бассейндік келісімді іске асыру жоспарларын əзірлеуге жергілікті өкілді жəне атқарушы органдар, коммерциялық емес ұйымдар мен су пайдаланушылар тартылады.
5. Бассейндік келісімдер уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
67-бап. Су ресурстарының пайдаланылуын өндірістік бақылау
1. Су ресурстарының пайдаланылуын өндірістік бақылауды (бұдан əрі - өндірістік бақылау) уəкілеттік орган бекітетін суды бастапқы есепке алу қағидаларына сəйкес арнаулы су пайдалануға рұқсаты бар жеке жəне заңды тұлғалар жүзеге асырады.
Өндірістік бақылау барысында алынған деректер су пайдаланушылар Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сəйкес ұсынатын, суды алу, пайдалану жəне су бұру туралы статистикалық ақпаратты қалыптастыру көзі болып табылады.
2. Өндірістік бақылау «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тəртіппен өлшеу құралдарының типін бекітуден жəне оларды метрологиялық аттестаттаудан өткен суды есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде жүзеге асырылады.
3. Сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдардың ауызсу мен тазартылған сарқынды сулардың сапасын өндірістік бақылауын Қазақстан Республикасының сəйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тəртіппен аккредиттелген зертханалар жүзеге асырады.
4. Жерасты суларын алу кезіндегі өндірістік бақылау су шығысын, су тарту ұңғымаларындағы статикалық жəне динамикалық деңгейлерді, су өздігінен ағып шығатын ұңғымалардағы су арынын байқаудан тұрады.
9-тарау. СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚҰРЫЛЫСЖАЙЛАРЫ МЕН
ГИДРОТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЖАЙЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ
1-параграф. Су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды пайдалануға қойылатын жалпы талаптар
68-бап. Су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды пайдаланудың жалпы ережелері
1. Су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар (бұдан əрі осы тараудың мақсаттары үшін - құрылысжайлар) оларды жобалау кезінде көзделген пайдалану шарттары сақталған жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де талаптар орындалған кезде пайдаланылады.
2. Құрылысжайларды пайдалану мақсатына сəйкес жəне құрылысжайдың паспорты болған кезде жүзеге асырылады.
69-бап. Құрылысжайлардың тізілімі
1. Құрылысжайлардың тізілімін уəкілетті орган мынадай:
1) құрылысжайларды есепке алу;
2) құрылысжайлардың сандық жəне сапалық көрсеткіштері, техникалық жай-күйі, оларды пайдалану шарттары туралы ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау жəне пайдалану;
3) су қорын қорғау жəне пайдалану, құрылысжайлардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды ақпараттық қамтамасыз ету;
4) жұртшылықты құрылысжайлардың техникалық жай-күйі жəне оларды пайдалану шарттары туралы ақпараттық қамтамасыз ету мақсаттарында қалыптастырады жəне жүргізеді.
2. Құрылысжайлардың тізілімінде құрылысжайлардың атауы, орналасқан жері, меншік иесі (иеленушісі), нысаналы мақсаты, техникалық сипаттамалары, пайдалану шарттары, техникалық жай-күйі туралы ақпарат қамтылады.
Осы Кодекстің 70-бабында көрсетілген гидротехникалық құрылысжайлар бойынша гидротехникалық құрылысжайлар қауіпсіздігінің декларациясы туралы ақпарат енгізіледі.
3. Құрылысжайлардың тізілімі құрылысжайлардың паспорттары негізінде жүргізіледі жəне су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің бір бөлігі болып табылады.
2-параграф. Қауіптілігі ықтимал құрылысжайларды пайдалану ерекшеліктері
70-бап. Қауіптілігі ықтимал құрылысжайлар туралы жалпы ережелер
1. Құрылысжайлардағы авария адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру, жеке жəне заңды тұлғаларға материалдық залал келтіру қаупін төндіретін гидротехникалық құрылысжайлардың жекелеген түрлері қауіптілігі ықтимал құрылысжайлар деп түсініледі.
2. Қауіптілігі ықтимал құрылысжайларға жатқызылған гидротехникалық құрылысжайлардың түрлері, жобалауға, салуға, пайдалануға, реконструкциялауға, консервациялауға немесе жоюға қойылатын олардың қауіпсіздігі жөніндегі талаптар уəкілетті орган бекітетін гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі туралы регламентте айқындалады.
71-бап. Гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану
1. Осы Кодекстің 70-бабында көрсетілген гидротехникалық құрылысжайларды пайдалануға:
1) гидротехникалық құрылысжайдың паспорты;
2) гидротехникалық құрылысжайды пайдалану қағидалары;
3) осы Кодекстің 72-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда гидротехникалық құрылысжайдың қауіпсіздігі декларациясы болған кезде жол беріледі.
2. Гидротехникалық құрылысжайдың паспорты мен оны пайдалану қағидаларын оның меншік иесі (иеленушісі) əзірлейді, бекітеді жəне түпнұсқасы меншік иесінде (иеленушіде) сақталады.
Гидротехникалық құрылысжайды пайдалану қағидаларын əзірлеу тəртібін уəкілетті орган бекітеді.
Меншік иесі (иеленуші) құрылысжайлардың тізіліміне енгізу үшін бассейндік су инспекциясына паспорты мен пайдалану қағидаларының электрондық нұсқаларын енгізуді қамтамасыз етеді.
3. Жаңадан салынатын гидротехникалық құрылысжайлар үшін паспорты мен пайдалану қағидалары жобалау сатысында əзірленеді.
Гидротехникалық құрылысжайға жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін оның паспорты мен пайдалану қағидалары қайта бекітілуге жатады.
72-бап. Гидротехникалық құрылысжайларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету
1. Осы Кодекстің 70-бабында көрсетілген гидротехникалық құрылысжайлардың меншік иелері (иеленушілері) оларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін мынадай:
1) техникалық жай-күйін, оның ішінде жұмыс істеуін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету объектілерінің жай-күйін зерттеп-қарау;
2) ағымдағы жəне күрделі жөндеу жүргізу, негізгі жəне қосалқы жабдықтарды ауыстыру;
3) суды тұтыну мен ағызуды есепке алуға арналған жабдықтар мен аппаратураларды жарамды күйде ұстап тұру жəне мемлекеттік аттестаттау мерзімдерін сақтау;
4) материалдық-техникалық ресурстардың қорларын құру шараларын;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында жəне гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану қағидаларында көзделген өзге де шараларды қабылдайды.
2. Гидротехникалық құрылысжайдың техникалық жай-күйіне зерттеп-қарауды жүргізу үшін меншік иесі (иеленуші) зерттеп-қарау графигі мен бағдарламасын əзірлейді.
Құрылысжайдың техникалық жай-күйін зерттеп-қарау қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарының жоспары жасалады, онда су ысырабын жəне оның ағып кетуін азайтуға бағытталған іс-шаралар да қамтылуға тиіс.
3. Табиғи жəне техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қауіптілігі жоғары гидротехникалық құрылысжайлар үшін техникалық жай-күйін зерттеп-қарау көпфакторлы зерттеп-қарау шеңберінде жүргізіледі. Көпфакторлы зерттеп-қарау əр бес жыл сайын жүргізіледі.
Көпфакторлы зерттеп-қарауды жүргізу үшін меншік иесі гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздік өлшемшарттарын айқындауды жəне олардың сақталуына жыл сайынғы мониторингті жүргізеді.
4. Гидротехникалық құрылысжайларды көпфакторлы зерттеп-қарау қорытындылары бойынша гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі декларациясы (бұдан əрі - декларация) əзірленеді.
Көпфакторлы зерттеп-қарауды жүргізуді жəне декларацияны əзірлеуді меншік иесі (иеленуші) дербес жүзеге асырады не оның қаражаты есебінен гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі саласында жұмыстарды жүргізу құқығына уəкілетті орган аттестаттаған бөгде ұйым жүзеге асырады.
Меншік иесі (иеленуші) өз бетінше көпфакторлы зерттеп-қарауды жүргізген жəне декларацияны əзірлеген жағдайда, көпфакторлы зерттеп-қарау нəтижелері мен декларация гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған ұйымда меншік иесінің қаражаты есебінен сараптама жүргізуге жатады. Аттестатталған ұйым көпфакторлы зерттеп-қарауды жүргізген жəне декларацияны əзірлеген жағдайда, орындалған жұмыстар мен декларацияға сараптаманы өзге аттестатталған ұйым жүргізеді.
5. Декларация бассейндік су инспекциясында тіркелуге тиіс.
Декларацияға тіркеу шифрын беру үшін өтініш беруші бассейндік су инспекциясына сараптама қорытындысының көшірмесімен бірге өтінішті жəне декларацияның көшірмесін ұсынады.
6. Бассейндік су инспекциясы ұсынылған құжаттарды қарап шығып, декларацияны тіркеу туралы шешім қабылдайды не уəжді бас тартуды ұсынады.
Тіркелген декларацияның көшірмесі бассейндік су инспекциясында сақталады.
7. Гидротехникалық құрылысжайлар мен декларацияларды тіркеген ұйымдардың тізбесі уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
8. Гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге əсер ететін жағдайлар өзгерген жағдайда, декларация қайта қарауға жатады.
Декларацияға өзгерістер енгізілген кезде ол өзгерістер енгізілгеннен кейін үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде қайтадан сараптама жүргізуге жəне тіркеуге жатады.
73-бап. Тірек гидротехникалық құрылысжайларды пайдаланудың ерекше режимі
1. Декларацияда көрсетілген тірек гидротехникалық құрылысжай авария алдындағы немесе авариялық күйде болған не осы Кодекстің 72-бабының 3, 4, 5 жəне 8-тармақтарында көзделген шарттарға сəйкес келетін қолданыстағы декларация болмаған, сондай-ақ меншік иесі (иеленуші) оның тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз ете алмаған жағдайларда, уəкілетті орган төтенше жағдайдың туындауының алдын алу мақсатында, су қоймасын су тасқыны алдындағы кезеңде босатуды жəне гидротехникалық құрылысжай арқылы суды транзиттік өткізуді қамтамасыз ететіндей тірек гидротехникалық құрылысжайды пайдаланудың ерекше режимін белгілеуге құқылы.
2. Тірек гидротехникалық құрылысжайды пайдаланудың ерекше режимін (гидротехникалық құрылысжайға зерттеп-қарауды немесе онда жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімдері, шарттары, өзара есеп айырысулар) уəкілетті орган нақты гидротехникалық құрылысжайға қатысты айқындайды.
74-бап. Гидротехникалық құрылысжайлардың меншік иелерінің (иеленушілерінің) жауапкершілігі
Гидротехникалық құрылысжайлардың меншік иелері (иеленушілері) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен гидротехникалық құрылысжайлардың тиісті жай-күйіне, оларды пайдалану қағидаларының сақталуына жəне олардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге жауапты болады.
5-БӨЛІМ. СУ ОБЪЕКТІЛЕРІН ҚОРҒАУ
10-тарау. СУ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІ
75-бап. Су объектілерін қорғау
1. Су объектілері:
1) антропогендік жəне табиғи факторлар салдарынан ластанудан;
2) қоқыстанудан;
3) сарқылудан қорғалуға жатады.
2. Су объектілері Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сəйкес:
1) халықтың өміріне жəне (немесе) денсаулығына зиян келтіруді;
2) су экология жүйелерінің экологиялық орнықтылығының бұзылуын;
3) су объектілерінің гидрологиялық, гидрогеологиялық жəне гидробиологиялық режимдерінің нашарлауын;
4) су объектілерінің табиғи молаю жəне тазару қабілетінің төмендеуін;
5) су объектілерінің физикалық, химиялық жəне биологиялық қасиеттеріне теріс əсер ететін басқа да қолайсыз құбылыстарды болғызбау мақсатында қорғалуға жатады.
3. Су объектілерін қорғау:
1) осы Кодекстің 86-бабының 1, 2 жəне 3-тармақтарында көзделген, су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық қызметке қойылатын талаптарды сақтау;
2) жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін, ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарын белгілеу;
3) су қорын қорғау жəне пайдалану саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, сондай-ақ қоғамдық бақылауды жүргізу;
4) су қатынастары субъектілеріне су қорын қорғау жəне пайдалану жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін жауапкершілік шараларын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
4. Орталық мемлекеттік органдар жəне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес, су объектілерін қорғау, олардың ластануын, қоқыстануын жəне сарқылуын болғызбау, сондай-ақ аталған құбылыстардың салдарын жою жөнінде шаралар қабылдайды.
5. Қызметі су объектілерінің жай-күйіне əсер ететін жеке жəне заңды тұлғалар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға жəне су объектілерін ластанудан, қоқыстанудан жəне сарқылудан қорғауды қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық, технологиялық, гидротехникалық, санитариялық-эпидемиологиялық жəне басқа да іс-шараларды жүргізуге міндетті.
76-бап. Жерүсті су объектілерін ластанудан қорғау
1. Су объектілерінің сапалық жай-күйін нашарлататын жəне пайдаланылуын қиындататын ластағыш заттардың су объектілеріне ағызылуы немесе өзге де тəсілмен түсуі жерүсті су объектілерінің ластануы деп танылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган жəне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген шектерге дейін тазарту шартымен арнаулы су пайдалануға рұқсат болған кезде тазартылған сарқынды суларды жерүсті су объектілеріне ағызуға жол беріледі.
3. Тазартылған сарқынды суларды табиғи емдік қасиеттері бар, сондай-ақ емдік-профилактикалық мақсаттар үшін қолайлы жерүсті су объектілеріне ағызуға тыйым салынады.
77-бап. Жерүсті су объектілерін қоқыстанудан қорғау
1. Жерүсті су объектісінің гидрологиялық жай-күйінің нашарлауына алып келетін немесе алып келуі мүмкін жəне суды пайдалануды қиындататын қатты жəне ерімейтін қалдықтардың жерүсті су объектілеріне түсуі жерүсті су объектілерінің қоқыстануы деп танылады.
2. Жерүсті су объектілерін қоқыстауға жəне оларға қалдықтарды көмуге тыйым салынады.
78-бап. Су объектілерін сарқылудан қорғау
1. Өзендер ағынының, жерасты сулар қорының тұрақты түрде төмендеуі, жерүсті су объектілері акваториясының тұрақты түрде азаюы су объектілерінің сарқылуы деп танылады.
2. Су объектілерін сарқылудан қорғау:
1) су пайдалану лимиттерін белгілеу;
2) белгіленген су режимінің жəне су пайдаланудың рұқсат етілген көлемінің бұзылуына жол бермеу;
3) су қорын қорғау жəне пайдалану саласында қолда бар ең үздік технологияларды қолдану;
4) су қорғау іс-шараларын жүргізу;
5) су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық қызметке қойылатын талаптарды сақтау арқылы жүзеге асырылады.
79-бап. Шағын су объектілерін қорғау ерекшеліктері
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)