Бiрiншi кезектегі талаптарды өтеу осы тармақта жазылған кезектілік тәртiбімен жүзеге асырылады.
Өмiріне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру бойынша кредиторлар талаптарын өтеу үшiн мүлiк жеткiлiксiз болған жағдайда, мүлiк кредиторлар арасында олардың тiзiлiмге енгiзiлген талаптарының сомаларына пропорционал бөлiнедi. Осы бөлiктің ережелерi алименттердi өндiрiп алу бойынша, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары бойынша берешектердi төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс iстеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және оларға өтемақылар төлеу бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша, қызметтік өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі үшін авторларға сыйақылар төлеу бойынша кредиторлар талаптарын өтеу кезiнде қолданылады.
3. Екінші кезекте осы Заңның 104-1-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген банкрот мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша кредиторлар талаптары, банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде банкроттықты басқарушының қарыз алуы нәтижесінде туындаған талаптар, сондай-ақ орталық контрагенттің функцияларын жүзеге асыратын клирингтік ұйымның осы клирингтік ұйымның клирингтік қатысушысы болып табылатын банкрот орталық контрагенттің қатысуымен бұрын жасаған және орындамаған мәмілелердің нәтижесінде туындаған талаптары қанағаттандырылады.
4. Үшінші кезекте салықтық берешек, сондай-ақ кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар бойынша берешек өтеледі.
5. Төртінші кезекте азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша басқа кредиторлармен есеп айырысу жүргізіледі, сондай-ақ кредиторлардың:
1) осы Заңның 104-1-бабы 6-тармағының үшінші абзацында көзделген жағдайда;
2) бірінші кезек құрамына кірмеген авторлық шарттардан;
3) соттың мәмілені жарамсыз деп тануы және мүлікті банкроттың мүліктік массасына қайтару туралы шешім қабылдауы нәтижесінде туындаған талаптары қанағаттандырылады.
6. Бесінші кезекте залалдардың орнын толтыру және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) өндіріп алу бойынша, сондай-ақ осы Заңның 102-бабының 5 және 6-тармақтарына сәйкес еңбекке ақы төлеу және өтемақылар төлеу бойынша кредиторлар талаптары қанағаттандырылады.
7. Алтыншы кезекте, өмiріне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру бойынша; алименттердi өндiрiп алу бойынша; Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар бойынша, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешектердi төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс iстеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және оларға өтемақылар төлеу бойынша; қызметтік өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі үшін авторларға сыйақыларды төлеу бойынша талаптарды қоспағанда, кредиторлардың осы Заңның 90-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімнен кеш мәлімделген талаптары қанағаттандырылады.»;
81) мынадай мазмұндағы 100-1-баппен толықтырылсын:
«100-1-бап. Әкімшілік шығыстарды төлеу тәртібі
1. Банкорттықты басқарушы ай сайын кредиторлар комитетіне есепті ай үшін төлеуге жататын әкімшілік шығыстардың сомасын көрсете отырып, жұмыс нәтижелері туралы есепті ұсынады.
2. Кредиторлар комитеті осы баптың 1-тармағында көзделген есепті көрсетілген шығыстардың негізділігі тұрғысынан қарайды және төлеуге жататын әкімшілік шығыстардың сомасын бекіту туралы шешім қабылдайды.
3. Кредиторлар комитеттерінің шешімінсіз әкімшілік шығыстарды төлеуге жол берілмейді.»;
82) 101-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«101-бап. Кредиторлармен есеп айырысу қағидалары
1. Әрбір кезектің талаптары, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.
Кредитордың талабы оның келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде ақшалай нысанда және (немесе) мүлікті заттай беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкін.
2. Банкроттықты басқарушы сатуға ұсынылған, бірақ өткізілмей қалған мүлікті осы Заңның 100-бабында белгіленген кезектілікті сақтай отырып, заттай беруді ұсынуға міндетті.
Салықтар және кедендік төлемдер бойынша, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар бойынша және мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша кредитордан басқа, кредитор мүлiктi банкроттықты басқарушы ұсынған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде оны талапты өтеу есебiне заттай қабылдау туралы өзiнiң жазбаша келiсiмiн (келiспейтiнiн) бiлдiруге тиiс. Кредитордың жазбаша келiсiмді белгiленген мерзiмде ұсынбауы мүлiктi заттай қабылдаудан бас тартуы деп танылады.
Кредитордың мүлікті заттай қабылдауы мүмкін болмаған немесе кредитор қабылдаудан бас тартқан жағдайда, банкроттықты басқарушы осындай мүлікті келесі кезектің кредиторларына беруді ұсынуға міндетті.
3. Егер талаптарды есепке жатқызу кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың кезектілігін бұзбаса, басқа тұлғалар тартылмай, тікелей, өзаралық болып табылса, кредиторлар комитетінің шешімі бойынша банкроттықты басқарушы оның қабылданған күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей кредиторға талаптарды есепке жатқызу туралы мәлімдеуге міндетті. Есепке жатқызуға ақшаны төлеу туралы талаптар бойынша ғана жол беріледі.
4. Бірінші кезек кредиторларының осы Заңның 90-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткеннен кейін, бірақ барлық кредиторлармен есеп айырысу аяқталғанға дейін мәлімделген талаптары бірінші кезек құрамында кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі және мүліктік масса есебінен қанағаттандыруға жатады. Мұндай талаптар тізілімге енгізілгенге дейін кредиторлардың талаптарын өтеу тоқтатыла тұрады.
Бірінші кезек кредиторларының барлық кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін, бірақ тарату балансы бекітілгенге дейін мәлімделген талаптары кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған банкрот мүлкінен қанағаттандырылады.
5. Кредиторлардың банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде банкроттықты басқарушының қарыз алуы нәтижесінде туындаған талаптары екінші кезек құрамына енгізілген, олардың алдындағы берешек банкроттық рәсімі қозғалғанға дейін туындаған кредиторлардың талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін өтеледі.
6. Кредиторлардың банкрот мүлкінің жеткіліксіздігінен қанағаттандырылмаған талаптары өтелді деп есептеледі.
Көрсетілген сомаларды кредитор соттың банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарымы негізінде дебиторлық берешектен шығаруға тиіс.
Осы тармақтың ережелері:
1) кепілдікпен, кепілгерлікпен немесе үшінші тұлғалардың кепілімен қамтамасыз етілген талаптарға;
2) осы Заңның 109-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.»;
83) 102-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Еңбекке ақы төлеу және өтемақылар төлеу бойынша кредиторлар талаптарының сомасын айқындау кезінде бірінші кезек құрамында, осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, банкроттық туралы iс бойынша іс жүргізу қозғалған күнге түзілген берешек ескеріледі.»;
84) 103-баптың 3 және 4-тармақтары алып тасталсын;
85) 104-бап алып тасталсын;
86) 104-1 және 105-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«104-1-бап. Кепілді кредиторлардың талаптарын кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау арқылы қанағаттандыру
1. Уақытша басқарушы сот борышкерді банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде кепілге салынған мүлікке бағалау жүргізуді ұйымдастырады.
2. Банкроттық басқарушы өзі тағайындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кепілді кредиторға пошта арқылы тапсырыс хатпен осы баптың 4-тармағына сәйкес кепілді кредитор өтеуге жататын соманы көрсете отырып, кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау туралы ұсыныспен бірге кепілге салынған мүлікті бағалау нәтижелерін жібереді.
3. Кепілді кредитор осы баптың 2-тармағында көрсетілген ұсынысты алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей кепілге салынған мүлікті заттай қабылдауға келісімін немесе одан бас тартуын жазбаша түрде білдіруге міндетті.
4. Кепілді кредитор кепілге салынған мүлікті заттай қабылдауға келіскен жағдайда банкроттық басқарушыға кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау туралы жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей оны қабылдағанға дейін кепілге салынған мүлікті бағалауға және күтіп-ұстауға байланысты әкімшілік шығыстарды, сондай-ақ кредиторлар талаптары тізілімінің бірінші кезектегі құрамына енгізілген, еңбекке ақы төлеу бойынша кредиторлар талаптарын өтеу үшін борышкердің өзге мүлкі болмаған жағдайда, көрсетілген талаптарды өтеуге міндетті.
Еңбекке ақы төлеу бойынша кредиторлар талаптары республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген, үш айдан аспайтын кезең үшін жалақының ең төмен мөлшері шегінде, бірақ кепілге салынған мүліктің бағалау құнының он бес пайызынан аспайтын мөлшерде қанағаттандырылады.
5. Банкроттықты басқарушы осы баптың 4-тармағында айқындалған әкімшілік шығыстар, сондай-ақ кредиторлар талаптары өтелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кепілге салынған мүлікті кепілді кредиторға оның талаптарын қанағаттандыру есебіне береді.
6. Егер осы баптың 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген өтелген кредиторлар талаптарын шегергенде кепілге салынған мүліктің бағалау құны:
кепілді кредитор талаптарының мөлшерінен көп болса - кепілді кредитор айырманы кепілге салынған мүлік өзіне берілген күннен бастап бір ай ішінде банкроттың мүліктік массасына береді;
кепілді кредитор талаптарының мөлшерінен аз болса - кепілді кредитордың айырма мөлшеріндегі талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі және төртінші кезек құрамында қанағаттандырылуға жатады.
7. Кепілді кредитордың талаптарын қанағаттандыру:
1) кепілді кредитор кепілге салынған мүлікті заттай қабылдаудан бас тартқан;
2) кепілді кредитор уақытша басқарушының ұсынысына осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімде жауап ұсынбаған;
3) осы баптың 4-тармағында айқындалған әкімшілік шығыстар мен кредиторлар талаптары толық көлемде өтелмеген жағдайларда, осы Заңның 103-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
8. Кепілді кредитор банкроттықты басқарушыға банкроттың кепілге салынған мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайлар басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде беруге міндетті.
9. Осы бапта белгіленген тәртіп талаптары банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде банкроттықты басқарушының қарыз алуы нәтижесінде туындаған кредиторларға қолданылмайды.
105-бап. Үшінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
Үшінші кезек құрамына енгізілетін талаптар сомасын айқындау кезінде банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған күнге түзілген салықтық берешек, сондай-ақ кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар бойынша берешек ескеріледі.
Үшінші кезектегі кредиторлар талаптарын өтеу үшін мүлік жеткіліксіз болған жағдайда, мұндай мүлік өздерінің арасында тізілімге енгізілген талаптарының сомасына пропорционал бөлінеді.»;
87) 106-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Төртінші кезектегі талаптардың құрамына енгізілетін талаптар сомасын айқындау кезінде азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша кредиторлар талаптары, сондай-ақ:
1) осы Заңның 104-1-бабы 6-тармағының үшінші абзацында көзделген жағдайда;
2) бірінші кезек құрамына кірмеген авторлық шарттардан туындаған кредиторлар талаптары ескеріледі.»;
88) мынадай мазмұндағы 107-1-баппен толықтырылсын:
«107-1-бап. Алтыншы кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
Мүлік жеткіліксіз болған кезде осы Заңның 100-бабының 7-тармағында көрсетілген кредиторлар талаптары олардың тізілімге енгізілген талаптарының сомасына пропорционал қанағаттандыруға жатады.»;
89) 108-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«108-бап. Кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік
1. Кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған ақшаны банкроттықты басқарушы Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе банкроттың құрылтай құжаттарына сәйкес дара кәсіпкерге, банкрот - заңды тұлға мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), құрылтайшыларына (қатысушыларына) береді.
2. Кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған, сатуға ұсынылған, бірақ өткізілмей қалған, сондай-ақ талаптарды қанағаттандыру есебіне кредитор немесе әкімшілік шығыстардың орнын толтыру есебіне әкімші қабылдамаған банкроттың заттай мүлкі, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, дара кәсіпкерге, банкрот - заңды тұлға мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), құрылтайшыларына (қатысушыларына) беріледі.»;
90) 109-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«109-бап. Банкротты борыштардан босату және оның міндеттемелерін үшінші тұлғалардың орындауы»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Банкроттың кредиторлар алдындағы банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша орындалмай қалған міндеттемелері өзіне қатысты соттың осындай кредиторлар талаптарының сомасын осы Заңның 96-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалатын мөлшерде субсидиарлық тәртіппен өндіріп алу туралы шешімі заңды күшіне енген тұлғаның орындауына жатады.»;
91) 110 және 111-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«110-бап. Банкроттықты басқарушының қорытынды есебі
1. Кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн банкроттықты басқарушы сотқа тарату балансын және кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiкті пайдалану туралы есептi қоса бере отырып, өз қызметi туралы кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есептi ұсынады.
Банкроттың кәсіпорны сатылған жағдайда, тарату балансы қоса берілмейді.
2. Өтініші бойынша банкроттық туралы іс қозғалған салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор не мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға сотта банкроттықты басқарушының қорытынды есебі қаралған кезде, егер банкроттық рәсімін жүргізу барысында жиынтығында мынадай мән-жайлар:
1) борышкер мүлкінің жоқ екені;
2) борышкердің жарамсыз деп тануға жатқан мәмілелерінің жоқ екені;
3) өзіне қатысты соттың субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы шешімі заңды күшіне енген борышкер құрылтайшысының (қатысушысының), лауазымды адамының Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес өндіріп алуды қолдануға мүмкін болатын мүлкінің жоқ екені не аталған тұлғаларды субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы талап қоюмен сотқа жүгіну үшін негіздердің жоқ екені анықталса, уақытша және банкроттықты басқарушыларға негізгі сыйақыны төлеу, сондай-ақ кредиторлар комитетінің шешімі бойынша өзге де әкімшілік шығыстардың орнын толтыру туралы өтінішхатты мәлімдеуге міндетті.
3. Сот ұсынылған күнінен бастап он жұмыс күнінен кешiктірілмейтiн мерзiмде банкроттықты басқарушының қорытынды есебiн, егер осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, тарату балансын бекiтедi және банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарым шығарады.
Банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарымда банкроттың өткізілмей қалған мүлкiмен байланысты мәселелер шешiлуге тиiс. Сот ұйғарымның көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға, уәкiлеттi органға, мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органына, сондай-ақ талаптары қанағаттандырылмаған банкрот кредиторларына жiбередi. Осы бөліктің күші банкроттың кәсіпорнын сату жағдайларына қолданылмайды.
Соттың банкорттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарымында осы баптың 2-тармағында көзделген өтінішхатта көрсетілген сомаларды төлеу туралы нұсқау да қамтылуға тиіс.
Уақытша және банкроттықты басқарушыларға негізгі сыйақыны төлеу тәртібін, сондай-ақ өзге де әкімшілік шығыстардың орнын толтыру тәртібі мен мөлшерін уәкілетті орган айқындайды.
4. Егер жүргізілген борышкердің банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша үшінші тұлғалардың кепілдігімен, кепілгерлігімен немесе мүлік кепілімен қамтамасыз етілген кредитор талаптары қанағаттандырылмай қалған болса, онда мұндай кредитор соттың банкроттық рәсімін аяқтау туралы заңды күшіне енген ұйғарымы негізінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен үшінші тұлғалар - кепілдік берушілерден, кепілгерлерден немесе кепіл берушілерден сомаларды өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
111-бап. Уәкілетті органның интернет-ресурсында борышкерлер тізімін орналастыру
1. Уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында:
1) өздеріне қатысты соттың банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану, банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы шешімі заңды күшіне енген борышкерлер тізімін;
2) өздеріне қатысты соттың оңалту рәсімін тоқтату туралы ұйғарымы заңды күшіне енген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тізімін орналастырады.
Борышкерді банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану не банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы шешімнің күші жойылған, бітімгершілік келісім жасалған немесе кәсіпорын сатылған жағдайларда, борышкер тізімнен алып тасталады.
Тізімде борышкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не атауы, борышкердің экономикалық қызмет түрі, деректемелері, басшы мен құрылтайшылардың (қатысушылардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), соттың борышкерді банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану не банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы шешімінің, соттың банкроттық рәсімін аяқтау, оңалту рәсімін тоқтату не банкроттық рәсімін қозғамай таратуды аяқтау туралы ұйғарымының күні, сондай-ақ әкімшінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), электрондық мекенжайы және байланыс телефоны көрсетіледі.
2. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген борышкерлер тізімі өздеріне қатысты соттың оңалту рәсімін немесе банкроттық рәсімін қолдану не банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы шешімі өткен тоқсанда заңды күшіне енген борышкерлерді енгізу, сондай-ақ өздеріне қатысты соттың қорытынды есепті бекіту не оңалту рәсімін тоқтату туралы ұйғарымы заңды күшіне енген борышкерлерді алып тастау жолымен өткен тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей тоқсан сайын жаңартылады.
Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген тізім соттың өздеріне қатысты оңалту рәсімін тоқтату туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап екі жыл өткен дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды одан алып тастау жолымен жаңартылады.»;
92) 112-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, банкротты тарату аяқталды, ал банкрот жұмыс iстеуiн тоқтатты деп заңды тұлғалардың мемлекеттiк тiркелiмдерiне бұл туралы жазба енгiзiлгеннен кейін немесе жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен алынғаннан кейін есептеледі.
Банкротты таратудың аяқталуы банкроттықты басқарушының өкілеттігін тоқтатады.»;
3-тармақ алып тасталсын;
93) 112-1-баптың 2-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Банкрот тарапынан бітімгершілік келісім жасасу туралы шешімді дара кәсіпкер, банкрот - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), құрылтайшысы (қатысушысы) және банкроттықты басқарушы қабылдайды.»;
94) 112-2-баптың 3-тармағындағы «мүліктің меншік иесі, банкрот құрылтайшысы (қатысушысы) не ол уәкілеттік берген тұлға» деген сөздер «банкрот - дара кәсіпкер, банкрот - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген тұлға), құрылтайшысы (қатысушысы)» деген сөздермен ауыстырылсын;
95) 112-3-бапта:
1-тармақтың екінші бөлігіндегі «салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек» деген сөздер «салықтық берешек» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтың бірінші абзацындағы «салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек» деген сөздер «салықтық берешек» деген сөздермен ауыстырылсын;
96) 112-7-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған кредитордың (кредиторлардың) өтінішіне мұндай кредитор (кредиторлар) мен әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлға арасында жасалған уақытша басқарушының өкілеттігін жүзеге асыру туралы келісімнің көшірмесі қоса беріледі.»;
97) 112-8-баптың 2 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы немесе бітімгершілік келісімді бұзу туралы ұйғарымының күшін жою туралы шешім қабылдаған сот сот актісінде банкроттық рәсімін қозғау туралы көрсетуге міндетті.»;
«4. Уақытша басқарушы банкроттық рәсімін қозғау туралы сот актісі шығарылған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізуге міндетті.»;
98) 7-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
«7-тарау. БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІН ҚОЗҒАМАЙ БОРЫШКЕРДІ ТАРАТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
113-бап. Банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату
Банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату:
1) борышкер жоқ борышкер болып табылған;
2) борышкерге қатысты осы Заңның 114-бабының 3-тармағында көзделген мән-жайлардың жиынтығы болған жағдайларда, жүзеге асырылады.
114-бап. Сотқа банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы өтінішпен жүгіну негіздері
1. Сотқа банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы өтінішпен:
1) салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор - осы Заңның 113-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайда;
2) борышкер - егер өзіне қатысты осы баптың 3-тармағында көзделген мән-жайлардың жиынтығы болған жағдайда жүгінеді.
2. Салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитордың сотқа банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы өтінішпен жүгінуі үшін мынадай мән-жайлардың жиынтығы негіз болып табылады:
1) борышкердің, сондай-ақ оның құрылтайшылары (қатысушылары) мен лауазымды адамдарының орналасқан жерін қатарынан алты ай бойы анықтаудың мүмкін болмауы, бұл жөнінде уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша және тәртіппен құжат жасалады;
2) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің меншік құқығында мүлкінің, сондай-ақ дебиторлық берешегінің болмауы;
3) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің жасалған жағдайда осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін мәмілелер жасамауы.
3. Борышкердің сотқа банкроттық рәсімін қозғамай өзін тарату туралы өтінішпен жүгінуі үшін мынадай мән-жайлардың жиынтығы негіз болып табылады:
1) борышкердің кредиторлар алдында республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың бес жүз еселенген мөлшерінен аспайтын берешегінің болуы;
2) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің меншік құқығында мүлкінің, сондай-ақ дебиторлық берешегінің болмауы;
3) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің жасалған жағдайда осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін мәмілелер жасамауы;
4) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің банктік шоттар мен касса бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырмауы;
5) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасында белгіленген салықтық және кедендік тексерулер мен өзге де бақылау нысандарының тізімдеріне енгізілмеуі;
6) өтініш берілген күнге қылмыстық қудалау органдарының борышкер қызметіне байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін заңды тұлғаның құрылтайшысына (қатысушысына) немесе оның лауазымды адамына, сол сияқты дара кәсіпкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізбеуі.
115-бап. Банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы өтінішке қоса берілетін құжаттар
1. Салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитордың банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы өтінішіне:
1) борышкердiң салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор алдындағы мiндеттемелерiн, сондай-ақ осы мiндеттемелер бойынша берешегінiң бар екенін және сомасын;
2) борышкердің жоқ борышкер болып табылатынын растайтын құжаттар қоса беріледі.
2. Борышкердің банкроттық рәсімін қозғамай өзін тарату туралы өтінішіне осы Заңның 114-бабының 3-тармағында көзделген мән-жайлардың бар екенін растайтын құжаттар, сондай-ақ борышкер - дара кәсіпкердің, борышкер - заңды тұлға мүлкі меншік иесінің (ол уәкілеттік берген органның) немесе құрылтайшыларының (қатысушыларының) борышкердің банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуі туралы шешімі қоса беріледі.