3-1) мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шараларын ұсынады;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
12-бап. Мүгедектiктiң алдын алу
1. Мүгедектiктiң алдын алу - ерте диагноз қоюға, дене, ақыл-ой, психикалық, сенсорлық және басқа кемiстiктердiң туындауынан және кемiстiктiң тұрақты функционалдық шектелуге немесе мүгедектiкке ауысуынан сақтандыруға бағытталған шаралар кешенi, сондай-ақ денсаулықты қорғау, адамның тұратын экологиялық ортасын жақсарту, салауатты өмiр салтын қалыптастыру, еңбектiң қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз ету, өндiрiсте жарақаттануды болдырмау, кәсiптiк ауруларды азайту жөніндегі iс-шаралар.
2. Мүгедектiктiң алдын алуды тиiстi мемлекеттік органдар, жергiлiктi мемлекеттік басқару органдары, ұйымдар мен жұмыс берушi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
3-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ
13-бап. Медициналық-әлеуметтiк сараптама
1. Адамның мүгедектiгi мен еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеу халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзуi жолымен жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Медициналық-әлеуметтiк сараптама халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен куәландырылатын адамның клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiби және психологиялық деректерiн талдау негiзiнде организмнiң жай-күйiн кешендi бағалауға сүйенiп жүзеге асырылады.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
2-1. Қолданылу мерзімі өткен құжаттар және (немесе) құжаттардың толық емес топтамасы ұсынылған кезде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуден бас тартылады.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 2-2-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
2-2. Тұрмыс-тіршілік санаттарының біреуінің (өзіне өзі қызмет көрсетуге, жүріп-тұруға, еңбек қызметіне (еңбекке қабілеттілікке), оқып үйренуге, бағдарлай білуге, қарым-қатынас жасауға, өзінің жүріс-тұрысын бақылауға, ойын қызметіне және танымдық қызметке, қозғалыс белсенділігіне қабілеті) шектелуіне әкеп соқтыратын, организм функцияларының тұрақты бұзылуы болмаған жағдайларда, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қорытындылары бойынша мүгедектік және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгіленбейді.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Адамды мүгедек деп тану және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесiн белгiлеу кезінде әлеуметтік қорғаудың себептерi, мерзiмдерi, әлеуметтік қорғау шараларына қажеттiлiктерi айқындалады, сондай-ақ мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік және кәсіптік бөліктері әзiрленедi.
4. Мүгедектiк тобы он алты жастан бастап белгiленедi.
14-бап. Мүгедектердiң құқықтары
Қазақстан Республикасында мүгедектер:
1) әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға, қоғамға етене араласуға;
2) әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз етуге;
3) ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге;
4) білім алуға, қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн алуға;
6) кәсiптiк даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабiлетiн қалпына келтiруге және жұмысқа орналасуға;
7) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге;
8) мемлекеттік және өзге ұйымдарда, соның iшiнде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлiк, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бірiншi кезекте қызмет көрсетiлуге;
9) мүгедектердiң шығармашылық қабiлеттерiн қолдауға арналған құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерімен бекітілген әлеуметтiк-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
15-бап. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау
Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау әлеуметтiк, қайырымдылық көмекті, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалтуды, бiлiм алуға қолжетімділікті және мүгедектердің қоғам өмiрiне басқа азаматтармен бірдей қатысуына мүмкiндiктер жасауға бағытталған өзге де шараларды ұсыну арқылы қамтамасыз етiледi.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
16-бап. Мүгедектерге көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек
Мүгедектерге көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мемлекеттiк жәрдемақылар, өтемақылар түрiндегi төлемдерді және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де, оның ішінде қайырымдылық есебінен берілетін төлемдердi де қамтиды.
Әлеуметтік көмектің қосымша түрлерін жергілікті атқарушы органдар, жұмыс беруші және өзге де ұйымдар көрсетуге құқылы.
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 16-1 баппен толықтырылды (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
16-1-бап. Мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын психоневрологиялық аурулар қатарындағы мүгедектерге және мүгедек балаларға әлеуметтік көмек
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып жатқан, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз және қорғаншылыққа мұқтаж деп танылған мүгедектердің (бұдан әрі - қорғаншылықтағылар) зейнетақы төлемдері және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылары «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен есепке жазылады.
2. Медициналық-әлеуметтік мекеменің әкімшілігі қамқорлықтағылардың Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерінің және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларының пайдаланылуы туралы есепті облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына тоқсан сайын ұсынуға міндетті.
3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары қамқорлықтағылардың Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларын медициналық-әлеуметтік мекеме әкімшілігінің дұрыс жұмсауын бақылауды жүзеге асырады.
17-бап. Мүгедектердi оңалту
1. Мүгедектердi оңалту организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуынан тiршiлiк-тынысының шектелуiн жоюға немесе оның орнын мүмкiндiгiнше толықтай толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк iс-шаралар кешенiн қамтиды.
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Мүгедектердi оңалту медициналық-әлеуметтiк сараптама қорытындысы негiзiнде айқындалатын мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
18-бап. 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
19-бап. Мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасы
1. Оңалтудың жеке бағдарламасы организмнiң бұзылған және жоғалтқан функцияларын қалпына келтiруге және (немесе) олардың орнын толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалту шараларын қамтитын оңалту iс-шаралары кешенiн айқындайды.
2. Оңалтудың жеке бағдарламасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедекке тегiн көрсетiлетiн оңалту iс-шараларын, сол сияқты ақысын төлеуге мүгедектiң өзi немесе оның жұмыста мертiгуiне немесе кәсiптiк ауруға шалдығуына кiнәлi жұмыс берушi қатысатын оңалту iс-шараларын да қамтиды.
20-бап. Мүгедектердi медициналық оңалту
1. Мүгедектердi медициналық оңалту:
1) қалпына келтiру терапиясын (дәрi-дәрмекпен, физикалық, санаторий-курорттық емдеудi және организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функциялары мен денсаулықты қалпына келтiруге бағытталған басқа да емдеу әдiстерiн);
2) қайта жасау хирургиясын;
3) протездiк-ортопедиялық көмектi қамтиды.
2. Медициналық оңалту жөніндегі iс-шараларды денсаулық сақтау ұйымдары мен меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүргiзедi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Санаторий-курорттық емдеу мүгедектер мен мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен ұсынылады.
4. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емделуге жолдама Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.
5 тармақ 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді
5. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.
21-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту
1. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту:
1) мүгедектердi жеке басы гигиенасының, өзiн-өзi қарап-күтудiң, жүріп-тұрудың, қарым-қатынастың негiзгі әлеуметтік дағдыларына үйретудi;
2) мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етудi;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3) басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедектерге, оның iшiнде мүгедек балаларға үйде арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсынуды;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мынадай әлеуметтiк көрсетілетін қызметтерді:
жүрiп-тұруы қиын бiрiншi топтағы мүгедектер үшін - жеке көмекшi;
4) тармақшаның үшінші абзацы 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тiлi маманын жылына алпыс сағатқа берудi;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5) медициналық-әлеуметтiк мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсынуды;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық көмек көрсетудi;
7) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтiк оңалтудың өзге де түрлерiн қамтиды.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалтуды: медициналық-әлеуметтiк мекемелер (ұйымдар), әлеуметтiк көмекті үйде көрсететiн бөлiмшелер, арнаулы бiлiм беру ұйымдары (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерi), денсаулық сақтау ұйымдары және басқа да мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
22-бап. Мүгедектерге техникалық көмекшi (оpнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүрiп-тұру құралдарын беру
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мүгедектер Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тізбе бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес протездiк-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етiледi.2. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектер жеке оңалту бағдарламасына сәйкес техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етiледi.
3 тармақ 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді
3. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге протездiк-ортопедиялық көмек, техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар, арнаулы жүрiп-тұру құралдары осы баптың 1-тармағына сәйкес берiледi.
4. Техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар Қазақстан Республикасы мемлекеттік сертификаттау жүйесiнiң талаптарына сәйкес мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 23-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
23-бап. Үйде және аумақтық әлеуметтiк қызмет көрсету орталықтарында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну
1. Өзiнiң негiзгi өмiрлiк қажеттiлiктерiн өз бетiнше қанағаттандыру мүмкiндiгiн, өзiне өзi қызмет көрсету және (немесе) жүрiп-тұру қабiлетiн iшiнара немесе толық жоғалтуына байланысты басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж, бірінші және екінші топтардағы жалғызiлiктi мүгедектерге арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынуды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес әлеуметтiк көмекті үйде көрсететін бөлiмшелер және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететін аумақтық орталықтар жүзеге асырады.
2. Өзiнiң негiзгi өмiрлiк қажеттіліктерін өз бетiнше қанағаттандыру мүмкiндiгiн, өзiне өзi қызмет көрсету және (немесе) жүрiп-тұру қабiлетiн iшiнара немесе толық жоғалтуына байланысты басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынуды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес әлеуметтiк көмекті үйде көрсететін бөлiмшелер және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететін аумақтық орталықтар жүзеге асырады.
3. Үйде және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызметтер көрсететiн аумақтық орталықтарда арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
24-бап. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну
1. Денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның тұрақты күтiміне және медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж, бірінші және екінші топтардағы жалғызiлiктi мүгедектерге, психоневрологиялық науқастар қатарындағы бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге, мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну мүгедектердiң жасына, денсаулық жағдайына сәйкес бейiнделген қарттар мен мүгедектерге, мүгедек балаларға арналған интернат-үйлерде жүзеге асырылады және тұрмыс-тіршілік жағдайларын жасауды, күтiммен қамтамасыз етудi, медициналық қызмет көрсетудi, оңалтуды, әлеуметтiк-еңбектiк бейiмдеудi, демалыс пен бос уақытты ұйымдастыруды қамтиды.
2. Мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерде және мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда тұратын адамдарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көлемi халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес ұсынылады.
3. Мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерде арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсыну бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де материалдық және қаржылық түсiмдер есебiнен жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсыну, құрылтайшылардың қаражатын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы негiзде жүзеге асырылады.
25-бап. Мүгедектердiң әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) мемлекеттік стандарттарға сәйкес елдi мекендердi жобалау, салу және оларда құрылыс жүргізу, тұрғын аудандарды қалыптастыру, жаңадан игерiлетiн және қайта салынатын аумақтар мен басқа елдi мекендердi абаттандыру кезiнде мүгедектердiң тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндiрiстiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кiрiп-шығуын;
2) тұрғын үй құрылыстары шегiнде, сондай-ақ қызмет көрсету мекемелерi мен еңбек ету объектiлерi жанында орналасатын жеңiл автомобильдердi уақытша сақтауға арналған ашық тұрақтарды жобалау және салу кезiнде мүгедектердiң жеке автокөлiк құралдарына арналған орындарды;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердi ескере отырып, автомобильдердi қоса алғанда, арнаулы жүрiп-тұру құралдарына арналған гараждар немесе тұрақтар салу үшiн мүгедектерге кезектен тыс орын берудi;
4) мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған мекемелер орналасқан жерлерде, сондай-ақ халық көп жүретiн жерлерде iлесе дыбыстайтын және жарық беретiн арнаулы бағдаршамдар, жол белгiлерiн және көрсеткiштер орнатуды, дыбыстайтын және жарық түсiретiн құрылғылармен жарақталған жаяу жүргiншiлер өтетiн жерлердi белгiлеудi қамтамасыз етуге тиiс.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы жергілікті атқарушы органының, мүгедектердiң қоғамдық бірлестіктерінің өкiлдерi болмаса, тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға тапсыруға жол берiлмейді.
3-тармақ 2007 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді
3. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темір жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына мемлекеттік стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi.
Аталған объектiлердi мүгедектердiң кiрiп-шығуына бейiмдеу мүмкiн болмаған жағдайларда, тиiстi жеке және заңды тұлғалар мүгедектердiң қажеттіліктерiн барынша ескеретiн қажеттi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға тиiс.
Мемлекеттік органдар жолаушыларды тасымалдау бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзген кезде, мүгедектердiң пайдалануына бейiмделген көлiк құралдары бар тұлғалар артықшылыққа ие болады.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
4. Лауазымды адамдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылымға және көлік инфрақұрылымына кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартуға әкеп соғады.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
26-бап. Мүгедектердi тұрғын үймен қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:
1) тұрғын үйге мұқтаж мүгедектердi есепке қояды және олардың пайдалануына тұрғынжай бередi;
2) мүгедектерге немесе құрамында мүгедектер бар отбасыларға берiлетiн тұрғын үй-жайларды арнайы құралдармен және жабдықпен жабдықтауды қамтамасыз етедi.
2. Мүгедектерге ғимараттың қабаты, тұрпаты, абаттандырылу дәрежесі және тұруға қажеттi басқа да жағдайлар ескеріле отырып, тұрғын үй-жайды таңдау құқығы берiледi.
27-бап. Мүгедектердiң мәдени-ойын-сауық ұйымдарына және спорт ғимараттарына бара алуын қамтамасыз ету
Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектерге мәдени-ойын-сауық iс-шараларына, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн спорт ғимараттарына бара алатын жағдайларды, арнаулы спорт жабдықтарын берудi қамтамасыз етедi.
Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен он сегiз жасқа дейiнгi мүгедек балалар санамалап көрсетiлген қызметтердi - бюджет қаражаты есебiнен, ал үшiншi топтағы мүгедектер аталған қызметтер құнының елу процентін төлеп пайдаланады.
28-бап 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді
28-бап. Мүгедектердiң ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз ету
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет:
1) мүгедектер үшiн мерзiмдi баспасөз, ғылыми, оқу-әдiстемелiк, анықтамалық-ақпараттық және көркем әдебиет, соның iшiнде аудиотаспаларды, дискiлердi, бедерлi-нүктелi Брайль қарпiмен және сурдоаудармасы бар бейнетаспаларды шығару арқылы мүгедектердің ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
2) 2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
1-1. Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасына сәйкес жаңалықтар сипатындағы кемінде бір телебағдарлама сурдоаудармамен немесе субтитрлер түріндегі аудармамен қамтамасыз етіледі.
2. Жеке қарым-қатынас құралы ретiнде ымдау тілі пайдаланылады, ол сондай-ақ саңырау және нашар еститiн балаларға арналған білім беру ұйымдарының оқу бағдарламасында да қолданылады.
29-бап. Мүгедектерге білім алуы және мектепке дейiнгi тәрбие алуы үшiн жағдайларды қамтамасыз ету
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мүгедектерге тегiн бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуға кепiлдiк берiледi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен мүгедек балалар үшiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға оқуға түсу кезiнде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн мөлшерде қабылдау квотасы көзделедi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын бюджеттiк қаржыландыру арқылы тегiн мемлекеттiк бiлiм алуға арналған конкурсқа қатысқан кезде көрсеткiштері бiрдей болған жағдайда медициналық қорытындыға сәйкес тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқуына болатын бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң, мүгедек балалардың басым құқығы бар.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын мүгедектерге стипендиямен қамтамасыз ету жөніндегі жеңiлдiктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiледi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жалпы үлгiдегi мектепке дейiнгi ұйымдарда және орта білім ұйымдарында болуына денсаулық жағдайы мүмкiндiк бермейтiн мүгедек балалар үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен балалар бақшалары мен басқа да арнаулы түзеу ұйымдары құрылады.