5. Өтемді төлеу мерзімін ұзартуды көздейтін, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асыруға жол берілмейді.
69-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару кезіндегі келісім рәсімдері
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарламаны алған кезден бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру арқылы келісім рәсімдеріне бастамашылық жасауға құқылы. Аталған өтініш берілген күні тіркеледі.
Жергілікті атқарушы орган күнтізбелік он күн ішінде меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаға өтінішін қарауға міндетті.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасын алған кезден бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру арқылы осы шарт жобасына ұсыныстар енгізе алады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жергілікті атқарушы орган меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасына иеліктен шығарылатын мүлік құрамы, иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін тұлғалар және өтелуге жататын залалдар мөлшері, өтем мазмұны жөніндегі ұсыныстарын бір ай ішінде қарауға міндетті. Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы орган иеліктен шығарылатын мүлік құнына қосымша бағалау жүргізуді ұйымдастыруы мүмкін.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жергілікті атқарушы орган мен меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы, сондай-ақ мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін басқа да тұлғалар арасында келісімге қол жеткізілген кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасы жергілікті өкілді органға келісуге жіберіледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мүдделі тұлғалардың бірде-біреуімен мүлікті беру туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару сот тәртібімен жүзеге асырылады.
5. Мүлікке меншік құқығы Қазақстан Республикасына немесе әкімшілік-аумақтық бөлініске өткенге дейін өтем төлеу туралы талаптарды және осы Заңның 67 және 68-баптарында белгіленген өтем төлеудің өзге де шарттарын тараптардың келісімі бойынша жоюға болмайды.
3-бөлім. Мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану
7-тарау. Мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану туралы жалпы ережелер
70-бап. Мемлекеттік мүлікті иеленудің және (немесе) пайдаланудың тәртібі, шектері мен шарттары
1. Жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мүліктің пайдалы қасиеттерін табу, сондай-ақ одан табыс, өсiм, жемiс, төл алу түрінде және өзге де нысандарда пайда алу үшін мемлекеттік мүлікті иеленуге және (немесе) пайдалануға құқылы.
2. Мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен, шектерде және шарттарда жүзеге асырылады.
71-бап. Мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану негіздері
1. Жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану негіздері:
1) шарттар және өзге де азаматтық-құқықтық мәмілелер;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық-құқықтық салдарларды туындататын әкімшілік актілер;
3) азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілейтін сот шешімдері;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық-құқықтық салдары болатын оқиғалар;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен әмбебап немесе өзге де құқықтық мирасқорлық болып табылады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік мүлікті иеленуге және (немесе) пайдалануға беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Мемлекеттік мүлікті иеленуге және (немесе) пайдалануға беру туралы шарттың жазбаша нысанын сақтамау оның маңызсыздығына алып келеді.
3. Иеленуге және (немесе) пайдалануға берілген мемлекеттік мүлік осы Заңның 15-тарауының қағидаларына сәйкес мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізіледі.
72-бап. Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беру туралы шарттар
1. Мемлекеттік мүлік мынадай:
1) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу);
2) мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару;
3) мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану (несие);
4) мердігерлік;
5) мемлекеттік мүлік болып табылатын табиғи ресурстарды пайдалануға беру туралы шарттарының негізінде пайдалануға берілуі мүмкін.
2. Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беруге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен басқа азаматтық-құқықтық шарттардың негізінде жол беріледі.
2015.31.10. № 380-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Стратегиялық объектілерді және жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті немесе мемлекетке ғана тиесілі болуы мүмкін мүлікті пайдалануға беруге мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты, мүлікті сенімгерлік басқару шарты және Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген өзге де шарттар бойынша жол беріледі.
4. Мемлекеттік мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға пайдалануға беру осы тарауда белгіленген ерекшеліктер мен шектеулер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының қағидаларына сәйкес шарттардың немесе әкімшілік актілердің негізінде жүзеге асырылады.
73-бап. Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беруге уәкілетті субъектілер
Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беру жөніндегі өкілеттіктерге:
1) республикалық мүлікке қатысты - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган;
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) коммуналдық мүлікке қатысты - жергілікті атқарушы орган немесе жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты ие болады.
8-тарау. Мемлекеттік мүлікті иеленудің және (немесе) пайдаланудың жекелеген негіздері
2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен 74-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
74-бап. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шарты
1. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартына осы бапта, осы Заңның 114-бабының 4-тармағында, 120, 145-баптарында белгіленген ерекшеліктерімен қоса, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің ережелері қолданылады.
2. Жылжымалы және жылжымайтын мүлік (заттар) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) объектісі болуы мүмкін.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 250-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларын қоспағанда, республикалық мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) мемлекеттiк мүлiкті басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган (республикалық мүлiктi жалдауға берушi (жалға берушi) бередi.
Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларын қоспағанда, коммуналдық мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) жергiлiктi атқарушы орган немесе жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты (коммуналдық мүлiктi жалдауға берушi (жалға берушi) бередi. Егер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік орта білім беру ұйымдары дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларын мүліктік жалдауға (жалға) білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен береді.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға беруші (жалға беруші) бола алады.
Мемлекеттік мүлікті пайдалану құқығы мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына салым ретінде берілуі мүмкін.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартының талаптары осы Заңда айқындалған шектеулер ескеріле отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік шартпен айқындалады.
6. 2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шарты осы Заңның 105, 106, 120, 145-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында тікелей көзделген жағдайларда жалдаушыға (жалға алушыға) жалдауға (жалға алуға) берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы талапты көздеуі мүмкін.
8. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартын өзгерту және бұзу Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 401-404, 556-баптарының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша берілген мемлекеттік мүліктің нысаналы мақсатта пайдаланылмауы шартты елеулі түрде бұзу және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген қағидалар бойынша шартты бұзу үшін негіз болып табылады.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Жалдаушы (жалға алушы) жалдауға берушiнiң (жалға берушiнiң) келiсiмiмен жүргiзген мемлекеттiк мүлiктi ажыратуға болмайтын жақсартудың құны Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиiстi бюджет қаражаты есебiнен өтеледi.
2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Мемлекеттік меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштерін жеке және заңды тұлғаларға пайдалануға беруге арналған шартты жасасудың ерекшеліктері «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
Халықаралық және республикалық маңызы бар, республикалық меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беруге арналған шарт тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалады.
Халықаралық және республикалық маңызы бар, коммуналдық меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беруге арналған шарт тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалады.
Жергілікті маңызы бар, республикалық меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беруге арналған шарт тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалады.
Жергілікті маңызы бар, коммуналдық меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беруге арналған шарт облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалады.
Егер тарих және мәдениет ескерткішіне жойылу немесе бүліну қаупі төнсе, пайдалануында тарих және мәдениет ескерткіштері бар тұлғаны сот шешімі бойынша оларды пайдалану құқығынан айырған жағдайда, шарт бұзылды деп есептеледі.
2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен 75-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
75-бап. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты
1. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартына осы Заңның 120, 145, 176-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген ерекшеліктерімен қоса Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің ережелері қолданылады.
2. Мемлекеттiк кәсiпорындардың мүлiктiк кешендерi, мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздар, жарғылық капиталға қатысу үлестерi, жылжымайтын мүлік, ақша мемлекеттiк мүлiктi сенiмгерлiк басқару шартының объектiсi болады.
Өзге мемлекеттiк мүлiк Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда сенiмгерлiк басқару шартының объектiсi болады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Республикалық мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға мемлекеттiк мүлiкті басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган (республикалық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы) бередi.
Коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға коммуналдық мүлiктi сенiмгерлiк басқарудың құрылтайшысы - тиісінше жергiлiктi атқарушы орган немесе жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты бередi.
Егер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттік мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқарушы болады.
5. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс пайда алушы болып табылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шартының талаптары осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгілік шартын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
7. Сенімгерлікпен басқарушы өзіне мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша берілген жылжымайтын мүлікті тек қана Қазақстан Республикасының заңдарында, мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта көзделген жағдайларда не мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының жазбаша келісімімен иеліктен шығаруға немесе кепілге беруге құқылы. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта өзгеше көзделмесе, сенімгерлікпен басқарушы жылжымайтын мүлікке билік етуге құқылы.
8. Сенiмгерлiк басқарушының мемлекеттiк мүлiктi сенiмгерлiк басқару кезiнде өзi шығарған қажеттi шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында және мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шартында белгіленген тәртіппен өтетуге құқығы бар.
Егер бұл Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттiк мүлiктi сенiмгерлiк басқару туралы шартта көзделсе, сенiмгерлiк басқарушының сыйақы алуға құқығы бар.
9. Сенімгерлікпен басқарушы мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы болып табылатын уәкілетті мемлекеттік органға мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында белгіленген мерзімде және тәртіппен өз қызметі туралы есеп береді.
10. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында сенімгерлікпен басқарушының мемлекеттік мүлікке билік ету бойынша шектеулер белгіленеді.
Сенімгерлікпен басқарушының өзіне белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен жарамсыз деп танылады.
Сенімгерлікпен басқарушының мемлекеттік мүлікті өзіне берілген өкілеттіктерді асыра пайдалану арқылы немесе өзіне белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелерінен туындайтын міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттер сенімгерлікпен басқарушыда туындайды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
11. Сенімгерлікпен басқарушы мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқаруды жеке өзі жүзеге асырады.
Сенімгерлікпен басқарушы өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікті басқару үшін қажетті іс-әрекет жасауды, егер оған мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында осыған уәкілеттік берілген болса не құрылтайшының мүдделерін қамтамасыз ету үшін мән-жайларға байланысты осыған мәжбүр болса және бұл ретте оның нұсқауларын сұратып алуға мүмкіндігі болмаса, басқа тұлғаға тапсыра алады. Бұл ретте сенімгерлікпен басқарушы өзі таңдап алған сенім білдірілген адамның іс-әрекеті үшін де өзінің іс-әрекетіндей жауап береді.
Сенімгерлікпен басқарушы басқаға сенім білдіру туралы құрылтайшыға дереу хабарлауға міндетті. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқарушының құрылтайшысы бұл жағдайда сенімгерлікпен басқарушыға бұрын шығарылған шығыстарды өтеп, ал мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында көзделген жағдайларда - залалдарды өтеп, мүлікті сенімгерлікпен басқаруды тоқтату туралы мәлімдеуге құқылы.
Мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша салықтық мiндеттемелер сенiмгерлiк басқарушының орындауына жататын мемлекеттiк мүлiктiң түрлерi мен санаттары мемлекеттiк мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларында айқындалады.
12. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша өзгертіледі және бұзылады.
Мемлекеттік мүлікті оның бір түрінен екіншісіне немесе жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқаруды тоқтатпайды.
13. Тараптардың бірінің бастамасы бойынша шарт тоқтатылған жағдайда екінші тарап, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта өзгеше мерзім көзделмесе, кемінде үш ай бұрын хабардар етілуге тиіс.
14. Осы Заңның 105, 106, 120, 145, 176-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында тікелей көзделген жағдайларда, мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты сенімгерлікпен басқарушыға сенімгерлікпен басқаруға берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы талаптарды көздеуі мүмкін.
76-бап. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты
1. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартына осы Заңның 77, 120, 145-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген ерекшеліктерімен қоса, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің мүлікті өтеусіз пайдалану шарты (несие шарты) туралы ережелері қолданылады.
2. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты бойынша мемлекеттік мүлік осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда ғана берілуі мүмкін.
3. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты осы Заңның 120-бабында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында тікелей көзделген жағдайларда несие алушыға өтеусіз пайдалануға берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы талаптарды көздеуі мүмкін.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты бойынша берілген мемлекеттік мүлікті кез келген жақсарту мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының жазбаша келісуімен жүзеге асырылады. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты тоқтатылған кезде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының келісуімен жүргізілген, ажыратуға болмайтын жақсартулардың құны тиісті бюджет қаражаты есебінен өтелуге жатады.
2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Мемлекет меншiгiндегi және тарих пен мәдениет ескерткiшi болып табылатын ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және өзге де мүлiктi дiни бiрлестiктерге өтеусiз пайдалануға берген жағдайларда мемлекеттiк мүлiктi өтеусiз пайдалану шарты «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалады.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 77-бап өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
77-бап. Мемлекеттік заттай гранттарды өтеусіз пайдалануға беру
Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік заттай гранттарды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өтеусіз пайдалануға береді.
78-бап. Мемлекеттік мүлікті мердігерлік шарты бойынша беру
Мемлекеттік мүлікті мердігерлік шарты бойынша беру тапсырыс берушінің - мемлекеттің жұмыстарды орындауда мердігерге жәрдем көрсету жөніндегі міндеттемелерді орындауы шеңберінде мердігерлік шартында көзделген көлемде және тәртіппен жүзеге асырылады.
2015.31.10. № 380-V ҚР Заңымен 79-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 287-VІ ҚР Заңымен 79-бап өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
79-бап. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты бойынша беру
Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша, оның ішінде концессия шарты бойынша беру «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» және «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда концессия объектісі оған функционалдық қызмет көрсетуді жүзеге асыру үшін функционалдық операторға өтеусіз пайдалануға конкурссыз берілуі мүмкін.
80-бап. Табиғи ресурстарды пайдалануға беру туралы шарттар
Жер учаскелерін, жер қойнауы учаскелерін, су объектілерін, мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалануға беру мүліктің әрбір түрі туралы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тиісті шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
81-бап. Мемлекеттік мүлікті сақтау шарты және сақтауға қабылдау туралы шарт
1. Мемлекеттік мүлік сақтау шарты немесе мемлекеттік мүлікті сақтауға қабылдау туралы шарт бойынша оның сақталуын қамтамасыз ету үшін жеке және заңды тұлғаларға берілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің сақтау туралы қағидалары осы бапта белгіленген ерекшеліктерімен қоса мемлекеттік мүлікті сақтау туралы қатынастарға қолданылады.
2. Мемлекеттік мүлікті сақтау оны сақтау шарты немесе мемлекеттік мүлікті (заттарды) сақтауға қабылдау туралы шарт негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік мүлікті сақтау оның сақталуын қамтамасыз етуге қабілетті кез келген тұлғаға жүктелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекеттік мүлікті сақтауды кәсіпкерлік қызмет ретінде сақтау жөніндегі қызметтер көрсететін мамандандырылған ұйымдар ғана жүзеге асыра алады.
3. Мемлекеттік мүлікті сақтау нысанасы жылжымалы заттар болуы мүмкін.
Жылжымайтын мүлікті күзетуге осы баптың күші қолданылмайды.
4. Мемлекеттік мүлікті сақтау шарты және сақтауға қабылдау туралы шарт жазбаша нысанда жасалады. Сақтаушы жүк берушіге сақтау қолхатын, түбіртекті, куәлікті, сақтаушы қол қойған өзге де құжатты беру арқылы шарттың жасалғанын куәландыруы мүмкін.
5. Мемлекеттік мүлікті сақтау мерзімі Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сақтау шарттарында не сақтауға қабылдау туралы шарттарда айқындалады. Сақтау мерзімі өткеннен соң мемлекеттік мүлікті сақтау немесе сақтауға қабылдау туралы шарттар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында, тиісті шарттарда өзгеше көзделмесе немесе мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелердің мәнінен туындамаса, сол мерзімге жасалған деп есептеледі.