9. Өздеріне қатысты әкімшілік ұстап алу қолданылған кәмелетке толмағандар ересек адамдардан бөлек ұсталады.
789-бап. Әкiмшiлiк ұстап алу мерзiмдерi
1. Әкiмшiлiк ұстап алу осы Кодекстiң 785-бабында көрсетiлген мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қажеттi уақыт iшiнде жүзеге асырылады және үш сағаттан ұзақ болмауы керек.
Ұстап алынған адамның бас бостандығы ұстап алған адамға қандай да бір процестік мәртебе берілуіне немесе өзге де формальды рәсімдер орындалуына қарамастан, шын мәнінде шектелген кезде, минутына дейінгі дәлдікпен сол сағат ұстап алу мерзімінің басталуы болып табылады. Масаң күйдегі адамға қатысты әкімшілік ұстап алу мерзімі - медицина қызметкерi оны айықты деп куәландырған уақыттан бастап есептеледi.
Нақты ұстап алу уақытынан бастап үздіксіз есептелетін үш сағаттың өтуі осы мерзімнің аяқталу кезі болып табылады.
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Күзетілетін объектілерге заңсыз кіргені, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы режимiн, шекара режимін және кедендік режимдi немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткізу пункттеріндегі режимдi бұзғаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңындағы, аумақтық суларындағы (теңiзiндегi) және iшкi суларындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргізу қозғалған адам - қажет болған жағдайларда жеке басын анықтау және құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтау үшiн бұл жөнінде ұстап алынған кезден бастап жиырма төрт сағат iшiнде прокурорға жазбаша хабарланып, қырық сегiз сағатқа дейiн ұсталуы мүмкiн. Төтенше жағдай жарияланған жерде коменданттық сағат енгiзiлуiне байланысты белгiленген тәртiптi бұзуға жол берген адамдарды iшкi iстер органдарының (полицияның) қызметкерлерi немесе әскери патрульдер коменданттық сағат аяқталғанға дейiн, ал өзімен бірге құжаттары жоқтарды - олардың жеке басын анықтағанға дейiн, бiрақ қырық сегiз сағаттан аспайтын уақытқа ұстай алады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Әкімшілік жазалау шарасының бірі ретінде әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша өзіне қатысты іс жүргізу қозғалған адам, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қаралғанға дейін, бірақ жиырма төрт сағаттан аспайтын әкімшілік ұстап алуға тартылуы мүмкін.
790-бап. Күштеп әкелу
1. Осы Кодекстiң 785-бабында көзделген жағдайларда, өзiне қатысты әкiмшiлiк іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаны не заңды тұлғаның өкiлiн, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын кәмелетке толмаған адамның заңды өкiлiн күштеп әкелу жүргiзiледi.
2015.18.11. № 411-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Күштеп әкелуді әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде тиісінше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қазақстан Республикасының ішкi iстер, қаржы министрліктері белгiлеген тәртiппен көрсетілген органдардың қарауында жатқан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iшкi iстер органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеп-тексеру қызметі жүргiзедi.
791-бап. Жеке басты жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеру
1. Жеке басты жете тексеру - құқық бұзышылықтарды анықтау және алдын алу, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не оның нысанасы болған құжаттарды, заттарды және басқа да нәрселерді табу және алып қою мақсатында адамның денесін және оның киімін мәжбүрлеп зерттеп-қарау.
2. Жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеру - жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын құрылымдық тұтастығын бұзбай зерттеп-қарау.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жеке басты жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеруді уәкілетті лауазымды адамдар ғана жүргізеді, олардың тізбесі осы Кодекстің 787-бабында, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 98-бабының бірінші бөлігінде айқындалған және ол түпкілікті болып табылады. Көрсетілген шараларды басқа адамдардың жүргізуіне тыйым салынады және заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Жеке басты тексерiп қарауды тексерiп қаралушымен жынысы бірдей адам және жынысы осындай екi куәгердiң қатысуымен жүргiзіледі.
5. Жеке басты жете тексеру және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеру әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу кезеңінде ғана жүргізілуі мүмкін. Адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны жеке басты жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеруді жүргізуге негіз болып табылады.
6. Жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын (қол жүгiн, багажын, аң және балық аулау құралдарын, олжалаған өнiмi мен өзге де нәрселерін) тексерiп-қарау осы заттардың меншік иесі немесе иелігіндегі тұлғаның қатысуымен және екі куәгердің қатысуымен жүргiзіледi.
7. Жеке тұлғаның қолында айналасындағылардың өмiрi мен денсаулығына зиян келтiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн қару немесе өзге де нәрселер бар деуге негiздер болған ерекше жағдайларда, жеке басты жете тексеру, заттарын жете тексеру жиырма төрт сағат iшiнде прокурорға бұл жөнінде хабарланып, куәгерлерсіз жүргiзiлуi мүмкiн.
8. Жеке басты жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеруді (жетуге қиын жерде, тәуліктің түнгі уақытында, төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында) жүргізуге куәгерлердің қатысуы шын мәнінде мүмкін болмаған кезде, оның барысын және нәтижелерін тіркеудің техникалық құралдары міндетті түрде қолданыла отырып, куәгерлердің қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.
9. Қажет болған жағдайларда фото- және кинотүсiрілім, бейнежазба жүргiзiледi, заттай дәлелдемелердi тіркеудің белгiленген өзге де тәсілдері қолданылады.
10. Жеке басты жете тексеру, жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеру туралы хаттама жасалады. Жеке басты жете тексеру туралы хаттаманың көшiрмесi өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамға, оның заңды өкiлiне тапсырылады. Хаттамада оның жасалған күнi, уақыты мен орны, хаттаманы жасаған адамның лауазымы, тегі мен аты-жөнi, жеке басы тексерiп қаралған адам, заттардың түрi, саны, өзге де сәйкестендіру белгiлерi туралы, оның iшiнде қарудың тұрпаты, маркасы, моделі, калибрi, сериясы, нөмiрi, белгiлерi, оқ-дәрiлердің, арнаулы жедел-iздестiру іс-шараларын жүргiзуге арналған арнайы техникалық құралдардың және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдарының саны және түрi туралы мәлiметтер көрсетiледi.
11. Жете тексеру хаттамасында фото- және кинотүсiрiлiмiнiң, бейнежазбаның, құжаттарды тіркеудің өзге де тәсілдерінің қолданылғаны туралы жазба жазылады. Фото- және кинотүсiрiлiмдерiн, бейнежазбаларды, заттай дәлелдемелердi тіркеудің белгiленген өзге де құралдарын қолдана отырып, қарап-тексеру жүргiзу кезiнде алынған материалдар тиiстi хаттамаға қоса беріледi.
12. Жеке басты жете тексеру, заттарды жете тексеру хаттамасына оны жасаған лауазымды адам, жеке басы жете тексерілген адам, жете тексерілген заттар иесi, куәгерлер қол қояды. Жеке басы жете тексерілген адам, жете тексерілген заттардың иесi хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, хаттамаға тиiстi жазба жасалады.
792-бап. Көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелердi жете тексеру
1. Көлік құралын, шағын көлемді кемені жете тексеру, яғни көлік құралын, шағын көлемді кемені олардың құрылымдық тұтастығын бұзбай жүргізілетін зерттеп-қарау құқық бұзушылық жасау құралдарын не әкімшілік құқық бұзушылық заттарын табу және алып қою мақсатында жүзеге асырылады.
2. Көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелердi тексерiп қарауды екi куәгердiң қатысуымен осы Кодекстiң 787-бабында санамаланған, осыған уәкiлеттік берiлген лауазымды адамдар жүргiзедi.
Ерекше жағдайларда (жетуі қиын жерде тиісті қатынас құралдары болмаған кезде немесе басқа да объективті себептерге байланысты жеке тұлғаларды куәгерлер ретінде тартуға мүмкіндік болмаған кезде) көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді жете тексеру, яғни құрылымдық тұтастығын бұзбай жүзеге асырылатын зерттеп-қарау куәгерлердің қатысуынсыз, бірақ бұл ретте оның барысы мен нәтижелерін тіркеудің техникалық құралдары қолданыла отырып жүргізілуі мүмкін.
3. Мыналар:
1) көлiк құралында, шағын көлемдi кемеде әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралдары не нәрселер бар деп есептеуге жеткілікті негіздердің болуы;
2) алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы, егер жүргізуші уәкілетті лауазымды адамдардың заңды талаптарына бағынбаса;
3) уәкілетті лауазымды адамдардың іздеудегі көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелерді ұстап алу жөніндегі іс-шараларды жүргізуі;
4) егер көлік құралымен, шағын көлемді кемемен тасымалданатын жүк ұсынылған құжаттарға сәйкес келмейді деп есептеуге жеткілікті негіздер болса;
5) көлiк құралының, шағын көлемдi кеменің тораптар мен агрегаттарын ұсынылған құжаттарға сәйкес деректермен салыстыруды жүргізу қажеттігінің болуы;
6) көлiк құралының, шағын көлемдi кеменің пайдалануға тыйым салынған ақауы болуының анықталуы;
7) көлік құралын ұстап алу, оны пайдалануға тыйым салу көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелерді жете тексеру жүргізу үшін негіздер болып табылады.
4. Көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелердi жете тексеруді оларды иеленушi тұлғалардың не оның өкiлiнiң немесе көлiк құралын, шағын көлемдi кеменi заңды негiзде басқаратын тұлғаның қатысуымен жүргiзiледi. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда, оларға аталған тұлғалардың қатысуынсыз жете тексеру жүргізілуі мүмкiн.
5. Көлiк құралдары мен шағын көлемдi кемелердi жете тексеру кезiнде анықталған заттарды тіркеу мақсатында қажет болған жағдайларда фото-, кинотүсiрiлiмі, бейнежазба жүргізіледі.
6. Көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелердi жете тексеру туралы хаттама жасалады. Бұл хаттаманың көшiрмесi жете тексеру жүргізілген көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелердi иеленушi тұлғаға не оның өкiлiне немесе көлiк құралын, шағын көлемдi кеменi заңды негiзде басқаратын тұлғаға тапсырылады.
7. Көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелердi жете тексеру хаттамасында оның жасалған күнi мен орны, хаттама жасаған адамның лауазымы, тегі мен аты-жөнi, жете тексеру жүргізілген көлiк құралын, шағын көлемдi кеменi иеленушiнің жеке басы туралы мәлiметтер, көлiк құралының, шағын көлемдi кеменiң тұрпаты, маркасы, моделі, мемлекеттiк тiркеу нөмiрi, өзге де сәйкестендіру белгiлерi туралы мәлiметтер көрсетiледi.
8. Жете тексеру хаттамасында фото- және кинотүсiрiлiмдерi, бейнежазбалар, құжаттарды тіркеудің белгiленген өзге де тәсілдері қолданылғаны туралы жазба жазылады. Фото- және кинотүсiрiлiмдерiн, бейнежазбаларды, заттай дәлелдемелердi тіркеудің белгiленген өзге де құралдарын қолдана отырып, жете тексеру жүргiзу кезiнде алынған материалдар тиiстi хаттамаға қоса тiркеледi.
9. Көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелердi жете тексеру хаттамасына оны жасаған лауазымды адам, өзiне қатысты iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан адам, жете тексеру жүргiзiлген көлiк құралының, шағын көлемдi кеменiң иесi не оның өкiлi қол қояды. Өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адам, жете тексеру жүргiзiлген көлiк құралының, шағын көлемдi кеменiң иесi, оның өкiлi хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, хаттамаға тиiстi жазба жасалады.
793-бап. Қарап-тексеру
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қарап-тексеру, яғни көлік құралын, сол жердi, нәрселерді, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін құжаттарды, тiрi адамдарды көріп зерттеу әкiмшiлiк құқық бұзушылық iздерiн, өзге де материалдық объектiлердi, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында жүргізіледі.
2. Қарап-тексеру әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалғанға дейін жүргізілуі мүмкін.
794-бап. Қарап-тексеруді жүргiзудiң жалпы қағидалары
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қарап-тексеру, әдетте, қажеттiлiк туындаған жағдайда кідіртілмей жүргiзiледi. Қажет болған кезде, сондай-ақ қарап-тексеруге қатысушылардың талабы бойынша хаттама жасалады, онда оның жасалған күнi мен орны, оны жасаған адамның лауазымы, тегi мен аты-жөні, қарап-тексерiлген адам, заттардың, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлардың түрi, саны, өзге де сәйкестендіру белгiлерi туралы, оның iшiнде қарудың тұрпаты, маркасы, моделі, калибрi, сериясы, нөмiрi, белгiлерi, оқ-дәрiлердiң, арнаулы жедел-iздестiру iс-шараларын жүргiзуге арналған арнайы техникалық құралдардың және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдарының саны мен түрi туралы мәлiметтер көрсетiледi.
Қарап-тексеру хаттамасына оны жасаған лауазымды адам, қарап-тексерілген адам, қарап-тексерілген заттардың иесі, куәлар қол қояды. Қарап-тексерілген адам, қарап-тексерілген заттардың иесі хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, оған тиісті жазба жасалады.
2. Тiрi адамдарды қарап-тексерудi осы Кодекстiң 787-бабында санамаланған лауазымды адамдар жүргiзедi. Тiрi адамдарды
қарап-тексерудi тексерiп қаралушымен жынысы бiрдей адам және жынысы осындай екi куәгердiң қатысуымен жүргiзедi.
Тiрi адамның өзімен бірге алып жүрген заттарын қарап-тексеруді, яғни олардың құрылымдық тұтастығын бұзбай жүзеге асырылатын зерттеп-қарауды осы Кодекстің 787-бабында санамаланған, оған уәкілеттік берілген лауазымды адамдар осы заттарды меншіктенуші немесе иеленуші тұлғаның қатысуымен және екі куәгердің қатысуымен жүргізеді.
Тiрi адамның қолында айналасындағылардың өмiрi мен денсаулығына зиян келтiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн қару немесе өзге де заттар бар деуге негiздер болған ерекше жағдайларда қарап-тексеру жиырма төрт сағат iшiнде прокурорға бұл жөнінде хабарланып, куәгерлерсiз жүргiзiлуi мүмкiн.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың екінші бөлiгiнде көрсетiлгендердi қоспағанда, орындарды, нәрселерді, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін құжаттарды қарап-тексеру куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiледi. Айрықша жағдайларда (жетуі қиын жерде, тиiстi қатынас құралдары болмаған кезде немесе басқа да объективтi себептерге байланысты жеке тұлғаларды куәгерлер ретiнде тартуға мүмкiндiк болмаған кезде) қарап-тексеру куәгерлердiң қатысуынсыз, бiрақ бұл ретте оның барысы мен нәтижелерiн тіркеудің техникалық құралдары қолданыла отырып жүргiзiледi.
4. Қажет болған кезде қарап-тексеру құқық бұзушының, жәбiрленушiнiң, куәлардың, сондай-ақ маманның қатысуымен жүргiзiледi.
5. Табылған iздер мен өзге де материалдық объектiлердi қарап-тексеру әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде жүзеге асырылады. Егер қарап-тексеру үшiн қосымша уақыт талап етілсе немесе табылған жерде қарап-тексеруге елеулi қиындықтар туындайтын болса, объектiлер алып қойылуы және оралған, мөр басылған күйiнде, зақым келтiрiлмей, қарап-тексеруге қолайлы жерге жеткiзiлуi мүмкiн.
6. Қарап-тексеру кезiнде барлық табылған және алып қойылған заттар куәгерлерге, қарап-тексерудің басқа да қатысушыларына көрсетiлуге тиiс, бұл жөнiнде хаттамаға белгi қойылады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Iске қатысы болуы мүмкін объектiлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлар ғана алып қойылуға жатады. Алып қойылған объектiлер, тауарлар оралып, мөр басылады және уәкiлеттi лауазымды адам мен куәгерлердiң қол қоюымен расталады.
8. Қарап-тексеруге қатысатын тұлғалар өздерінің пiкiрiнше iстiң мән-жайларын анықтауға септiгiн тигiзуi мүмкiн дегеннiң бәрiне уәкiлеттi лауазымды адамның назарын аударуға құқылы.
9. Қажет болған жағдайларда қарап-тексеру кезiнде қарап-тексерiлетiн объектiлер өлшенедi, олардың жоспарлары мен схемалары жасалады, сондай-ақ суретке түсiрiледi және өзге де құралдармен түсiрiлiп алынады, бұл жөнінде хаттамаға белгi жасалып, оған көрсетілген материалдар қоса тiркеледi.
10. Қарап-тексеру хаттамасының көшiрмесi өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға не оның заңды өкiлiне тапсырылады.
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 795-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
795-бап. Жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын, тауарлары мен құжаттарын алып қою
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Құқық бұзушылық жасалған жерде не осы Кодекстiң 785-бабында көзделген, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану кезiнде табылған, құқық бұзушылықтар құралы не нысанасы болып табылатын құжаттар мен заттарды, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарларды алып қоюды іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң тиiстi шараларын қолдануға уәкiлеттiк берілген лауазымды адамдар екi куәгердiң қатысуымен жүзеге асырады.
Айрықша жағдайларда (жетуі қиын жерде, тиiстi қатынас құралдары болмаған кезде немесе басқа да объективтi себептерге байланысты жеке тұлғаларды куәгерлер ретiнде тартуға мүмкiндiк болмаған кезде) құқық бұзушылық жасалған жерде не осы Кодекстiң 785-бабында көзделген, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану кезiнде табылған, құқық бұзушылықтар құралы болып табылатын құжаттар мен заттарды, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарларды алып қою куәгерлердiң қатысуынсыз, бiрақ бұл ретте оның барысы мен нәтижелерiн тіркеудің техникалық құралдары қолданыла отырып жүзеге асырылуы мүмкiн.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Заттарды, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды және құжаттарды алып қою туралы хаттама жасалады, оның көшiрмесi өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамға немесе оның өкiлiне табыс етіледі не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада тиiстi жазба жасалады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Құжаттарды, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды және заттарды алып қою туралы хаттамада (әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада) алып қойылған құжаттардың түрi мен деректемелері, алып қойылған заттардың түрi, саны, өзге де сәйкестендіру белгiлерi туралы, оның iшiнде алып қойылған қарудың тұрпаты, маркасы, моделі, калибрi, сериясы, нөмiрi, өзге де сәйкестендіру белгiлерi, оқ-дәрiлердiң, арнаулы жедел-iздестiру шараларын өткiзуге арналған арнайы техникалық құралдардың және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдарының саны мен түрi туралы мәлiметтер қамтылады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, тиiстi құжаттары, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлары және заттары алып қойылған адам, куәгерлер қол қояды. Өзiнен тиiстi құжаттары мен заттары алып қойылған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, онда тиiстi жазба жасалады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Алып қойылған заттар, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлар және құжаттар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қаралғанға дейiн алып қоюды жүргiзген лауазымды адам айқындайтын орындарда тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк орган айқындайтын тәртiппен сақталады.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Алып қойылған атыс қаруы мен өзге де қару, сондай-ақ оқ-дәрiлер, арнаулы жедел-iздестiру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдары Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi айқындайтын тәртiппен сақталады немесе жойылады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Iс қаралғаннан кейiн шығарылған қаулыға сәйкес, алып қойылған құжаттар, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлар және заттар олардың иесiне қайтарылады немесе тәркiленедi немесе өткізіледі немесе сақталады немесе белгiленген тәртiппен жойылады. Жол жүрiсi саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша алып қойылған құжаттар iс бойынша қабылданған қаулы орындалғанға дейiн сақталады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Егер адам жасаған әкімшілік құқық бұзушылық үшін осы Кодексте көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде санкция көзделсе ғана, көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігі алып қоюға жатады. Қалған жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғаннан кейін көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігі дереу иесіне қайтарылады.
Алып қойылған жүргізуші куәлігінің орнына жүргізушіге уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша уақытша куәлік беріледі.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 9-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Жүргiзушi емтиханға жiберу туралы қаулыны алған күннен бастап екi ай iшiнде жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеруге арналған емтиханды тапсырмаған кезде, қаулы шығарған лауазымды адам Қазақстан Республикасының жол жүрiсi қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасында көзделген шараларды қолданады.
10. Көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлері екі куәгердің және (немесе) көлік құралы меншік иесінің қатысуымен ғана алып қоюға жатады, бұл ретте мемлекеттік нөмірлерді алып қоюды жүргізетін уәкілетті лауазымды адам көлік құралының иесіне алып қоюды жүргізудің негізін түсіндіруге міндетті. Салынған айыппұлды өндіріп алу мақсатында көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлерін алып қоюды жүргізуге тыйым салынады.
11. Алып қойылған орден, медаль, Қазақстан Республикасының, Қазақ КСР-iнiң, КСРО-ның және басқа да мемлекеттердiң құрметтi атағының төсбелгiсi олардың заңды иесiне қайтарылады, ал егер ол белгiсiз болса, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жiберiледi.