Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидалары:
1) авариялық хабар беру тәртібін, апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіру мен құтқаруды ұйымдастыру схемасын;
2) персоналға және әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарын, іздестіру-құтқару командаларын, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерін, әуе кемелерін пайдаланушыларды қажетті жабдықпен және байланыс құралдарымен жарақтандыруға қойылатын талаптарды;
3) іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу жоспарын әзірлеу, келісу және бекіту тәртібін;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының аумағында іздестіру-құтқару қызметін бірлесіп құратын барлық мемлекеттік органдардың, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе кемесін басқару органдарының, іздестіру-құтқару командаларының, мемлекеттік органдардың іздестіру-құтқару қызметтерінің, әуе кемесін пайдаланушылардың және әуежайлардың арасында жауапкершілікті бөлуді және іс-шараларды ұйымдастыруды;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) азаматтық авиация ұйымдары іздестіру-құтқару операцияларын (жұмыстарын) жүзеге асырған және оны қамтамасыз етуге қатысқан кезінде олардың шығынын өтеу тәртібін қамтуға тиіс.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Азаматтық авиацияда әуе кемелерінің іздестіру-құтқару кезекшілігін қамтамасыз ету аэронавигациялық қызмет көрсету үшін алынатын алымдар есебінен жүзеге асырылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының аумағында кез келген мемлекеттің әуе кемелерін, жолаушылар мен экипаж мүшелерін іздестіру және құтқару жөніндегі жұмыстар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
3. 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, ұйымдар әуе кемесiн iздестiруді және құтқаруды жүргiзуде кез келген мүмкiн болатын көмектерiн көрсетуге мiндеттi және iздестiру-құтқару органдары келгенге дейін адамдарды құтқару, оларға медициналық және басқа да көмек көрсету, сондай-ақ әуе кемесiн және оның бортындағы құжаттаманы, жабдықтар мен мүлiктi күзету жөнінде қажеттi шараларды қолданады.
5. Авиациялық iздестiру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және жүзеге асыру кезінде өздерінің құзыретіне және жарғысына сәйкес мемлекеттік органдардың (кәсіпорындардың) күштері мен құралдары, сондай-ақ іздестіру және құтқару ауданындағы әуе кемелерінің экипажы тартылады және пайдаланылады.
6. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiне қажеттi көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасының аумағына кіруге:
1) басқа мемлекеттердiң iздестiру-құтқару күштерi мен құралдарына;
2) сол әуе кемелерiнiң иелерi мен пайдаланушыларына;
3) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi тiркелген мемлекеттің билігіне рұқсат етiледi.
Мұндай рұқсаттың шарттары Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына және Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларға сәйкес айқындалады.
99-бап. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi экипажының iс-әрекеттері
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесінің экипажы Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидаларына сәйкес шараларды және адамдардың өмiрi мен денсаулығын сақтау және мүлiктi, оның ішінде әуе кемесін сақтау бойынша өзге де ықтимал шараларды қабылдауға міндетті.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң экипажы өз өкiлеттiктерiн азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдеріне тапсырғанға дейiн борттағы адамдарды, мүлiктi құтқару мен олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, әуе кемесiнiң өзiн сақтау жөнiнде барлық мүмкiн болатын шараларды қолдануға мiндеттi. Әуе кемесi экипажының барлық мүшелерi адамдарды, мүлiктi және әуе кемесiн құтқаруға қатысуға мiндеттi.
3. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң командирi азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдері келгенге дейін осы әуе кемесiнiң бортындағы адамдардың iс-әрекеттеріне басшылық жасайды.
100-бап. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi туралы хабарлау
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдары, аэроклубтар апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесі туралы ақпаратты, сондай-ақ қауiптi жағдайға ұшыраған адамдар туралы кез келген өзге де ақпаратты алған кезде Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидаларында айқындалатын тәртіппен қажетті көмек көрсету бойынша барлық ықтимал шараларды қабылдауға және іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу жоспарына сәйкес іздестіру-құтқару командаларына, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтеріне, әуе кемелерін пайдаланушыларға дереу хабарлауға, сондай-ақ өз құзыреті шегінде авариялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға тергеп-тексеру жүргізуді ұйымдастыру үшін азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарды хабардар етуге міндетті.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, жеке және заңды тұлғалар әуе кемелерiнiң апатқа ұшырауы жөнінде өздерiне белгiлi болған барлық жағдайлар туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға немесе жақын маңдағы әуеайлаққа дереу хабарлауға мiндеттi.
101-бап. Авариялық-құтқару жұмыстары
1. Әуеайлақта және әуеайлақ маңындағы аумақта авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу әуе кемесi апатқа ұшыраған пайдаланушының есебiнен меншiк иелерiнiң немесе әуеайлақтар иелерiнiң күштерiмен және құралдарымен Қазақстан Республикасының әуежайларында ұшуды авариялық-құтқарумен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Егер апатқа ұшыраған әуе кемесi немесе оның бөліктерi теміржол, автомобиль, су көлiгiнiң қозғалысына немесе әуе кемелерiнiң ұшуына кедергi келтiрсе, құтқару жұмыстарының басшысы көлiк құралдары қозғалысын немесе ұшуды қалпына келтiру мақсатында әуе кемесiнің (оның бөліктерiнің) орналасқан жерiн және жалпы жай-күйiн алдын ала белгiлеп алып, оларды басқа орынға көшіру жөнінде шаралар қолдануға мiндеттi.
102-бап. Әуе кемесiн, оның жолаушылары мен экипажын iздестiрудi тоқтату
1. Iздестiру шаралары нәтиже бермеген жағдайда, апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiрудi тоқтату туралы шешiмдi әуе кемесiнiң иесiмен және іздестiру-құтқару командасының басшысымен келiсім бойынша тексеру жөніндегі комиссияның төрағасы қабылдайды.
Апатқа ұшыраған әуе кемесін іздестіруді тоқтату туралы шешім қолда бар iздестiру-құтқару күштерiмен және құралдарымен бұдан әрi iздестiру әуе кемесiн табуға және тiрi қалған адамдарды құтқаруға қол жеткiзбейді деп пайымдауға жеткiлiктi негіздер болғанда ғана қабылдануы мүмкiн.
2. Апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiруді тоқтату туралы шешiмге осы әуе кемесiнiң иесi сот тәртібімен шағым жасауы мүмкін.
3. Осы бапқа сәйкес iздестiрiлуi тоқтатылған әуе кемесi хабарсыз жоғалып кеткен болып есептеледi.
Хабарсыз жоғалып кеткен әуе кемесi экипажының мүшелері мен жолаушыларын хабарсыз жоқ болып кеткендер деп тану немесе оларды қайтыс болды деп жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
103-бап. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi әуе кемелерін iздестiру және құтқару
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған Қазақстан Республикасының әуе кемелерiн iздестiру және құтқару осы Заңның және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптары ескеріле отырып, аумағында осы жұмыстар жүргiзiлетiн мемлекеттің iздестiру-құтқару жұмыстарын орындау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
104-бап. Апат жағдайларына әуе кемелерiн жабдықтау және экипажды даярлау
1. Әуе кемелерi іздестіру мен құтқаруға арналған борттық авариялық-құтқару құралдарымен және авариялық жетекті таратқыштармен жабдықталады, олардың тiзбесi әуе кемесiнiң үлгiсi мен ұшатын ауданына қарай азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкес айқындалады, ал мемлекеттік авиацияның әуе кемелерi үшiн мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Әуе кемесi экипажының барлық мүшелерi авариялық-құтқару даярлығы және әуе кемесiнiң бортында авариялық жағдай туындаған кезде жолаушыларға көмек көрсету бағдарламасы бойынша арнайы оқытудан өтуге мiндеттi.
3. Экипаж осындай жағдайда жасалатын iс-әрекеттер туралы және жеке және борттық авариялық-құтқару құралдарын пайдалану қағидалары туралы жолаушыларға мiндеттi түрде нұсқау беруге тиiс.
Жолаушыларға арналған ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Бейнеақпаратты қолдануға рұқсат етіледі.
14-тарау. АВИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 105-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
105-бап. Авиациялық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар, әуе кемелерін пайдаланушылар Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының авиациялық қауіпсіздік бағдарламасына сәйкес азаматтық авиацияны оның қызметіне заңсыз араласу актілерінен қорғау жөніндегі шараларды қабылдауға мiндеттi.
Жерде және әуеде азаматтық авиация қауіпсіздігіне қатер төндіретін акт немесе актіні жасауға әрекеттену, атап айтқанда:
әуе кемесін заңсыз басып алу;
пайдаланудағы әуе кемесін бұзу;
әуе кемесінің бортында немесе әуеайлақтарда адамдарды кепілге алу;
әуе кемесінің бортына, әуежайға (әуеайлаққа) немесе аэронавигациялық құрал немесе қызмет орналасқан жерге күшпен кіру;
әуе кемесінің бортына немесе әуежайға қылмыстық мақсаттарға арналған қаруды, қауіпті құрылғыларды немесе материалды орналастыру;
пайдаланудағы әуе кемесін өлімге ұшырату, елеулі жарақаттау немесе мүлікке немесе қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіру мақсатында пайдалану;
ұшып келе жатқан немесе жердегі әуе кемесінің қауіпсіздігіне, жолаушылардың, экипаж мүшелерінің, жердегі персоналдың немесе әуежайдағы жұртшылықтың немесе азаматтық авиацияның құралдары немесе қызметі орналасқан жердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жалған ақпаратты хабарлау азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу актісі болып табылады.
1-1. Әуежайлар мен авиакомпаниялар пайдаланушыларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік қару мен оның оқ-дәрілерін сатып алуға, сақтауға және пайдалануға құқығы бар.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды
1-2. Азаматтық авиация ұйымы авиациялық қауіпсіздік бағдарламаларын әзірлейді және қабылдайды, оларда Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының авиациялық қауіпсіздік бағдарламасына сәйкес әзірленген, заңсыз араласу актілерін болғызбау және оларға қарсы іс-қимыл жасау шаралары мен рәсімдері көзделеді.
2. Азаматтық авиацияны оның қызметiне заңсыз араласу актілерінен қорғау:
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) әуежайдың бақыланатын аймағына, оның ішінде әуежайдың кіру шектелген күзетілетін аймақтарына және әуе кемесінің бортына бөгде адамдар мен көлiк құралдарының кiруiн болғызбау.
Жете тексеру пунктінен әуе кемесіне дейінгі коммерциялық авиацияның ұшатын жолаушыларына арналған аймақтар, сондай-ақ перрон, жете тексеруден өткен багаж бен жүктер бар әуе кемелеріне қызмет көрсету аймақтарын қоса алғанда, багаж өңдеу аймақтары, жүк қоймалары, пошта жөнелтілімдерін өңдеу орталықтары, әуежайдың бақыланатын аймағында орналасқан бортта тамақтандыру мен ұшақтарды тазалау қызметтерінің үй-жайлары кіру шектелген күзетілетін аймақ болып табылады;
2) бөгде адамдардың әуе кемелерiне кiрiп кету мүмкiндiгiн болғызбайтындай тұрақтардағы әуе кемелерiн күзету;
3) әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қаруларды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш, радиоактивтi, уландырғыш, тез тұтанғыш және басқа да қауiптi заттар мен құралдарды заңсыз алып жүру мүмкiндiгiн болғызбау;
4) қару-жарақ пен оқ-дәрiлердi тасымалдау кезiнде олардың әуе кемелерiнің жолаушылардан оқшауланған бөлiктерiнде оқтары алынған күйде багажбен тасымалдануын қамтамасыз ететiн айрықша сақтық шараларын енгізу;
5) ерекше жағдайларда әуе кемелерiн арнайы қарап тексеру;
6) ұшу кезiнде экипаждың қауiпсiз жұмысын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ әуе кемесiн заңға қайшы пайдалануға жол бермейтiн техникалық құрылғылармен әуе кемелерiн жабдықтау;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) әуе кемесінің бортына, әуежайға немесе аэронавигациялық құрал және басқа да объектілер орналасқан жерге заңсыз кіруді болғызбау;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 6-2) тармақшамен толықтырылды
6-2) аэровокзалдар мен іргелес аумақтардың жалпы рұқсат етілген аймақтарында қауіпсіздіктің қажетті шараларымен;
7) азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган мен мемлекеттік органдар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өз құзыреті шегінде арнайы әзiрлеген авиация қызметiне заңсыз араласуға қарсы іс-әрекет жасау шаралары, сондай-ақ авиациялық қауiпсiздiкті қамтамасыз ететiн басқа да шаралар арқылы қамтамасыз етiледi.
2-1. Егер әуе кемесі заңсыз араласу актісіне ұшыраса, әуе кемесінің командирі, егер әуе кемесінің бортындағы жағдай өзгені талап етпесе, Авиациялық қауiпсiздiк қағидаларына сәйкес, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындаған қолайлы әуеайлаққа аса қысқа мерзімде қону әрекетін жүзеге асырады.
3. Әуе кемелерін пайдаланушылар әуе кемесінің бортында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттер бойынша азаматтық әуе кемелерінің экипаждарына арналған нұсқаулықтың болуын қамтамасыз етеді.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Ұшып келуі, ұшып кетуі кезінде және тұрақта тұрған уақытында әуе кемесінің бортына бөгде адамның заңсыз кіруіне тыйым салынады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын заңсыз араласу актілерінен қорғауды қамтамасыз ететін заңдардың, қағидалар мен рәсімдердің сақталуына бақылауды және қадағалауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне сәйкес олармен бірлесіп жүзеге асырады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жыл сайын Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігіндегі талаптарын сақтау тұрғысында азаматтық авиация ұйымдарында тексерулер, сынақтар мен шолулар жүргізуге бағытталған іс-шаралар кешені түсінілетін авиациялық қауіпсіздікті тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны қабылдайды.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген авиациялық қауіпсіздік шараларының сапасына бақылауды және қадағалауды жүргізу:
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасының әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар мен азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды және Қазақстан Республикасының әуежайларына тұрақты рейстер орындайтын шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды жылына бір реттен жиі емес кезеңділікпен ішінара тексерулер және жоспардан тыс тексерулер;
2) ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін қызметтік эксперименттер;
3) әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың авиациялық қауіпсіздік бойынша ішкі тексерулері;
4) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қарап тексеруін ұйымдастыруды сертификаттау;
5) авиациялық қауіпсіздік шараларының сапасын бақылауды жүзеге асыратын мамандарды іріктеуді жүргізу;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) кемшіліктерді анықтауды және оларды жою жөнінде шаралар қабылдауды қамтитын авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйіне талдау жүргізу;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) авиациялық қауіпсіздік жүйесіне сынақтар жүргізу;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
8) авиациялық қауіпсіздік жай-күйіне шолулар жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
6. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды тексерулер олардың адамдарды, әуежайдың бақыланатын аймағында орналасқан әуе кемелерін, азаматтық авиация обьектілерін, радионавигациялық құралдарды, жабдықтарды заңсыз араласу актілерінен қорғауды қамтамасыз ету қабілетін анықтау үшін жүргізіледі.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Ішінара тексерулер қатерлерді бағалау және әуежай арқылы немесе азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылар жүзеге асырған тасымалдар көлемі, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік саласында бұрын анықталған бұзушылықтар ескеріле отырып жүргізіледі.
8. Қызметтік эксперимент жүргізу жөніндегі талаптар:
1) қызметтік эксперимент азаматтық авиация ұйымдарының үздіксіз қызметін бұзатын заңсыз араласу актісін айнытпай көрсетуге және әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың авиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапасын тексеруге тиіс;
2) қызметтік эксперимент жүргізу адамдардың өміріне және әуе кемелерінің, авиациялық техниканың және әуежайдың бақыланатын аймағындағы басқа да обьектілердің қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге тиіс;
3) қызметтік эксперимент әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға, өзге де заңды және жеке тұлғаларға материалдық залал келтірмеуге тиіс және азаматтық авиация ұйымдарының үздіксіз қызметіне әсер етпеуге тиіс;
4) қызметтік эксперимент ұлттық қауіпсіздік органдары өкілдерінің, эксперимент жетекшісінің және әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың авиациялық қауіпсіздік қызметі басшысының тұрақты бақылауымен жүзеге асырылуға тиіс;
5) экспериментке қатысушылардың күш қолдануын және ұстаудан және авиациялық қауіпсіздік қызметі өкілдерінің не қызметтік экспериментке қатысатын мемлекеттік органдардың талаптарын орындаудан жалтарудың өзге де тәсілдерін қолдануын болғызбауға тиіс.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Әуежайлардың, әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) және азаматтық әуе кемелерінің пайдаланушылары ішкі аудиттерді, тексерулерді, зерттеп-қарауларды, сенімділікті тексеруді қамтитын авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сапасын бақылау жөніндегі ішкі шараларды жүзеге асырады. Шараларды іске асыруды Авиациялық қауіпсіздіктің сақталуы сапасына бақылау жүргізу қағидаларына сәйкес әзірленген авиациялық қауіпсіздік бойынша сапаны ішкі бақылау бағдарламасы негізінде сапаны бақылаудың ішкі аудиторы (маманы) жүзеге асырады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды
10. Авиациялық қауіпсіздік жүйесіне сынақты және авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйіне шолуларды Авиациялық қауіпсіздіктің сақталуы сапасына бақылау жүргізу қағидаларына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 106-бап өзгертілді
106-бап. Авиациялық қауіпсіздік қызметтері
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әуежайдың және тұрақты әуе тасымалдарын орындайтын авиакомпанияның, сондай-ақ аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілердің өз құрылымында тиісті қажетті техникалық құралдармен және кадр құрамымен жасақталған, азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғауды қамтамасыз ететін авиациялық қауіпсіздік қызметі болуға тиіс.
Авиациялық жұмыстарды және тұрақты емес әуемен тасымалдауды орындайтын пайдаланушының өз құрылымында авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жауапты адамы болуға тиіс.
1-1. Әуежайлар мен авиакомпаниялардың авиациялық қауіпсіздік қызметтері қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік қару мен оның оқ-дәрілерін қолдануға, сақтауға және алып жүруге құқығы бар.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Әуежайдың, тұрақты әуе тасымалдарын орындайтын авиакомпанияның тиісінше бірінші басшысына тікелей бағынатын және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша тағайындалатын, авиациялық қауіпсіздік бойынша даярлау және қайта даярлау бағдарламасына сәйкес тиісті оқудан өткен және жұмысқа жіберілетін оның орынбасары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы әуежайдың, тұрақты әуе тасымалдарын орындайтын авиакомпанияның авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысы бола алады.
Қазақстан Республикасының Президентін және күзетілетін өзге де адамдарды тасымалдауды жүзеге асыратын авиакомпанияның авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшылары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметімен келісіле отырып тағайындалады.
Пайдаланушының бірінші басшысына тікелей бағынатын, ұлттық қауіпсіздік органдарының келісімі бойынша тағайындалатын Қазақстан Республикасының азаматы ғана тұрақты емес әуемен тасымалдауды және авиациялық жұмыстарды орындайтын пайдаланушының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жауапты адамы бола алады.
3. Авиациялық қауіпсіздік үшін дербес жауаптылық:
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) әуежайды пайдаланушы болып табылатын ұйымның бірінші басшысына және оның орынбасарына - әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысына;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) тұрақты әуе тасымалдарын орындайтын авиакомпанияның бірінші басшысына және оның орынбасарына - авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысына;
3) тұрақты емес әуемен тасымалдауды және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындайтын әуе кемелерін пайдаланушының бірінші басшысына және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жауапты адамына;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға жататын әуе кемесінің иесіне;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші органның бірінші басшысына және оның авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысына жүктеледі.
4. Азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің жұмысы уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарымен олардың құзіретіне сәйкес өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.