4. Еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсат көшіп келушінің жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) бойынша еңбек шартын жасасуы үшін негіз болып табылады.
5. Бір жұмыс беруші жеке тұлғаның бір мезгілде бестен көп еңбекші көшіп келушімен үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) бойынша еңбек шарттарын жасасуына жол берілмейді.
6. Еңбекші көшіп келушіге рұқсат еңбекші көшіп келушіге ол берілген әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жұмыс беруші жеке тұлғаның үй шаруашылығында жұмыстар орындауға (қызметтер көрсетуге) құқық береді.
7-тарау. Гуманитарлық және саяси уәждер бойынша көшіп келу
44-бап. Гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп келушілердің санаттары
Гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп келушілерге:
1) волонтерлер - Қазақстан Республикасына білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек саласында өтеусіз негізде қызмет көрсету үшін келетін көшіп келушілер;
2) Қазақстан Республикасына қайырымдылық, гуманитарлық көмек көрсету және гранттар беру мақсатында Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың шеңберінде келетін көшіп келушілер жатады.
45-бап. Саяси уәждер бойынша келетін көшіп келушілер
Саяси уәждер бойынша келетін көшіп келушілерге:
1) босқындар;
2) саяси пана берілген адамдар жатады.
46-бап. Гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп келушілердің келу және келуіне виза беру шарттары
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасына гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп келушілердің келуіне визаны Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйым өкілдігінің не ол орналасқан елде осы елдің заңнамасына сәйкес ресми тіркелген шетелдік үкіметтік емес қоғамдық ұйымның (қордың) өтінішхаты негізінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері бір жылға дейінгі мерзімге береді.
2. Гуманитарлық уәждер бойынша келген көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағында келудің мақсаттарында көзделмеген қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
47-бап. Саяси уәждер бойынша келудің және болудың шарттары
1. Пана іздеп жүрген адамдардың келу және болу шарттары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға пана беру және оларға босқын мәртебесін беру жөніндегі қатынастар, босқындардың Қазақстан Республикасының аумағындағы құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасымен реттеледі.
2. Саяси пана берудің тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
8-тарау. Көшіп келушінің Қазақстан Республикасына келуінен бас тарту үшін және Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты алу үшін жалпы негіздер
2013.10.12. № 153-V ҚР Заңымен 48-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 48-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
48-бап. Көшiп келушiнiң Қазақстан Республикасына келуiне рұқсат беруден бас тарту үшiн негiздер
Көшіп келушінің Қазақстан Республикасына келуіне:
1) ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және халықтың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мүддесі үшін;
2) егер оның iс-әрекетi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталса;
3) егер ол Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсіздігіне қарсы шықса, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;
4) егер ол ұлтаралық және дiни араздықты тудырса;
5) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) егер ұлттық қауіпсіздік органдарында оның экстремизмге немесе террористік іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болса, сондай-ақ оның әрекеттерінде сот қауіпті түрде қайталанған қылмыс бар деп таныған жағдайда;
7) егер ол Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін қолданылған жазаны өтемеген болса;
8) егер жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде ол мұндай декларацияны табыс етпеген болса;
9) егер ол, этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасында болу және одан кету үшiн қажеттi қаражатының бар екендiгi туралы растауды ұсынбаса;
10) егер ол келу туралы өтiнiш хат жолдаған кезде өзi туралы жалған мәлiметтер хабарлаған болса немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде табыс етпесе;
11) онда Қазақстан Республикасына келу үшін қарсы айғақтар болып табылатын аурулары болған кезде тыйым салынады.
Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген көшіп келушілерге шығарып жiберу туралы шешiм шығарылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
Қабылдаушы тұлғалардың көшіп келушілерді Қазақстан Республикасына шақыру туралы өтініштері, егер мұндай өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде қабылдаушы тұлғалар көшіп келушілерді уақтылы тіркеу, олардың Қазақстан Республикасында болу құқығына құжаттарды ресімдеу және болудың белгілі бір мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданбағаны үшін жауаптылыққа тартылған болса, қаралмайды.
2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен 49-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
49-бап. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздер
Мынандай:
1) заңсыз келген, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн өздерi шыққан елдердiң заңнамасы бойынша қудалауға ұшыраған;
2) сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;
3) адамзатқа қарсы қылмыс жасаған;
2013.10.12. № 153-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) этникалық қазақтарды, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туылған немесе бұрын оның азаматы болған бұрынғы отандастарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының негізінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқығы бар адамдарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерлерде өзінің төлем қабілеттілігін растауды бермеген;
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған;
6) ұлтаралық және дiни араздықты өршіткен;
7) іс-әрекеттерi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған;
8) Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне қарсы шыққан, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырған;
2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9) тармақша жаңа редакцияда
9) ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар;
2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды
9-1) ұлттық қауіпсіздік органдарында олардың экстремизмге немесе террористік іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болған кезде;
10) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу туралы қолдаухатпен өтiнiш жасаған кезде жалған құжаттарды ұсынған не өзі туралы көрінеу жалған мәлiметтер хабарлаған немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде дәлелді себепсіз ұсынбаған;
11) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты берген кезге дейін бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген;
12) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
2013.10.12. № 153-V ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруға рұқсат алған және тұрақты тұруға рұқсат берілген күннен бастап ретімен келетін кез келген он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен аз тұрып жатқан;
13-1) 2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
14) Қазақстан Республикасының азаматтарымен некелескен, осы некесі тұруға ықтиярхат алу үшін негіз болған, егер бұл неке заңды күшіне енген сот шешімімен жарамсыз деп танылса;
15) Қазақстан Республикасына келуге қарсы айғақ болып табылатын аурулары бар көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылады не бұрын берiлген рұқсаттың күші жойылады.
Тұруға ықтиярхатты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлiгін беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға ұлттық қауіпсіздік органдарының оң келісімінсіз рұқсат беруге тыйым салынады.
9-тарау. Қазақстан Республикасында ішкі көшіп-қонушылар
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 50-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
50-бап. Өз еркімен қоныс аударатын және өз бетінше қоныстанатын ішкі көшіп қонушылар
Қазақстан Республикасында ішкі көшіп-қонушылар:
1) тармақша 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге өз еркімен қоныс аударатындар;
2) өзінің ерік қалауымен өз бетінше қоныс аударушылар болып бөлінеді.
51-бап. Ішкі көшіп-қонушылардың негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Ішкі көшіп-қонушылардың:
1) Қазақстан Республикасының заңында жазылған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында еркін жүріп-тұруға, тұрғылықты жерін еркін таңдауға;
2) тұрғылықты жерінен немесе болатын жерінен мәжбүрлі түрде қоныс аудартудан қорғалуға;
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға;
3) жұмысқа орналасуда жәрдем көрсетілуге құқығы бар.
Жеке тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңында көзделмеген негіздер бойынша мәжбүрлі түрде қоныс аудартуға жол берілмейді.
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ішкі көшіп-қонушылар:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелуге;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлердің шегінен тыс жерге ерік қалауымен бес жыл ішінде өз бетінше ішкі көшіп-қонған жағдайларда, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген, өздері алған мемлекеттік қолдау шараларын мерзімінен бұрын толық көлемде қайтаруға міндетті.
10-тарау 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
10-тарау. Ішкі көшіп-қонушыларға жәрдем көрсету
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 52-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
52-бап. Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын белгілеу
1. Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін қоныс аударушылар отбасыларының шекті санын айқындайды.
3. Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірі жергілікті атқарушы органдарға берген өтініштің негізінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 53-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
53-бап. Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген Қазақстан Республикасының азаматтарына әлеуметтік көмек көрсету
Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
11-тарау. Қазақстан Республикасы азаматтарының елден тыс жерге кетуінің шарттары мен тәртібі.
Заңсыз көшіп келудің алдын алу
54-бап. Елден тыс жерге кететін Қазақстан Республикасы азаматтарының санаттары
Елден тыс жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) басқа мемлекетке тұрақты тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтары болып екі санатқа бөлінеді.
Басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің персоналы, Қазақстан Республикасына бекітіп берілген квоталарға сәйкес халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған, шетелде уақытша еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары, бітімгершілік парызын орындаушы әскери қызметшілер, сондай-ақ, ұйымдар мен жеке адамдардың шақыруы бойынша оқуда, емделуде, туристік және жеке сапарда, шет елдерде қызметтік іссапарда жүрген адамдар жатады.
55-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының елден тыс жерге кетуінің шарттары мен тәртібі
1. Әркімнің Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуге құқығы бар. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергісіз қайтып оралуға құқығы бар.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету ішкі істер органдары кетуге арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтінішті ішкі істер органдарына:
1) әрекетке қабілетті азаматтар - өздері;
2) балалар мен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар атынан олардың заңды өкілдері береді.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтардың Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кетуінен бас тарту үшін негіздердің болмауына тексеру жүргізеді.
Мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтарға қатысты ішкі істер органдарының сауалдарын он күн мерзімде қарайды.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешім барлық құжаттар ұсынылған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қабылданады.
5. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жерге кетуімен байланысты шығындарды қаржыландыру кетушілердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, сондай-ақ, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, басқа да көздерден жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекетке тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне және өздерінің отбасы мүшелеріне меншік құқығымен тиесілі мүлікті өз қаражаты есебінен әкетуге құқылы.
7. Азаматтардың мемлекет үшін мәдени, тарихи немесе өзге де құндылығы бар заттарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс әкетуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реттеледі.
8. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жеріне кеткен адамдардың Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікке құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 56-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
56-бап. Қазақстан Республикасының азаматына елден тұрақты тұрғылықты жеріне кетуге рұқсат беруден бас тарту үшін негіздер
Қазақстан Республикасының азаматына мынадай жағдайларда, егер ол:
1) мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді білетін болса және өзінің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кету фактісі туралы тиісті уәкілетті органдарды хабардар етпеген болса - осы мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылғанға дейін;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстап алынған не күдікті, айыпталушы ретінде жауапқа тартылған болса, не оған қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылса − іс бойынша шешім шығарылғанға немесе сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін;
3) қылмыс жасағаны үшін сотталған болса - жазасын өтегенге дейін немесе жазадан босатылғанға дейін;
4) өзіне сот жүктеген міндеттемелерді орындаудан жалтарған болса - осы мән-жайлар тоқтатылғанға дейін;
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген болса - осы қызметті өткеру аяқталғанға дейін немесе «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес одан босатылғанға дейін;
6) Қазақстан Республикасынан кету үшін құжаттарды ресімдеу кезінде өзі туралы көрінеу жалған деректерді хабарлаған болса - бас тартуға және беруге негіз болған себептер жойылғанға дейін және дәйекті деректерді ұсынғанға дейін;
7) азаматтық сот ісін жүргізуде жауапкер болып табылса - сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жеріне кетуге рұқсат беруден уақытша бас тартылады.
Қазақстан Республикасы азаматының салық берешегі болған жағдайда, оған Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсат беруден бас тартылады.
Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету құқығын шектеудің барлық жағдайларында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама береді, онда шектеудің негіздемесі мен мерзімі және осы шешімге шағымданудың тәртібі көрсетіледі.
57-бап. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен міндеттері
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтары мен бостандықтары бар, сондай-ақ олар Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген міндеттерді атқарады.
Қазақстан Республикасы өз азаматтарын одан тыс жерде қорғауға және оларға сүйеу болуға кепілдік береді.
58-бап. Заңсыз көшіп келудің алдын алу және құқықтық мәртебесі реттелмеген көшіп келушілерді заңдастыру шаралары
1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келуі, олар келу, кету, болу және транзиттік жол жүру тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарын орындаған жағдайда мүмкін болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар көші-қон бақылауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдардың есебін жүргізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
12-тарау. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны
үшін жауаптылық. Дауларды шешу
59-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
60-бап. Заңсыз көшіп келушілерді шығарып жіберу
1. Заңсыз көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шегінен тыс өздерінің шыққан мемлекетіне (шетелдік азаматтығын алған немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елге) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарып жіберілуге жатады.
Шығарып жіберу туралы шешімді сот қабылдайды.
Заңсыз көшіп келушілерді кідіртіп ұстауға және оларды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу үшін қажетті мерзімге ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұстауға Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен жол беріледі.
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Шығарып жіберу бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін заңсыз көшіп келушілер, заңсыз көшіп келушіні Қазақстан Республикасына шақырған не көшіп келушінің Қазақстан Республикасында заңсыз болу фактісі анықталған кезде оның еңбегін пайдаланған жеке немесе заңды тұлғалар көтереді. Аталған тұлғалардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды жабуға қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі, бұл ретте шығарып жіберуге жұмсалған қаражаттар мүдделі мемлекеттік органдардың жоғарыда аталған тұлғаларға талап арыздары бойынша сот тәртібімен өтелуге жатады.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келу құқығынсыз келген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге осы адамдарды алып келген көлік ұйымы жауапты болып табылады.
61-бап. Дауларды шешу
Уәкілетті органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органдарға (жоғары тұрған лауазымды адамға) және (немесе) сотқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
13-тарау. Қорытынды ережелер
62-бап. Осы Заңның қолданылу тәртібі
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенінен кейін туындаған халықтың көші-қоны саласындағы қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін уәкілетті мемлекеттік органдар берген құжаттар өзінің күшін сақтайды.
63-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 3) тармақшасын, 50-баптың 1) тармақшасын және 10-тарауды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 24, 341-құжат; 2001 ж., № 8, 50-құжат; № 21-22, 285-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 6, 76-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 3, 23-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 23, 117-құжат; 2010 ж., № 24, 149-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы шілденің 22-і
№ 477-IV ҚРЗ