8-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІ ЖАРИЯЛАУ
37-бап. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау міндеттілігі
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Хабаршысы» ресми баспасөз басылымдары болып табылады.
2. Заңнамалық актілерді ресми жариялауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, конкурстық негізде осындай құқық алған мерзімді баспа басылымдары да жүзеге асырады.
Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде де электрондық түрде жүзеге асырылады.
37-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі 2017 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
3. Нормативтік құқықтық актілерді алғашқы ресми жариялау олар күшіне енген күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылуға тиіс.
4. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Құқық қолдану практикасында нормативтік құқықтық актілердің ресми жарияланымдары пайдаланылуға тиіс.
6. Нормативтік құқықтық актілер ресми жарияланғаннан кейін ғана оларды бейресми жариялауға жол беріледі.
38-бап. 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
39-бап. 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
40-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердің мәтіндерін толық жарияламауға жол бермеу
1. Мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ «Қызметтік пайдалану үшін», «Баспасөзде жариялаусыз», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлердің мәтіндерін ресми түрде толық жарияламауға жол берілмейдi.
2. Егер нормативтiк құқықтық акт көлемiнің ауқымды болуына байланысты оның мәтiнi мерзiмдi баспасөз басылымының бiрнеше нөмiрiнде жарияланса, онда нормативтiк құқықтық актінің қазақ және орыс тiлдерiндегі мәтiнiнiң қорытынды бөлiгi жарияланған күн ресми жарияланған күні болып есептеледi.
41-бап. 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ УАҚЫТ, КЕҢІСТІК ЖАҒЫНАН ЖӘНЕ ТҰЛҒАЛАР ТОБЫ БОЙЫНША ҚОЛДАНЫЛУЫ
42-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң күшiне ену және оларды қолданысқа енгізу уақыты
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы тармақтың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген нормативтiк құқықтық актiлердi қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлер оларға қол қойылғаннан кейiн күшiне енедi.
Осы Заңның 35-1-бабына сәйкес әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуге жататын нормативтiк құқықтық актiлер мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi.
2. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау оларды қолданысқа енгiзудiң мiндеттi шарты болып табылады.
3. Нормативтiк құқықтық актiлер мынадай мерзiмдерде:
2018.05.07. № 179-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының нормативтiк құқықтық жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары - егер актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң;
2) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының қаулылары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары - егер актiлердiң өздерiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап;
3) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң қаулылары - қабылданған күнінен бастап;
4) Қазақстан Республикасы министрлерiнің және орталық мемлекеттiк органдар мен олардың ведомстволарының өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары, мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерi, әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулылары, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары және әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерi - егер актiлердiң өздерiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
4. Нормативтiк құқықтық актiлерде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде нормативтiк құқықтық актiлердiң жекелеген бөлiмдерiн, кіші бөлімдерін, параграфтарын, тарауларын, баптарын, баптарының бөлiктерiн, тармақтарын, тармақшаларын және абзацтарын қолданысқа енгiзудiң тұтастай бүкiл акт үшiн белгiленгеннен өзге мерзiмдерi көрсетiлуi мүмкiн.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімдері реттеу субъектілеріне қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға сәйкес жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдерді негізге ала отырып белгіленуге тиіс.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қоспағанда, реттеу субъектілерінің жаңа міндеттерін белгілейтін заңдарды немесе олардың жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдері міндеттерді орындауға дайындалу үшін қажетті мерзімдерді негізге ала отырып айқындалады және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күннен кем болмайды.
Реттеушілік құралдардың енгізілуіне немесе пайдаланылуына байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша талаптарды, міндеттерді немесе жүктемені өзгеше ұлғайтуды белгілейтін жекелеген нормалар, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің нысандары мен құралдары оларға міндеттерді орындауға дайындалу үшін қажетті, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күннен бұрын қолданысқа енгізілмейді.
Осы тармақтың үшінші бөлігінің талаптары орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының және сақтандыру топтары мен банк конгломераттары құрамына кіретін тұлғалардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына қолданылмайды.
Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері реттеу субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Бұрын заңдық жауаптылыққа алып келмеген әрекеттер (әрекетсіздік) үшін заңдық жауаптылықты көздейтін не бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым қатаң жауаптылықты белгілейтін заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Жекелеген қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) қойылатын біліктілік немесе рұқсат беру талаптарын және біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін, сондай-ақ экспорты мен импорты лицензиялауға жататын жекелеген тауарлар тізбелерін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.
7. Мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын нормативтiк құқықтық актiлер қабылданған күнiнен бастап немесе актiнiң өзiнде көрсетiлген мерзiмдерде қолданысқа енгiзiледi.
8. Барлық нормативтік құқықтық актілерде осы баптың нормалары ескеріле отырып, оларды қолданысқа енгізу мерзімі көрсетілуге тиіс.
43-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң керi күшi
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайды.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу туралы актiде көзделген, сондай-ақ кейiнгiсi азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайтын немесе олардың жағдайын жақсартатын жайттар осы баптың 1-тармағының қағидаларына кiрмейдi.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Азаматтарға жаңа міндеттерді жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.
44-бап. 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
45-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылу мерзiмi
1. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң өзiнде немесе оны қолданысқа енгiзу туралы актiде өзгеше көзделмесе, мұндай акт мерзiмсiз қолданылады.
2. Бүкiл нормативтiк құқықтық акт немесе оның жекелеген бөлiгi (жекелеген бөлiктерi) үшiн уақытша қолданылу мерзiмi белгiленуi мүмкiн. Бұл жағдайда нормативтiк құқықтық акт немесе оның бір бөлiгi қандай мерзiмде қолданысын сақтайтыны көрсетiлуге тиiс. Актiнi шығарған орган бұл мерзiм өткенге дейiн актiнiң қолданылуын жаңа мерзiмге ұзарта алады немесе оған мерзiмсiз сипат бере алады.
46-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылуын тоқтата тұру және тоқтату
2020.16.05. № 330-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуы белгiлi бiр мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн. Нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуын тоқтата тұру, осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке нормативтік құқықтық актімен жүзеге асырылады.
Нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормаларының қолданысы «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда және тәртіппен тоқтатыла тұруы мүмкін.
2. Нормативтiк құқықтық акт (оның бір бөлiгi немесе бөлiктерi) мынадай жағдайларда:
1) акт (оның бір бөлiгi немесе бөлiктерi) қабылданған мерзiм өткенде;
2) бұрын шығарылған нормативтiк құқықтық актiнiң, оның бөлiктерiнiң (бір бөлiгiнiң) ережелерiне қайшы келетiн немесе бұрын шығарылған актiнi немесе оның бір бөлiгiн (бөлiктерiн) қамтитын жаңа нормативтiк құқықтық акт қабылданғанда;
3) қабылданған акт Қазақстан Республикасының Конституциясында белгiленген тәртiппен конституциялық емес деп танылғанда;
4) осы актiнi қабылдаған орган немесе қабылдауға уәкiлеттік берiлген өзге де орган актiнiң немесе оның бір бөлiгiнiң (бөлiктерiнiң) күшi жойылды деп танығанда, өзiнiң қолданылуын тоқтатады.
3. Басқа нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтату немесе тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық актіні жариялау осы Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
47-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң кеңiстiк жағынан қолданылуы
2018.05.07. № 179-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Парламентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi, орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдар қабылдаған Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнің күші, егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады.
2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, тексеру комиссиялары қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлер тиiстi әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қолданылады.
48-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң тұлғалар тобы бойынша қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнің күші заңнамалық актiлерде және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына, сондай-ақ оның аумағындағы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, шет мемлекеттердің заңды тұлғаларына, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне қолданылады.
2. Шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың дипломатиялық өкiлдерi мен мемлекеттiк органдарының кейбiр басқа да қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi халықаралық шарттарда және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларында көзделген шектерде қолданылады (дипломатиялық иммунитет).
49-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығын қамтамасыз ету шаралары
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығы мынадай шаралармен:
1) нормативтiк құқықтық актiнi Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамалық актілерге сәйкес келтiрумен;
2) нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылуын белгiленген тәртiппен тоқтата тұрумен;
3) нормативтiк құқықтық актiлердiң құқықтық мониторингiн жүргiзумен;
4) нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу кезiнде Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамалық актілерге сәйкестiгi тұрғысынан тексерумен қамтамасыз етiледi.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясында және басқа да заңнамалық актiлерде белгiленген құзыретке сәйкес мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi;
2) соттар;
3) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты прокурорлар;
4) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi және оның аумақтық органдары;
5) төмен тұрған органдар қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлерге қатысты - уәкілетті органдар;
6) өздерi қабылдаған және (немесе) әзiрлеушiлері болған заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлерге қатысты - заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдаған және (немесе) олардың әзiрлеушiлері болып табылатын уәкiлетті органдар нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығын қамтамасыз ететiн мемлекеттің органдары мен лауазымды адамдары болып табылады.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық актіде әділет органдары осы Заңның 35-1-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген бұзушылықтарды анықтаған кезде әділет органдары тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органды бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы хабардар етеді.
Уәкілетті орган хабарламада белгіленген мерзімдерде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдамаған жағдайда, әділет органдары осындай нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
4. 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
10-тарау. МОНИТОРИНГ
50-бап. Құқықтық мониторинг
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Құқықтық мониторинг қабылданған нормативтік құқықтық актілерде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшылықтарды, қайталануларды, олқылықтарды, тиімсіз іске асырылатын, ескірген және сыбайлас жемқорлықтық құқық нормаларын анықтау және қабылданған нормативтік құқықтық актілерді іске асыру тиімділігін болжау, талдау, бағалау арқылы оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында жүргізіледі.
2. Мемлекеттік органдар өздерi қабылдаған және (немесе) әзiрлеушiлері болған не өздерінің құзыретіне жататын нормативтiк құқықтық актiлердiң мониторингiн жүзеге асырады және оларға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе олардың күшi жойылды деп тану жөнiндегi шараларды уақтылы қабылдайды.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік органдар құқықтық мониторингті қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, азаматтардың ұсынымдарын ескере отырып жүргізеді.
4. Құқықтық мониторинг жүргiзу қағидаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
51-бап. Нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық мониторингі
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық мониторингін жүргізеді.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық мониторинг жүргізуге құқылы.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қоғамдық мониторинг нәтижелері тиісті мемлекеттік органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми интернет-ресурстарында жыл сайын орналастырылады.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық мониторингті өзге де мүдделі тұлғалар жүргізуі мүмкін.
11-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІ ЖҮЙЕЛЕУ ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУ
52-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi жүйелеу
1. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайтын уәкiлеттi органдар осы актiлердi есепке алуды және жүйелеуді жүргiзедi, өздерi қабылдаған актiлердiң бақылау даналарын жүргiзіп, оларға ағымдағы өзгерiстер мен толықтырулардың барлығын уақтылы енгiзеді.
2. Уәкiлеттi органдардың нормативтік құқықтық актілерді есепке алу мен жүйелеуді жүргізуінің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 53-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
53-бап. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік есепке алу
1. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік есепке алу Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті ұйым жүзеге асырады.
3. Уәкілетті органдар Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін осы Заңның 35-бабына сәйкес нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған нормативтік құқықтық актілердің көшірмелерін оларды жүргізуге жауапты уәкілетті ұйымға қағаз түрінде және электрондық түрде жібереді.
Осы Заңның 35-1-бабына сәйкес әділет органдары электрондық түрде тіркеген нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін уәкілетті ұйымға автоматты түрде жіберіледі.
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне осы Заңның 35-бабына сәйкес оған қол қоюға уәкілеттік берілген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған нормативтік құқықтық акт қағаз түрінде және (немесе) электрондық түрде енгізіледі.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу тәртібін айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесін құрады, орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарға анықтамалық-ақпараттық жұмыста көмек көрсетеді.
54-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердің жариялылығы
Барлық уәкiлеттi органдар, мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын құпияны қамтитындардан басқа, қабылданған нормативтiк құқықтық актiлермен танысу үшін мүдделi тұлғаларға оларды қолжетімді етуге мiндеттi.
3-бөлім. НОРМАТИВТІК ЕМЕС ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР
12-тарау. НОРМАТИВТІК ЕМЕС ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 55-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 55-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
55-бап. Нормативтік емес құқықтық актілердің түрлері
1. Нормативтік емес құқықтық актілерге:
1) нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілері;
2) әкімшілік актілер;
3) жеке қолданылатын құқықтық актілер;
4) мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер жатады.
2. Әкімшілік актілерді қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілердің түрлері және оларды әзірлеу тәртібі заңдарда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және уәкілетті органдардың актілерінде белгіленеді.
56-бап. Нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдау шарттары
1. Нормативтік емес құқықтық актілер нормативтік құқықтық актілердің негізінде және оларды іске асыру мақсатында қабылданады.
2. Нормативтік емес құқықтық актілерді осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген уәкілетті органдар қабылдайды.
3. Нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдау ерекшеліктері басқа нормативтік құқықтық актілерде белгіленуі мүмкін.
57-бап. Нормативтік емес құқықтық актілерге шағым жасау және наразылық білдіру
Нормативтік емес құқықтық актілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.