9) жасырын бақыланатын сатып алу жүзеге асырылады.
10) 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
232-бап. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу шарттары мен негіздері
1. Егер қылмыстық іс бойынша дәлелденуге жататын мән-жайларды, қылмыстық процеске тартылған тұлғалардың мүдделерін қозғайтын фактілер туралы мәліметтерді оларға хабарламай алу қажет болғанда, осы тарауда көзделген жасырын тергеу әрекеттері жүргізіледі.
2. Пошта жөнелтілімдерін және өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылауды қоспағанда, жасырын тергеу әрекеттерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесі жедел-іздестіру қызметінің нысандары мен әдістерін пайдалана отырып жүргізеді.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Осы Кодекстің 231-бабының 1) - 6) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттері мамандандырылған тергеу сотының, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясының санкциясымен жүргізіледі, оны алу тәртібі осы Кодекстің 234-бабында белгіленген.
4. Жасырын тергеу әрекеттері мына негіздердің бірі болған кезде:
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) жасалғаны үшін санкциясы бір жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін қылмыстар туралы істер бойынша;
2) қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстар бойынша жүргізіледі.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделмеген басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың жолын кесу және оларды ашу үшін осы Кодекстің 231-бабының тек 7), 9) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттері жүргізілуі мүмкін.
6. Жекелеген адамдардың өміріне, денсаулығына, меншігіне қатер төнген жағдайда, олардың арызы бойынша немесе жазбаша келісуімен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының қаулысы негізінде, қаулы шығарылған кезден бастап жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорды міндетті түрде хабардар ете отырып, осы Кодекстің 231-бабының 1) және 2) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге рұқсат етіледі.
7. Жасырын тергеу әрекеттері:
1) қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызда, хабарда оны дайындап жатқан, жасап жатқан немесе жасаған адам ретінде көрсетілген не өзіне қатысты оның тергеліп жатқан құқық бұзушылыққа қатысы бар не дайындалып жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы мәліметтерге ие деп пайымдауға өзге де негіздер бар адамға;
2) күдіктіге;
3) жәбірленушінің жазбаша келісімі бойынша оған;
4) егер үшінші тұлғаның іс үшін маңызы бар ақпаратты алатыны немесе беретіні туралы мәліметтер болса, үшінші тұлғаға;
5) егер онда болып жатқан немесе болуы болжанатын мән-жайлардың іс үшін маңызы болатын болса, жерге қатысты жүргізіледі.
8. Кәсіби көмекті жүзеге асыратын адвокаттар ауыр немесе аса ауыр қылмыс дайындап жатыр немесе жасады деп пайымдауға негіз болған жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге тыйым салынады.
9. Осы Кодексте көзделмеген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыруға, сондай-ақ оларды жүргізу барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді.
10. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісім бойынша құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдар айқындайды.
233-бап. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулы
1. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу тапсырылған органның уәкілетті лауазымды адамы осы Кодекстің 198-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс қаулы шығарады.
Қаулыда:
1) оның жасалған орны мен уақыты;
2) қаулы шығарған адамның лауазымы, тегі мен аты-жөні, жеке қойған қолы;
3) 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) аясында жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу болжанып отырған қылмыстық істің нөмірі;
5) қаулы шығаруға негіз болған осы Кодекстің баптары;
6) қылмыстық іс фабуласының қысқаша сипаттамасы;
7) жасырын тергеу әрекетін жүргізу қажеттігінің негіздемесі;
8) өзіне қатысты жасырын тергеу әрекетін жүргізу жоспарланып отырған адам, орын немесе зат туралы мәліметтер;
9) жасырын тергеу әрекетін жүргізу мерзімі;
10) жасырын тергеу әрекетін жүргізу тапсырылатын орган туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
2. Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізілетін объектінің шифрын ашуды болғызбау мақсатында қаулыда нақты деректердің орнына бүркеншік атты, шартты атауды көрсетуге жол беріледі. Құпиялық талаптары сақтала отырып, деректерді өзгерту туралы прокурормен келісілетін тиісті қаулы шығарылады.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 234-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
234-бап. Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жасырын тергеу әрекеттері сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның не осы Кодексте тиісті қаулы шығаруға уәкілеттік берілген өзге де лауазымды адамдардың уәжді қаулысы негізінде мамандандырылған тергеу сотының, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясының санкциясымен жүргізіледі.
2. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулы шығарылғанынан кейін жиырма төрт сағат ішінде көрсетілген тергеу әрекетін жүргізудің негізділігін растайтын материалдармен бірге тергеу судьясына ұсынылады.
Жасырын тергеу әрекетін санкциялау тиісті қаулы сотқа келіп түскен кезден бастап он екі сағат ішінде жүргізіледі.
Қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажет болған жағдайларда, қаулыны белгіленген мерзімнен асырып, бірақ жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімде қарауға жол беріледі.
Шығарылған қаулы негізсіз болған жағдайда, тергеу судьясы оны санкциялаудан бас тартады.
Жасырын тергеу әрекетін санкциялау барысында берілген ақпараттың анықтығына күмән болған кезде, тергеу судьясы қаулыны санкциялап, жиырма төрт сағат ішінде оның заңдылығын процестік прокурордың тексеруіне бастама жасауға құқылы.
Процестік прокурор бес тәулік ішінде тиісті тексеру жүргізіп, оның нәтижелері туралы тергеу судьясын хабардар етуге міндетті.
Егер тексеруде жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулының заңсыз екені анықталған жағдайда, прокурор тергеу судьясына тиісті өтінішхат енгізуге міндетті.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Тергеу судьясы осы Кодекстің 231-бабының 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін прокурордың өтінішхаты бойынша тоқтатуы мүмкін. Осы Кодекстің 231-бабының 7) және 9) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін прокурор тоқтатуы мүмкін.
2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-бөлік өзгертілді
4. Судьяға қатысты жасырын тергеу әрекетін санкциялауды астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген қаулысы бойынша жүргізеді.
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты жасырын тергеу әрекетін санкциялауды астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарымен келісілген қаулысы бойынша жүргізеді.
5. Жасырын тергеу әрекеті аяқталған күннен бастап екі тәуліктен кешіктірілмей, уәкілетті прокурор оны жүргізу нәтижелері туралы хабардар етіледі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 235-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
235-бап. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу
1. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда, тергеу судьясын жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып және санкцияны кейіннен осы Кодекстің 234-бабында көзделген тәртіппен ала отырып, осы Кодекстің 232-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге жол беріледі.
2. Тергеу судьясы ұсынылған материалдарды зерделеп шығып, кейінге қалдыруға болмайтынына келіскен жағдайда - жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулыны санкциялайды, ал оған келіспеген жағдайда оны тоқтату және алынған нәтижелерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол берілмейтіні туралы қаулы шығарады.
236-бап. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімдері
1. Санкциялануға жататын жасырын тергеу әрекеті отыз тәуліктен аспайтын мерзімде жүргізіледі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді жалғастыру қажет болған кезде оларды жүргізуге бастамашы болған орган мерзім аяқталардан үш тәулік бұрын оны отыз тәуліктен аспайтын мерзімге ұзарту қажеттігі туралы уәжді қаулы шығарады және оны санкциялау үшін тергеу судьясына жібереді.
Тергеу судьясының санкциясы алынғаннан кейін қаулы жасырын тергеу әрекетін жүзеге асыратын уәкілетті органға орындау үшін жіберіледі. Тергеу судьясы жасырын тергеу әрекетінің жүргізілуін ұзартуды санкциялап, бұл ретте қаулыда көрсетілгеннен аз мерзім белгілеуі мүмкін. Жасырын тергеу әрекетін жүргізуді жалғастыруға қажеттілік болмаған кезде, тергеу судьясы қаулыны санкциялаудан бас тартады және жасырын тергеу әрекеті тоқтатылады.
Жасырын тергеу әрекетін одан әрі жүргізуге қажеттілік жойылған кезде, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы оның жүргізілуін өзі дербес тоқтатады.
3. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жасырын тергеу әрекеті тәуліктің кез келген уақытында және оның бүкіл жүргізілу мерзімі ішінде үздіксіз жүзеге асырылуы мүмкін.
237-бап. Жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін ұсыну
1. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаннан кейін оны жүргізу барысында алынған, іс үшін маңызы бар барлық материалдар құпиялық сақтала отырып, ілеспе хатпен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына беріледі.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы кез келген уақытта құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесінен олар жүргізіп жатқан іс-шараның нәтижелерін зерттеу, бағалау және тергеп-тексеру материалдарына қосып тігу үшін талап етіп алдыруға құқылы.
238-бап. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу нәтижесінде алынған ақпаратты зерттеу және оны дәлелдемелер ретінде пайдалану
1. Жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерін зерттеуді сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы осы Кодекстің 47 және 124-баптарының талаптарын сақтай отырып, қажет болған кезде маманды және анықтау органының тиісті қызметкерін тарта отырып жүргізеді.
Зерттеу нәтижелері туралы осы Кодекстің 47 және 199-баптарының талаптары сақтала отырып хаттама жасалады, онда жүргізілген жасырын тергеу әрекетінің нәтижелері көрсетіледі.
2. Тергеуге қатысы бар нақты деректер хаттамаға қосып тігіледі.
239-бап. Жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін бағалау және дәлелдеуде пайдалану
1. Жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері осы Кодекстің 25 және 125-баптарында көзделген қағидалар бойынша бағаланады.
2. Жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу хаттамалары, дыбыс жазбалары мен бейнелердің жазбалары, фотосуреттер, ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен тіркелген басқа да нәтижелер, алып қойылған нәрселер мен құжаттар немесе олардың көшірмелері дәлелдеуде тергеу әрекеттерінің нәтижесінде алынған дәлелдемелермен бірдей пайдаланылады.
3. Егер дәлелдеуде қандай да бір адамның құпия тіркелген сөздері немесе әрекеттері пайдаланылса, ол адамнан бұл туралы міндетті түрде жауап алынуға тиіс. Адамды оған айтпастан алынған нақты деректермен таныстыруы кезінде, бұл адамға жүргізілген жасырын әрекет туралы олар осы адамға қаншалықты тікелей қатысы болса, сол шамада хабарланады және мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария етуді болғызбайды.
240-бап. Жасырын тергеу әрекеттерінің хаттамаларына қоса тіркелмеген материалдармен танысу
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тергеуші, анықтаушы қылмыстық процесте дәлелдемелік маңызы жоқ деп таныған жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері тергеп-тексеру материалдарына қоса тігілмейді және құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесінде бөгде адамдардың олармен танысу мүмкіндігін болдырмайтын жағдайларда, осы баптың 1-1 және алтыншы бөліктерінде көзделген мәселелер түпкілікті шешілгенге дейін сақталады, содан соң тиісті акт жасала отырып жойылады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қылмыстық процесте дәлелдемелік маңызы жоқ деп таныған жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері жойылатын күннен екі ай бұрын тиісті прокурор хабардар етіледі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды; 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-1. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы адамды оған қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізілген қылмыстық іс бойынша қорытынды шешім шығарылған кезден бастап алты айдан кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерімен таныстырмастан, хабардар етуге тиіс.
Бұл мерзімді мамандандырылған тергеу сотының, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының уәжді өтінішхаты бойынша бір жылға дейін ұзартуы мүмкін.
Мамандандырылған тергеу сотының, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының уәжді өтінішхаты бойынша адамды:
1) террористік немесе экстремистік қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша;
2) қылмыстық топ жасаған қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша;
3) егер хабардар ету мемлекеттік құпияларды жария ету қатерін төндірсе;
4) егер хабардар ету қызметті құпия негізде және астыртын нысанда жүзеге асыратын адамдардың және өзге де адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірсе, оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеті туралы хабардар етпеуге келісуі мүмкін.
2. Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адам тергеп-тексеруге қоса тігілмеген мәліметтермен мемлекеттік құпиялардың және заңмен қорғалатын өзге де құпияның жария болуын болдырмайтын шекте танысу туралы өтінішхат беруге құқылы. Өтінішхатты - тергеуші, анықтаушы, прокурор, ал істі сот қараған кезеңде өтінішхаттар түскен кезде - сот қарайды.
3. Тергеуші, анықтаушы, прокурор, сот өтінішхатты материалдардың қылмыстық процестегі ықтимал маңызын және жол берілген адам құқықтарын шектеулерді ескере отырып бағалайды.
Тергеуші, анықтаушы, прокурор, сот, егер бұл қылмыстық процеске тартылған қандай да бір адамның өміріне, денсаулығына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі қауіп төндіруі мүмкін болса немесе егер ол үшінші тұлғаның жеке өмірінің құпиясын қозғайтын болса, іске қоса берілмеген материалдармен танысу туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
4. Іске қоса берілмеген материалдармен танысқаннан кейін адам оларды қылмыстық істің материалдарына қоса беру туралы өтінішхат бере алады. Тергеушінің, анықтаушының, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуына осы Кодекстің 105 және 106-баптарында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін, судьяның бас тартуына істі сотта қарау аяқталған сот актісіне шағыммен бірге шағым жасалады.
5. Сот талқылауы кезінде мәлімделген, жасырын тергеу әрекетінің іске қоса берілмеген материалдарымен танысу туралы өтінішхат бойынша шешімді осы істі қарайтын соттың дәл сол құрамы қабылдайды.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды; 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адамның осы баптың 1-1-бөлігінде көзделген хабардар ету кезінен бастап он бес тәулік ішінде осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен мамандандырылған тергеу сотына, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына тиісті жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді заңсыз деп тану және келтірілген нұқсанды (ондай болған кезде) өтеткізу туралы арызбен жүгінуге құқығы бар.
241-бап. Қылмыстық процесте ақпаратты қорғау жөніндегі іс-шаралар
1. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу фактісі туралы мәліметтер және оны жүргізу нәтижесінде алынған ақпарат жасырын тергеу әрекеті аяқталғанға дейін құпия болып табылады, оларды жария еткені үшін лауазымды адамдар немесе оны жүргізуге тартылған адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
2. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу әдістері, оларды жүргізетін адамдар, оның ішінде қызметін құпия немесе конспирациялық нысанда жүзеге асыратын адамдар туралы мәліметтер, мемлекеттік құпияны құрайды және жария етілуге жатпайды.
3. Егер жасырын тергеу әрекеті негізінде алынған мәліметтер адамның жеке өмірінің құпиясын қозғайтын немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияға қатысты болса, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы олардың таратылуын шектеу үшін заңда көзделген барлық құралдарды пайдаланады.
242-бап. Адамды немесе орынды жасырын аудио- және (немесе) бейнебақылау
1. Адамды жасырын аудио- және (немесе) бейнебақылау - қажет болған кезде жасырын кіру және (немесе) зерттеу арқылы бейне-, аудиотехниканы не өзге де арнайы ғылыми-техникалық құралдарды пайдаланумен бір мезгілде олардың мазмұнын материалдық жеткізгіште тіркеп жүргізілетін, адамның сөйлеген сөзін және өзге де ақпаратты, сондай-ақ оның іс-әрекеттерін жасырын бақылау.
2. Орынды жасырын аудио- және (немесе) бейнебақылау - қажет болған кезде орынға жасырын кіру және (немесе) орынды зерттеу арқылы бейне-, аудиотехниканы не өзге де арнайы ғылыми-техникалық құралдарды пайдаланумен бір мезгілде олардың мазмұнын материалдық жеткізгіште тіркеп жүргізілетін, нақты белгілі бір жерде болып жатқан сөйлесулерді және басқа да дыбыстарды және (немесе) оқиғаларды жасырын бақылау.
3. Тергеуші, анықтаушы адамға немесе орынға жасырын аудио-, және (немесе) бейнебақылау жүргізу қажет деп тауып, анықтау органына тиісті тапсырма береді.
4. Техникалық құралды табыс ету хаттамасы құрал табыс етілген адамның, анықтау органы қызметкерінің және (немесе) тергеушінің, анықтаушының қолдарымен куәландырылады.
5. Адамды немесе орынды жасырын аудио-, бейнебақылау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган тергеушіге, анықтаушыға іс үшін маңызы бар аудио-, бейнежазбаларды ілеспе хатпен бірге мөрленген түрде береді, онда жазбаның негізі, басталу және аяқталу уақыты, ұзақтығы көрсетілуге тиіс.
243-бап. Электр (телекоммуникациялық) байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын бақылау, ұстап қалу және түсіріп алу
1. Электр (телекоммуникациялық) байланыс желілерін жасырын бақылау - телефон арқылы немесе дыбыстық ақпаратты жеткізуге мүмкіндік беретін басқа құрылғылар арқылы берілетін дыбыстық ақпаратты ғылыми-техникалық құралдарды және (немесе) компьютерлік бағдарламаларды қолдана отырып, қажет болған кезде жасырын кіру және (немесе) тексеру арқылы жүргізілетін жасырын тыңдау және (немесе) жазып алу.
Электр байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты ұстап қалу және түсіріп алу - сымды, радио, оптикалық және басқа да электр-магниттік жүйелер арқылы берілетін белгілерді, сигналдарды, дыбыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, суреттерді, бейнекөріністерді, дыбыстарды және басқа да ақпаратты ұстап қалу және түсіріп алу.
2. Тергеуші, анықтаушы электр (телекоммуникациялық) байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын бақылауды, ұстап қалуды және түсіріп алуды қажет деп тауып, анықтау органына тиісті тапсырма береді.
3. Жасырын тергеу әрекетінің нәтижелері тиісті материалдық жеткізгіште тіркеледі, ол қапталып, мөрленеді және жасырын тергеу әрекетін жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамының қойған қолымен куәландырылады.
Материалдық жеткізгіш тергеушіге, анықтаушыға беріледі.
244-бап. Абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу
1. Абонентттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу - абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар (пайдалану жабдықтары) арасындағы қосылулардың күні, уақыты, ұзақтығы туралы мәліметтерді алу.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы тергеу судьясының санкциясы алынғаннан кейін қаулыны орындау үшін құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесіне жібереді, оның қызметкері талап етілетін, кез келген материалдық ақпарат жеткізгіште тіркелген ақпаратты беруге міндетті.
Көрсетілген ақпарат оның берілген кезеңі және абоненттердің және (немесе) абоненттік құрылғылардың нөмірлері көрсетілетін ілеспе хатпен бірге мөрмен жабылған түрде беріледі.
245-бап. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу
1. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу - компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты арнайы ғылыми-техникалық құралдармен және (немесе) компьютерлік бағдарламалармен, қажет болған кезде жасырын кіру және қарап-зерттеу арқылы жүргізілетін жасырын түсіріп алу.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу қажет деп тауып, анықтау органына тиісті тапсырма береді.
3. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу нәтижелері тиісті материалдық жеткізгіште тіркеледі, ол қапталып, мөрленеді және жасырын тергеу әрекетін жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамының қойған қолымен куәландырылады.
Материалдық жеткізгіш тергеушіге, анықтаушыға беріледі.
246-бап. Пошта жөнелтілімдері мен өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылау
1. Хаттарда, жеделхаттарда, радиограммаларда, бандерольдарда, сауқаттарда және басқа да пошта жөнелтілімдерінде іс үшін маңызы бар мәліметтер, құжаттар және нәрселер қамтылған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде оларға қатысты жасырын бақылау жүзеге асырылуы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тергеуші, анықтаушы пошта жөнелтілімдері мен өзге жөнелтілімдерді жасырын бақылауды қажет деп тауып, уәжді қаулы шығарады.
Қаулыда: пошта-телеграф жөнелтілімдерін кідірту жөнінде міндет жүктелетін байланыс мекемесінің атауы, пошта-телеграф жөнелтілімдері жасырын бақылануға жататын адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), олардың мекенжайы, жасырын бақылау қолданылатын пошта-телеграф жөнелтілімдерінің түрі, осы бақылау қолданылатын мерзім көрсетілуге тиіс.
Көрсетілген қаулы тергеу судьясына ұсынылады және ол санкция берген жағдайда, оны тергеуші, анықтаушы орындау үшін пошта мекемелеріне немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғаларға жібереді.
3. Пошта мекемелері немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар тергеушіні, анықтаушыны өздерінің иелігінде бақылануға жататын пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімнің бар екендігі туралы дереу хабардар етеді.
Тергеуші, анықтаушы хабарламаны алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде, қажет болған кезде пошта мекемесінің уәкілетті қызметкерінің немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғаның қатысуымен жөнелтілімді қарап-тексереді және (немесе) оның құрамымен танысады, осы жөнелтілімнің құрамын тіркеп немесе онсыз, оны одан әрі жеткізу туралы шешім қабылдайды.
4. Пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімді қарап-тексерудің және (немесе) олармен танысудың әрбір жағдайында тергеуші, анықтаушы осы Кодекстің 199-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасайды, онда іс-шараны жүргізуге қатысқан тұлғалардың деректері, қарап-тексеруге және (немесе) таныстырылуға жатқызылған пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімнің атауы және түрі, жөнелтілімнің құрамын тіркеп немесе онсыз, оны одан әрі жеткізу туралы мәліметтер көрсетіледі.
5. Тергеуші, анықтаушы қажет болған жағдайларда пошта-телеграф жөнелтілімдерін қарап-тексеруге және алуға қатысу үшін тиісті маманды, сондай-ақ аудармашыны шақыруға құқылы.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Пошта жөнелтілімдері мен өзге жөнелтілімдерді жасырын бақылау шарасына қажеттілік жойылған кезде, бірақ кез келген жағдайда да тергеп-тексеру аяқталуынан кешіктірмей тергеуші (анықтаушы) тергеу судьясының санкциясымен осы шараның күшін жояды, бұл туралы пошта мекемесі немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлға үш тәулік ішінде хабардар етіледі.