ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Прокуратура туралы
(2019.21.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2020 жылғы 26 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
ҚР 2020.29.06. № 351-VI Заңын қараңыз (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Прокуратураның мақсаты
2-бап. Прокуратура қызметінің құқықтық негіздері
3-бап. Прокуратура органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметiнiң қағидаттары
4-бап. Прокуратураның міндеттері
2-тарау. ПРОКУРОРЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ САЛАЛАРЫ
5-бап. Прокурорлық қадағалаудың негізгі бағыттары
6-бап. Қадағалау нысанасы, нысандары және шегі
7-бап. Тексерістер жүргізу тәртібі
8-бап. Заңдылықтың жай-күйін талдау
9-бап. Тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері
10-бап. Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың актілері мен шешімдерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкестігін қадағалау
11-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудегі заңдылықтың сақталуын қадағалау
13-бап. Қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалау
14-бап. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау
15-бап. Жазаларды орындаудың және мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге де шараларын қолданудың заңдылығын қадағалау
16-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының сақталуын қадағалау
17-бап. Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалау
3-тарау. СОТТА МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕЛЕРІН БІЛДІРУ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ
18-бап. Сотта мемлекет мүдделерін білдіру
19-бап. Қылмыстық қудалау
4-тарау. ПРОКУРАТУРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨЗГЕ ДЕ БАҒЫТТАРЫ
20-бап. Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру
21-бап. Өтініштерді қарау
22-бап. Прокуратура ведомстволарының, мекемелерінің және білім беру ұйымының қызметі
5-тарау. ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТIЛЕРI
23-бап. Прокуратураның құқықтық актiлерiнiң жүйесi
24-бап. Наразылық
25-бап. Санкция
26-бап. Нұсқау
27-бап. Ұсыну
28-бап. Қаулы
29-бап. Өтінішхат
30-бап. Арыз
31-бап. Үндеу
32-бап. Заңды түсіндіру
33-бап. Прокурорлық қадағалау актілерін және прокурорлық ден қою актілерін жариялау
34-бап. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне шағым жасау
6-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ ЖҮЙЕСІ
35-бап. Прокуратура органдарының жүйесі
36-бап. Бас Прокурор және оның орынбасарлары
37-бап. Бас Прокурордың өкілеттіктері
38-бап. Бас прокуратура
39-бап. Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар мен прокуратуралар
40-бап. Аудандық және оларға теңестiрiлген өзге де прокурорлар мен прокуратуралар
41-бап. Төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға бағыныстылығы
42-бап. Прокуратура органдарындағы алқалар
7-тарау. ПРОКУРОРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ, ӨКІЛЕТТІКТЕРІ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІНІҢ КЕПІЛДІГІ
43-бап. Прокурор
44-бап. Прокурордың өкiлеттiктері
45-бап. Прокурор қызметiнiң құқықтық кепiлдiктерi
46-бап. Прокуратура органдарының жауаптылығы
47-бап. Прокуратура органдарында еңбекті құқықтық реттеу
48-бап. Прокуратура органдарындағы қызмет
49-бап. Қызметтік куәліктер және мөр
50-бап. Прокуратура органдарын қаржылық қамтамасыз ету
51-бап. Прокуратура органдарының қызметкерлерін материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
52-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң Қазақстан Республикасы прокуратурасының мәртебесін, құзыретін, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Прокуратураның мақсаты
Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
2-бап. Прокуратура қызметінің құқықтық негіздері
Прокуратураның құзыреті, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі Конституцияда және заңда айқындалады.
3-бап. Прокуратура органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметiнiң қағидаттары
1. Прокуратура төмен тұрған прокурорлар жоғары тұрған прокурорларға және Бас Прокурорға бағынатын бiрыңғай орталықтандырылған жүйені құрайды.
2. Прокуратура өз өкілеттіктерін заңдылық, басқа мемлекеттiк органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсiз болу және Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп беру қағидаттарында жүзеге асырады.
3. Прокуратура органдары өз функциялары мен өкiлеттiктерiн жүзеге асырған кезде олардың қызметiне араласуға тыйым салынады.
4. Прокуратура кәсіпкерлік субъектілерінің, ұйымдардың және мемлекеттік органдардың қызметіне араласуға, олардың қызметіне тексеріс тағайындауға, заңда көзделмеген негіздер бойынша ақпарат не құжаттар сұратуға құқылы емес.
5. Прокуратура органдары адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы, мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау туралы заңнама талаптарына қайшы келмейтiндей деңгейде жария әрекет етеді.
4-бап. Прокуратураның міндеттері
Прокуратура заңда белгіленген шекте мынадай міндеттерді:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауды және қалпына келтіруді;
2) заңдылықты бұзуды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың зардабын анықтауды және жоюды;
3) құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді;
4) заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалған өзге де міндеттерді жүзеге асырады.
2-тарау. ПРОКУРОРЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ САЛАЛАРЫ
5-бап. Прокурорлық қадағалаудың негізгі бағыттары
Прокуратура заңда белгіленген шекте және тәртіппен:
1) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдар қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдердің;
2) заңды күшіне енген сот актілерінің;
3) атқарушылық іс жүргізудің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің;
4) құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың:
сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел іздестіру және қарсы барлау қызметі;
қылмыстық жазаларды орындау және мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге де шараларын қолдану;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын сақтау салаларындағы қызметінің;
5) мемлекеттік құқықтық статистиканың және арнайы есепке алудың заңдылығын;
6) заңда айқындалатын өзге де бағыттар бойынша заңдылықты жоғары қадағалауды (бұдан әрі - қадағалауды) жүзеге асырады.
6-бап. Қадағалау нысанасы, нысандары және шегі
1. Прокуратура - мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, ал айрықша жағдайларда Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың актілерінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады.
2. Қадағалау тексерістер және заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізу, сондай-ақ күшіне енген актілерді бағалау арқылы жүзеге асырылады.
3. Прокурор заңдылықтың сақталуын тексеруді өзінің құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің;
2) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмалары негізінде тағайындайды және жүргізеді.
4. Бас Прокурор орынбасарларының, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың, аудандар прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының қызметіне тексерісті тағайындау және жүргізу туралы шешімдері:
1) физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауды өзі дербес жүзеге асыра алмайтын адамдардың;
2) шектелмеген адамдар қатарының;
3) егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптың алдын алуға қажет болса, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау үшін қабылданады.
5. Осы баптың 3-тармағының негізі бойынша жүргізілетін не құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіндегі заңдылықтың сақталуын қадағалауды жүзеге асыру кезінде жүргізілетін тексерістерді қоспағанда, құзыретіне тиісті мәселелер жатқызылған өзге де уәкілетті мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының өз өкілеттіктерін орындамау немесе тиісінше орындамау фактісі анықталған жағдайларда ғана тексерістер тағайындалуы мүмкін.
6. Прокуратура органдары қадағалауды жүзеге асырған кезде өзге де мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды.
7-бап. Тексерістер жүргізу тәртібі
1. Прокурор, мына жағдайларды:
1) осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайды, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды жүзеге асыру кезінде жүргізілетін тексерістерді;
2) осы органның не оның лауазымды адамдарының қызметіндегі мүдделер қақтығысын;
3) тексеріс тағайындауға осы органның не оның лауазымды адамының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағым себеп болған жағдайды қоспағанда, құзыретіне тексеріс жүргізу кіретін уәкілетті мемлекеттік органға тексеріс жүргізуді тапсырады.
Құзыретті орган прокурорға тексеріс нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде хабарлауға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда тексерісті прокурор жүргізеді.
3. Тексеріс жүргізу туралы қаулы шығарылады, ол құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органда тіркеледі.
Заңдылықтың сақталуын тексеру күнтізбелік отыз күннен аспайтын уақыт ішінде жүргізіледі.
Қосымша материалдарды талап ету қажет болған кезде, сондай-ақ тексеріс көлемінің ауқымдылығына байланысты айрықша жағдайларда оны жүргізу мерзімі отыз күннен аспайтын мерзімге және Бас Прокурормен келісу бойынша ғана ұзартылуы мүмкін.
Сараптама тағайындалған, сондай-ақ шет мемлекеттерден мәліметтер мен құжаттар алу қажет болған жағдайларда - оларды алғанға дейін, сондай-ақ тексеріс жүргізуге кедергі келтіретін өзге де жағдайларда тексеріс тоқтатыла тұруы мүмкін.
Тоқтатыла тұрған тексерісті жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.
Тексерістерді тағайындау туралы қаулыларды тіркеудің осы тәртібі және оларды жүргізу мерзімдері қылмыстық процестік, қылмыстық-атқару заңнамасы, атқарушылық іс жүргізу, әкімшілік құқық бұзушылық, жедел іздестіру және қарсы барлау қызметі туралы заңнама шеңберінде жүргізілетін тексерістерге қолданылмайды.
4. Тексерісті тағайындау туралы қаулыда көрсетілген адамдар ғана тексеріс жүргізе алады.
5. Тексерісті жүзеге асыру кезінде прокурор:
1) егер құжаттар, ақпарат тексеріс объектісі болып табылмаса немесе тексеріс нысанасына жатпаса, олардың берілуін талап етуге;
2) тексеріс жүргізудің белгіленген мерзімдерінен асыруға;
3) тексерілетін субъектінің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіруге құқылы емес.
8-бап. Заңдылықтың жай-күйін талдау
1. Заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізудің, оның ішінде құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелер мен ресурстарға қолжетімділікті пайдалана отырып талдау жүргізудің тәртібі осы заңда, өзге де заңнамалық актілерде және Бас Прокурордың актілерінде айқындалады.
2. Талдау прокурорлар субъектілерге (объектілерге) бармастан статистикалық деректерді, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтерін, азаматтық және қылмыстық істердің, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдарын, сондай-ақ ақпараттың өзге де көздерін зерделеу арқылы жүргізіледі.
Талдау нәтижелері анықтама түрінде ресімделеді. Талдау нәтижелері бойынша осы Заңға сәйкес прокурорлық қадағалау не ден қою шаралары қабылданады.
9-бап. Тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері
1. Тексерілетін субъектілер не олардың уәкілетті өкілдері прокурорлар тексеріс жүргізген кезде:
1) мынадай:
тексерілетін субъектіге тексеріс тағайындау туралы қаулыны бермеген;
құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркеу міндетті болатын кезде, мұндай тіркеусіз тексеріс жүргізілген;
осы Заңның 7-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзім өтіп кеткен;
тексеріс тағайындау туралы қаулыда көрсетілмеген адамдар тексеріс жүргізген;
заңнамада көзделген жағдайда мемлекеттік құпияларға қолжетімділігі туралы рұқсатын растайтын құжаты болмаған жағдайларда, объектіге тексеріс жүргізу үшін келген адамдарды жібермеуге;
2) мынадай:
жүргізілетін тексеріс нысанасына немесе тексеріс тағайындау туралы қаулыда көрсетілген кезеңге жатпайтын;
мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтермен және құжаттармен танысуға құқық беретін тиісті рұқсаты немесе құжаты болмаған кезде осындай мәліметтер мен құжаттарды бермеуге;
3) тексеріс тағайындау туралы қаулыға, сондай-ақ прокуратура органдарының лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
2. Тексерілетін субъектілер не олардың уәкілетті өкілдері прокурорлар тексеріс жүргізген кезде:
1) прокуратура органдарының лауазымды адамдарының тексерілетін субъектінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
Прокуратура органдарының лауазымды адамдарының режимдік объектілердің аумағына және үй-жайларына кіруі тексерілетін ұйымда белгіленген өткізу және объектішілік режимдер туралы талаптар ескеріле отырып қамтамасыз етіледі;
2) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, прокуратура органдарының лауазымды адамдарына тексеріс нысанасы шегінде қағаз және электрондық жеткізгіштегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексеріс нәтижелері туралы анықтамаға қоса тіркеу үшін беруге, сондай-ақ органдар мен ұйымдардың құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелері мен ресурстарына қолжетімділік жасауға;
3) тексеріс тағайындау туралы қаулымен және оның нәтижелері туралы анықтамамен танысуға және оларды қол қойып алуға;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы талаптарға сәйкес тексерісті жүзеге асыратын адамдар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
10-бап. Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың актілері мен шешімдерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкестігін қадағалау
1. Прокуратура:
1) осы Заңның 24-бабының 2-тармағында көрсетілген актілерді қоспағанда, Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының актілері мен шешімдерінің;
2) меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың актілері мен шешімдері шектелмеген адамдар қатарына қатысты не жария сипатқа ие болса, олардың актілері мен шешімдерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкестігін қадағалауды жүзеге асырады.
2. Осы бапта көзделген қадағалауды прокуратура қабылданған актілер мен шешімдерді Бас Прокурордың актісімен айқындалған тәртіппен бағалау арқылы жүзеге асырады.
11-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудегі заңдылықтың сақталуын қадағалау
Прокуратура қылмыстық-процестік заңнамада айқындалған өкілеттіктерге сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды жүзеге асырады.
12-бап. Жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметі және жасырын тергеу әрекеттері заңдылығының сақталуын қадағалау
1. Жедел-іздестіру қызметі және жасырын тергеу әрекеттері заңдылығының сақталуын қадағалау қылмыстық-процестік заңнамада, осы Заңда, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, Бас Прокурордың актілерінде және онымен келісілген құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қарсы барлау қызметі заңдылығының сақталуын қадағалау «Қарсы барлау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, Бас Прокурор мен қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурор:
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) заңнамада белгіленген жағдайларда жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларының жүргізілуін санкциялайды, оларды жүргізудің заңдылығын, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерін жүргізудің заңдылығын тексереді;
2) жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізілуіне бастамашылық жасайды;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) заңдылықты, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар анықталған кезде, жедел-іздестіру іс-шараларын тоқтатады;
4) заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
13-бап. Қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалау
Заңды күшіне енген сот актілерін қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурор заңда белгіленген тәртіппен және шекте:
1) соттан сот актілері заңды күшіне енген қылмыстық, азаматтық істерді және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді, сондай-ақ үкімнің орындалу мәселелері бойынша материалдарды сұратады, қабылданған актілердің заңдылығын зерделейді және негіздер бар болған жағдайда оларға наразылық білдіреді;
2) заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру туралы өтінішхаттарды қарайды;
3) заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
14-бап. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау
Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурор:
1) осы Заңның 6-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларда сот орындаушысы әрекеттерінің заңдылығын тексереді;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) заңда белгіленген жағдайларда сот орындаушыларының қаулыларын санкциялайды;
2) заңда белгіленген жағдайларда жеке сот орындаушысының іс жүргізуінен атқару құжатын алады және оны мемлекеттік сот орындаушысына береді;
3) заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
15-бап. Жазаларды орындаудың және мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге де шараларын қолданудың заңдылығын қадағалау
1. Жазаларды орындаудың және мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге де шараларын қолданудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурор заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) ұстап алудың, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, арнайы мекемелерде және гауптвахталарда күзетпен ұстаудың заңдылығын;
2) ұстап алынғандардың, күзетпен ұстаудағы және қылмыстық жазасын өтеп жатқан адамдардың құқықтарының, оларды ұстау жағдайларының сақталуын, сондай-ақ аталған адамдардың өздеріне заңмен жүктелген міндеттерді орындауын;
3) бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаны орындаудың заңдылығын тексеруді жүзеге асырады.
2. Қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурор:
1) бас бостандығынан айыру орындарына және жазалар мен мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге де шараларын орындайтын басқа да мекемелерге тексеру мақсатымен кез келген уақытта баруға;
2) жазаларды орындайтын мекемелер әкімшілігінің актілерін заңда белгіленген жағдайларда келісуге;
3) күзетпен ұстаудағы, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарға заңды бұза отырып қолданылған тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жоюға, өзінің қаулысымен оларды тәртіптік изолятордан, жалғыз адамдық камерадан босатуға;
4) заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді орындауға құқылы.
16-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының сақталуын қадағалау
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының сақталуын қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурор:
1) Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысуға;
2) ұстап беру, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, сотталғандарды және психикасының бұзылуынан азап шегетін адамдарды беру туралы, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын заңнамада белгіленген тәртіппен жасасуға;
3) ұстап беру, бас бостандығынан айыруға сотталғандарды одан әрі жазасын өтеу үшін беру, сондай-ақ психикасының бұзылуынан (ауруынан) азап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін беру туралы, адамдар транзиті, процестік әрекеттерді жүргізу жөніндегі тапсырмаларды жіберу және орындау туралы өтінішхаттарды қарауға;
4) шет мемлекеттердің құзыретті органдарында қылмыстық қудалау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіруге;
5) заңда және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындауға құқылы.
17-бап. Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалау
Прокуратура «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, осы Заңда және өзге де заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асырады.
3-тарау. СОТТА МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕЛЕРІН БІЛДІРУ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ
18-бап. Сотта мемлекет мүдделерін білдіру
Прокуратура қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамада және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген негізде және тәртіппен сотта мемлекет мүдделерін білдіреді.
19-бап. Қылмыстық қудалау
Прокуратура мемлекет атынан қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
4-тарау. ПРОКУРАТУРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨЗГЕ ДЕ БАҒЫТТАРЫ
20-бап. Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру
1. Құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді прокуратура органдары осы органдардың өзара іс-қимылын, өзара ақпарат алмасуды және ортақ міндеттерді іске асыру кезінде олардың келісілген әрекеттерін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. Аталған қызметті прокуратура органдары Бас прокуратураның, облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратуралардың жанынан құрылатын тұрақты жұмыс істейтін үйлестіру кеңестерінің шеңберінде жүзеге асырады.
2. Үйлестіру кеңестері өз қызметін Конституцияға, заңдарға, Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.