21-бап. Өтініштерді қарау
1. Прокуратура органдары өтініштерді осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ заңдылықты бұзушылықтар не олардың басталу қаупі туралы өтініштерді осы Заңның 6-бабы 4-тармағында және 7-бабы 1-тармағының 1), 2 және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда қарайды.
2. Прокурорлар өтініштерді «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және өзге де заңдарда белгіленген мерзімдерде қарайды.
Өтінішті қарауға байланысты тексеріс тағайындалған жағдайда оны жүргізу тәртібі мен мерзімдері осы Заңның 7-бабында айқындалады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптары қарау тәртібі қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамада, әкімшілік құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласындағы заңнамада белгіленген өтініштерге қолданылмайды.
4. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, анонимдік өтініштер прокуратура органдарында қаралуға жатпайды. Прокурор өтініш жасаған адамның мүддесi үшін ақпарат көзiн жария етпеуге құқылы.
22-бап. Прокуратура ведомстволарының, мекемелерінің және білім беру ұйымының қызметі
Прокуратураның ведомстволары, мекемелері және білім беру ұйымы:
1) статистикалық көрсеткіштердің тұтастығын, объективтілігін және жеткіліктілігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастырады және арнайы есепке алуды жүргізеді, процестерді автоматтандырады;
2) ішкі істер органдары қызметкерлерін қоспағанда, заңнамада көзделген жағдайларда құқық қорғау қызметіне алғаш орналасатын адамдарды кәсіптік даярлауды, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, оның ішінде Президенттік резервте тұрған Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары басшылығының қызметкерлерін кәсіптік қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыруды, сондай-ақ құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіру мен жүргізуді ұйымдастырады және жүзеге асырады;
3) заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5-тарау. ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТIЛЕРI
23-бап. Прокуратураның құқықтық актiлерiнiң жүйесi
1. Прокуратураның құқықтық актiлерiнiң жүйесiн:
1) прокурорлық қадағалау актiлерi: наразылық, санкция, нұсқау, ұсыну, қаулы;
2) прокурорлық ден қою актілері: өтінішхат, арыз, үндеу, заңды түсіндіру;
3) прокуратураны ұйымдастыру және оның қызметі мәселелерiн реттейтiн актiлер: бұйрықтар, өкiмдер, ережелер, нұсқаулықтар, регламенттер және басқалар құрайды.
2. Заңда белгіленген негізде, тәртіппен және шекте енгізілген прокурорлық қадағалау актілері олар жіберілген органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қарауы үшін міндетті. Прокурорлық қадағалау актілерін қарамау заңда белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
24-бап. Наразылық
1. Прокурор Конституцияға, заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiне және Республика ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келетiн нормативтiк және өзге де құқықтық актiлерге және мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылық келтіреді.
2. Заңнамалық актілер, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Президентi Әкімшілігінің, Конституциялық Кеңестің актілері, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары, Жоғары Сот Кеңесінің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (жүргізілген тексеріс қорытындылары бойынша) актілері, техникалық сипаттағы нормативтік актілер прокурорлардың наразылық білдіруіне жатпайды.
3. Наразылық заңсыз актіні, шешімді қабылдаған органға немесе лауазымды адамға, немесе жоғары тұрған органға не жоғары тұрған лауазымды адамға келтіріледі. Органның немесе лауазымды адамның заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылық осындай тәртiппен білдіріледі.
4. Прокурордың наразылығын тиiстi орган немесе лауазымды адам күнтізбелік он күн ішінде қарауға тиiс.
Наразылық бойынша шешім дайындау және қабылдау қажеттілігіне байланысты прокурор оны қараудың өзге де мерзімін белгілеуге құқылы, бірақ бұл күнтізбелік он күннен кем болмауға тиіс.
Орган немесе лауазымды адам наразылықтың қаралатын уақыты мен орны туралы прокурорды хабардар етуге міндетті.
5. Прокурор наразылықта заңсыз актiнiң күшiн жоюды не оны Конституцияға, заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Республика ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келтiрудi, сондай-ақ лауазымды адамның заңсыз әрекетін (әрекетсіздігін) тоқтатуды және бұзылған құқықты қалпына келтiрудi талап етедi.
6. Орындалуы адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардапқа алып келсе не алып келуі мүмкін болса, Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасарлары, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар наразылық келтірілген құқықтық актiнiң не әрекеттің орындалуын наразылық бойынша шешiм қабылданғанға дейiн тоқтата тұруға құқылы.
7. Заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру негіздері, тәртібі, мерзімдері, сондай-ақ олардың орындалуын тоқтата тұру қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамада және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада айқындалады.
25-бап. Санкция
1. Прокурор заңда белгіленген жағдайларда құқықты шектейтін сипаттағы жекелеген әрекеттерді жасауға, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді алуға санкция (келісім) береді.
2. Санкция (келісім) беруді не оны беруден бас тартуды прокурор санкция сұратуға негіз болған материалдар зерделенгеннен кейін лауазымды адамның қаулысына бұрыштама және қол қойып ресімдейді.
Санкция (келісім) беруден бас тартылған жағдайда оның себептері мен негіздері көрсетіледі.
Санкция (келісім) беру электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамаға сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба арқылы да куәландырылуы мүмкін.
26-бап. Нұсқау
1. Прокурор:
1) сотқа дейінгі тергеп-тексеру;
2) жедел-іздестіру қызметі және жасырын тергеу әрекеттері мәселелері бойынша;
3) заңда белгіленген өзге де жағдайларда жазбаша нұсқаулар береді.
2. Прокурордың өз құзыреті шегінде берілген нұсқаулары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жедел-іздестіру қызметін, жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың басшылары мен қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті.
27-бап. Ұсыну
1. Прокурор өз құзыреті шегінде:
1) заңдылықты бұзушылықты жою туралы;
2) қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қол сұғылмаушылық құқығына ие адамдарды осы құқықтан айыру мәселелері бойынша;
4) заңда белгіленген өзге де жағдайларда ұсыну енгізеді.
2. Ұсынуды лауазымды адам немесе орган күнтізбелік отыз күн ішінде, ал адамның және азаматтың өмірі мен денсаулығы, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін орны толмас зардап басталуы мүмкін болған жағдайларда прокурор белгілеген мерзімде қарауға тиіс.
Прокурор ұсынуды қарау кезінде оған қатысуға құқылы. Мемлекеттік орган немесе лауазымды адам прокурорға ұсынуды қараудың уақыты мен орны туралы ұсыну қаралатын күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға тиіс.
Ұсынуды қараудың нәтижелері және қабылданған шаралар туралы прокуратураға ұсыну қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
28-бап. Қаулы
1. Прокурор тәртіптік іс жүргізуді қозғау, тексеріс жүргізу, күштеп әкелу, құқықтық актінің қолданысын тоқтата тұру туралы қылмыстық-процестік заңнамада, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген қаулылар, сондай-ақ заңда көзделген өзге де жағдайларда қаулылар шығарады.
2. Прокурордың қаулысы уәкілетті органның немесе лауазымды адамның міндетті орындауына жатады.
29-бап. Өтінішхат
Прокурор қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамада және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген тәртіппен заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат келтіруге құқылы.
30-бап. Арыз
1. Прокурор заңда белгіленген тәртіппен және негіздерде сотқа арызбен (талап қою арызымен) жүгінуге құқылы.
2. Прокурорлық қадағалау актілері қабылданбаған не олар қараусыз қалдырылған кезде прокурор органдардың және лауазымды адамдардың актілерін, шешімдерін және әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.
31-бап. Үндеу
Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.
Үндеу бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып немесе өзге де жария тәсілмен таратылады.
32-бап. Заңды түсіндіру
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қайшы іс-әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде, прокурор жеке тұлғаларға және заңды тұлғалардың өкілдеріне заңдылықты бұзушылықтарға жол бермеу туралы және заңда белгіленген жауаптылық туралы жазбаша және (немесе) ауызша нысанда түсіндіреді.
33-бап. Прокурорлық қадағалау актілерін және прокурорлық ден қою актілерін жариялау
Прокуратура органдары өз қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету үшін заңнамада белгіленген шектеулерді сақтай отырып бұқаралық ақпарат құралдарында органдар мен лауазымды адамдардың адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын заңсыз әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін жариялауға құқылы.
34-бап. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне шағым жасау
1. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне жоғары тұрған прокурорға не сотқа заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2. Сот не жоғары тұрған прокурор прокурордың әрекеттеріне немесе актілеріне арыз (шағым) бойынша шешім шығарылғанға дейін олардың орындалуын тоқтата тұра алады.
3. Жоғары тұрған прокурор мүдделі адамдардың өтініштері бойынша не өз бастамасы бойынша төмен тұрған прокурор актілерінің күшін жоя алады, оларды кері қайтара алады, тоқтата тұра алады немесе өзгерте алады.
6-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ ЖҮЙЕСІ
35-бап. Прокуратура органдарының жүйесі
1. Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының бiрыңғай жүйесiн Бас прокуратура, облыстардың прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар (республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасының прокуратуралары, бас әскери және көлік прокуратуралары), аудандық және оларға теңестірілген қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған прокуратуралар (әскери, табиғат қорғау, көлік, арнайы объектілер прокуратуралары) құрайды.
2. Прокуратура жанынан прокуратура органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін ведомстволар, мекемелер, білім беру ұйымдары құрылуы мүмкін.
3. Прокуратура органдарының өз нышандары болады, олардың сипаттамасын Бас Прокурор бекітеді.
4. Прокуратура органдарын, мекемелерін, ведомстволарын, білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату, олардың мәртебесі мен құзыретін айқындау заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
36-бап. Бас Прокурор және оның орынбасарлары
1. Бас Прокурорды:
1) Парламент Сенатының келiсуiмен Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге лауазымға тағайындайды;
2) Қазақстан Республикасының Президентi лауазымнан босатады;
3) ол Қазақстан Республикасының Президентiне есеп бередi;
4) қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, өз өкiлеттiктерi мерзiмi iшiнде Парламент Сенатының келiсімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларына, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
2. Бас Прокурордың бiрiншi орынбасары мен орынбасарларын Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
37-бап. Бас Прокурордың өкілеттіктері
Бас Прокурор:
1) Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, Конституцияға, заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Республика ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келетiн нормативтік және өзге де құқықтық актiлерге наразылық білдіреді;
2) төмен тұрған прокуратуралардың қызметіне басшылық жасайды;
3) Бас прокуратура жанындағы Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы болып табылады;
4) прокуратура органдарының, ведомстволарының, мекемелерiнiң және білім беру ұйымының барлық қызметкерлерi мен жұмыскерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар, өкiмдер шығарады;
5) Бас Прокурордың заңнамалық актілерде және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде тікелей көзделген өкілеттіктерін қоспағанда, прокуратура органдарының жүйесінде өз өкілеттіктерін беретін лауазымды адамдарды айқындайды;
6) өз құзыретi шегiнде:
қылмыстық-процестік заңнама, жедел-iздестiру қызметі туралы заңнама нормаларын қолдану мәселелерi бойынша;
құқықтық статистиканың барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi бойынша;
құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінде мәліметтерді қалыптастыру, оларға қол жеткізу, оларды пайдалану, сақтау, қорғау және жою мәселелері бойынша;
прокуратура органдары лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау тәртібін айқындайтын;
прокуратураның білім беру ұйымына оқуға қабылдау тәртібін айқындайтын;
құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулер жүргізу, олардың үйлестірілуі және мониторингі тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер;
заңнамаға сәйкес басқа да нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;
7) заңда көзделген жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел-iздестiру және қарсы барлау қызметiнің мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актiлерді келіседі;
8) Қазақстан Республикасының Президентіне прокуратура ережесін, құрылымын және жалпы штат санын бекіту туралы ұсыныстар енгізеді;
9) облыстардың, аудандардың прокуратуралары, оларға теңестірілген прокуратуралар, прокуратура мекемелері мен білім беру ұйымының ережесін (жарғысын) бекітеді;
10) Қазақстан Республикасының Президентіне прокуратура ведомстволары мен білім беру ұйымы басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату туралы ұсыныс енгізеді;
11) Қазақстан Республикасы Президентінің келісуімен облыстардың прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорларды лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
12) еңбек қатынастары мәселелері заңға сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, мекемелер басшыларын, ведомстволар, мекемелер және білім беру ұйымы басшыларының орынбасарларын, облыстар прокурорларының және оларға теңестiрiлген прокурорлардың орынбасарларын, сондай-ақ аудандардың прокурорларын және оларға теңестірілген прокурорларды лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады. Аталған адамдарды лауазымға тағайындау кезінде оларға үш айға дейінгі мерзімге сынақ мерзімін белгілеуге құқылы;
13) Қазақстан Республикасының Президентiне жоғары басшы құрамның сыныптық шендері мен жоғары офицерлік құрамның әскери атақтарын беру үшiн кандидатуралар ұсынады;
14) құқық қорғау қызметі туралы заңнамада белгiленген тәртiппен прокуратура органдарының қызметкерлерiне сыныптық шендер мен әскери атақтар бередi;
15) Қазақстан Республикасының Президентi алдында елдегі заңдылықтың жай-күйі және прокуратура органдарының қызметi туралы есеп бередi;
16) прокуратура органдарының қызметкерлерi мен жұмыскерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен наградтауға және құрметтi атақтарын беруге ұсынады, ведомстволық наградалармен наградтайды;
17) прокуратура органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде және білім беру ұйымында қаруды, оқ-дәрiні және арнайы құралдарды алу, есепке алу, сақтау, алып жүру, беру, тасымалдау тәртiбiн айқындайды;
18) өзiне заңмен және Қазақстан Республикасы Президентiнің актілерімен берiлген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
38-бап. Бас прокуратура
1. Бас прокуратураны Бас Прокурор басқарады.
2. Бас прокуратура:
1) прокуратура органдары қызметiнiң бағыттары бойынша олардың іс-қимылын бақылауды, үйлестiруді және келісуді қамтамасыз етедi;
2) заңдардың қолданылуын, заңдылықтың жай-күйiн қадағалау практикасына талдау, оның ішінде құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтерді пайдалана отырып талдау жасайды;
3) прокуратура органдарының қызметін жетілдіреді;
4) жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметiн, жасырын тергеу әрекеттерін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органдармен заңнамада белгіленген шекте өзара іс-қимыл жасайды;
5) прокуратура органдары қызметкерлерінің бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады және жүргiзедi;
6) норма шығарушылық қызметке қатысады;
7) халықаралық ынтымақтастық саласында прокуратура органдарының атынан өкiлдiк етедi және қылмыстық-процестік саладағы халықаралық шарттардың жобаларын әзірлейді, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар бастама жасаған прокуратура қызметіне қатысты халықаралық шарттардың жобаларын келіседі.
39-бап. Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар мен прокуратуралар
1. Облыстардың прокуратураларын және оларға теңестiрiлген прокуратураларды тиісті прокурорлар басқарады.
2. Облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар:
1) облыстық, аудандық және оларға теңестiрiлген өзге де прокуратуралардың қызметiне басшылық жасайды;
2) барлық бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар, өкiмдер шығарады;
3) Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі тиісті үйлестіру кеңестерін басқарады.
40-бап. Аудандық және оларға теңестiрiлген өзге де прокурорлар мен прокуратуралар
1. Аудандық және оларға теңестiрiлген прокуратураларды Бас Прокурор тағайындайтын тиiстi прокурорлар басқарады.
2. Аудандық және оларға теңестiрiлген прокурорлар:
1) аудандық және оларға теңестiрiлген өзге де прокуратуралардың қызметіне басшылық жасайды;
2) барлық бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлер үшiн мiндеттi өкiмдер шығарады.
41-бап. Төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға бағыныстылығы
1. Прокурорлардың бағыныстылығы:
1) жоғары тұрған прокурорлардың ұйымдастыру және қызмет мәселелерi жөнiндегi нұсқауларының төмен тұрған прокуратуралар үшiн мiндеттiлiгiн;
2) төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорлар алдында қызметтік мiндеттерiн орындауы үшiн жауаптылығын;
3) жоғары тұрған прокурорлардың қажет болған жағдайларда төмен тұрған прокурорлардың өкiлеттiктерiн жүзеге асыруын;
4) жоғары тұрған прокурорлардың төмен тұрған прокурорлар актiлерiнiң күшiн жоюын, қайтарып алуын, тоқтата тұруын немесе өзгертуiн;
5) төмен тұрған прокурорлардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актiлерiне жасалған шағымдарды жоғары тұрған прокурорлардың шешуiн қамтиды.
2. Бас Прокурор осы Заңда белгіленген тәртіппен төмен тұрған прокурорлар бағыныстылығының өзге де нысандарын белгiлеуi мүмкiн.
42-бап. Прокуратура органдарындағы алқалар
1. Бас прокуратура, ведомстволар, облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестiрiлген прокуратуралар алқаларын құру туралы шешімді Бас Прокурор қабылдайды.
2. Алқа отырыстарында прокуратура органдары қызметiнiң мәселелерi, сондай-ақ Бас Прокурордың, ведомство басшысының, облыс прокурорының немесе оған теңестiрiлген прокурордың ұйғаруы бойынша мүдделі адамдардың қатысуымен алқалы түрде қарауды талап ететiн, заңдылықты анықталған бұзушылықтармен байланысты өзге де мәселелер қаралады.
3. Алқа шешiмдерi оның мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiгінің даусымен қабылданады және прокуратура органдарының бағынысты қызметкерлері мен жұмыскерлері үшін міндетті болып табылады.
4. Бас прокуратурадағы, ведомстволардағы, облыстар прокуратураларындағы және оларға теңестiрiлген прокуратуралардағы алқа жұмысының регламентi мен оның құрамын олардың бірінші басшылары айқындайды.
7-тарау. ПРОКУРОРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ, ӨКІЛЕТТІКТЕРІ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІНІҢ КЕПІЛДІГІ
43-бап. Прокурор
1. Прокурор - прокуратура функцияларын іске асыру мақсатында осы Заңда белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыратын прокуратура органдарының қызметкері.
Мыналар прокурор болып табылады: Бас Прокурор, оның бірінші орынбасары және орынбасарлары, аға көмекшілер мен көмекшілер, ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшілер, прокуратура органдары қызметтерінің, департаменттерінің, басқармаларының және бөлімдерінің басшылары, олардың орынбасарлары, бас әскери прокурор, бас көлік прокуроры, облыстар, аудандар прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, басқармалар мен бөлімдердің аға прокурорлары мен прокурорлары, облыстар прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың аға көмекшілері мен көмекшілері, аудандар прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратуралардың аға прокурорлары мен прокурорлары, сондай-ақ әскери, уәкілетті және арнайы прокурорлар.
2. Сыныптық шендер немесе әскери атақтар берілетін прокуратура органдары жүйесі лауазымдарының тізбесін, сондай-ақ оларға сәйкес келетін шекті сыныптық шендерді немесе әскери атақтарды Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Прокуратураның әскери міндетті қызметкерлері прокуратура органдарында арнайы есепте тұрады.
44-бап. Прокурордың өкiлеттiктері
1. Прокурор өз құзыретіне сәйкес:
1) қылмыстық-процестік заңда белгіленген негіздерде және тәртіппен әрекеттерді жүзеге асыруға және процестік шешімдер қабылдауға;
2) заңнамада көзделген жағдайларда және тәртіппен жедел-іздестіру қызметінің материалдарын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді талап етуге, басшылардан және басқа да лауазымды адамдардан заңдылықтың жай-күйі және оны қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы қажетті құжаттарды, материалдарды, статистикалық ақпаратты және өзге де мәліметтерді алуға;
3) заңда көзделген негіздерде және тәртіппен сот отырысына қатысуға және іс бойынша қорытынды беруге, соттан сот істерін сұратуға, сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат және наразылықтар келтіруге;
4) заңда көзделген тәртіппен тексерістер жүргізуге, оларға қатысу және қорытындылар беру үшін мамандарды тартуға, сондай-ақ қауіпсіздікті және қадағалау қызметін қамтамасыз ету үшін басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тексеруді жүзеге асыруға тартуға;
5) сараптамалар тағайындауға, прокуратураға келіп түскен материалдар, өтініштер бойынша уәкілетті органдардан тексерістер жүргізуді талап етуге және олардың нәтижелері туралы хабарлауды міндеттеуге;
6) құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелер мен ресурстарда қамтылған мәліметтерге заңнамада белгіленген негіздерде және тәртіппен қол жеткізуге;
7) жүргізілетін тексеріс және қаралатын өтініш мәселелері бойынша лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін түсініктемелер алуға шақыртуға;
8) негіздер болған кезде және заңда көзделген тәртіппен лауазымды адамдар салған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шаралардың күшін жоюды, заңсыз актінің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруды талап етуге;
9) әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғауға және тоқтатуға;
10) тексерістер жүргізумен байланысты құжаттар мен материалдарға заңнамада белгіленген тәртіппен қол жеткізуге;