1) клиент талап еткен кезде ақшаның болуын қамтамасыз етуге;
2) клиенттiң пайдасына түскен ақшаны қабылдауға;
3) клиенттiң үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы өкімін орындауға;
4) үшiншi тұлғалардың, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) банктiк шот шартында көзделсе, клиенттiң ақшасын алып қою туралы өкiмдерiн орындауға;
5) банктiк шот шартында белгiленген тәртiп бойынша клиенттен қолма-қол ақша алуды және оған берудi жүзеге асыруға;
6) клиенттiң талап етуi бойынша клиенттiң банктегi (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы) ақша сомасы және жүргiзiлген операциялар туралы ақпаратты шартта көзделген тәртiппен беруге;
7) клиентке шартта, заңдарда және банктiк тәжiрибеде қолданылатын іскерлік айналым дағдыларында көзделген өзге де банктік қызмет көрсетуге мiндеттi.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) клиенттiң пайдасына келiп түскен ақшаны қабылдауға, сондай-ақ клиенттiң ақшасын алып қоюды немесе оның ақшасын берудi, егер заң актілерінде және соларға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi шығарған нормативтiк құқықтық актiлерде өзге мерзiмдер көзделмесе, оның бір ізге түсірілген дербес коды бойынша тиісті нұсқаумен банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) келiп түскен күннен кейiнгi келесi күннен кешiктiрмей, сондай операцияларды көрсете отырып жүргiзуге мiндеттi.
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес; 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 751-бап өзгертілді
751-бап. Ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы
Банктегi ақшаны пайдаланғаны үшiн банк осы баптың ережелерін ескере отырып, шартта белгiленетiн мөлшер мен тәртiп бойынша сыйақы төлейдi.
Ағымдағы банктік шотта орналастырылған ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы төленбейді.
Банк қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдарының сомасынан банктік шот шартында айқындалған кірісті төлеуі мүмкін.
752-бап. Банктiк шот шартын бұзу
1. Банктiк шот шарты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, клиенттiң өтiнiшi бойынша кез келген уақытта бұзылады.
2. Банктік шот шартын бұзу клиенттің бір ыңғайландырылған дербес кодын жою үшiн негiз болып табылады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Банкте (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда) қалған ақша клиентке берiледi не оның нұсқауы бойынша үшiншi тұлғалардың пайдасына аударылады (алып қойылады).
753-бап. Банктердiң банктiк шоттары
Осы тараудың ережелерi, егер заң актілерінде немесе оларға сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, банктердiң банктiк шоттарына қолданылады.
3. Ақша аудару
754-бап. Ақша аудару туралы шарт
1. Ақша аудару туралы шарт бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша клиентке бiр-ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ үшiншi тұлғаға ақша аударуға мiндеттенедi.
2. Банктiң клиентке бiр ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ ақша аудару тәртібі банк қызметiн реттейтiн заң актілерімен белгiленедi.
755-бап. Ақша аудару туралы шарттар жасасу
Егер банк қызметін реттейтін заң актілерінде өзгеше көзделмесе, егер банк клиенттiң тапсырмасын клиент оған осындай банктiк қызмет көрсету туралы ұсыныс жасаған кезде орындауға қабылдаған жағдайда, банктік шот ашпай-ақ ақша аудару туралы шарт жасалған болып есептеледi.
4. Банк салымы
09.07.03 ж. № 482-II ҚР Заңымен; 2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 756-бап өзгертілді
756-бап. Банк салымы шарты
Банк салымы шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптан (салымшыдан) ақша (салым) алуға, олар бойынша банктік салым шартында көзделген мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге және салымның осы түрi үшiн заң актілерінде және шартта көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша салымды қайтаруға мiндеттенедi.
Салымдар түрiнiң әрқайсысы бойынша банктер клиенттiң ақшасын есепке алу мақсатында оған бiрыңғайландырылған дербес код бередi. Бiрыңғайландырылған дербес кодты беру, жою, клиенттiң ақшасына есеп жүргiзу тәртібі Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленедi.
Банк салымдарының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленуі мүмкін.
757-бап. Банк салымдарының түрлерi
1. Салымдарды қайтару талаптарына қарай олар мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) талап етiлмелi салым;
2) мерзiмдi салым;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) жинақ салымы;
3) шартты салым.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Талап етiлмелi салым салымшының бiрiншi талап етуi бойынша толық немесе iшiнара қайтарылуға тиiс.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мерзімді салым белгілі бір мерзімге енгізіледі.
Егер банктік салым шартында өзгеше көзделмесе, салымшы мерзімді салымды белгіленген мерзім өткенге дейін талап еткен жағдайларда, салым бойынша сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Жинақ салымы белгілі бір мерзімге енгізіледі.
Салымшы жинақ салымын белгіленген мерзім өткенге дейін талап еткен жағдайларда, салым бойынша сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Шартты салым банктік салым шартында айқындалған мән-жайлар басталғанға дейін енгізіледі.
Егер банктік салым шартында өзгеше көзделмесе, салымшы шартты салымды банктік салым шартында айқындалған мән-жайлар басталғанға дейін талап еткен жағдайларда, салым бойынша сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 758-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
758-бап. Банк салымы шартының нысаны
1. Банк салымы шарты жазбаша түрде және заң актілерінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерінде және банктiк тәжiрибеде қолданылып жүрген іскерлік айналым дағдыларында белгіленген талаптарға сай жасалуға тиіс.
2. Салымшының талап етуi бойынша салымның жасалғанын куәландыратын құжат не оның атына, не белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына ресiмделуi мүмкiн.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Банктік салым шартының жазбаша нысанын сақтамау осы шарттың маңызсыздығына алып келеді.
759-бап. Банк салымы шартының қолданылу мерзiмi
1. Банк салымы шарты салым сомасы банкке келiп түскен күннен бастап жасалған болып саналады.
2. Талап етiлмелi банк салымы шарты мерзiмсiз болып табылады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Банктік салым шартында көзделген салым мерзімі банкке «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған банкті реттеу шаралары қолданылған кезде өзгертілуі мүмкін.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Салымшы мерзімді және (немесе) жинақ салымдарының сомасын олардың мерзiмi өткеннен кейiн, сондай-ақ шартты салымның сомасын банк салымы шартты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар пайда болғаннан кейiн талап етпесе, егер шартта өзгеше көзделмесе, банк салымы шарты талап етiлмелi салым шарттарымен ұзартылған болып саналады.
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 760-бап өзгертілді
760-бап. Банк салымы шарты бойынша сыйақы
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Банк салымшыға осы баптың ережелерін ескере отырып, банк салымы шартында белгiленетiн мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейдi.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Талап етілгенге дейінгі салым бойынша сыйақы мөлшері банктік салым шартымен белгіленеді, бірақ ол жылдық 0,1 пайыздан аса алмайды.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-2-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-2. Мерзімді және жинақ салымдары бойынша сыйақы мөлшерлемесі тіркелген немесе құбылмалы болуы мүмкін.
Мөлшері банктік салым шартында көзделген салым мерзімі ішінде төмендетілмейтін сыйақы мөлшерлемесі тіркелген сыйақы мөлшерлемесі болып табылады.
Мөлшері банктік салым шартында көзделген талаптарға сәйкес өзгертілетін сыйақы мөлшерлемесі құбылмалы сыйақы мөлшерлемесі болып табылады.
Банктік салым шарты бойынша құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін есептеу тәртібі, оның қолданылу шарттары қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың 3-тармағында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, банк салымы шартында көзделген сыйақы мөлшерін ұлғайту немесе салым мерзімін ұзарту жағдайларын қоспағанда, банк салымдар бойынша сыйақы мөлшерiн бiржақты тәртiппен өзгертуге құқылы емес.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Банктік салым шарты бойынша сыйақы мөлшері банкке «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған банкті реттеу шаралары қолданылған кезде өзгертілуі мүмкін.
761-бап. Банк салымы шарты бойынша сыйақы төлеудiң тәртібі
1. Банк салымы шарты бойынша банк сыйақыны банк салымы шартында белгiленген тәртiппен және мөлшерде төлейдi.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, осы баптың 3-тармағында көрсетілген банктік салымдар бойынша сыйақы салымшыға оның талап етуi бойынша әр тоқсан аяқталғаннан кейiн салым сомасынан бөлек төленедi, ал бұл мерзiмде талап етiлмеген сыйақының сомасы салымның сыйақы төленетiн сомасын арттырады.
Салымды қайтару кезiнде салымшыға сол кездегі оған тиесілі барлық сыйақы төленедi.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Талап етiлмелi салым бойынша салымшы салым бойынша өзiне тиесiлi сыйақыны салым сомасынан бөлек алуға құқылы.
Мерзімді салымдар бойынша салымшы салым бойынша өзіне тиесілі сыйақыны салым мерзімі өткенге дейін оның сомасынан бөлек алуға құқылы. Егер банктік салым шартында өзгеше көзделмесе, мерзімді салымдар бойынша сыйақы мөлшері банк талап етілгенге дейінгі салымдар үшін қолданатын мөлшерге қолданылатындай түрде қайта есептеледі. Салым мерзімі өткен соң салымшы өзінің салымды талап ететініне немесе талап етпейтініне қарамастан, өзіне тиесілі сыйақыны толық мөлшерде алуға құқылы (осы Кодекстің 759-бабының 3-тармағы).
Шартты салым бойынша салымшының оған тиесiлi сыйақыны салымның сомасынан бөлек алуы банк салымы шартында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Сыйақы салымды қайтару үшiн көздемеген мерзiмдерде және нысанда төленедi (осы Кодекстiң 765-бабы).
5. Салымды толық қайтару кезiнде салымшыға сол кездегi өзiне тиесiлi барлық сыйақы төленедi.
762-бап. Салымдарды енгізу
1. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшылар салымдарды қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз аудару арқылы да енгiзедi.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Талап етiлмелi салым кезiнде салымшы ақшаны кез келген сомада және кез келген кезеңде жекелеген жарналармен енгiзе алады. Бұл ретте жаңа түскен сомалар бойынша сыйақы есептеу, сыйақының банкке ақша түскен күнi қолданылған мөлшерiне қарай жүргiзiледi.
Мерзiмдi салымдар, жинақ салымдары сондай-ақ шартты салымдар кезiнде, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшы ақшаны бiр жолғы жарна түрiнде енгiзедi.
763-бап. Үшiншi тұлғалардың салымға ақша енгізуi
Банкке үшiншi тұлғалардан салымшының атына оның бiрыңғайландырылған дербес коды туралы қажеттi деректер көрсетiле отырып түскен ақша салымға енгiзiледi.
764-бап. Үшiншi тұлғалардың пайдасына салымдар
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Банкке салым белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына енгiзiлуi мүмкiн.
Пайдасына салым енгiзiлетiн азаматтың атын (осы Кодекстiң 15-бабы) немесе заңды тұлғаның атауын (осы Кодекстiң 38-бабы) көрсету тиiстi банк салымы шартының елеулi талабы болып табылады.
Шарт жасасу қарсаңында қайтыс болған азаматтың не сол кезде болмаған заңды тұлғаның пайдасына банктік салым шарты маңызсыз болады.
2. Үшiншi тұлға салымшының құқығынан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда банк салымы шартын жасаған тұлға салымға өзi енгiзген ақшаға қатысты салымшының құқықтарын пайдалана алады.
3. Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген жағдайда, ол банк салымы шартында көзделген талаптарды сақтаған кезде ғана оларға билiк етуге құқылы. Бұл талаптар басталғанға дейiн үшiншi тұлға салымға тек салым енгiзген тұлғаның жазбаша рұқсаты бойынша ғана билiк ете алады.
Салым бойынша талап, банк салымы шартында жазбаша түрде жазылуға, заң актілеріне қайшы келмеуге және салымды берудi қиындататын түсiнiксiздiгi болмауға тиiс.
Шартты салымды алу үшiн үшiншi тұлға банкке белгiленген талаптарды орындағандығын растайтын құжаттар табыс етедi.
Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген тұлғаның: үшiншi тұлға осы талаптың орындалғанын растайтын құжат ұсынбаған жағдайда, өзi белгiлеген талаптарды өзгертуге; үшiншi тұлға салым енгізу кезiнде көрсетiлген талапты орындамаған не ол банк салымы шартында көзделген талапты орындағанға дейін қайтыс болған жағдайда салымға билік етуге құқығы бар.
4. Yшiншi тұлғаның пайдасына шарт туралы ережелер (осы Кодекстiң 391-бабы), егер ол осы баптың ережелерiне қайшы келмесе, үшiншi тұлғаның пайдасына банк салымы шартына қолданылады.
ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 765-бап жаңа 6-1-тармақпен толықтырылды; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 765-бап өзгертілді
765-бап. Банк салымдарын қайтару
1. Банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының алғашқы талап етуi бойынша:
1) талап етiлмелi салымдар бойынша - салымшы талаптарының келiп түсуi бойынша;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) мерзiмдi салымдар және жинақ салымдары бойынша - банк салымы шартында көзделген мерзiмнiң басталуы бойынша;
3) шартты салымдар бойынша - банк салымы шарты басталуымен салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар болған кезде беруге мiндеттi.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Салымшының мерзімді салымды мерзімінен бұрын ішінара және (немесе) толық қайтарып алуға құқығы бар.
Салымшының жинақ салымын мерзімінен бұрын толық қайтарып алуға құқығы бар.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-1. Банк мерзімді немесе шартты салымды немесе оның бір бөлігін салымшының талабы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей беруге міндетті.
Банк жинақ салымын салымшының талабы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік отыз күннен ерте емес беруге міндетті.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Шартты салымдар бойынша салымшының банк салымы шарты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар басталғанға дейiн салымды қайтарып алуға құқығы бар. Бұл ретте банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн осы баптың 2-1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген мерзiмде беруге мiндеттi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Салымшының мерзiмдi салымды мерзiмiнен бұрын алу құқығынан бас тартуы туралы банктік салым шартының, сондай-ақ шартты салымның ережесi, көзделген талаптар басталғанға дейiн маңызсыз болып табылады.
5. Шетел валютасымен енгiзiлген салым, егер заң актілерінде, банк салымы шартында немесе тараптардың қосымша келісімiнде өзгеше көзделмесе, нақ сондай валютамен қайтарылуға тиiс.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Банк салымшының салымды немесе оның бiр бөлiгiн қайтару туралы талабын осы баптың 2-1-тармағында көзделген мерзiмде орындамаған жағдайда сыйақыны төлеу банк салымы шартында көзделген талаптарда жалғастырылады.
2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен 6-1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-1. Осы баптың қағидалары кепіл нысанасы болып табылатын салымдарға, сондай-ақ қайтарылуы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарымен шектелген салымдарға қолданылмайды.
2009.28.08 № 192-IV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Банктік салымды беру:
1) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген;
2) төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған банкті реттеу шаралары қолданылған не банкті лицензиядан айырған кезде «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен тоқтатыла тұруы мүмкін.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 766-бап өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
766-бап. Банк салымын қайтаруды қамтамасыз ету
Банк өзі алған салымдарды қайтаруды қамтамасыз ету үшін пайдалануға мiндеттi амалдар мен әдiстер Қазақстан Республикасының заңдарында және банк салымы шартымен белгiленедi.
767-бап. Банк салымы бойынша жасалған операциялар үшiн банк көрсеткен қызметтерге ақы төлеу
Салымшы банк салымдары бойынша жасалған операциялар жөніндегі банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген тәртiппен ақы төлейдi.
39-тарау. Сақтау
1. Сақтау туралы жалпы ережелер
768-бап. Сақтау шарты
1. Сақтау шарты бойынша бiр тарап (сақтаушы) оған екiншi тараптың (жүк берушiнiң) берген затын сақтауға және бұл затты сақталған күйiнде қайтаруға мiндеттенедi.
2. Сақтау шарты зат сақталуға берiлген кезден бастап жасалған деп танылады.
3. Қозғалмайтын мүлiктi күзетуге осы тараудың күшi қолданылмайды.
769-бап. Затты сақтауға қабылдау туралы шарт
1. Сақтауды кәсiпкерлiк қызмет ретiнде жүзеге асыратын сақтаушы шарт бойынша өзiне жүк берушiнiң затын сақтауға қабылдау және жүк берушiнiң берген затын осы тараудың ережелерiне сәйкес сақтау мiндеттемесiн өз мойнына алуы мүмкiн.
2. Шарт бойынша өзiне затты сақтауға қабылдау мiндеттемесiн алған сақтаушының бұл заттың өзiне сақтауға берiлуiн талап етуге құқығы жоқ. Алайда шартта көзделген мерзiмде затты сақтауға бермеген жүк берушi, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сақталмай қалуға байланысты келтiрiлген залалдар үшiн сақтаушының алдында жауапты болады.
3. Егер жүк берушi сақтаушының қызметiнен бас тартқандығы туралы қисынды мерзiмде мәлiмдеген болса, ол затты сақтауға бермегенi үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, шартта келісілген мерзiмде зат сақталуға өткізілмеген, ал бұл мерзiм шарт жасалған күннен бастап отыз тәулiк өткенге дейiн белгiленбеген жағдайларда сақтаушы затты сақтауға қабылдау мiндетiнен босатылады.
770-бап. Затты сақтауға қабылдау мiндетi
Өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне қарай сақтауды жүзеге асыратын сақтаушының, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, техникалық мүмкіндік бола тұра затты сақтауға қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ. Мұндай жағдайларда сақтау шарттары жария деп танылады (осы Кодекстің 387-бабы).
771-бап. Заттарды иесіздендіріп сақтау
1. Иесiздендiрiп сақтау кезiнде сақтауға алынған заттар басқа жүк берушiлердiң сол тектес және сапасы сондай заттарымен араласып кетуi мүмкiн. Жүк берушiге заттар сол тектес және сапасы сондай тең немесе тараптардың келісілген мөлшерiнде қайтарылады.
2. Заттарды иесiздендiрiп сақтау кезiнде, егер заң актілерінде немесе тараптардың келісімiнде белгiленсе, заттар осы тектес және сапасы сондай заттардан оқшау ұсталуға тиіс.
772-бап. Сақтау шартының нысаны
1. Сақтаушының нөмiрлер, жетондар және басқа да заңды деп танылған белгiлер беруi арқылы заттарды қысқа мерзiмге сақтауға сақтау камераларына және вокзалдардың, әуежайлардың, мекемелердiң, кәсiпорындардың, театрлардың, мұражайлардың, стадиондардың, асханалардың және т.б. киім iлгiштерiне өткізулердi қоспағанда, сақтау шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Егер сақтауға алынған заттар сақтаушы жүк берушiге сақтау қолхатын, түбіртек, куәлік, сақтаушы қол қойған өзге де құжаттар беру жолымен куәландырылған болса, шарттың жазбаша нысаны сақталған болып есептеледi.
3. Тұрмыстық қызмет көрсету түріндегі сақтау шарты ауызша нысанда жасалуы мүмкiн.
4. Сақтауға алынған зат пен сақтаушы қайтарған заттың бірдейлігі туралы дау туған жағдайда куәгерлік айғақтарға жол берiледi.
5. Заттарды төтенше жағдайлар (өрт, су тасқыны және басқалар) кезiнде сақтауға өткізу, шарттың жазбаша нысаны болмаған жағдайда сақтауға өткiзiлген заттардың құнына қарамастан куәгерлiк айғақтар бойынша дәлелденуi мүмкiн.
773-бап. Сақтау мерзiмi
1. Егер зат талап етiлмелi сақтауға немесе мерзiмi көрсетiлмей өткiзiлген болса, сақтаушы осындай жағдайлардағы заттың әдеттегi сақталу мерзiмi өткен соң жүк берушiнiң заттарды қайтып алуын талап етуге құқылы, бiрақ жүк берушiге затты қабылдап алуға жететiндей қисынды мерзiм беруге мiндеттi.
2. Жүк берушi шарт бойынша сақтаудың өзге мерзiмi көзделгенде де кез келген уақытта сақтаушыдан затты талап етуге құқылы. Алайда бұл жағдайда жүк берушi, егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтаушыға мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын, тоқтатылуынан туған залалдарды өтеуге мiндеттi.
774-бап. Сақтаушыға сыйақы беру және оның шығындарын өтеу
1. Сақтау шарты бойынша сақтаушыға берiлетiн сыйақы мөлшерi тараптардың келісімiмен белгiленедi. Заң актілерінде белгiленген жағдайларда сыйақының мөлшерi таксалар, ставкалар, тарифтер бойынша айқындалуы мүмкiн.
2. Тараптардың келiсуiмен немесе заң актілерімен сақтаудың тегiн түрi шарттастырылуы мүмкiн. Тегiн сақтау кезiнде жүк берушi сақтаушыға заттарды сақтау үшiн қажеттi, нақты жұмсалған шығындарды өтеуге мiндеттi.
3. Егер заңдарда немесе тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмеген болса, сақтаушыға сақтағаны үшiн сыйақы сақтау аяқталған соң, ал егер кезең бойынша төлеу көзделген болса - әрбiр кезеңнiң аяқталуы бойынша төленуге тиiс. Егер сақтау, шартта белгiленген сақтау мерзiмiнен бұрын тоқтаса, сақтаушыға сыйақының соған мөлшерлес бөлiгi төленуi тиiс.
4. Егер шартта көзделген мерзiм өткеннен кейін сақтауда тұрған затты жүк беруші қайтарып алмаған болса, ол сақтаушыға затты бұдан әрi сақтағаны үшiн сол бұрынғы мөлшерде сыйақы төлеуге мiндеттi.
5. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтау бойынша шығындар сыйақының сомасына енгiзiледi. Төтенше шығындар сыйақының сомасына немесе шартта көзделген шығындардың құрамына кірмейдi деп ұйғарылады.
775-бап. Сақтаушының заттардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерi
1. Сақтаушы өзiне берiлген заттардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн шартта көзделген, сондай-ақ басқа да қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндеттi.
2. Егер сақтау тегiн жүзеге асырылатын болса, сақтаушы сақтауға алынған затқа өз заты сияқты қамқорлық жасауға мiндеттi.
3. Зат оның табиғи бұзылуы немесе табиғи кемуi ескерiле отырып сақтауға қабылданған күйiнде қайтарылуға тиiс.
4. Шартта көзделген, сондай-ақ, егер затты пайдалану оның сақталуын қамтамасыз етуi үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, сақтаушының затты пайдалануға құқығы жоқ.
5. Сақтаушы затты қайтарумен қатар, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, оны сақтау уақытында алынған нәтижелер мен кiрiстердi де беруге құқылы.
776-бап. Сақтау жағдайларын өзгерту
1. Затты сақтаудың сақтау шартында көзделген жағдайларын өзгерту қажет болған кезде сақтаушы бұл туралы жүк берушiге дереу хабарлауға және оның жауабын күтуге мiндеттi.
2. Заттың жоғалу және бүлiну қаупi туған жағдайда сақтаушы жүк берушiнiң жауабын күтпестен, сақтаудың шартта көзделген әдiсi мен орнын өзгертуге мiндеттi (осы баптың 1-тармағы).
3. Егер зат сақталу кезiнде бүлiнуге ұшыраса немесе оның сақталуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермейтiн және жүк беруші тарапынан шаралар қолдануды күтуге болмайтын басқа жағдайлар туындағанда, сақтаушы сақтау және сату бойынша өз шығындарын өтей отырып, затты немесе оның бiр бөлiгiн сатуға құқылы.