17) 29-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) белгіленген кепілдік мерзімі, сақтау мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына жауап беруге міндетті.»;
18) 30-бапта:
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Тұтынушының тиісті сападағы тауарларды айырбастау, қайтару туралы талаптарын, сондай-ақ тиісті сапасы жоқ тауар сатылған жағдайда тұтынушының талаптарын орындау мерзімін өткізіп алғаны үшін тұтынушы талабының орындалмауына жол берген сатушы (дайындаушы), егер шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, тұтынушыға наразылық берілген күннен бастап талаптар қанағаттандырылған күнге дейін мерзімі өткен әрбір күн үшін тауар құнының бір пайызынан кем емес мөлшерде тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) төлейді.
Тұтынушының шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) төлеу туралы талаптарын сатушы (дайындаушы) наразылық берілген кезден бастап талаптар қанағаттандырылған кезге дейінгі мерзімде ерікті түрде қанағаттандыруы тиіс.
Мұндай талаптарды ерікті түрде қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеу туралы мәселе тараптардың келісімі болған кезде тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің қарауына берілуі мүмкін.
Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеуде тұтынушыға тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) төлеу туралы тұтынушылық дауды реттеу мүмкін болмаған жағдайда тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) өндіріп алуды сот жүзеге асырады.»;
10-тармақтағы «жеткізудің» деген сөз «тауарды берудің (жеткізудің)» деген сөздермен ауыстырылсын;
19) 4-тарау мынадай мазмұндағы 33-2-баппен толықтырылсын:
«33-2-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) уәкілетті орган және тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері туралы ақпаратты орналастыру жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында уәкілетті органның және тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің байланыс деректерін (мекенжайы мен телефон нөмірін), сондай-ақ тұтынушының өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін оларға немесе сотқа жүгіну құқығы туралы ақпаратты орналастыруға міндетті.
Сатушы (дайындаушы, орындаушы) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесі (қатысушысы) болған жағдайда, бұл туралы ақпарат тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында міндетті түрде орналастырылуға тиіс.
2. Электрондық коммерция арқылы тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде уәкілетті органның және тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің байланыс деректері (мекенжайы мен телефон нөмірлері) туралы ақпаратты уәкілетті органның ресми интернет-ресурсына сілтеме арқылы, сондай-ақ тұтынушының өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін оларға немесе сотқа жүгіну құқығын көрсету ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы орналастырылуға тиіс.
Сатушы (дайындаушы, орындаушы) пайдаланатын интернет-ресурста оның байланыс деректері (нақты мекенжайы мен телефон нөмірлері) туралы ақпараттың орналастырылуы міндетті.»;
20) 41-бапта:
1-тармақтың 19) тармақшасындағы «қатысуға құқылы.» деген сөздер «қатысуға;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 20) және 21) тармақшалармен толықтырылсын:
«20) қоғамдық бақылау жүргізу кезінде тауарлардың (жұмыстардың көрсетілетін қызметтердің) сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге бастамашылық жасауға;
21) мынадай:
бір дауды қарау кезінде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері және тұтынушының заңды мүдделерін білдіретін өкілдер ретінде әрекет ететін;
тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері тұтынушының заңды мүдделерін білдіретін өкіл ретінде әрекет ететін қауымдастықтың (одақтың) қатысушылары болып табылатын жағдайларды қоспағанда, тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға құқылы.»;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтардың алдын алу және бұл туралы халықты хабардар ету мақсатында тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар):
тұтынушылар үшін қолжетімді тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орындарына бару;
Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын ескере отырып, тұтынушылар үшін қолжетімді тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орындарына барған кезде жасалатын әрекеттердің фото-, аудио-, бейнетіркелуін қолдану;
сатушының (дайындаушының, орындаушының) белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеу шартымен, тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын және өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндіктері туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды, оның ішінде тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орындарында өткізу арқылы қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) құрамына тұтынушылардың өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, қауымдастықтардың (одақтардың) өкілдері кіре алатын, құрамында кемінде үш адам болатын комиссиялар құрады.
Қоғамдық бақылау мынадай негіздер бойынша және кезеңділікпен:
тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне, қауымдастықтарға (одақтарға) келіп түсетін тұтынушылар өтініштерін мониторингтеу және жинақтау қорытындылары бойынша жылына екі реттен көп емес;
алдыңғы қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдардың іске асырылуын тексеру мақсатында бір рет;
тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне, қауымдастықтарға (одақтарға) бір елді мекенде бір тоқсан ішінде нақ сол бір сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) қатысты тұтынушылардың бес және одан да көп шағымының түсуіне қарай жүзеге асырылады.
Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру алдында комиссия құру, оның құрамы, қоғамдық бақылау жүргізу күні туралы құжаттың көшірмесін бере отырып, қоғамдық бақылау жүргізу болжанған күнге дейін бір жұмыс күнінен кеш емес мерзімде оны жүргізу негіздері мен комиссияның құрамы туралы ақпарат сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) жеткізіледі.
Қоғамдық бақылау жүргізу мерзімі қоғамдық бақылау жүргізудің болжанған күнінен бастап бір жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Жүргізілген қоғамдық бақылаудың нәтижелері комиссияның ұсынымдарымен бірге күнін, орнын және осы Заңның 26-бабына сәйкес сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпаратты көрсете отырып, қоғамдық бақылау жүргізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің, қауымдастықтың (одақтың) интернет-ресурсында (бар болса), Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінде және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады.
Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар анықталған кезде бұл туралы ақпарат тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі, сондай-ақ бақылау субъектісіне беріледі.»;
21) 42-бап алып тасталсын;
22) мынадай мазмұндағы 6-1-тараумен толықтырылсын:
«6-1-тарау. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі шаралар
42-1-бап. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың институционалдық жүйесі
1. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды:
1) уәкілетті орган, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, сот;
2) тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері;
3) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар), заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын және заң көмегін көрсететін заң консультанттары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де тұлғалар қамтамасыз етеді.
2. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесі тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ететін мынадай дәйекті іс-шаралар кешенін қамтиды:
1) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі профилактикалық шаралар (консультация беру, қоғамдық бақылау, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушыларды ағарту және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, осы Заңның 33-2-бабына сәйкес уәкілетті орган және тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері туралы ақпаратты орналастыру);
2) Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген, тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған сатушының (дайындаушының, орындаушының) оның құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру мәселесін реттеу;
3) тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарау кезінде тұтынушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) өтеу;
4) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған сатушыларды (дайындаушыларды, орындаушыларды) жауаптылыққа тарту;
5) сотта тұтынушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) өтеу.
42-2-бап. Тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына құқығы
1. Құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін осы Заңда белгіленген тәртіппен сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға), тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға немесе тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісіне, сондай-ақ сотқа жүгінуге құқылы.
2. Осы баптың ережесі сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға), тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға немесе тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісіне, сондай-ақ сотқа тұтынушының атынан осы Заңның 42-3-бабында аталған оның өкілдері жүгінген жағдайларда да қолданылады.
42-3-бап. Тұтынушылардың заңды мүдделерін білдіретін өкілдер
1. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау кезінде мыналар олардың өкілдері бола алады:
1) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар);
2) «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын заң консультанттары;
3) адвокаттар;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де тұлғалар.
2. Тұтынушылардың заңды мүдделерін білдіретін өкілдер тұтынушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) өтеу үшін қажетті шараларды қолдана отырып, өз міндеттерін тиісінше орындауға міндетті.
3. Тұтынушылардың заңды мүдделерін білдіретін өкілдер тұтынушыға қаржылық шығындардың сипаты мен мөлшерін қоса алғанда, көрсетілетін өкілдік қызметтердің ықтимал нәтижелері мен салдарын түсіндіруге міндетті.
Тұтынушылардың заңды мүдделерін білдіру көрсетілетін өкілдік қызметтерді қайтару мерзімдері, сомасы және шарттары, сондай-ақ тұтынушы атынан өкіл жасайтын әрекеттер тізбесі міндетті түрде көрсетіле отырып, жазбаша нысанда ресімделеді.
Тұтынушылардың заңды мүдделерін білдіру бойынша қызметтер көрсету шараларын таңдау тұтынушының мүдделерін басшылыққа алуға тиіс.
4. Тұтынушылардың заңды мүдделерін білдіретін өкілдер міндеттерін орындау кезінде мүдделер қақтығысын болдырмау бойынша шаралар қолданады.
5. Тұтынушының заңды мүдделерін білдіретін өкілге мүдделер қақтығысы болған жағдайда өкілдік қызметтер көрсетуге тыйым салынады.
Тұтынушының заңды мүдделерін білдіретін өкіл, егер:
1) тұтынушы және өкіл, оның жақын туыстары мүдделерінің қақтығысы бар болған, сондай-ақ мүдделер қақтығысын құрайтын басқа да мән-жайлар болған;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында көзделген негіздер бар болған жағдайда, өкілдік қызметтер көрсетуден бас тартуға міндетті.
6. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) тұтынушылар мүддесінде сотта қарау үшін жіберетін талап арыздарға мемлекеттік баж салынбайды.
7. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) мен заң консультанттарының палаталары да тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халыққа консультациялық көмек көрсету және тұтынушыларға өздерінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруде өкілдік қызметтер көрсету жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тұтынушыларға консультация беруді жүзеге асырады.
8. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша консультациялық көмек және өкілдік қызметтер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде:
1) «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға;
2) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар адамдарға;
3) Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға;
4) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
5) бірінші және екінші топтағы мүгедектерге;
6) қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тұратын қарттар мен мүгедектерге;
7) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға;
8) қиын әлеуметтік және қаржылық жағдайдағы өзге де адамдарға көрсетіледі.
42-4-бап. Тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) жүгінуі
1. Құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан осы бұзушылықтар келтірген залалды (зиянды) тұтынушыға ерікті түрде өтеу туралы наразылықпен жүгінуге құқылы.
Тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) наразылығы қолма-қол табыс етіледі не табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтімі нысанында не сатушының (дайындаушының, орындаушының) электрондық пошта мекенжайы бойынша, егер мұндай мекенжайды сатушы (дайындаушы, орындаушы) бұрын көрсеткен болса, жіберіледі.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушының наразылығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде құжатпен негізделген дәлелді жазбаша жауап ұсынуға міндетті. Осы құжаттардың көшірмелері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұтынушыға жауабына қоса тіркелуге тиіс.
Сатушының (дайындаушының, орындаушының) жауабы тұтынушыға осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде жазылған тәсілдермен ұсынылады.
Егер сатушының (дайындаушының, орындаушының) жауабы мерзімнің соңғы күнінен жиырма төрт сағат бұрын поштаға тапсырылса немесе басқа да байланыс құралдары бойынша жіберілсе, онда осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өтіп кеткен болып есептелмейді.
3. Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) күнтізбелік он күн ішінде наразылыққа жазбаша жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, сондай-ақ тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысудан бас тартса, тұтынушы уәкілетті органға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
5-тармақтың 22) тармақшасының елу бірінші, елу екінші абзацтары 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
42-5-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгіну
1. Тұтынушы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда өтініш беру жолымен не Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы өтінішпен не шағыммен жүгінуге құқылы.
Тұтынушы жазбаша нысанда жүгінген кезде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар немесе уәкілетті орган мұндай өтінішті Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізуді және оны құзыретіне сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті мемлекеттік органға жіберуді қамтамасыз етеді.
2. Тұтынушы сатушының (дайындаушының, орындаушының) ерікті түрде құқықтар мен заңды мүдделерді бұзушылықтарды жоюы, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан залалды (зиянды) өтеуі туралы наразылықпен оған жүгінген кезден бастап, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше мерзім белгіленбесе, екі айдан кешіктірмей тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
3. Тұтынушының өтінішіне:
1) сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұтынушының өтінішіне жауабының көшірмесі, ал егер осы Заңда белгіленген мерзім ішінде сатушының (дайындаушының, орындаушының) жауабы алынбаған болса, - тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) өтінішінің көшірмесі (бар болса);
2) өтініште жазылған мән-жайларды растайтын өзге де құжаттар (бар болса) қоса тіркеледі.
4. Тұтынушының өтінішінде:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол бар болса), пошта мекенжайы;
2) өзіне қатысты тұтынушының талаптары қойылған сатушының (дайындаушының, орындаушының) деректері (заңды тұлғаның атауы, пошта мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол бар болса);
3) тұтынушының талабы және тұтынушылық даудың мән-жайлары көрсетілуге тиіс.
Өтініште байланыс деректері (телефон, факс нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары және өзге де мәліметтер), сондай-ақ тауарларды (орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді) және сатушының (дайындаушының, орындаушының) әрекеттерін фото-, аудио-, бейнетіркеуді қоса алғанда, өтініш дұрыс және уақтылы қаралуы үшін қажетті, тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығын растайтын материалдар көрсетілуі мүмкін.
5-тармақтың 22) тармақшасының алпыс екінші абзацы 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5. Өтініш Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы берілген жағдайда өтінішке қажетті құжаттардың сканерленген көшірмелері қоса тіркеледі.
Қажет болған жағдайда, тұтынушының өтінішін қарайтын, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган ұсынылған құжаттар көшірмелерінің түпнұсқаларын құжаттарды сұратуға құқылы.
42-6-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тұтынушының өтінішін қараудан бас тартуы
1. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган тұтынушыға оның өтінішін қараудан мынадай:
1) сол тараптар арасындағы дауды дәл сол нысана бойынша және дәл сол негізде сот қараған;
2) заңды күшіне енген сот шешімі не тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің сол тараптар арасындағы, дәл сол нысана бойынша және дәл сол негізде тұтынушылық дауға қатысты қабылдаған шешімі бар болған жағдайларда, бас тартады.
Бас тарту үшін өзге де негіздер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленуі мүмкін.
2. Тұтынушының өтінішін қараудан бас тарту туралы шешім, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзге мерзім көзделмесе, тұтынушының өтінішін алған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей қабылдануға тиіс.
3. Тұтынушының өтінішін қараудан бас тарту туралы шешім дәлелді болуға тиіс.
42-7-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тұтынушының өтінішін қарауы
1. Тұтынушының өтінішін қарау кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар:
1) тұтынушыдан қосымша құжаттар мен ақпарат сұратуға;
2) тұтынушының талабы қойылған сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) өтінішті қарау үшін қажетті түсіндірмелер мен дәлелдемелер ұсынуды сұратуға;
3) мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа да ұйымдардан тұтынушының өтінішін қарау үшін қажетті ақпарат сұратуға және алуға құқылы.
2. Тұтынушының өтінішін қарау туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде әрекеттеріне қатысты тұтынушының өтініші ұсынылған сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) хабарды алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей толық түсіндірмелерді және оларды негіздейтін құжаттарды ұсыну талабымен тұтынушының алынған өтініші туралы хабар, осы өтініштің және оның қосымшаларының көшірмелері жіберіледі.
Хабар сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) электрондық пошта мекенжайы немесе телефон нөмірі бойынша, сондай-ақ хабарламаны немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары бойынша жіберілуі мүмкін.
Сатушының (дайындаушының, орындаушының) электрондық пошта мекенжайы туралы немесе телефон нөмірі немесе хабарламаны немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары туралы мәліметтер болмаған жағдайда, хабар сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) соңғы белгілі тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бойынша телефонограммамен гибридтік жөнелту арқылы не оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберіледі.
3. Ұсынылған құжаттарды қарау қорытындылары бойынша және тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар анықталған кезде:
1) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылады;
2) сатушыны (дайындаушыны, орындаушыны) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылданады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган шығарған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Қазақстан Республикасының заңдарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тұтынушылардың өтініштерін қарауының өзге де тәртібі мен мерзімдері белгіленуі мүмкін.
42-8-бап. Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу
1. Тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) осы Заңның 33-2-бабына сәйкес ол туралы ақпаратты сатушы (дайындаушы, орындаушы) орналастырған, тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің - төреліктің, медиатордың, тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің, қауымдастықтардың (одақтардың) не сатушы (дайындаушы, орындаушы) мүшесі болып табылатын өзін-өзі реттейтін ұйымның қарауына беруді ұсынуға құқылы.