4) 10-бапта:
2-7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2-7. Сауда базарының әкімшісі Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес сауда базарының жұмыс істеуін және оның жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін жеке тұлға болып табылады.
Сауда базарының әкімшісі:
1) ішкі сауда субъектілері мен сауда базары әкімшілігінің жұмыскерлеріне арналған жұмыс режимін қамтитын базар регламентін бекітеді;
2) сауда базары ұсынатын қосымша көрсетілетін қызметтер тізбесін (бар болса) бекітеді;
3) ішкі сауда субъектілеріне сауда орындарын беру тәртібін, олардың сипаттамаларын, мүліктік жалдау (жалға алу) шартының талаптарын бекітеді;
4) сауда базарларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жол берілетін шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін ішкі сауда субъектілерінің назарына жазбаша нысанда жеткізеді.»;
мынадай мазмұндағы 2-8-тармақпен толықтырылсын:
«2-8. Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.»;
5) 31-бапта:
1-тармақта:
мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:
«2-2) бұрын пайдалануда болған, қабылданған және өткізілген азық-түлік емес тауарларды ішкі сауда қағидаларында айқындалатын тәртіппен есепке алуды жүргізуге міндетті.
Ішкі сауда субъектісі бұрын пайдалануда болған, қабылданған және өткізілген азық-түлік емес тауарлар туралы ақпараттың күнтізбелік бір жыл ішінде сақталуын қамтамасыз етеді;»;
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы Заңның 32-бабында белгіленген қауіпсіздік талаптары мен нормаларға сай келмейтін тауарды айналымнан алып қоюға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдарды және тұтынушыны оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға ықтимал қауіп туралы уақтылы хабардар етуге, оның ішінде сатылған тауардың құны мен тұтынушыға келтірілген залалдары (нұқсанды) өтей отырып, оны тұтынушыдан қабылдап алуға;»;
7-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген сыйақы мөлшерін арттырған кезде ішкі сауда субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.»;
6) 32-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін және техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес алып қоюға және кері қайтарып алуға жататын өнімді;».
5. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» 2010 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 9, 43-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 128-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-IV, 113-құжат; № 22-VII, 161-құжат; 2016 ж., № 7-II, 55-құжат; № 8-II, 70-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 11, 36-құжат; № 19, 62-құжат; № 24, 94-құжат; 2019 ж., № 1, 4-құжат; № 7, 37-құжат):
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 16-1) және 16-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«16-1) Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес - тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан құрылатын консультациялық-кеңесші орган;
16-2) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастығы (одағы) (бұдан әрі - қауымдастық (одақ) - өз мүшелерінің қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету және олардың ортақ мүдделерін қорғау үшін құрылатын, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің ерікті бірігуі;»;
2) 2-1-баптың 3), 4) және 5) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«3) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушыларды ағарту, тұтынушының құқықтық сауаттылығын арттыру;
4) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың оларды қорғауды қамтамасыз ететін іс-шаралардың дәйектілігіне негізделген тиімді жүйесін қамтамасыз ету;»;
«5) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің, қауымдастықтардың (одақтардың) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге қатысуы;»;
3) 2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«2-тарау. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу және Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау»;
4) 4-бап мынадай мазмұндағы 1-3) тармақшамен толықтырылсын:
«1-3) Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңесті құрады;».
5) 5-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді;
3) мемлекеттік органдардың тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
4) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
5-тармақтың 5) тармақшасының сегізінші абзацы 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5) тұтынушылардың, оның ішінде Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы келіп түсетін шағымдарына, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың және тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің қызметіне талдау жүргізеді;
6) мемлекеттік органдарға осы Заңды және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді бұза отырып, өздері қабылдаған шешімдердің күшін жою туралы ұсыныстар (ұсынымдар) енгізеді;
7) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушыларға ақпарат, консультация беруді, оларды ағартуды, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруды жүзеге асырады;
8) оннан астам тұтынушының нақ сол бір мәселе бойынша құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда тұтынушылардың белгіленбеген тобының құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сотқа жүгінеді;
9) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
10) зерттеулер, ақпараттық-ағартушылық жұмыс жүргізу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халыққа консультациялық көмек және тұтынушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруде оларға өкілдік қызметтер көрсету бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды, іске асыруды, іске асыру мониторингін және нәтижелерін бағалауды жүзеге асырады;
11) Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
5-тармақтың 5) тармақшасының он бесінші абзацы 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
12) Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін қалыптастыру, жүргізу және пайдалану жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;
13) жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңесте талқыланған нәтижелері туралы баяндама ұсынады, ол бұқаралық ақпарат құралдарында беріледі;
14) Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің қызметін қамтамасыз етеді;
15) тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің тізбесін әзірлейді және бекітеді;
16) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
6) 6-бапта:
3) тармақшадағы «сақталуына бақылауды» деген сөздер «сақталуына мемлекеттік бақылауды» деген сөздермен ауыстырылсын;
5-тармақтың 6) тармақшасының үшінші абзацы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
4) тармақшадағы «тұтынушыларға ақпарат беруді, консультация жүргізуді және сауаттандыруды» деген сөздер «өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушыларға ақпарат, консультация беруді, оларды ағартуды және олардың құқықтық сауаттылығын арттыруды» деген сөздермен ауыстырылсын;
6) тармақша алып тасталсын;
7) 2-тарау мынадай мазмұндағы 6-2 және 6-3-баптармен толықтырылсын:
«6-2-бап. Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру және осы Заңға сәйкес бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау тұтынушының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, залалды (зиянды) өтеу, сондай-ақ бақылау субъектілеріне әкімшілік жүктемені төмендету арқылы олардың әлеуметтік және мүліктік жауапкершілігін арттыру мақсатында жүргізіледі.
4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу фактілері бойынша мемлекеттік органдардан, тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінен, тұтынушылардың заңды мүдделерін білдіретін өкілдерден, оның ішінде Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алынған ақпарат пен есептілік негізінде жүргізеді.
5. Сатушылар (дайындаушылар, орындаушылар) мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады.
6. Осы баптың 4-тармағында көзделген ақпарат пен есептілікті қарау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, бақылау субъектісіне оларды жою тәртібі міндетті түрде түсіндіріле отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалмай, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бақылау субъектісіне жіберіледі.
7. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бақылау субъектісіне жеке қолын қойғызып немесе оны жөнелту мен алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс. Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - алғаны туралы ұсынымда белгі қойған күннен бастап;
2) поштамен - тапсырысты хатпен пошта жөнелтімін алғаны туралы хабарланған күннен бастап;
3) электрондық тәсілмен - уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері сұрау салған кезде хатта көрсетілген бақылау субъектісінің электрондық мекенжайына уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері жөнелткен күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.
8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным ол табыс етілген (хабарланған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
9. Бақылау субъектісі бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне қарсылық жіберуге құқылы.
10. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жарты жылда бір реттен жиі жүргізілмейді.
5-тармақтың 7) тармақшасының он алтыншы - отыз төртінші абзацтары 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
6-3-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі
1. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі тұтынушылардың өтініштерін қабылдау және қарау процесін автоматтандыруға, оларды тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің барлық деңгейінде жүйелендіруге және есепке алуға арналған ақпараттық жүйе болып табылады.
2. Уәкілетті орган Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін және оның мобильдік нұсқасын қалыптастыруды және жүргізуді қамтамасыз етеді.
3. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы тұтынушылардың өтініштерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің барлық деңгейінде қарауды:
1) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатушылар (дайындаушылар, орындаушылар), ойын бастамашылары (ұйымдастырушылары);
2) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар), заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын және заң көмегін көрсететін заң консультанттары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де тұлғалар;
3) тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері;
4) уәкілетті орган, мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік органдар мен тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері тұтынушылардың қаралған өтініштерінің нәтижелері, сондай-ақ оларды қараудан бас тарту себептері туралы барлық ақпаратты Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.
Тұтынушылардың өтініштерін сатушылар (дайындаушылар, орындаушылар) Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы олар онда ерікті түрде тіркелген кезде қарайды.
4. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы қаралатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініштерге мыналар жатады:
1) тұтынушылардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатушыларға (дайындаушыларға, орындаушыларға) өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарын жою, сондай-ақ тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан осы бұзушылықтар келтірген залалды (зиянды) өтеу туралы наразылығы бар өтініштері;
2) тұтынушылардың ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы бойынша ойын бастамашыларына (ұйымдастырушыларына) наразылығы бар өтініштері;
3) тұтынушылардың тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне өздерінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) өтеу, моральдық зиянды өтеу үшін берілген өтініштері;
4) тұтынушылардың тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы өз құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған сатушыларға (дайындаушыларға, орындаушыларға), ойын бастамашыларына (ұйымдастырушыларына) қатысты өз құзыреті шегінде шаралар қабылдау мақсатында уәкілетті органға және тиісті мемлекеттік органдарға өтініштері;
5) тұтынушылардың тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне және (немесе) тұтынушылардың заңды мүдделерін білдіретін өкілдерге тұтынушылық дауларды қарау және (немесе) олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті тиімсіз жүзеге асыруына байланысты оларға қатысты өз құзыреті шегінде шаралар қолдану мақсатында уәкілетті органға және тиісті мемлекеттік органдарға өтініштері;
6) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің, қауымдастықтардың (одақтардың) қауіпсіздік пен сапа жөніндегі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауарларды шығарған және өткізген (жұмыстарды орындаған және қызметтер көрсеткен) тұлғаларға қатысты өз құзыреті шегінде шаралар қабылдау мақсатында; тұтынушылардың өтініштері, шағымдары келіп түскен жағдайда тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасын бағалау мақсатында; тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу фактісін қарауға жәрдемдесу мақсатында уәкілетті органға және тиісті мемлекеттік органдарға, оның ішінде қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша өтініштері.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сотқа өтініштер Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жіберілмеуге тиіс.
5. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, өздеріне қатысты тұтынушылардың өтініштері мен шағымдары келіп түскен сатушылар (дайындаушылар, орындаушылар) туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттың жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиіс.»;
8) 7-бапта:
2) тармақшадағы «сауаттандыруға» деген сөздер «ағартуға және тұтынушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде құқықтық сауаттылығын арттыруға» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«9) сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алуға;»;
9) 8-1-баптың 2-тармағында:
мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдау кезінде қолма-қол ақшамен төленген жағдайдағы тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сату бағасынан асатын баға белгілеу;»;
12) тармақша «тұтынушылардың» деген сөзден кейін «Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған» деген сөздермен толықтырылсын;
10) 9-бапта:
тақырыптағы «сауаттану» деген сөз «ағарту және өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру» деген сөздермен ауыстырылсын;
«сауаттану» деген сөз «ағарту және өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру» деген сөздермен ауыстырылсын;
11) 18 және 21-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«18-бап. Тұтынушының сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алу құқығы
1. Тұтынушының сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алуға құқығы бар.
2. Тұтынушыда тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжаттың немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шарттың болмауы тауарды сатып алу фактісін растау үшін оны куәлардың айғақтарына, сондай-ақ құжаттарға және басқа да дәлелдеу құралдарына, оның ішінде фото- және (немесе) бейнетіркеуге сілтеме жасау құқығынан айырмайды.»;
«21-бап. Моральдық зиянды өтету құқығы
Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін сатушының (дайындаушының, орындаушының) бұзуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиянды өтеуді, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сот немесе тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыруы мүмкін.
Моральдық зиянды өтеу тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалдарды (нұқсанды) өтеуге қарамастан жүзеге асырылады.
Тұтынушыға келтірілген моральдық зиянды өтеу мөлшерін, тұтынушыға келтірілген дене азабы мен адамгершілік күйзеліс сипатына қарай, моральдық зиян келтірілген нақты мән-жайларды және тұтынушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тұтынушылық даудың тараптары айқындайды.
Сатушының (дайындаушының, орындаушының) Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиянды өтетуді тараптардың келісімі болған кезде ғана тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыра алады.»;
12) 22-бап алып тасталсын;
13) 24-баптың бірінші бөлігінің 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«10) тауарды сату (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты беруге;»;
14) 26-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігіндегі «маңдайшаға» деген сөз «тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында» деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) уәкілетті органның байланыс деректерін (мекенжайын және телефон нөмірін), тауарларды өткізу (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) шарттарын, сондай-ақ сатушының тауарды сату (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты беру міндеті туралы ақпаратты тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында орналастырып, көрсетілген ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
Осы баптың 1-тармағында және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптар осы Заңның 33-2-бабы 2-тармағының талаптары ескеріле отырып, электрондық коммерциядағы сатушыларға (дайындаушыларға, орындаушыларға) қолданылады.»;
15) 27-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) белгіленген кепілдік мерзімі, сақтау мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде оның қауіпсіздігі үшін жауап беруге міндетті.»;
16) 28-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Бір тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алуды өзге де тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) міндетті түрде сатып алумен байланыстыруға тыйым салынады.
Тұтынушының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) еркін таңдау құқығының бұзылу салдарынан оған келтірілген залалдарды (нұқсанды) сатушы (дайындаушы, орындаушы) толық көлемде өтейді.
Тұтынушылардың кепілдік мерзімі ішінде қойылатын талаптарын қанағаттандыруды тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) кемшіліктерімен байланысты емес шарттармен байланыстыруға және дайындаушының (орындаушының) талаптарында көзделген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қоспағанда, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алуды кепілдік міндеттемені орындау шарты ретінде таңуға тыйым салынады.»;