ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Алқабилер туралы
(2020.07.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2022 жылғы 14 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы
3-бап. Алқабидің мәртебесi
4-бап. Алқабиге кандидаттардың тізімдерi
5-бап. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне енгізілетін азаматтардың саны
6-бап. Алқабиге кандидаттардың бастапқы тізімдерін жасау рәсімi
7-бап. Алқабиге кандидаттардың қосалқы тізімін жасау рәсімi
8-бап. Алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімін жасау рәсімi
9-бап. Алқабиге кандидаттардың қосымша тізімi
10-бап. Алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптар
11-бап. Азаматтардың құқықтары мен міндеттерi
12-бап. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне енгізбеу, заңсыз енгізу немесе тізімнен шығарып тастау бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне шағым жасау
13-бап. Алқабидің құқықтары, міндеттері және істi қарауға байланысты іс-әрекеттеріндегі шектеулер
14-бап. Алқабидің анты
15-бап. Азаматтың алқаби міндеттерін атқару тәртібі мен мерзімдерi
16-бап. Алқабидің еңбегіне ақы төлеу. Алқабиге кандидаттар мен алқабилердің шығыстарын төлеу. Алқабилердің еңбек қатынастарындағы кепілдіктерi
17-бап. Алқабидің тәуелсіздігіне кепілдіктер
18-бап. Алқабиге өз міндеттерін атқаруына кедергі келтіретін тұлғалардың жауаптылығы
19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
Осы Заң қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, алқабилердің құқықтық мәртебесін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін, олардың қызметін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) алқаби - соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы;
2) алқабиге кандидат - Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес кейіннен алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысу үшін алқабиге кандидаттардың тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының азаматы;
3) алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімі - азаматтарды кездейсоқ таңдау рәсімін жүргізу үшін негіз болатын, алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы немесе алдын ала қосалқы тізімі;
4) алқабиге кандидаттардың бастапқы тізімі - алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімін жасау кезінде негіз болатын, ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) алқабиге кандидаттардың тізімі;
5) алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімі - азаматтардың тиісті облыстық және оған теңестірілген сот төрағасы айқындайтын санын қамтитын, облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабиге кандидаттардың негізгі тізімі;
6) алқабиге кандидаттардың қосалқы тізімі - алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімінің ресурстарын пайдаланғаннан кейін алқабилерді іріктеу рәсіміне алқабиге кандидаттарды тартуға арналған, облыс орталығында (республикалық маңызы бар қалада, астанада) тұрақты тұратын азаматтар қатарынан алқабиге кандидаттардың тізімі;
7) алқабиге кандидаттардың қосымша тізімі - алқабиге кандидаттардың бірыңғай және қосалқы тізімдерінің ресурстары болмаған жағдайда жасалатын облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабиге кандидаттардың тізімі;
8) кездейсоқ таңдау - іріктеудің кездейсоқтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін технологияларды пайдалана отырып, алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімінен азаматтарды іріктеу;
9) облыстық және оған теңестірілген соттың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті азаматтар саны - соттардың алқабилердің қатысуымен қарауына жататын істердің жылдық орташа саны негізінде белгіленетін азаматтардың болжамды саны.
2-бап. Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы«Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан, Қылмыстық іс жүргізу кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Алқабидің мәртебесi
1. Алқабилердің құқықтық жағдайы осы Заңда айқындалады.
2. Алқабиге Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен қылмыстық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу жөніндегі өкілеттіктер берілген.
3. Қазақстан Республикасының алқабилері тең мәртебеге ие.
4-бап. Алқабиге кандидаттардың тізімдерi
1. Алқабилерді іріктеу процесіне Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар жыл сайын алқабиге кандидаттар іріктелетін жыл алдындағы жылдың 1 желтоқсанына алқабиге кандидаттардың бастапқы, бірыңғай және қосалқы тізімдерін жасайды.
2. Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан осы Заңның 10-бабында белгіленген, алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға азаматтардың сәйкес келуін тексеру үшін қажет ақпаратты сұратуға құқылы. Жергілікті атқарушы органдардың сауалдарына жауаптар сауал алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей олардың мекен-жайына жіберілуге тиіс.
3. Алқабиге кандидаттардың тізімдері әліпбилік тәртіппен жасалады. Тізімдерде алқабиге кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы (жасы жиырма бесте болса - қосымша күні мен айы) және тұрғылықты жері көрсетіледі.
5-бап. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне енгізілетін азаматтардың саны
1. Алқабиге кандидаттардың бастапқы, бірыңғай және қосалқы тізімдеріне енгізілетін азаматтардың саны тиісті облыстық және оған теңестірілген сот төрағасы жыл сайын ұсынатын алқабиге кандидаттардың санына негізделеді.
2. Тиісті облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының ұсынуы сот талқылауына қатысу үшін алқабиге кандидаттардың тізімдері бойынша алқабилерді іріктеу жүргізілетін жыл алдындағы жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірілмей облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына жіберілуге тиіс.
3. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы жыл сайын, облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының ұсынуын алған күннен бастап үш күн мерзімнен кешіктірмей, әрбір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) алқабиге кандидаттардың санын айқындайды және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарын алқабиге кандидаттардың саны туралы хабардар етеді.
6-бап. Алқабиге кандидаттардың бастапқы тізімдерін жасау рәсімi
1. Алқабиге кандидаттардың бастапқы тізімін жасау үшін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы:
1) ауданнан алқабиге кандидаттардың саны туралы хабарламаны алған күннен бастап бір ай мерзімде әкімшілік-аумақтық бірлікте тұрақты тұратын азаматтар қатарынан тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) сайлаушылар тізімдерінің негізінде, осы Заңның 10-бабында белгіленген алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келмейтін адамдарды сайлаушылар тізімдерінен шығарып тастау арқылы алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тізімін жасайды;
2) алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тізімін жасау аяқталған кезден бастап жеті күн мерзім ішінде азаматтардың жергілікті атқарушы органның үй-жайында алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тізімімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, тізімдегі қателер мен дәлсіздіктер туралы өтініштерді қарайды және оған тиісті өзгерістер енгізу туралы мәселелерді шешеді;
3) тиісті облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы айқындаған санда, жеке-жеке әр аудан (облыстық маңызы бар қала) бойынша алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тізімінен азаматтарды кездейсоқ таңдап алуды жүргізеді;
4) кездейсоқ таңдап алу нәтижелері бойынша алқабиге кандидаттардың бастапқы тізімін жасайды, оны жергілікті атқарушы органның мөрімен бекітеді және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына жібереді.
2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жүзеге асыратын әрекеттеріне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның азаматтардың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсімдеріне қатысуға құқықтарын бұзатын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тізімімен азаматтарды таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастапқы жеті күн мерзімде сотқа шағым жасалуы мүмкін.
3. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген рәсім ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешімдеріне шағым жасау мерзімі аяқталғаннан кейін жүргізіледі.
4. Осы бапта көзделген рәсімдерді жүргізудің жалпы мерзімі ауданнан алқабиге кандидаттардың саны туралы хабарлама алған күннен бастап екі айдан аспауға тиіс.
7-бап. Алқабиге кандидаттардың қосалқы тізімін жасау рәсімi
1. Алқабиге кандидаттардың қосалқы тізімін жасау үшін облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы:
1) облыс орталығында (республикалық маңызы бар қалада, астанада) тұрақты тұратын азаматтар қатарынан алқабиге кандидаттардың саны туралы облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының ұсынуын алған күннен бастап бір ай мерзімде облыс орталығында не басқа тиісті облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) соты тұрақты орналасқан жерде тұрақты тұратын азаматтар қатарынан сайлаушылар тізімдерінің негізінде, осы Заңның 10-бабында белгіленген алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келмейтін адамдарды сайлаушылардың мұндай тізімдерінен шығарып тастау арқылы, алқабиге кандидаттардың алдын ала қосалқы тізімін жасайды;
2) алқабиге кандидаттардың алдын ала қосалқы тізімін жасау аяқталған кезден бастап жеті күн мерзім ішінде азаматтардың жергілікті атқарушы органның үй-жайында алқабиге кандидаттардың алдын ала қосалқы тізімімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, тізімдегі қателер мен дәлсіздіктер туралы өтініштерді қарайды және оған тиісті өзгерістер енгізу туралы мәселелерді шешеді;
3) алқабиге кандидаттардың алдын ала қосалқы тізімінен алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізіміне енгізілетін азаматтар санының төрттен біріне тең санда азаматтарды кездейсоқ таңдап алуды жүргізеді;
4) кездейсоқ таңдап алу нәтижелері бойынша алқабиге кандидаттардың қосалқы тізімін жасайды, оны облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының мөрімен бекітеді.
2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жүзеге асыратын әрекеттеріне, сондай-ақ облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының азаматтардың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсімдеріне қатысуға құқықтарын бұзатын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алқабиге кандидаттардың алдын ала қосалқы тізімімен азаматтарды таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастап жеті күн мерзімде сотқа шағым жасалуы мүмкін.
3. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген рәсім облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының шешімдеріне шағым жасау мерзімі аяқталғаннан кейін жүргізіледі.
4. Осы бапта көзделген рәсімдерді жүргізудің жалпы мерзімі облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабиге кандидаттардың саны туралы ұсынуын алған күннен бастап екі айдан аспауға тиіс.
8-бап. Алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімін жасау рәсімi
1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы:
1) алқабиге кандидаттардың бастапқы тізімдерінің негізінде алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімін жасайды;
2) алқабиге кандидаттардың бірыңғай және қосалқы тізімдерін тиісті облыстық және оған теңестірілген сотқа жібереді.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген рәсімді облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабиге кандидаттардың саны туралы ұсынуын алған күннен бастап үш ай мерзімнен кешіктірмей жүргізеді.
9-бап. Алқабиге кандидаттардың қосымша тізімi
1. Алқабиге кандидаттардың бірыңғай және қосалқы тізімдерінің ресурстары таусылған ерекше жағдайларда, облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасымен келісе отырып, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына азаматтардың талап етілетін қосымша саны туралы және осыған байланысты алқабиге кандидаттардың қосымша тізімін жасау қажеттігі туралы ұсыну жіберуге құқылы.
2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының ұсынуын алған күннен бастап он күн мерзімде осы Заңның 7-бабы 1-тармағы 3) тармақшасының талаптарына сәйкес азаматтардың талап етілетін санына қарай алқабиге кандидаттардың қосымша тізімдерін жасайды және оларды тиісті облыстық және оған теңестірілген сотқа жібереді.
10-бап. Алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптар
1. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне:
1) алқабилердің тізімдерін жасау кезінде жиырма бес жасқа толмаған;
2) өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар;
3) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;
4) судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді.
2. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгізуге шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бір шек қоюға жол берілмейді.
3. Алқабиге кандидаттардың тізімдерінен:
1) қылмыстық іс бойынша сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамдар;
2) өздерінің дене кемістігі немесе психикалық кемістігі салдарынан алқабидің міндеттерін атқаруға қабілетсіз адамдар;
3) алпыс бес жастан асқан адамдар;
4) діни қызметшілер өздерінің жазбаша өтініші бойынша алып тасталады.
11-бап. Азаматтардың құқықтары мен міндеттерi
1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі мен осы Заңда белгіленген тәртіппен алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келетін Қазақстан Республикасы азаматтарының қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысуы қамтамасыз етілуге тиіс.
2. Азаматтар осы Заңда белгіленген тәртіппен алқабиге кандидаттардың тізімдерімен танысуға құқылы.
3. Азаматтар жергілікті атқарушы органдардың сауал салуы бойынша алқабиге кандидаттардың тізімдерін жасау үшін қажетті ақпаратты оларға беруге міндетті.
4. Алқабиге кандидаттардың тізімдерін жасау үшін қажетті ақпаратты бермегені, сондай-ақ дұрыс емес ақпарат бергені үшін азаматтар Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылықта болады.
5. Сот отырысының орны мен басталу уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысу үшін сотқа келуге міндетті. Азаматтың дәлелсіз себептермен келмей қалуы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
12-бап. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне енгізбеу, заңсыз енгізу немесе тізімнен шығарып тастау бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне шағым жасау
1. Азаматтар нақты адамдарды алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы немесе алдын ала қосалқы тізімдеріне заңсыз енгізу немесе енгізбеу не оларды осы тізімдерден шығарып тастау туралы, сондай-ақ алқабиге кандидаттар жөніндегі деректерде жіберілген дәлсіздіктер туралы өтінішпен жергілікті атқарушы органдарға осы Заңда белгіленген тәртіппен жүгінуге құқылы.
2. Жергілікті атқарушы органдар келіп түскен өтініштерді бес күн мерзімде қарап, шешім қабылдайды, оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.
3. Жергілікті атқарушы органдар алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімдерін үнемі тексеруге және осы Заңның 10-бабының талаптарына сай келмейтін адамдарды тізімдерден шығарып тастай отырып, қажет болған кезде оларға өзгерістер енгізуге міндетті.
4. Сот адамды алқабиге кандидаттардың тізімінен шығарып тастауды талап ететін мән-жайларды анықтаған жағдайда, бұл туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына хабарлайды.
13-бап. Алқабидің құқықтары, міндеттері және істi қарауға байланысты іс-әрекеттеріндегі шектеулер
1. Алқаби:
1) өзінің ішкі нанымы бойынша істің мән-жайын өз бетінше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік алу үшін сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатысуға;
2) процеске қатысушыларға төрағалық етуші арқылы сұрақтар қоюға;
3) заттай дәлелдемелерді, құжаттарды тексеріп қарауға, жерді және үй-жайларды тексеріп қарау ісіне, сот тергеуіндегі барлық басқа да іс-әрекеттерге қатысуға;
4) төрағалық етушіге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етілген құжаттардың мазмұнын және іске қатысты, өзіне түсініксіз басқа да мәселелерді түсіндіруді сұрап өтініш жасауға;
5) сот отырысы кезінде жазбалар жасауға құқылы.
2. Алқаби:
1) сот отырысында тәртіп сақтауға және төрағалық етушінің заңды өкімдеріне бағынуға;
2) алқабидің міндеттерін атқару үшін, сондай-ақ, егер сот отырысында үзіліс жарияланған немесе істі тыңдау кейінге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келуге;
3) сотқа келуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, төрағалық етушіге келмеудің себептері туралы алдын ала хабарлауға міндетті.
3. Алқаби:
1) істі тыңдау кезінде сот отырысының залынан кетуге;
2) істі тыңдау кезінде сот құрамына кірмейтін адамдармен төрағалық етушінің рұқсатынсыз іс бойынша сөйлесуге;
3) істі қарау барысында мәліметтерді сот отырысынан тыс жинауға;
4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесінің құпиясын бұзуға құқылы емес.
4. Алқабидің өз міндеттерін атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулерді сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттету мүмкіндігіне әкеп соғады.
14-бап. Алқабидің анты
1. Алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен іріктелген адам мынадай мазмұнда ант қабылдайды:
«Алқабидің міндеттерін атқаруға кірісе отырып, өз міндеттерімді адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелерді, дәлелдерді, істің мән-жайын назарыма алуға, ерікті азамат және әділ адам ретінде істі өзімнің ішкі нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемін».
2. Алқаби «Ант етемін» деген сөздерді айтумен антты қабылдауын растайды.
15-бап. Азаматтың алқаби міндеттерін атқару тәртібі мен мерзімдерi
1. Істі қарауға қатысу үшін сотқа алқабиге кандидаттардың қажетті санын шақыртуды алқабилердің қатысуымен қылмыстық істі қарайтын соттың төрағалық етуші судьясының өкіміне сәйкес сот отырысының хатшысы жүзеге асырады.
2. Азаматтар сотта алқабидің міндеттерін атқаруға күнтізбелік жыл ішінде көп дегенде бір рет, қылмыстық іс қаралатын барлық уақытқа шақырылады.
3. Сотқа шақырылған, бірақ алқабилер алқасының құрамына іріктеп алынбаған адамдар басқа сот отырысына алқаби ретінде қатысу үшін тартылуы мүмкін.
16-бап. Алқабидің еңбегіне ақы төлеу. Алқабиге кандидаттар мен алқабилердің шығыстарын төлеу. Алқабилердің еңбек қатынастарындағы кепілдіктерi
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Алқабиге облыстық және оған теңестірілген соттың қызметін материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган нақты іс қаралып болғаннан кейін, ал егер істі қарау созылатын болса, ай сайын бюджет қаражаты есебінен аудандық сот және оған теңестiрілген сот судьясының (1 жылға дейін өтілі бар) лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерінде, бірақ алқабидің сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнінің санына) барабар, оның негізгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төлейді.
2. Алқабиге кандидатқа (алқабиге) іссапар шығыстары республикалық бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде өтеледі.
3. Алқабидің сотта міндеттерін атқару уақыты еңбек стажын есептеген кезде есепке алынады.
4. Алқабидің міндеттерін атқару кезінде оның негізгі жұмыс орны сақталады. Алқабидің сотта міндеттерін атқаруы кезінде оны жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берілмейді.
17-бап. Алқабидің тәуелсіздігіне кепілдіктер
1. Алқаби сотта өз міндеттерін атқарған кезеңде оған судьялардың тәуелсіздігіне заңдарда белгіленген кепілдіктер қолданылады.
2. Сотта міндеттерін атқару кезінде алқабидің тәуелсіздігі:
1) сот төрелігін жүзеге асырудың заңда көзделген рәсімімен;
2) сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу бойынша алқабидің қызметіне кімнің болса да араласуына жауаптылық қаупі арқылы тыйым салумен қамтамасыз етіледі.
3. Алқаби, оның отбасы мүшелері және олардың мүліктері мемлекеттің қорғауында болады. Қылмыстық істі жүргізетін орган, егер сотта міндеттерін атқарушы алқабиден тиісті өтініш келіп түссе, сондай-ақ аталған адамдардың қауіпсіздігіне немесе олардың мүліктерінің сақталуына қауіп төнудің басқа да айғақтары анықталған жағдайларда, алқабидің, оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін, оларға тиесілі мүліктердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қолдануға міндетті.
18-бап. Алқабиге өз міндеттерін атқаруына кедергі келтіретін тұлғалардың жауаптылығы
Алқабиге міндеттерін атқаруына кедергі келтіретін тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2005 жылғы қаңтардың 16-сы. № 121-III ҚРЗ