2006 жылға арналған республикалық бюджетте мұқтаж мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге және мүгедекті оңалтудың жеке
бағдарламасына сәйкес ымдау тілі мамандарының, жеке көмекшілердің қызметтер көрсетуіне көзделген нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 наурыздағы № 162 Қаулысы
Осы редакция 2015 жылғы 25 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы Заңының 15-бабын іске асыру мақсатында және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңының 21-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2006 жылға арналған республикалық бюджетте мұқтаж мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес ымдау тілі мамандарының, жеке көмекшілердің қызметтер көрсетуіне көзделген нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, нысаналы ағымдағы трансферттердің уақтылы және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етсін.
3. Жергілікті атқарушы органдар:
1) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектерге міндетті гигиеналық құралдар берілуін және ымдау тілі мамандары, жеке көмекшілер қызметтерінің көрсетілуін;
2) ай сайын есептіден кейінгі айдың 5-күніне дейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне нысаналы ағымдағы трансферттердің пайдаланылуы туралы есептер ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 754 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2005 ж., № 30, 392-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен қамтамасыз ету ережесінде:
5-бөлімде:
18-тарау алынып тасталсын;
19-тараудың 100-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«100. Жеткізуші міндетті гигиеналық құралдарды, атауы мен олардың санын көрсете отырып, қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне акті бойынша береді.».
5. Осы қаулы 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2006 жылғы 14 наурыздағы
№ 162 қаулысымен
Бекітілген
2006 жылға арналған республикалық бюджетте мұқтаж
мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге
және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес ымдау
тілі мамандарының, жеке көмекшілердің қызметтер көрсетуіне
көзделген нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабын іске асыру мақсатында, «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабына сәйкес әзірленді және 2006 жылға арналған республикалық бюджетте мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге, мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес ымдау тілі мамандарының, жеке көмекшілердің қызметтер көрсетуіне көзделген нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), астананың әкімдігі уәкілеттік берген атқарушы органдар (бұдан әрі - нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган) мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, ымдау тілі мамандарының, жеке көмекшілердің қызметтерін көрсету жөніндегі аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылады.
3. Облыстардың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменттері, Астана, Алматы қалаларының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменттері нысаналы ағымдағы трансферттерді бөлу жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.
4. Мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, есту бойынша мүгедектерге ымдау тілі мамандарының, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшілердің қызмет көрсетуі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық органы (бұдан әрі - аумақтық орган) әзірлеген мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.
5. Міндетті гигиеналық құралдарға мұқтаж мүгедектер, жүріп-тұруы қиын және жеке көмекшінің қызмет көрсетуіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектер, ымдау тілі маманының қызметіне мұқтаж есту бойынша мүгедектер нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш;
2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) мүгедектігі туралы анықтамадан үзіндінің және аумақтық органдар беретін міндетті гигиеналық құралдардың берілуіне, ымдау тілі мамандарының қызметтеріне, жеке көмекшінің қызметтеріне мұқтаждығы туралы мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасынан үзіндінің көшірмесі;
4) мүгедектің сенімді адамы өтінішті, заңнамада белгіленген тәртіппен куәландырылған сенімхат бойынша сенімді адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін ұсына отырып береді.
6. Құжаттар нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті органға салыстырып тексеру үшін түпнұсқада және көшірмелерде ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш иесіне қайтарылады.
7. Мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге, ымдау тілі маманының қызметіне мұқтаж есту бойынша мүгедектерге жеке көмекші қызметтерін көрсету туралы шешімді барлық қажетті құжаттар болған кезде нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган қабылдайды.
Нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылдағаннан кейін міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге жататын мүгедектердің тізімі (бұдан әрі - тізім) жасалады.
8. Нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган өткен жылдың аяғында мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларының және тізімдердің негізінде міндетті гигиеналық құралдарға, ымдау тілі мамандарының және жеке көмекшілердің қызметтеріне мұқтаж мүгедектердің саны туралы өтінімдерді жасайды және оларды нысаналы ағымдық трансферттерді бөлу жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
9. Нысаналы ағымдағы трансферттерді бөлу жөніндегі уәкілетті орган өтінімдердің негізінде:
тізбесі мен санын көрсете отырып, міндетті гигиеналық құралдарға мұқтаж мүгедектердің саны туралы;
ымдау тілі мамандарына мұқтаж мүгедектердің саны туралы;
жеке көмекшілердің қызметтеріне мұқтаж мүгедектердің саны туралы жиынтық өтінім жасайды.
10. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге, мүгедектерге ымдау тілі мамандары мен жеке көмекшілердің қызметтерін көрсетуге көзделген қаражатты бөлу нысаналы ағымдық трансферттерді бөлу жөніндегі уәкілетті органдар ұсынған жиынтық өтінімдердің негізінде жүзеге асырылады.
2. Мүгедектерге міндетті гигиеналық құралдар беруге
арналған нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану тәртібi
11. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) төлем шотының, салық төлеушінің тіркеу нөмірінің негізінде және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ұсынған банктік деректемелер бойынша тиісті республикалық бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру жоспарына сәйкес облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге арналған қаражатты аударады.
12. Нысаналы ағымдағы трансферттерді бөлу жөніндегі уәкілетті орган мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге арналған қаражатты нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті органдарға аударады.
13. Нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган конкурстық комиссия құрады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес міндетті гигиеналық құралдарды сатып алуды жүргізеді.
14. Жеткізушіден міндетті гигиеналық құралдарды қабылдап алуды нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Жеткізушіден міндетті гигиеналық құралдарды қабылдап алу актілері екі данада жасалады:
1) бірінші данасы нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті органда қалады;
2) екінші данасы жеткізушіге беріледі.
Актілердің барлық даналарына нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті органның және жеткізушінің өкілдері қол қояды.
15. Нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган міндетті гигиеналық құралдарды беруді мүгедектің тегін, атын, әкесінің атын, зейнеткерлік куәлігінің нөмірін, туған күнін, тұратын жерін, алған міндетті гигиеналық құралдың атауын, алған күнін, алғаны туралы белгіні көрсете отырып тізім бойынша жүргізеді.
16. Нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган есептіден кейінгі айдың 1 күніне дейін нысаналы ағымдағы трансферттерді бөлу жөніндегі уәкілетті органға міндетті гигиеналық құралдарды сатып алуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуы және мүгедектің тегін, атын, әкесінің атын, зейнеткерлік куәлігінің нөмірін, туған жылын, тұратын жерін, алған міндетті гигиеналық құралдың атауын, алған күнін, алғаны туралы белгіні көрсете отырып, олардың мүгедектерге берілуі туралы есеп ұсынады.
17. Нысаналы ағымдағы трансферттерді бөлу жөніндегі уәкілетті орган есептіден кейінгі айдың 5 күніне дейін Министрлікке міндетті гигиеналық құралдарды сатып алуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуы және олардың мүгедектерге берілуі туралы жиынтық есепті ұсынады.
3. Ымдау тілі мамандарының және жеке көмекшілердің
қызметтер көрсетуіне арналған нысаналы ағымдағы
трансферттерді пайдалану тәртібi
18. Министрлік төлем шотының, салық төлеушінің тіркеу нөмірінің негізінде және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ұсынған банктік деректемелер бойынша мүгедектерге республикалық бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру жоспарына сәйкес облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне ымдау тілі мамандарының және жеке көмекшілердің қызметтер көрсетуіне арналған қаражатты аударады.
19. Нысаналы ағымдағы трансферттерді бөлу жөніндегі уәкілетті орган мүгедектерге жеке көмекшілердің және ымдау тілі мамандарының қызметтер көрсетуіне арналған қаражатты нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті органға аударады.
20. Нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган конкурстық комиссия құрады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мүгедектерге ымдау тілі мамандарының және жеке көмекшілердің қызметтер көрсетуіне арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі конкурсты жүргізеді.
Жеке тұлғалар ымдау тілі мамандары және жеке көмекші бола алады.
21. Нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті органның, ымдау тілі маманының немесе жеке көмекшінің арасындағы қатынастар қызметтер көрсетуге арналған шартпен (бұдан әрі - Шарт) ресімделеді.
Шартта ымдау тілі маманы мен жеке көмекшіге қойылатын талаптар және олар көрсететін мынадай міндетті қызметтер келісіледі:
1) мүгедекті жұмысқа, оқу орындарына алып жүру;
2) оқу орындарында оқумен, кәсіптік оқумен, біліктілігін арттырумен және жұмысқа орналасумен байланысты мәселелерді шешуіне көмек көрсету;
3) мүгедек жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарына, заң консультацияларына, сотқа, прокуратураға, нотариусқа, мәдени-ойын-сауық іс-шараларына, спорт ғимараттарына барған кезде көмек көрсету;
4) мүгедекке қажетті құжаттарды ресімдеуге, ақпарат алуға көмек көрсету.
22. Шартта ымдау тілінің маманы мен жеке көмекшінің қызметтеріне ақы төлеу шарттары келісіледі.
Ымдау тілі маманының қызметіне ақы төлеу сағатына ең аз жалақы мөлшерінің он бес пайызы есебінен, бірақ бір жылда отыз сағаттан асырылмай жүзеге асырылады.
Бір қаржы жылында отыз сағаттан артық қызмет көрсетуге жұмсалған уақыт мүгедектің өз қаражаты есебінен төленеді.
23. Жеке көмекші қызметтеріне ақы төлеуді нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметші болып табылмайтын қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманның бір сағаттағы жалақысы мөлшері есебін негізге ала отырып, бірақ күніне 8 сағаттан асырмай жүргізеді.
24. Ымдау тілі маманының қызметтерін және жеке көмекшілердің қызметтерін көрсетуді үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асыра алады.
25. Нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған шарт бойынша орындаушы ретінде түсетін үкіметтік емес ұйымның арасындағы қатынастар ымдау тілі мамандарының және жеке көмекшінің қызметтерін көрсетуге мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған шартпен ресімделеді.
26. Нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган есептіден кейінгі айдың 1 күніне дейін нысаналы ағымдағы трансферттерді бөлу жөніндегі уәкілетті органға мүгедектің тегін, атын, әкесінің атын, зейнеткерлік куәлігінің нөмірін, туған күнін, тұратын жерін көрсете отырып, мүгедектерге ымдау тілінің мамандарының және жеке көмекшілердің қызметтер көрсетуіне бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есепті ұсынады.
27. Нысаналы ағымдағы трансферттерді бөлу жөніндегі уәкілетті орган есептіден кейінгі айдың 5 күніне дейін Министрлікке мүгедектерге ымдау тілінің мамандарының және жеке көмекшілердің қызметтер көрсетуіне бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы жиынтық есепті ұсынады.
28. Нысаналы ағымдағы трансферттерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган мүгедектерге ымдау тілінің мамандары және жеке көмекшілер көрсететін қызметтердің сапасын бақылауды жүзеге асырады.