Осы Заңның 44-бабының 8) тармақшасында көрсетілген тоқтата тұру мерзімдері өткен жағдайда, атқарушылық іс жүргізу қайта басталады.
47-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтатудың негiздерi мен салдары
1. Атқарушылық iс жүргiзу, егер:
1) өндiрiп алушы өндiрiп алудан бас тартса;
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды; 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-1) берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енсе;
2) өндiрiп алушы мен борышкер бiтiмгершілік келiсiмiн жасасса және оны сот бекiтсе;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) атқарушылық іс жүргізу тараптары медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасасса;
3) шешiмде белгiленген талаптар немесе мiндеттер өндiрiп алушы немесе борышкер болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін қайтыс болған адамның құқықтық мирасқорына ауыспайтын болса;
4) борышкерді белгілі бір әрекеттерді жасауға міндеттейтін атқарушылық құжатты орындау мүмкіншілігі (белгілі бір әрекеттерді жасаудан тартыну) жоғалса;
5) тиiстi органның атқарушылық құжатты бергенде негiзге алынған шешiмiнiң күшi жойылса;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6) тармақша жаңа редакцияда
6) өндiрiп алушы немесе борышкер болып табылатын заңды тұлғаны тарату аяқталса, құқықтық мирасқоры болмаған кезде не атқарушылық құжат борышкер болып табылатын заңды тұлғаның тарату комиссиясына орындау үшiн жiберiлсе, борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі немесе оңалту жоспарын бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енсе;
7) атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) кәмелетке жасы келгеннен кейін алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі болмаса
8) заттарды өндiрiп алушыға беру туралы атқарушылық құжатты орындау кезiнде өндiрiп алушы борышкерден алып қойылған заттарды алудан бас тартса;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды
8-1) мүлікті тәркілеу туралы атқарушылық құжаттың орындалуы барысында борышкерде мүлкі, оның ішінде ақшасы, бағалы қағаздары немесе табысы болмаса, сот орындаушысы қабылдаған, оның мүлкін немесе табысын анықтау жөніндегі заңда көзделген шаралардың барлығы нәтижесіз болса;
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9) тармақша өзгертілді
9) Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 354-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайта құрылымдауды тоқтату туралы соттың шешімі заңды күшіне енсе;
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды
10) ипотека «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабына сәйкес тоқтатылса, тоқтатылады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған жағдайларда сот орындаушысы бір тәуліктің ішінде бұл туралы қаулы шығарады. Тиісті белгісімен атқарушылық құжатты не оның көшірмесін сот орындаушысы сотқа немесе құжатты берген басқа органға жібереді.
Атқарушылық іс жүргізудің тоқтатылуымен бір мезгілде мәжбүрлеп орындату шараларының күші жойылуға тиіс. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 2-1) және 7) тармақшаларының негізінде тоқтатылған, орындалғаннан кейін атқарушылық санкция, орындау бойынша шығыстар, өсімпұл және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы өндіріп алынуға жататын атқарушылық құжаттар бойынша орындалуын қамтамасыз ету шараларының күші олар өндіріліп алынғаннан кейін ғана тоқтатылуға тиіс.
Борышкер төлемді «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі және атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланған төлем жүйелері арқылы жүзеге асырған жағдайда, атқарушылық іс жүргізуді тоқтату электрондық нысанда түзіледі және мәжбүрлеп орындату шаралары автоматты түрде тоқтатылады.
Сот орындаушысының іс жүргізу тоқтатылған атқарушылық құжатты орындау жөніндегі әрекеттері заңсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, тоқтатылған атқарушылық іс жүргізуді қайта бастауға болмайды.
48-бап. Атқарушылық құжаттарды өндiрiп алушыға қайтару
1. Өндiрiп алу жүргiзiлмеген немесе толық көлемде жүргiзiлмеген атқарушылық құжат сот орындаушысының қаулысы бойынша мына жағдайларда:
1) өндiрiп алушының арызы бойынша;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) мүлкін тәркілеу туралы атқарушылық құжатты қоспағанда, егер борышкердің өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлкі, оның ішінде ақшасы, бағалы қағаздары немесе табыстары болмаса және сот орындаушысы оның мүлкін немесе табыстарын анықтау жөнінде қолданған, заңда көзделген барлық шаралар нәтиже бермесе;
3) егер мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжат бойынша заңда көзделген орындау жөніндегі барлық шаралар нәтиже бермесе;
4) егер өндiрiп алушы атқарушылық құжатты орындау кезiнде борышкердiң сатылмаған мүлкiн өзінде қалдырудан бас тартса;
5) 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) егер өндіріп алушы жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотына орындау жөніндегі шығыстарды жабу үшін қажетті аванстық сомаларды енгізуден бас тартса;
7) 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, атқарушылық құжатты орындау кезінде борышкер қатардан шыққан (азамат қайтыс болған, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, борыш ауысқан) жағдайда, сот орындаушысы өндіріп алушыға құқықтық мирасқорды белгілеу және борышкерді ауыстыру туралы талаппен сотқа жүгіну құқығы туралы түсіндіре отырып, атқарушылық құжатты орындамай қайтарады;
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 7-2) тармақшамен толықтырылды
7-2) борышкер мүлкінің Қазақстан Республикасында болатын жағдайларды қоспағанда, егер атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкердің Қазақстан Республикасынан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткені анықталса;
8) жеке сот орындаушысынан бас тартуға осы Заңның 54-бабының 1-тармағында көрсетілген негіздер болса, өндіріп алушыға қайтарылады.
2. Атқарушылық құжатты өндiрiп алушыға қайтару заңда белгiленген атқарудың ескіру мерзiмi шегiнде осы құжатты орындауға қайталап ұсынуға кедергi болып табылмайды.
3. Өндіріп алу мемлекеттің пайдасына жүргізілетін атқарушылық құжаттар мынадай тәртіп сақтала отырып қайтарылады:
1) сот жазып берген (шығарған) атқарушылық құжат талап-арызға бастамашы болған немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтырған мемлекеттік органға қайтарылады;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органның (лауазымды адамның) қаулысы тиісті уәкілетті органға (лауазымды адамға) қайтарылады;
3) 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) қылмыстық істер бойынша мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар сотқа қайтарылады;
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) әкімшілік жаза қолдануға уәкілеттік берілген орган (лауазымды адам) берген айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама тиісті уәкілетті органға (лауазымды адамға) қайтарылады.
4. 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Өндіріп алу толық көлемде жүргізілмеген, сондай-ақ сауда-саттық жарияланған атқарушылық құжат, егер өндіріп алушы орындалуы бойынша нақты келтірілген шығыстарды өтесе, өндіріп алушыға өтініші бойынша қайтарып алады.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Мәжбүрлеп орындату шараларының:
1) егер өндіріп алушы орындау бойынша іс жүзінде келтірілген шығыстарды өтесе және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жүргізілсе, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген;
2) атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындатуға берудің осы Заңның 11-бабында көзделген мерзімі өткен жағдайларда күші жойылуға жатады.
49-бап. Атқарушылық iс жүргiзудiң аяқталуы
Атқарушылық iс жүргiзу:
1) осы Заңның 48-бабында аталған негiздер бойынша атқарушылық құжат қайтарылған;
2) осы Заңның 47-бабында аталған негiздер бойынша атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған;
3) соттың немесе құжатты берген басқа органның талабы бойынша атқарушылық құжат орындалмай қайтарылған жағдайларда аяқталды деп есептеледi.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 50-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 50-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
50-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру немесе тоқтату, атқарушылық құжатты өндiрiп алушыға қайтару немесе оны банкроттықты басқарушыға, оңалтуды басқарушыға, борышкер-заңды тұлғаның тарату комиссиясына жiберу туралы мәселелердi қарау
1. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны банкроттықты басқарушыға, оңалтуды басқарушыға, борышкер-заңды тұлғаның тарату комиссиясына жiберу туралы мәселелердi сот орындаушысы қарайды.
2. Сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны банкроттықты басқарушыға, оңалтуды басқарушыға, борышкер-заңды тұлғаның тарату комиссиясына жiберу туралы қаулы шығарады, оны мемлекеттiк сот орындаушылары үшiн аумақтық бөлiмнiң басшысы-аға сот орындаушысы бекiтуге тиiс.
3. Сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны банкроттықты басқарушыға, оңалтуды басқарушыға, борышкер-заңды тұлғаның тарату комиссиясына жiберу туралы қаулысына сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 51-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
51-бап. Орындалуға жататын атқарушылық құжатты түсіндіру
Атқарушылық құжат немесе оны орындау тәртібі түсініксіз болған жағдайда, оны орындау үшін алған сот орындаушысы, сондай-ақ өндіріп алушы немесе борышкер атқарушылық құжатты беруге негіз болған шешімді немесе өзге актіні түсіндіру үшін сотқа немесе атқарушылық құжатты берген органға жүгінуге құқылы.
52-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын жер
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Атқарушылық іс-әрекеттер ұсынылған жері бойынша жүзеге асырыла отырып, атқарушылық құжат борышкер жеке тұлғаның тіркелген жері бойынша не оның тұрақты тұратын жері бойынша не жұмыс орны бойынша, сондай-ақ оның мүлкінің тіркелген жері не орналасқан жері бойынша ұсынылады.
Егер борышкер заңды тұлға болып табылса, онда атқарушылық іс-әрекеттер ұсынылған жері бойынша жүзеге асырыла отырып, атқарушылық құжат тіркелген жері не оның органының (құрылтайшысының) нақты орналасқан жері, сондай-ақ оның мүлкінің тіркелген не орналасқан жері бойынша ұсынылады.
Атқарушылық іс-әрекеттер жасалған жерде сот орындаушысы аудио-, фото-, бейнетіркеуді пайдалана алады, алынған материал кейіннен атқарушылық іс жүргізуге тігіле отырып, бұл туралы іс жүргізу құжатында белгі жасалады.
2. Борышкерді белгiлi бір әрекеттер жасауға мiндеттейтiн атқарушылық құжаттарды орындауды осындай әрекеттер жасалатын жердегi сот орындаушысы жүргiзедi.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жекелеген атқарушылық әрекеттерді жасау және (немесе) мемлекеттік сот орындаушысының өкілеттігі қолданылмайтын аумақта мәжбүрлеп орындатудың жекелеген шараларын қолдану қажет болған жағдайда, ол атқарушылық әрекеттерді жасау және (немесе) мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануды тиісті мемлекеттік сот орындаушысына тапсыруға құқылы. Тапсырма осы Заңның 10-бабына сәйкес мемлекеттік сот орындаушысының қаулысымен ресімделеді және оны аумақтық бөлімнің басшысы - аға сот орындаушысы бекітеді.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер атқарушылық іс жүргізуді орындау процесінде борышкердің атқарушылық құжат ұсынылған мекенжай бойынша жоқ болғаны, басқа әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында екені анықталса:
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжатты аумаққа жатқызылуына қарай басқа мемлекеттік сот орындаушысына борышкердің жаңа тұрғылықты жері немесе нақты тұратын жері бойынша, оның жаңа жұмыс орны, борышкер заңды тұлғаның жаңа орналасқан жері бойынша жіберу туралы қаулыны дереу шығарады, бұл жөнінде өндіріп алушыға хабарлайды.
Атқарушылық құжат және атқарушылық іс жүргізу материалдары атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жіберіледі, бұл ретте атқарушылық құжат және атқарушылық іс жүргізудің барлық материалдарының көшірмелері қаулы шығарылған кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей қағаз жеткізгіште жіберіледі.
Атқарушылық құжаттың көшірмесі атқарушылық іс жүргізуде қалады.
Электрондық нысанда келіп түскен атқарушылық құжат және атқарушылық іс жүргізу материалдары атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы ғана жіберіледі;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) жеке сот орындаушысы үш жұмыс күні ішінде атқарушылық құжатты аумағы бойынша жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік палатасына жіберу туралы қаулы шығарады, бұл туралы өндіріп алушыға хабарлайды не онымен келісу бойынша борышкердің тіркелген жері бойынша оның жылжымайтын мүлкін және (немесе) оның орналасқан жері бойынша өзге де мүлікті өткізу үшін өзінің атқарушылық округінен тысқары жерге барып атқарушылық әрекеттер жасауға, сондай-ақ тиісті атқарушы округтің жеке сот орындаушысымен келісу бойынша оған белгілі бір атқарушылық әрекеттер жасауды тапсыруға құқылы.
Тапсырма осы Заңның 10-бабына сәйкес жеке сот орындаушысының қаулысымен ресімделеді.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Атқарушылық құжатты осы бапта айқындалған тәртіппен аумағы бойынша жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік палатасына жіберген жеке сот орындаушысы пайдаланылмаған аванстық жарнаны өндіріп алушыға қайтаруға міндетті.
53-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын уақыт
1. Атқарушылық әрекеттер жұмыс күндерiнде сағат алтыдан жиырма екі сағатқа дейін жасалады. Атқарушылық әрекеттердi осы шекте жасаудың нақты уақытын сот орындаушысы белгiлейдi. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық әрекеттер жасаудың өздерiне қолайлы уақытын ұсынуға құқылы.
2. Демалыс және мереке күндерiнде, сондай-ақ түнгi уақытта атқарушылық әрекеттерге, кейiнге қалдыруға болмайтын немесе оларды борышкердiң кiнәсiнен басқа күндерде және осы Заңда белгiленген уақытта жасау мүмкiн болмаған жағдайларда ғана жол берiледi.
54-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi бас тарту
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер сот орындаушысы, жеке сот орындаушысының көмекшісі, аудармашы, маман атқарушылық іс жүргізудің нәтижесіне жеке өзі, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса немесе өзге де мән-жайлар, атап айтқанда, тараптардың, олардың өкілдерінің бейтараптығына күмән туғызатын туыстық қатынастары орын алса, олар атқарушылық іс жүргізуге қатыса алмайды және одан бас тартуға тиіс.
2. Бас тартуға мән-жайлар болған жағдайда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар бас тартатынын мәлiмдеуге мiндеттi. Бас тарту атқарушылық әрекеттер жасау басталғанға дейiн дәлелденiп, жазбаша түрде мәлiмделуге тиiс. Егер бас тартуға негiз туындаса және ол жөнiнде атқарушылық әрекеттер жасау басталып кеткеннен кейiн белгiлi болса, оған орындау процесiнде жол берiледi.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік сот орындаушысынан бас тарту туралы мәселенi аумақтық бөлiм басшысы — аға сот орындаушысы шешедi, бұл жөнiнде тиiстi дәлелдi қаулы шығарылады.
Аудармашыдан немесе маманнан бас тарту туралы мәселенi сот орындаушысы шешедi, бұл жөнiнде аумақтық бөлiм басшысы - аға сот орындаушысы бекiтетiн тиiстi дәлелдi қаулы шығарылады.
Осы баптың 1-тармағында аталған негіздер болған жағдайда жеке сот орындаушысы атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтарады, бұл туралы қаулы шығарады.
4. Сот орындаушысынан бас тартуға қарсылық білдіру туралы қаулыға белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкiн. Шағым жасалу немесе наразылық білдіру атқарушылық әрекеттер жүргiзудi тоқтата тұрмайды.
7-тарау. БОРЫШКЕРДIҢ МҮЛКIНЕН ӨНДIРIП АЛУ
1-параграф. Негізгі қағидалар
55-бап. Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу тәртібі
1. Борышкердің мүлкінен өндіріп алу мүлікті алып қоюды және (немесе) оны мәжбүрлеп сатуды не өндіріп алушыға беруді қамтиды.
2. Атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу, егер атқарушылық құжатта өзгеше тәртiп белгiленбесе, бірiншi кезекте борышкердiң ақша сомаларына, оның iшiнде банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда тұрған ақша сомаларына да қолданылады.
3. Борышкердiң бухгалтерлiк (кассалық) құжаттары бойынша көрсетiлген қолма-қол ақша сомаларынан өндiрiп алу олар ұсынылған соң борышкердiң келiсiмiне қарамастан немесе олардың сақталу орнына қарамастан табылған соң дереу жүргiзiледi.
Борышкердiң қолма-қол ақша сомалары, оның iшiнде борышкер кассасының сейфiнде сақтаулы және осы кассаның оқшауланған бөлмесiнде немесе борышкердiң өзге де бөлмелерiнде сақтаулы ақша сомалары, егер олардың борышкерге тиесiлi екендiгi анық белгiлi болса, табылғаннан кейiн дереу алып қойылуға тиiс.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Борышкерде берешекті өтеу үшін жеткілікті ақша сомасы болмаған кезде, өндіріп алу борышкерге тиесілі басқа мүлікке қолданылады. Сот орындаушысы өндіріп алушының немесе бір кезектегі өндіріп алушылардың және борышкердің жазбаша келісуімен мүлікті алдын ала бағалап, осы Заңның 68-бабына сәйкес, оны өткізбей, сол қалпында өндіріп алушыға немесе бір кезектегі өндіріп алушыларға беруге құқылы.
Өндіріп алушы немесе бір кезектегі өндіріп алушылар борышкердің мүлкін заттай қабылдаған кезде, атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар сомасын және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасын берілген мүліктің құнына мөлшерлес өтейді.
Мүлікті заттай берген жағдайда, беруді жүзеге асыратын сот орындаушысы талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында сот салған ауыртпалықтарды қоспағанда, осы мүлікке басқа сот орындаушылары салған ауыртпалықтардың күшін жояды.
5. Орындау жөніндегі шығыстар және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар ескеріле отырып, атқарушылық құжатты орындау үшiн қажеттi мөлшерде және көлемде борышкер мүлкiнен өндiрiлiп алынады. Борышкердiң басқа мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда, өндiрiп алу борышкердiң атқарушылық құжат бойынша құны өндiрiп алу мөлшерiнен асатын мүлкiне қолданылуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда мүлiктi сатқаннан түскен сома, атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алынған сома мен орындау жөніндегі шығыстар, сондай-ақ жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі сомалар шегерiле отырып, борышкерге қайтарылады.
6. Борышкердің іздеу салуда болуы оның мүлкінен өндіріп алуға кедергі болып табылмайды.
7. Атқарушылық құжатта көрсетілген белгiлi бір заттарды өндiрiп алушыға берген кезде сот орындаушысы бұл заттарды борышкерден алып қойып, оларды өндiрiп алушыға өткізу актiсiн жасай отырып бередi.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 8-тармақ өзгертілді; 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Борышкердің банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сақтандыру ұйымдарындағы ақшасына, сондай-ақ жалақысына және борышкердің кірістерінің өзге де түрлеріне өндіріп алуды қолдануды қоспағанда, борышкердің мүлкіне, оның ішінде ортақ мүліктегі үлесіне өндіріп алуды қолдануды сот орындаушысы прокурор санкциясымен жүзеге асырады.
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 46-бап өзгертілді
56-бап. Заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлер мүлкiнен өндiрiп алу
1. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомасы болмаған кезде, егер заңда бұл мүлiкке қатысты шектеулер белгiленбесе және заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлiктiк жауапкершiлiгi көзделсе, оған тиесiлi кез келген басқа мүлiктен, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлкiнен өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
2. Егер орындау барысында борышкер-заңды тұлғаның немесе дара кәсiпкердiң мүлкi берешектi өтеу үшiн жеткiлiксiз болатыны анықталса, ал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында борышкердi дәрменсiз (банкрот) деп тануға жол берiлсе, сот орындаушысы өндiрiп алушыға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
3. Белгiленген тәртiппен банкрот деп танылған борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алуды қолдану Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда, өндіріп алуды мүлікке қолдану Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен борышкердің құқықтық мирасқоры айқындалғанға дейін тоқтатыла тұрады.
57-бап. Кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу
1. Борышкердің өзіне қойылған, кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыруы үшiн басқа да мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда кепiл ұстаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген құқықтары сақтала отырып, кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу жүргiзiлуi мүмкiн.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Борышкерде кепілге салынбаған мүлкі жеткіліксіз болған кезде борышкердің мүлкіне кепіл құқығы жоқ өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті және ипотекалық тұрғын үй қарызы міндеттемесі бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлікті қоспағанда, кепілге салынған мүлікке өндіріп алу сот ұйғарымы негізінде талаптары кепіл ұстаушының талабынан басым болатын, кепіл ұстаушылар болып табылмайтын өндіріп алушылардың мүдделеріне қолданылуы мүмкін. Өндіріп алуды кепілге салынған мүлікке қолдану туралы сот ұйғарымы кепіл ұстаушыны, өндіріп алушыны және борышкерді сот отырысының уақыты мен орны туралы хабардар ете отырып, сот орындаушысының өтініші бойынша сот отырысында шығарылады. Мүлікті өткізу кепілге салынған мүлікті өткізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Бұл жағдайда талаптар осы Заңның 110-112-баптарында белгіленген кезектілік тәртібімен өткізілген мүліктің құнынан қанағаттандырылады.
Кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті өзінде қалдыру туралы мәлімдеуге құқылы. Бұл жағдайда ол кепілге салынған мүліктің өтімді (бағалау құнының жетпіс пайызынан аспайтын) құны шегінде кепіл ұстаушының талаптары алдында артықшылығы бар өндіріп алушылардың талаптарын кепіл ұстаушының кепіл бойынша өзінің барлық талабын толық қанағаттандыру үшін қажетті мүлік құнынан асатын құн мөлшерінде қанағаттандыруға міндетті.