1) осы Кодекстiң 745-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған тұлғалардың;
2) егер іс бойынша iс жүргiзу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлардың болуына қарамастан басталса немесе олар анықталған кезден бастап тоқтатылмаса, iс бойынша іс жүргізу өздеріне қатысты басталмауға тиiс, ал басталғаны осы Кодекстiң 741-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) - 7) және 11) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша тоқтатылуға жататын тұлғалардың құқығы бар.
3. Жеке тұлға қайтыс болған жағдайда зиянды өтеттіру құқығы белгіленген тәртіппен оның мұрагерлерiне өтеді.
4. Егер іс бойынша iс жүргiзу процесінде тұлғаның ерiктi түрде өзiне-өзi айып тағу жолымен шындықты анықтауға кедергi келтiргендiгi және сөйтіп осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген салдардың басталуына ықпал еткенi дәлелденсе, оған зиян өтелуге жатпайды.
5. Осы баптың қағидалары осы баптың екiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар болмаған кезде, тұлғаға қолданылған әкiмшiлiк жазаның және басқа да әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шараларының ескiру мерзiмдерiнiң өтуiне, әкiмшiлiк жауаптылықты жоятын немесе әкiмшiлiк жазаны жеңілдететін заңның қабылдануына байланысты күшi жойылған немесе өзгерген жағдайларға қолданылмайды.
863-бап. Өтелуге жататын зиян
Осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалардың мүлiктiк зиянды толық көлемде өтеттіруге, моральдық зиян салдарын жойғызуға және барлық жоғалтқан немесе нұқсан келтiрiлген құқықтарын қалпына келтiруге құқығы бар.
864-бап. Зиянды өтеттіру құқығын тану
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген судья немесе орган (лауазымды адам) тұлғаны толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдап, оның зиянды өтеттіру құқығын тануға міндетті. Iстi тоқтату туралы, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулының көшiрмесi мүдделi тұлғаға тапсырылады не поштамен жiберiледi. Бір мезгілде оған зиянды өтеу тәртiбi түсiндiрiлген хабарлама жiберiледi. Залалды өтеттіру құқығы бар қайтыс болған адам мұрагерлерiнiң, туыстарының немесе асырауындағылардың тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер болмаған кезде, олар әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген органға (лауазымды адамға) жүгiнген күнінен бастап бес тәуліктен кешiктiрілмей оларға хабарлама жiберiледi.
865-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу
1. Осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғаларға келтiрiлген мүлiктiк зиян:
1) олар айырылған жалақының, зейнетақының, жәрдемақылардың, өзге де қаражаттар мен кірістердің;
2) судья қаулысының негiзiнде заңсыз тәркiленген мүлiктiң өтелуін қамтиды. Мүлiктi қайтару мүмкiн болмаған кезде оның құны қайтарылады;
3) iстi шешуге уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз қаулысын орындау үшін өндіріп алынған айыппұлдардың; процестік шығындар мен заңсыз әрекеттерге байланысты тұлға төлеген өзге де сомалардың;
4) заң көмегi көрсетілгені үшiн тұлға төлеген сомалардың;
5) әкiмшiлiк жауаптылыққа заңсыз тарту салдарынан келтiрiлген өзге шығыстардың өтелуiн қамтиды.
2. Осы Кодекстiң 603-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған тұлғаларды әкiмшiлiк қамаққа алуды орындау орындарында ұстауға жұмсалған сомаларды, іс бойынша iс жүргiзуге байланысты процестік шығындарды, сол сияқты осы тұлғалардың әкiмшiлiк қамаққа алуды орындау кезiнде қандай да бір жұмыстарды орындағаны үшiн жалақысын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянның өтемiн төлеуге жататын сомалардан шегерiп тастауға болмайды.
3. Осы Кодекстiң 823-бабында көрсетілген құжаттардың көшiрмесiн зиянды өтеу тәртiбi туралы хабарламамен бiрге алған кезде, осы Кодекстiң 862-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде аталған тұлғалар iстi тоқтату, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) мүлiктiк зиянды өтеу туралы талаппен жүгiнуге құқылы. Егер iстi жоғары тұрған орган (лауазымды адам) немесе сот тоқтатса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) жiберiледi. Егер судья қараған iстi жоғары тұрған сот тоқтатса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған судьяға жiберiледi. Кәмелетке толмаған адам ақталған жағдайда зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкiлi мәлiмдей алады.
4. Арыз түскен күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетілген орган (лауазымды адам) қажет болған жағдайларда қаржы органдарынан және әлеуметтiк қорғау органдарынан есеп-қисапты сұратып ала отырып, зиянның мөлшерiн айқындайды, содан кейін инфляцияны ескере отырып, осы зиянды өтеуге төлем жүргізу туралы қаулы шығарады. Егер iстi сот тоқтатса, көрсетілген әрекеттердi iстi қараған судья жүргiзедi.
5. Елтаңбалы мөрмен куәландырылған қаулының көшiрмесi төлем жүргізуге мiндеттi органдарға беру үшiн тұлғаға тапсырылады немесе жіберіледі. Төлем жасау тәртiбi заңнамада айқындалады.
866-бап. Моральдық зиян салдарларын жою
1. Тұлғаны ақтау туралы шешiм қабылдаған орган (лауазымды адам) келтiрiлген зиян үшiн одан жазбаша нысанда ресми кешiрiм сұрауға мiндеттi.
2. Келтiрiлген моральдық зиян үшiн ақшалай түрде өтемақы туралы талап қою азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен беріледі.
3. Егер тұлға әкiмшiлiк жауаптылыққа заңсыз тартылса, ал бұл туралы мәлiметтер баспасөзде жарияланып, радио, теледидар немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, онда осы тұлғаның талап етуi бойынша, ал ол қайтыс болған жағдайда - оның туыстарының немесе прокурордың талап етуi бойынша тиiстi бұқаралық ақпарат құралдары бiр ай iшiнде бұл туралы қажеттi хабар жасауға мiндеттi.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалардың талап етуi бойынша өзінің заңсыз шешiмдерiнiң күшi жойылғаны туралы жазбаша хабарды он тәулік ішінде олардың жұмыс, оқу орнына, тұрғылықты жерiне жiберуге мiндеттi.
867-бап. Талаптар қою мерзiмдерi
1. Мүлiктiк зиянды өтеуге ақшалай төлем жүргізу туралы талаптарды осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалар осындай төлемдер жүргізу туралы қаулыны алған кезден бастап бiр жыл iшiнде қоюы мүмкін.
2. Өзге де құқықтарды қалпына келтiру туралы талаптар құқықтарды қалпына келтiру тәртiбi түсiндiрiлетін хабарлама алынған күннен бастап алты ай iшiнде қойылуы мүмкiн.
3. Осы мерзiмдер дәлелдi себептермен өткiзiп алынған жағдайда, бұлар мүдделi тұлғалардың арызы бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) қалпына келтiруіне жатады.
868-бап. Заңды тұлғаларға зиянды өтеу
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерiмен заңды тұлғаларға келтiрiлген зиянды мемлекет толық көлемде және осы тарауда белгiленген мерзiмдерде қалпына келтіруге тиіс.
869-бап. Құқықтарды талап қою тәртiбімен қалпына келтiру
Егер ақтау немесе зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылмаса не тұлға қабылданған шешiммен келiспесе, ол азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен сотқа жүгiнуге құқылы.
49-тарау. Әкімшілік жауаптылықтан артықшылықтары мен иммунитеттері бар адамдардың істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктері
870-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнің депутатына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатын өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентiнің тиiстi Палатасының келiсуiнсiз күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Депутатты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам депутаты болып табылатын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиісті Палатасына ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, сондай-ақ депутатты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры енгізген ұсынуға Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиісті Палатасының шешімі «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген мерзімдерде шығарылады.
4. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға келiсiм берсе, iс бойынша одан әрi iс жүргiзу осы бапта көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
5. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы күштеп әкелуге келiсiм берсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң бұл шарасын депутатқа қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгiленген тәртiппен шешiледi.
6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға келiсiм бермеген жағдайда, іс бойынша iс жүргiзу осы негiзбен тоқтатылуға жатады.
7. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы күштеп әкелуге келiсiм бермесе, депутатқа осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң өзге де шаралары қолданылады.
8. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қараудың заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
871-бап. Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Парламентiнің депутаттығына кандидатқа қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн, сондай-ақ олар Президент, Парламент депутаты ретінде тіркелгенге дейін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының келiсуінсiз күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатты әкiмшiлiк жауаптылыққа тарту туралы ұсынуды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында енгiзедi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры енгізген ұсынуға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының уәжді шешімі ол түскен күннен бастап он тәулік ішінде шығарылады.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешiмiн алғаннан кейiн iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 813-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
872-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің Төрағасына немесе мүшесiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң келiсуiнсiз күштеп әкелуге, оларға сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейiн iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 813-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
873-бап. Судьяға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Судьяны Республиканың Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсуiнсiз не Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсуiнсiз қамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Судьяны сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Президентiне, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда - Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, судьяны әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының шешiмiн алғаннан кейiн іс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 813-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Судъяға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзумен аяқталған істі осы іс жүргізуді жүзеге асырған орган (лауазымды адам) осы Кодексте белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры арқылы сотқа береді.
874-бап. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсуiнсiз күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Бас Прокурордың бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, Бас Прокурорды әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының шешiмiн алғаннан кейiн iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 819-бабында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қараудың заңдылығын қадағалауды оның бiрiншi орынбасары жүзеге асырады.
6. 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
875-бап. Судьяның Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшелерiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауы
1. Iстi қарау әкiмшiлiк жауаптылықтан артықшылықтары мен иммунитеттері бар адамдардың iстерi бойынша іс жүргiзу ерекшелiктерiмен жалпы қағидалар бойынша жүргiзiледi.
2. Егер судья iстi қарағанға дейiн Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 4-тармағында, 71-бабының 5-тармағында, 79-бабының 2-тармағында, 83-бабының 3-тармағында аталған мемлекеттiк органдардың күштеп әкелуіне келiсiм беруден бас тартылған болса немесе мұндай келiсiм сұралмаса, судья осы Кодекстiң 870-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес көзделген тәртiппен күштеп әкелуге келiсiм беру туралы ұсыну жасап, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшелерiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шарасы ретiнде күштеп әкелуді қолдануға құқылы.
876-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықтан дипломатиялық иммунитеті бар адамдар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жауаптылықтан иммунитетті Қазақстан Республикасында мына адамдар пайдаланады:
1) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, осы өкiлдiктердiң дипломатиялық персоналы мүшелерi және егер олар өздерiмен бiрге тұрып жатса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, олардың отбасы мүшелерi;
2) егер осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, өзара түсіністік негiзінде дипломатиялық өкiлдiктердiң қызмет көрсетушi персоналының қызметкерлерi мен олардың өздерiмен бiрге тұратын отбасы мүшелерi, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, қызметтік мiндеттерiн орындау кезiнде өздері жасаған іс-әрекеттерге қатысты консулдықтардың басшылары және басқа да консулдық лауазымды адамдары;
3) егер осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, өзара түсіністік негiзінде дипломатиялық өкiлдiктердiң әкiмшiлiк-техникалық персоналы қызметкерлерi мен өздерiмен бiрге тұратын олардың отбасы мүшелерi;
4) дипломатиялық курьерлер;
5) шет мемлекеттердiң басшылары мен өкiлдерi, парламенттiк және үкiметтiк делегациялардың мүшелерi және өзара түсіністік негiзінде - Қазақстанға халықаралық келiссөздерге, халықаралық конференцияларға және жиналыстарға қатысу үшін немесе басқа да ресми тапсырмалармен келетiн шет мемлекеттер делегацияларының қызметкерлерi не осындай мақсаттармен Қазақстан Республикасы аумағы арқылы транзитпен өтетіндер және егер осы отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, аталған адамдармен ілесіп жүретін отбасы мүшелері;
6) халықаралық шарттар немесе жалпы танылған халықаралық әдет-ғұрыптар негiзiнде, Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан халықаралық ұйымдардағы шет мемлекеттер өкiлдiктерiнiң басшылары, мүшелерi және персоналы, осы ұйымдардың лауазымды адамдары;
7) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін, үшiншi елдегi шет мемлекеттердің дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, өкiлдiктердің дипломатиялық персоналының мүшелерi және аталған адамдармен ілесіп жүретін немесе оларға қосылу үшін немесе өз елiне қайту үшiн бөлек бара жатқан олардың отбасы мүшелерi;
8) Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де тұлғалар.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1), 4) - 7) тармақшаларында аталған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де тұлғалар, егер шет мемлекет әкімшілік жауаптылықтан иммунитет беруден айқын білдірген бас тартуды ұсынған жағдайда ғана, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн. Мұндай бас тарту туралы мәселе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы дипломатиялық жолмен шешiледi. Аталған адамдарға иммунитет беруден тиiстi шет мемлекеттiң бас тартуы болмаған кезде оларға қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзуді бастау мүмкін болмайды, ал басталғаны тоқтатылуға жатады.
3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы баптың екiншi бөлiгiнiң қағидалары осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) және 3) тармақшаларында аталған адамдарға қолданылмайды, бұған осы адамдардың жасаған құқық бұзушылығы өздерінің қызметтік мiндеттерiн орындауға байланысты болған және Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталмаған жағдайлар қосылмайды.
877-бап. Дипломатиялық иммунитетті пайдаланатын адамдарды жете тексеру, әкiмшiлiк ұстап алу және күштеп әкелу
1. Осы Кодекстiң 876-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 4) - 7) тармақшаларында санамаланған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар жеке басына қолсұғылмаушылықты пайдаланады. Олардың өздерімен бірге дипломатиялық иммунитетті пайдаланатын адамдардың мәртебесін растайтын құжаттары болған кезде, олардың әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн жеке басын жете тексеруге, оларды ұстап алуға немесе күштеп әкелуге болмайды. Олардың өздерімен алып жүрген заттарына да жете тексеру жүргiзуге болмайды.
2. Егер шет мемлекет 876-баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1), 4) - 7) тармақшаларында көрсетілген адамдарға әкімшілік жауаптылықтан иммунитет беруден айқын білдірген бас тарту ұсынса, іс бойынша іс жүргізу жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.
878-бап. Айғақтар беруден дипломатиялық иммунитет
1. Осы Кодекстің 876-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 3) - 6) тармақшаларында санамаланған адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдардың куә, жәбiрленушi ретiнде айғақтар бермеуiне болады, ал мұндай айғақтар беруге келiскен кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) осы үшін келуге мiндеттi емес. Сұрақ қою үшiн көрсетілген адамдарға тапсырылған шақыруда олардың келмегенi үшiн мәжбүрлеу шараларының қолданылу мүмкіндігі туралы ескерту қамтылмауға тиіс.
2. Егер осы адамдар әкiмшiлiк iс жүргiзу барысында жәбiрленушiлер, куәлар ретiнде айғақтар берiп, ал iстiң қаралуына келмеген жағдайда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судья, орган (лауазымды адам) олардың айғақтарын жария етеді.
3. Осы Кодекстiң 876-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында аталған адамдар өздерiнiң қызметтік мiндеттерiн орындауға байланысты мәселелер бойынша айғақтардан басқа, куәлар және жәбiрленушiлер ретiнде айғақтар беруден бас тарта алмайды. Консулдық лауазымды адамдар куә ретінде айғақтар беруден бас тартқан жағдайда, оларға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қамтамасыз ету шараларын қолдануға болмайды.
4. Дипломатиялық иммунитетті пайдаланатын адамдар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) өздерiнiң қызметтік міндеттерiн орындауға қатысты хат-хабарды және басқа да құжаттарды ұсынуға мiндеттi емес.
879-бап. Үй-жайлардың және құжаттардың дипломатиялық иммунитеті
1. Дипломатиялық өкiлдiк басшысының резиденциясы, дипломатиялық өкiлдiк орналасқан үй-жайлар, дипломатиялық персонал мүшелерi мен олардың отбасы мүшелерiнiң тұрғын үй-жайлары, олардағы мүлiк және жүрiп-тұру құралдары қол сұғылмайтын болып табылады. Осы үй-жайларға кiру, оларды қарап-тексеру, сондай-ақ жүрiп-тұру құралдарын тексерiп қарау дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оны алмастыратын адамның келiсуiмен ғана жүргiзілуі мүмкін.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген иммунитет өзара түсіністік негізінде, егер осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, дипломатиялық өкiлдiктің қызмет көрсетушi персоналының қызметкерлерi мен олардың өздерiмен бiрге тұрып жатқан отбасы мүшелерi орналасқан тұрғын үй-жайларына қолданылады.