1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, шағымды, наразылықты қарап, сот мынадай қаулылардың бiрiн шығарады:
1) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы;
2) іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы;
3) қаулыны, нұсқаманы - өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
4) қаулыны өзгерту туралы;
5) қаулының, нұсқаманың күшін жою және істі тоқтату туралы;
6) қаулының, нұсқаманың күшін жою және іс бойынша жаңа қаулы шығару туралы.
2. Осы бапта көзделген қаулы заңды және негізделген болуға тиіс.
Егер әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза қолдану туралы мәселені шешу кезінде судья бір мезгілде кінәлі адамның мүліктік залалды өтеуі туралы мәселені шешсе, онда қаулыда өндіріп алуға жататын залал мөлшері, оны өтеу мерзімі мен тәртібі көрсетіледі.
Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы сот қаулысы шығарылған күнінен бастап заңды күшіне енеді және шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберуге негіз болып табылады. Онда шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағын тастап кетуге тиіс болатын мерзім көрсетіледі.
3. Қаулыда осы Кодекстің 822-бабында көзделген мәліметтер көрсетілуге, сондай-ақ мәселелер шешілуге тиіс.
4. Істі, шағымды, наразылықты қарау нәтижесінде жасалған әрекетке заңдық бағаның қате екенін мойындай отырып, сот құқық бұзушылықтың саралануын заңның онша қатаң емес әкімшілік жазаны көздейтін бабына өзгертуге міндетті.
5. Көлік құралының жүргізушісін жол жүрісі қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыруға жіберген кезде жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулы шығарылады, оның көшірмесі емтихан тапсыруға жіберілген адамға беріледі.
6. Азаматтық және қызметтік қару иесін және (немесе) пайдаланушысын қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыруға жіберу кезінде қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулы шығарылады, оның көшірмесі емтихан тапсыруға жіберілетін адамға беріледі.
7. Іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы:
1) осы Кодекстiң 741-бабында көзделген іс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар болған;
2) осы Кодекстiң 742-бабында көзделген әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар болған;
3) осы Кодекстiң 32-бабына сәйкес тұлғаны тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы мәселенi шешу үшiн iс материалдары тиiстi органдарға берілетiн жағдайларда шығарылады.
8. Істі, шағымды, наразылықты қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулы жазбаша ресімделеді және оған осындай қаулыны шығарған судья қол қояды не осындай қаулыны шығарған судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделеді.
829-15-бап. Шағым, наразылық бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулының, жоғары тұрған органның шағым, наразылық бойынша қаулысының күшін жою немесе оны өзгерту не айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың күшін жою
Қаулының, нұсқаманың, шағым, наразылық бойынша қаулының күшін жою және істі тоқтату туралы шешім осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ қаулыны шығаруда, нұсқаманы ресімдеуде негізге алынған мән-жайлар дәлелденбеген кезде қабылданады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулының, шағым, наразылық бойынша қаулының күшін жою немесе оны өзгерту не айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың күшін жою осы Кодекстің 840, 841, 842, 843, 844 және 845-баптарында көрсетілген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
829-16-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қарау нәтижелері бойынша, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) шағым, наразылық бойынша қаулысына шағым, наразылық жөніндегі қаулыны жария ету
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қарау нәтижелері бойынша, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) шағым, наразылық бойынша қаулысына шағым, наразылық жөніндегі сот қаулысы ол шығарылғаннан кейін дереу жария етіледі.
2. Сот қаулысы ол шығарылғаннан кейін үш тәулікке дейінгі мерзімде - өзіне қатысты іс, шағым, наразылық бойынша қаулы шығарылған тұлғаға және шағымды өзі берген немесе оның өтінуі бойынша берілген жағдайда, жәбірленушіге, наразылық келтірген прокурорға табыс етіледі немесе жолданады.
Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы қаулы шығарылған жағдайда қаулының көшiрмесi дереу прокурорға жiберiледi.
3. Әкімшілік қамаққа алу туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша сот қаулысы қаулыны орындайтын органның (лауазымды адамның), сондай-ақ өзіне қатысты қаулы шығарылған тұлғаның назарына қаулы шығарылған күні жеткізіледі.
4. Атыс қаруын, сондай-ақ оқ-дәрiлердi қызметтiк мiндеттерiн орындауына байланысты сенiп берген немесе ұйым уақытша пайдалануға берген тұлғаға қатысты осы Кодекстiң 436 және 484-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулының көшiрмесi тиiстi ұйымға жiберiледi.
5. Сот қаулысына осы Кодекстің 45-тарауында көзделген тәртіппен жоғары тұрған сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
829-17-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша сот шығарған ұйғарым
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша ұйғарымда айыппұлды өз еркімен төлеу мерзімдерін немесе әкімшілік жазаны өзге түрде орындауды қоспағанда, осы Кодекстің 822-бабының бірінші бөлігінде көзделген мәліметтер көрсетілуге тиіс.
829-18-бап. Соттың жаңылыс, қатемен жазуларды және арифметикалық қателерді түзетуі
1. Қаулы шығарған сот іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыны орындайтын сот орындаушысының, органның (лауазымды адамның) арызы бойынша немесе өз бастамашылығымен қаулыда жіберілген жаңылыс, қатемен жазуларды және арифметикалық қателерді қаулының мазмұнын өзгертпей түзетуге құқылы.
2. Жаңылыс, қатемен жазуларды және арифметикалық қателерді түзетулер туралы арызды қарау арыз келіп түскен күннен бастап үш тәулік ішінде жүргізіледі.
3. Жаңылыс, қатемен жазуларды немесе арифметикалық қатені түзету ұйғарым түрінде жүргізіледі.
4. Ұйғарымның көшірмесі шығарылған күнінен бастап үш тәулік ішінде іс бойынша іс жүргізуге қатысушыларға, қаулыны орындайтын сот орындаушысына, органға (лауазымды адамға), сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған органға (лауазымды адамға) жіберіледі.
829-19-бап. Жекеше қаулы
1. Заңдылықты бұзу жағдайлары анықталған, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар белгіленген кезде сот жекеше қаулы шығарады және тиісті ұйымға және лауазымды адамдарға оларды жою жөнінде шаралар қолдану туралы ұсыну енгізеді.
Соттың жекеше қаулысына оны алған күннен бастап он тәулік ішінде шешімі шағым жасалуға, наразылық білдіруге жатпайтын жоғары тұрған сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2. Ұйымдардың басшылары және басқа да лауазымды адамдар жекеше қаулыны алған күнінен бастап бір ай ішінде қарауға және қолданған шаралар туралы жекеше қаулы шығарған сотқа хабарлауға міндетті.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 45-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда
45-тарау. Заңды күшіне енбеген сот қаулыларын апелляциялық тәртіппен қайта қарау
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 830-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
830-бап. Сот қаулысына шағым жасау, прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру құқығы
1. Мамандандырылған аудандық соттың және оған теңестiрiлген әкiмшiлiк соттың және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттың әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулысына осы Кодекстiң 744, 745, 746, 747, 748 және 753-баптарында аталған тұлғалар шағым жасауы, сондай-ақ прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша ол қайта қаралуы мүмкін.
2. Сот шығарған, сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі туралы іс бойынша қаулыға осы Кодекстің 829-10-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен жоғары тұрған сатыдағы сотқа шағым берілуі, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 831-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 831-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
831-бап. Сот қаулысына шағым жасау, прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қарау тәртiбi
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сот қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қаулы шығарған сотқа жiберiледi, ол шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келіп түскен күннен бастап үш тәулік iшiнде оларды iстiң барлық материалдарымен бірге жоғары тұрған сотқа жiберуге мiндеттi.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодекстің 830-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі туралы iс бойынша қаулыға шағым жасалған, прокурор апелляциялық өтінішхат келтірген жағдайларда, сот қаулыға фактіні анықтау бөлігінде сот отырысы хаттамасынан үзінді көшірмені қоса береді.
3. 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Судьяның әкiмшiлiк қамаққа алу түрiнде жаза қолдану туралы қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты жоғары тұрған сотқа шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты алынған күнi жіберілуге жатады.
5. 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 832-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
832-бап. Сот қаулысына шағым жасау, прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру мерзiмi
1. Сот қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қаулы табыс етілген күннен бастап он тәулік iшiнде, ал егер осы Кодекстiң 744, 745, 746, 747, 748 және 753-баптарында аталған тұлғалар iстi қарауға қатыспаса, оны алған күннен бастап берiлуi мүмкiн.
2. Шағым беру, прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру мерзімін өткізіп алу оларды қарауға қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылмайды. Істі дұрыс шешу үшін сот мерзімдері мен олардың мәнін шағымның, прокурордың апелляциялық өтінішхатының мазмұнына қарамастан тексереді.
3. Әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамның не өзіне қатысты әкімшілік іс жүргізу тоқтатылған адамның жағдайын нашарлататын шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) шағым, наразылық бойынша қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап бір жылдың ішінде берілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 833-бап жаңа редакцияда
833-бап. Шағымның, прокурордың апелляциялық өтінішхатының мазмұны
1. Жазбаша түрде не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында шағым берiледi, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтіріледі және онда мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты берiлiп отырған соттың атауы;
2) шағым берушiнiң, апелляциялық өтінішхат келтірген прокурордың тегі, аты және әкесінің аты (болған кезде) (заңды тұлғаның дәл атауы), тұрақты тұрғылықты жерi немесе тұрған жерi (пошта мекенжайы);
3) қаулысына шағым берiлiп, апелляциялық өтінішхат келтіріліп отырған соттың атауы;
4) шағым жасалып немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қаралып отырған сот қаулысының мазмұны, сондай-ақ шағым берген тұлға, апелляциялық өтінішхат келтірген прокурор сот қаулысы өздерiнiң құқықтарын және бостандықтарын бұзады деп есептейтiн себептер;
5) шағым берген тұлғаның, апелляциялық өтінішхат келтірген прокурордың нақты тұжырымдалған өтінуі, талабы.
2. Шағымға, апелляциялық өтінішхатқа осы Кодекстің 744, 745, 746, 747 және 748-баптарында аталған тұлғалар, прокурор қол қояды. Заңды тұлғаның атынан берiлетін шағымға оның өкiлi немесе осыған уәкiлеттiк берілген басқа да тұлға қол қояды.
3. Егер басқа тұлғаның мүддесiнде шағым берілсе, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілсе, оларда мүддесi үшін шағым беріліп, апелляциялық өтінішхат келтіріліп отырған адамның аты мен тегi, тұрақты тұрғылықты жерi немесе тұрған жерi (пошталық мекенжайы) көрсетілуі қажет. Шағымға өкiлеттiктi растайтын құжат қоса беріледі.
4. Шағым жасалып, қайта қаралып отырған сот қаулысының көшірмелерін, сондай-ақ шағымда, апелляциялық өтінішхатта келтірілген дәлелдерді негіздейтін өзге де құжаттарды қоса тіркей отырып, екі данада шағым беріледі, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтіріледі.
5. Егер берілген шағым, прокурордың келтірілген апелляциялық өтінішхаты осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген талаптарға сәйкес келмесе, олар берілді деп есептеледі, бірақ толық ресімдеу үшін мерзімі көрсетіле отырып, қайтарылады. Егер көрсетілген мерзім ішінде шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қайта жасалғаннан кейін сотқа берілмесе, олар берілмеген деп есептеледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 834-баптың тақырыбы жаңа редакцияда
834-бап. Шағым берiлуiне немесе прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіруiне байланысты қаулының орындалуын тоқтата тұру
1. Шағымды белгiленген мерзiмде беру әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын шағым қаралғанға дейiн тоқтата тұрады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Прокурордың әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын оның заңдылығын тексеру кезiнде тоқтата тұруға, уәкiлеттi лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргiзу туралы жазбаша нұсқаулар беруге құқығы бар. Тексеру нәтижелерi бойынша прокурор тиiстi органға қаулының күшiн жою немесе оны өзгерту туралы апелляциялық өтінішхат келтіреді немесе қаулының орындалуын тоқтата тұрудың күшiн жояды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіруі қаулының орындалуын олар қаралғанға дейiн тоқтата тұрады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 835-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 835-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
835-бап. Сот қаулысына шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау мерзiмдерi
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сот қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты олардың келіп түскен күнінен бастап он тәулік ішінде қаралуға жатады.
2. Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы қаулыға шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты, егер жауаптылыққа тартылған адам әкiмшiлiк қамаққа алуды өтеп жатса, олар берiлген, келтірілген кезден бастап бiр тәулiк iшiнде қарауға жатады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардан өтiнiшхаттар келіп түскен не iстiң мән-жайларын қосымша анықтау қажет болған жағдайларда, iстi қарап жатқан сот шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау мерзiмiн ұзартуы, бірақ он тәуліктен асырмай ұзартуы мүмкiн. Сот шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау мерзімін азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік сот ісін жүргізуде қаралатын басқа іс шешілгенге дейін оны қарау мүмкін болмаған кезде, тоқтата тұруға міндетті. Мерзімді ұзарту және (немесе) тоқтата тұру туралы шешім уәжді ұйғарым түрінде шығарылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 836-бап жаңа редакцияда
836-бап. Сот қаулысына шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын судьяның жеке-дара қарауы
1. Мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот судьясының қаулысына шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын жоғары тұрған соттың судьясы жеке-дара қарайды.
2. Осы Кодекстің 829-10-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен судья (сот) шығарған сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі туралы іс бойынша сот қаулысына шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын жоғары тұрған соттың судьясы жеке-дара қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 837-бап жаңа редакцияда
837-бап. Сот қаулысына шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарауға дайындау
Шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарауға дайындау кезiнде сот өтiнiшхатты шешедi, қосымша материалдарды талап етіп алдырады, шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау үшiн қатысуы қажет деп танылған тұлғаларды шақырады, қажет болған кезде судья сараптама тағайындайды.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 838-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
838-бап. Сот қаулысына шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау
1. Сот соттың қаулысына шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарауға кiрiскенде:
1) шағымды, апелляциялық өтінішхатты кiм қарайтынын; қандай шағым, апелляциялық өтінішхат қаралуға жататынын; шағымды кiм бергенiн, апелляциялық өтінішхатты кiм келтіргенiн жариялайды;
2) iс бойынша өзiне қатысты қаулы шығарылған жеке тұлғаның немесе заңды тұлға өкiлiнiң, сондай-ақ шағымды, апелляциялық өтінішхатты қарауға қатысу үшiн шақырылған адамдардың келгенiне көз жеткiзедi;
3) іс жүргізуге қатысушылардың және олардың заңды өкiлдерiнiң өкiлеттiктерін тексередi;
4) іс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардың келмеу себептерiн анықтайды және олар келмегенде шағымды, апелляциялық өтінішхатты қарау туралы не шағымды, апелляциялық өтінішхатты қарауды кейiнге қалдыру туралы шешiм қабылдайды;
5) шағымды, апелляциялық өтінішхатты қарауға қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi;
6) мәлiмделген қарсылық білдірулер мен өтiнiшхаттарды шешедi;
7) соттың қаулысына шағымды, апелляциялық өтінішхатты, ал қажет болған кезде істің өзге де материалдарын жария етеді.
2. Соттың қаулысына шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде iсте бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша шығарылған қаулының заңдылығы мен негiздiлiгi тексерiледi. Сот шағымның, прокурордың апелляциялық өтінішхатының дәлелдерiне байланысты емес және iстi толық көлемде тексередi, бұл ретте ол жаңа фактiлердi анықтауға және жаңа дәлелдемелердi зерттеуге құқылы.
3. Сот шақырылған адамдардың келмеуіне, iс бойынша қосымша материалдарды талап етіп алдыруға, сараптама тағайындауға байланысты және шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын толық, жан-жақты және объективтi қарау үшiн қажет болған басқа жағдайларда шағымның, апелляциялық өтінішхаттың қаралуын кейiнге қалдыруға құқылы.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 839-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
839-бап. Сот қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша шешiм
1. Сот қаулысына шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарап, сот мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) қаулыны - өзгеріссіз, ал шағымды, апелляциялық өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) қаулыны өзгерту туралы;
3) осы Кодекстiң 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ қаулы шығарылғанда негізге алынған мән-жайлар дәлелденбеген кезде қаулының күшiн жою және iстi тоқтату туралы;
4) iс бойынша қаулының күшiн жою және жаңа қаулы шығару туралы.
2. Сот қаулысына шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша шешім қабылданғаннан кейін дереу жария етіледі және шағым, апелляциялық өтінішхат бойынша осы Кодекстiң 822-бабына сәйкес ресімделген қаулы түрiнде шығарылады.
3. Апелляциялық тәртіппен шығарылған сот қаулысына осы Кодекстің 46-тарауында көзделген тәртiппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкiн.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 840-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
840-бап. Сот қаулысының күшiн жою немесе оны өзгерту негiздерi
Сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар:
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1) тармақша жаңа редакцияда
1) судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi;
2) әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы;
3) осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы;
4) қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 841-бап жаңа редакцияда
841-бап. Судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi
1. Сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндердің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмейтiнiн анықтап, судья бұл қаулының күшiн толық немесе iшiнара жояды және шағымды, апелляциялық өтінішхатты қарау нәтижелерiне сәйкес жаңа қаулы шығарады.
2. Судья шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау процесiнде зерттелген дәлелдемелердi бағалай келіп, сот қаулысында анықталмаған немесе қаулы шығарған судья назарға алмаған фактiлердi дәлелдендi деп тануға құқылы.
842-бап. Әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбау
1. Мыналар әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбау болып табылады:
1) осы Кодекстiң 1-бөлiмiнiң және 2-бөлiмi Жалпы бөлiгiнiң талаптарын бұзу;
2) осы Кодекстiң 2-бөлiмi Ерекше бөлiгiнiң қолданылуға жататын бабынан немесе бабының бөлiгiнен басқасын қолдану;
3) осы Кодекстiң 2-бөлiмi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабының санкциясында көзделгеннен анағұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдану.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау нәтижесiнде жасалған әрекетке берiлген заңдық бағаны қате деп танып, судья құқық бұзушылықтың саралануын заңның онша қатаң емес әкiмшiлiк жаза көзделген бабына өзгертуге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Судья шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау нәтижелерi бойынша құқық бұзушылықтың саралануын заңның неғұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза көзделетін бабына өзгертуге немесе осы негiздер бойынша жәбiрленушiнің шағымы берілген немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілген жағдайда ғана неғұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
843-бап. Осы Кодекстiң процестік нормаларын елеулі түрде бұзу
1. Осы Кодекстiң процестік нормаларын елеулі түрде бұзу деп іс бойынша іс жүргiзу және оны қарау кезiнде осы Кодекстің қағидаттарының және iске қатысатын тұлғалардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу рәсiмдерiн сақтамау немесе iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге өзге жолмен кедергi келтiру арқылы заңды және негiзделген қаулы шығаруға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн өзге де жалпы ережелерiнiң бұзылуы танылады.