2. Ауызсуды алуға, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және су тұтынушыларға беруге арналған инженерлік желілер мен құрылыстар кешені орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі болып табылады.
3. Ауызсуды құбыржолдар арқылы тасымалдамай, оны алуға және дайындауға арналған су тарту құрылыстары мен су тазартқыш құрылыстар орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйесі болып табылады.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-3-баппен толықтырылды
92-3-бап. Техникалық сумен жабдықтау жүйелері
1. Техникалық сумен жабдықтау жүйелері технологиялық процестің белгіленген нормалары бойынша дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың өндірістік мұқтаждарын сумен қамтамасыз ету үшін құрылады.
2. Техникалық сумен жабдықтау схемасын таңдау кезінде, суды қайталап пайдалану, айналымдық сумен жабдықтау көзделеді.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-4-баппен толықтырылды
92-4-бап. Елді мекендердің су бұру жүйелері
1. Елді мекендердің су бұру жүйелері сарқынды суларды бірлесіп және (немесе) бөлек іркіліссіз бұру үшін қызмет етеді.
2. Елді мекендердің су бұру жүйелеріне сарқынды суларды қабылдау шарттары мен тәртібі елді мекендердің су бұру жүйелеріне сарқынды суларды қабылдау қағидаларына сәйкес айқындалады.
3. Елді мекеннің су бұру жүйесіне қосылмаған тұрғын үйлерден (тұрғын ғимараттардан) шыққан сұйық тұрмыстық қалдықтар су өткізбейтін науа-ыдыстарға құйылып, кейіннен арнайы автокөлікпен шығарылып және оларды орналастыру орындарын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық органы және сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйым айқындайтын төгу станцияларында төгілуге тиіс.
4. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың сарқынды суларын елді мекендердің су бұру жүйелеріне қабылдау:
1) елді мекендердің су бұру жүйелеріне сарқынды суларды қабылдау қағидаларына сәйкес сарқынды сулар олардағы зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануының құрамы бойынша талаптарға сәйкес келген кезде жол беріледі. Сарқынды сулар сәйкес келмеген жағдайда дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар оларды тазартуды өзінің су бұрудың оқшау тазартқыш құрылыстарында жүзеге асыруға міндетті;
2) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның техникалық шарттарының талаптарын орындаған кезде жол беріледі.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-5-баппен толықтырылды
92-5-бап. Халықты ауызсумен және шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды бұруды қамтамасыз ету кепілдіктері
1. Қазақстан Республикасының аумағында жеке тұлғалар сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың қосылған желілері болған кезде су тұтынудың және шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды бұрудың белгіленген нормаларына сәйкес ауызсумен қамтамасыз етіледі.
2. Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің меншік иесі халықты ауызсумен және шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды бұруды қамтамасыз етудің кепілі болып табылады.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-6-баппен толықтырылды
92-6-бап. Ауызсудың сапасын қамтамасыз ету Ауызсудың сапасы:
1) ауызсумен жабдықтау көзін таңдау;
2) ауызсуды дайындау үшін тиісті технологияны, оларды пайдалану қауіпсіздігін және санитариялық қағидалардың, гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттердің белгіленген талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттары бар жабдықты, материалдарды, реагенттерді пайдалану;
3) ауызсумен жабдықтау көздерін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды іске асыру;
4) елді мекендердің сумен жабдықтау жүйелерін білікті техникалық пайдалану;
5) ауызсумен жабдықтау көздеріндегі және жүйелеріндегі су сапасының санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сәйкестігіне бақылау жүргізу арқылы қамтамасыз етілуге тиіс.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-7-баппен толықтырылды
92-7-бап. Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру саласындағы суды есепке алудың жалпы ережелері
1. Сумен жабдықтау жүйелерінде көздерден алынатын, тарату желісіне және су тұтынушыларға берілген су көлемдерін толық есепке алу ұйымдастырылады.
2. Суды:
1) бірінші, екінші, үшінші және кейінгі көтерілімдердің сорғы стансаларында;
2) су тұтынушының сумен жабдықтау жүйелерімен баланстық тиесілікті немесе пайдалану жауапкершілігін бөлу шекараларында;
3) суды есепке алудың үйге ортақ аспабы арқылы көппәтерлі тұрғын үйлерде (тұрғын ғимараттарда) есепке алу міндетті болып табылады.
3. Суды есепке алу аспаптарына қойылатын талаптар осы Кодексте, техникалық регламенттерде, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі суды есепке алу аспаптарын таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларында белгіленеді.
4. Берілген су үшін су тұтынушылармен есеп айырысулар су тұтынушыда орнатылған және коммерциялық ретінде пайдалануға жол берілген, суды есепке алу аспаптарының көрсетілімдері ескеріле отырып, шарттар негізінде жүзеге асырылады.
5. Сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың көрсетілген қызметтерінің көлемі коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган бекіткен, елді мекендердегі сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың көрсетілген қызметтерінің көлемдерін есептеу әдістемесіне сәйкес айқындалады.
6. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдар суды есепке алу жөніндегі деректердің негізінде жыл сайын тарату желілеріндегі және су тұтынушыдағы су ысырабына талдау жүргізеді.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-8-баппен толықтырылды
92-8-бап. Суды коммерциялық есепке алуды ұйымдастыру
1. Көппәтерлі тұрғын үйлерді (тұрғын ғимараттарды) салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу жобаларында суды коммерциялық есепке алуды ұйымдастыру үшін суды есепке алудың үйге ортақ және жеке (пәтер бойынша) аспаптарын міндетті түрде орнату көзделеді.
2. Пайдалануға жаңадан берілетін объектілерде деректерді қашықтықтан беретін, сезімталдық шегі төмен, жоғары метрологиялық сыныпты суды есепке алу аспаптарын орнату көзделеді. Бұл талап жұмыс істемейтін немесе белгіленген пайдалану мерзімі өткен, суды есепке алудың үйге ортақ аспаптары ауыстырылған жағдайда да қолданылады.
3. Жұмыс істемейтін немесе белгіленген пайдалану мерзімі өткен, суды есепке алудың жеке (пәтер бойынша) аспаптары ауыстырылған кезде, сезімталдық шегі төмен, жоғары метрологиялық сыныпты, кейіннен деректерді қашықтықтан беруге мүмкіндік болатын құрылғылармен жарақтандырылған суды есепке алу аспаптарын орнату көзделеді.
4. Елді мекеннің сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілеріне қосылған объектіні суды есепке алу аспаптарынсыз пайдалануға қабылдауға жол берілмейді.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-9-баппен толықтырылды
92-9-бап. Су тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Елді мекендердегі сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың көрсетілетін қызметтерін пайдаланатын су тұтынушылардың:
1) жасасылған шартқа сәйкес ауызсуды тұтыну үшін санитариялық қағидаларға сай ауызсумен жабдықтау жүйелерінен сумен іркіліссіз қамтамасыз етілуге;
2) сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың көрсетілген қызметтері үшін ақы төлеуге арналған төлем құжатын алуға;
3) ауызсу сапасы және оны берудегі ықтимал іркілістер туралы ақпарат алуға;
4) сотқа талап қоюға;
5) сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифтер жобасын талқылау бойынша өткізілетін жария тыңдауларға қатысуға;
6) бір айдан кешіктірмей сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымды бұл жөнінде жазбаша хабардар еткен кезде шартты біржақты тәртіппен бұзуға;
7) егер объектілері тұрғын үй қорына жатқызылса, денсаулық сақтау субъектілері пайдаланса, сондай-ақ тамақ өнімін өндіру үшін пайдаланылса, ауызсумен жабдықтау жүйелерінен бірінші кезектегі тәртіппен ауызсумен қамтамасыз етілуге;
8) көрсетілген қызметке төлемді түзету үшін сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымға өтініш жасауға құқығы бар;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.
2. Елді мекендердегі сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың көрсетілетін қызметтерін пайдаланатын су тұтынушылар:
1) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйыммен сумен жабдықтауға және (немесе) су бұруға арналған шарт жасасуға;
2) меншігіндегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің, олардағы басқару тораптарының, суды есепке алу аспаптарының белгіленген талаптарға сәйкес сақталуын және тиісінше санитариялық және техникалық жай-күйін ұстап-тұруға;
3) жасасылған шартқа және белгіленген тарифтерге сәйкес сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың көрсетілген қызметтері үшін уақтылы әрі толық көлемде ақы төлеуге;
4) көппәтерлі тұрғын үйлерде (тұрғын ғимараттарда) тұратын су тұтынушыларды қоспағанда, жеке салынған үйлерде тұратын су тұтынушыларды қоса алғанда, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосылуға техникалық жағдайларының, меншігіндегі сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілерінің атқарушылық түсірілімінің болуы;
5) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын, санитариялық қағидаларды сақтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген талаптарды орындауға;
6) зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануынан асып түсетін ластауыштармен сарқынды суларды ағызуға жол бермеуге;
7) шаруашылық-тұрмыстық сарқынды сулардың су бұру жүйесіне жауын-шашын және сорғыту суларын ағызуға жол бермеуге;
8) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның рұқсатынсыз меншігіндегі сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілеріне өзге су тұтынушыларды қоспауға;
9) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның техникалық талаптарын орындауға;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
3. Су тұтынушы заңды тұлғалар, осы баптың 2-тармағында көзделген міндеттерден басқа, мыналарды:
1) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйым өкілдерінің көрсетілімдерді алу және жұмыс қабілеттілігін тексеру үшін суды есепке алу аспаптарына, аумағында орналасқан немесе шаруашылық жүргізуіндегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің барлық элементтерінің техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігін бақылау үшін, сарқынды сулардың сынамаларын алу үшін, сондай-ақ берешегі болған кезде су тұтынушының желілерін ажырату үшін кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
2) су тұтыну және (немесе) су бұру көлемдері шартта белгіленгеннен асқан кезде, сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның техникалық шарттарын немесе техникалық талаптарын сұратуға міндетті.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-10-баппен толықтырылды
92-10-бап. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның құқықтары мен міндеттері
1. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйым:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың көрсетілген қызметтері үшін ақы алуға;
2) суды есепке алу аспаптарын тексеруді жүргізуге;
3) сотқа талап қоюға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқылы.
2. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйым:
1) гигиеналық нормативтерге сәйкес ауызсуды және оны су тұтынушыларға беруді дайындауды қамтамасыз етуге;
2) елді мекендердегі сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың көрсетілетін қызметтерін іркіліссіз ұсынуды қамтамасыз етуге;
3) суды көздерден алуды, оны желіге және су тұтынушыларға беруді есепке алуды қамтамасыз етуге;
4) көздерді санитариялық қорғау аймақтары, сумен жабдықтау жүйелерінің құбыржолдарын санитариялық қорғау белдеулері және су бұру жүйелері элементтерінің санитариялық-қорғау аймақтары үшін белгіленген, шаруашылық және өзге де қызмет режимін сақтауға;
5) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тиісінше пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
6) су тұтынушының желілері мен құрылыстары жарамды болған және (немесе) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның техникалық шарттары орындалған кезде су тұтынушының объектілерін сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосуға рұқсат беруге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-11-баппен толықтырылды
92-11-бап. Тұрғын үй кондоминиумдарының құрамына кіретін сумен жабдықтау және су бұру жүйелері
1. Тұрғын үй кондоминиумдарының құрамына:
1) сумен жабдықтау бойынша - тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) сыртқы қабырғаларының шекарасы шегіндегі ішкі сумен жабдықтау жүйелері, оның ішінде ауызсуды қосымша тазарту бойынша топтық қондырғылар, су тартатын сорғы қондырғылары;
2) су бұру бойынша - елді мекеннің су бұру желісіне қосылатын жердегі бірінші құдыққа дейінгі шығару орындарын қоса алғанда, үй ішіндегі жүйелер кіреді.
2. Тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) ішкі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалануды пәтерлер мен үй-жайлардың меншік иелері, кондоминиум объектісін басқару органы жүргізеді, сондай-ақ бұл шарт негізінде жүргізіледі.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-12-баппен толықтырылды
92-12-бап. Су тұтынушының меншігіндегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелері
1. Су тұтынушының баланстық тиесілікті бөлу шекарасынан су бөлу және санитариялық-техникалық аспаптардан су бұру жүйесіне сарқынды суларды шығару нүктелеріне дейінгі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтері су тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне жатады және оларға өз күшімен, сондай-ақ шарт негізінде қызмет көрсетіледі.
2. Су тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің қондырғысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 92-13-баппен толықтырылды
92-13-бап. Елді мекеннің сумен жабдықтаудың және су бұрудың иесіз қалған жүйесі және (немесе) оның құрамдас элементтері
1. Елді мекеннің меншiк иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз не өзіне берілген меншiк құқығынан меншiк иесi бас тартқан сумен жабдықтау және су бұру жүйесі және (немесе) оның құрамдас элементтері иесіз болып табылады.
2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы елді мекеннің сумен жабдықтаудың және су бұрудың иесіз қалған жүйесін және (немесе) оның құрамдас элементтерін анықтаған жағдайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес оларды иесіз жылжымайтын заттар ретінде есепке қою жөніндегі рәсімдерді жүргізеді.
3. Елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру жүйесі және (немесе) оның құрамдас элементтері иесіз жылжымайтын заттар ретінде есепте болған уақытта сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі коммуналдық ұйымға пайдалануға беріледі.
4. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі коммуналдық ұйым өзіне пайдалануға берілген сумен жабдықтаудың иесіз қалған жүйесі және (немесе) оның құрамдас элементтері арқылы су тұтынушыға берілетін ауызсудың сапасын қамтамасыз етеді.
17-тарау. Су объектілерін сауықтыру және рекреациялық мақсаттар үшін пайдалану
93-бап. Сауықтыру мақсатындағы су объектiлерiн пайдалану
1. Ресурстарының табиғи емдiк қасиетi бар, сондай-ақ емдеу-профилактикалық мақсаттар үшiн қолайлы су объектiлерi сауықтыру объектiлерi санатына жатады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сауықтыру мақсаттары үшiн пайдаланылады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау саласындағы, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкiлеттi органдардың ұсынуы бойынша:
1) республикалық маңызы бар сауықтыру мақсатындағы су объектiлерiнiң тiзбесiн - уәкілетті орган;
2) жергiлiктi маңызы бар сауықтыру мақсатындағы су объектiлерiнiң тiзбесiн - облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары бекiтедi.
3. Сауықтыру мақсатындағы су объектiлерiн пайдалануға беру осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
94-бап. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын рекреациялық мақсаттар үшін пайдалану
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ықтимал сел қаупi бар су объектiлерiн қоспағанда, су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын рекреациялық мақсаттар үшiн пайдалануға оған арнаулы рұқсатсыз жол берiледi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердi экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, бассейндік инспекциялармен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісім бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi.
3. 2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 2018 ж. 1 қаңтардап бастап алып тасталды (бұр.ред.қара)
18-тарау. Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарын ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшін пайдалану
95-бап. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшiн пайдалану
1. Су объектiлерiн ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшiн пайдалану ортақ және арнайы су пайдалану тәртібімен жүзеге асырылады.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бастапқы су пайдаланушылар қайталама су пайдаланушылардың су пайдалану жоспарларының негiзiнде су көлемдерiн алуға жыл сайынғы өтiнiмдерiн жасайды. Бассейндік инспекция жылдың жоспарланған сулылығын ескере отырып және бастапқы су пайдаланушылардың өтiнiмдерi негiзiнде олар үшiн су пайдалану лимиттерiн белгiлейдi. Қайталама су пайдаланушылар үшiн су жеткізу көлемдерi белгiленген лимиттер ескерiле отырып, бастапқы және қайталама су пайдаланушылардың арасында жасалған шарттармен айқындалады.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Ауыл шаруашылығы мұқтаждары үшiн пайдалану мақсатында ерiген, жауын және тасқын суларды жинауға арналған су шаруашылығы құрылыстары бар жеке және заңды тұлғалардың арнайы су пайдалануға рұқсатының болуы міндетті.
4. Жер үстi және жер асты су объектiлерiн жайылымдарды суландыру үшiн пайдалану арнайы су пайдалану тәртібімен жүзеге асырылады.
5. Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда ортақ су пайдалану тәртібімен жол берiледi.
6. Жеке қосалқы шаруашылық жүргiзетiн, бағбандықпен және бақша өсiрумен айналысатын жеке тұлғаларға суару үшiн су белгiленген лимиттерге сәйкес арнайы су пайдалану тәртібімен бөлiнедi. Жеткiлiктi су ресурстары болмаған жағдайда суару үшiн су басқа су пайдаланушылардың лимиттерiн қайта бөлу есебiнен бөлiнуi мүмкiн.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 7 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
7. Суару, құрғату, сортаңданған топырақты шаю және басқа да мелиорациялық жұмыстар су объектiлерiн және олардың су жинау алаңдарын қорғауды қамтамасыз ететiн табиғат қорғау iс-шараларымен бiр кешенде жүзеге асырылуға тиiс. Суармалы жерлердiң мелиорациялық жай-күйiнiң мониторингiн және оны бағалауды бюджет қаражаты есебiнен мамандандырылған мемлекеттік мекемелер жүргiзедi.
8. Ағынды суды суару үшiн пайдалану белгiленген экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргiзiледi.
9. Суармалы аймақта су пайдаланушылар қайталама сулардың көлемi мен сапасына болжам жасайды, су объектiлерiне ағызу көлемдерiн, жинақтағыш су қоймаларын жасауды немесе оларды жасалған жерiнде пайдалануды жоспарлайды.
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен Заң 95-1 баппен толықтырылды
95-1-бап. Жерді гидромелиорациялау
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жай-күйi судың әсерiне байланысты болатын құрғақшылық, сортаңданған, батпақты, артық ылғалды жерлердiң жай-күйін жақсарту мақсатында жердi гидромелиорациялау жүргізіледі.
2. Жерді гидромелиорациялау түрлеріне жерді суару, құрғату және сортаңданған топырақты шаю жатады.
96-бап. Гидромелиорациялық кондоминиум
1. Гидромелиорациялық кондоминиум - бiртұтас мүлiктiк кешен (бұдан әрi - гидромелиорациялық кондоминиум объектiсi) ретiнде жылжымайтын мүлiкке меншiктiң ерекше нысаны, бұл ретте жер учаскелерiне заттық құқық жеке және заңды тұлғалардың иелiгiнде, ал гидромелиорациялық жүйе немесе оның элементтерi ортақ үлестiк меншiк құқығында олардың иелiгiнде болады.
97-бап. Гидромелиорациялық кондоминиумды құру және тоқтату
1. Гидромелиорациялық кондоминиум екi және одан көп жер пайдаланушыларға немесе жер учаскелерi меншiктенушілерiне тиесiлi бiр суару каналында немесе оның бөлiгiнде орналасқан суармалы алқаптарының жер учаскелерiнде құрылуы мүмкiн.
2. Жер учаскелерiне заттық құқық иелерiнiң әрқайсысы өз қалауы бойынша гидромелиорациялық кондоминиумға өзiнiң қатысу-қатыспауына қарамастан жер учаскесiне өз құқығын iске асыруға құқылы.
Гидромелиорациялық кондоминиумның құрамына кiретiн су шаруашылығы құрылыстары орналасқан жер учаскелерi бұру белдеулерiне жатады және ортақ үлестiк меншiк құқығында гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушыларға тиесiлi болады.
3. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушының ортақ мүлiктегi үлесiнiң мөлшерi осы қатысушы құқығын иеленген суармалы жер учаскесiнiң бүкiл суару алқабының жалпы алаңына қатынасымен айқындалады. Гидромелиорациялық кондоминиум мүлкіндегі мұндай үлестi заттай түрде бөлуге болмайды (мiнсiз үлес).
4. Гидромелиорациялық кондоминиумның барлық қатысушыларының келісімiнде ортақ мүлiктегi үлестiң мөлшерi айқындалмауы мүмкiн, бұл жағдайда гидромелиорациялық кондоминиумның мүлкi үлестi бөлiнуге жатпайтын ортақ меншiкте болады.
5. Суармалы жер учаскесiне заттық құқығының (уақытша жер пайдаланудың қайталама құқығының тоқтатылуын қоспағанда) басқа тұлғаға ауысуы гидромелиорациялық кондоминиум мүлкіндегі үлестiң де алушыға ауысуына әкеп соғады.
6. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушы гидромелиорациялық кондоминиум мүлкіндегі өз үлесiн суармалы жер учаскесiне құқығынан бөлек иелiктен айыруға құқылы емес.
7. Гидромелиорациялық кондоминиумның ортақ мүлкi оның барлық қатысушыларының келiсуiмен кепіл ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
8. Бiр гидромелиорациялық кондоминиум қызмет көрсететiн барлық суармалы жер учаскелерiне заттық құқығы (уақытша жер пайдаланудың қайталама құқығын қоспағанда) және гидромелиорациялық кондоминиум мүлкiне меншiк құқығы бiр тұлғаға ауысқан жағдайда гидромелиорациялық кондоминиум жойылуы мүмкін.
98-бап. Гидромелиорациялық кондоминиум объектiсiн тiркеу
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Гидромелиорациялық кондоминиум объектiсi Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тiркеу туралы заңдарына сәйкес бiртұтас кешен ретiнде тiркелуге тиiс.
2. Гидромелиорациялық кондоминиум объектiсiн тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
99-бап. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылардың құқықтары
1. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылардың барлығының ортақ мүлiктi олардың гидромелиорациялық кондоминиумға қатысудағы үлесiне мөлшерлес басқаруға құқығы бар.
2. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүлiктi пайдалануға құқығы бар. Гидромелиорациялық кондоминиумның ортақ мүлкiн пайдалану тәртібі қатысушылардың келісімiмен айқындалады.
Жер учаскесiн басқа тұлғаларға жалға беру (уақытша жер пайдаланудың қайталама құқығы) жалға берушiнiң гидромелиорациялық кондоминиумға қатысуын тоқтатуға әкеп соқпайды.
3. Гидромелиорациялық кондоминиумға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтарға ие болуы мүмкiн.